Қазақ хандығының құрылуы хақында немесе Клавдия Пищулинаға хат


Сәйден ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының дирекоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор



бет2/2
Дата18.04.2022
өлшемі155,9 Kb.
#139799
1   2
Байланысты:
Қазақ ханд 1 даріс
15 дәріс Кенесары котерілісі, 18 - 19 гасырдағы казак хандығы
Сәйден ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының дирекоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ДӘУІРІНЕН БІРЕР СӨЗ



Тарихымызға көз жіберіп барлай қарасақ , құрылғанына 550 жыл толды деп отырған Қазақ хандығының құрылған уақыты жөнінде тарихшыларымыздың пікірі әр түрлі.
А.П.Чулошников «Очерки по истории казак-киргизского народа» атты еңбегінде, Қазақ хандығы XV-XVI ғасыр шеңберінде құрылды десе, тарихшы-ғалым Ибрагимов С.К «К истории Казахстана» еңбегінде Қазақ мемлекеттілігі XVI ғасырдың 30-40 жылдарында қалыптасты дейді.
Орта ғасырлар тарихының маманы, тарихшы ғалымдар Т.И.Султанов және С.Г.Кляшторный «Казахстан, Летопись трех тысячелетий» еңбегінің «О первом Казахском государстве» бөлімінде: «Қазақ хандығы бір мезгілде жүзеге асатын акты емес,»- дей келіп, Қазақ хандығы XVғасырдың 70 жылдарында құрылды дейді.
Қазақ хандығының құрылу тарихына қалам тартқан жерлес ақынымыз Жарылқасын Боранбаев: «Біз де, Т.И.Султановтың дәлел дерегін негізге ала отырып, Қазақ хандығы 1458 жылдың күзінде құрылған деп жазған едік,» - деп жазады өзінің «Қазақ хандығы Созақта, Шу бойында құрылған,» - деген зерттеу еңбегінде. (Молшылық үшін №3 (7021) 22 қаңтар, 1998 жыл)
Мақала авторы Ж.Боранбаев бұл жерде Т.И.Султановтың 1982 жылы Москва қаласында басылып шыққан «Кочевые племена Приаралья в XV-XVII веках» деген еңбегін негізге алғанын атап көрсетеді. Тарихшы ғалым-археолог Мадияр Елеуов «Шу өңірі: аңыз бен тарих» (Алматы, «Қазақ университеті» 1996ж) атты ғылыми еңбегінде Қазақ хандығы Шу өңірінде қой жылы құрылды дейді. Қазақша жыл санаудың 12 жылда бір рет қайталанып келетінін ескерсек, М.Елеуов жазған қой жылы 1456 жылға тура келеді екен.
Қазақ хандығының қашан, қай жерде құрылғандығы жөнінде нақты дерек беретін, 1554-56 жылдары жазылған орта ғасырлық тарихи еңбек Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде»: «Сол уақытта Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалап Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қащып кетті. Есен-Бұға хан оларды шын ықыласымен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы алқабын береді. Олар бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Әбілқайыр өлген соң, Өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды. Оның қол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар енді өзбектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталатын болды.
Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдардан басталды, бәрін де бір Алла біледі.» - деп жазылды.
Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылды деген «Тарих-и Рашидидегі» дерекке С.Г.Кляшторный , Т.И.Султанов, С.Ибрагимов секілді ғалымдар сенімсіздік көрсетіп күдікпен қараса, орыс тарихшысы В.В.Вельяминов-Зернов өзінің «Исследование о Касимовских царях и царевичах» деген еңбегінде « Тарих-и Рашидидегі» Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі тарихи мағлұматтарға қалтықсыз сенуді ұсынған.
Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі әр түрлі пікірлерді талдап саралай келе, «Тарих-и Рашидидегі» дерек дұрыс-ау, деп ойлаймыз.Себебі, «Тарих-и Рашиди» авторы М.Х.Дулати Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөліне көшу себептерін және даталы уақытын анық көрсетеді. Басқа бірде бір тарихшы, Қазақ хандығының құрылған жылын нақты көрсете алмаған.
Ғылым-ең бірінші дәлел мен дәйек, содан соң логика,-деген тұжырым бойынша, зерделей отырып сараласақ, Әбілқайыр ханның жеке тарихшы – шежірешісі «Тарих-Абул-хайыр-наменің» авторының жазуы бойынша, Әбілқайыр хан 1468 жылы қайтыс болған.
Бұл нақты тарихи дерек! Себебі, оны Әбілқайыр ханның жеке шежіреші-тарихшысы жазып отыр.
Ал, енді кейбір зерттеушілеріміз жазып жүргендей, Қазақ хандығы 1456 жылы құрылған болса, онда Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр хандығынан жобамен, ең кем дегенде 1455-56 жылдары бөлінген болып шығады.
1456 жыл мен Әбілқайыр хан қайтыс болған 1468 жылдың арасы тура сегіз жыл! Билік үшін болатын саяси күресте, сегіз жыл тым ұзақ уақыт.
Әбілқайыр хан, тақ таласындағы өзінің ежелгі ата жауы Керей мен Жәнібек сұлтандардың күш жинауына тым көп уақыт бермесе керек.
Десек те, мына жәйтті естен шығармаған жөн. Ол: Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиннен» жиырма-отыз жыл бұрын, орта ғасырлық тарихшылар жазған ғылыми еңбектер, тарихи дерек көздері, Камал ад-дин Әли Бинайдың «Таварих-и гузида-ий нусрат –наме», «Шайбани-наме», Шадидің «Фатх-наме», Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-ий Бухара» (Бухара қонағының жазбалары) еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуы жөнінде нақты тарихи датаны айтпаса да Жәнібек пен Керей хандардың аттары аталып, «Тарих-и Рашидиде» келтірілгендей, Қазақ хандығының басқа жерде емес, батыс Жетісуда яғни Шу мен Талас алқаптарында іргесі қаланғаны туралы мағлұматты тікелей немесе жанама түрде растайды.
Қалай десек те, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның өзі « Қазақтың тұңғыш тарихшысы» деп мойындаған орта ғасырлық ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты әлемге әйгілі еңбегінде жазылған: «Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдардан (қазіргі жыл санауымыз бойынша 1465-1466 жылдар) басталады,» - деген пікірді негізгі дерек көзі ретінде ресми мойындаған «Қазақстан тарихы» ғылымы: «1465-66 жылдары Әбілқайыр хандығынан бөлінген Керей мен Жәнібек сұлтандар Жетісудің батысындағы Қозыбасы мен Шу деген өңірге келіп қоныстанды. Олардың саны екі жүз мың адамға жеткен.Қоныс аударып келгендер, 1465-66 жылдары жасы үлкен Керейді ақ кигізге отырғызып хан сайлап, Қазақ хандығын құрды,»-деп жазса(С.Жолдасбеков, «Қазақстан тарихы» оқулық, Алматы, «Мектеп» 2010 ж)
Осы уақыт – хижраның 870 жылы – біздің жыл санауымыздың 1465-66 жылдары, Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде алынған,-деп жазады Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты құрастырған «Қазақстан тарихы» бес томдық кітабы.( «Қазақстан тарихы» Бес томдық,II том, «Атамұра» 2010ж )
Сонымен, 2010 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығы мен 2010 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» бес томдығындағы дерекке сүйене отырып айтарымыз: Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі түрлі ғылыми еңбектердегі әр түрлі тарихи деректерді саралап, салыстыра зерттеген Қазақстан Ғылым академиясының тарих және этнология институты, археология институтымен біріге отырып, Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылды деген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиіндегі» тарихи деректі ресми түрде бекітті деген тоқтамға келеміз.
Қазақ хандығының құрылуы жөнінде айтқанда Әбілқайыр хандығына тоқталмай кету мүмкін емес. 1428-1468 жылдар арасында өмір сүрген Әбілқайыр мемлекеті, тарихи әдебиеттерде «Көшпенді өзбектер мемлекеті», « Әбілқайыр хандығы» кейде «Көк Орда» деп те аталады.(Ахмедов.Б.А. Государство кочевых узбеков)XV ғасырдың 20 жылдарында Ақ орданың ыдырауына байланысты Жошы әулетінің арасында билік үшін тақ таласы басталады. Ақ Орда әлсіреген кездегі тәуелсіз иеліктердің қожалары, ірі феодалдардың қолдауына сүйенген Әбілқайыр – 1428 жылы хан сайланады.
Әбілқайыр – Жошы ханның бесінші баласы Шайбани ханның ұрпағы. Ақ Орда хандығының орнына пайда болған Әбілқайыр хандығының территориясы – батысында – Жайық, шығысында – Балқаш, оңтүстігі – Арал теңізі және Сырдарияның төменгі ағысы. Солтүстігі – Тобыл және Ертіс өзендерінің орта саласын қамтыды. Бұл территория кейде «Дәшті Қыпшақ» даласы деп те аталатын. Осы «Дәшті Қыпшақ» даласы географиялық аумақ ретінде батыс және шығыс «Дәшті Қыпшақ» даласы болып екіге бөлінген. «Дәшті Қыпшақ» даласынан Сырдарияның оңтүстігі Мауренахр өлкесіне қарай шексіз билікке ұмтылған Әбілқайыр хан, көрші елдермен үнемі соғыс саясаты арқылы сөйлескен.
1431 жылы Әбілқайыр Тоқа – Темір ұрпақтарын жеңеді, содан кейін Батый ханның астанасы болған Орда-Базарды бағындырып, өзінің астанасы етеді. Әбілқайыр хан 1446 жылы Атбасар маңында Мұстафа ханды жеңіп, Сырдария, Қаратау аймағындағы Сығанақ, Аркөк, Созақ, Аққорған, Үзкент секілді экономикалық жағынан маңызды қалаларды басып алады. Бұл жолы ол Сығанақ қаласын өзіне орталық жасайды. Қала тоғыз жолдың торабында саудаға ыңғайлы жерде орналасқан еді.
Әбілқайыр 1446 жылы Самарқанды алып, Моғол хандығына шабуыл жасай бастайды. Алайда бұл кезде үздіксіз жүргізілген соғыс себебінен туындаған әлеуметтік – экономикалық шиеленіске байланысты әлсіреген Әбілқайыр хандығы, 1456-57 жылдары Сығанақ қаласының түбінде Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан тас-талқан болып жеңіледі. Ойраттардан жеңілген Әбілқайыр хан, бұл аймақты тастап Дешті Қыпшақ жеріне кетуге мәжбүр болады. Осы тұста Әбілқайыр хандығындағы ішкі және сыртқы саяси жағдайы қатты шиеленісіп кетеді.
Әбілқайырдың көрші елдердің ішкі ісіне үнемі дерлік араласып отыруы, мемлекет ішіндегі ішкі саяси дағдарыс, үздіксіз жүргізілген соғыстар мен шапқыншылықтар Әбілқайыр хандығын құлдырауға жеткізіп еді. Мемлекеттегі осы дағдарысты сәтті пайдаланған Әбілқайыр ханның ежелгі саяси қарсыластары, Ұрыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты тайпалармен бірге Әбілқайырға қарсы тайпалардың басын қосып, батыс Жетісуға, Моғол хандығының территориясына қоныс аударады. Бұл кезде әр түрлі жағдайларға байланысты әлсіреп тұрған Моғолстан ханы Есен – Бұға (кейбір деректерде Исан – Бұға) ішкі жыне сыртқы жауларына қарсы пайдалану үшін, Әбілқайыр хандығынан бөліне көшкен Керей мен Жәнібек сұлтандарды құшақ жая қарсы алады. Оларға Моғолстанның батыс аймағы Шу бойынан қоныс бөліп береді.
Айта кететін бір мәселе: батыс Жетісуға қоныс аударған Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан хандығына қашқан ел сияқты емес, көшкен ел секілді болып барғанын тарихи дерек көздері бір ауыздан атап өтеді.
Тарихтың осы кезеңінде Керей мен Жәнібек сұлтандар мен Моғолстан ханы Есен – Бұғаның жауы ортақ еді. Ол – Әбілқайыр хан болатын. «Жауымның жауы – менің досым», қағидасын ұстанған Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақ тайпаларының оңтүстік және орталық Қазақстаннан батыс Жетісуға, Шу, Талас алқабына көшіп баруының негізгі себептері:
1.Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты Қазақ тайпаларының сол кездегі Моғолстан хандығында өмір сүретін тайпалармен этникалық және генологиялық жақындығы.
2. Керей және Жәнібек сұлтандар мен Моғолстан ханы Есен – Бұғаның жауының ортақ болуы,
3.Бұрынғы Ақ Орда хандығының билігі мен Моғолстанның солтүстік бөлігі иелерінің ертеден бергі достық қарым қатынасының жақсы болуы,
4. Феодалдық бытыраңқы Моғолстанның Жетісудағы өкімет билігін өз қолына ұстап тұра алмайтын әлсіздігі себеп болды.
Осы кезде өз хандығын нығайтуға тырысқан Әбілқайыр хан, өзіне бағынбай Моғол хандығының жеріне ауысып кеткен Керей мен Жәнібекке қарсы жорыққа шығып, Алматы маңындағы Аққыстау деген жерде қайтыс болады. Жорық нәтижесі аяқталып, хандық мүлде әлсірейді. Қазақ хандығының құрылуымен Әбілқайыр ұрпақтары шығыс Дешті Қыпшақ жерінде билік жүргізу құқынан мүлде айырылады.
Ал, енді Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты ру – тайпалардың Әбілқайыр хандығынан бөліне көшуінің негізгі тарихи себептеріне келсек, ол бірнешеу.
Біріншіден, Әбілқайыр ханның тынымсыз жүргізген соғыс зардабынан әбден титықтаған хандықтағы көшпенді өзбектердің көші – қон бағыттары үнемі өзгеріп отырды.Мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді тайпалардың жайылымдық жерді тиімді пайдалана алмауы, негізгі күнкөріс көзі төрт түлік мал болып табылатын көшпенді тайпалардың тұрмыс жағдайының өсіп - өркендеуіне кері әсер етті. Оның үстіне шексіз билік иесі Әбілқайыр хан өзіне ұнамай қалған тайпалардың ата қоныстарын қалауынша өзгерте алатын еді. Міне, осындай себептерге байланысты халықтың Әбілқайыр билігіне деген наразылығы күшейе түсті. Олар бейбіт өмір, тұрақты кең қонысты аңсады.
Екіншіден, XIV-XV ғасырларда экономикалық және саяси тұрғыда әлсіреген Ақ Орда, одан кейінгі Әбілқайыр хандығында, Ноғай ордасында және Жетісудағы Моғолстан мемлекеттерінде тілі, діні, психологиялық ойлау жүйесі, шаруашылықты жүргізу әдістері ортақ түркі тайпалардың бір ұлт, бір халық болып, бірігу, топтасу процесі белсенді түрде жүріп жатты. Дәл осы тарихи процес Әбілқайыр билігіне наразы көшпенді тайпалардың хандықтан бөліне көшуіне ықпал етті.
Ақ Орда мемлекетінің орнына пайда болған «Көшпенді өзбек» мемлекетінің ханы Әбілқайыр мен Ақ Орда хандығының заңды мұрагерлері, Ұрыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың «Дәшті Қыпшақ» даласындағы саяси билік үшін күресі заңды құбылыс еді.
Міне, осы Әбілқайыр ханның ежелгі саяси қарсыластары, Оңтүстік Қазақстанды мекендейтін көшпенді тайпалар арасында ерекше беделге ие Керей мен Жәнібек сұлтандар, Әбілқайыр хандығындағы көшпенді тайпалардың жайылымдарды пайдаланудағы Дешті Қыпшақ даласындағы бұрыннан қалыптасқан тәртіпті қалпына келтіргісі келетін арманды – ойларын жақсы ұғынып,оларға түсіністікпен қарады. Оның үстіне, осы тұстағы Әбілқайыр хандығындағы көшпенді тайпалардың, этникалық – генологиялық тұрғыдағы туыстас басқа орданың тайпаларымен бір орталықта, бір ұлт болып біріккісі келетін мүддесі мен психологиялық жай – күйін тамыршыдай дөп басып, дәл таныған Керей мен Жәнібек сұлтандар, хандықтағы саяси және әлеуметтік дағдарысты өз пайдаларына шебер пайдаланып, жеке дара билік құру үшін, өздеріне қарасты тайпалармен бірге батыс Жетісудағы Моғолстан хандығының территориясына көшіп кетті.
Батыс Жетісудағы Моғол ханы Есен – Бұға берген Қордайдағы Қозыбасы мен Шу өңіріне қоныстанып, жайлауы Орталық Қазақстандағы Ұлытай өңірі, қыстауы Оңтүстік Қазақстандағы Көкшенің құмы мен Мойынқұм болған, жаңа құрылған қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, XV ғасырдың соңына қарай алғаш құрылған Қазақ мемлекетінің алдында мынадай тарихи міндеттер тұрды:
1. Көшпенді шаруашылықтың мал жайылымдарын пайдалануда Дешті Қыпшақ даласындағы бұрыннан қалыптасқан тәртіпті қалпына келтіру.
2. Керуен жолының үстіндегі, Түркістан өлкесінің қалалары Сығанақ, Сауран, Созақ, Отырар, Йасы секілді стратегиялық маңызға ие үлкен қалаларды Қазақ хандығына қарату,
3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық аумағын біріктіру.
Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты көшпенді тайпалардың Қазақ елі атала бастауы да осы кез. «Қазақ» этнонимнің пайда болуы, Қазақ хандығының құрылуымен тұспа – тұс келді десек, біржақты үстірт кетіп адасамыз. Себебі, «Қазақ» деген сөз Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дәуірде де қолданыста болғаны белгілі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет