«Ұлы Дала Елі» идеясын іс жүзіне асыру барысында қазақ тілінің танымдық табиғатын көрнекті тілші-ғалымдардың еңбектерімен сабақтастықта зерделеу әлемдік өркениет пен ұлттық рухани құндылықтарды тіл арқылы танып-білуге игі ықпал етеді.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың таным теориясына қатысты пікір-тұжырымдары тіл білімі салаларының бұрынғы және қазіргі даму кезеңдерін анықтай отырып, тілді танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін жасауға көмектеседі.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектеріндегі таным теориясы қазақ тіл білімінің ғылыми-педагогикалық аспектісін айқындай отырып, лингвистиканың даму көрсеткіші болып табылады. Өйткені танымның ғылыми-педагогикалық, әдістемелік жақтары Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде маңызды орын ала отырып, тіл білімін тың қағидалармен байытады, оқыту үдерісіндегі жаңа ұстанымдарды белгілейді.
Таным мәселесі психо-физиологиялық, логика-философиялық, тілдік- мәдени тұрғыдан күрделі құрылым болып табылады. Сондықтан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектеріндегі таным теориясы түрлі ғылым салаларын (психология, мәдениеттану, этнография, философия) тоғыстыра келіп, когнитивтік лингвистиканың даму бағыттарын айқындайды.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың танымдық көзқарастарын білім беру жүйесіне енгізу тілдік бірліктердің семантикалық өрісін, коммуникативтік ерекшеліктерін, стилистикалық қызметін жаңа парадигма ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Модульдік технология бойынша жасалған «Тілдік танымның бастау
көздері» атты қосымша пән таным мәселесін интербелсенді әдіс арқылы меңгертуде жақсы нәтиже береді.