Қазақ хандығының құрылуы хақында немесе Клавдия Пищулинаға хат



бет1/2
Дата18.04.2022
өлшемі155,9 Kb.
#139799
  1   2
Байланысты:
Қазақ ханд 1 даріс
15 дәріс Кенесары котерілісі, 18 - 19 гасырдағы казак хандығы

Қазақ хандығының құрылуы хақында немесе Клавдия Пищулинаға хат

Құрметті Клавдия Антоновна, сіз қазақ халқының орта ғасырдағы тарихын зерттеп жүрген көрнекті ғалымдардың бірісіз, әсіресе соңғы ортағасырдағы Қазақ хандығының құрылуы туралы көптеген ғылыми мақалалар мен ғылыми кітаптар жаздыңыз. Соңғы кезде шыққан Қазақстан тарихының академиялық бес томдығынының І-ІІ томдарында Қазақ хандығының құрылуы қарсаңы мен құрылғаннан кейінгі мезгілдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жағын жазып, зор үлес қостыңыз.Менің бұл ашық хатта сізге айтайын дегенім, Қазақ хандығының дәл қай жылы құрылғандығының белгісіз болып отырғандығы. Сіз өзіңіздің атақты монографияңызда (Юго-Восточный Казахстан середина ХІV и в начале ХVІ веков, 1969 г.) бұл мәселеге біраз көңіл бөлгенсіз. Онда көрнекті тарихшымыз Т.И.Султановтың Қазақ хандығының құрылған жылын тым кеш көрсеткеніне көңіл бөлгенсіз және хандықтың құрылған жері туралы жазғанына сын пікір айтқансыз. Бірақ тарихшы-ғалымдардың көрсеткен жылдары әртүрлі болып, біз хандықтың құрылған жылын атап өте алмай жүрміз. Мен сізге Кеңес одағы кезіндегі және одан кейінгі тарихшылардың қазақ хандығының құрылуы туралы жазған жылдарын көрсетіп, оларға талдау жасап жатуды артық деп санаймын. Бұл жерде тек Т.И.Султановтың пікіріне сіздің риза болмағандығыңызды қоштап, өзімнің ойымды жазуды мақсат еттім. Сіз, біріншіден, Т.И.Султановтың Қазақ хандығы 1470 ж. құрылды дегенін тым кеш көрсеткен дейсіз. Екіншіден, Султановтың Қазақ хандығының құрылған жерін Оңтүстік-батыс Жетісу емес, Батыс Жетісу дейсіз, үшіншіден, Әбілхайыр хан 1468жылы Керей мен Жәнібекке қарсы жорыққа емес, Моғолстанды жаулап алуға қарсы шыққан дейсіз. Бұл пікірлеріңізге мен толық қосыламын. Бірақ «құрылған жылды кеш көрсетті» дей отырып, өзіңіз құрылудың қай жылы екендігін жазбайсыз. Сіз Т.И.Султановтың Қазақ хандығының құрылуы бір сәтте пайда болмаған үдеріс дегенін қолдайсыз. Біз де қолдаймыз. Тарихшы Әбдікерім Хасенов 1990 жылы Қазақ хандығының құрылу жылдарын 1445 жылдардан бастаған жөн деген. Ал мұндай оқиғаны көрнекті тарихшымыз З.Қинаятұлы Қазақ хандығы тікелей Ақ Орданың жалғасы, Керей мен Жәнібек хандар Әбілхайыр ханнан қорқып қашып көшкен жоқ, тыныштық сақтап уақытша өз жерлерін кеңейту үшін кеткен деп жазады. Олай болса бұл жылдар хандықтың құрылу жолындағы ұзақ үдеріске жатпай ма? Ақ Орданың кезінде қазақ ұлысының болғандығын А.Хасеновтың келтірген «Тоқтамыс ханның 360 отауым қазағымнан да айрылдым-ау» деген дерегінен білсек, ХVІ ғасырдың басында өзінің Михман-наме Бұхара атты шежіресінде Фазаллах Рузбихан Өзбектерде (Ақ Орда) үш халық бар, олардың біріншісі, шайбаниттер, екіншісі, маңғыттар, үшіншісі, ең көбі және ең батыры қазақтар дейді. Осы қалыптасу-даму сатыларын келтіре отырып, Қазақ хандығының құрылған жылын ХV ғасырдың 50-жылдарының аяғы, нақты айтқанда, 1458 жыл деп көрсеткім келеді. Мұның себебі, біріншіден, 1457 жылы Әбілхайыр ханның қалмақ ханы Ұз-Темірден Көккесене түбінде жеңіліп, Сығанақ қаласына тығылып, бір баласын аманатқа беріп құтылуы. Бұл кейбір тарихшыларымыздың Жәнібек пен Керейдің Шу бойына көшіп келуі 1456 жыл деуінің дұрыс еместігін көрсетеді. Жазба деректерде Ұз-Темір Әбілхайырға жорыққа аттанғанда бала-шағаларын, ауыр арбаларын, заттарын Шу бойына қалдырып өздері салт сарбаздарымен аттанған. Ал жеңістен кейін оларды алып өз жеріне қайтып кеткен дейді. Егер Жәнібек пен Керей хандар 1456 жылы Шу бойында болған болса қалмақтар онда болмаған болар еді. Екінші бір басты мәселе – ел аузында сақталған аңыз. Әбілхайыр ханның ең жақын қызметкерлерінің бірі әскер басшысы Қобыланды батыр болса, екіншісі арғын тайпасынан шыққан атақты Дайырқожа би болған. Бидің ел ішінде әділ би болғандығынан ол Ақжол би атанған. Осы биді Қобыланды батыр өлтіреді. Ақжол биді бүкіл ел сыйлаған. Керей мен Жәнібек хандар да өздеріне жақын тұтқан. Сондықтан да олар Әбілхайырдан батырдың өлім жазасына бұйырылуын талап еткен. Хан бұған көнбей оның жақын адамдарынан үш адамды жазалауды бұйырған. Бұған Жәнібек пен Керей көнбеген. Бұлардың арасы бұрыннан да жақсы болмай жүргендіктен екі хан ешбір жанжал шығармай Қозыбасы-Шу бойына бет алған. 1457 жылы Ақжол бидің жылын беріп күзде көшкен. Ал келесі жылы 1458 жылы Керейді ақ кигізге отырғызып хан сайлаған. Мұндай дерек т.ғ.д. М.Елеуұлының ел ішіндегі жинаған аңыздарынан белгілі. Біз батырлар жырын осы күнге дейін ойдан шығарылған дүниелер деп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Сондай жырдың бірі «Қобыланды батыр» жыры еді. Енді міне, Қобыландының күмбезі табылып, шындықты дәлелдеп отыр. Ал М.Елеуұлының «Шу өңірі аңыз бен тарих» деген мақаласында Жәнібек пен Керейдің Шу даласында қала салдырғандарын да дәлелдеген. Ол табылған көзе сынықтарының ХV-ХVІ ғғ. жасалғандығын көрсетеді. Ал өзіміз Шу бойынан 40-50 шақырым қашықтықтағы Хантауға зерттеу жұмысын жүргізгенде Үлкен, Орта, Кіші Хантау деген жерлерді тауып, олардың жанында Жәнібектің қыстауы деген қыстауды кездестірдік. Бұл деректер бұл аймақта шын мәнінде Қазақ хандығының құрылып, алғашқы 10 жылда хандықтың нығая бастағанын көрсетсе керек. Құрметті Клавдия Антоновна, сіз «Бахр әл-асрардың» дерегін келтіре отырып Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келгендеріне дейін-ақ Керей ханның патша аталғанын айта келіп, Ақ Орда да Қазақ мемлекеті болып табылуы тиіс дейсіз. Басты мәселе осыдан басталмады ма? Ендеше Қазақ мемлекетінің мемлекеттік құқығы осыдан басталғаны дұрыс. Сіз жазба деректерді пайдалана отырып Керей мен Жәнібектің сыртқы саясатта өз беттерінше әрекет жасағандарын атап өтесіз. Мәселен, олардың (Жәнібек пен Керейдің) Әбілхайыр хансыз-ақ онымен ешбір ақыл-кеңес сұрамай-ақ, Есен-Бұғы ханның кезінде оған бірнеше рет қолдау көрсетіп, Жүніс ханның оның хандығына қол сұқпауына көмек көрсеткенін жазасыз. Бұл мезгіл Есен-Бұғы ханның тірі кезі, яғни 1450-1462 жылдар. Есен-Бұғы хан 1462 жылы қайтыс болған. Сондықтанда өзіңіз көрсетіп отырған деректер 1458 жылғы Керейді хан сайлау мерзіміне тура келіп отыр. Сіз бұған қалай қарайсыз? Құрметті Клавдия Антоновна, сіз М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» Қазақ хандығы туралы жазылған жалғыз дерек емес екендігін, бұдан бұрын басқа да Нұсрат наме, Шайбани наме, Фатх наме, Михман наме сияқты жазба деректердің болғандығын жазасыз. Бұл деректерде Қазақ хандығының алғашқы кезінің тарихы жәйлі қажетті көптеген деректер бар екендігі туралы жазасыз. Әсіресе, көрсетілген деректердің ішіндегі Рузбихан Исфаханскидің «Михман наме-ий Бухарасында» Жәнібек пен Керей хан ретінде аталған дейсіз. Ал, бұл қай жерде, қай кезде, қандай жағдайда айтылғандығы нақты болса, қазақ хандығының қашан құрылғандығына нақты жауап болар еді. Қазақ хандығының құрылған жылы туралы жазған М.Х.Дулатиге келсек, бұл кезде ғалым Қазақстанда болған жоқ. Ол Қашмирде болған. Екіншіден, М.Х.Дулати Қазақ хандығы құрылғаннан кейін 100 жыл шамасында жазып отыр. Сондықтан да ол Қазақ хандығының құрылған жылы Хижра есебі бойынша 870 жыл (1465-1466) деп көрсеткенімен, бір Алла біледі деп жазады. Мұның өзі құрылған жылдың нақты емес екендігін көрсетеді. Үшіншіден, М.Х.Дулатидің хандықтың құрылуы туралы деректерді қайдан алғандығы белгісіз. Ол кезде екі елдің арасындағы қарым-қатынастың қандай дәрежеде болғандығы айтпаса да түсінікті. Сонымен жоғарыда келтіріп отырған Әбілхайыр хан кезіндегі саяси жағдайлар мен аңыздар, сіз зерттеп жүрген жазба деректердегі мағұлматтар бізге Қазақ хандығының туын көтерген жылды неге нақты көрсетуге мүмкіндік бермейді. Менің ойымша, Қазақ хандығының құрылған жылын 1458 жыл деп көрсетсек дұрыс болар еді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет