ТҮРКІСТАН-СІБІР ТЕМІР ЖОЛЫ - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛАНДЫРУДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШЫ
Ахметова А.Ж. – магистрант (Қызылорда қ., Қорқыт Ата атын. ҚМУ)
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары КСРО-да бұрын соңды болмаған индустриаландыру жоспары жүзеге асырылды. Ресейде патша билігінің орнына келген большевиктік партиясы артта қалған аграрлық КСРО-ның Европа және АҚШ сияқты дамыған елдерімен бәсекеге түсе алуын қамтамасыз ету үшін, ел шаруашылығын индустриаландыруды қолға алды. Осы жоспар бойынша Қазақстандағы ең ірі жобарлардың бірі Түркістан-Сібір темір жолын салу көзделді.
1926 жылдың 3 желтоқсанында КСРО Еңбек және қорғаныс комитеті Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы арнайы қаулы қабылдады. Жалпыодақтың құрылыстардың ең маңыздыларының бірі Түркістан-Сібір темір жол магистралі деп көрсетілді.
1927 жылдың 2 наурыз күні КСРО халық комиссарлары кеңесі Түркістан-Сібір темір жолына қатысты қаулы қабылдап, осы магистралдың Қазақстан мен Орта Азияның шаруашылығын дамытудың орны зор деп айтылды. Бұл темір жолдың маңыздылығы біріншіден, Орта Азиядағы мақта өсіретін аудандардан шикі зат көзін Ресейге тасымалдау, екіншіден Қазақстан мен Оңтүстік Ресейден астықты Орта Азияға жеткізу екендігі атап көрсетілген. Орта Азиядан 1926-1927 жылдар аралығында экспортқа 131 905 алтын рубліне тең келетін мақта шығарылған. Сонымен қоса Орта Азия мен Қазақстаннан пайдалы қазбаларды, табиғи байлықтарды ішкі Ресейге алып отыру жоспарланды /1,175б/.
Төменде 1927-1933 ж аралығында мақта өндірісі көрсетілген.
Жылдар
|
КСРО
|
Орта Азия
|
Закавказье
|
мың т.
|
%
|
мың т.
|
%
|
мың т.
|
%
|
1927/28
1928/29
1929/30
1930/31
1931/32
1932/33
|
204,5
247,7
295,6
342,0
370,8
394,3
|
100
100
100
100
100
100
|
177,6
216,3
257,5
294,8
315,5
332,2
|
86,8
87,3
87,1
86,2
85,1
84,3
|
26,9
31,4
38,4
47,2
55,3
62,1
|
13,2
12,7
12,9
13,8
14,9
15,7
|
Жоғарыдағы кестедегі мәліметтерге қарағанда Орта Азиядағы мақта өнімінің бүкіл одақтың 80 пайызынан астам үлесін беріп отырған. Сол себепті экономикалық тұрғыдан Орта Азия аймағы өте маңызды болды.
КСРО кеңестерінің ІІІ съезінде «үкіметтің жоспары бойынша Днепрде салынатын гидроэлектра станция мен Түркістан-Сібір темір жолы құрылысын съезде толығымен қолдап, бұл құрылыс елді электрлендіру жоспарымен пара-пар келеді» деп айтылды /2,612б/.
Түркістан-Сібір темір жолы өзінің бастауын Арыс бекетінен алып, Новосібір бекетінен аяқталуы тиіс еді. Жалпы магистральдің ұзындығы 2558 км қамтыды. Аталмыш темір жол Қырғыстан, Қазақстан және Сібір аумақтарын қамтып, жалпы ауданы 124 374 345 га жерді алып жатты. Солардың ішінде магистралдың Қазақстаннан-77,3%, Сібірден-13,1%, және Қырғыстаннан-9,6% өтті /1,176 б/
1927 жылдың 7 қаңтарда КСРО халық комиссарлары кеңесі жанынан құрылған жәрдемдесу комитеті, құрылысқа байланысты туындайтын барлық мәселелер кешеніне басшылық жасады. Комитет құрылыстың оперативтік және әкімшілік жұмыстарына басшылық етіп, оның басты міндеті құрылысты уақытылы қаржыландыру, жұмыс күшімен қамтамасыз ету, құрылыс материалдарымен жабдықтау жұмыстары жүктелді. Жәрдемдесу комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың барынша қолдауы арқасында, М.Тынышбаев комитет құрамына қосымша енгізілді. Түркісіб тарихының ең күрделі кезеңінде М.Тынышбаев есімі мәңгіге қалды. Ол жәрдемдесу комитеті орталық органының белді мүшесі болуымен бірге, Түркісібтің оңтүстік қанатында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Олардың ішінде жобалау жұмысының, жоспарлау бөлімінің, 6-зерттеу бөлімшесінің басшысы, Түркісіб темір жолын салуға байланысты Жетісу көмек комитеті мен Жетісу губерниялық атқару комитетінің мүшесі /3,193б/.
1927 жылдың көктемінен бастап Түрксіб темір жолын салу жұмыстары басталды. Құрылыстың алғашқы кезеңінде мамандандырылған жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалды. Сол себепті Ресейден, Украинадан жұмыс іздеп ағылған келімсектер көбейіп, олардың көбісі түрлі әлеуметтік топтардын шыққындар еді.
Құрылыс барысында Т.Рысқұлов темір жол магистралінің оған жақын аудандарының шаруашылық дамуы үшін қолдану мәселелерін қарастырды. Т.Рысқұлов Түркістан-Сібір темір жолын Н.Григтің «На турксибе» атты кітабына жазған алғаш сөзінде КСРО-дағы Днепрострой, Волга-Дон сияқты ірі құрлыстармен теңестірсе, ал бүкілресейлік ОАК-нің органы болған «Власть советов» газетіне жариялаған мақаласында: «Түркісіб КСРО-дағы жаңа құрылыстардың ішіндегі алыптарының бірі, әрі әлемде жаңадан салынып жатқан темір жолдарның ішіндегі ең ұзыны» деген пікірлер жазды /4,125 б/.
Түркістан-Сібір темір жолын салудың негізгі мақсатын Т. Рысқұлов «Известия» газетіне жариялаған «Орта Азияны жақын аудандарға (Сібір, Қазақстан, Қырғыстан) арзан нан мен қамтамасыз ету, мақта шаруашылығын дамыту, тоқыма өнеркәсіп орындарын мақта өнімінен төлықтыру» -деп көрсеткен еді /4,126б/
Т.Рысқұлов пікірінше, аймақты индустрияландыру және Түрксібті салу Қазақстанның Батыс Қытай мен Батыс Монғолия аудандарымен достық өзара пайдалы экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуіне және тереңдетуіне жағдай жасауы тиіс. Батыс Қытай мен Батыс Монғолия, бұлар жолдың салынуы арқасында кеңес одағымен жақындаса түседі, орасан зор шикізат ресурстарына ие және олардың одан әрі тездете дамыту мүмкіндіктері бар» - деп жазды.
Т. Рысқұлов Түркісіб темір жол құрылысына арнайы ғылыми еңбектер мен мерзімді баспасөз беттеріне мақалалар жариялады. 1920 жылы «Түркістан-Сібір темір жолы және оның КСРО халық шаруашылығы үшін маңызы зор» атты мақалаларында темір жол құрылысының салыну барысы ерекшелігі көрсетіледі. Ал 1930 жылы жарық көрген «Түрксіб» атты кітабында Т.Рысқұлов темір жол құрылысының негізгі көздейтін мақсатын көрсете отырып, бұл құрылыстың мемлекет шаруашылығына аса қажет екендігін атап өтеді. Өйткені Орта Азияға Сібір астығы айналма жолмен, Новосібір-Орынбор-Ташкент арқылы тасылды. Мұның бәрі көптеген поезд құрамы және қаржыны талап етті. Астықтың бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырды. Орта Азияға Қазақстан мен басқа республикалардансойыс малы мен күш-көлік, ал Сібірден құрылысқа қажетті ағаш көптеп тасылды.
Т.Рұсқылов темір жол салуда кездесетін қиыншылықтарға да тоқталады. 1930 жылдын 12-13 наурызында «Известия» газетіне жарияланған «Түрксіб және Орта Азияны қамтамасыз ету» атты мақал Т.Рұсқылов темір жол салуға келтірілген ең басты қиыншылықтар қатарына жартылай игерілмеген территория қолайсыз ауа-райы құрылыс жұмысына қажетті материялдармен жұмыс күшінің жетпеушілігіне жатқызды.Сонымен қатар темір жол құрылысындағы қаражат пен құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізу мәселелерін атап кетті.
1930 жылдың 28 сәуір күні Түркістан-Сібір темір жолының Солтүстік және Оңтүстік магистралі қосылды. Темір жолды 5 жылдың ішінде салу көзделген еді. Бірақ Түркістан-Сібір темір жол магистралі өз жұмысын 1930 жылдың сәуір айында бастады. Еңбек және қорғаныс кеңесінің бекітуі бойынша Орта Азияға алғашқы кезде 835,4 млн тонна астық жіберу көзделді. Ал 1932-33 жылдары бұл көрсеткіш 733,3млн тоннаға жетуі тиіс болды.
Түркістан-Сібір темір жолы Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік дамуына үлкен әсерін тигізді. Құрылыс барысында қиыншылықтар өте көп кездесіп, жұмысшылар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Бірақ соған қарамастан бұл құрылыс сол кездегі ірі жобалар қатарына жатып, мәртебесі жоғары болды. Қазіргі уақытта бұл темір жол экономикалық тұрғыда, жүк, жолаушылар тасымалында өзінің маңыздылығын жойған жоқ.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Рыскулов Р.Т. Избранные труды. А., 1984 г.
2. Решения партии и правительства по хозайственным вопросом (1917-1967) т.1, М., 1979 г.
3. Нейштадт С.А. Социалистическое преобразование экономики Казахской ССР (1917-1937), А., 1957 год
4. Аширбекова Ж.Б. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі және тарихи зерттеу еңбектері. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылым дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы. А., 2004 .
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Түркістан-Сібір темір жолының Қазақстанды индустрияландырудағы да маңызды рөлі айтылған.
РЕЗЮМЕ
Статья посвещена строительству Турксиба.
ИСЛАМ ДІНІНІҢ СЫР БОЙЫНА ТАРАЛУ ТАРИХЫ
Әбілдашев Д.Ш-магистрант (Қызылорда қ., Қорқыт ата атындағы ҚМУ)
Адамзат тарихының орта ғасырлық кезеңінде дәуірлеген Қытай, Еуропа, Ислам өркениеттерінің ішінде соңғысының алатын орны ерекше. Ислам бүгінде 1 миллиард 200 миллионнан астам мұсылмандардың басын біріктіретін үлкен өркениетке айналды. Ислам діні Араб елінде VII ғасырдың алғашқы жартысында пайда болғаны белгілі. Ол негізінен Араб, Парсы, Түрік, Пәкістан, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдерін қамтыды.
Ислам Қазақстанға VIII ғасырда келгені тарихта мәлім. Ислам елдері әлемдегі ең үлкен өркениеттің бірі ғана емес, адамзат дамуының рухани және ғылыми жағынан өсу тарихына аса зор ықпал еткен қуатты күшке айналды. Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша 45 мемлекеттің ресми діні ислам болып табылады. Қазақстанда қазіргі кезде 1648 мұсылмандық діни бірлестіктер, 1534 мешіт бар. Халықтың 9 миллионы ислам дінінде. Орыс проваславие шіркеуіне қарасты 230 діни бірлестік жүмыс істейді /1, 37 б/7
Ислам дінін ұстанушы мұсылмандар ұғымында бұл дін құдай тарапынан барлық адамзатқа жіберілген ең соңғы өсиет болып есептеледі. Әрбір мұсылманға исламның бес парызына қосымша білім, ғылым жүмыстарымен шұғылдану, таза жолмен ризық табуға мүмкіндік берілді. Ислам дінінің түсіндіруінде Алла адам баласын ізгілік жасауға ол дүниедегі нәрселердің бәрін адамның игілігіне жаратқан делінеді. Ислам діні адамдардың кез келген әрекеттерінде шектен шығудан, азғындықтан сақтандырудан, бекер мал шашудан, асыра сілтеушіліктен, сондай-ақ дүние жүзіндегі халықтардың арасында татулық, теңдік, дұрыс өмір сүру дәстүрін насихаттайды. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде қазіргі кезде жастар арасында ислам дінін насихаттау аса қажет. Ол үшін ислам дінін әлемге таратқан арабтар тарихына тоқталған жөн.
VIII ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан жеріне арабтар келгенде түркі тілдес тайпалардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне айтарлықтай өзгерістер енді. Әсіресе шаман дінін ұстанып,тәңірге сыйынған Сыр бойының халықтары ислам дінін бірден қабылдаған жоқ. Жетісу түріктері ислам дінін 960-жылы қабылдаса Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ тайпалары XI-ғасырға дейін өзара тартысып қабылдай қоймаған. Оның мәнісі оғыздардың бір қанаты исламды қабылдап, батысқа қарай қоныс аударса, Сыр бойында қалған қыпшақтар көп уақыт өздерінің ежелгі наным-сенімдерін сақтап қалған еді /2, 28 б/7
Арабтар ислам дінін тарату мақсатында жорықтар жүргізді. Нәтижесінде жер аумағын кеңейтіп ірі империяға айналды. Арабтар өздерінің Солтүстігіндегі Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғанстан елдерін бағындырған. Олар VIII ғасырда Мауреннахр жеріне әскери жорығын бастайды.Құтайба Ибн Муслим бастаған Араб әскері Бұхара мен Самарқандты, Шаш, Фарабты алады. Тарихи айғақтарға жүгінер болсақ,арабтардың Мауреннахр жеріне алған табан тіреуі 705-жыл делінеді. Олар Орта Азияға екі бағытта еніп, жаугершілік жорықтарын жүргізген.
XI ғасырда өмір сүрген Хорезмдік ғұлама Әбу Райхан Бируни арабтардың әскери жорықтары туралы: Құтайба ибн Муслим әл-Бахили барлық сауатты кісілер мен дін қызметкерлерін қырып болған соң, олардың кітаптарымен қол жазбаларын өртетіп жіберген.
Мұхаммед (с.а.у) пайғамбар исламды тарату үшін сахабаларын жан-жаққа аттандырғанда, мұсылмандықты қабылдаған әр ұлттың салт–дәстүріне сергек қарауды қиянат,зорлық жасамауды қатаң тапсырған. Пайғамбардың бұл өсиетін ұмыт қалдырған Құтайба ибн Муслим, Зияд ибн Салих сияқты арабтардың әскер басыларының зорлық- зомбылығынан ислам діні түрік тектілер арасында тарай қоймады /3, 17-18 б/.
712-жылы Самарқандты алған арабтар одан әрі Орта Азияның қойнауына тереңдей түсті.Осы кезде Мәуереннахрға Мочжо бастаған түркі тайпалары келіп, Соғданы жаулайды.Арабтар болса Шаш, Ферғанаға тұңғыш мешіт салдырады. Құтайба бастаған араб басқыншылары Сырдың төменгі ағысына жете қоймаған. Антикалық дәуірде бұл өлкенің Кир, Дарий патшаның қол астына кіргені сияқты,хорезмшахтар тұсындада Сыр бойы тайпалары өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысқан.Олар Құтайба әскерінің әлсіреген сәтін пайдаланып оның ықпалынан 715-жылы құтылған.
Сыр бойы тайпаларының Мауереннахр мәдениетіне қатысты тарихы зерттелді. Оны В.В.Бартольд өзінің «Туркестан в эпоху мангольского нашествия», Е.Э.Бертельс «Персидская поэзия в Бухаре», И.С.Брагинский «Из историй таджикской народной поэзии», Н.И.Веселовский «Очерк историко- географических сведений о Хивинском ханстве», Г.Вамбери «Путешествие по Средней Азии в 1863 году», «История Бухары или Трансоксании, В.В.Григорьев «Караханиды в Маверанахре по «Тарихи Мунеджим-баши», В.А.Крачковский «Арабская географическая литература», М.Е.Массон «К вопросу о взаимоотношениях Византии и Средней Азии по данным нумизматики» , И.П.Петрушевский «Из истории Бухары в XIII в», Л. П.Потапов «О сущности патриархально- феодальных отношений у кочевых народов Средней Азии и Казахстана», А.А.Семенов «К вопросу об этническом и классовом составе северных городов империи хорезмшахов в XII в. н. э.», О.И.Смирнов «Из истории арабских завоеваний в Средней Азии», С.П.Толстов «Древний Хорезм», «По следам древнехорезмийской цивилизации», А.Б.Ханыков «Описание Бухарского ханства», А.Ю.Якубовский «Вопросы периодизации истории Средней Азии в средние века» атты зерттеулерінде сөз еткен. Осыған біз А.Н.Кононов, А.Н.Бернштам, С.Г.Кляшторный, О.Г.Большаков, Б.Н.Заходер сияқты көптеген шығыстанушылардың еңбектерін де атауға болады. Арабтардың Мауреннахрға келуі Қазақстан тарихында аз зерттелген тақырыптардың бірі. Арнайы еңбектер күрделі ізденістер жоқтың қасы. Сексенінші жылдары баспа жүзін көрген бес томдық тарихымызда бұл мәселер жол жөнекей баяндалса, соңғы кездері жарияланған «Казақстан тарихы» атты кітапта тіпті орын берілмеген.
Тарихшылар дендеп бара қоймаған тақырыпқа қазақ әдебиетшілері назар аударып, біршама зерттеулер жарияланғанын көреміз. Солардың қатарында профессор Ә.Қоңыратбаев еңбектерін атап өтуге болар еді. Өзінің «Араб шабуылы және Орта Азия ренессансы» деген еңбегінде ғалым араб шапқыншылығының Мәуреннахр мәдениетіне тигізген ықпалына кеңінен тоқталған. Сол сияқты Орта Азия және Қазақстан мәдениетінің сабақтастығы мәселелері Р.Бердібаев, Ө.Күмісбаев, Ә. Дербісалиев, еңбектерінде одан әрі жалғасын тауып, зерттелуде. Ғылымдағы дәстүр жалғастығы деп осыны айтса керек
Дегенмен Орта Азия мен Қазақстанның араб шапқыншылығы кезіндегі тарихы толық зерттеу аяқталды деуге болмайды. Бұл мәселе болашақта тіл мамандарының, тарихшылардың, географтардың, теологтардың, археологтер мен этнологтердің қатысуымен қажетті зерттеуге бағытталуы керек. Сол кезде тақырыптың қатпар тұстарын ашуға әр саланың мамандары септігін тигізері сөзсіз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Абдулпатаев С. Ислам әлемінің халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолындағы күресі //Ақиқат, №12.- 2003.
2. Қоңыратбаев Т. Ертедегі ескерткіштер. -Алматы: Өнер 1996.-268 б.
3. Ғизатов Ж. Исламның Қазақстанда таралуы //Қазақ тарихы, №2. 2009.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада ислам дінінің Сырдың төменгі ағысы бойында таралуы және осы мәселеге қатысты зерттеулерге шолу жасалған.
РЕЗЮМЕ
В статье дан обзор исследованиям о распространении исламской религии в области Сыр-дарьи.
Моңғолия қазақтарының отбасы және неке қатынастары
Бөбекбай М.-магистрант(Алматы қ,., ҚазмемқызПУ)
Отбасы мен неке тағдыры қандай болмасын қоғамдық құрылыспен, ондағы өндірістік қатынаспен тығыз байланысты болады да, әр қоғамдық формациядағы әлеуметтік өзгерістер отбасы мен неке сипатына да әсер етіп өзгертіп, жаңартып отырмақ. Қоғамнан, өзін қоршаған табиғи ортадан тыс отбасы болмаған. Сондықтан жер шарын мекендеген халықтардың отбасы олардың тарихымен бірге дамып отырған. Шет елде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының бірі Монғолия қазақтарының отбасы да осындай.
Әрбір семья кішігірім мемлекет болғандықтан оған көп нәрселер сыйысады. Бұған отбасы мен неке формаларын, әртүрлі отбасылық некелік қарым-қатынастарды, бала тәрбиесі мен өлікті жерлеу ғұрыптарын, үйлену тойына қалыңмал төлеу, жасау беру дәстүріне байланысты әртүрлі жол-жора, әдет-ғұрыптарды, сондай-ақ, қазіргі қазақ отбасы мен некелік қатынастарын этнографиялық тұрғыда зерттеу.
Отбасы құрылымының тарихи дамуына тоқталатын болсақ, Монғолия қазақтарында ХІХ-ХХ ғасыр аралығында қазақ халқына тән отбасы түрі-әке, шеше және үйленбеген балалардан тұратын дара шағын отбасы болды /1,75/.
Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда егіншілікпен шұғылданатын ең үлкен патриархалдық отбасының негізінде өмір сүріп келген көшпенді халықтарда патриархалдық семья тым арыдан тараған.
Бірақ дара отбасында үлкен патриархалдық отбасы қауымының көптеген сипаттары сақталды. Морган өзінің «Көне қоғам» еңбегінде үлкен патриархалды отбасын «қарауындағы жерін өңдеп, малын бағу, әке үкіміне бағыныштылықтан белгілі мөлшердегі ерікті және еріксіз адамдардың отбасын құруын» сипаттайды /2/ .
Монғолия қазақтарында, жалпы қазақ қауымында қара шаңырақ (үлкен үй) сыбағасы дегеніміз–үлкен патриархалды отбасының қазіргі кездегі көрінісі. Үлкен патриархалдық отбасы дегеніміз-бір атаның балалары бір қазаннан ас су ішіп, бірігіп пайда тауып, олжасын да тең бөлісуді айтады.
Монғолия қазақтары ортасында революцияның алғашқы жылдарына дейін көп әйел алушылық болған. Шариғат бойынша бір кісіге 4 әйелге дейін алуға рұқсат етілсе, Монғолия қазақтарының ең ірі байлары 7-8-ге дейін әйел алған. Моногамиялық отбасы ежелден бері үстемдік етсе де, қазақ қауымында көп әйел алу салтының түп тамыры әріде жатты. Бұл салт Моңғолия қазақтары үшін 1938 жылға дейін жалғасты. Бірақ, Монғолия қазақтарының отбасы негізінен моногамиялы болды/1,82/.
Қазақ арасында жастай некелестіру ежелден келе жатқан дәстүр. Бұл ХІХ ғасырда мықтап сақталды. Кейде қыздарды 13-14 жасында ұзатса, ер балаларды 15-16 жасында үйлендірді. Халық түсінігі бойынша неғұрлым жастарды ерте үйлендірсе, олар әрбір жағымсыз қылықтардан аулақ болып ұрпақтары мықты болады деген сенім болған. ХІХ-ХХ ғ. аралығында Монғолия қазақтарының некелесуінің ең негізгі түрі–қалыңдықты қалың мал төлеп сатып алуға негізделген құдалық арқылы неке құру болды. Айттыру арқылы қосылған ерлі-зайыптылардың жас ерекшелігі кейде керісінше болды, яғни әйелі ерінен әжептәуір болады.
Сирек те болса кездесетін некенің түрі-туған туысы жоқ, қалың төлеуге шамасы келмейтін, жалғыз басты, жарлы жігіттер қыз әкесіне қалың мал орнына күшін сату, (белгілі бір мөлшерде қызмет істеу), немесе қыз әкесінің ер балалары болмаған жағдайда қолына «күшік күйеу» болып кіру арқылы неке құру болды.
Моңғолиядағы қазақтар бүгінгі күнге дейін балаларының барлығына отау көтеріп енші бөліп беруді парыз санайды. Ал, балалары әке-шешесі көтеріп берген отауды «ордаға» бөліп берген енші малын өсіріп, ата дәулетін арттыра түсуге талпынады, егер бөліп берген еншісін дұрыс игере алмаса үлкен сын болып саналады/3, 24/.
Көп балалы ата-аналар ержеткен балаларын мезгілінде үйлендіріп, оларға енші беріп, бөлек шығарып отырады. Әдетте, кенже бала ержетіп үйленгенше, кейде тіпті шаруашылыққа әбден қартайғанша әкенің өзі басшылық етеді. Халық дәстүрі бойынша кенже інісі үйленіп, шаруашылықты өз қолына алғанша қартайған әке-шешеесінің шаруасына үлкен бала мен келін көмектесу керек.
Мұндай жағдайда әкенің басшылығымен бір отбасы болып үш ұрпақ, әке-шеше, үйленген бала әйелімен және немерелері бірге тұрады. Бұл отбасында әкенің үйленбеген інілері мен кіші балалары да бірге тұруы ықтимал.Міне осы жағдайлардың бәрі бір уақытта үстем болған үлкен патриархалды отбасының сарқыншағы деуге болады. Моңғолия қазақтарында мұндай патриархалды отбасы ХХ ғасырдың 50-ші жылдарына дейін сақталған. Оны В.А. Коноваловтың «Казахи Южного Алтая» деген еңбегінде нақты келтірген/4,106/.
Балаларына енші беріп бөлек шығару әдеті негізінен олардың үйленуіне байланысты болады. Жаңа түскен келін әдетте 1-2 жыл ата-енесімен бірге тұрып, әр нәрсеге үйреніп, өз бетінше үй болуға дағдыланған соң өз алдына отау болып бөлінетін де, еншісін алатын.
Әке шаңырағынан бөлінген жаңа отауға туған-туыстары өз әлінше мал мен мүлік қосады, оны халық тілінде «жылу», «тамыздық», «немеурін» деп атайды. Ал, Моңғолия қазақтары мұны жылу дейді.
Осы дәуірдегі қазақ отбасының бүкіл мазмұнына экономикалық және әлеуметтік қатынастар шешуші фактор ретінде әсер етеді. Неке құру мәселесінде қалың мал мен жасаудың орны ерекше. Жалпы, қыздың малына сәйкес жасауы да мол болды.
Бүгінгі таңда дәстүрлі және қазіргі отбасылардың құрылымын мамандар үш жікке бөліп қарастырады:
а) бірге тұратын отбасылардың құрамындағы адам саны;
ә) бірлескен отбасы мүшелерінің құрамы және оның ішіндегі ата-аналар, жас жұбайлар, т.б. туысқандар;
б) қарапайым нуклеарлық және күрделі отбасыларындағы ұрпақтар саны, яғни туыстық қатынастар негізіндегі жас ерекшеліктері/5, 175/.
Отбасылық қарым-қатынас қазан революциясынан кейін біршама жаңарып өзгергені мәлім. Бұрынғы отбасылық неке құру, қалың малға сатуға негізделген, көбінде әке билігінде болса, қазір екі жастың келісімімен, сүйіспеншілігіне негізделген ерікті түрде неке құратын болды. Қалалық жерде көбінде екі жастан /ерлі-зайыпты/ тұратын және 1-2 балалы жас жанұя көбейсе ауылдық жерлерде отбасының көбі екі ұрпақтан әке-шеше және үйленбеген балалардн тұрады. Үйленбеген кенже баласын шығармай қолда ұстайтын жағдайлар бар. Бірақ, қазіргі заманның бір ерекшелігі кенже баласын отау болдырып бөліп жіберіп, үлкен ұлдарының бірінде бірге тұра береді. Оның себебі, кіші ұлы мен келінің мамандығына байланысты. Олар басқа жерге қызметке орналасса, әке-шеше қоныс аударғысы келмегендігіне байланысты. Әртүрлі жағдайлармен әке-шешеден ерте айрылған жас балалар туған ағаларының немесе туыстарының қолында ержетіп үйленгенше бірге тұратын салт бұрын да болған, қазір де бар/6, 92/.
Жанұя басында әйелдер болатындығы олардың күйеуі өлген соң балаларының жас үйленбегенінен болады. Балалары ержетіп үйленсе жанұя билігі баласына көшеді. Қазіргі жанұя заңы бойынша отбасы құрамы қандай болуына мемлекет араласпайды. Әркім өз еркімен қандай отбасылық құрамды қаласа, ұнатса, соны таңдайды. Бұған қоғамдық, экономикалық жағдайлар әсер етеді. Үйленген ағайынды адамдар бір отбасы болып табыстарын да, шығындарын да біріктіріп тұруы ұзаққа созылмайды. Өйткені, әр отбасы мүшесі еңбек етеді, табыс табады, соған қарап киініп, ішіп жейтіндіктен ерлі-зайыпты жастар бөлек тұруды ұнатады. Оларды бір тұруға мәжбүр ететін экономикалық, әлеуметтік факторлар қазір жоқ. Бұдан болып туыстық қарым-қатынас әлсіремейді, олар керек жағдайда бір-біріне сүйеу боп, көмек беріп, бас көз болады. Қазір бір отбасында тіршілік етіп, екі үй болып есептелетін жағдай да бар. Ол әке-шеше мен қолында тұратын үйленген балалары болуы да мүмкін.Үйленген балаларын отау етіп бөлек шығарғанда енші беріп, тілеу істейтін. Егер отбасы қорының көпшілігі әке табысынан тұрып, әке тұғырдан түспеген болса, қолындағы ұл мен келіні әке ықпалында болады. Отбасы қоры бала мен келін табысынан болып, әке-шеше қартайған жағдайда отбасы тізгіні балаға өтеді. Бірақ ата-ананы сыйлау дәстүрімен олардың ой-пікірімен санаса отырып іс басқарады. Ескі дәстүрдің сақталуына байланысты үйдің ішкі шаруасын негізінде әйел басқарып істейді. Бірақ осы кезде үй шаруасына еркектер де араласып ақыл қосып отырады.
Бүгінгі таңда жаңа отбасы мүшелерінің ішінде жоғарғы білім алғандар көптеп кездеседі. Мұндай жағдай жас жұбайлардың білімділігін, мәдениеттілігін, парасаттылығын, адамгершілік қасиеттерін молайтып жаңа өмірдің кілтін өз қолына ұстай білуге мүмкіндік береді. Жаңа типтегі қазақ отбасының қалыптасуы, ең алдымен келіннің үй жайының жақсаруы мен келген жерімен қарым-қатынасының жаңа жағдайға байланысты мүлдем өзгергеніне байланысты болып отыр.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Ислам Қабышұлы Моңғолия қазақтарының тарихы.–
Өлгий.–1980.–242 б.
2.Морган Л. Көне қоғам. Л.–1934 . 275 бет.
3.Нұрсәуле Мешелқызы Моңғолия дағы қазақтардың тіршілік цикліне байланысты әдет-ғұрыптары: Алматы,2006.-64 бет.
4.Коновалов А.В. Казахи Южного Алтая. Алма-Ата,1986.-144 с.
5.Арғынбаев Х.А. Қазақтың отбасылық дәстүрлері.-Алматы, 2005-216 б.
6.Хожанияз Қапасұлы Қазақ халқының салт-дәстүрлері. 2008.-144 бет.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Моңғолия қазақтарының отбасы және неке қатынастары баяндалған.
Резюме
В статье рассказывается об семейных и брачных отношениях казахов Монголы.
Достарыңызбен бөлісу: |