КІРІСПЕ
Қазақ тележурналистикасының қалыптасуы мен дамуы, телебағдарламалардың мазмұны мен түріндегі көркемдік дәстүр, тележурналистің экрандағы даралық стилі мен шеберлік қырлары, ізденіс жолдары, ғылыми тұрғыдан жүйеленеді. Қазақ тележурналистикасының жаңа кезеңге сәйкес даму ерекшеліктері мен бағыттары бүгінгі ғылым деңгейлерінің биігінен сараланып, тарихи тамырлары, өсу сатылары зерттеу нысаны ретінде алғаш рет ауқымда қарастырылды. Ұлттық теледидар өнері халқымыздың ауыз әдебиетінің үлгілерінен нәр алып, арнайы технологиялық үрдістерді игеріп, экранға тән мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, машықтанып, шеберлігін шыңдағаны айқындалады. Көгілдір экран мәдениетінің көпшілік көрермен қауымның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени, рухани-эстетикалық білімі мен көзқарасын, тәлім-тәрбиесі мен таным-талғамын қалыптастыратын шынайы серігіне айналғаны ғылыми дәлелденді. Теледидардың көрермен жан дүниесін байытып, ләззат алатын пәрменді құралына айналу жолындағы қат-қабат қиындығы мол ерекшелігі мен өзіндік табиғатының заңдылықтарын айқындап беруге қадам жасалды. Бағдарламалардағы ұлттық айшықты нысандардың экранда бейнелену тәжірибесі мен зердемізді жанғыртуға тигізген әсер-ықпалын сипаттап, үлгі тұтарлық тұстарын талдап, жекелеген телешығармашылық тұлғалардың ізденістері негізінде ашып беруге талап қылдық. Сондай-ақ, Кеңес дәуірі, әрі еліміздің саяси дербестігін алған кезеңдегі қазақ тележурналистикасының дамуының саяси-идеялық заттық-техникалық қаржыландыру мен құрылымдық негізі сараланды. Тақырып ауқымы мен көркемдік безендірілуі, режиссерлік шешімі мен бейнелеу шеберлігі т.б. айырмашылығы мен ерекшеліктерін салыстыра талдап, айқындауға ұмтылыс таныттық.
Достарыңызбен бөлісу: |