«Тіл адамның адамдық белгісінің зоры»



Дата14.09.2023
өлшемі15,69 Kb.
#181130
Байланысты:
Тіл ЭССЕ КОНКУРС


«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» 


Тіл - халық қазынасы. Ол қай елде болмасын қастерлі де құрметті саналатыны сөзсіз. Ана тіліміз- достық пен татулықтың кілті, ұлттың жаны һәм ары. 
Өссе тілім менде бірге өсемін,
Өшсе тілім менде бірге өшемін” - деп Әбділда Тәжібаев атамыз жырлағандай, тілінен айырылған ұлт, бүкіл тарих сахнасынан жойылды деген сөз деп ойлаймын. Тіл әрбір адамға шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап анасының ақ сүтімен бойына таралады. Тіл ешқашан өшпеуі керек, ұмытылмауы керек. Себебі, ол ата - бабаларымыздан бізге жеткен баға жетпес асыл мұрамыз деп есептеймін. Әлемдегі ең көркем, құлаққа жағымды естілетін ең бай тіл - ол қазақ халқының тілі. Халқымызды патриоттық рухта оятатын, мәдени мәртебесін асқақтатын пәрменді құрал, қуатты қару.
Бір өкініштісі, осындай таза, тұнық туған тіліміз бола тұра өзге тілде шұбартып сөйлеуді мақтаныш көретіндердің қарасы көбейді. Өз тілінен безу деген, ақ сүтімен асыраған анаңды ұмытумен бірдей емес пе?! Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, осындайға ашына айтқаны деп ойлаймын. 


Болашақ журналист ретінде, мен тіліміздің шұбарлануы мен “ұят” деп ұмыт қалуына түбегейлі қарсымын және осы жолда күресемін. Себебі, ұлтымның ертеңі мен болашағына алаңдаймын. Әр қазақ азаматы мен азаматшалары ұлтжандылық танытуы керек. Ана тілімізді біз құрметтеп, дәріптемесек, басқа ұлттың алдында ешқандай да абыройы болмайтыны мәлім. Оны көзіміздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Ұлттық келбетіміз, салт-дәстүріміз бен дініміз тікелей тілімізбен ұштасып жатыр. 


2019 жылы Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деп өз пікірін білдірді. Расында, ата-бабамыздан бүгінге дейін асқан қиыншылық пен қасіреттен өткен асыл қазына тілімізді сақтап қалуымыздың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін одан әрі арттырмаса, кемітпесі анық. 


1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған “Тіл туралы” Заңда “Тіл – халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі”делінсе, ал бірінші баптың бірінші тармақшасында “Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған. Сонымен қатар, қазақ тілінің күші мен құдіретін ата-бабаларымыз ежелден -ақ бағдарлап,білген. Сөз өнерін барлық өнердің атасы деп санаған.”Өнер алды – қызыл тіл”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сынды мақал-мәтелдер халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. 


С.Сейфуллин «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» атты шығармасында тіл мәртебесін кеңінен қаузаған. 1923 жылғы 9 маусымдағы мақаласында: «Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек” деген екен. Қазақстанда өмір сүретін әр азамат еліне жаны ашыса, рухын көтергісі келсе, мемлекеттік тілді дамытуға бір кісідей үлес қосуы керек. 
Гуманитарлық жоғары ғылымдар мектебі
Журналистика мамандығы
2 курс студенті
Әділханқызы Мақпал

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет