Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет5/40
Дата18.10.2023
өлшемі350,49 Kb.
#186308
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40
Байланысты:
аза тіл білімі тарихы алматы, 2016

Туынды сөзінің мағынасы да өте дәл және нақты берілген. Қазақ тілінің күнделікті сөйлеу тілінде туынды сөзі де сирек қолданылады. Автордың көркем шығармасы, туындысы мағынасынан өзге мағынасы кездесе қоймайды. Бұл семаның өзі кейін пайда болып қалыптаса бастаған еді. Ал терімсөз ретіндегі туынды сөзі тілдегі түсінікті толық таңбалайды. Шынында да, туынды сөз – жаңадан туындаған, жасалған сөздерді көрсете алады. Сонда ғалым қолданып отырған терімсөздің мәні ұғымды таңбалауда өте қолайлы, әрі дәл бейнелейді. Туынды сөз терімсөзінің орнына өзге де бір терімсөзді қолдану мүмкін еместей.
Терімсөздердің ең басты бір ерекшелігі таңдалып алынған сөздердің қазақша ұғымға сәйкес аталатыны. Қазақ балаларына түсінікті сөздер мен атаулар болғандықтан, оны оқыту да жеңіл. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Автордың өзі көрсеткендей, қазақ балаларын қазақша оқыту дегеннің ең тиімді жүйесі де осындай болса керек. Қазақша ойлаудан, сөзді қазақша түйсінуден туған терімсөздер.
Оқушыларға әрбір терімсөз туралы айтқанда, оның тілдік мағынасын ашудан бұрын, оның атаулық, сөздік мағңынасын ашып алған тиімді болар еді. Яғни туынды сөзді немесе түбірді айтпас бұрын, оқушыларға осы сөздердің атаулық мағынасын ашып, анықтап көрсеткен жөн. Содан кейін барып, оның терімсөздік ұғымын түсіндірген абзал.
Қосымша сөзін таңдап алуының да осындай өзгеше ерекшелігі бар деп есептейміз. Қосымша сөзінің атау ретінде беретін мағынасы мен терімсөз ретінде беретін мағыналарының негіздемесі (мотивациясы) жақын. Негізгі мағыналары ортақ болғандықтан, қосымша терімсөзін естігенде әңгіменің жалпы не туралы болатыны туралы тыңдаушыда белгілі дәрежеде алдын ала түсінік қалыптасады. Бұл түсінік қосымша сөзінің әуелгі негізгі мағынасы арқылы қалыптасады, ал арнайы мағынасын оқытушының түсінік беруі нәтижесінде оқушыға жеткізу онша қиындық әкелмейді. Ғылым тілінің қазақшалығы, қазақилығы осындай болуы керек болар.
Ахмет Байтұрсынұлының қосымшаны жалғау және жұрнақ деп бөлуінің грамматикалық жағынан ғана емес, танымдық түсінік туғызуы мен терімсөздегі халықтық сипатты танытуда да үлкен маңызы бар. Тереңірек пайымдар болсақ, жалғау деген сөз бен жұрнақ сөзінің ішкі мағынасының өзінде үлкен мән-мағына жатқандай. Терімсөз жай жасала салған емес, сөздің ішкі семантикалық мағынасымен терең қабысып жатқанын аңаруға болар еді. Жалғау – күнделікті сөйлеу тілінде бір нәрсені екінші бір нәрсемен байланыстыру жалғау мағынасында жұмсалады. Байланыстырушы, жалғаушы нәрсе болған соң, оның негізгі қызметі де осы ұғыммен байланысты болады. Яғни сөз мағынасына ешқандай жаңалық енгізбейді, тек байланыстыруша рол атқарады. Ал грамматикалық терімсөз саналатын жалғаудың да негізгі мағынасы осындай түсінікипен іштей қабысып жатады. Жалғаулар сөз бен сөзді байланыстырады. Сонда жалғау сөзінің терімсөз ретінде таңдап алынуы оның ішкі мағынасымен толықтай сәйкес келіп жатады. Ішкі негіздемесі айқын.
Сондай-ақ жұрнақ терімсөзінің де қабылдану жүйесін түсіндіруге болады. Жұрнақ сөзінің мағынасы — белгілі бір заттан қалған қалдық. Ескінің көзіндей сақталып қалған қалдықтың, жұрнақтың өзіндік ерекшелігі болады. Оның негізгі ерекшелігі, ең алдымен, бұрынғы көнеліктің бір белгісін сақтауы. Оның құндылығы да осы ерекшелігінде. Ал грамматикалық терімсөз ретінде Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған терімсөз анықтайтын түсінікте де осындай ұғым бар. Жұрнақ ешқашан жалғау бола алмайды. Жұрнақтың ішкі мағынасы, мәні бар. Қазіргі түркологиядағы ғылыми пікір бойынша түркі тілдері жұрнақтарының қай-қайсысы болса да, бір кездерде толық мағынасы бар лексикалық бірлік болғаны белгілі. Демек, жұрнақтың өзіндік ішкі мағынасы болады. Тілдің дамуы барысында өзінің лексикалық мағынасын толық сақтамай, тек жұрнағын ғана сақтап қалып, жалғанған сөзіне сол мағынасын үстейтін қызметі бар. Тілді терең түйсінген ғалым осының барлығын, іштей біліп, көңілмен ұққандай. Сондықтан да бұл терімсөздер ‑ өміршең, сондықтан да бұл терімсөздер ‑ қазақи. Осы терімсөздерді мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне түсіндіргенде, ең алдымен олардың атау сөз ретіндегі мағынасын түсіндіріп, олардың ортақ мотивациясын тауып отырса құба-құп. Сонда оларды қабылдау да қабылдату да оңай болған болар еді деп есептейміз.
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терім сөздердің қай-қайсысын болса да осылай түсіндіруге болар еді. Ғалым жасаған терімсөздердің мағынасы мен мәнін айқындау, оның нағыз халықтық сипатын бағамдау болашақтың ісі деп білеміз. Тілдегі кез келген бірлік адам санасының жемісі болғандықтан, терім сөздерді де осы тұрғыдан қарастыру қажет болады. Терім сөздердің қазіргі қолданысы әртүрлі, оларды шетелден қабылдаудың қалыптасқан жүйесі бар. Тегінде, түркі тілдеріне ортақ терім сөздерді жасау мен қабылдаудың ортақ кешенді құрылымы мен жүйесін жасауға болады. Қазақ және түрік тілдеріндегі терімсөздер мен атаулардың қалыптасу және даму тарихындағы ортақ жайттарды анықтау болашақта терімсөзжасаудың ортақ мәселелерін ғылыми тұрғыдан саралап негіздеуге жол ашады. Осыдан он төрт ғасыр бұрын бүгінгі таңда жалпы саны 200 млн. адамға жетіп отырған түркі халықтары бір тілде сөйлеп, Түрік қағанаты атты бір мемлекеттің құрамында тіршілік еткені тарихтан белгілі жайт. Тек ҮІІ ғасырдан бастап, олардың тарихында бөліну және ажырау үдерісі басталды. Атақты Ататүрік “жер бетінде түрікке түріктен артық дос жоқ” деген екен. Осы сөздің мәнін байсалдылықпен пайымдасақ, бұл жақындық түркі халықтарының тілінің бірлігі, дінінің бірлігі, мәдениетінің бірлігі, әдет-ғұрпы мен дәстүрінің бірлігі арқылы анықтала түспек.
Қазақ және түрік тілдерінің тарихи туыстығы, ортақ дәл мен діннің болуы көп нәрсенің байыбына терең барлауға жетелейді. Қазіргі уақытта түбі бір түркі тілдерінің терімсөздік жүйесін реттеу, мүмкін болған жағдайда, ондағы ортақ терімсөздердің санын көбейтіп, сапалық мүмкіндігін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылуда. Қазақ және түрік тілдеріндегі терімсөздер мен тіркестерді салыстыра зерттеу қазіргі тіл ғылымындағы антропологиялық пайымдаулармен тығыз байланыста қаралады. Тіл ғылымында антропологиялық бағытта қазіргі кезде кең көлемде зерттеулер жүргізілуде. Тілді адам болмысымен бірлікте қарау антропологиялық әдістің негізі саналады. Тіл арқылы адамның өзін тану, адамның қасиеттерін білу бұл тәсілдің негізгі ерекшелігі. Қоғам мүшелерінің өзара пікір алысып, сөйлесіп қарым-қатынас жасауы тіл арқылы іске асырылады. Ойдың жарыққа шығып, іске асырылуы үшін әрине ол тілдік бірліктерге, тілдік таңбаларға негізделуі қажетті.
Қазақ тіліндегі терімсөздерді саралағанда, орфографиялық заңдылықққа негізделмей-ақ, орыс тілінде қалай жазылса, солай алынған терімсөздердің мол екеніне көз жеткізуге болады. Көптеген терімсөздердің орыс тіліндегі нұсқасынан гөрі грек және латын тілдеріндегі нұсқалары қазақ тілінің орфоэпиялық ерекшеліктеріне жақын екенін де айту керек. Сондықтан, кейбір терімсөздерді шетел тілінен енгізгенде, орысша баламасын ала салмай, түрік тіліндегі сияқты ағылшын тіліндегі баламасы негізінде қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылығына негіздеп алған дұрыс деп есептейміз. Саяси және тарихи жағдайларға сәйкес, қазақ тіліне терімсөздердің алынуы орыс тілінің дәнекер болуы арқылы іске асырылғаны жасырын емес. Сондықтан да, ғылымда:
Беруші тіл → алушы тіл
Беруші тіл → дәнекер тіл → алушы тіл сияқты жүйе қалыптасқан болатын. терімсөздерді шет тілінен алғанда, осындай дәнекер тілсіз тікелей алған әлдеқайда тілге жеңіл болары сөзсіз. Өйткені тікелей грек не латын терімсөздерін алу арқылы біз сол сөздің мағыналық жағын пайдаланып, тұлғалық сипатын өзгертуге мүмкіндік аламыз. Мұның өзі көптеген терімсөздердің орфоэпиялық жағынан тілімізге жылдам еніп кетуіне мол мүмкіндіктер туғызады. Терімсөз мен оның таңбалап тұрған ұғымы арасында үлкен танымдық байланыс болады. Өзі таңбалап тұрған ғылыми немесе техникалық затпен немесе құбылыспен таңбаның арасында байланыс болуы қажет саналады. Мұның өзі терімсөздің ішкі танымдық табиғатын көрсетететін негізгі факторлардың бірі. Сондай-ақ, терімсөздің ішкі ұғымдық уәжділігін де анықтай алады. Туысқан түркі халықтарынан шыққан көрнекті ғалымдардың Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терімсөздердің уәжділігі мен негізділігіне таңданып, халық тіліне жақындығына барынша іш тартқанына, бізге қызыға да қызғана қарағанына қаншама рет куә болдық, баба рухы алдында тізе бүгіп, өзімізді ғалым ретінде бақытты сезінгеніміз, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ғалымның бар болғандығына шүкіршілік айтқанымыз да рас.  
Ахмет Байтұрсынұлы ‑ қазақ тіл білімінің барлық салалары бойынша негізгі теориялық тұғыр қалыптастырушы көшбасшы. Оның фонетика мен лексикология, морфология мен сөзжасам, синтаксис мен әдеби тіл салалары бойынша жазған ғылыми деректері мен қисындары жаңа бағыттағы ғылыми теориялармен зерттеуді қажет етеді.
Қазақ тіл білімінде көркем шығармадағы баяндау туралы, оның құрылымы туралы мәселені алғаш айтқан, ғылыми негізін салған Ахмет Байтұрсынұлы болған. Зерттеуші баяндау мен оның үлгілерін әдебиет теориясы тұрғысында терең қарастырған, мұның әдеби тіл теориясына да қатысы мол. “Әдеби танытқыш” деп аталатын зерттеуінде қара сөз бен дарынды сөз жүйесін ғылыми негізде талдайды. Қара сөз бен дарынды сөзге анықтама береді. “Қара сөз деп осы ұғым жүйелерінен сөйлейтін әңгімелерді айтамыз. Ұғым жүйесінің табы қара сөздің басы болады. Қара сөздің табынан түрін айыру керек. Тап жағынан бірге сөз түр жағынан бөлек кетуі ықимал. Көптен бері көп жұртта қалыптасқан түрлерін алғанда, қара сөз: 1) әуезе, 2) әліптеме, 3) пайымдама болып үш салаға бөлінеді,”– деп жазады ғалым [3. 397].
Бұдан әрі ғалым әуезеге мынадай анықтама береді “Болған уақиғадан бастан-аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете мазмұндап, мағлұмат беру әуезе болады” [3. 397]. Әуезені іштей мәлімдеу, мазмұндай, қорыту деп үшке бөліп көрсетеді. Әуезенің тарауларына шежірені, заман хатты, өмірбаянды, мінездемені, тарихты және тарихи әңгімені жатқызады да, әрқайсысына анықтама беріп, өзіндік дәлелдемелер келтіреді. Әліптеме туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: “Бір нәрсенің тұрпатын реттеп айтып, әлібін суреттеп шығару әліптеме болады. Дүниедегі түрлі нәрселердің, түрлі адамдардың, түрлі күйлердің бәрін де әліптеуге болады.” [3. 400].
Әліптеудің екі түрін көрсетеді:

  1. Пәнді әліптеу;

  2. Сәнді әліптеу.

Пәнді әліптеу дегеніміз, автордың көрсетуінше, “нәрсені пән мақсатымен алып, дәлдеп әліптеп, сыр-сипатын дұрыс танытып, нәрсе туралы дұрыс ұғым беру үшін істеледі” [3. 401]. “Сәнді әліптеуде қандай белгілерін алу әліптеушінің көздеген өз мақсаты бойынша болады” (Сонда). Автор пайымдау туралы да терең ғылыми пікір айтады: “Көсе сөзбен жазылған шығарма бір пікірді қуаттап, толықтырып баяндаса, баяндауын түрлі сипаттармен дәлелдесе, ондай шығарма пайымдама деп аталады.” (Сонда). Автордың пайымдауынша, “әуезе, әліптеме түрлі сөздермен дүние әңгімесі біптейді. Әуеземен әліптеме дүниедегі жататынды, жасатынды нәрселдердің өздерімен олардың әдістерімен, жай-күйлерімен ғана таныстырады” .
“Дүниедегі нәрселердің барлығын, олардың қалай өмір шегетінін танумен білім тамам болмайды. Өйткені дүниедегі нәрселердің бәрі сабақтас, іліктес, құрмалас; ол сабақтас, іліктес, құрмаластығы белгілі себептер бойынша болып, себеп жүзіндегі белгілі бір заңға мойын ұсынып, сол заңның жолынан бұрылмайды. Ол заң – табиғат заңы; ол заң жолы – табиғат заңының жолы. Нәрселер арасында қандай сабақтастық. іліктестік, құрмаластықтың бар екенін ашу жағын, олардың бар болуы қандай себептер мен қандай заң бойынша екендігін айыру жағын пайымдап, ғалым адамдардың шығарған сөздері пән шығарма деп аталады. Пән шығарманың асылы пайымдама болады. Сондықтан пән шығарманың жалпы аты да пайымдама болады” – деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы [3. 401-402 Байтұрсынұлы А. Ақжол. — Алматы, -1991, 397-бет.].
Қазақ тіл білімінің көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының жазып қалдырған ұшан-теңіз мәні мен маңызы бар ғылыми мұраларын тереңдей зерттеп, ондағы танымдық, тағылымдық мәнді анықтау, зерделеу ХХ ғасырда мүмкін болмады да, бұл ғылыми борыш ХХІ ғасырға өтті… Бүгінгі ғылыми қауымның бұл тұрғыда ойлануы керек. Ойжасампаздықпен (креативтілік) үңіліп, ғылыми тағылымынан үйренеріміз көп, үйретері мол.
Әдебиеттер.

  1. Байтұрсынов А. Шығармалары. — Алматы: Жазушы, 1989.— 320 б.

  2. Байтұрсынов А. Ақ жол. — Алматы: Жалын, 1991. — 464 б

  3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 448 б.

  4. Боздағым. — Алматы: Жазушы, 1990. — 304 б.

  5. А.Байтұрсыновдын қазақча алифбеси. — Бишкек: Периодика, 1991.-97 6.

  6. Байтұрсынов А. Жаңа низам. — Алматы Жеті жарғы, 1996.— 28 б.

  7. Байтұрсынұлы Ахмет. Әліп-биі. — Алматы: Рауан, 1998. — 120 б.

  8. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. — Алматы: Атамұра, 2003. —208 6.

  9. Байтұрсынов A. Maca. —Алматы: Раритет, 2005. — 208 б.

  10. Ұлттық рухтың ұлы тілі. — Алматы: Ғылым, 1999. — 568 б.

  11. Байғалиев Б. Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында //Жұлдыз. — 1992.

  12. Қаз ССР Жоғарғы Соты // А. Байтұрсынұлы музей-үйі қорынан. Социалистік Қазақстан, 28 желтоқсан, 1988.

 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет