Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет25/40
Дата18.10.2023
өлшемі350,49 Kb.
#186308
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   40
Байланысты:
аза тіл білімі тарихы алматы, 2016

Тапсырма:
Ғ. Қалиевтің лексикология саласындағы зерттеулері;
Ғ. Қалиевтің сөзжасам саласындағы зерттеулері;
Ғ. Қалиевтің диалектология саласындағы зерттеулері;
Ғ. Қалиевтің тарихи грамматика саласындағы зерттеулері;
РӘБИҒА СЫЗДЫҚ
Менің есіме ұстазым академик Мырзатай Серғалиұлының мына сөзі оралады: “Қазақ ғалымдарының ішінде, соның ішінде қазақ ғалым қыздарының ішінде Рәбиға Ғалиқызындай өндіре жазған әзірге ешкім жоқ”. Шынында да солай. Рәбиға апай тек өндіре көп жазуда ғана емес, тілдік материалды терең саралауда, байыпты пайымдауда да әзірге қазақ ғалымдарының алдында келе жатқан өр тұлға.
Рәбиға Ғалиқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі. Зерттеу еңбегін қазақ халқының классигі Абайдың қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктерін саралаудан бастаған ғалым, “Абай шығармаларының тілі” тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғаумен жалғастырады. Автор қаламынан туған “Сөздер сөйлейді”, “Қазақ әдеби тілінің тарихы”, “Язык “Жами-ат тауарих” Жалаири”, “Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар”, “Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш” т.б. қай зерттеуін алсаңыз да, ғылыми құнды, қазақ тіл білімінің ХХ ғасырдағы деңгей-дәрежесін анықтайтын, өр де ер жүректілікпен жазылған туындылар.
Бұлай деуіміздің мәнісі бар. Қазақтың беделді ғалымдары қазақ әдеби тілінің тарихын ХҮІІІ ғасырдан, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан, Қазан төңкерісінен кейін басталады деп айтып, жазып жүргенде, (“Қазақ әдеби тілінің проблемалары” республикалық ғылыми-теориялық конференция, 1984), Р. Сыздықова қазақтың төл әдеби тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түрінде оның халық болып құралған кезеңінен ХҮ-ХҮІ ғасырлардан, жаңа ұлттық жазба әдеби тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады деген ойды айта алды. Тек айтып қана қойған жоқ, жоғары оқу орындарына арнап “Қазақ әдеби тілінің тарихы” атты зерттеу еңбегін жазды. Бұған дейін студенттер қолында жүрген жалғыз оқулық М. Балақаев, Р. Сыздықова, Е.Жампейісовтің “Қазақ әдеби тілінің тарихы” болатын. Мұнда әдеби тіл тарихы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдеби тілдің жайын айтумен басталатын. Р.Сыздықова қазақ әдеби тілінің тарихын ХҮ ғасырға дейін тереңдетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге тұжырымдарының дұрыстығын ғылыми-теориялық тұрғыдан сәтті дәлелдей де алды. “Әдеби тіл – халықтық не ұлттық мәдениеттің белгілі көрінісі, ол әрбір халықтың өзі жасап отырған дәуіріндегі қоғамдық-экономикалық, саяси шаруашылық өмірімен тікелей байланысты” – дей келіп, “әдеби тіл өзін тұтынып жүрген халықтың этно-географиялық ортасына да тәуелді, әсіресе, тәлім-тәрбие беріп, білім тарататын орталықтармен тікелей қарым-қатынаста болатынын” тәптіштеп жазады. Ғалымның тұжырымды ойлары қазақ әдеби тілін дәуірлеу проблемасын күн тәртібінен алып тастады. Қазіргі таңда барлық жоғары оқу орындарында Р. Сыздықова оқулығы оқытылып, ғылыми пікірі негізгі әрі соңғы байлам ретінде пайымдалады.
Әдеби тілді дәуірлеуге қатысты мәселеде кей оппоненттері ХҮ-ғасырдан беріде жазылған ғылыми, көркем жазба туындылар жоқ деген ой айта бастайды. Осы ретте Р.Сыздықова тағы да үлкен істі бастайды. ХҮІ ғасырдағы түркі тілді жазба мұрағаттың бірі Қадырғали Жалайри бектің “Жәми-ат тауарихын” алып зерттеуге ден қояды. Біздің ойымызша, осының бәрі ғылымының ішкі қажеттілігінен, күнделікті ғылыми сұраныстан туған ізденістер сыңайлы.
“Жәми-ат тауарихты” татар оқымыстысы И.И. Хальфин тауып, Қазан универсиетінің кітапханасына табыстаған. Атақты ғалым И.Н. Березин бұл туралы алғаш ғылыми мақала жариялап, Н.И. Ильминский орысша аударып шыққан. Кейінгі татар ғалымдары М. Усманов, З. Хисамиевалар ескерткішті татар тілінде жазылған мұра ретінде қарап, таныта бастады. Осы тұста Р. Сыздықова қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, Ә. Марғұлан, М. Әуезов пікірлерін жандандырып, тереңдетіп, тілдік тұрғыда мұраның қазақ тілінде жазылғанын зерделі түрде дәлелдеп шықты. Бұл жолы да ғалымның келтірген дәлелдері бұлтартпайды. Зерттеуші ең алдымен Қадырғали бектің қазақ даласынан шыққанын, Оразмұхамбеттің тарихшысы болғанын, Жалайри руының қазақ халқында күні бүгінге дейін бар екенін айта отырып, ең бастысы мұра тіліндегі атаулардың табиғатына, сөз қолданыстарындағы қазақы түсінікке иек артады. Өзге тілдік тұлғалармен салыстырғанда, тұрақты тіркестерде ұлттық бояу анық та қанық болатынын ұтымды пайдаланған ғалым, “Шежіренің” қазақ тілінде жазылғанын дәлелдеу үшін ондағы фраземаларды анықтап, зерделейді.
“Болған уақиғалар мен ұрыс-соғыстарды суреттеу үстінде біздің тарихшымыз өз ойын білдіру үшін осы көрсетілгендей фразеологизмдерді қолданады және бұларды бір образдылық үшін, бейнелеп айту құралы ретінде әдейі жұмсамайды, белгілі бір іс-әрекет, қимыл атауын білдіретін актив сөздер ретінде келтіреді. Шығарма авторының ана тілі қандай болғанын білуде оны осы тұстан “ұстап алуға” болады. Түркі тілдерінің бір-біріне орасан жақындығына қарамастан, фразеологизмдер мен сөз орамдарына, мақалдар мен мәтелдерге келгенде, әр тілдің өзіне хас ерекшеліктері мол екенін мойындауға тура келеді” деп жазады ғалым “Қадырғали Жалаиридың “Жами-ат тауарих” атты шығармасының тіліндегі тұрақты тіркестер” атты мақаласында. Яғни зерттеуші ғалым “Шежіренің” тіліндегі қазақтық ерекшелікті анықтау үшін фраземаларды таңдап, олардың татар тіліне емес, қазақ тіліне тән екенін көрегендікпен, шеберлікпен зерделеген.
Жалайридың авторлық стиліне назар аударған ғалым, оның “Мадақ” сөзіндегі сөз саптау қазақ шешендерінде кездесетін тіркестермен жақын екеніне мән береді. Қазақ шешендерінің сөйлеу үрдісін жақсы білетін автор мұндай жерлерде бұлтартпас дәлелдер келтіре отырып, өзіндік тұжырымының берік бекінісін де жасай алған. “Шежіренің” грамматикалық және стилистикалық ерешеліктерін талдап, морфологиялық құрылымдағы қазақ тілі мен арасындағы жақындықты салмақты дәлелдер келтіре отырып зерттеп шығады. Біздіңше, зерттеудің ең басты маңызы кейінгі қазақ зерттеушілері “Шежіренің” тілін зерттеуге батыл бара алады. Қазақ әдеби тілі мен Қазақ тілінің тарихи грамматикасын оқыту барысында Қадырғали Жалайридың “Жәми-ат тауарихы” қазақ халқының төл мұрасы деп, Рәбиға Ғалиқызы келтіретін тілдік мәліметтерді келтіреміз. Мұның өзі түптеп келгенде, жастардың тек білімі-білігін көтеріп қана қоймайды, бастысы, ұлттық рухты асқақтата түседі. Тарихымызға деген, елдігімізге деген мақтаныш сезімімізді тұтандырады.
Р. Сыздықова жазған “Сөздер сөйлейді” атты еңбектің оқырманға берер ғылыми азығы мол, рухани қуаты кең. Кешегі кеңестік заман тілші ғалымдардың қолын байлап-матап, сөздің сыртқы тұлғасын ғана бағамдап, ішкі мағынаға терең бойлауға дес бермегенде, сөз мағынасын зерттеуге ұмтылғандардың еңбегі “зиянды кітап” атанған бір уақыттарында, Рәбиға апай басқалардан гөрі батылдық танытып, қазақ сөзінің арғы-бергі астарын ақтарып, елде сақталған ескі сөздің естілігі мен естелігін жастардың құлағына сіңіруге асықты, мектеп мұғаліміне көмекші құрал ретінде ұсынып, сөз асылының балаң жастардың құлағына сіңе беруін ойлады.
Автордың өзі бұл туралы былай деп жазыпты: “Кітап, ең алдымен, мұғалімдер және мектеп оқушыларына, студенттер мен жас қаламгерлерге арналады. Одан қалды, бұл кітапты туған тілін мейлінше сүйіп, оның әрбір сөзіне зер салып отыратын, әр нәрсені білмекке құмартатын қауымға да ұсынамын”. Еңбектегі абжыландай толғану, азамат, жолдас, шора, көзайым, ала, қарындас, алаш, алдияр, алқалау, сана, сауын, сыбай, қара орман т.б. сияқты толып жатқан сөздердің мәтіндегі мағынасын талдап, саралап, оның мағыналық дамуын тәптіштеп түсіндіріп беруінің маңызын бағамдау керек. Кез келген оқулықта сөз мағынасын түсіндіретін, әсіресе осындай ескілік сөздің жай-жапсарын түсіндіретін түсініктемелерді табу мүмкін бола бермейді. Тілдің жұтаңдығымен күресуді, сірә, осылайша, Рәбиға апайдай іс істеп бастау керек болар. Алдымызда осындай үлгісі бар ел екендігімізге мақтаналық, тәуба келтірелік.
Рәбиға Ғалиқызы – тәлімгер, ұстаз. Апайдың алдынан дәріс алмаған ғалым кем де кем. Тек өзінің дайындаған ғалым-шәкірттерін айтпағанда, ғалымның кітабын оқыған кез келген филолог не журналист Рәбиға апайдың шәкірті емес пе?
Рәбиға Ғалиқызы – қазақтың батыр қызы. Олай деуімнің бірнеше себебі бар. Ахмет Байтұрсынұлы туралы алғаш пікір айтушылардың бірі екенін айтпағанда, әдеби тілдің тарихы туралы пікір таластары кезіндегі Апайдың парасатты ойларындағы батырлықты айтпағанда, өзім куә болған мына жайдың өзі – Рәбиға Ғалиқызының ерлік ісінің бір парасы сияқты тәнті етеді. 2002 жылдың қыркүйек айында Түркістан қаласында түрколог ғалымдардың халықаралық бірінші конференциясы өтті. Конференцияға барлық түркі жұртының ғалымдары, Мәскеу мен Санкт-Петербургтен түркітанушы ғалымдар қатынасты.
Сәтімен өткен осы үлкен бас қосудың қорытынды мәжілісінде мәжіліс төрағасы (атын айтпаса да болады деп есептедім) барлық мақалалар мен баяндамалардағы түркі тілдері деген терімсөздің орнына ортақ тіл деген терімсөзді қолдануды ұсынып, соған қолдап дауыс беруімізді өтінді. Залда өлі тыныштық орнады. Тіл ғылымының ығайы мен сығайы отырған залдан селт еткен бір дыбыс шыққан жоқ. Бір сәт тыныштықты Р.Сыздықованың саңқ еткен даусы бұзды. Әрине мен апайдың сол кездегі сөзін дәлме-дел жеткізіп бере алмаспын. Бірақ айтқан ойы мынаған саяды: Ортақ тіл деген не деген сөз? Қайдан шыққан? Ол тіл қандай тіл болмақшы? Ортақ тілде кімдер сөйлейді. Мысалы мен қазақпын, қазақ тілінде сөйлеймін. Бірақ қырғыз әдеби тілінде сөйлей де, жаза да алмаймын. Ал түрік, әзербайжан тілін түсінгеніммен, сөйлей, жаза білмеймін. Сонда ортақ тіл кімге керек?
Апайдың осы сөзі отырған қалың көпшіліктің де ойынан дәп түскен болуы керек. Ұзақ қол шапалақтаумен ұласты. Сонымен ортақ тіл идеясы өтпеді. Р. Сыздықова өзі де бағамдап, байыптай қоймаған үлкен ерлік жасады деп ойладым. Талайлар айта алмай, ішіне сақтап отырған ойды ашық айта алды, жай айтпай, ерлерше, айғайлап айта алды. Махамбеттің семсер жырымен сусындап өсіп, Абайды көп оқыған, жырларын жүрегіне тоқыған, Қасым ақынды ғашық еткен қазақ қызының өткірлігі, өрлігі, ғылымға берілген таза махаббаты бүкіл түркі жұртына тарап жатқандай көрінді маған.
Өзіңізге арналған ақын М. Рәшевтің “Рәбиға Гималайдың Эвересі” деген өлеңі былай басталады екен:
Мойылдай мақпал қолаң қара шашың,
Құрбыңнан артығырақ парасатың.
Рәбиға, есіңде ме, қыз кезіңде
Өзіңе жігіт біткен таласатын.
Ия, көркіне ақылы сай, парасат-пайымын телегей-теңіз білімі одан сайын нұрландыра түсетін Рәбиға апайға ұқсағысы келмейтін, шәкірт болғысы келмейтін қазақ қызы жоқ, қазір. Қара шашқа бүгін ақ кіргенмен, қайраты сақталған, қатарлас ғалымдардан ғылымдағы иығы биігірек тұратын Рәбиға Ғалиқызының еңбектері әр қазақтың жүрегіне жетіп жатыр.
Әдебиет:

  1. Сыздық Р. Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш, Алматы, 1959, 1996;

  2. Сыздық Р. Сөздер сөйлейді, Алматы, 1980, 1994, 2004;

  3. Сыздық Р. Сөз сазы, Алматы, 1983;

  4. Сыздық Р. А.Байтұрсынов, Алматы, 1990;

  5. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы, Алматы, 1993, 2004;

  6. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі, Алматы, 1995, 2004;

  7. Сыздық Р. Сөз құдіреті, Алматы, 1997;

  8. Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы, Астана. 2000;

  9. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы, Астана. 2001;

  10. Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі, Алматы, 2004;

  11. Сыздық Р. Қ.А. Иасауи “Хикметтерінің” тілі, Алматы, 2004.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет