Қазақ спорты. – 2010. - № 35. – 16 қараша
Сұхбаттасқан Меделбек Р.
Аслан Тоқбаев, шаңғымен бағдарлау спортынан Қазақстан чемпионы:
Аспандағы алтыннан қолдағы қола артық
Шаңғымен спорттық бағдарлау спорты алдағы жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген.Бүгінде Қазақстан құрамасының бағдарлаушылары құрлықтық ойындарға қызу дайындық үстінде. Қазақ елінің спортшылары Азиада сынында осы спорт түрінен 2 алтын жүлде алуды жоспарлап отыр. Алтын жүлдеден бірден-бір үміткеріміз – Аслан Тоқбаев. Елімізде енді ғана қанат жайып келе жатқан шаңғымен бағдарлау спортында қазақ өрендері аз. Солардың бірі һәм бірегейі – осы Аслан. Жақында Көкшетауға жолымыз түсіп, Асланның жаттығу сәтіне куә болып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
Қазаққа жаңа келіп, дамуы енді ғана қарқын ала бастаған шаңғымен бағдарлау спортына қалай келдіңіз?
Спортты жастайымнан серік еттім. Басында жеңіл атлетикамен айналыстым. Туған жерім – Петропавл қаласы. Қызылжардың қысы қатты. Қыс уақытында жеңіл атлетикамен айналысу қиын. Ал мен әр күнімді спортсыз елестете алмаймын. Сондықтан, қыста да құр жатпайын деп, осы спорттық бағдарлаумен шұғылдана бастадым. Міне, үш жылдан бері осы спорт түрінің қыр-сырына қанығумен келемін.
- Спорттық бағдарлау – қысқы және жазға болып екіге бөлінеді. Бұлардың айырмашылығы қандай сонда?
- Қысқы спорттық бағдарлауда міндетті түрде шаңғымен жүгіреміз. Ал жазғы бағдарлауда – таза кросс.
- Оқырмандарымызды осы спорттың жалпы ережелерімен таныстыра кетсеңіз...
- Қолымызға арнайы карта беріледі. Бұл картада жүру жолдары көрсетілген. Жол таңдауға бес-алты секунд уақыт беріледі. Дұрыс таңдау – жеңістің бастауы. Айналма, яғни, ұзақ жолды таңдап қойсаңыз, көп уақыт жоғалтасыз. Сондықтан, мейлінше жеңіл, төте жолды таңдай білу керек. Жолды таңдап қана қоймай, жүріс кезінде кездесетін түрлі белгілерді де табу керек. Жылдам қимылдап, ұшқырлық танытсаңыз, әрі дұрыс таңдау жасай білсеңіз – жеңіс сіздікі.
- Келер жылы елімізде өтетін қысқы Азия ойындарына дайындық қызу. Қандай межеден көрінуді жоспарлап жүрсіз?
- Бәрі бір Алланың қолында. Бап жаман емес, енді бақ шапса... Қазір Бурабайда Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия құрамалары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Жекелей сынды қолаға қол жеткізсем, эстафетада топ жарсам деген мақсатым бар.
- Жекелей сында неге «алтын» емес?
- Біздің құрамада қазір Ресей елінде жаттығып жатқан жетекші спортшылар бар. Олардың спорттық бағдарлаумен айналысқанына он жылдан асқан. Нағыз сайыпқырандар. Ал менің бұл спортпен шұғылданғаныма небары үш жылдай ғана болды. Қазіргі жеткен жетістіктеріме шүкіршілік етем. Ұлттық құрамада тұрақты орным бар. Осы жолы қола жүлде алсам да жаман болмас еді деп ойлаймын.Аспандағы алтыннан қолдағы қола артық. Ал эстафеталық сында Қазақстан құрамасы қалайда топ жаруы керек.
- Осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктеріңіз бар ма?
- Биыл шаңғымен бағдарлаудан ел чемпионы атандым. Қазақстан кубогын иелендім. Әлем кубогының кезеңдерінде бақ сынадым. Болгарияда өткен Әлем кубогының кезеңінде 29-орынға табан тіредім. Қысқы спартакиада сынында күміске қол жеткіздім.
- Әлем кубогында алғашқы ондыққа ену біз үшін арман болғаны ғой?
- Оныңыз рас, қазір бұл спорт түрі Ресей, Украина, Голландия елдерінде жақсы дамыған. Біз де соншалықты осал емеспіз. Бірақ бізге әлі де көп еңбектену, тәжірибе жинау қажет. Осы Азия ойындары біз үшін үлкен сын әрі тәжірибе жинау көзі болмақ.
- Сіздің ойыңызша, Азия ойындарында басты қарсыластарымыз кімдер болады?
- Әрине, Қытай, Жапония, Корея елдері. Ал бізбен бірге жаттығу өткізіп жатқан Қырғызстан мен Монголия құрамаларының деңгейі төмендеу. Олар үшін Азия ойындарына қатысудың өзі жетістік.
- Енді тақырыптан сәл ойыссақ. Кітап оқып, музыка тыңдайсыз ба?
- Кітап мектепте, жоғары оқу орнында жүргенімде көп оқитын едім. Қазір уақыт бола бермейді. Орысы көп ортада өстім де, ана тілімді ұмытпауға өзімше тырысуға тура келді. Бос уақытымда музыка тыңдау әдетім. Әлемдік музыканы жаным сүйеді. Және қосымша маунтинбайк, тау шаңғысы сынды спорт түрлерімен де айналысам.
- Негізгі мамандығыңыз қандай?
- Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетінің энергетик мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқу бітірген соң біраз астанадағы кәсіптік лицейде мұғалім болдым. Ал қазір басқа жұмысты қойып, спортқа түбегейлі бет бұрған жайым бар.
Міне, Аслан екеуміздің арамыздағы әңгіменің ұзын-ырғасы осылай болды. 23 жастағы қазақ жігіті Азия ойындарында жеңіс тұғырынан қол бұлғап тұрса, мәртебеміздің өскені емес пе? Ендеше, Асланға алда абырой асқақтатар жеңістер тілейміз
Достарыңызбен бөлісу: |