Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ПӘНІ



бет26/54
Дата11.06.2024
өлшемі357,38 Kb.
#203316
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   54
Байланысты:
С Рахметова Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту әдістемесі

7 СЫНЫПТАН ТЫС ОҚУ


Сыныптан тыс оқуды белсенді ұйымдастырушы және оны басқарушы да мұғалім болуға тиіс. Сондықтан мұғалім өз оқушыларының кітапқа деген ынтасын үнемі арттырумен бірге, олардың қандай кітап оқуға тиіс екендіктеріне де бағыт беріп отырады. Балалар бастауыш сыныпты бітіргенде, кеңес ақын-жазушыларының белгілі шығармаларымен таныс болулары қажет екенін де үнемі ескертіп отырады
Сыныптан тыс жұмысын балалар мектепке келген кезден бастаған жөн. Өйткені сауат ашу кезінде оқушылардың ақыл-ойын, тілін дамыту жұмыстары балаларға түрлі түсті суретті кітапшаларды көрсету арқылы дауыстап, мәнерлеп оқи отырып жүргізіледі.
Екінші сыныптан бастап мұғалім балаларға мектеп кітапханасынан алған кітаптарды бере бастайды. Оларға кітапты дұрыс ұстап, күте білудің ережелерін үйретеді: кітаптың сыртын қаптау, оқыған кезде кітап беттерін бүктемеу, кітап беттерін су немесе кір қолмен ұстап парақтамау т.б. Мұғалім бұл ережелерді анық етіп жазып, сыныпқа іліп қояды.
Сыныптан тыс оқу оқушылардың кітапты өздіктерінен оқи алу дағдыларын арттырумен бірге, «Ана тілі» оқулықтарындағы шығармалардың мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі. Балалар оқыған шығармаларындағы негізгі ойды аңғара білуге, сол оқиғаға өзінің қалай қарайтынын айтып, кейіпкерлердің әрекетіне баға бере білуге талаптануы керек.
Сыныптағы оқу сабақтарында оқушылар көркем тілмен жазылған шығармалардан басқа тарих, дүниетану т. б. пәндерінен мағлұмат беретін материалдармен танысады. Осындай сыныпта алған ұғым сыныптан тыс оқу кезінде нығая, жетіле түседі.
Сыныптан тыс оқу сабақтарында мұғалім балалардың қандай кітаптарды оқығандарын біліп отырумен қатар, алдағы уақытта не туралы оқығылары келетінін де есепке алуы қажет.
Бастауыш мектептердегі сыныптан тыс оқудың мазмұны мен ұйымдастыру жолы жөнінде жаңа бағдарламаның жобысында былай делінген: «Сыныптан тыс оқудың мақсаты: баланың сыныптан тыс оқуы арқылы барлық пәннен алған білімін тереңдете түсу, кітаптан өзіне қажетті материалды, кітапханадан керекті кітапты іздеп тауып алуға көмектесу; өз бетімен жұмыс істеу дағдысын нығайта түсу; оқиға, білуге ыетасын, құштарлығын арттыра түсу; баланың эстетикалық және дүние тану құмаорлығын арттыру.
Сыныптан тыс жүргізілетін оқуды ұйымдастырудың ең негізгі қағидасы – оның сыныпта жүргізілетін оқумен тығыз байланысты болуы. Оқушының сыныптан тыс оқитын кітаптары сыныпта өтілетін сабақтардың жалғасы түрінде ұсынылады. Оны мұғалім күнделікті оқу, дүние тану, бейнелеу өнері, еңбекке баулу т.б. сабақтарында және оқу бойынша жүргізілетін қорытынды сабақтарда сұрап, сыныпта оқығандарына байланыстырып отырады...»
Сөйтіп, сыныпта оқу сабағы жақсы ұйымдастырылса, онда көп мәселелер жөнінде әңгімеленсе, балаларды мұғалім осы мәселелер жайында тағы да біле түсуге қызықтыра алса, сыныптан тыс оқу сабағы да нәтижелі өтеді. Оқушыларға қандай кітаптарды оқу керектігі, олардыңтізімі беріледі. Мысалы, сыныпта М.Әлімбаевтың «Ұқыпты бала» және «Ұқыпсыз бала» өлеңдері оқылды делік, оның жалғасы ретінде «Ұқыпты оқушы» өлеңін оқытуға болады. Немесе «Совет Армиясы» бөліміндегі Т. Бигелдиновтың «Қаһарлы күндерде» әңгімесін оқығаннан кейін, сөз жоқ, оқушылар Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған, ұшқыш Т.Бигелдиновтың балалық шағы жөнінде білгілері келеді. Ол үшін мұғалім С. Бақбергеновтың «Талғат» атты кітабынан үзінді беруіне бо­лады.
Сыныпта оқушылар жазушының бір шығармасынан үзінді оқыса, сол шығарманы толықтыра оқу сыныптан тыс оқуда іске асырылады. Кейде белгілі ақын-жазушылармен балаларды толығырақ таныстыра түсу мақсатында оның сыныпта оқылғаннан басқа шығармаларымен сыныптан тыс таныстыруға болады. Мысалы, Ы. Алтынсаринның «Әдептілік» әңгімесін оқығаннан кейін, оның «Баланың айласы», «Аурудан аяған күштірек», «Өтіріктің залалы» т. б. әңгімелері сыныптан тыс оқуға беріледі.
Кейбір жекелеген шығармаларды сыныптан тыс оқу сабағында да талдауға болады. Онда талданатын шығармалардың тәрбиелік жағы күшті болуы қажет.
Оқушылардың кітап оқуға қаншалықты ынталы және бейім екендіктерін білу үшін мұғалім олардың әрқайсысымен оқыған кітаптары жөнінде жеке әңгімелеседі; салған суреттерін, жазып алғандарын қарап, — бүкіл деректермен жеке танысады. Кейде кітапханадағы карточкасын қарап көруге де болады. Осындай ыждағатты тексерудің нәтижесінде, балалардың қайсысы қандай тақырыпты жақсы көретіндері байқалады. Кейбір бала ертегілерді, кейбіреулері ерлік жайлы шығармаларды, ал бірсыпырасы қиял-ғажайып ертегілерін т. б. ұнатады.
Осыдан кейін мұғалім балаларды бір жақтылықтан сақтандыру мақсатымен, оларды басқа тақырыптарға қызықтыру жолдарын іздестіреді.
Балаларға сыныптан тыс оқуға арналған тартымды кітаптарды іріктеп немесе жаңадан шығып жатқан шығармалардың ішінен іріктеп ұсынады, әдемі суреттермен безендірілген кітап жаймаларын, түрлі әдеби ойындар ұйымдастырады т. б.
Сыныптан тыс оқылуға тиісті кітаптардың тізімі бір тоқсанға арналып әр тоқсан сайын ұсынылып отырады. Балалардың оқуға ынтасын арттыру мақсатымен мүға­лім ұсынып отырған кітаптарының ішінен кейбір оқиғаларды бастап айтып, «одан әрі не болатынын осы кітапты оқып білесіңдер» деп аяқтайды. Кейде кітаптың сыртындағы немесе ішіндегі кейбір әдемі суреттерді көрсету арқылы да қызықтыруға болады. Ал енді бір жағдайларда шығарманың, кітаптың атын, авторын ғана айтып, оның осылайша неге аталғанын білуді тапсыруға болады.
Бастауыш сынып оқушыларын оқуға қызықтыру үшін V—VI сынып оқушыларының да көмегі зор. Өздерінің кішкене бауырларына бұрын оқыған кітаптары, әңгіме, ертегілері жөнінде, өздеріне ұнайтын жазушылар жө- нінде әңгімелеп айтып берсе, олар сол кітапты өздері де тауып оқиды.
Оқу жылы аяғында балаларға жазғы демалыс кезінде оқитын кітаптарының тізімі беріледі де, оқу жылының басында сол көрсетілген кітаптардың қайсысын оқыған-оқымағандарын тексереді. Олардың оқыған кітаптары туралы жазғандарын, әсерлерін, пікірлерін, кейбір үзінділерді, кейіпкерлердің аттарын, суреттерін т. б. қарайды, оқытады.
Міне, осындай жұмыстардан кейін қосымша оқуға тиісті кітаптардың тізімі беріледі. Мектептерде ана тілі сабақтарының өтілу жайы мен сыныптан тыс оқудың мазмұнына сай, бастауыш сынып оқушыларымен мынадай жұмыстар орындауға болады:

  1. Көркем шығармаларды (бір шығарманы немесе тақырыбына қарай топталған бірнеше шығарманы), ертегілерді, мақалаларды талдау.

  2. Күнделікті баспасөздегі («Балдырған», «Ақ желкен», «Зерде» журналдары мен «Ұлан» газеті) мақала­ларды оқу.

3) Кітаппен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру. Көркем шығармаларды талдау үшін сюжетті әңгімелер қолайлы.
Оқушылардың өз беттерімен оқитын шығармаларына сұрау берудің қажеті жоқ, олар өз беттерінше қорытынды шығарғандары жөн, яғни әркімнің өз оқығандары жөнінде өз көзқарастары болғаны дұрыс. Кейде оқы-ғандары жөнінде жолдастарынан сұрау, пікір алысу т. с. с. тыйым салынбайды.
Сыныптан тыс оқу сабақтарында көрнекі құралдар қолданудың да пайдасы мол. Мұнда да шығармада кездесетін қиын сөздер түсіңдіріліп отырғаны жөн.
Сыныптан тыс оқуда бір жазушының шығармасын талдауда сол жазушының өмірі мен қызметінен толығырақ мағлұмат беруге болады. Мұндай сабақ шамамен былай ұйымдастырылады:
а) мұғалім немесе балалардын, бірі жазушы жөнінде қысқаша әңгімелеп береді;
ә) жазушының балаларға таныс кітабы я шығармасынан үзінді оқылады, кейде бір шығармасынан әдеби монтаж, ойын ұйымдастыруға да болады.
Бірінші сабақта сол жазушының өмірбаяны туралы айтылып, оның балалар оқыған шығармасы жайлы қысқаша әңгімеленеді де, басқа бір шығармасы тағы оқуға тапсырылады.
Екінші сабақта оқуға берілген шығарма талқыланады, ал үшінші сабақта қорытындыланады.
Жоғарыда бастауыш сыныптарда балалар ертегі оқуға өте құмар келеді дедік. II—III сыныптарда көбіне жануарлар туралы ертегілерді жақсы қөреді. Мұндай сабақтарға көрнекі құралдарды балалардын, өздеріне жасатуға болады. Бірқатар ертегілер жөнінде шыққан сурсттер де бар («Түлкі мен бөдене» т. б.), ал көптеген ер­тегілер бойынша диафильмдер жасалды.
II — III сыныптарда оқу үшін ұсынылатын материалдарды мұғалім өзі іріктейді , ал IV сыныпта балалар өздері іріктеп алады.
Оқушыларды газетпен таныстыру сабағын мына сияқты жүйемен жүргізуге болады:
а) балаларды өздерінің «Ұлан» газетіне қызығатындай етіп, газеттегі басылған мақалалардан үзінді
келтіре отырып (балалардың, мектептегі, үйдегі іс-әрекеттері мен еңбектері, пионерлердің өз мектебіне, совхозына, қаласына, ата-анасына қандай көмек көрсеткендері т. б.), әңгіме ұйымдастыру (балалар газетті оқи ма,
ондағы мақалаларды түсіне ме, қандай мақалалар ұнайды т. б.).
ә) газетті кімдер шығаратынын, қай жерде, қай күндері шығатынын, қай кездсн бастап шыға бастағанын айту.
б) «Ұлан» атты газетінің кезекті номерінің құрылысымен (макетімен) және мазмұнымен таныстыру.
Мұндай сабақтарда қажет жерлері болса, географиялық карта, кітап жаймасы т. б. болғаны жөн.
«Балдырған» журналымен таныстыру сабағында журналдың қітаптан айырмашылығы (ай сайын шығып тұратыны, тақырыптарының алуан түрлілігі) айтылады. Балаларды өз беттерімен кітап оқуға үйреткен кезде мұғалім оларға кітаптың маңызы, оқу мәдениеті, оқу ережелері т.б. жөнінде үнемі ескертіп отыруы қажст.
Сыныптан тыс оқуды есепке алып, тексеріп отыру жөнінде жоғарыда да айтқанбыз. Оған қосымша, оқыған кітаптары жөнінде оқушыларға күнделік жаздырып үйретудің де орасан зор тәрбиелік мәні бар екенін еске сала кетудің артықтығы болмаса керек. Бұл — балаларды ойларын жинақы, өз сөздерімен жаза білуге дағдыландырады, жазу қабілетін жетілдіреді. Күнделікке кітаптың аты, авторы, шыққан жылы, оқығаны қандай мақала екені және ол жөніндегі өзінің пікірі жазылуға тиіс.
II—III сыныптарда балалар оқыған кітаптарының ав­торы мен атын, шыққан жылын жазып, өздеріне ұнаған кейбір оқиғаларға сурет салып қояды, ал IV сыныпта осыларға қосымша, өз пікірін жазып отыруы керек.


Сұрақтар мен тапсырмалар:


1. Сыныптан тыс оқудың маңызы мен мақсаты жөнінде айтыңыз.
2. Сыныптан тыс оқуды ұйымдастыру жөнінде не білесіңдер?
3. Сыныптағы оқу мен сыныптан тыс оқуды салыстырыңыз, олардың ұқсастық жақтары мен айырмашылықтарын айтыңыз.
4. Сыныптан тыс оқуды ұйымдастыру барысында қандай әдістемелік ұсыныстарды ескерер едіңіз?
5. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, А.Асқарбаеваның сыныптан тыс оқуға арналған кітабын және балаларға арналған көркем шығармаларды пайдаланып, «Туған халқымыздың ерлігі» тақырыбына сыныптан тыс оқу сабағының конспектісін жазыңыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   54




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет