Қосымша
1947 жылы 9-айда гоминдаңның Үрімжідегі керітартпа үкіметі армиясының әскер бөліп, заттай және қару-жарақтай көмек беруінің арқасында Оспан Алтайды уақытша басып алды. Алтайдағы бұрынғы 3-, 2- полктер соғыста жеңіліске тап болып, бұйрық бойынша уақытша шегінді. Содан Кеңес шекарасынан өтіп Шәуешекке келіп, Тарбағатай полкін атты полкке өзгертіп құрып, бұрынғы Қобық полкі мен Сарысүмбе атты 3 полкін құрды. Іледен Лескин бастаған 700 адамдық автоматтандырлған қосын келтіріліп, Алтайға қайта жорық жасады. Алтайды бүкілдей тазалап, екінші рет азат етті.
Сондағы қайта құрылған Сарысүмбе 3-атты полктің командирі – Дәлелхан Сүгірбаев, орынбасары – Шаһиза, комиссары – Кәкім, штаб бастығы – Сайқы Салайдин, оның орынбасары – Әске Жүнісұлы, саяси бөлім бастығы – Әбілуәли болды.
Эскадрон командирлары:
1-эскадроның командирі – Әсет.
2-эскадроның командирі – Дөней
3-эскадроның командирі – Әнуәр
4-эскадроның командирі – Қасен (азаттықтан кейін кеңес еліне кетті. Руы – албан, тегінде кеңес елінен келген).
5-эскадроның командирі – Болатқадыр, кейін ол ауысып Ілеге кетіп, орнына Маисофы Салбеуұлы болды.
Миномет эскадрон командиры – орыс болды.
Пулемет эскадрон командиры – Әнуәр еді.
Кеңсай 3-атты полкінің қысқаша тарихы
Кеңсай атты 3 полкі тегінде Кеңсай партизандарын негіз етіп құрылған еді. Сондықтан да полктің тарихын партизандардың басып өткен күрес тарихын таныстырудан бастаған жөн.
Бірінші Кеңсай соғысы. 1945 жылдың қысы қыстымыр келген еді, Кеңсайдың екі жағы жалама жартас, қысаң тар сай, иір-қиыр тас жол. Заңғар басын қар басып, қапалақтап қар жауып тұрады. Сай ішін құлдай соққан үскірік жел қарды ұшырып, биік-биік қиялар мен қалың орманды омбы қармен қымтап тастайтын. Сай ішінен аспанға қарасаңыз көшкен бұлттан көгілдір аспан әрең көрінеді.
Орта бойлы, қызыл шырайлы, көк көзді, жас шамасы отызды еңсеріп қалған, тон киген, басында қазақ тымағы, аяғында пимасы бар бір орыс тор аттың үстінде орыстарға – орысшалап, қазақтарға – қазақшалап, партизандарға бұйрық түсірді:
– Жау әскерлердің саны – 600-ге таяу, 5 эскадрон толық қаруланған. Танк пен броньды машинаның күшіне сүйеніп бізді жойып, Құлжаны қайтарып алғалы түстен кейін жолға шықпақшы екен. Біз дереу тосқауыл жасап, жодарын буып тастауымыз керек, – деп командирдің өзі аттан түсті.
Барлығымыз түгелдей шұғыл қимылдап, қар мен мұзды жолға таудай қылып үйіп, жол жағасындағы ағаштарды кесіп, жолды бөгеп тастадық
Деген күні жау келмеді. Ертесі түс ауа гүрілдеген машина дауысы шықты. Қарасақ: екі танк келе жатыр, артында қалың әскері бар екен. Кеңсайдағы бекеттті көре сала сайды құлдата пулеметтен, мылтықтан оқты төкті. Менің соғысты көргенім соледі. Партизан ағаларымыздың аттарын ұстап, қалтарыста тұрған бірнеше жастарға: гүрсілдеген оқ дауысынан күңіреніп жаңғырған тау – сол күні күл-талқан болып, жер көк астаң-кестең болып кететіндей көрінді. Үстімізге бомба түсіп кете ме деп, жүрегіміз тас төбемізге шықты. «Иә, құдай сақтай гөр», – деп тұрдық.
Бірнеше минуттан кейін біздің партизандар да оқ шығарды. Қыратқа шығып қарап едік, біз жасаған тосқауылға көміліп-күйреп, жанып жатқан екі танкіні көрдік. Танкінің артына жасырынып келе жатқан әскерлер бейне шалғымен шапқандай жапырылып түсіпті. Жаудың артқы жағы қашып, бір қалтарысқа кіріп жоқ болыпты. «Қащқан жауға қатын би» – дегендей, орыстардың әйелдері мен балалары да түгел майданға шығыпты.
Партизан ағаларымыз атпен қашқан жауды қуалап, екі сағаттай кешігіп барып қайтып келді. Ұлықсат деген орыстың баласы құрбан болыпты. Күйретілген екі танкі мен 300 адам оққа ұшыпты, 30 астам адам үсіп өліпті. Тірідей қолға түскендердің құлағы, беті, қол аяқтары түгел үсіп кетіпті. 500-ден астам қару-жарақ олжаланыпты. Гоминдаң әскерлерінде матадан тігілген жұқа мақталы сым түжірке, аяғында – мақталы шүперек шақай, бір метрдей мата шұлғау ғана бар. Біздің партизандарға қарсы қарулы күресті қойып, сол жылы қыстың қаттылығына да төтеп бере алмайтындай қалде екен.
Сөйтіп, Кеңсай ішіндегі арпалыс үш тәулікке жалғасты. Тек атыс бірнеше сағаттай болды. «Шегінген әскерлердің барар жері Сантай болуы керек» – деп мөлшерлеп, басшыларымыз Талқының кезеңіне барлаушылар жіберіп, жағдайды ұғысқан екен. «Кезеңнің аса қалған жеріне бір эскадрон әскер орналасыпты, кезеңге қарауыл қойыпты» – деген хабар келген соң, екінші шайқасқа әзірлік жасалды.
Екінші, Талқы кезеңіндегі шайқас. Қаңтардың соңғы күні түн ортасында қаруымызды құшақтап, бел шешпей, жалама жартастың қалтарысына от жағып жылынып отырғамыз. Көзіміз енді ұйқыға кеткен екен: «Тез жиылыңдар», – деген хабар келді. Аспан шайдай ашық, бірақ ай әлі тумағанға ұқсайды. Аспанда жұлдыздар жамырап түр. «Көксаланың аузына дейін атпен жүреміз, одан кейін жаяу шығамыз. Дыбыс шығармаңдар. Кезеңнің екі жағындағы тар жыраны өрлеп, Талқы асуының екі жағындағы биікті алып, таң ата шабуылға өтеміз. Жау әскерлерінің саны шамалы. Жеңіспен – алға!» – деген бұйрық ақырын ғана айтылды. Бұйрық құлаққа жеткен заманда дыбысымызды шығармай жүріп кеттік.
Таң атып келеді. Омбы қарды бұзып, шоқыға қарай келе жатырмыз. Шоқының басы аспанмен тіресіп тұрғандай еді. Құдай оңдағанда алай-дүлей боран соғып, қарға адым жер көрінбей қалды. Мұндайда екі жақтың да қарсы жағын көруі мүмкін емес еді. Командирмыз: «Қорықпай алға тартыңдар! Таң атпай жалдың басына шығып алайық» – деп бізге қузау салып қойды.
Біз шаршап-шалдығып биік жалға әрең шықтық. Таң атып, жерге жарық түсті. Біз жау әскерлердің қарауылына қарамызды әдейі көрсетіп алып барып жасырындық. Поста тұрған әскерлер бастықтарына хабарласа керек. Біз өте биікке шығып алғандықтан, гоминдаң әскерлері мен біздің аралығымыз алыстап кетті. Бұйрық бойынша қарды бұзып, жал тағанына қарай түсіп келеміз. Қар кешіп, жыра, жылғаларды құлдап келе жатқанда, жау көзіне шоғырымыз өте көп болып көрінсе керек. Біз Талқы кезеңіндегі жау әскерлерінің бекінісіне жетіп үлгіргенше, олар жатақтарына от қойып, ауыр құралдарын Сайрам көліне тастап, тырым - тырақай зытып берді. Партизан ағаларымыз жауды қуа соққылап, бірталайын жер қаптырды, құралдарын олжалап алды.
Үшінші, Утай соғысы. 1945 жылы 17-февралдан 19-февралға дейін Утай мен Сантай аралығындағы тау бөктерін алып, сай-сайға бытырай орналастық. Бастығымыз Лескин артқы шептен көмек сұрағалы кетті.
Артымыздан келген хабарда: «Кеңес елінен генарал Горницов ауыр құралдарымен қаруланған бір батальон әскерімен Қорғас шекарасынан көмекке келіп, Мугитновтың отрядына көмектесіпті. Сүйдің мен Қорғасты, Күрені зеңбірекпен, минометпен атқылап, ол арадағы жау әскерлерінің бекіністерін күл-талқан етіпті. Бұл жердегі партизандардан Лескин көмек әкеліп, жау әскерлерін қырып салып, Бұраталаны азат етеді екенбіз» – деп жүрген кезде, Лескин жергілікті патизандардан – 100 адам, орыстардан – 200 адамды бастап, ол Дәшкүрдеге шығып, Ақсу асуынан асып, Ақбайталды басып, түске таяу тау бөктерінде шеру тартып келе жатты.
Кеңсайдың тау шоқыларын қара бұлт торлап көрсетпей тұр. Үскірік аяз, азынаған суық жел бет қаратар емес. Бірақ, жеңістен жеңіске жету – рух жалынын тасытты. Тау асып, тас басып, қар кешкен болса да келе жатқан әскердің жүрісі сергек еді. Аттарының мұрнынан будақтаған ыстық бу ауаға көтеріліп кетіп жатты. Біз олардың қасымызға тезірек келуін асыға күтіп, әр сайдың аузындағы айналма тұмсыққа қарап тұрмыз.
Утайға жіберген барлаушыларымыз келіп, бастығымызға кергендерін сөйлеп берді. Екі малшы-барлаушы партизаннан (Әбіл, Тілеубек) алған олардың хабары мынадай болды: Утайдың іші өте сүркейлі, әскерлердің рухы түсіп, құттары қашқан. Үрейлері ұшып, қорыққандарынан жандарын қоярға жер таппай, тамағынан ас өтпей жүр – екен .
Осы келе жатқандардың, тілі, діні, түрі, салт-санасы бір-біріне ұқсамайды. Олардың ішінде бай-манаптар да, адал, момын малшылар мен диқандар дабар. Саудагерлер мен қаңғыбастар да, жанкеспе ұрылар да, содыр-сотқарлар да жоқ емес. Күнгейден, теріскейден, қаладан, даладан, келгендер түгел бас қостық. Басым көпшілігіміз – ортақ жауымыз гоминдаңы аударып тастайтын болсақ, түгел азат боламыз деп ойлаймыз. Нысана-бағытымыз қалай боларын білмейміз. Адамды, атты азықтандырып үш сөтке дайындық жасадық. Жау жүрек батырлар Утай мен Талқияның жолын бұзып, жаудың телефон сымын үзіп, көмекке келе жатқан машиналарын өртеп жіберіп келді.
Күшті жинап, төртінші күні сәскеге таяғанда, сай-сайдан Утайға қарай минометпен атқылап, бес жүзден астам атты қосын еңіске қарай шабуылға шықты. Қарсы жағымыздан аздап оқ борады. Бірақ бізге төтеп бере алмасына көздері жеткен жау Талқияға қарап тоз-тозы шығып қашты. Партизан ағаларымыздың аты жүйріктері бейне көбік қарда қоян қуалап соққандай, жау әскерлерін өкшелей соққылап, жетпістен астам адамын жайратты, сөйтіп, Утайға жақын аралықты басып алдық.
Төртінші, Уаң ордасын айламен алу. 1945-жылы февралдың аяқ шені. Бұраталадағы монғол азаматтарынан ұйымдасқан Ерденің партизандары Бұраталаны азат ету үшін шекарадан өтіп, Кеңес шекара полктерінен азынаулақ мылтық, оқ-дәрі алады. Монғол мен қазақ малшыларының аң құралымен де қаруланыпты. Сөйтіп, гоминдаң әскерлерінің артқы шебі мен алдыңғы шебінің жолын кесіп тастап, Жың жақтан гоминдаңның Бұраталаға келе жатқан бір машина әскеріне тұтқиыл шабуыл жасапты. 17 әскерін өлтіріп, олардың қару-жарақтарын, оқ-дәрілерін олжалап алғаннан кейін, Бұраталадағы және Арасан ауданындағы гоминдаң әскерлерін жою үшін Кеңсай партизандарынан жәрдем беруін сұрап келген екен.
Лескин Андревтің отряды мен Шақанбектің отрядын көмекке жіберді.
Сантайдан кешке таяу аттандық. Батыста – Алатау, артымызда – Талқының тауы, шығысымызда – Еренқабырғаның тауы, оң жағамызда – Бұраталаның қара күңгейі көсіліп жатыр. Біз жылжып келеміз. Бізге берген міндет – Уаң ордасын азат ету екенін, ордаға бес километр қалғанда, түн ортасында ұқтырды. Бұрын бұл жерді Бөке жамбылы деп атайды екен. Осы араға жаудың бір батальон әскері жасырынғанын білдік.
Уаң ордасының шығысынан барып Шақанбек оқ шығарды. Жамбылдағы әскерлер түгел оқ шыққан жаққа қарай оқ жаудырды. Шақанбек азырақ оқ жаудырып шегіне берді. Бізді қашты деген межемен жау жақ аз әскерін қарауылға қалдырды да Жамбылдан шықты. Таң ата Андреевтің отряды Жамбылға басып кіріп, орданы алды. Мен сол отрядта минометшик едім. Ақыры гоминдаң әскерлері қашуға мәжбүр болды.
Жамбыл берік салынған, қора жайлары кең, ішіне азық-түлік көп жиылыпты. Оладың бәрі біздің олжамызға айналды. Осы кезде Бұратала азат болып, жау жүздеген машинасымен Жыңға қарай қашты. Партизандардың аты жүйріктері жаудың артынан қуып жетіп, жүздеген әскерін қырып салып, қыруар қарулырын олжалап қайтты.
Соғыстан кейінгі реттеу. Партизандардың ресми армия қатарына өтіп, Кеңсай атты үшінші полкі болып құрылуы.
10-наурыз күні партизан отрядтары Сантайдағы гоминдаң салған казармаға жиылдық. Ол жерде бірінші істелген іс: бұйрық бойынша – партизандар Уаң ордасынан олжалаған қымбат заттарды жинап алып, жоғарыға табыстады.
Шөл адырды қыстаған қызай елі көктеуліктеріне қарай көше бастады. Көшкен елді көріп ауылымыз еске түсіп, ауылға барып уыз ішсек деп жүргенімізде, бүкіл отряд бойынша үлкен жиын ашылды. Лескин: «Жасы егделер мен ауру-сырқаулар, жаралылар еліне қайтады – деген бұйрығын жариялады. Жиыннан тарап, кешкі астан соң, қайтатындар мен қалатындар құшақтасып, қоштасып, ұзатып салдық. Ертесі күні түске дейін әскери жаттығу жасадық. Сол тұста Іле жақтан бір әскери джип машинасы отряд штабының алдына келіп тоқтай қалды. Машинадан басына сәлде ораған, сом денелі, жасы қырқты еңсеріп қалған ұзын ақ шапанды бір кісі түсті. Лескин оған қарап: «Құрметті Әлихан төрем! Сізді қызу қарсы аламыз», – деп құрмет жасады.
Ол қасындағы оқ қағарлары мен хатшыларын ертіп Лескиннің кеңсесіне кіріп, кіші отряд бастықтарын жинап жиын ашты.
Бұйрық бойынша барлығымыз дәрет алдық. Ислам дініндегілеріміз сапқа тұрып, Әлихан төремен бірге бесін намазын оқыдық. Намаздан соң Әлихан төре ұзақ сөз сөйледі.
– Кеңсай партизандары орыс ұлтының қаһарман ұлы Лескиннің қолбасшылығында жау әскерімен төрт рет сұрапыл соғыс салып, Кеңсай, Сантай, Утай, Бұраталаны азат етті. Жаудың мыңнан астам әскери күшін жойып, мың жарымнан артық қару-жарақ олжалап орасан зор еңбек көрсеттіңіздер. Біз, Шығыс Түркістан үкіметі – сіздердің партизандарыңызды Кеңсай үшінші атты полкі етіп құрдық. Полк командиры – Лескин, – деп жариялады.
Онан соң полкке жасыл түсті туды табыс етті. Лескин табыстап алған туын ағашқа байлап тігіп қойды. Жасыл ту көктем самалымен желбіреп тұрды.
– Үшінші полк – орыс елінен келген қаһарман офицерлер мен солдаттардың көмегінде тарихтан өшпес орын аласыңдар. Партизандарымыз, орыс, қазақ туысқандарымызды негіз етіп құрылған батырлар еді. Қазірден бастап армия болып құрылдыңдар. Ертеңнен бастап әскери киім таратылады. Үстілеріңдегі көне киімдеріңді тастап, әскери киім киіп, әскери тәрбие аласыңдар. Жақсылап білім алыңыздар, жақсы білім алғандарға, соғыста ерлік көрсеткендерге орден, әскери шен беріледі, – деді Әлихан төре.
Оның әр сөзіне ду қол шапалақ соғып: «Алға! Алға!», – деп айғайлап тұрмыз. Оның сөзінің соңында:
– Сендер Тарбағатай, Алтай аймақтарын азат етесіңдер. Дайындық көріп, аттаныңдар. Біз сендердің жеңістеріңнен қуанышты хабар алып тұратын болайық, – деп сөзін бір қанша ұранмен бітірді Әлихан төре.
Лескин орысша сөйледі, аудармашы қысқартып аударды. Ұққанымыз: ол Әлихан төреге: Алтайды азат етеміз – деп уәде берді.
Полк командирі – Лескин, орынбасары – Денисов, комиссары және ақылшысы болып – Доскенов тағайындалды. Полк бес эскадроннан құралды.
Бұл полк Алтай азат болғаннан кейін, Манас бойына ауысып келді. 1945 жылы қыркүйек айында Лескин атты бригаданың командирі болып тағайындалды, оның орынбасары – Мұратжан болды. Штаб бастығы – Бекешев (?) болып тағайындалды. Осы бригаданың қарауында Манас бойындағы Кеңсай 3-атты полкі және 5-, 6-, 7-полктер тұрды.
Солтүстік үш бағытқа қарай жорық жасау. 1945 жылы 20-маусым күні таң ата Толыға қарай бет алып, қалың құмды даланы басып өттік. Толының Байбұлағына жеткенде Толы партизандарымен қуаныш құшағында қауыштық. Толы партизандарының бастығы Байкенже қырық жастар шамасындағы шымыр денелі, қызыл шырайлы, маңдайы кере қарыс, жүзінен күлкі ескен, жайдарлы азамат екен.
Шілде айының 24-күні Толы партизандары Тартас деген жерде гоминдаң әскерлерімен соғысып, жеңіске жетіпті.
Байкенже батыр Лескин мен Доскеновке өз адамдарын ертіп келіп, бірден таныстырды. Толы партизандар отрядының комисары – Сағитов (татар), орынбасарлары – Нұрсапа, Қали, Ғизамадин, Қайса деген азаматтар екен. Содан кейін полк басшылары мен партизан басшылары екі сағаттай жиын ашып, Тиірменге (қазіргі Толы ауданының орыны) тығылып жатқан бір эскадрон әскерді жою керек деп белгілеп, партизандар мен әскерлерге бұйрық берілді. Бұйрық берілісімен біздің қалың қол Тирменді қоршап алып, жауға соғыс ашты. Жауға Дөрбілжің жақтан төрт машина әскер көмекке келді. Біз бұйрық бойынша жолдың екі жағына тығылып жатып жаумен соғыстық. Келген жау әскерлері машиналарының басын кері бұра алмай қалды. Әскерлер амалсыз машинаның астына тығылып алып соғысты. Біз жаудың үш машинасын күйреттік. Тиірмендегі жау әскерлерінің тірі қалғандары қашып құтылды. Келген төртінші машинаның шофері бір қолынан жараланса да машинасымен Дөрбілжінге қашып құтылды. Біз жақтан взвод командирі Мақсұт пен бірге алты жауынгер құрбан болды.
Гоминдаңның Толы төңірегіндегі әскерлерін толық жойып, 26-маусым күні Толыны азат еттік.
Дөрбілжінді азат ету. Толы азат болысымен Дөрбілжінге қарай жол тарттық. Толы партизандарына Толыдағы ел тай-тұяғына дейін келіп қосылып, жер қайысқан қалың қол қалыптастырды. Ақсу деген жерде гоминдаңның бір эскадрон әскерін әп-сәтте жойып салдық. Дөрбілжін кентін төрт жақтан қоршауға алдық. Командирлер: «Жау әскерін қоршаудың ішінде жою керек», – деп шешім шығарыпты. Армиядан гөрі партизандар жер жағдайына қанық болғандықтан, алдымен солар шабуылға өтті.
Соғыс екі тәулікке жалғасты. Екінші күні жаудың қорғанын атқыладық. Кешке қарай жау тізе бүкті. Алтайдағы партизандардың қысымынан қорқып, Алтайдан шегінген жау армиясының қатын, бала-шағалары мен жаралыларын және жоғары дәрежелі мансаптылардың байлықтарын алып қайтқан машина жолдары кесілгеннен соң, Дөрбілжінде тұрып қалған екен. Олар түгел қолға түсті.
Шағантоғай, Дөрбілжін, Тартас, Тиірмен, Ақсу сияқты жерлерге гоминдаң бір полкін шашыратып орналастырған екен. Онысы бізге өте қолайлы жағдай тудырып берді. Айбынды қосынымыздың келе жатқанын көрген Шәуешектегі гоминдаң әскерлері бет-бетімен қашып кетті. Шәуешек азат болысымен жергілікті үкімет құрылды. Басбай – Тарбағатай аймағының уәлиі болып тағайындалды. Ұлттық армияның қосыны кеңейтіліп құрылды. Майлы партизандары негіз етіліп, алтыншы полк құрылды. Дөрбілжінде төртінші полк құрылды және Сібе атты батальоны үшінші полкке қосылды, моңғол дербес атты екінші бригадасы құрылды. Бригаданың командиры – Палинов, комиссары – Доскенов болды. Біздің полк командиріміз – Лескин болды, комиссарымыз – Кәкім Бекешұлы болды.
Біз, үшінші полк – Алтайды бетке алып, екі қатардан тізіліп, Дөрбілжіннен 25-тамызда жолға шықтық. Мыңдаған халық жиылып бізді ұзатып салды. Түс ауа Қарапұшық деген бір жел өткелі бар екен. Содан өткен соң Қобық шекарасына қарай бет алдық. Ара қонып, 27-тамызда Қобықтың бергі бетіне келіп төңірекке көз салдық.
Гоминдаң әскерлері қалашықты сым тормен қоршап, екі қатар терең окоп қазып, бетін қалқалап тастапты. Биік жерлерге паутай тұғызып, пулемет құрып, берік бекініс жасап, өліспей беріспеуге дайындық жасап алыпты. Қобықтағы гоминдаң қосындарына – Бұраталадан, Дөрбілжінен қашқан әскерлер келіп, естерін жинап, бізбен атысуға толықтай дайындалыпты. Алдымен біздің жақтан өкіл жіберіліп, бейбіт жолмен тізе бүгуге үгіт жасалды. Олар көнбеді.
29-тамыз күні таң атудың алдында біз шабуылға өттік. Бір взвод әскеріміз гоминдаңның паутайына басып кіріп, пулеметшіні өлтіргеннен соң, біз гоминдаң әскерлерін қоршап алып соғыстық. Біздің бір топ әскерімізді (ішінде бір орыс санитар әйелі бар) жау жақ ұстап алып, барлығын кескілеп өлтіріпті. Сол жолы құрбан болған 17 қазақ, 5 монғол, бір орыс әйелі жиыны, 23 адам болды. Жерге жарық түсіп алға ілгерлеуге мүмкіндік болмады. Шегінуге бұйрық келді.
Келесі күні ауыр құралдарды түгел іске салып, паутайлардың барлығының күл-талқанын шығардық. Жаудан екі жүз әскер шебімізді бұзып қашты. Қобықтың партизан бастығы Зұңғұру батыр жүз адам бастап, эскадрон командирі Шақанбек жүз әскерді бастап қашқандарды қуалап жүріп жүзден астамын өлтіріп, қарулары мен аттарын олжалап алып келді. Тірі кеткендері Сауанға барыпты деп естідік. Гоминдаң әскерлерінен мыңнан астам адам жойылып, үш жүз адам тірідей қолға түсті. Алты жүзден артық мылтық, отыз пулемет, бір-екі миномет, зеңбірек, оқ-дәрі, олжаға түсті деп жариялап, қызмет көрсеткендерден Шақанбек пен Андреев сияқты отыз жауынгерге батырлық орден беріліп, сыиланды.
Қобықта халық үкіметін құрып болғаннан соң Алтайға қарай аттандық. Буыршынға барғанда Ертіс өзенінің қайығы гоминдаң әскерлерінің қолында екен. Өзеннен өту қиын болды. Доскенов деген ақылшымыз полкті жасырынға орналастырды да, азық-түлік тиеп жүрген екі машинаны Буыршынның бергі жағындағы айналма жолды қайта-қайта айналдырып қойды. Оны гоминдаңның қарауылдағы әскерлері санап: екі жүз машина, мың әскер келе жатыр, – деп штабтарына хабарлапты. Олар солай абыржып жатқандарында, біздің эскадраннан екі қазақ, үш орыс әскері Ертіс өзенінен малтап өтіп, қайықты күзетіп жүрген гоминдаң әскерлерін найзамен өлтіріп, таңата қайықты айдап келді.
Сөйтіп Буыршынға кірдік. Гоминдаң әскерлері тізе бүкті, полкіміз одан ары Алтайға қарай шеру тартты. Алдымыздан қазақтар – ет, қымыз, айран алып шығып, қарсы алды. Қуанышымыз қойнымызға симай Алтайдың Шеміршек деген жеріне барсақ, Тілеубек Арғынбайұлы бастаған бірнеше әскеріміз Дәлелханға барып хабар жеткізіп болған екен. Дәлелхан сол Шеміршекке келіп бізді қарсы алды.
Содан кейін Сарысүмбе қаласында тығылып жатқан гоминдаң әскерлеріне елші жіберілді. Бірақ олар бір түнде үркіп Монғолияға қарай жіңішке Қыранды өрлеп қашты. Ертесі Дәлелхан бір топ батырларымен бірге Бекешев Кәкім деген офицерлерді, Шақанбек бастаған жүз әскерді ертіп, қашақан жауды Өрмегейті деген асудан тосқауылдап, жауды түгелімен қолға түсіріп, ертесі жаудың мыңға тарта адамын Сарысүмбеге айдап келді.
Гоминдаң – Алтайды соғыспай-ақ босатып берді. Алтай партизандары Алтайға қарасты алты ауданды біз барудан бұрын түгел азат етіп болыпты. Алтайда партизандар іріктеліп, үшінші атты полк құрылды. Біздің полкімыз орта бағытта – Манасқа баратын болып дайындалып, ат тағалап жатқанда, жергілікті бір ат тағалаушы мен біздің командиріміз Андреев сөзге келісіп қалып, Андереев сол арада тағашыны атып тастапты. Халықтың қарсылығы қозғалып, Андреевв қолға алынып, сотқа тартылатын болды. Кейін: оқыста оқ атылып кетті – деп оған кеңшілік жасалды.
Алтайда бір айдай тұрып, қыркүйекте Сауанға келдік. 1945 жылы қазан айында Сауанға орналасып алдық. Атты дербес бригаданың бұрынғы командирі, генарал-майор Палинов ұлттық армияның қолбасшысы болып белгіленді. Оның орнына – Лескин бригада командиры, орынбасары – Молдажан, штаб бастығы – Борисов болды. Кеңсай үшінші атты полкі Сауанға орналасты. Полк командиры – Иминов, орынбасары – Ыбырайымбай, комиссары – Әбілез Рақымов, штаб бастығы – Мәлі Гамадиев, саяси бөлім меңгерушісі – Айдар болып тағайындалды. Адам санымыз бір мың бір жүз шамасында еді.
1950 жылы полкіміз Сауаннан ауысып Күнестің Аралтөбесіне барып орналасты. 1951 жылы мамыр айында оңтүстікке ауысып, Ақсудағы 37-полктің құрамына өтіп, полктің 3-батальоны болып құрылды. Сонымен 3-полк өзіне жүктелген міндетін орындады, – деп Атыхан сөзін аяқтады.
Кеңсай үшінші атты полкінің тарихын қысқаша баяндап берген – Атхан Ысқақұлы. Атхан жолдас 1944-жылы қараша айынан бастап төңкеріске қатынасып, үшінші полкт3ң құрылғанынан тартып, бастан ақыр сол полктің құрамында жауынгер, минометшик, бөлімше, взвод, батальон бастығы қатарлы қызметтерді істеген. Жаңа қытай үкіметі құрылғаннан кейін жетекші, бөлім бастығы, қарулы бөлім бастығы сияқты қызметтерді істеп, 1986 жылы зейнеткерлікке шықты. Ол адал ниетті, турашыл адам. Соғыста бірінші дәрежелі еңбек көрсетіп, батырлық орденмен марапатталған.
Айтып берген: Атхан Ысқақұлы.
Жазып алған: Қожай Доқасұлы.
1992 жыл. Желтоқсан.
«Үш аймақ» төңкерісі
«Үш аймақ» төңкерісі және оның жеңісі туралы сөз болғанда: ынтымақтаса тізе қосып, гоминдаңға қарсы шайқаста бірлесе күрес жасап, ерлік көрсеткен, халықтың бақыты жолында бастарын бәй тіккен әр ұлт халқының ардагер азаматтарын ауызға алмай, емірене жырламай отыра алмаймыз. Солардың ішінен қолдарына қару алып, шайқастың алдыңғы легіне лап қойған, кеңес одағының көмегін қолға келтіруде елеулі еңбек сіңірген татар халқының аяулы ұл-қыздарын мақтанышпен атап өткіміз келеді.
«Үш аймақ» төңкерісі басталысымен-ақ татар халқы оған белсене ат салысып, өз азаматтарын алдыңғы шепке аттандырып жатты. Іле, Тарбағатайдағы көптеген татар байлары төңкерісті қолдап, ат-көлік, азық-түлік, киім-кешек сияқты заттай көмектерін аяған жоқ. Арғысын қозғамаған күннің өзінде де, қазан төңкерісінен кейін Солтүстік Шинжаңға маркизм-ленинизм идеяларын таратуда татар зиялылары белсенді рол атқарғандығын аңғарамыз.
1944 жылы Нылқыда басталған төңкеріске татар халқы өз перзенттерінен екі жүз адамды күреске аттандырған. Нылқадағы төңкерісті ұйымдастырушылардың бірі – татар азаматы Фатих Мүсілімов болды. Фатихтың ағасы Садық – Құлжа қаласындағы кеңес одағы азаматтары ұйымының бастығы болатын. 1944 жылы ол Құлжадан Нылқыға аттанып, кеңестер одағының төңкерісшілдерді қолдайтындығын хабарлау мақсатымен жүргенде, гоминдаң сақшылары жағынан қолға алынған. Садықтың үлкен ұлы Хамит – Ластай тауында төңкерістік база құруға қатысады. Ол Алматыда әскери мектеп бітірген офицер екен.
Рафих Байшорин деген татар азаматы Құлжадағы кеңес елшілігінде кірекеш болып жүріп, кейіннен Фатихтардың ықпалымен төңкеріске қатынасты. Нылқы партизандары мен Құлжадағы кеңес одағы елшілігі арасында байланысшы болып істеді.
1949 жылы ұлттық армия Қытай халық азаттық армиясының құрамына кірді. Татар азаматтары отанның тұтастығын, ұлттардың ынтымағын қорғауда белсенді рол атқарды.
1950 жылы 23 қыркүйектегі бірінші номерлі архивтің 12-бетінде азаттық армиясының құрамына кірген ұлттық армияның саны берілген: қазақ – 6 866 адам, ұйғыр –536 адам, қырғыз – 206 адам, дүнген – 229 адам, татар – 185 адам, орыс – 487 адам, моңғол – 731 адам, солаң – 4 адам, сібе – 159 адам, тәжік – 8 адам, өзбек – 183 адам, жиыны – 14 534 адам тізімге алынған.
Төңкеріс қарулы күреске айналып, ұлттық армияның саны жиырма тоғыз мыңға барғанда, татар халқының саны да екі жүзден асқан болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |