Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте жүргізілетін сөздік жұмыстары Байтанаева-Молдалиева Д.Ә., Молданова Ж.І



Дата27.12.2016
өлшемі140,45 Kb.
#5941
ӘӨЖ 811.512.122

Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте жүргізілетін сөздік жұмыстары
Байтанаева-Молдалиева Д.Ә., Молданова Ж.І.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан


Резюме

В данной статье рассматриваются проблемы развития речи учащихся при помощи словарной работы в школах с неказахским языком обучения.
Summary

The article is considered the problems of development of speech of learners with dictionary works in schools with non-Kazakh language.
Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте тіл дамыту жұмыстарындағы негізгі мақсат – оқущылардың сөздік қорын байыту. Сөздік қоры бай адам өз ойын еркін, анық жеткізе алады. Тауып сөйлеу, анық айту ол сөздік қордың байлығымен байланысты. Қазақ тілі – өте бай тілдердің бірі. Сөздік жұмысы әр сабақта жүргізіледі. Оқушының сөздік қорын байыту үшін сөздік қордан қажетті деген сөздер іріктелініп алынады. Сөздерді таңдап алудың да өз ғылыми негіздері бар. Н.Оралбаеваның айтуынша: «Оқушыларға сөздерді тілдік нұсқаларды таныстырумен, білдірумен бірге, олардың әрқайсысының тілге қалай, қандай жағдайда қолданылатыны үйретіледі», – дейді [1]. Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте оқушыларға сөздік қорды меңгерту сол сөздерді дұрыс айтып, сауатты жазып, орынды қолдануға дағдыландыру жұмысына және қазақ тілінің грамматикалық құрылысын жақсы меңгеруіне байланысты. Демек, оқушының сөздік қорын байыту үшін лексикалық икемділік пен дағды қалыптастырылады, игерілетін сөздің көлемі анықталады.

Қазақ тілін екінші тіл ретінде өзге ұлт өкілдеріне оқыту жұмысы кейінгі жылдары ғана қолға алына бастады. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде оқушыларға лексикалық материалды меңгерту мәселесі толық зерттелмеген. Орыс тілі мен шет тілдерін өзге ұлт өкілдеріне оқытудың ғылыми негізі анықталған, бұл салада ғалымдар В.М.Чистяков, А.Ш.Шабанов, Н.М.Шашкин, А.И.Власенков, Е.И.Пассов, А.И.Домашневтердің еңбектері жарық көрген.

Ал қазақ тілін қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде оқыту әдістемесінде мұндай еңбектер жоқтың қасы. Баланың сөйлеу тілін дамыту, сауатты жазуға дағдыландыру жұмысы тіл материалдарына байланысты болмақ. Оқушылардың тілдік сөздік қорындағы барлық сөздерді меңгерту мүмкін емес. Сондықтан сөздік қордан қажетті сөздік минимумды іріктеп алу керек. Белгілі профессор Нұржамал Оралбаева лексикалық материалдарды іріктеуде келесі ұстанымдарды негізге алу керек дейді. Ол: 1) сөздердің қолдану жиілігі; 2) сөздердің жеңіл-қиындығы; 3) сөздің синонимдік қасиеті; 4) сөздің тақырыпқа сәйкестігі; 5) сөздің сөзжасамдық қабілеттілі; 6) сөздердің оқушының психофизикалық ерекшелігіне сәйкестілігі; 7) сөздердің оқулықта қайталау жиілігі [1, 21].

Мұғалім оқу жылының алғашқы күнінен бастап оқушыларының қаншалықты сөздік қоры барлығын біліп, сөздік қорының аздығына себеп болған кедергілерді зерттейді, оқушының сөздік қорын дамытудың тиімді жолдарын ойластырады.

Сөздерді іріктеуде екі тілге ортақ сөздерді лексикалық минимумға қоспау ұстанымы ескеріледі. Ондай сөздердің мағынасы оқушыларға өз ана тілінен таныс. Сөздерді қатынас құралы ретінде еркін пайдалану үшін оның сөзжасамдық қабілетін білу керек. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде сөзжасам тақырыбы ғылыми түрде өтілмейді, сондықтан оқушылардан күнделікті қолданыста жиі кездесетін сөз тудырушы жұрнақтарды білу талап етіледі. Мысалы, оқу-учить, оқушы – ученик, т.б.

Іріктелініп алынған сөздер оқулықта жиі кездесіп, қайталанып отыруы керек. Оқушының міндетті түрде меңгеріп алуға тиісті сөздік-минимумы төмендегіше [2]:

1-сыныпта – 80-100 сөз

2-сыныпта – 150-200 сөз

3-сыныпта – 200-220 сөз

4-сыныпта – 220-250 сөз

5-сыныпта – 250-280 сөз

6-сыныпта – 280-300 сөз

7-сыныпта – 300-320 сөз

8-сыныпта – 320-350 сөз

9-сыныпта – 300-350 сөз

10-сыныпта – 300,350 сөз

11-сыныпта – 300-350 сөз

Барлығы – 2670-3050 сөз

Сонымен қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде білім алған оқушы кем дегенде 3000 сөз білуі керек.

Оқушының сөздік қорын байыту тек жеке сөзбен жұмыс жүргізу емес, грамматика, стилистика, орфография және мәтінмен байланыстыра жүргізіледі дейді А.Жапбаров. Ол оқушылардың сөздік қорын байыту жұмысын мынадай жүйе бойынша құруды ұсынады:

1. Оқушылардың сөздік қорын байыту туралы түсінік. Мектептің міндеті – оқушылардың сөздік қорын байыту мен танымын кеңейту. Жұмыс әр пәнді оқыту бойынша жүргізіледі, бұл жерде қазақ тілі пәнінің рөлі ерекше.

2. Оқушылардың сөздік қорын байытудың мақсаты: сөздің сандық жағынан өсуі, игерілген сөздер сапалық тұрғысынан жетілдіру, әдеби тіл нормасын сақтау.

3. Сөздіктің активті және пассивті болып бөлінуі жиі қолданылатын сөздердің сөзжасамдық қабілеті жоғары, сирек қолданылатын сөздер сөздік қордың құрамдас бір бөлігі, белгілі ерекшеліктерімен шектеледі.

4. Оқушылардың сөздік қорының баю көздері: мұғалімнің сөзі; мектеп пәндерін оқу; кітап, газет, радио, теледидар, кинофильмдер, компьютер арқылы т.б. [3, 47-48].

Оқушылардың сөздік қоры екі түрлі жағдайда толығып, жетіліп отырады: бірі – сөзді активті қолдану, екіншісі сөзді пассивті қолдану арқылы, яғни оқушының өзінің бүкіл білетін сөзін қолдану. Сөз байлығының аздығы оқушылардың өз ойын ауызша, әрі жазбаша, оны дәл, жүйелі, ықшамды етіп жеткізуіне қиындық келтіреді. Сондықтан сабақта сөздік жұмысын дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор: сөздік жұмысы оқушының сөз байлығын молайтып, кеңейтеді. Үйренген сөздерін қатесіз, сауатты жазуға бейімдейді және сөзді үйрену арқылы оқушы тіл нормасында сөйлеп үйренеді.

Сөз белгілі бір заттың атын, түсін, белгісін, сынын, сапасын, үлкендігін, кішілігін, тегін, көлемін, бір сөзбен айтқанда, соның табиғи шығуын, атауын, ұғымын білдіреді. Сондықтан сөз бен сөз атауының арасында өзара байланыс болады. Демек, сөз заттың атауын білдіретін функцияны атқарады. Табиғаттағы, қоршаған ортадағы заттарды тану, білу арқылы оқушының да ой-өрісі кеңейіп сөздерді үйренеді, өмір шындығын кеңірек түсініп, дүниеге көзқарасы қалыптаса бастайды. Демек, дүниедегі заттардың, құбылыстың алуан түрлі сыңарларының атауларын біле бермейді. Оны мектептегі оқу үдерісі арқылы меңгереді. Ана тілі, әдебиет, география, тарих, еңбек сабақтары арқылы заттардың атын біліп үйренсе, радио, теледидар, оқыған кітабы, үлкен адамдар арасындағы әңгіме арқылы да естіп білу арқылы да көп көзге үйренеді.

Әр сабақта оқушы тақырыпқа байланысты жаңа сөз алып отырады. Жаңа сөз негізінен мәтін арқылы түсіндіріледі. Жаңа сөзді оқушы есте сақтап, оны қолданып дағдылануы қажет. Дағдылану үшін жаңа сөздер әр сабақ сайын қайталанып отыруы керек.

Жаңа сөзді есте сақтап, оны қолдану дағдысын қалыптастыруда түрлі жаттығулардың атқаратын қызметі зор. Олар: лексикалық, фонетикалық, грамматикалық жаттығулар. Мысалы, оқушылардың сөздік қорын байытуда тірек сөздер арқылы сөйлем құрастырудың маңызы зор. Сөйлем мүшелерінің орын тәртібін сақтай отырып, лексикалық мағынасы бар сөз тізбегін пайдаланып, келесі сызба бойынша грамматикалық тұлғада жүйелі сөйлеуге үйретуге болады.

Тірек сөздер арқылы сөйлем құрастыру.

Оқушы тілдік тұлғалардың қолданылу заңдылықтарын білмесе, қарым-қатынасқа түсе алмайды. Сондықтан оқушы грамматикалық заңдылықтарды меңгеріп, оны сөйлеуге қолдануға жаттығу керек. Жаттығудың түрі көп. Ол оқушының жас ерекшелігіне, білім деңгейіне сай қолданылады. Жаттығулар екіге бөлінеді: тілдік жаттығулар, сөйлеу жаттығулары.

Тілдік жаттығулар оқушыларға грамматикалық материалды меңгеруге арналады, оқушыларға тілдік тұлғаны таныстырып жаттықтырады. Тілдік тұлғаның орнына көп нүкте қойылған жаттығулардың пайдасы зор, өйткені оқушылар бұл жаттығуда тілдік тұлғалардың дыбыстық вариантын дұрыс таңдауға үйренеді. Сонымен бірге, көп нүктенің орнына сөз тауып қосу, сөйлемді аяқтау, сөйлемді кеңейту, не сөйлемді тарылту сияқты жаттығулар сөйлеуге үйретеді. Тілдік жаттығулар тілдік тұлғалардың сөйлемде дұрыс пайдалануға дағдыландырады. Сөйлеу жаттығулары оқушыны қарым-қатынас жасауға бағыттайды. Атап айтсақ, сұраққа жауап беру, өзі сұрақ қоя білу, сөйлеу үлгілерін еркін қолдану, әңгіме, мәтін құрастыру, шығарма жазу, диалогқа түсі т.б. Бұл жұмыс түрлерін меңгерген оқушының қазақша тілі дамыған дейміз [4].

Оқушының тілін дамытуда сюжетті суреттермен жұмыс істеудің маңызы зор. Сұрақ-жауап әдісімен сурет мазмұнын оқушыларға әңгімелету, әңгіме барысында оқушылардың әңгімені өз сөздерімен толықтыру, сюжетті суретке ат қойып, мазмұндама жоспарын жасау – осының бәрі оқушылардың тілін дамытып, жаңа сөзбен байытады.

Оқушының сөз байлығын дамыту үшін олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру керек. Кітаптың мазмұнын қазақша әңгімелеу, не бір эпизодын айтып беруге, кітап мазмұны бойынша жоспар құруға, сахна ойынын ұйымдастыруға болады. Тіпті бір кітапты бүкіл сынып болып оқығаннан кейін оқырмандар конференциясын жүргізуге де болады. Таңдап алынған кітап «Ертегілер жинағын» не оқушы өмірінен алынған қызықты оқиғаларға толы әңгімелер мен повестер болуы мүмкін. Оқушыны кітапқа қызықтыру үшін оның ең алғаш өздігінен оқыған кітабы тартымды болуы керек. Ол оны оқып қызыққанда ғана оқуға бейімделеді. Кітап оқығанда кездескен жаңа сөздерді оқушыларға сөздік дәптеріне жаздырып, өз бетінше сөздік қорын байытуға дағдыландыру керек.

Оқушылардың сөздік қорын дамытуда қазақ мақал-мәтелдерін жаттау, оларды тақырыпқа бөлу, өзге тіл мақал-мәтелдерінің эквивалентімен салыстырудың пайдасы мол. Ол үшін әр мақалдың мәнін оқушыға түсіндіру керек, әңгіме барысында мазмұндама, шығарма ретімен қолдануға үйрету керек. Мақал-мәтелді қолданып сөйлеген адамның тілі әсерлі болатынын әр оқушы біліп, өз сөзінде қолдануға тырысуы қажет.

Сөйтіп, тілдік материалды меңгерген оқушыларды сөйлеу жаттығуларын орындауға тілдік материалдарды сөйлеуде дұрыс қолдануға дағдыландыру негізгі мақсат. Өйткені бұл жұмыстарды игерген оқушы тілдесім үдерісіне ене алады.
Пайдаланылған әдебиеттер

1. Оралбаева Н., Жақсылықова Қ. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Ана тілі, 1996. -208б.

2. Қазақ тілі. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің І-ХІ сыныптар үшін орта мектеп бағдарламасы. –Алматы: Мектеп, 1988. -38б.

3. Жапбаров А. Оқушылардың сөздік қорын байытып оқытудың ғылыми әдістерінің негіздері. –Алматы: Арыс, 2002.

4. Ысқақ Б. Тіл дамыту негіздері. –Алматы: рауан, 1997. -192б.

ӘӨЖ 811.512.122

Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте жүргізілетін жазба жұмыстары
Байтанаева-Молдалиева Д.Ә., Молданова Ж.І.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан


Резюме

В данной статье рассматриваются проблемы развития речи учащихся путем письменных работ в школах с неказахским языком обучения.
Summary

The article is considered the problems of development of speech of learners by writing works in schools with non-Kazakh language.

Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты былайша анықталады: «Ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, қарым-қатынастың біліктілігі дамыған, сөз мәдениетінің талаптарына сай іскерліктерді меңгерген дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу».

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде түрлі ұлт өкілдері оқиды. Бұл мектептерде оқу оқушылардың ана тілінде яғни, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік т.б. тілдерде жүргізіледі. Оқытудың негізгі мақсаты – оқушыларды қазақша сөйлеуге, біреудің сұрағына жауап беріп, өз ойын еркін айта алуға, қазақ тілін қатынас құралы ретінде пайдалануға үйрету.

Пәннің міндеті оқушылардың тілін дамытып қана қоймай, сауатты жазуға үйрету, өйткені елімізде барлық іс-қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Қазақ тіл білімінде, жалпы әдістемеде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудың ғылыми негізі жасалмаған, тиімді әдіс-тәсілдер сұрыпталмаған, арнайы оқулықтар жоқтың қасы десе де болады.

Қазіргі кезде халықаралық байланыс үшін қажетті мәселелердің бірі – тілдік қатынас. Тілдік қатынас дегеніміз – адамның ойлау, сөйлеу, тыңдау, айту, т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс. Қазақ тілінде қатысым әдісі, оның негізгі қағидалары Ф.Оразбаеваның «Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі» деген еңбегінде алғаш берілген [1]. Тілдік қатысым адамдардың тіл арқылы түсінісуін қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы адамзаттың тәрбиелік жүйесін қалыптастырады. Тілді меңгертумен қатар сол елдің мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығын үйретеміз. Тіл арқылы оқушылардың іскерлігін, сөйлеу дағдылары мен әдептерін қалыптастырамыз [1].

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілі пәнінің басты мақсаты – тіл дамыту. Тіл дамыту жұмысы қатысым әдісі арқылы жүргізіледі. Ф.Оразбаева өзінің аталған еңбегінде сөйлеу әрекетінің бес түрін береді: айтылым, жазылым, оқылым, сөйлесім, тілдесім. Бұл жұмыста жазылым әрекеттеріне байланысты тіл дамыту жұмыстары жайында сөз болмақ. «Жазылым – тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын, адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет», – деп көрсетеді өз еңбегінде [1].

Белгілі ғалым М.Балақаев: «Жазба тілдің ілгері даму барысында халық тілінің сөз байлығы, грамматикалық құрылысы ықшамдалады, сұрыпталады, нормаланады, жазу мәдениеті арту арқылы халықтың тіл мәдениеті артады», – деп жазба тілін айқындайды [2].

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде жүргізілетін жазба жұмыстарының басты мақсаты – сауатты жазуға үйрету. Сауатты жазуға үйрету үшін, ең бірінші, оқушылардың сөздік қорын байыту және сол сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру. Оқушылар неғұрлым көп сөз білсе, соғұрлым жұмыстың басқа салалары жедел жүреді. Сөздердің мағынасын түсінбей, дұрыс оқымай, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені дұрыс оқыған бала ғана сауатты жаза алады. Дұрыс оқитын оқушы мәнерлеп те оқи алады. Сондықтан оқушыларды ең алдымен сөз мағынасын түсініп, дұрыс та мәнерлеп оқуға жаттықтырған дұрыс. Оқушы жаңа сөзді тек біліп, танып қана қоймай, оны түрлі тұлғада түрлендіріп, сөйлемге қатыстыру үйретіледі. Ол үшін түрлі жаттығу жұмыстары, сондай-ақ қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударма жасау жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы жазба жұмыстары – оқу үдерісінің ең қиын, үздіксіз жазып жаттығуды талап ететін жүйелі ұйымдастырылатын жұмыс түрі.

Белгілі ғалым-әдіскер Ж.Адамбаеваның мектеп мұғалімдеріне арналған еңбектерін негізге ала отырып, орыс мектептерінде жүргізілетін жазба жұмыстарын төмендегіше үш топқа бөледі [3]. Бұлардың әрқайсысының жүргізу әдістері, бағалау нормалары бар.

1. Жаттығу түрлері.

2. Диктанттың түрлері.

3. Шығармашылық жұмыстар.

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілі алғаш оқытылатын оқушылар үшін, яғни, төменгі сыныптар үшін қазақ тіліне тән тоғыз дыбысты үйретуден басталады. Олар сабақта алдымен сөздермен таныстырылып, сол сөздердің дыбыстарын бұзбай айтуға жаттықтырылады.

Сауаттылыққа үйрету жұмысы екінші сыныптан басталады. Оқушылар бірінші сыныпта сөз құрамындағы дыбыстармен, әсіресе қазақ тіліне тән дыбыстармен естілуі бойынша танысса, енді екінші сыныпта әр дыбысты таңбасы арқылы айыра білуге, дұрыс айтуға, сауатты жазуға үйретіледі. Оқушыларға бірінші күннен сауатты жазу талабы қойылады. Олар әдетте мынадай қателер жібереді: бас әріппен кіші әріптің жазылу түрін айыра білмеуі; өзге ұлт оқушылары Ұ мен Ү-ні, Ы мен І-ні, Қ мен Ғ-ны, Ө мен Ә-ні, Н мен Ң-ді шатастыруы; сөздерді дұрыс тасымалдай алмауы; Ұ мен Ү-нің орнына У-ды жазуы; сұрақтарға жауап беруде сөйлемдерді, сөздерді өз тіліндегі сөздердің орын тәртібімен қоюы, нүкте, сұрау, леп белгілерін қоймай, сөйлемді бас әріппен бастауы керек жерінде қателесуі, сұрақты дұрыс қоя алмауы т.б. [4].

Қатенің бір түрі сөз мағынасын түсінбей жазудан басталады. Септік жалғауларын дұрыс меңгермеген оқушылар қосарланып жазылатын дауыссыз дыбыстардың біреуін ғана жазғанда бір әріпті қалдырып кету жағдайы жиі кездеседі. Мысалы, балалар-балдар, аналар-анлар, оқушылар-оқушар, орысша-орыша, т.б. деп қате жазу жиі ұшырасады. Ы, І әріптерін дұрыс жаза алмағандықтан, сөздерді буынға дұрыс бөле алмағандықтан кейбір оқушылар тасымалдан қате жібереді.

Оқушылардың фонетика мен грамматикадан алған білімдері оқылған орфографиялық ережелерді меңгеріп, қатесіз жазуын қалыптастыруға негіз қалауға тиіс. Жазу сауаттылығын арттыру үшін өтілген орфографиялық ережелерге байланысты түрлі жұмыстар жүйелі де жиі жүргізілуі керек. Сонымен қатар, оқушыларды өз жазғандарының дұрыстығын тексере білуге машықтандырудың мәні зор. Дұрыс жазуға үйрету әр түрлі сөздік-орфографиялық, грамматикалық-орфографиялық жаттығуларды үзбей жүргізуді керек етеді. Мұндай жаттығуларда жазылуы қиын сөздерді дұрыс жазуға үйрету міндеттері қойылады.

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде келесі жаттығу түрлері жүргізіледі:

1. Сөйлем мен сөзді толықтыру.

2. Сөздің әрпінің немесе қосымшаларының орнына көп нүкте қойылған сөйлемдерді түзеттіру.

3. Сұрақтар бойынша сөйлем құрастыру.

4. Сөз тұлғалары өзгертіліп берілген сөздерден сөйлем құрастыру.

5. Суреттер бойынша сөйлем құрастыру.

6. Көшіріп жазу жаттығулары.

7. Орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аудару жұмыстары,

8. Мазмұндамалар мен әр түрлі шағын шығармалар жаздыру.

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде диктанттың келесі түрлері жүргізіледі:

1) әріп диктанты-дыбыстар мен әріптерді үйретіп, олардың бір-бірінен айырмашылықтарын білдіру;

2) буын диктанты – оқушыларға буынды игерту;

3) сөз диктанты – оқушыларға сөздің белгілі бір ұғым беретіндігін түсіндіріп, сауатты жазуға тағайындау;

4) сөйлем диктанты – оқушыларға сөйлем құрылысын меңгертіп, оны құрай білуге төселдіру;

5) көру диктанты – оқушылардың көргенін есте сақтау қабілетін дамыту;

6) сөздік диктанты – оқушылардың сөздік қорын дамыту;

7) шығармашылық диктанты – оқушылардың таным үдерістерін дамыту;

8) терме диктанты – белгілі бір ереже бойынша жүргізіледі, мұғалім оқып тұрған мәтіннен берілген тапсырмаларға сай сөздер мен сөз тіркестерін, не сөйлемді теріп жазу;

9) ескерту диктанты – оқушыларды жазылуы қиын сөздерді меңгерту;

10) бақылау диктанты - өтілген материалдарды қандай дәрежеде игергендігін анықтау [5].

Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте мазмұндама жаздырудың тіл дамытуда рөлі ерекше. Мазмұндама жаздыру мәтіннің мазмұнын игеруге, күрделі ойлау формасының қалыптасуына, ой қорытындысын жасауға, шығармашылық қиялын дамытуға септігін тигізеді.

Өзге ұлт оқушыларымен мазмұндаманың мынадай түрлерін жүргізуге болады: дайын мәтін бойынша мазмұндама, сурет бойынша, сюжетті суреттер бойынша мазмұндама, диафильм бойынша мазмұндама, аяқталмаған мәтіндер бойынша мазмұндама.

Оқушының тілін, ой-өрісін, қиялын дамыту мақсатында мазмұндама жазуға қойылатын негізгі талап: оқушы берілген мәтінді сөзбе-сөз қайталамай, өз бетінше өрбітіп, өзіндік сөздік қор арқылы дамыта жазу.

Өзге ұлт өкілдерінің тілін, байланыстырып сөйлеу қабілеті мен икемділіктерін дамытуда мектепте жүргізілетін шығармашылық жұмыстарының атқаратын рөлі ерекше. Жұмыстың бұл түрі оқушылардың тілін ғана дамытып қоймай, оның қиялын да дамытады. Шығармаларды келесі топқа бөлуге болады: диафильмдер бойынша шығарма жаздыру, сюжетті сурет бойынша шығарма жаздыру. Бұлардың әрқайсысының жүргізу әдістері мектепте іс-тәжірибеден сыналған түрлері пайдаланылғаны мақұл және міндетті түрде оқушының жазған шығармалары сыныпта талқыланып отырғаны мақұл.

Қазақ тілінде оқытпайтын мектепте өтілетін жазба жұмыстары сабақтан тыс уақытта да өзінің жалғасын тауып отырса нұр үсіне нұр. Түрлі конкурстарда, интеллектуалды ойын сабақтарында, викториналарда, жазба жұмыстарының сауаттылығын ортаға салу орын алуда. Әсіресе өтілген тақырыпқа байланысты сөздердің, мемтерминком бекіткен сөздердің, күнделікті газет-журналдарда кездесетін саяси-әлеуметтік сөздердің жазылу емлесін мектеп қабырғасынан бастап үйретуді тіл мамандарынан талап етілуде. Сонымен өзге ұлт өкілдерін тілге үйрету арқылы қазақ тіліне, қазақ халқына, қазақ еліне деген құрметті арттыру бүгінгі күннің талабы болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін мұғалім қауымы бүгінгі күнгі жаңа технологиялық әдістер мен инновациялық технологияларды пайдаланып, сабақтың сапасын арттыруға атсалысуы керек.

Оқушының жазба тілін дамытуда, ойды байланыстырып құрастыруда, сөздерді орынды дұрыс айтуға дағдыландыруда жазбаша жұмыстар басты рөл атқаратыны белгілі. Жазба жұмыстарын орындауда оқушыларға міндетті түрде үлгісі көрсетілгені жөн. Жазбаша жұмыстарының көлемі шағын, түсінікті, мазмұны нақты болып, 12-15 минуттан аспағаны жөн. Оқушылардың жазба жұмыстарын дер кезінде тексеріп, үнемі қатемен жұмыс жүргізіп отыру сауатты жазудың негізгі шарты болмақ.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. –Алматы, 2000. -208б

2. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениеті. –Алматы: Қазақстан, 1971. 190б.

3. Адамбаева Ж. Орыс мектебінің 4-8 кластарында қазақ тілін оқыту. –Алматы: Мектеп, 1984

4. Ысқақ Б., Сатқанбаева Ұ. Сауаттылыққа үйрету әдістемесі. – Алматы, 1997

5. Қазақ тілі. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің І-ХІ сыныптар үшін орта мектеп бағдарламасы. –Алматы: Мектеп, 1988. -38б.



6. Ысқақ Б. Тіл дамыту негіздері. –Алматы: Рауан, 1997. -192б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет