Пікір жазғандар:
Филология ғылымдарының докторы, профессор Г. Мадиева
Филология ғылымдарының докторы, профессор Д. Әлкебаева
Ұсынылып отырған оқу құралы — қазақ тіл білімінің тарихына қатысты жазылып отырған алғашқы туынды. Мұнда қазақ тіл білімінің тарихи қайнары М. Қашқари сөздігінен басталып, ХХ ғасырда қалыптасып дамыған қазақ тіл білімінің тарихы жүйеленеді, негізгі ғылыми еңбектер сараланып, қазақ тіл білімін қалыптастырудағы орны мен маңызы көрсетіледі.
Оқу құралында ХХ ғасырдағы зерттеушілер еңбектері мен сәйкестендірілген тапсырмалар беріледі де, студенттердің өзіндік жұмыс жасауына, ойжасампаздықпен ғылыми ізденіс жүргізуіне мүмкіндік туғызылады.
«Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен. Әсіресе, сөз сайысына келгенде олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып сөйлейтін тапқырлығы таң қалдырады. Қазақтардың тілі – исламның бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай, түпкі таза түрін – түркі сипатын сақтап қалған тіл. Рас, мұнда да бірен-саран жат сөздердің енгені байқалады. Бірақ ол сөздер … қазақ тілінің үндестік заңына бағынып, бірыңғай халық тілінің қорына қосылған. Қазақ тілінің осы тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті». В.В. Радлов
… «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақтар – шешен әрі әдемі сөйлеудің нағыз шебері» П.М. Мелиоранский
«Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген үлкен сүйіспеншілігімді қалыптастырды, мен оған тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым». И. Бенцинг
«Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің ерекше екендігіне барған сайын көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді! Кез келгені айтар ойын тез түсіндіреді, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының танымы да тез жетіледі». А. Янушкевич
КІРІСПЕ
Сөз – сананың басты таңбалық көрінісі, халықтың дүниетанымдық жадын сақтайтын негізгі таңба. Қасиетті СӨЗ-дің адам баласына үйретері, тағылымды астары, тұңғиығында жасырғаны мол. Тілді жақсы ұғыну, түйсіну қазіргідей заманда өзіңді-өзің тануға, айналаңа адами көзбен тереңірек үңілуге жетелейді. Тілді жақсы ұғыну, түйсіну барың мен нарыңды бағалауға, тарихи есті, жадыңды жаңғыртып отыруға тәрбиелейді.
«Тіл — қарым-қатынас құралы» деп жазды, жазады. Дұрыс делік. Қазіргі заманда білетін тілдің қайсысы да қатынас құралы болады. Білетін тіліңмен қарым-қатынас жасап, күнделікті тіршілік етуге болады. Тіпті тілді білмей-ақ, сөйлемей-ақ өмір сүруге болады. Алайда, Адам баласының тіршілігі тек күн көруден, күйбең де күйбең тірлікпен таңды атырып, күнді батырудан тұрмайды. Кісі жанының көркемдігі мен рухының тазалығы, иманының адалдығы, кісілігі мен адами келбетінің даралығы, жеке тұлға ретіндегі маңызы мәнді екенін кәміл мойындап, бағаласақ, ана тілінің айдарынан жел есіп, мәні артып, бағасы жоғарылайды. Ана тілінің қажеттілігі — тек сөйлесіп, пікірлесуде ғана емес, өзіңдегі МЕН үшін, өзіңе өзің ЕГЕ болу үшін, рухани құдіретті ЭГО үшін. Адам ретінде, ҰЛТ ретінде, ХАЛЫҚ ретінде дара болмысыңды, жеке дүниетанымыңды, тарихыңды, мәдениетіңді бағалау үшін, бағалату үшін қажет. Ендеше, тілдің өзінің негізгі қызметі де — осы.
Тіл – мәнді белгілеуші құрал. Біздің сезіміміз, ақылымыз, ойымыз, түсінігіміз, таным дүниеміз – бәрі‑бәрі сөзбен таңбаланып, өрнектеліп, адам баласының бірін‑бірі түсініп, қоғамдасып өмір сүруіне негіз болады. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» десе керек [1.13. Қазақ тіл білімінің мәселелері. «Абзал‑Ай» 2013]. Тіл арқылы ойымызды қағазға түсіріп, жинақтап, нақтылап, жүйелейміз. Ойымызды көпке жеткіземіз. Көп болып қалыптастырған қалың ойдан сөз арқылы сусындаймыз, сөздің түпкі сырын санамен болжап, астарына үңілуге талап қыламыз. Сөз құдіретін танып-біліп, сырын терең меңгеру үшін, ғылыми негізін тану қажет.
Тіл – ғылым. Олай болса, ғылыми зерттеудің де өзіндік қалыптасу жолы, жасалу тарихы, жүріп өткен ізі зерделеніп, сараланып, болашағы бағамдалуы -қажет іс.
«Қазақ тіл білімінің тарихы» — қазақ тіл білімінің тарихындағы негізгі ғылыми бағыттар мен зерттеулерді зерделейтін ғылым. Ұсынылып отырған пәнде қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалымдар мен оның дамуына іргелі үлес қосқан тұлғалардың есімімен байланысты ғылыми пікірлер мен бағыттар, тұжырымдар мен болжамдар, ғылыми идеялар талданады.
Қазақ тіл білімінің тарихы — ана тілінің құрылымын талдауға бағытталған ізденістер мен жаңалықтарға, қателіктер мен кемшіліктерге, ғылыми әдіс пен әдіснама іздеу үстіндегі әртүрлі қайшылықтарға, ұсыныстар мен болжамдарға, байсалды ғылыми тұжырымдар мен байламды қағидаларға, ғылыми пікірталасқа бай. Бүгінде қалыптасып дамыған, әр түрлі идеяларға иек артып, теориялық тұжырымдарын тамызық ете жетілген, ғылыми метатілі айқындалған, өзіндік бет-бейнесі мен бағытын айқындаған қазақ тіл білімінің 100 жылдық тарихы бар. Ана тілінің мерейін үстем ету үшін, өмірден баз кешкен тарланбоздардың тағдыры бар.
Қазақ тіл білімінің тарихи даму кезеңдерінің бастауы түркітанудағы ғылыми зерттеулермен тікелей байланысты. Түркі тайпаларының тілі мен диалектілерінің салыстырмалы-тарихи деректері талданатын ХІ ғасырда жазылған М. Қашқаридың «Диуани лұғат-ит түрк» еңбегінен бастау алатын қазақ тіл білімінің тарихын кеңінен алып зерттеудің, зерделеудің, ғылыми тұрғыдан талдаудың маңызы ерекше, әрі оның көкжиегін кеңейтіп зерттеудің уақыты келді. М. Қашқари еңбегі «лұғат» деп аталғанымен, беретін ақпараты мол, тарихи дерегі айқын. Мұнда түркі тайпаларының атауы, тілдегі грамматикалық ерекшелігі, ішкен асы, жүрген жері, киген киімі, айтқан аңызы, қолданған мақал‑мәтелі мен жаңылтпашы, лебізде пайдаланған тұрақты сөздері мен тіркестері туралы іздегенген жанға молынан берілетін ғылыми терең мағлұматтар бар.
Қазақ тіл білімінің бұдан кейінгі қайнар көзі ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресейдің қазақ еліне арнайы жасаған саясатының нәтижесінде қалыптасып жасалған орыс түркологтарының еңбектерін атау өту абзал. Бұл кезеңде қазақ тілін зерттеуге Н.И. Ильминский, М.А. Терентьев, П.М. Мелиоранский, В.В. Катаринский, Н.Созонтов, Г.В. Архангельский, В.В. Радлов, Н.Н. Пантусов, В.В. Григорьев сынды ғалымдар ат салысты.
Н.И. Ильминскиийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» [8] деп аталатын практикалық мақсатта жазылған еңбегі бар. Н.И. Ильминский (1822-1891) – Қазан діни академиясының ірі өкілдерінің бірі, тілші-түрколог ғалым, атақты М.А. Казембек пен М.Г. Махмудовтың шәкірті. Арнайы миссионерлік курс діни академиясын тамамдаған соң, 1854 жылы Қазан қаласына келіп, діни академия мен университетте шығыс тілдерінен сабақ береді. Кейін арнайы мемлекеттік тапсырмамен 1858 жылы Орынборға келіп, шекаралық комиссияда аудармашы қызметін атқарады. Мұнда зерттеуші-ғалым В.В. Григорьевтің қолдауымен, қазақ тілін біліп, оны зерттеуді мақсат етеді. Н.И. Ильминский татар тілінде жазылатын ресми хаттарды қазақ тіліне аударады. Марабай ақыннан «Ер Тарғын» ертегісін жазып алып, 1861 жылы басып шығарады. Н.И. Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия» еңбегі фонетика, грамматика және сөздіктен тұрады. Н.И. Ильминскийдің түркітану ғылымына қалдырған құнды зерттеуі – Рабғузидің «Бабыр-наме» мен «Қысас-әл-анбияны» жарыққа шығаруы деп есептейміз.
П.М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» зерттеуінде қазақ тілінің грамматикалық құрылысы сөз болады. Әсіресе, синтаксиске елеулі мән береді. Зерттеуші‑миссионер қазақ тілін ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таныған.
Петербург мектебінің түрколог ғалымы саналатын М.А. Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская и киргизская, узбекская» еңбегі бар. Мұнда қазақ тіліне қатысты бөлімі басқа түркі тілдерімен салыстырыла қарастырылады.
В.В. Катаринский (1846-1902) – Орта Азиядағы көрнекті түркітанушылардың бірі, Н.И. Ильминскийдің шәкірті. Ол оқу-ағарту істеріне қатысты: «Краткий киргизско-русский словарь» (Оренбург, 1895, 1898), «Русско-киргизский словарь» (Оренбург, 1899-1900), «Киргизско-русский словарь» (Оренбург, 1897), А.Н. Кононовпен бірлесіп жасаған «Практические уроки русского языка для киргизов» (Оренбург, 1895), «Грамматика киргизского языка» (Оренбург, 1897) және «Первоначальный учебник русского языка для киргизов» (Казань, 1909) т.б. еңбектерімен танымал. «Грамматика киргизского языка» еңбегінде фонетика, этимология (морфология), синтаксис салалары туралы жақсы мағлұматтар берілген. Еңбек өте қомақты, 200 беттей.
Қазақ тіл білімінің жүйелі де нақты зерттелуі ХХ ғасырда А. Байтұрсынұлы еңбектерінен басталады. Бұған дейінгі ғылыми зерттеулерде қазақ тілі деректері екінші тілдің бірліктері ретінде зерттелгендіктен, сөздің мәні мен мағынасының, тарихи дамуының байыбына терең бару қиын еді Енді қазақ тілін ана тілі ретінде зерттеу басталды. ХХ ғасырдағы қазақ тіл білімінің ең маңызды жағы да осында деп білеміз. Қазақ тілді ғалымдар ана тілінің мәнін арттыру үшін, лексикалық құрамын «жат» сөздерден қорғау үшін, грамматикалық құрылымын жүйелеу үшін, тарихи ескерткіштерді зерделеп, тілдің даму басын көрсету үшін осы жылдары барын салды. Тіл саясатындағы қарама‑қайшылықтар мен қиыншылықтарға қарамастан қазақ ғалымдары ана тілінің дыбыстық жүйесін, лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылысын жан‑жақты зерттеді. «Қазақ тіл білімінің тарихы» осы мәселелерді зерделеп, тіл ғылым дамуындағы басты бағыттарды, негізгі зерттеулерді көрсетуді мақсат етеді.
«Қазақ тіл білімінің тарихы» пәнінің ғылыми және оқу пәні ретіндегі өзектілігі – студенттің кәсіби біліктілігін арттыруды түпнұсқа зерттеулер негізінде жүйелі қалыптастыру. Қазақ тіл білімінің тарихын жазудың өзектілігі ерекше. ХХІ ғасыр басында Қазақ Елі тәуелсіздігін алған, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берген, әлемге жаңа дамушы мемлекет ретінде тез танылып келе жатқан, инновациялық бағытта дамып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған ел ретінде белгілі. Сондықтан қазақ тіл білімінің ғылыми деңгейін бағалап, зерттеу бағытын саралау, болашақ даму жолын белгілеу өзекті ғылыми мәселе деп есептейміз.