Қазақ очеркі



бет1/6
Дата04.11.2016
өлшемі1,21 Mb.
#310
  1   2   3   4   5   6
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ҚАЗАҚ ОЧЕРКІ



(Библиографиялық көрсеткіш)


Астана - 2005



КҮЛТЕГІН

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті


«Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығы

Бас редактор филология ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА академигі Р.НҰРҒАЛИ
Жауапты редактор филология ғылымдарының докторы,

профессор А.СЕЙДІМБЕК


Құрастырушы филология ғылымдарының кандидаты,

доцент М.ШЫНДАЛИЕВА



Қазақ очеркі. Библиографиялық көрсеткіш.

Астана, Күлтегін. 2005. 122– бет.
Бұл библиографиялық көрсеткіште қазақ әдебиетінің очерк жанры туралы қысқаша мәлімет беріліп, әр жылдарда жарияланған қазақ ақын-жазушыларының очерк кітаптары мен мерзімді басылымдарда жарияланған очерктер әліпбилік ретімен беріліп отыр. Библиографиялық көрсеткіш студенттерге, оқытушыларға, ғылыми қауымға арналған.

АҢҒАРТУ




ҚАЗАҚ ОЧЕРКІ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША ТҮСІНІК


Сөз жоқ кез-келген жанр туралы ұғымда белгілі дәрежеде шарттылық болады. Мұндай қасиеттен очерк жанры да шет емес. Олай болса бұл тақырыптың мән-мағынасын саралап тануға дәс беретін очерк жанрының табиғаты туралы ұғымды орнықтырып алу қажет. Ғылыми әдебиеттердің басым көпшілігінде очеркті әрі көркем әдебиеттің, әрі публицистиканың жанры ретінде тану бел алып жатады.

Көркем әдебиеттің жанры ретінде де, публицистиканың жанры ретінде де очерктің төл қасиеті деп, оның дерекшілдігін (документальность, подлинность) атап өткен жөн. Бұл ретте, очерктің белгі-нышандарын жазу мәдениеті орныққан кез-келген тарихи-әлеуметтік ортадан шырамытуға болады. Өйткені, жазу атаулы ой-дерек көрінісі. Ал, ой-дерек болса белгілі бір әлеуметтік ортаның болмысын танытуға негізделеді. Олай болса, әлеуметтік өмір көріністерін тәптіштеп таңбалаған Шумердің сына жазуларынан бастап, байырғы түркілердің эпикалық сарынға толы тасқашау жазуларына дейін, ортағасырдағы жылнамашыл жазбалардан бастап, бүгінгі жазбалардағы жаңалықтар тасқынына дейін, баршасынан нақтылы бір әлеуметтік ортаның айғақ-дерегін табуға болады. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрының бастау тегін (генезисін) тым-тым байырғы замандағы жазба жәдігерліктермен сабақтастырып зерттеудің де қисыны бар. Әрине, бұл мәселе өз алдына бөлек арна тартатын ғылыми ізденіс саласы. Оның үстіне, очерк жанрының бүгінгі қалыптасқан болмысы, мағыналық қасиеті және категориялық сипаты өзінің жанрлық табиғатына жауап беретін материалдар төңірегінде ғана ой өрбітуді қажет етеді. Ал, очерк жанрының бүгінгі қалыптасқан болмысы ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қоғамдық қатынастардың алмасу кезеңімен тұспа-тұс келеді деп айтуға болады.

