«Қазақ тілі сабағындағы тест түріндегі тапсырмалардың орны»



Дата15.09.2017
өлшемі111,52 Kb.
#32723
Абай Құнанбаев атындағы №6 гимназия мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бекішева Гүлсім Қаязқызының МӘБ жасаған баяндамасы

«Қазақ тілі сабағындағы тест түріндегі тапсырмалардың орны»

Оқу үрдісін жетілдіруді оның құрамды бөліктері болып табылатын оқытудың мақсаты,оқу пәнінің мазмұны,әдістері мен түрі,оларды оқытуда қолданылатын дидактикалық материалдар арқылы жүзеге асыруға болады.Оқушылардың өткен тақырыпты қандай деңгейде меңгергені есепке алынып отырмаса,оның нәтижелі болуы екіталай.Ол нәтижелі болуы үшін, оны бағалай білу керек. Қазіргі кезеңде бақылау,дәстүрлі ,қорытынды сабақтардағы тест түріндегі тапсырмалардың алатын орны ерекше.Бұл тапсырмалар арқылы оқушының жекеленген тақырып бойынша алған білімін де тексеруге болады.Тест түрінің үйретушілік мәніне оқушының игерген білімі,біліктілігі,дағды деңгейін одан әрі жүйелеп жетілдіру,тілі мен ойын,зейіні мен зердесін дамыту жатады.

Тест жұмысының бағыттаушылық мәніне жеке оқушы мен бүкіл сыныпты оқытудың мақсатына қарай жетелеу жатады.Ал тест жұмысын орындау барысында бағдарлама талабына сай оқушының білімі мен біліктілігі,дағды деңгейі тексеріледі.

Оқушылардың жауапкершілік сезімін арттыру,сол арқылы еңбексүйгіштікке,әділдікке,төзімділікке тәрбиелеу тест жұмысының тәрбиелік мәніне жатады.

Орындау барысында тест негізінен мынадай талаптарды қанағаттандыруы тиіс деп ойлаймын:

тапсырмалар мен жауаптары қысқа,қарапайым болуы керек;

қарапайымдылық оқушының тапсырманы тез орындауына жетелейді;

міндетті түрде дұрыс жауап болуы керек;

тест бірнеше нұсқада болса,оның қиындық дәрежесі ,тапсырма сұрақтары бірдей мазмұнда болғаны жөн.

Ал тест материалдары оқу нәтижесі талабына сай деңгейде болуы керек.

Сонымен бірге қиындық дәрежесі жоғарырақ,оқушының алған білімін қолдануы,шығармашылық іс-әрекетті қажет ететін тапсырмалар да болуы тиіс. Тест тапсырмаларын орындауда оқушы білімін бағалаудың екі жолы бар. Тапсырмалардың біріншісі пайызбен,екіншісі ұпай санымен бағаланады. Олар күрделі және логикалық сұрақтардан да тұруы тиіс.Оқығанда оңай сияқты көрінгендіктен,оқушылар ойланбай, тез жауап бере салады.Кейін өздері дұрыс жауапты білгенде,қате жібергеніне өкінеді.

Оқушы тест тапсырмаларын оңай немесе қиын тапсырмалар деп бөлмей, ойлана отырып орындауы керек.Кез келген сұрақ оқушыдан ойланып жауап беруді қажет етеді. Өз сабағымда қолданатын тест тапсырмаларынан мысал келтіруді жөн көрдім.

Мысалы: 1.Құрамында шартты рай етістігі бар жердің атын көрсетіңіз:

А) Барсакелмес

В )Астана

С)Талдықорған

Д) Сарыағаш

Е) Қостанай

«Барсакелмес» сөзіндегі –са шартты райдың жұрнағы.

2.Бүгін сәрсенбі.Бүрсігүні қай күн болатындығын анықтаңыз. А)жұма В)жексенбі С)сенбі Д)бейсенбі Е)дүйсенбі

Бүгін сәрсенбі,ертең бейсенбі,ал бүрсігүні жұма болады.

3.Жұбынан айырылған қатарды табыңыз.

А) т-д


В) з-с

С) қ-ғ


Д) ш-ж

Е) в-п

4.Әріптер «жанұясының» атауын табыңыз.

А) фонетика

В) алфавит

С) сингармонизм

Д) ассимиляция

Е) орфография

Әріптер «жанұясының»атауы алфавит екенін кейбір оқушылар білмей қалуы мүмкін.

5.Жазылу емлесіне емес ,айтылу заңдылығына бағынған сөзді табыңыз.

А) жәй

В) күмән


С) рәсуа

Д )тәкаппар



Е) шай

6. «Жазылады,бірақ оқылмайды»анықтамасы қай әріпке қатысты?

А) а

В) п


С) и

Д) ь

Е) л


«ь»жазылады,бірақ дыбысқа жатпайды.

7.Әліпбидегі 13-ші дыбысты табыңыз.

А) м

В) л


С) й

Д) қ


Е) к

Оқушылардың көбі «й»-ді белгілейді.Өйткені алфавиттегі алғашқы 14 әріп: а,ә,б,в,г,ғ,д,е,ё,ж,з,и,й,к. Мұндағы « ё» дыбысқа жатпайды,сондықтан «к» әрпі 14 орында тұрғанмен, 13-ші дыбыс болып саналады.

8.Қай сөзде дыбыс пен әріп санында айырмашылық бар?

А) алпыс


В)дара

С) жарнама

Д) тас

Е) баяғыда

«я» екі дыбыстан /й+а/ тұрады.

9.Негізінен қазақтың төл сөздерінің соңғы буынында кездесетін терминді табыңыз.

А) рай


В) етіс

С) шырай


Д )екпін

Е) ықпал


10.Ұяң дауыссыздар неге қарай қатаңдармен жұп құрайтындығын анықтаңыз.

А) жазылу ерекшелігіне қарай

В) алфавиттегі орнына қарай

С) өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырауы мен ұшырамауына қарай



Д) жасалу орнына қарай

Е )жуан-жіңішке оқылуына қарай

11. «Морфологиялық принцип» терминінің қай терминмен байланысы бар екендігін көрсетіңіз.

А) грамматика

В) морфология

С) орфография

Д) сингармонизм

Е )сөзжасам

Орфография заңдылығы бойынша сөздер 3принципке негізделіп жазылады. Оларға фонетикалық,морфологиялық,дәстүрлі принцип жатады.Бұлардың ерекшелігі төмендегідей болады.Фонетикалық принцип,негізінен сөздегі қосымшалардың жазылуында ескеріледі.Морфологиялық принцип бойынша,күрделі сөз бен сөз тіркесінің кейбір дыбысы өзгеріске ұшырап оқылса да,жазылғанда түбірлері өзгермей жазылады: жер-көк,жер-гөк емес;көзқарас, көзғарас емес.

Дәстүрлі принцип бойынша,қазақтың байырғы сөздері қазір де бұрынғы қалыптасқан күйінде жазылады: хайуанат,кейуана,белбеу т.б.

Тест тапсырмаларында тұрақты тіркес және мақал-мәтелдер бойынша сұрақтар да кездеседі.

Мысалы:12.Тұрақты тіркесті табыңыз.

А )Ұрлық түбі-қорлық

В) Бірлік бар жерде тірлік бар

С) Сабыр түбі- сары алтын

Д) Жері байдың- елі бай

Е) Қой аузынан шөп алмас

13.Мал шаруашылығына қатысты кәсіби сөздерді табыңыз.

А) найза,садақ,дулыға

В) леген,шаппа,тандыр



С) айыл,ер-тұрман

Д) үшбұрыш,қосу,бөлу

14.Бір-біріне қарама-қарсы ұғымды табыңыз.

А) антоним-синоним

В) диалект сөз-кәсіби сөз

С) омоним-көп мағына



Д) эвфемизм-дисфемизм

Е) архаизм-историзм

Эвфемизм-тұрпайы сөздің орнына қолданылатын сыпайы сөз. Дисфемизм-тұрпайы,дөрекі(мазақтау,кемсіту,қорлау )

Ал келесі сұрақ оңай көрінгенмен,ойлануды қажет етеді.

15.Ұлдың аты-Арнұр.Арнұр кеше қоян атты. Сөйлемдерден түбірі бірдей сөздерді табыңыз.Олар қай қатарға жатады?

А) омоним

В) синоним

С) антоним

Д )ауыспалы мағыналы сөз

Е) көп мағыналы сөз

16.Өзгелерінен басқаша қысқарған сөзді табыңыз.

А) МТС

В) БҰҰ


С) АлМу

Д) ЖШС


Е) ҚР

Бұл күрделі атаудың құрамындағы бірінші сөздің бірінші буыны мен қалған сөздер бас әріптерінен қысқарған.

17.Мағынасы жоқ түбірлерден жасалған күрделі сөзді табыңыз.

А) көкөніс

В) таңертең

С) қара торы



Д) анда-санда

Е) ата-ана

18.Төрт сөзден құралған күрделі атауды табыңыз.

А) бала-шаға

В) Өмірзақ

С) бас киім



Д) ҚазМҰУ

Е) жүз жиырма бес

19.Көптік жалғауы жоқ, бірақ көптік мағынаны білдіретін сөзді табыңыз.

А) мұнай

В) қала


С) дәптер

Д) дос


Е) сөмке

20.Кейде жазылмаса да сөйлемнің мағынасын өзгертпейтін септік жалғауын табыңыз.

А) барыс

В) ілік

С) шығыс


Д) жатыс

Е) көмектес

Алманың ағашы/алма ағашы,мектептің ауласы/мектеп ауласы.

21.Тәуелдік жалғауының алдында келіп өзгеретін дыбыстарды табыңыз.

