Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф. фон Шварц былай деп жазған болатын: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді».
Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөзін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайтын. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналатын. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайтын.
Жас адамның үлкен кісінің алдын кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты болатын. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруіне барып тұрған әдепсіздік ретінде үзілді-кесілді тыйым салынатын. Әңгіме үстінде жасы үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмейтін.
Қазақтардың арасында достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы да кеңінен тараған. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіліп, нығайтыла түсетін. Рәсім кезінде екі дос қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішісетін. Олар бір-біріне мәңгі достықтың белгісі болсын деп қымбат бағалы бұйымдар ұсынатын. Дос-жаран, тамырдың үйінде қашан болса да қонуға болатын, ал үй иесі оған қолдау көрсетіп, қамқорлық жасайтын.
IKAZ.KZ - ашық мәліметтер порталы
Қоныс таңдау әдет-ғұрпы
Қазақтарда қыстаудан өзге жер меншігінің толық дерлік жоқ болуы себепті көшіп-қонып жүруі үшін уақытша қоныс таңдау әдет-ғұрпы кеңінен таралған болатын. Ал жайылымның негізгі бөлігі қоғамдық меншік негізінде пайдаланылатын. Мұндай ереже 1867—1891 жылдардағы әкімшілік реформаларының қолданылу барысында да сақталып, бекітілген еді. Алайда көші- қон үшін кейде жер дауы да туындап отырды. Бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша, ауылдар мен ру ақсақалдары өздерінің бірінші жетіп қоныс тандаған жерлеріне арнайы белгілер қоюы тиіс саналатын. Ондай белгілер жерге найзаның сабын немесе құрық қадап кету арқылы қойылатын. Құмның бетіне немесе сазды жерге сол ру таңбасының суреті салынатын. Немесе биік өскен шөптің басын буып, белгі салып кетуге де болатын. Мұндай белгілері бар жерлерге өзге ешкімнің қоныстануына рұқсат етілмейтін.