Жалпы очерктік шығармашылықтың бел алуы, әсіресе ұлттық әдебиетте, негізінен, қоғамдық қатынастар өзгеріске түсетін, жаңа өмір салттар орныға бастайтын тарихи өтпелі кезеңдерде айрықша айқын байқалады. Яғни, очерк жанрын уақыт сұранысы дүниеге келтіреді. Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік өзгерістер кезінде, ескі тоқырап, жаңа үрдістер өктемдікпен өмірге ене бастағанда, нәтижесінде құндылықтарды жаңаша парықтау қажет болғанда очерк жанрының өмірлік сұранысқа ие болатынын аңғару қиын емес. Мұның айғағын, алысқа бармай-ақ, ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы орыс қоғамынан (крепостниктік тоқырау кезеңі), ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік жүйеден (социалистік құндылықтардың орныға бастаған тұсы) немесе ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі Кеңес Одағының тарихи тоқырай бастаған кезеңінен айқын аңғаруға болады. Бұл сияқты тарихи-әлеуметтік күрделі кезеңдердің қай-қайсысында да көркем-публицистикалық сипаттағы очерк жанры қоғам болмысының қыр-сырын қаузай сөз етіп отыратыны айқын байқалады. ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарының өзінде В.Г.Белинский “Повестің төменгі және жеңілдеу түрі болып саналатын, әдебиетте бұрыннан келе жатқан әңгіменің үстіне енді қоғам тұрмысының түрлі жақтарын сипаттайтын физиологиялық очерктер берік орнықты” - дейді.Көркем – публицистикалық жанр ретінде очерк болмысында әдебиеттің көркемдеу құралдары мен публицистикалық элементтердің қатар өріліп, шендесіп жататынын пайымдауға болады. Ал, очерктану – әдебиеттану саласының бір түрі. Шынында да очерк – әдебиеттің төл сипатты жанры. Ол көркем шығарма мен оған қойылатын талаптар мен шарттарға да белгілі дәрежеде жауап береді.

Очеркке берілген анықтамалардан аңғарылатыны, очерк – өзінің табиғатында өмірдегі өзгерістерге тез бейімделетін жанр. Әдебиеттану терминдерінің қысқаша сөздігінде: “Очерк – эпикалық, суреттеушілік әдебиеттің бір түрі, ол басқа түрлерден (роман, повесть, әңгіме) айқын мағлұматтарымен ерекшеленеді, яғни очеркте нақты өмірде болған оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленеді, оған қатысушылар өмірде болған адамдар” - дейді. Ал, Г.Поспелов “Әдебиет теориясында”: “Бірыңғай көркемдік міндет атқаратын новелла мен әңгімеге қарағанда, очерк баяндау тұрғысындағы шығарма, оның мақсаты – бейнелі түрде елестете баяндау, әрі бейнелі хабарлау” деген тоқтамға келген.

Қазақ әдебиеттануының негізін салушылардың бірі академик Зейнолла Қабдолов: “Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлегі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен, әртүрлі суреттер арқылы шебер, тартымды бейнеленуге тиіс”- дейді. Профессор Тауман Амандосов: “Көркем – публицистикалық жанрлардың бір түрі – көркем очерк. Очерк үгіт пен насихаттың жауынгер де әсерлі формаларының бірі екендігін өмірде дәлелдеген, дәлелдей де беретін көркем-публицистиканың алғы шептегі жанры болып қалыптасты. Бұл жанр өмір шындығының құбылыстары мен оқиғаларын батыл да терең талдап, тартымды тілмен шағын “сурет” салып береді” деген тұжырым жасайды. Міне, очерк теориясын зерттеушілердің қай-қайсысы болсын очеркке көркем-публицистикалық жанр деп баға береді.

Әсілі, очерк – шын оқиғаны қысқаша суреттейтін, көлемі шағын, әдеби көркем шығарма. Егер осындай анықтамаға ден қоятын болсақ, онда қазақ очеркінің пайда болуы, қалыптасуы ХІХ ғасыр аясынан бастау алады деуге негіз бар.

Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының қалыптаса бастауы Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин шығармашылықтарымен тікелей байланысты. Олар көркем очерк саласында өшпес мұра қалдыра білді. Шоқан Уәлихановтың “Шығыс Түркістан, саяхат күнделігі”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздар туралы жазбалар” атты шығармаларының композициялық құрылысы, көркемдік компоненттері тұрғысынан келгенде очерк жанрында жазылғаны күмән туғызбайды.

Ыбырай Алтынсариннің әдеби туындылары - ХІХ ғасырдағы қазақ ауылының тіршілігін қаз-қалпында суреттеген очерк үлгілері. Оның “Қыпшақ Сейітқұл”, “Надандық”, “Бай баласы мен жарлы баласы” т.б. шығармалары өмір құбылыстарын қаз-қалпында суреттеу әдісімен жазылған. Демек, автор көркем очерктің маңызды шарттарын ұстанған.

ХХ ғасырдың басындағы мерзімді басылымдар: “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты”, “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналында жарық көрген қазақ қаламгерлерінің очерктері үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қозғаған. Қазақ әдебиетіндегі Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Н.Төреқұлов, М.Жұмабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Б.Кенжебаев, Ж.Арыстанов, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Сланов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, З.Шашкин, Қ.Сатыбалдин, Б.Бұлқышев, М.Иманжанов, С.Бақбергенов, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, Ғ.Орманов, С.Шаймерденов, Ғ.Қайырбеков, Ә.Нұршайықов, М.Әлімбаев, Н.Ғабдуллин, О.Бөкей, Ә.Кекілбай, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Р.Нұрғали, Д.Исабеков, А.Сейдімбек, Қ.Салғара, К.Смайылов, Қ.Уәлихан, Т.Жұртбай, Ж.Аупбаев, Ә.Асқаров т.б. қатарлы сөз зергерлерінің өнегелі мектебі очерк жанрының толыса орныққан өресіне жан-жақты айғақ. Бұл авторлардың қай-қайсысының да очерк жазуда өмір құбылыстарын қалай жинақтағанын, көркемдік элементтерді шебер пайдаланудағы әдістерін тәптіштеп, тілдік, стильдік жақтарын да саралаудың мән-маңызы айрықша зор.

1920-1930 жылдардағы қазақ зиялыларының мерзімді баспасөзде жарық көрген очерктері, бесжылдықтар мен Ұлы Отан соғысы, тың жерлерді игеру жылдарындағы, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының өмірін паш ететін талай очерктер өмірге келді, келе де бермек. Қазақ әдебиетіндегі бүгінгі негізгі міндеттердің бірі осы очерктердің жеткен жетістіктерін, оның жанрлық ерекшеліктерін, жаңадан бастау алған түрлерін, әрбір жазушы мен журналистің шығармашылық ізденістерін дөп басып, талдап отыру болса керек. Басты назар аударатын мәселе очерктің көркем – публицистикалық жанр екендігін дәлелдеу. Очерк қаншалықты нақты, адресі бар шығарма болғанымен, одан эстетикалық ләззат алуға болады. Очеркшінің міндеті – өмірді көркем нақышпен бейнелеу. Очеркте оқиғалар мен фактілер жаңа мазмұнға ие болады, көркем образға кенеледі. Егер очеркте образдылық болмаса хабар, корреспонденциядан айырмашылығы болмас еді. Очеркті образды публицистикадан бөліп қарауға келмейді. Оның әңгіме, повесть, романнан басты айырмашылығы – публицистикалық элементтерінің басымдығында. Очерк өмір шындығын көркем құралдардың көмегімен (образдылық, портрет, сюжет, композиция, пейзаж т.б.) сонымен қатар публицистикалық элементтердің (публицистикалық жинақтау, тарихи параллель, анологиялық цитата, цифр, құжат, қаулы-қарар, өлең-жыр т.б.) көмегімен жеткізетіні мәлім.

Түптеп келгенде, очерк - шындықты саяси-әлеуметтік зерделеу тұрғысынан қорытатын жанр. Оқырман очеркті оқып отырып одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, фактінің “психологиясын”, оның ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Очерктің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе.

Қазақ әдебиетінде очерктің қалыптасқан, бір жүйеге түскен түрлері мен формалары бар. Әдебиет пен өнердің басқа жанрлары сияқты очерктің түрлері де тыңнан туып, дамып, өзгеріп, жаңғырып отырады. Мұны, әрине, жеке авторлар ойлап тапты деу қиын. Қоғамның дамуына, экономика мен мәдениеттің өсуіне сәйкес очерктің жаңа түрлерінің белең алуы, бұрыннан бар түрлердің жаңғыра шыңдалуы заңды құбылыс. Очерк түрлері жайында күні бүгінге дейін әдеби-зерттеу еңбектерде әрқилы пікірлер айтып жүр. Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының өсу, өркендеу, даму кезеңдерін зерделей отырып, очерктің жеке түрлерін жүйелеуге, оларға белгілі бір сипаттама беруге толық мүмкіндік бар. Қазақ әдебиетінде көркем очерк жанрының зерттелмей келе жатқан бір қыры – очерктің көркемдік элементтері, табиғаты десе орынды. Очерктегі табиғат көрінісі, портрет жасау шеберлігі, көркем образ, типтендіру, шегініс, диалог, авторлық пайымдау (“вымысел”), тіл мен стиль мәселелері байсалдылықпен парықтауды қажет етеді. Мәселен, автор пейзажды суреттей отырып, өзінің, кейіпкерінің табиғатқа көзқарасын білдіреді. Пейзаж очерк мазмұнымен, оқиға желісімен қабысса, адам характерін ашуға ұрымтал пайдаланылса ғана автордың шеберлігі ретінде ден қойдырады. Сол сияқты адам портретін – кейіпкердің өмірге көзқарасын, бет-әлпетін, сөйлеу мәнерін, мінезін суреттеу барысында да очеркшінің шеберлік-шалымы айрықша қажет. Очерктегі ойдан қосу, фактографияның рөлі жөнінде де әртүрлі пікірталастар бар. Автор тарапынан шығармашылық ой қосу, қиялға берілу, қосымша сипаттаулар, түптеп келгенде фактіні күшейту үшін ғана емес, очерктің сюжеттік-композициялық желісін ширату үшін де керек әдістер.

Бір шындықтың басы ашық, әр очеркшінің өзіне тән мәнері, суреткерлік тегеуріні бар. Мысалы, Сәбит Мұқанов баяндау тәсілін жиі қолданады. Ғабит Мүсірепов очерктерінде ұшқыр ой түйіндеулер, шешендік сөздер көп. Мұхтар Әуезов табиғат суреті мен адам бейнесін мүсіндеуге ұста. Әзілхан Нұршайықовта оқиға желісі белгілі бір жүйемен өрбіп отырады. Сәуірбек Бақбергенов қазіргі мен өткенді шендестіру арқылы түйін жасайды.

Очерктегі образ жасау тәсілінің өзіндік ерекшелігі арналы әңгімеге арқау. Образ көркем шығармаларға ғана тән, очеркке тек нақтылық керек деген пікірде біржақтылық бар. Очеркшіге өмірдің қайнаған ортасында жүрген, сол ортаның елеулі де қалаулы тұлғасы ретінде танылған, болмыс-бітімі үлгі-өнеге боларлық кез-келген адам кейіпкер бола алады. Қаламгер үшін очерк кейіпкерінің мінезін, рухани жан-дүниесін, мақсат-мүддесін, ой-сезімін шыншылдықпен суреттеу - образ жасаудағы, характер ашудағы басты мұрат болса керек. Очеркте экспозиция, оқиғаның өрбуі, шарықтау шегі, шешуі, т.б. болады. Кейде сюжетке құрылған, оқиға желісі қою, бұған қоса көркемдік шеберлікпен жазылған очеркті әңгімеден айыру қиын. Бұны Бейімбет Майлиннің “Борамбайдың бірінші адымы”, Мұхтар Әуезовтің “Түркістан солай туған”, Әзілхан Нұршайықовтың “Алыстағы ауданда” очерктерінен айқын аңғаруға болады.



Қазақ әдебиеті тарихында очерк жанрына ден қоя зерттеген ғалымдар санаулы ғана. Тек кейбір ғалымдар мен жазушылар әр кездері очерк туралы ойларын жол-жөнекей ортаға салып, мақалалар, зерттеулер жазған. Әрине, уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде очерктің рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша зор. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрына қоғамды шыңдайтын, талғамды жетілдіретін мәдени-рухани ықпалды «құрал» деп қарап, оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттеріне ғылыми зердемен ден қойып отыру қажет. Бұған қазақ топырағында туындаған очерктер сандық та, сапалық та өресімен әбден лайық. Бүгінгі таңда қазақ очеркінің 300-350 томдай болатын мәтіндік материалдары бар. Бұл – мәдени-рухани толымды қазына. Ал, оның көркемдік-эстетикалық болмысын ғылыми зердемен парықтау – тарихи міндет. Бұл тараптағы зерттеу еңбекке қазақ қоғамы да зәру екенін ескеріп, осы библиографиялық көрсеткішті құрастырдық. Рас, оқырман назарына ұсынылып отырған библиографиялық еңбекте қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының бәрін қамту және оларды түбегейлі тізіп беру мүмкін емес. Алайда, қазақ топырағында туындаған очерк жанрының тек-тамыры мен қалыптасу жолдарына ден қоя отырып, очерктің толысқан үлгілерін ғылыми зердемен саралау-реттеу бұл библиографиялық еңбектің өзекті мақсаты болмақ. Библиографиялық көрсеткіш аңғарту, очерк жанрында жарық көрген кітаптар, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген очерктер және авторлар мен очерк жинақтарының әліпбилік көрсеткішінен тұрады.
Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Меңдігүл Шындалиева

ҚАЗАҚ ОЧЕРКТЕРІНІҢ БИБЛИОГРАФИЯСЫ





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет