ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ТАНЫМ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов
зерттеулерібойынша)
Қазақ тіл біліміндегі таным теориясының қалыптасуы
Қазақ халқы ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан сан мыңдаған ғасырлар бойы асыл сөз маржаны арқылы өзіне тән бай рухани мұра қалдырды. Қазақ тарихында өмір сүрген ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен шешендер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек етіп, әртүрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын қалыптастырды. Осыған сәйкес, қазақ халқы мәдениетінің, өмір сүру салтының, рухани байлығының және дүниетанымының түп тамыры тереңнен тартатындығын көреміз. Оған қазақтың мақал-мәтелдеріндегі, тұрақты сөз тіркестеріндегі, кісі есімдеріндегі, зат атауларындағы т.б. сөз маржандарындағы таным мәселесі дәлел.
Таным – бұл адамның болмысты бейнелеу әрекетінің ерекше түрі. Адам айналадағы білімді санасына таным әрекеттері арқылы қабылдап, ұғып, еске сақтап, таниды. Адамның нақты мақсатына бағытталған және шығармашылық іс-әрекетке негізделген таным нәтижесінде сыртқы әлемнің идеалды образдары қалыптасып, олар туралы білім пайда болады. Халық танымы оның дүниеге деген көзқарасын айшықтайды.
Дүниетаным — бұл ақиқатты дүниеге және ондағы адамның алар орнына, оны қоршаған болмысына және өз-өзіне қатынасына деген көзқарастар жүйесі, сонымен қатар, адамдардың осы көзқарастар арқылы қалыптасқан негізгі өмірлік ұстанымдары, наным-сенімдері, мақсат- мұраттары, таным мен қызмет ұстанымдары, құндылық бағыттары. Дүниетаным қоғамдық және жеке адам санасының ұйтқысы болып табылады. Дүниетанымды қалыптастыру — тек жеке тұлғаның ғана емес, сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік топтың, қоғамдық таптың жетілуінің елеулі көрсеткіші. Дүниетаным үнемі дамып, өрбіп адамның тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрыпынан, салт-дәстүрінен, наным-сенімінен көрініс тауып отырады.
Сол сияқты, қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, бүгінгі күнге жеткен әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрі, наным-сенімі сан мыңдаған жылдар бойы жинақталып, өңделіп, сұрыпталып, әрдайым аясы кеңейіп, тереңдеп отырғанын оның дүниетанымы арқылы аңғаруға болады. Оны тіліміздегі мақал-мәтелдерден, тұрақты сөз тіркестерінен, өлшемдік атаулардан, кісі есімдерінен, т.б. ұлттық сипатты көрсететін тілдік бірліктерден көре аламыз.
Халықтың танымы тіл арқылы тек ұлттық ерекшелігінен ғана емес, сонымен қатар сол тілді қолданушы халықтың тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен, мінез-құлқынан да хабар береді. Мысалы, қазақ тіліндегі «Мал
жанымның садағасы, жан – арымның садағасы», «Қойшы көп болса, қой
арам өлер» мақалдары мен «Ат аунаған жерде түк қалады», «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» мәтелдері қазақ халқының көшпелі, мал шаруашылығымен айналысатындығын, төрт түліктің мінезі мен болмысын саралай білетінін көрсетеді. Шындығында, бұл бүтіндей бір ұлттың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігі жайлы хабар береді.
Дүниені, ғаламды тану қазақ ойшылдарынының, ақын-жырауларының туындыларында, зерттеу еңбектерінде де кеңінен көрініс тапқан.
Ш.Уәлиханов зерттеу қолжазбаларында қазақ халқының танымдық ерекшеліктерін сөз өнерімен байланыстырады. Зерттеуші сөз өнеріне аса мән беріп, көшпелі халықтардың өлең-жырға жүйрік келетінін, олардың аяқ астынан суырып салып айту қабілетінің күшті дамығанын ескеруді басты мәселе деп қарайды. Ертеде қазақтың сөз өнері ауызша өрбігеніне қарамастан, қазақ тіліндегі ұлттық құндылықтардың сақталып, бүгінгі күнге жетуін, таратылуын Ш.Уәлиханов: «Әрбір халықтың әдеби мұраларын зерттеудің этнография үшін керектігін ғалымдар әлдеқашан ескерткен. Өйткені халықтың тұрмысы, оның қылығы, оның дүниетануы мұнда анығырақ сипатталған. Өздерінің мәдениет мұраларын ерекше сүю, ертегі жыр байлығын мақтаныш ету, әсіресе Орта Азиядағы көшпелі елдердің айрықша қасиеті. Олардың ауыз жырларын, қария сөздерін, әрбір тайпаның басынан кешіреген тарихы, соларды еске түсіру деуге болады. Сондай аңыз әңгімелерді сәуегейдің сөзіндей есте сақтап, оны бірден-бірге жеткізіп отырушылар – әрбір ру ішіндегі қариялар. Олар оны заң жосығы ретінде, белгілі ақын-жыраулар тобының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған ұзақ дастан түрінде сақтап келген. Бүгінде қолданбайтын жырда кездесетін көне сөздер олардың тым ерте дәуірде шыққанын көрсетеді» [4;417-418]-деп түсіндіре келе, сан мыңдаған ғасырлар бойы тіл арқылы «халықтың тұрмысы, оның қылығы, дүниетануы» және тарихы тілдік бірліктер арқылы берілетіндігін көрсетеді. Тіл халықтың дүниетанымындағы ақпаратты таным арқылы сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізгендігін айтады.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқына ағартушылық қызмет еткен Ы.Алтынсариннің еңбектеріндегі таным мәселелесі, әсіресе, бала оқытуға арналған еңбектерінен анық байқалады. Ғалым балаға хат танытып қана қоймай, оның танымының кең әрі терең болуына баса назар аударады. Ұлттық сөз өнерінің мұрасын Ыбырай Алтынсарин жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатына бағындырып, ауыз әдебиеті шығармаларын ретімен, жүйесімен беру арқылы, сөз өнерінің тәрбиелік, ғибраттық, халықтық мәнін «Қазақ хрестоматиясы» атты қазақ тілінде жазылған тұңғыш туындысына арқау еткен.
Ыбырай Алтынсарин сөз өнерін, тілдік танымды білім, ілім беру, ағартушылық, тәрбиелік бағытқа қарай көбірек бұрса, Абай Құнанбайұлы тілдің танымдық қасиетін сөз өнерімен байланыстырып ерекше түсіндірді:
Өлең сөздің – патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы. Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бейшарасы. Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы [5;51] - дей келе, ақын ата-бабадан қалыптасқан қазақ дүниетанымын одан әрі тереңдете түсіп, ой ұшқырлығы, сөз дәлдігі мен көріктеуіш құралдары арқылы қазақ тілінің танымдық аясын кеңейте, дамыта түседі.
Дүние ойдан шығады, Өзімді өзім ұмытып, Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып [5;160] - деп, ақын сөздің ерекше әсерін тіршіліктің, ғаламның, адамдықтың сырын түсіндіруге арнайды. Яғни, ақын сөз құдіреті – көркем сөз өнері деп танып, сол арқылы бүкіл қазақ халқының ұлттық қасиеттерін, мінезін, ділін, мәдениетін, тарихын, қоғамын, дүниетанымын бейнелейді.
Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Адам баласы «көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады»[6;140],-дейді Абай.
«Жетінші қара сөзінде» Абай: «адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу- жан құмарлығы» [6;140],- деп, түйіндей келе, «адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты – ақыл, ғылым… ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі» [6;140],- деген қорытынды жасайды. Қазақ дүниетанымында өшпес із қалдырған дана Абайдың «Қара сөздері» астарына мән берсек, адамның интеллектуалдық сипатына жалпы адамзаттық тұрғыдан қарай келіп, соның астарында қазақы таным негізінде талдау жасаған. Ол адамның ақылдылығын анықтау турасында: «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім... есті адам орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса, құлақ, ойласа, көңіл сүйсінгендей болады екен», [6;140]– деген ой айтады. Абай осы өзінің ой өрнегі арқылы ұлт танымының ізгі қасиеттері деп адамның бойындағы қайырымдылық, махаббат және әділдікті таниды.
Қазақ тіл білімінде тілтаным теориясына қатысты мәселелер ХХІ ғасырда ғылым деңгейінде зерттелді Дегенмен алғашқы тіл мен таным сабақтастығындағы ой-пікірлердің бастауы ХХ ғасырдың І жартысынан бастап ғылыми зерттеулерде қарастырылды. Тіл мен таным сабақтастығының жалпы теориялық негізі қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдарымыз А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов еңбектерінде тілдің танымдық қасиеті жайлы пікірлері мен тұжырымдары негізінде көрсетілген. Тіл болмысының адам баласы үшін тек қарым-қатынас құралы ғана еместігін ғалымдар бірден аңғарып, тілдің адам санасынан, тұрмыс-тіршілігінен,
ұлттық ерекшелігінен, қайталанбас болмыс қасиетінен көрініс беретіндігін өздерінің түйінді пікірлері мен көзқарастары арқылы жеткізген.
Сонымен таным мәселесінің адам өмірімен тығыз байланыстылығы оның бірнеше ғылымдар аясында зерттеліп жүргендігімен дәлелді. Адам болмысының сыртқы әлем туралы түсінігін қалыптастыруға философия, психология ғылымдары қатысса, әлемнің адам санасына қабылданып, пайымдалып, адамзат тілі арқылы жарыққа шығатындығын тіл білімідегі таным мәселесіне қатысты ғылыми тұжырымдар дәйектейді. Адамның ойлауымен тұтастықта қарастырылған таным теориясына философ ғалымдар:
«таным деп біз адамның айнала қоршаған ортаны зерттеудегі ерекше рухани іс-әрекетін айтамыз» [7;450]-деген анықтама береді.
Таным мәселесі психология ғылымында «танымдық әрекеттер»[8;89],
«танымдық жан-қуаттар»[9;128] немесе «адамның танымдық аймағы»[10;105] деген тіркес терминдермен беріліп, оған түйсік, қабылдау, ес, ойлау, қиял, ерік сияқты әрекеттер енеді. Демек,, психология ғылымы таным мәселесін адам санасын айналадағы қоршаған ортамен тығыз байланыстыратын және ақпаратты сақтап, өңдеп, сұрыптай алатын кең мағынадағы құрал ретінде түсіндіреді. Ал ақпарат тіл арқылы адам санасына қабылданып, тіл арқылы пайымдалып, тіл арқылы жарыққа шығады.
Таным мәселесінің психологияда, философияда, лингвистикада т.б. ғылым салаларында қатар қарастырылуының Себебі адамның қоршаған ортадағы ақпаратты таным арқылы қабылдап, елестетіп, ұғынуымен сабақтастырылып, оның белгілері тіл арқылы жарыққа шығатындығымен байланысты.
Таным теориясының басқа ғылым теорияларынан айырмашылықтары бар. Ол білімнің қалыптасуы мен негізделуінің жалпы ұстанымдарын, оның ақиқаттық жалпы шарттарының, объективтік қатынастарының қалыптасуын қарастырады.
Танымды жалпы түрде адамның әлемге әлеуметтік тарихи тұрғыдан дамыған қатынасы деп анықтауға болады. Танымның мәні қоғамның даму сипатына, оның әлеуметтік ерекшеліктеріне, мәдениеті мен өркениетіне, рухани құндылықтардың өсіп-өркендеуіне байланысты. Адам танымы тіл арқылы дамып, кеңейіп отырады. Сондай-ақ, тіл – адамның танымдық деңгейінің көрсеткіші.
Алайда таным теориясының ауқымды мәселелерді қамтитындығына бүгінгі ғылыми-техникалық даму қарқынымен сәйкес қоғамдағы өзгерістер мен ғылыми жаңалықтар да дәлел. Сонымен бірге тіл мен таным сабақтастығы таным теориясының тілдік болмысын сипаттайды. Адамның қоршаған ортаны, дүниені қабылдауы, түсінуі және ол туралы өзінше пайымдауы танымдық әрекеттер арқылы жүзеге асады. Адам болмысының аса құнды (санасы, терең білімі, ақылы, мәдениеті, рухани байлығы т.с.с.) қасиеттерінің бәрі оның танымының кеңдігі болып саналады. Философия ілімінде: «Таным – өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан дүниесі: түйсіктері, ақыл-ойы, ырқы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі (интуиция) – бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады»[7;494]-деп берілсе,
теория дегенімізді С.Мырзалы: «зерттелетін заттар, я болмаса құбылыстардың ішкі мән- мағынасын ашатын, практика арқылы дәлелденген қайшылықсыз бір-бірімен байланысты ұғымдар жүйесі» [7;502]-деп тұжырымдайды. Ал Ж.Әбділдин: «теория – нәрсе жөніндегі білім толық іске асатын логикалық ойлаудың күрделі, дамыған формасы»[11;462] -деп түсіндіреді. Демек,, тіл біліміндегі таным теориясы – адамның айналадағы заттар мен құбылыстарды, дүниені тану, түсіну, ол туралы ұғымдарды санада тіл арқылы қалыптастыру әрекеттерін, оның ұстанатын ұғымдарын, ерекшеліктерін, әдістерін зерттейтін ғылым саласы.
Бүгінгі күні таным теориясының басқа ғылым салаларымен байланысы анықталып, жаңа ғылым салалары пайда болды. Сол жаңа ғылым салаларының бірі – когнитивті лингвистика. Когнитив (cognition) сөзі ағылшын тілінен аударылғанда «білім» деген мағынаны береді. 1989 жылы шетелдік зерттеушілердің берген анықтамасы бойынша: ««Когнитивті ғылым» - сананы (intelligence) және сана жүйесін, саналы іс-әрекетті есептеуіш ретінде зерттеуі»[12;1]. Демек,, жалпы когнитивтік тұрғыдан зерттеу бағыты XX ғасырдың соңында орын алғандығын көреміз. Бұл көзқарастың алдыңғы пікірлерден айырмашылығы когницияның «есептеуіш» техникасына қажетті құрал ретінде өрбуі. Бұл термин тура мағынасындағы есептеуіш емес, компьютермен жүргізілетін есептеуішті білдіреді[13;51]. Мұндай тәртіп кешенділікті қажет етеді. Мысалы оны қатаң ережелермен байланысты емес, біртұтас «құрылым» деп түсіндіруге болады. Бұл
«құрылымға» жасанды интеллект («қолданбалы философия»), тіл білімі, психология және неврология кіреді[14;28]. Ал Кегел Г. бұл топты филиология, психолингвистика және математикадан тұрады деп көрсетеді[15;28]. Жасанды интеллекттің мақсатында жалпы тапсырмаларды компьютермен орындауда адам интеллектісіне ұқсату көзделген еді. Алайда, адам танымының күрделілігінен когнитивті лингвистика, когнитивті психология, этнолингвистика, социолингвисика, психолингвистика, т.б. ғылым салалары адам танымын тек «есептеуіш» құрал үшін емес, адамзат болмысын танудың жолы ретінде зерттеулер жүргізді. «Когнитивті лингвистика» – адамның интеллектуалды тапсырмаларды шешу барысында тілдік ақпараттың өңделу жүйесін зерттейтін танымдық психологиямен тығыз байланысты ғылым.
Тілдің танымдық сипатына соңғы жылдары шет елдік, отандық ғалымдар мен зерттеушілер баса назар аударып отыр. Когнитивтік ғылымның негізгі ерекшелігіне, зерттеу нысанына, оның бағыттары мен ұғымдарына арнайы көңіл бөлген шетелдік ғалымдар болатын. Когнитивті лингвистика тіл жүйесінің заңдылықтарына сүйеніп, онтологиялық жағдайдың когнитивтік амалмен мағына беруін, тілдік бірліктерде танымдық белгілердің көрініс табуын, тілдің лексика-фразеологиялық және синтаксистік жүйесінің ішкі бірлігін ұштастыра келіп, сөздің мәнін әлемдік көзқарас пен мәдени факторлар позициясы арқылы анықтауға мүмкіндік беретін бағыт ретінде қалыптасуда.
Алайда, нақты когнитивті лингвистиканың зерттелуін Лангакер, Лакофф есімдерімен байланыстыруға болады: «Когнитивті лингвистиканың қалыптасуы 1980 жылдардың соңында сөйлеу және түсіну тілінің үздіксіздігін басқа психологиялық немесе жалпы «танымдық» қабілеттер арқылы анықтаудан көрінеді. Когнитивтік лингвистиканың негізі Лангакер, Лакофф және «генеративті семантиканы» қолдаушылардан бастау алады» [16;62]-деген П.Х.Маттеус, бұл пікірін Oxford лингвистикалық сөздігінде береді. Осы кезде, «когнитивті ғылымның» дамуы нәтижесінде когнитивті лингвистика жеке ғылым саласы ретінде өзіндік мақсаттары мен міндеттерін айқындады.
Когнитивтік лингвистика – тіл мен ойлау арасындағы тығыз қатынастың нәтижесінде қалыптасатын адамзаттың танымдық, ғылыми, мәдени тәжірибесінен жинақтайтын ғылым. Нақтырақ айтсақ, когнитивтік лингвистика – тіл туралы ғылымның тілді таным құралы ретінде зерттеп- зерделейтін саласы. Когнитивтік зерттеулердегі басты мәселе сол тілде сөйлеушілердің өмірлік тәжірибесі, рухани, мәдени білімі тұтас түрде әлемдік тілдік бейне ретінде көрініс беретін тілдік бірліктермен айқындалады. Когнитивтік лингвистика адам мен адам танымын бірлікте қарастыратын тілді зерттеуді мақсат етумен қатар лингвистиканың салаларын (этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика) мәдениеттану, философия, математика, психология пәндерімен ұштастырады. Бұл пәндермен бірге когнитивтік лингвистиканың зерттеу әдістері мен ортақ зерттеу нысанына тілдің қызметі жатады.
Қазақ тіл білімінде танымның тілдегі көрінісі жайындағы пікірлер Ә.Қайдар еңбектерінен бастау алады. Ғалым тілдегі ұлттық таным мәселесі жайында 1998 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» деген ғылыми жинағында этнолингвистика саласының мақсаты мен мәнін түсіндіру барысындағы пікірінде: «... кейінгі кезде (АҚШ-та) қалыптаса бастаған тағы бір көзқараста «этносты» «Адам» деген ұғыммен алмастыру арқылы этнолингвистиканың баламасы ретінде антропология (адам туралы ғылым) терминін қолдану үрдісі де байқалып отыр» [17;9] дейді. Түрлі деңгейде антропоөзектік парадигма элементтерін қамти дамыған зерттеулердің бір-біріне ұласып, саралануы таза теориялық танымдық ұстанымдардың айқындалуына ықпал етті.
Қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеулер қазақ тілтаным ғылымының дамуына мол үлес қосты. Академик Ә.Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистиканың қалыптасуына негіз болды.
Ғалым Р.Сыздық «Тілтаным» журналына «Эпос тілі және лингвистикалық поэтика мәселелері» атты мақала жариялап, эпос тілінің танымдық ерекшелігін зерттеу арқылы таным теориясына тың пікір- тұжырымдарын қосты[18;25-33]. Тіл табиғатындағы сөз мәдениетін, тілдің қолданысындағы «сөйлеу», «тілді жұмсау» дұрыстығын зерттеген ғалым Н.Уәлидің де зерттеулерінде тілдің халық болмысын, тарихын, ойлау
өзгешелігін танытар сипатын өз тұжырымдарына арқау етті[19;10]. Профессор Ж.Манкеева «Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері» атты ғылыми мақаласында негізгі үш қағиданы көрсетіп:
«1. Қоғамдық тәжірибеге негізделу, яғни дәстүр жалғастығы, танымның қазыналық сипаты;
Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни тілдің қызметі – ақпарат беру емес, бейнелеуге мүмкіншілік жасау. Яғни, тіл арқылы бейнелілік пен дүниедегі объективті шындықты субъективті түрде, символдар арқылы беру;
Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы. Яғни, ол таным моделінің құрылымдарының тұтасуынан тұратынын сипаттайды» [20;41]. Ғалым «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» атты ғылыми еңбегінде когнитивтік лингвистикадағы тілдің бейнелеуіштік қызметінің зор екендігіне ерекше назар аударады.
Таным теориясын тіл қолданысы тұрғысынан жан-жақты қарастырып, тілдің жұмсалуындағы танымдық ерекшеліктерді Қ.Жаманбаева «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері» атты монографиясында арнайы зерттеді [21;6-25]. Бұл еңбекте зерттеуші тілдік сананың құрылымын анықтап, гештальт теориясының негізін жан-жақты талдайды.
Ф. Оразбаева «Тілдік қатынас» атты монографиясында таным теориясын тіл мен ойлау, тілдесімнің психологиялық, танымдық қырлары мен таңбалық сипаты жағынан қарастырады[22;69].
Ғалым Б.Момынова «Қазақ тіліндегі қоғамдық саяси лексика (әлеуметтік бағалауыштық, сөзжасам)» деген еңбегінде танымдық бірліктердің бейнелеу ерекшеліктеріне тоқталып, лексемалардың бағалауыштық сипатының түрлерін зерделеу арқылы таным теориясына өзіндік үлесін қосады[23;132].
«Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда» атты еңбегінде профессор Г.Смағұлова қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің танымдық сипаты турасында «варианттылық» пен «инварианттылық» ұғымдарының аражігін ажыратудың мәнін байыптап, лингвомәдениеттанымдық, лингвогносеологиялық деректерді ұсына келіп, фразеологизмдерді лингвокогнитивтік тұрғыда талдау мәселелерін зерттейді[24;83].
А. Салқынбай «Ойлау мен таным: сөз мағынасының тарихи тектілігі мен бүтіндігі» атты мақаласында тарихи-лингвомәдениеттанымдық зерттеу жүргізіп, қазақ халқының рухани және дүниелік құндылықтарының тілдік бейнесін ұлттаным аясында зерделейді [25;135].
Г. Қосымованың «Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы» атты зерттеуінде шешендер сөздерінің танымдық табиғаты ойлау жүйесіне қатысты талданады. Бұл еңбекте риторикалық сөз саптаудағы шешен болмысын ғалым антропологиялық принцип негізінде қарастырған. Еңбекте тілді философия, логика, әлеуметтік мәселелермен бірлікте қарау мен ұлттық ойлау мазмұнын ұлт мәдениетінің белгісі ретінде зерделеу мәселесі алға қойылады[26;198].
Профессор Б.Қасым «Метафоралы аталымдар: когнитивті- семантикалық сөзжасам» атты ғылыми еңбегінде уәждеме және аталым теорияларының қағидаларына сүйене отырып, тіл бірліктерінің жасалуын когнитивтік аспектіде қарастырып, олардың мағынасын ұлттық танымдық болмысына байланысты сипаттау сөздердің табиғатын жаңа қырынан тануға бағыттайды[27;64]. А. Ислам «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті» атты ізденісінде тіл табиғаты мен адам болмысын бір арнаға тоғыстыра зерттеп, «тілдік тұлға» теориясы негізіндегі лингвомәдениеттану мәселесіне тоқталады. [28;26]. Ал Г. Әзімжанова көркем мәтіндегі доминант сөздердің танымдық негізін анықтаса, С.Жапақов диссертациялық жұмысында эпикалық фразеологизмдердегі ақиқат пен бейақиқат, «болмыс- дүние» категорияларының тілдік бейнесі мен танымдық сипатын сөз етеді [29;15-16]. С.Ақаев «Терминнің тілдік және танымдық сипаты» атты зерттеуінде терминдерді танымдық тұрғыда талдаудың негізгі тәсілдеріне тоқталып, ойлау, топшылау, тілдік қабылдау, қорыту секілді абстракт категорияларды зерттеу әдісі ретінде тереңінен зерттейді[30;22].
С.Жиренов қазақ тіл біліміндегі таным мәселесін жан-жақты зерттеп, қазақ танымындағы «Өмір-өлім» концептісін мәнін айқындайды[31;23] Сонымен бірге, бірқатар зерттеушілер Г.Снасапова, Ш.Елемесова т.б. ғалымдар көркем мәтінге концептуалдық талдау жасаудың үлгілерін ұсынып, когнитивтік бірліктердің теориялық тұжырымдамасын жасайды.
Ж.Сәткенованың диссертациялық жұмысында Б.Соқпақбаевтың шығармаларындағы кейіпкер тілін танымдық аспектіде қарастыру және таным теориясының бала тіліндегі бейнесін сипаттайтын тірек мағыналарға анализ жасау міндеті қойылған. Ал А.Сыбанбаева мен Н.Зайсанбаева тіл біліміндегі таным теориясын метафора тұрғысынан зерттеп, ғылыми жұмыстарын осы бағытқа арнайды. А.Әмірбекова таным мәселесін М.Мақатаев поэзиясы негізінде қарастырып, концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшеліктеріне көңіл аударады. Зерттеуші өз жұмысында концептілік құрылымдарға және ақын М.Мақатаевтың танымдық болмысына «Өмір» концептісінің негізінде талдау жасап, «Көркемдік сана», «Когнитивтік модель», «ассоцация», «бейне» т.б. осы тәрізді ұғымдарды ұғымдарға поэтикалық мәтіннен мысалдар келтіре отырып саралады [32;98].
Сонымен қатар, осы бағыттағы ізденістерге А.Смайловтың «Әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің лингвомәдени сипаты» тақырыбындағы зерттеуін, М.Абдрахманованың «Көз» концепті: лингвомәдени және танымдық парадигмасы», А.Байғұтованың «Қазақ әйелі» концептісінің этномәдени сипаты», Ж.Қошанованың «Қазақ тіліндегі
«байлық-кедейлік» концептісі: танымдық сипаты мен қызметі», Ж.Жампейісованың «Ақ-қара» концепті: оппозициясы мен қызметі» атты еңбектерін жатқызуға болады. Тілтанымдық құбылыстарды меңгеру барысында концептілік ұғымдарды салыстыра қарастырған А.Сейдекенова,
Ж.Уматова, А.Шалабаева, А.Султангубиеваның зерттеулері де таным мәселесін әр қырынан терең түсінуге ықпал етеді.
М.Т. Күштаева тілдегі танымды материалдық таныммен байланыстырып, «Тары» концептісінің семантикалық құрымы мен лингвомәдени мазмұнын өз зерттеу жұмысына арқау еткен. Зерттеуші еңбегі
«Тары» сөзіне қатысты тұрақты тіркестер, коннотациялық мағыналарды айқындауға негізделіп, тілді ұлттық психологиялық таныммен сабақтастыра қарастыруға бағытталған жұмыс болып саналады[33;114].
Тіл біліміндегі ұлттық таным негізіне үлес қосқан зерттеушілердің бірі
Ә.Айтпаева. Ол бесік жырларының этнолингвистикалық сипатын баяндап:
«Бесік жырларындағы бейнелілік жүйесі этномәдени сипатты танытуда үлкен қызмет атқаратын фразеологизмдер, теңеу, метафоралардың орны ерекше»- деп, бесік жырларындағы тілдік құралдарды қарастырып, қазақ, орыс, неміс тілдерінің материалдары бойынша тілдегі ұлттық таным көрінісін зерделеді.[34;15].
Тілтаным теориясының ғылым ретінде қалыптасуын арнайы зерттеген Э.Оразалиева: «қазақ тілтаным ғылымының дүниеге келуі мен теориялық сараптамадан өтуін дәйектейтін фактілер қатарында, біріншіден, жалпы тіл ғылымының даму негіздерін, екіншіден, жеке тілдік ізденістердің жүзеге асу жолдарын атаған орынды. Өйткені ішкі сезім мен білімнің, тану мен қабылдаудың, біліктілік пен әлемдік тәжірибенің тоғысуынан құралған бұл тұжырымдар әрі субъективтік, әрі объективтік ұстанымдарға сүйене қалыптасып отырды»[35;161] – деп түсіндіреді. Зерттеуші қазақ тіл біліміндегі таным теориясының қалыптасуын жоғарыда көрсеткендей екі фактімен байланыстырып, «біліктілік» пен «әлемдік» тәжірибенің тоғысуынан құралған тұжырымдар деп таниды. Э.Оразалиева «тілтаным» мәселесіне қатысты ғылыми тұжырымдар жасай келе: «Жалпы тілтану мәселелерінің қалыптасып, дамуы лингвистикадағы заңды диалектикалық әрі динамикалық құбылыстардың бірі деп танылғандықтан, лингвистер тіл білімін қарапайымнан күрделіге, жалқыдан жалпыға қарай айқындалатын, үнемі толығу, өзгеру үстінде болатын тұжырымдар тізбегі деп қарастырады»[36;24] –деп сипаттап, қазақ тілтаным ғылымының зерттелуін хронологиялық тұрғыдан мынадай кезеңдерге бөліп, парадигма негізінде ұсынады:
«1-кезең: «тілтану» парадигмасының қалыптасуы – ХХ ғасырдың 20- 45жж.;
ІІ-кезең: тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы – ХХ ғасырдың 45- 70жж.; негізгі өкілдері: Н. Сауранбаев, Ғ. Мұсабаев, М. Балақаев, І.Кеңесбаев және т.б.
ІІІ-кезең: тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы – ХХ ғасырдың 65-85жж.; негізгі өкілдері: К. Аханов, Т. Қордабаев, Ә. Хасенов және т.б.
ІV-кезең: тілтанымдық этюдтер парадигмасы – ХХ ғасырдың 70жылдары мен аяқ шені; негізгі өкілдері: Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Ш. Сарыбаев, Ә.
Болғанбаев, Е. Жанпейісов, Т. Жанұзақ, С. Исаев, Ө. Айтбаев, М. Серғалиев, Ж. Манкеева және т.б.
V-кезең: қазіргі когнитивтік парадигмалар – ХХ ғасырдың аяғы мен бүгінгі күндер»[36;17]. Сондай-ақ, Э.Оразалиева еңбегінде «тілтану» парадигмасының қалыптасу кезеңіне сай қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың тілтаным жайлы ой- пікірлері, тұжырымдары жүйеленіп, ғалымдардың адамзат танымы мен тіл табиғатын ұштастыруды көздеген пікірлері сараланған.
Сондай-ақ тілші Сұлтан Жайық Исаұлы «Тілтанымдағы антропологиялық парадигманың Қ. Жұбанов мұраларындағы көрінісі» атты ғылыми еңбегінде тілтаным мәселесіне тың пікірлер қосты. Аталмыш еңбекте Қ. Жұбановтың ғылыми мұраларындағы тіл мен этнос, тіл мен қоғам арасындағы байланыс, тіл және таным, тілдесудегі психологиялық процестер мен шарттылықтар, тіл субъектілері арасындағы гендерлік айырымдар, т.б. тіл табиғаты мен адамзат болмысын бір арнаға тоғыстырған зерттеу амалдары мен ой-пікірлері анықтала отырып, теориялық ұстанымдар арасындағы жаңашыл идеялар сабақтастығы айқындалған[37;7].
Қазақ тіл білімінде тілдің танымдық болмысы жайлызерттеушілер жан- жақты қарастырып, тілдегі таным теориясын қалыптастырды. Сонымен тіл табиғатымен байланысты қарастырылатын таным теориясы – адамның тіларқылыдүниені,әлемді,қоршағанортаны,табиғатпентылсымқұбылыстарды санада бейнелеу нәтижесінде танып-білетін, білімді тіларқылы тереңінен меңгеру және қолдану жолдары мен қағидаларыныңжиынтықжүйесі.