«Дала жылқысының көне тарихынан» деп аталатын бірінші тарауда 1980 жылдардан бастап Көкшетау облысындағы Ботай қонысында кәзіргі күнге дейін 30-жылға созылған археологиялық қазбалардың нәтижелерін талдай келе қазақ жері әлемдегі жылқының пайда болған ошақтарының бірі екені пайымдалады. Ботай жылқышылары осыдан 5,5-6 мың жылдар шамасы бұрын жылқыны қолға үйретіп, мініске, күш көлікке пайдаланған, етін азыққа, сүтін сусынға, яғни қымызға айналдырған. Ботай қонысы-энеолит заманындағы б.з.д. ІV мың жылдықтың аяғы мен ІІІ мың жылдықтың басында жылқыны қолға ұстап үйреткен жерлердің бірі. Ең бір қызығы Ботайдан табылған археологиялық заттарды, кейбір құбылыстарды қазақ этнографиясымен салыстырып қарағанда бірнеше маңызды қортындылар жасалды:
1. Тұрғын үйлердің едендерінде жылқы етін сақтаған археологтар жазған «шұңқыр-консервлер»-Арқа қазақтарының ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін пайдаланып келген жерден қазып жан-жағын таспен қалаған ет сақтайтын –«қамбаларымен» өте ұқсас.
2. Қазақтар осы күнге дейін жылқы асығын тастамай «ақсүйек» ойынына пайдаланды және әртүрлі бояуға бояп дорбаға салып балалардың ойыншығы ретінде қолданған (бұл салт Моңғолия қазақтарында бар А.Т.). Әртүрлі ою-өрнектер салған жылқы асықтары-сомпайлар (қидасып -депте атайды А.Т.) Ботай қазбасынан шықты.
3. Қазбада ғұрыптық салтты білдіретін жеке арнайы қойылған жылқының бас сүйектері кездеседі, қазақта жылқының бас сүйегін бұзбай асып, артынан басына қою рәсімі әлі күнге дейін бар. Жақсы аттардың басын кебіндеу, жерге тастамай ағаш басына ілу, жартас басына қою жылқыны тәу етуден туындайды. Археологиялық деректерді екшелей келгенде Ботайлықтардың жылқы бағу әдісіне келсек біздің ойымызша қазақтың қоспен отарлап бағу түріне ұқсас сияқты. Қазба кезіндегі үй жайлардың қора-қопсылардың, дүние мүліктердің қалдықтарына қарай отырып қоныс тұрғындары әлеуметтік жағынан бір деңгейлес тұрған деуге болады. Әрбір отбасының тұрғылықты үй-жайы, қора-қопсысы болды. Әрбір үйде бір айғыр-үйір 20-25 бас жылқы болды деп есептесек 200-300 отбасында барлығы 5-6 мың жылқы болғанға ұқсайды. Жылқы сүйектерінің ерепайсыз көп болғандығына қарағанда, әр үйде кемінде 2-3 үйір жылқы ұстаған сияқты, оған тұрғындардың үнемі жабайы жылқыларды аулап қолға үйретіп, бие саууын қоссақ жылқы шаруашылығы кең көлемде дамыды деп айта аламыз. Бір қос жылқы 200-300 бас деп есептесек 20-25 қос (5-6 мың бас) жылқыны радиусы 150-200 км жерде айналдыра қысы-жазы отарлап баққан болуы керек. «Жылқы аяқты мал»- дейді қазақ, жылқы саны неғұрлым көп болса солғұрлым алыс жайылымда игерген. Ал ботайлықтар жайылымнан таршылық көрмеген, ең бастысы баққандары бірақ түлік болды. Сондықтан жылқыны отарлап бағу кезеңде 500-600 км дейін баруы әбден мүмкін.
Қазіргі таңда ғылымда Ботай әзірше өз-өзінен еш талассыз жылқыны қолға үйреткен «жерұйық мекен» ретінде даралана танылып тұр. Бұл жаңа дәйектердің өзі де жылқыны тұңғыш бас білдірушілер индоеуропалықтар дейтін таптаурын пікірлердің қате екенін көрсетеді. Сөйтіп Ботай мәдениетінде жылқыны қолға үйрету процессі толық аяқталып жылқымен мал бағу дәуірінің алғышарттары толық жасалып бітеді. Б.з.д. ІІІ-ІІ мың жылдықтардың арасын қамтыған Еуразия атты малшыларының қалыптасу процессі, яғни бақташылдық номадизм (пастушеский номадизм) кезеңі басталады. 1 мың жылға созылған бұл кезеңде бес түлік малдың арқасында Еуразия малшылары Еуразия құлығын түгел игеріп қоймай, «Беринг көпірі» арқылы Америка құрлығына өтеді. Мал басының орасан көбейуі соңғы қола мен ертеректегі темір дәуірлерінің тоғысында еуразияның далалық белдеуінде, іс жүзінде барлық жерде тарих аренасына жаңа әлеуметтік-мәдени стандарттың-көшпенділердің шығуының алғышарты жасалып болған еді. Салт атты жауынгердің пайда болуын осының жүзеге асқаны ретінде есептеуге болады, себебі содан кейін далада атпен мал бағу дәуірі (бақташылдық номадизм) бітеді (б.з.д. ІІІ-ІІ) де, салтаттылар дәуірі басталады. Оны ертеректегі темір дәуірінің көшпелі индоевропалықтары бастап, тарих аренасында сақтар-скифтер, үйсіндер, ғұндар, көне түркілер, оғыздар, қыпшақтар, бірін-бірі ауыстырып, ХІІІ ғасырда моңғолдармен бітеді.
Диссертацияда сақ-скифтердің жылқышылдығы туралы Геродот, Страбон, Плутарх Херонейский, Николай Дамасский, Платон, Ксенофий сияқты авторлардың жазбаларының кейбір деталдары қазақ этнографиясының материалдарымен салыстырыла қарасып, толықтырылып отырды. Азиялық ғұндар мен еуропалық гундердің жылқысы мен атты әскері жөніндегі қытай жылнамалары мен Евсевий, Иероним, Зосим, Иордан т.б. грек, латын византия авторларының еңбектерімен қатар кәзіргі ғұнтанушылар Бахаддин Өгел, И.П. Засецкая, Н.Н. Крадин, С. Өтениязовтың т.б. еңбектері қолданылды. Әсіресе соңғы кезде Еуропада жарияланған V-ғасырларда өмір сүрген Рим армиясының мал дәрігері Вегецийдің ғұн жылқыларын сипаттаған жазбасы мен арада 1500 жыл өткенде Ресей атты әскерінің маманы, Торғай облысының мал дәрігері А. Добросмысловтың қазақ жылқысының портретін суреттеген еңбегінің арқасында ешқандай айырма жоқ екеніне таң қалмасқа болмайды. Дала жылқысы арада 15-ғасыр өтседе өзгермеген, себебі үнемі қысы-жазы далада жайылып, өз қорегін өзі тауып жеген «спартандық тіршілігінен»-деп түсіндіруге болады.
Ғұндар атқа сүйегі ағаш қатты ер - тоқым салып мінсе, көне түркілер металл (темір) үзеңгіні ойлап тауып, аттың жабдықтарын толық қалпына келтірді, түркілерден кейін ер-тұрманның формасы, әшекейленуі өзгергенмен негізгі жабдықтары еш өзгерген жоқ. Қыпшақтар мен моңғолдар Еуропаны аттың күшімен жаулап алған соңғы көшпенділер болды, одан соң ататын қарулардың әсіресе зеңбіректің қолданылуы атты әскердің бағын байлады және жылқылы-көшпенділер өркениетінің аяғы, Жылқы дәуірінің соңы болды. Негізінде бүкіл Еуразия көшпенділері сияқты қазақтың жылқышылдық мәдениетінің негізі осы жылқы дәуірінде қаланып, ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін айтарлықтай өзгеріске түскен жоқ деп қортынды жасауға болады.