А) т,с,ш

В) б,г,ғ


С) р,н,й

Д) ж,з,д


Е) п,к,қ

Мысалы: кітап/кітабы,құлақ/құлағы,мектеп/мектебі,есік/есігі

Зат есімнің ішінде тек адамның кім екенін,кәсібін көрсететін сөздерге жалғанатын қосымшаны табу үшін,жалғауларды білу керек.Өйткені жіктік жалғау кез келген есім сөзге жалғана бермейді,тек адамның кім,қандай екенін және кәсібін көрсететін есім сөзге жалғанады.Мен кәсіпкермін,сен ақылдысың,сіз төртіншісіз,ол Премьер Министр т.б.

Оқушылардың көбі адам тегіне қосымшаны жалғағанда қателеседі.Мысалы:Жабаев-Жабаевтың,өйткені соңғы буын бай-жуан.Ал Әуезов-Әуезовтің,өйткені соңғы буын уез-жіңішке.

Тұйық етістікті өткенде,мына сұрақты қоюға болады.

22.Тұйық етістіктің жұрнағы жалғанғанда,қай сөздің түбірінің соңғы екі әрпі өзгерген?



А) баю

В )жаю


С) оқу

Д) жағу


Е) жию

Байы+у=баю

23.Төрт түрлі етістіктен ғана жасалатын шақ түрін табыңыз.

А) нақ осы шақ

В) ауыспалы келер шақ

С) бұрынғы өткен шақ

Д) болжалды келер шақ

Е) жедел өткен шақ

Нақ осы шақ дәл сөйлеп тұрған кездегі іс-әрекетті білдіреді.Ол жүр, отыр,тұр,жатыр деген қалып етістігінің жіктелуі арқылы жасалады.

24.Тырнақшаға алынып жазылатын жалқы есімдерді көрсетіңіз.

А) Қарағанды,Жетісу

В) Амангелді,Ақбота

С) Адай,Балбырауын

Д) Іле,Лепсі

Е) Балқаш,Зайсан

Күй,ән,өлең атаулары тырнақшаға алынып жазылады.

25. Ойдың иесі айтылмаған сөйлемді табыңыз.

А) Адам ұлы адамша өмір сүрсін.

В) Алтын сағат.

С) –Қанат,кел жоғары шық!

Д) Қол қусырып босқа отырма.

Е) Әкеме бұны айтпау керек.

26.Өзі «жуынып,киініп,таранатын»етістің түрін анықтаңыз.

А)өзгелік етіс

В)өздік етіс

С)ырықсыз етіс

Д)ортақ етіс

Е)есімше

26.Әлі тәуелсіздік алмаған есім сөздерді белгілеңіз.

А)көмекші есімдер

В)дара зат есімдер

С)жалқы есімдер

Д)негізгі зат есімдер

Е)деректі зат есімдер

27.Сан есім мен зат есімнен бірігіп жасалған ұлттық ойынның атауын белгілеңіз.



А)Тоғызқұмалақ

В)Қыз қуу

С)Көкпар

Д)Қазақша күрес

Е)Бәйге

28.Тек тілегін,арманын,талабын ғана білдіретін етістіктің түрін анықтаңыз.



А)ашық рай

В)шартты рай

С)көсемше

Д)бұйрық рай



Е)қалау рай

29.Металл атауы мен етістіктің бірігуінен жасалған жалқы есімді табыңыз.

А)Алматы

В)Жезқазған

С)Қызылорда

Д)Шымкент

Е)Ақтау


30.Бірде зат есім,бірде етістікті білдіретін сөзді белгілеңіз.

А)сөйлеу


В)көру

С)айту


Д)бару

Е)оқтау

Оқушылармен тест тапсырмаларын орындау кезінде «Шың» немесе басқа қосымша кітаптарды қолданамын.Олармен қиын тест тапсырмаларын қарастырып,күрделі,логикалық сұрақтарды да талдаймыз.

Қазіргі кезеңде қазақ тілі сабағында қолданылатын тест тапсырмаларының түрі көп. Тест тапсырмаларын орындау барысында сәйкесін табыңыздар,көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қойыңыздар деген тапсырмалар да кездесуі мүмкін. Менің ойымша,оқушы тапсырмаларды орындау барысында тест сұрағын мұқият оқып шығып,ойланып болған соң ғана,жауабын белгілеуі тиіс.

Қолданылған әдебиеттер:

1.Күрделі және логикалық сұрақтар.Қ.Ибрагимов,2014ж

2.Түсіндірмелі тест тапсырмалары.Қ.Ибрагимов,2014ж

3.Қазақ тілінің практикалық грамматикасы. «Арман-ПВ»,2003ж



4.Қазіргі қазақ тілі.С.Исаев.«Өнер»,2007ж

5.Қазақ тілі.Қ.Ибрагимов. «Шың»,2009-2014ж

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет