Етістікті оқыту әдістері.
Семантикалық мәні жөнінен тіліміздегі ең бай сөз табының бірі – етістік. Ол қимыл-қозғалысты білдіреді. Ал қимыл жүйесінің мәні түрліше. Оларға адамның еңбек әрекеті, адамның, заттың, қозғалысы, адамның сезім күйі, ойлау жүйесі, әр алуан табиғи жай-күйі жатады. Оқыту барысында етістіктің осындай мән мағналары айқын мысалдарды талдау арқылы танытылады. Осыдан келіп оқушылар етістік қимылды, істі білдіреді деген жинақтық ұғымнан гөрі кеңірек, толығырақ түсінік алады.
Етістік – грамматикалық формалары бойынша да маңызды, әрі күрделі сөз табына жатады. Сөйлем құрау, ойды ұйымдастыру жөнінде етістіктің синтаксистік мүмкіншілігі мол. Демек, етістік екі бас мүшенің бірі (баяндауыш) болып қызмет атқарады. Сөйлемдегі сөздермен байланысқа түсуіне қарай, ол сөйлемнің барлық мүшесі ретінде де жұмсалады. Сондай-ақ етістік сөз тіркесін жасауда ерекше орын алады. Ол сөз тіркесінде меңгерушілік қызмет көрсетеді.
Етістік бастауыш сыныптың бәрінде де оқытылады. Бұларда етістік заттың қимылын, ісін білдіреді деп мағлұмат беріледі. Бастауыш мектепте етістік егжей-тегжейлі түрде өтіледі. Етістіктің жақпен, шақпен, жекеше, көпше айтылатыны, негізгі, туынды түбірлері, дара, күрделі құрылымы үйретіледі. Бұл мағлұматтарды оқытуда бағдарлама ерекше талап қояды. Оқушылар етістік туралы үйренген ережелерді айтып берумен бірге, олар етістік сөздерді, оның түрліше формаларын өз сөзінде, жазуында еркін қолдана алатын болуы тиіс. Етістікті қатыстырып сөз тіркесін құру, сөйлем құрастыру дағдыларын игеріп және етістік сөздерді қатесіз жаза алу керек. Етістіктің мәнін, формасын тануда сұраққа сүйену, сұрақты дұрыс қоя білу талабы орындатылады. Бастауыш сыныпта етістік заттың қимылын білдіреді деген ұғыммен шектелмей, оның заттың ісін де білдіретіні мысалдар талдау, көрнекі құрал пайдалану жолдарымен түсіндіріледі. Осылайша етістіктің лексикалық мәні әр алуан болатыны турасында оқушылар бастапқы түсінік алады.
Қазақ тілінің бағдарламасы бойынша етістік материалдары төмендегідей жүйемен қарастырылады.
5-сыныпта етістік, негізгі, туынды етістік, есімдерден, еліктеу сөздерден етістік тудыратын жұрнақтар, болымды, болымсыз етістіктер оқытылады. 6-сыныпта сабақты, салт етістіктер, негізгі жне көмекші дара және күрделі етістіктер, есімше, оның түрлері, жасалу жолдары, есімшенің көптелу, септелу, жіктелу арқылы түрленуі, жіктелуі, сөйлемдегі қызметі түсіндіріледі.
Етістікті оқытуда алға қойылатын әдістемелік талаптар бар. Ең алдымен, оқушылардың бұрын меңгермеген біліміне негізделіп оқыту жүйесі қатаң ескеріледі. Дегенмен бұрын оқылған сабақты толғаусыз қайталаудың пайдасы жоқ. Оқушының біліміне, дербес белсенділігіне сүйеніп, жаңа тақырыптық ұқсас ұғымы ашылады. Одан әрі зерттеліп отырған материалдың өзіндік мәні, ерекшелігі кеңейтіле әрі оқушы мағлұматы толықтырыла талқыланады.
Оқушыларға тәжірибе жұмысын жасатқанда да, олардың бастауыш сыныпта үйренген дағдысы дамытыла түседі. Бірте-бірте өз бетімен орындау талаптары арттырыла береді. Оқылған материалдарға арнап өздігінен кесте жасау, сызба сызу жұмыстары үйретіледі.
Етістікті талдау сабағын оқушыларға сұрақ қойып, етістік мағынасын еске түсіру жолымен басталады. Одан соң тақтада сөйлемдер талданып, етістіктер таптырылады. Етістіктердің жақтық, шақтық мәндерін де ескереген жөн. Баяндауыш қызметіндегі етістікті түбір күйінде де ендіріп, оның екінші жақтық әрі бұйрықтық мәнін ұстап тұрғанын аңғартқан жөн. Сабақ нәтижесінде етістіктің мәні, үш жақта айтылатыны, негізгі сұрақтары түсіндіріледі. Осы тұста зат есімнің септік жалғаулары аталады. Табыс септігінің мәні, сұрағы, жалғаулары, жете пысықталады. Сөйтіп сөйлемдегі табыс септік сөздер таптырылады. Бұл жерде сабақты етістік табыстан басқа септікте тұрған сөзбен байланыспайды деген жаңсақ ұғым тумауы керек. Мәселен, ол үшін Мұрат кітапты оқиды. Мұрат бұны кітаптан оқиды. Сонда оқыды деген сөз кітапты, кітаптан деген екі түрлі септікте тұрған сөзбен байланысып тұр. Демек сабақты етістік табыс жалғаулы сөзді керек етеді және басқа септіктермен де байланысады. Ал салт етістік табыс жалғаулы сөзбен мүлде байланыспайды.
Екі терминнің, етістік пен етістік ұқсастығы оқушылардың етістер туралы түсінігін қиындатады. Айқын мысалдар талдау тәсілімен іс-әрекеттің кімге, неге қатысты екендігіне назар аударылады. Етістік өздік, өзгелік, ортақ және ырықсыз етістер жасайтын –н, -ын, -ін жұрнақтарының бірдей екендігі. Бұл жағдай салыстырмалы түрдегі кестелерді пайдаланып, талдау тәсілімен жете талқылауды қажет етеді. Өзгелік етісті түсіндіру кезінде жұрнақ үстіне жұрнақ жалғана беретіндігін нақты мысалдар арқылы көз жеткізу керек.
Етістіктің болымды және болымсыз түрлерінің мағынасы салыстыру тәсілімен анықталады. Болымсыз етістіктің жұрнағы тек қана етістікке жалғанатынын ашық көрсету керек. Әйтпесе оқушылар формасы сұраулық шылауларға ұқсастығына қарап, шатасуы мүмкін. Бұл арада сұраулық шылау барлық сөз табына тіркесетінін мысалдар арқылы еске түсірген тиімді. Сонда бұлардың дұрыс жазылу емлесін де пысықтайды. –Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе, жұрнақтарымен жасалған туынды етістіктердің бірқатары зат есімге айналып, ауыспалы мағынаға ие болатынын ескеру керек. Бұған шығарма, қазба, сүзбе, шақпа, кеспе деген секілді сөздер куә. Бұл арада күрделі етістіктің өзіндік белгісіне назар аударылады. Әр сөздің бөлек жазылатынына жаттығу жұмыстары арқылы қанығады.
Есімшені таныстыруда әуелі оның етістік түбіріне үш түрлі жұрнақ жалғану арқылы жасалатыны айтылып, жұрнақтары аталып, алынған мысалдары есімшелердің етістік мәнінде тұрғаны байқатылады. Одан кейін есімшенің зат есім, сын есім ұғымында жұмсалатыны мысалда көрсетіледі.
Есімше етістік түбірінен жасала тұра, есім сөздердің орнына қолданылады. Сондықтан оған «етістікше» демей, «есімше» деген атау лайық болып тұр. Есімшенің осындай екі ұдай мәнін білдіру үшін, бір ғана «оқы» етістігіне –ған жұрнағын жалғап, оны сөз тіркесінің немесе сөйлем құрамында қарастыруға болады. Ережеде есімшенің етістіктің де, есім сөздердің де қызметін атқаратындығы түсіндіріледі. Есімше етістік болғанда, сөйлемде баяндауыш болатыны, ол жағдайда жіктеліп қолданылатыны аңғартылады. Жіктік жалғау есімдердің жіктелу үлгісінде болатыны және есімшенің зат есім сияқты көптік, тәуелдік, септік жалғау арқылы түрленетіні белгілі. Сөйлем мүшесі болу жағынан да есім сөздер анықтауыш, толықтауыш қызметін атқаратыны мысалдар талддау, көрнекілік арқылы жете ұғындырылады.
Көсемше етістікті мына жоспарда таныстыруға болады. Көсемшенің жұрнақтарын көрсету. Сөйлемдегі орнымен таныстыру. Сөйлемлегі қызметін түсіндіру.
Бұл кезде тақтаға бірнеше сөйлем жазылып, олар сөз табына талданады. Көсемшелер айрықша қарастырылып, жұрнақтары ажыратылады. Көсемше күрделі етістік құрамында негізгі етістік болып тұрғаны, одан соң көмекші етістік келетіні көрсетіледі. Олардың орындарын ауыстыруға болмайтыны тәжірибе тәсілімен байқалады.
Көсемшенің сөйлемдегі қызметіне ерекше назар аударылады. Дара күйде пысықтауыш және баяндауыш болатыны, күрделі баяндауыштағы негізгі ұғымға ие екндігі түсіндіріледі. Ал құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компанентіне баяндауыш болатыны ішінара мысалмен ескерткен жөн.
Оқушыларға етістіктің шағы, райы деген грамматикалық терминдердің мәні онша түсінікті бола бермейді. Сондықтан бұл ұғымдардың мәнін, олармен синонимдес сөз табу жолымен, әрі сөздерді сөйлем ішіндегі атқарып тұрған ісіне қарай бағалау тәсілімен түсіндірген тиімді болады.
Сабақты сатылай оқыту үлгісімен етістік шақтарын меңгерту.
1.Сабақтың түрі: жаңа білім беру сабағы.
Сабақтың әдісі: баяндау, әңгімелесу.
2.Сабақтың тақырыбы: етістіктің шақтары туралы түсінік.
Сабақтың білімділік мақсаты: етістіктің шақ категориясы туралы мағлұмат беру; шақтық мағнаны білдіретін етістіктердің құрылымымен ұғындыру.
Дамыту мақсаты: етістіктің қолданыстағы маңызын, қызметін аша түсетін жаттығулар арқылы оның күрделі, ауқымы кең сөз табы екндігіне көз жеткізу, етістікті басқа сөз табымен байланыстыру.
Тәрбиелік мақсаты: етістіктің іс жүзінде қолданылуын игерту, байланыстырып сөйлеуге жаттықтыру. Қазақтың ұлттық дәстүрін, салтын үйрету. Адамдар бір-бірінің жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін түсіне отырып, бір-біріне қамқорлық жасауын үлгі ету.
Сабақтың көрнекілігі: шақтық мағынаны білдіретін етістіктердің морфологиялық құрылымын, жасалу жолын көрсететін кестелер.
3.Сабақтың барысы:
1.Сабақтың тақырыбы мен, мақсатымен таныстыру.
Мұғалім:-Балалар, бүгін етістіктің шақтары туралы жаңа сабақ өтеміз. Сабақтың мақсаты шақтық мағынаны білдіретін етістіктердің жасалу жолын, морфологиялық құрылымын білу. Ондай етістіктерді басқа сөз табының сөздерімен байланыстырып, сөз тіркесін, сөйлем түрлерін құрастырып үйрену.
2.Бақылау. Мұғалім: - Балалар тақтадағы күннің атын, сабақтың тақырыбын дәптерлеріңе жазып қойыңдар. Өздерің көріп отырған көрнекіліктер де, қосымша құралдар да осы тақырыпқа арналған.
3.Еске түсіру.-Қай сабақты өтсек те, оқу материалдарының, түрлі ұғымдарын бір-бірімен байланысты екенін аңғарып келеміз. Жаңа сабақ болғанмен, бұл сабағымыз да -өтілген сабақтардың жалғасы. Неге бұлай?-деп сұраймыз.
Балалар: - Өйткені осының алдындағы сабақтарда біз етістікті қайталағанбыз.
-Қандай тақырыптарды қайталап едік?
Балалар:-Етістіктің ерекшелігін, оның етістіктерін және көсемше, есімше түрлерін қайталадық.
-Балалар, бұларды жайдан-жай қайталаған жоқсыңдар, өтілетін етістіктің шақтары да осылар мен байланысты. Яғни етістіктің жіктелуінің есімше, көсемше тұлғаларының шақтық мағынаны білдіруге қаншалықты қатысын бүгінгі сабақта анық байқайсыңдар.
4.Оқу материалының мазмұны мен таныстыру.
Мұғалім:-Балалар, етістіктің қимыл, іс-әрекет белгілі бір кезеңде асатынына назар аударасыңдар. Ал қимылдың ету кезеңі сөйлеуші кісінің хабарлау кезімен немесе сөйлеп тұрған сәтімен айқындалады. Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты істелген қимылдың, іс-әрекеттің мезгілі, шақтың мағынасы мынадай болады:
1)үнемі қайталап отыратын –дағдыға айналған іс-қимыл; сөйлеп тұрған сәтте болып жатқан іс-әрекет;
2)сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимыл, іс-әрекет;
3)лі болмаған, бірақ кейін болуға тиісті қимыл, іс-әрекет;
Мысалы: «Костя мен Митя таудың терістік жағын қарауылдап отыр. Жау бізді өкшелеп қуып келеді. Енді оларға бір соққы беруге дайындалдық. Дөңестен екі-үш жүз метрдей қашықтықта жауды күтеміз.» Бұл сөйлемдердеі қарауылдап отыр, қуып келеді деген етістіктер мезгіл /шақ/ мағынасын білдіруі жағынан бірдей емес. Қарауылдап отыр, қуып келеді деген етістіктер қимылдың сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткенін білдірсе, күтеміз етістігі күту қимылының әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін болатындығын білдіріп тұр.
5.Жаңа материалдың айрықша, маңызды белгілерін ажырату.
Мұғалім:-Балалар, енді етістік шағының өзіне тән маңызды белгілерін тауып, ажыратайық. 2-кестеге қараңдар. Бұл кесте етістік шақтарының морфологиялық тұлғасын, яғни жасалу жолдарын көрсетеді.
6.Жаңа материалдың маңызды белгілерін, ерекше қасиеттерін дәлелдеу.
-Балалар, етістік шақтарының жасалу жолдарын енді сөйлемдерден байқау үшін 3-кестеге назар аударыңдар.
Бұл сөйлемдерден шақтық мағынаны білдіретін етістіктердің жіктелу тұлғасымен берілгенін байқап отырсыңдар ма?
Балалар:-Алдыңғы үш сөйлемдегі етістіктер: жетеді, болады, мінер дегендер –ІІІ жақтық жіктелу тұлғасында, келер шақ мәнінде берілген етістіктер. Жетеді, болады –көсемше тұлғалы етістіктер, ол мінер – есімше. Кездесерміз деген сөз – бірнеше жақта жіктелген, есімше тұлғасымен берілген келер шақ мәніндегі етістік. Шығып кетті-үшінші жақта, тұрып қалыппын бірінші жақта тұрған өткен шақ мәніндегі етістіктер. Ашып жатыр деген сөз-үшінші жақта жіктелу ретімен берілген осы шақ мәніндегі күрделі етістік.
7.Айнымалы бөлімдер: оқулықпен, дидактикалық материалдармен жұмыс-ауызша, жазбаша жаттығулар.
Мұғалім:-Балалар, енді оқулықтарыңды ашыңдар. Етістік шақтарына арналған жаттығуларды қарастырайық. Бірінші жаттығуды үш топқа бөлініп ауызша орындайсыңдар. Етістіктерді тауып, қай шақты білдіретінін ажыратыңдар. Текстің мазмұнына көңіл қойып оқыңдар. Ондағы қазақтың әдет-ғұрпына, адамгершілік қасиеттеріне назар аударыңдар. «Болар бала басынан» дегендей, Сәкеннің жас кезінен басталған кісілік, азаматтық қасиеттерін, өздеріңе үлгі етіңдер.
8.Логикалық ой қорытындысы: оқушылардың ереже-тұжырымдарды қорытып айту.
Мұғалім:-Балалар, сонымен етістік шақтары деген не болды? Қане, қайсың қорытынды пікір айтасыңдар?
Балалар:-Біз бүгінгі сабақта етістіктің шақтарымен таныстық. Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болу мезгілі үш түрлі болады екен. Сөйлеп тұрған сәтте болып жатқан қимылды осы шақ дкйміз, әлі болмаған, бірақ кейін болатын қимыл, іс-әрекетті келер шақ дейміз, ал сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимылды өткен шақ дейміз.
9.Пайдалану: жаңа материалды қалай түсінгені туралы оқушылардың өзіне-өзі есеп беруі.
Мұғалім: «Ал, балалар, енді қойылған сұрақтарға жеке-жеке жауап беріңдер, түсінбеген жерлерің болса, сұрап алыңдар. Тағыда оқулықты ашыңдар. Келесі жаттығудағы етістіктердің жасалу жолдарын жеке бір оқушы айтады және сондай тұлғалы етістігі бар сөйлемдер құрастырады. Әр оқушы өзінің ой қорытындысын, пікірін, қалай түсінгенін көрсетеді.
Мұғалім: Енді грамматикалық ойын өткіземіз. Ойынның аты- «шақ жарысы». Ойын сыныптағы үш қатар бойынша жүреді. Әр қатардың аты болады. Бірінші қатардың аты -осы шақ, екінші қатардың аты -келер шақ, үшінші қатардың аты -өткен шақ. Әр қатарда өзінің атына сәйкес сөйлейді. Мұғалім түбір етістіктерді хабарлап тұрады, ол әр қатар оларды шақтық мағынамен айтады. Жеңген қатарға «Жұлдыз» не «Жалын» деген жақсы ат беріледі.
Үлгі: Мұғалім:-Жаз, көмектес, айт, жүр, көр.
Достарыңызбен бөлісу: |