Қазақ тілінде «мәтін» терминінің кең қолданыла бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Мемлекеттік терминологиялық комиссияда «текст» және «мәтін» терминдерін тең дәрежеде бекіткен, бірақ мәтін сөзі қолайлы термин болғандықтан, жаппай қолданысқа түсті. Тілімізге дендеп ене бастаған мәтін сөзінен «мәтінтаным», «мәтінтану», «мәтінтанушы» секілді бір-неше жаңа баламалар туындады. Бірақ бұ-рыннан қалыптасып, тіл білімінде өте жиі қолданылатын «контекст» термині көпке дейін баламасы табылмай, соңғы кездерде ғана «мәнмәтін» сөзі балама ретінде ұсынылып, біртіндеп қолданысқа ене бастады. Бірақ подтекст сөзі «сөз астары» деп, «жол арасы мағынасы», «жанама мағына» деп әртүрлі айтылып жүр.
Мәтінді тану, оның тілдік табиғатын ашу соңғы уақыттардағы жалпы тіл білімінде, шетел тіл білімінде өндірте зерттеліп келе жатқан сала болып табылады. «Мәтін» деп нені тануға болады деген сауалдан басталып, әр жанр, стильге тән мәтіндерді талдау, мәтінтүзуші факторларды анықтау, оны тұтастай жүйе ретінде алып қарастыру, бөлшектерге, сегменттерге бөлу, бүтін мен бөлшек арасынан логикалық байланысты көре білу, таба алу, т.б. мәселелер мәтінді лингвистиканың зерттеу нысаны дәрежесіне көтерді.
Қазақ филологиясында мәтінді талдау көпке дейін әдебиеттану нысаны ретінде ғана қарастырылып келгені белгілі. Мәтінтанудың бір саласы текстология ғылымының өзі тұтасымен әдебиетшілердің мойнына жүктеліп келгені сондықтан. Ал әдебиетшілер арасында мәтінтануды фольклортанумен тең санайтын пікірлер бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Шын мәнісінде мәтінтану мәселесін, оның негізгі категориясы мәтінді лингвистикалық тұрғыдан сараптау, анализ жасау қазақ тіл білімінде күрделі де қиын және қолға кеш алынған мәселе екені белгілі.
Мәтінтану мен мәтінге тілдік талдау жүргізу кеш қолға алынғандықтан, мәтін-тану ғылымы мен мәтінталдау ғылымы терминдерінің тұтас жүйесі жоқтығы, көбінің баламасы табылып, тілде толық орныға қоймағаны, ғылыми басты ұғым-дары туралы түсініктің қалыптаса қоймағаны белгілі. Бірақ осы бағытта соңғы жылдары зерттеушілер ізденісі арқасында тың баламалар ұсынылуда. Жұмыс жазу барысында мәтінтану мен мәтінталдауға қатысты кейбір терминдердің баламалары ұсынылды. Мәтінталдау мәтінтудырушы тілдік тұлғадан бастап, көркем шығарманың өзін түзуші белгілерді, мәтінтүзілімге қажетті тілдік бірліктерді, мәтіндік бөліктерді талдаумен бірге, қабылдаушының тілдік құзіреті қарастырылатын, түрлі тілдік кеңістігі зерттелетін сала болса, мәтінтанулық зерттеулердің маңызы басқаша болып келеді. Мәтінтанулық зерттеулердің маңыздылығы бір ғана құжаттың, мәтіннің дәлдігі мен нақтылығын қалпына келтіру барысында тарихи шындықты, тұтас бір дәуірдегі тілдің күй-қалпын танытатындай мүмкіндігі болудан байқалады. Ал шығарма иесі мен ол дүниеге әкелген туындының тілдік сипатын ашу деген – тұтас бір тарихи кезеңге тән тілдік, көркемдік-стильдік ерекшеліктерді анықтаумен бара-бар. Яғни мәтінтану да, мәтінталдау жүргізу де қай жағынан болмасын өзекті болып табылатынына дау жоқ. Мәтінтану («текстология») ғылымдағы нақтылықтың, дәлдіктің көрсеткіші іспетті аса маңызды сала болумен өткен мен бүгіннің арасын жалғастырудың құра-лы, тіл тарихының ұзақ та күрделі жолының нақты көркеткіші. Мәтінтанудың маңызы зор, өйткені: «Текстология изучает историю текста того или иного произведения. Этим произведением может быть и исторический документ и художественное сочинение» [1, С. 5].
Мәтінтану барысында ұстанатын өзіндік принциптер болады. Ол жаңа және көне мәтіндерді тануда әртүрлі жолды ұстанудан келіп туындайды. «В новой литературе имеет научную ценность прежде всего история текста в руках его автора. В литературе древней (русской, славянских, западноевропейских и восточных) имеет значение не только «авторкий» период жизни произведения, но и весь последующий», - дейді бірден-бір белгілі мәтінтанушы академик Д.С. Лихачев [1, С. 5]. Дегенмен, қазақ көне мәтінінінің проблемасы бұлардан бөлек. Өйткені, қазақтың көне мұраларын зерттеудің әдістемесі бөлек болуы тиіс. Олай болуы, қазақ мәтіні клсассикалық филолологияда ұстанымға айналған, дағдылы түрде қолданылып келе жатқан дәстүрлі мәтін зерттеу әдістемесіне сәйкеспейді. Өзге озық жұрттың бұл саладағы тәжірибесіне көңіл қойсақ, оларда хат мәдениеті ерте дамығандықтан, ең басты принцип – жазба нұсқа (автограф, тізбе т.б.) болуы. Ал біздің қолымызда, басқасын айтпағанда, ұлы Абайдың да өз қолтаңбасы жоқ, әзірше Мүрсейіт қолжазбасына арқа сүйеп отырмыз. Ал одан бертінгі, ХХ ғасыр басындағы қуғын-сүргінге түскен қазақ оқығандарының да көбінің қолтаңбалары сақталмаған. Фольклорлық мұра мен аты бүгінге жеткен ақын-жырауларымыздың негізгі туындылары ел аузынан ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында ғана жазылып алынған, кітап болып тасқа басылуы тіптен бертін. Сонда тығырықтан шығатын жол бар ма, болса ол қандай жол. Авторграфы жоқ, бірақ бізге жеткен мұраларды зерттемей отыра береміз бе? Осы орайда қазақ филологиясына «ауызша-жазбаша мәтін» деген жаңа әдістемелік бағдар алуды дұрыс деп санаймыз. Әрине, осы қос ұғымды атаудың соңғы «жазба» сыңары классикалық ұғымдағы автограф-тар (қолжазба, тізбе немесе тізім, көшірме), әр жылдары жарық көрген басылымдар болмақ. Басылым неғұрлым көне, жарық көрген уақыты әрірек болған сайын – соғұрлым мәтінтану тұрғысынан бағалырақ болмақ. Әрине, бұл жерде жазба нұсқаны шығарушының, редактордың, баспа мүмкіндігінің, т.б. объективті және субъективті факторлардың әсері ескерілуі керек.
Ал ауызша мәтін дегенде неге сүйеніп, нені таяныш етуге болады? Болашақта жан-жақты зерттеп, түйінді тұжырымға келетін бұл түсінікке, ең алдымен, қазақ ауыз әдебиетіндегі дәстүршілдікті атауға болады. Халқымыз қан-шама суырыпсалма, сөзге шешен деге-німізбен, көне мұраларды, мәселен, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар мектебінің өзіндік жаттау, елге жаю (тарату) дәстүрі болғаны сөзсіз. Өйткені, онсыз бұл мұралар ауызша түрді дәл қазіргі біз танып жүргенде «көнеліктерді» бойына сақтай отырып, бүгінге жетпес еді. Ал ол «көнеліктерді» есте ұстаудың, сақтаудың, таратудың кейінгі ұрпаққа жеткізудің өзіндік тілдік құралдары мен амалдары болған. Зерттеу жұмысының негізгі міндеттерінің бірі де осындай қиыннан қиысып, арасынан қыл өтпей, мәтінді ғасырдан ғасырға өзгертпей жеткізген мәтінтүзуші белгілерді анықтау. Екінші мақсат осы тарихи мәтінтүзуші белгілер мен қазіргі мәтіндерді түзуші белгілердің арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды (лексикалық, грамматикалық жақтан) айырып көрсетуге ұмтылу. Мысалы, қазіргі кезде «штамп», «қайталама» деп, үлкен күмәнмен қарап келген тұтас шумақтарға қазіргі мәтін және мәтінтану тұрғысынан екі түрлі көзқараспен қарап, бағалауға болады. Мұра ретіндегі көне мәтіндерді тану барысында аталған тұтас шумақтарға автордың өзіне дейінгі танымал ақындардың шығармашылығынан өзгеріссіз пайдаланған «цитатасы, яки дәйексөзі» я болмаса «сілтемесі» ретінде қарау керек болса, қазіргі мәтіндердегі «штамп», «стандарт», «қайталамалар» автордың «стильдік ерекшелігі» және қайталамалардың тарихи ұқсастық, сабақтастық байқалса, алдыңғы дәуірмен сабақтастық, дәстүршілдік ретінде бағаланады.
Мәселен, Махамбет өлеңдеріндегі: «қоғалы көлдер, қом сулар», «балдағы алтын құрыш болат», «еңсесі биік боз орда», «садағына сары шіркей ұялаған», «маңқиған сары дала», «тура билік биде жоқ», «ежелден табан аңдысқан», «дұшпан-ға қылыш ұру», «беркініп садақ асыну», «құйрық-жалын шарт түю», «толғамалы найза», «атадан қалған сауыт», «балдағы алтын ақ болат», «құлан да басып өткісіз», «хас асылдың баласы», «ертеден салса кешке озған, Ылдидан салса төске озған», «күмбір-күмбір кісінетіп Күреңді мінер күн қайда?», «алалы жылқы, ақтылы қой», «шал жебе», «қазанаттан туған қаз мойын», «елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген», «жауырынына мұз қату», «алма мойын ару», «бүлген күн», «күшіген жүнді оқ», «атқан оғы... тең өткен», «сұр жебелі оқ», «қанын судай төгу», «қозы жауырын оқ» және т.б. жолдар, тіпті тұтас орамдар мен шумақтар одан бұрын өмір сүрген Доспамбет, Шәлгез, Қазтуған жырауларда да сол күйінде қайталанады. Әрине, бүгінгі оқырман (адресант - қабылдаушы) кезінде кімдікі екені күмән туғызбаған бұл жолдарды Махамбет сілтеме ретінде пайдаланды дегенге бірден ден қоя қоймайды.
Бірден назар аударып, айта кететіні, бұл құбылыстың қыр-сырын 1970 жылдары көне қазақ поэзиясына әрі тілші, әрі әдебиетші көзімен қараған дарынды ғалым Құлмат Өмірәлиев дәл байқаған: «Өйткені, Махамбет айтты делініп жүрген «пәлен-шенің өлеңі» деген сипаттағы өлеңдер де, Махамбет өлеңдерінде кездесетін аралық жол, не дәл цитаттық (астын сызған біз - Ә.Ғ.), не өзгертіп пайдалану сияқты жолдар да – баршасы ақын тіліне оның программасы талап еткен орта, жағдай сипатына қарай керектіктен, қажеттіктен оралып отырған дүниелер. Махамбетке тән ақындық-үгітшілік керекті, қажетті жерде өз сөзі, өзгенің сөзі дегенді айыра бермеген. Көтеріліске дейін бұрынғы дәуір поэзиясы үлгілері сипаттас өлеңдер шығарып және өзге жыраулар өлеңін өзі де айтып жүрген ақынның ақындық лабора-ториясындағы, репертуарындағы барша сөз үлгісі көтеріліс тұсында, көтеріліс жеңіл-геннен кейінгі уақытта көтеріліс мақсатына орай қайта айту, қайыра айту процесінен өткен. Басқа емес, дәл осы айту ерекшелігі, өзгенің сөзін былай қойғанда, ақынның өз сөздерінің де «араласып» кетуіне себепші болған» [2].
Расында да, ғалым көрсетіп отыр-ғандай, Махамбеттің «өз қайталаулары» да жеткілікті:
Мен құстан құмаймын,
Бір тұлпарға жұбаймын//
Мен ақсұңқардан туған құмаймын,
Бір сұңқарға жұбаймын.
Немесе:
Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын,
Шамырқансам, шатынап сынар болатпын//
Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам, сынар болатпын, т.с.с.
Мұндай қайталаулар тек Махамбет емес, аты аталған Қазтуғанда, Доспамбетте, Шәлгезде де кездеседі. Кейде затпен тіркесіп келетін эпитеттердің құрамы сәл өзгеріспен қайталануы, мәселен, ақ-тың орнына боз айтылуы (еңсесі биік ақ орда//еңсесі биік боз орда, құрыш болат// шымыр болат, т.б.) да осы қайталаулардың объективті және субъективті (яғни автор-лық стильдік) себептерінен туындаған.
Мәтінтану мен мәтінталдау кезінде ескерілуге тиісті екінші мәселе, заттық-оқиғалық фон немесе реалды дүниенің, тарихи хронологиялық оқиғалардың мәтін-тануда тілдік құрал рөлін атқару сипатын тереңірек түсіну және пайдалану болса, мәтінталдаудағы әлемнің тілдік сипаты мен субъективті таным мен ұлттық танымның мәтіндік тілдік құралдарды қалыптас-тырудағы қызметіне тоқталу болмақ. Әсіресе бүгінгі күні мұрағаттық маңызы бар бізге жеткен жыраулар мен ақындардың шығармаларына мәтінта-нымдық талдау жүргізу, ол талдауларды тарихи оқиғалармен сабақтастықта жүргізуі - тілдік жағдаяттардың біразының басын ашып алуға көмек етері сөзсіз. Осы арада Махамбет пен Исатайға қатысты архивтік деректердің өзі бірнеше томға жүк болып, жарық көрген Махамбет ақын өлеңдеріне мәтіндік талдау жасау қазақ әдеби тілінің бір емес бірнеше ғасырлық жай-күйін деректеуге, нақтылауға мүмкіндік туғызып, жыраулық дәуірмен сабақтастықты анық-таумен бірге бүгінгі күнге дейін жеткен дәстүр сабақтастығының түп-тамырын нақты тілдік деректермен, тілдік бірлік-тердің қатысымен айғақтап көрсетуге мүмкіндік жасайтынын да айту абзал.
Мәтінтану тұрғысынан қарастырғанда Махамбет – жорық жыршысы. Сол себептен оның поэзиясының тілі, сөздігі әрідегі Ноғайлы заманының жауынгер жырауларының жырларымен ұқсас, сарындас. Сөз қайталаулары, предикаттық болмыстарындағы ұқсастықтар, төкпелік - бәрі де сол заман төрінен қалған белгі, сақталып қалған рудименттер. Әрине, Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез және т.б. жыраулар тек бір ғана тақырыпты – жаугершілікті, елін-жерін қорғауды, жорықты ғана жырлады десек, қателесер едік. Біздің пікірімізше және өкінішке орай, олардың басқа туындылары ұмытылып, бізге жетпей, тек ұлт үшін өзекті мәселе – азаттық, ел қорғау, жұрт болуды қозғаған тақырыпты өлеңдері ғана сақталған деп санаймыз.
Үшіншіден, ХҮ-ХҮІІІ ғғ. жырау-лардың, ақындардың біразының хат танығандығын, көне жазба дәстүрден хабары молдығын, сонымен ескіше діни сауаты болғанын есте ұстау қажет. Басқаны былай қойғанда, Бұқар мен Шалды айтпағанда, біз Махамбеттің де хат танығандығын, көне жазба дәстүрден хабары болғанын архивтік құжаттардан білеміз. «Киргиз Мухаммет Утемисов, ближайший и первый его сообщник, первый пособник этого мятежа, нехорошего был поведения, находясь в Оренбурге при малолетнем сыне моем султане Зюлкарнае, я прогнал его как негодяя», - деп жазған хан Жәңгірдің 1838 жылдың 13 желтоқсанындағы Орынбор шекаралық комиссиясына арнап Исатай мен Махамбетке берген мінездемесінен көп жайт аңғарылады [3, С. 305-306]. Хан ұлының қасында анау-мынау емес, сауатты, оқыған–тоқығаны бар, мәдениетті адам ғана табылып, тәрбиесіне араласа алады. Яғни Махамбеттің алған білімі сол талаптан шығып тұрғаны ғой. Махамбеттің өз қолымен жазған оннан астам хаты, әсіресе көпшілікке таныс, соңғы жинақ-тарында беріліп жүрген хаты мен арызы (ғарзе) да оның сауаттылығы туралы айтылғандарды дәлелдей алады.
Ал жазба деректер қазақ арасында жазба дәстүрдің әріден келіп, қалыптасқан, қазақ тұрмысындағы қажетті дүниенің есебінде болғанын кейбір деректерден аңғарылады. Мәселен, тарихшы Н. Көшекбаев: «Исатайдың жанында екі хатшысы болған. Олар – Төлек пен Шөрек. Бар көрген-білгендерін жазып қалдырған ғой. Ол орыстың жылнамасы сияқты өте құнды мұра. Ығылманға жеткен сол атасының архиві. Осы архивті Ығылманнан Халел Досмұхамедов сұраған сияқты. Бірақ Ығылман: «Екі жыл уақыт бер, дастан жазып жатырмын, соны бітірген соң берем», - десе керек. Ығылманның «Аламаны» 1925 жылы Ташкентте басылды. Ал Шөректің архиві қайда? Белгісіз», - деп жазды [4].
Ығылманның қолында Исатай-Махамбет көтерілісінің тарихы баяндалған жазба болды дегенді оның жинағын құрастырушы, өлкетанушы Т. Жаңабайұлы да дәлелдей түседі [5, 240 б.].
Міне, мұндай деректер тек Махамбет шығамашылығына қатысты жазба дерек-тердің қатары толығуына да, жазба дәстүрдің сол кездегі өрісін бағамдауға да әсерін тигізеді. Бұл сияқты фактілер мәтінтану жағдайында ерекше маңызды болып саналады.
Төртіншіден, бүгінгі күнге дейін негізінен әдебиетшілер көркемдік құрал ретінде қарастырып келе жатқан буын, ұйқас, өлең өлшемі, әсіресе, мәтіндегі тыныс пен интонация мәселесіне тілшілер басты мәтінтүзші белгі ретінде ерекше мән бере қарауы тиіс. Осыған дейін өлең архитектоникасына тілдік ерекшелік ретінде, мәтінтүзуші белгі ретінде айтарлықтай мән берілді дей алмаймыз.
Бесіншіден, әрбір грамматикалық тұлға, атап айтқанда, жалғау, жұрнақ, предикат формаларындағы есімше, көсемше, шылаулар (әсіресе сұраулық, шылаулар), демеулік шылаулар, жедел өткен шақ формалары - бәрі де ертеден-ақ мәтінтүзудегі қызметі сараланған, айшық-талған грамматикалық тұлғалар болған. Мәтінді тұтас құрылым ететін де, өз алдына жеке аяқталған шымыр дүние жасайтын да осы тұлғалар екенін тілші ғалымдар мәтінталдауда да, мәтінтануда да естен шығармауы тиіс. Мұндай грамматикалық тұлғалар мәтінталдау мен мәтінтанудағы аса қажетті грамматикалық детальдар екенін қайталап айтудың басы артық.
Алтыншыдан, сөз, сөз тіркесі, сөйлем (поэзиядағы өлең жолдары) мәтін түзуші тірек элементтер болып саналады. Ол тарихи мәтінде де, қазіргі жазба жаңа мәтіндерде осы қалып-күйінен танбайды. Әрине, сөздердің әр кезеңде, объективті дүние мен жағдаяттарға байланысты белгілі бір мәтіндерде белсенді болып келетін топтары мен пассивтенетін түрлері болады. Қай-қайсысының да мәтінталдау барысында да, мәтінтүзу кезінде де өзіндік орны бар. Тек поэзиялық мәтіндердегі сөйлем, ойды жеткізуші элементтің құры-лымы прозалық мәтінге қарағанда басқа жағынан маңызды болып келеді. Өлең мәтіндерінің өзіндік ерекшелігі болатынын мұндай сәттерде естен шығаруға болмайды. Әсіресе поэзиялық мәтіндерге тән аграмматизмдердің жиі ұшырасуы соны дәлелдейді.
Жетіншіден, тірек сөздер тек реалды жағдай, ақиқат дүниеге байланысты ғана емес, автордың (автор-субъектінің) өмірлік ұстанымы мен көзқарасына қарай да мәтіннен тиесілі орнын алады. Өйткені, «человек как микрокосм создает образ, картину, символа макрокосма - мира», - деген В. Маслованың пікірінде мәтін авторының орнын, мәтін түзілімінде, мәтін мазмұнында автордың ой-түсінігі, пайымы, көзқарасы көрініс табатындығына нұсқап көрсеткен астар жатқаны анық [6]. Бұл арада, тағы ескерер бір жайт, ақын-жыраулардың ескіше хат тануы мен қоғамдық өмірге араласу деңгейі қазақ әдеби тілі тарихында кездесіп жататын ірілі-ұсақты жазба мәтіндердің тууында немесе түзілісінде өзінше бөлек, басқа ауызша жеткен мәтіндерге ұқсамайтын айрықша рөл атқарғанын, жаңа мәтіндердің түзілімінде де осыған ұқсас жағдай қалыптасқанын жоққа шығаруға болмайды.
Сегізіншіден, мәтіндегі тірек сөздер өз дәуіріндегі (шығарма жазылған кездегі) уақытына сай келмеуі мүмкін, бірақ белсенді қолданыла береді. Ол шығарманың жанрына, прагматикасы мен түріне байланысты болады. Айталық, бүгінгі заманның жазушысы тарихи тақырыпты қозғаса, сол кезде қалыптасқан жағдайға, қоғам өміріндегі оқиғаларға сәйкес роман тілінде бүгінгі күн тұрғысынан историзм-дерге, тарихи сөздерге айналған атауларды мәтінде пайдаланады. Бұларды қазіргі күн тұрғысынан, қазіргі тілдік жағдай тұрғысынан еркін айқындап, бөлектеуге, қазіргі сөздерден ажыратып алуға болады.
Тоғызыншыдан, мәтіннің әр түрі болады. Ескі заманмен байланыстырғанда, авторлы және авторсыз мәтіндер бар. Бүгінгі күні де мәтіннің серіктес автормен, ұжымдық авторлықпен жарық көретіндері жоқ емес. Сондай-ақ көптеген әндердің авторы ретінде халық жүретіндіктен, (халық әні) мәтін халықтікі болып саналады, авторсыз мәтіндерге жатады, бұл ерекшелік фольклорлық мәтіндерге тән. Дегенмен, авторы жоқ шығарманың да о баста авторы болғаны рас. Сондықтан халықты автор ретінде ала отырып, болашақта халықтың авторлық тұлғасының жиынтық тілдік сипаты жасалуы керек немесе аксиологиялық моделі жасалуы тиіс. Зерттеулерге көбінесе авторлық шығармалар арқау болатындықтан, автор-дың тілдік тұлғасы қарастырылуы керек және ол мәтін талдауда да, мәтінтануда да жан-жақты ашылуы тиіс.
Мәтінтану мен мәтінталдаудың зерттеу нысаны ретінде бір-біріне ұқсайтын жақтары бар, сондай-ақ айырмашылықтары да кездеседі. Айталық, мәтінтану шығарма мәтінінің тарихын, тілдің жай-күйін, сондай-ақ, автор, көшіруші немесе айтушы, оқырман я болмаса тыңдарман мүддесін көздеуден, олардың арасын байланыстырып, жалғастықты табуды қажет етуден пайда болған ғылым. Сондықтан мәтінтануға берілген анықтамалар мен мәтінтанудың маңыздылығын көрсететін пікірлерде ол анық байқалады: «Текстология – отрасль филологической науки, занимающаяся установлением точного текста литературных памятников или исторических документов для их научного издания» [7, 355 с.]. Дегенмен дәл осындай анықтамаларға бүгінгі таңда қосар нәрсе көп.
Мәтінтану – көпжақты, түрлі ғылымдардың салаларын қамтып жатқан, кең сфералы сала. Ол – бір ғана құжаттың, мәтіннің дәлдігі мен нақты-лығын қалпына келтіру арқылы тарихтың, тілдің күй-қалпын, тұтас бір кезеңнің жайын танытады және сонымен бірге тарихи шындықты қалпына келтіруге, ғылымда кейде белең алатын саяси астарлы әділетсіздіктің жолына тосқауыл қоюға, т.б. септігін тигізеді.
Ол адамдардың ойлау деңгейімен, ойлау қабілетімен тікелей байланысып, астарласып жататын әлеуметтік лингвистика, қоғам мен тіл арақатынасы сынды күрделі де зерттелуі толық жолға қойыл-маған тіл салаларының табиғатына тере-ңірек қарауға ұласатын, сондай-ақ өзге де қоғамтану, гуманитарлық ғылымдар мен кітап шығару, баспа, баспасөз өндірісі проблемаларымен байланыста қарағанда ғана жан-жақты ашылатын, зерттеушіден де жан-жақтылықты талап ететін сала екені белгілі.
Әрине, бұл айтылған тұжырымда «ауызша-жазбаша мәтін» қисынына толық тірек, нақты негіз бола алмайды. Бұл тұста әлі де болса шұқшия зерттелетін, кең пішіп, терең толғар жалпы филологиялық мәселелер жеткілікті. Әдебиетшілер, алды-мен, дәстүрлі жыраулар мектебінің өміршеңдігінің бізге беймәлім қыры мен сырын аша түссе, тілші ғалымдар осы ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы лұғат кешенді зерттеп, мұра тілінің бар байлығын тұтас қамтыған сөздік (лұғат) түзілуі қажет.
Сонымен бірге көне поэзиядағы теңеулер мен метафоралар жүйесін тереңдеп зерттеу, аламандық пен жаугершілікке тән ұғымдарға түсінік беру, ең бастысы Ноғайлы Ордасына енген өзге туыстас ұлттар (ноғай, құмық, татар, т.б.) әдебиетімен, олардың сол тұстағы әдеби тілі тарихымен сабақтастыра зерттеу ғана көптеген күмәнді сауалдарға тосқауыл қоя алары сөзсіз.
Түйіндей келгенде, біз қазір жазып, айтып жүргендей, оқып жүргендей, көне мұралар тілінде (фольклорда, жыраулар поэзиясында, халық әндерінде, т.б.) «ана сөз олай емес, былай» дегендей талдаулар – мәтінтанулық зерттеу емес, мәтінта-нушының қолындағы зерттеу құралы ғана. Ал шын мәніндегі мәтінтану жаңа зерттеу әдістері арқылы және «ауызша-жазбаша мәтін» қисынымен ғана жүзеге асуы керек.
Мәселен, қазақ әдебиетінің классигі Махамбет өлеңдері мәтінін алалық. Ғасыр басында Қазан (1908), Орынбор (1910-1912) шаһарларында басылып шыққан жинақтардағы бірді-екілі өлеңі болмаса, негізінен ақын мұрасы 1925 жылы Тәшкеннен шыққан кітаптан алынып келді. «Махамбет өлеңдерін шәкірті Қуан жырау, Кішкене Қобланды ақындар жатқа білген, - дейді зерттеуші Қ. Сыдиқов. – Олардан Мұрат ақын үйренген. Мұрат білетін өлеңдерді Ығылман жаттаған. 1925 жылғы жинаққа енген Махамбет өлеңдері Ығылман айтуынан жазылған. Бұл жинақтың ақын өлеңдерінің басылымда-рын дайындағанда бірден-бір сүйенетін сенімді нұсқа болатын себебі де сондықтан» [8].
Ал ақын өлеңдерінің Ығылман Шөрекұлынан жазып алған, хатқа түсірген, бастырып шығарған – Х. Досмұхамедұлы. Авторлық мәтін үлгісі мен оның жазбаша нұсқасы аралығында бір ғасырлық кеңістік жатқандықтан, біз оны «ауызша-жазбаша мәтін» деп айрықша атап көрсете отырып, ауызша-жазбаша мәтіннің өзге жазба мұралардан айырмашылығын да ашып бере алдық деп ойлаймыз.
Шығармашылық та, сол шығарманы қабылдау мен түсіну де – процесс. Бұл процесс шығарманы оқыған кезде ерекше сезіледі. Ал шығарманың бар қалыбын, түзілу ерекшелігі мен сөз астарын, көркемдік белгілері мен стильдік ерекше-ліктерін тану, сондай-ақ таныту – мәтін-талдауға да, мәтінтануға да ортақ деуге келеді. Өйткені, мәтін деген категориалды ұғымды тілдік тұрғыдан ұғыну үшін мәтінге байланысты аталған екі қыры да, диахрондық және синхарондық, толық зерттелуі тиіс, теориялық қисындары нақтылануы керек. Міне, осы тұрғыдан зерттеу жұмысы көтеріп отырған мәселе өзекті болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Лихачев Д.С. Текстология. – М.-Л.: «Наука», 1964.
2. Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы. «Ғылым», 1976.
3. Отношение хана Джангира в Оренбуогскую пограничную комиссию с характеристикой Исатая Тайманова и Мухаммеда Утемисова. Ставка в Нарын-песках №1055. - №210. 1838 г., декабря 13. – В кн.: Махамбет әлемі. - Мир Махамбета. Исатай – Махамбет. 1801-1848. Документы. - 443 б.
4. Көшекбаев Н. Исатайды іздеп келемін, іздей беремін// «Атырау» газеті, 1991, 15 қазан.
5. Жаңабайұлы Т. Заманының озық ойлы ақыны// Ығылман (5-кітап). – Алматы: «Арыс», 2001.
6. Маслова В.А. Лингвокультурология. - Academia. - М., 2004.
7. Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. – М.: «Просвещение», 1985.
8. Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. – М.: «Просвещение», 1985.
Достарыңызбен бөлісу: |