«Аттың сыны мен бабы» - деп аталатын 4-тарауда: жүйрік-бәйге аттарының түрлері, сыншылық өнер, аттың сыны, аттың сыры (жылқы психологиясы), ат баптау мен жарату, жорға салыстыру, қазақ жылқысының төзімділігі мен шыдамдылығы жөніндегі проблемалар қарастырылады.
Қазақстанның қай аймағында болмасын жүйріктерді жақын жерге және алыс қашықтықтарға – аламанға шабатын деп екіге бөліп айтады. Кейде жақын жерге шабатындарды тыз етпе – ұшқыр десе, алысқа шабатындарды – қыза шабатын аламан-бәйге жүйрігі деп жатады. Ал шетел қазақтарында жүйріктерді түрге бөлудің бірнешеуі ежелден қалыптасқан, кейде жеке сыншылардың да өзіндік жүйесі болады. Бірнеше атбегілердің сөзіне қарағанда жылқы үш түрге бөлінеді:
1. Ақалақ жылқы – жауға мінетін ат шығады, жауға мінетін жылқы бұқпа болады.
2. Ақсақал жылқы – жүйрік, тұлпарлар осы топтан шығады.
3. Бақал (мұзбүйрек) жылқы – ең төменгі топ, шабан, шобыр аттар. Мал қайырып мінуге, жүк тасуға, тартуға, шаруаға пайдаланылады.
Ақсақал жылқы 10 түрге бөлінеді:
1. Арқар жүйрік – ой-қырға бірдей жүгіреді.
2. Жайран жүйрік – ой-қыр демей шабады.
3. Қоян жүйрік – өрге шабады, арты биік, алды аласа келеді.
4. Түлкі жүйрік – жазыққа шабады.
5. Күдір жүйрік – күшті өрге шабатын жүйрікті тауға-тасқа жүгіретін күдір аңға ұқсатқан. Екі мықын – жая мен қабырғаның ортасы бір сүйем ғана болады (сүйем бас бармақ пен сұқ саусақтың арасы), ал жазыққа шабатын жүйріктердің жая мен бұғанасының ортасы бір қарыс (бір қарыс шамамен 20 см). Күдір жүйрік құйрығын көтеріп шабады.
6. Шаңтимес – бірден шаба жөнеледі, зу етіп алға шығады, тыз етпе, ұшқыр.
7. Аламан жүйрік – алдыңғы атты қуып жетіп, басып озып отырады, алысқа шабады.
8. Төңірек жүйрік – бұрқырап шабады. Төңіректі кейде тесік өкпе деп те атайды. Екі өкпесінің тұсындағы орайының ортасындағы тесіктен, аяз күндері бу шығып тұрады.
9. Желбегей – алдыңғы екі аяғы ширатылған арқан тәрізді елестейді, артынан қарағанда шабынған бураның артындай төңкерілген тұрпаты ұзын, шойыннан құйғандай келісті келеді.
10. Қызбел (босбелбеу) – жайран бас, көзі отты, мінезі ұшқалақ, жеңілтек. Жал-құйрығы жұқа, құндыздай жылтылдаған жұмсақ жүнді. Ұшасы мен төбе сүйегі биік, түлкі тұмсық, теке мұрын, танауының ауқымы тар. Қызбелдер бәйгеге келмейді, нағыз көкпардың аты.
Созақ елінің (Оңтүстік Қазақстан) атбегілері бәйге аттарын үш топқа бөледі:
Арынды жүйрік – шүу дегенде жарқырап алға шығады, көзге тез көрінеді. Оны ұшқыр деп те атайды. Арынды жүйріктердің бағы көкпарда жанады. Салым салатын аттар сол арынды жүйріктер тобына жатады.
Ағынды жүйрік – бірқалыпты, ағып шабатын жүйрік. Ол алғашқы шабысынан танбайды, ұзаққа сілтейді, аламан бәйгеде көзге түсіп, көпшіліктің мақтауына ілігеді.
Сарынды жүйрік – үдемелі жүйрік, айқай-шуды естігенде, дүбірлі шабыс тақалғанда еліре-екілене шабатын, құлағын үнемі сарынға тігіп отыратын, бүйірі дуда қызатын жүйрік. Мұндай жүйріктер қолға сирек түседі.
Қазақстанда жылқыны пайдаланылуына және жүрісіне қарай түрге бөлу кездеседі. Мұны ең алғаш байқап жазған М. Бабаджанов. Автор қазақ жылқылары: берік, жүрдек, жүйрік (жүйрікті үшке бөледі: ұшқыр, қарғыншыл, аламан-жүйрік), аяңшыл, жорға. Бұл жерде М. Бабаджановтың ұшқырын Моңғолия қазақтарының шаңтимесімен, қарғыншылды қызбелмен шендестіруге болады. Күні бүгінге дейін жүйріктердің топқа жіктелуі әлі толық қалыптасқан жоқ деп айтуға болады.
Қазақтың ат жарату өнерінде сыншылардың орны ерекше. Сыншы жылқының сыртқы тұрпатынан, ішкі құрылысына дейін – анатомиясын, мінез-құлқынан бастап, көңіл күйіне – психологиясын бір қарағанда білетін, қазіргі тілмен айтсақ, интеллектуалды маман. Сондықтан қазақ қоғамында сыншылардың әлеуметтік мәртебесі де жоғары болған. Қазақстанның көп жерлерінде, әсіресе Орталық, Шығыс Қазақстанда «атбегі», Батыс Қазақстанда (кіші жүзде – А.Т.) «атсейіс», болмаса «сейіс», Оңтүстік Қазақстанда «бапкер», Шыңжаңда «тапкер», «сайыскер», «дадагер» сияқты атаулар қолданылады.
Аттың сынына кіріспес бұрын біз жылқының сыртқы мүшелерінің атауларын (құлақ, көз, танау. т.с.с.) толық қалпына келтіру үшін Қазақстанның шығысы, оңтүстігі, батысы және Қытай, Моңғолия атбегілерінен сұрақ-жауап алдық. Сонда жылқы мүшелерінің атаулары бәрі барлық жерде бірдей, диалекті жоқ 95 сөз болып шықты.
Ендігі кезекте аттың сынына кірісіп алдымен батырлар жыры мен аңыз-ертегілерден теріп алдық, артынан атбегілерден және жылқыны жақсы білетін кез-келген адамнан жинадық, нәтижесінде үлкен кесте-схема жасалды.
Мысалы: Басының пішініне қарай: Тәует бас, Шал бас, Бөкен бас, Құлан бас, Қу бас, Үйрек бас, Сүйрік бас, Ұзын бас, Қысқа бас, Доғал бас, Ешкі бас, Бұлан бас, Түйме бас, Дорба бас, Қоян бас, Бақа бас, Орақ бас, т.б. 20-дан аса сынға бөлінеді. Өстіп аттың барлық мүшелерінің сынын, сынына байланысты сөздерді жинағанда 200-ге жуық сөз болды, мұндай зерттелу әдісі қазақты қойып, жалпы жылқы тану ғылымында болмаған.
Жылқы психологиясы әлемдік иппология (жылқы жөніндегі ғылым) ғылымында өзекті мәселелердің бірі. Соңғы кезде бұл тақырыпты зерттеу үшін күрделі тәжірибелер жасалып, іргелі зерттеулер жарық көруде [22].
Үнемі мал бағып жүрген халық, мал мінезінің қыр-сырларын да біледі. Қазақ өзін жылқы мінезді халықпыз дейді. Қазақтың жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», жылқының бір-ақ кемістігі бар, құдай оған тіл бермеген», – деуі бекер айтылмаған. Ол ол ма қазақ жылқымен сөйлеседі. Биені сауып жатқанда, әсіресе егде әйелдер «қарағым», «шырағым» деп, атты бәйгеге қосарда иесі атымен сөйлескендей болады. Атпен сөйлескенде қасыңда ешкім тұрмауы керек, жеке сөйлесу керек, – деп жатады үлкендер. Екі нәрседе қасиет бар дейді: бірі адам, бір жылқы. Дерек берушілер: бір топ жылқыны айдап бара жатсаң балалар таңырқап қарап тұрады. Ал сол балалар мыңдаған қой, жүздеген сиыр, түйе айдап бара жатсаң бір қарайды да ойнап жүре береді, жылқының ерекше бір қасиеті бар сияқты.
Ат иесі бір нәрсеге душар боларда, жер тарпып кісінейді, байлауға көп тұрмай пысқырады. Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш ай бұрын біледі, білген соң өледі. Жақсы түйе иесіне келетін бақытсыздықты үш күн бұрын біледі. Бұрын қазақтар иесінің жақсы аты ауырмай –сырқамай өлсе, иесі отбасына туған-туысына, еліне дайындала беріңдер атымның артынан менде көп кешікпей кететін болармын-дейді екен.
Қазақтың ат баптау өнері – білімділік пен қажымай-талмай еңбексүйгіштікті талап ететін бірнеше сатыдан тұратын үрдіс.
Құлын, тай кезінен жүйрікті тану.
Құнанында үйретіп құнан бәйгеге қосу.
Дөненінде пішіп, табынға қоя беру.
Бестісінде жарату. Жаратудың өзі үш құрамдас бөлімнен тұрады:
әртүрлі домалақ дәрілер қосылған жеммен күш-қуатын молайтып жемдеу;
жаттығулар жасау (аяң, қара жарыс, шабу, т.с.с.);
терін алу.
Атты бәйгеге баптау туралы көп жазылып біраз зерттелгенімен жорға шықтыру және салыстыру өнері мүлдем қалыс қалған деуге болады. Қазақта жорғаны: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, көташар жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға деп бөледі. Жорға аттары негізінен бүкіш бел, бота тірсектеу болып келеді. Жорға – туа біткен қасиет. Жорға тудыру үшін екі аяқты, не үш аяқты жорғасы бар айғырдан қою керек, не енесінің мықты жорға болғанынан қояды, көбінесе жорға енесіне тартады.
Жорға аттың үзеңгісі қысқа болу керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп зақым келіп, қанталап, жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл дұрыс: төс айыл, орта айыл, шап айыл тізгінді тең ұстайды, бір қолмен ұстап тік отырады. Адам бір жағына ауып, екі жағына қисайып отырса, ат жорғалап бара жатқанда жорғасынан жаңылып қалады. Cондықтан қисаймай, шалқаймай, еңкеймей, екі аяғы, екі қолы тең денесін тік ұстап отыруы керек.
Жорғамен алғаш танысқан XVIII ғасырда өмір кешкен ағылшын монағы Фиц Стефан: «Жорғаларды «жылқы ішіндегі корольдер», – деп атап, мұндай аттарға корольдер мен дворяндар міну керек, ал жай жылқылар малайлар үшін жаратылған», – деп жазған [23, 35-б.].
Жорғаның Ресейге кейін барғаны, орыстардың кейін таныс болғаны атауынан көрініп тұр, орыс тілінде «иноход» деген бөтен жүріс, белгісіз жүріс – дегеннің калькасы. Ал сол орыс зерттеушілері: «Иноход у казахов считается идеальным аллюром», – деп көрсетеді [23, 35-б.].
Қазақ жылқысының әлемдегі басқа тұқымдардан өзгешелігі және артықшылығы сол, оның ерекше төзімділігі мен шыдамдылығы. Ғасырлар бойы қазақ халқы аридный зонаның: жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязды қарлы боранында, көктемнің қара суығы мен жауын-шашынында ашық далада өз қорегін өзі тауып жеген жылқы тұқымдарының әлсіздері құрып, мықтылары қалып отырған. Көнекөз қариялардың айтуынша: «Бұрын жылқы баласы қазіргідей сұлы мен арпаны жегенді қойып, бұл дәнді өзіміз де көргеміз жоқ», – дейді. Ленейзен 1877–1878 ж. орыс-түрік соғысындағы Австрия атты әскерінің қолбасшысы, Орал казактары мінген қазақ жылқыларын көргенде былай деген екен: «Нағыз жылқылар, кавалерия үшін бұлардан артық не керек, сауыры жалпақ, еті тығыз, сонымен бірге шапшаң ылдым-жылдым, тез бұрылады». Австрия атты әскер маманының осы қысқа да нұсқа және өте дәл берілген бағасы бүкіл қазақ жылқысының табиғатын көрсетеді»,-деп жазады А. Попов [24, 206-б.]. Шын мәнінде 1877-1879 жылғы орыс-түрік соғысынан кейін қазақ жылқысының ерекше шыдамдылығы мен күй талғамайтындығы алыс қашықтықтарға мойымайтындығы Еуропа елдеріне мәлім бола бастады. Диссертацияда қазақ аттарының күніне 200-250 км қашықтықты еңсеруі орыс, еуропа мамандарына таңқаларлық жағдай болса, бұл қазақи тұқымның күй талғамайтын қасиетінің бірі екені, Ресей әскерлерінің бүкіл Орта Азияны жаулап алған жорықтары дала жылқысының күшімен жүзеге асқаны баяндалады.
Достарыңызбен бөлісу: |