Сүйінші,Тәнзила! Сүйінші!
-Сүйінші,Тәнзила,Сүйінші! Сүйінші Байың келе жатырәскерден.Байың! жаңа станциядан пойыздан түсті.Міне,шабаданы,-деп,есіктің алдында айқайлап тұр Бостай пошта.
Тақтайдан жасалған екі чемодан бөктерулі.Өзі тұрған аттың өкпесін тепкілей береді.Көзі алақандай болып есі шығып кеткен.
-Уа,шық тездетіп!
Тәнзила жеңешем көйлекшең атып шықты.
-Уа,құдай,шүкір,шүкір... шын айтасың ба,ата?
-Ойбай,аппақ сақалыммен өтірік айтып ,кім қинап тұр мені.Көрмейсің бе міне,жүктерің ? Алдынан шық ,тез!Байың келе жатыр.
Сасқалақтап далақтап қайтадан үйге ұмтылды.
-Бақытжан, А,Бақытжан ! О...О...оу күнім!Әкең келе жатыр,
Үйден Чика да шықты.Екеуі станцияға қарай жүгіре жөнелді.Бостай пошта чемодандарды жерге түсіріп,үйге қарай сүйреледі.Мен де солардың ізіне ердім.Тәнзила жеңешем жолда қалды,Чика маған да жеткізер емес.Сол көйлекшең күйі анадай жерде ұшып барады.Станциядан келетін жолдан Дабыл аға көрінді.Ауылға жақындап қалыпты.үстінде сұр шинелі,басында жұлдызы жарқыраған көк құлақшыны бар ,қалбаңдап оң аяғын едәір сылтып басады.
-Папа!Папа-ау!-деп,Бақытжан мойнына асыла кетті.Дабыл оны жерден көтеріп алып,бауырына басып біраз тұрды да ,жолдың жиегіне отырды,Маңдайынан,бетінен сүйді.
-Айна...а...лайын, Айна...а...лайын!-Көзінен жас парлап тұр.Өзі борша-борша терлеп кеткен.-Айна...ал..лады әкесі.
Мені де танып құшақтап алды.
Тәнзила жеңешем өкпесін әлсін-әлсін ұстап,дода-дода болып ентігіп жетті.
-Шүікр,құдайға шүкір,-деп келіп Дабылға асыла кетті.
Бәріміз де қуаныштан жылап жүрміз.ауылдың адамдары бері қарай шұбырынып келеді.
-Таныдың ба балаңды?
-Таныдым,таныдым.Өзімнен аумайды.Әкесінің төресі ғой.Бақытжаннан айналды әкесі...
Абыр-дабыр шоғырланып ауылға беттедік.
Үйге адамтолды.Дабылды көрген соң Ақбота : «Көкем қа...йда...а,кө..ө...ке...ем»,-деп жылап еді,жұрттың бәрі де көздеріне жас алды.Болмаған соң Ақботаны әжесінің үйіне алып кетті.
Тәнзила қара сиырын сойдырып тастады.Тойға Бекбауылдың адамдарын шақырып келуге Бостай кетті.
Әлмәмбет Әлішов
Жазушы, көсемсөзші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Әлмәмбет Әлішевтің есімі әдебиет, баспасөз саласында қызмет етіп жүргендерге жақсы танымал.
Оның «Серт» атты алғашқы әңгімесі 1960 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды. Кеңес Одағының Батыры, сүйегі жат жерде қалған Үрмәш Түктібаевты тірілтіп, туған халқына қайта қауыштыруда сіңірген еңбегі мол. Қаһарман жауынгер туралы «Батыр болып тумайды» атты повесть жазып, ол кейін орыс, латыш тілдеріне аударылды. Жазушы «Бәйтеректің бұтағы», «Иірім» романдарының, көптеген повесть-әңгімелердің, «Ой орамдары» әдеби-философиялық толғаулардың, эсселердің авторы. 1985 жылы 25-маусымда Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының қазақ әдебиетінің тілі жөнінде өткен киелі жиында Социалистік Еңбек Ері, сөз өнерінің хас шебері, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов қазақ Кеңес дәуірінің атақты жазушыларымен бірге тілге жауапкершілікпен қарайтын шебер қаламгерлер қатарында Әлмәмбет Әлішевтің де есімін айрықша атап көрсетті.Ол елінің, туған жерінің жанашыры ретінде қай кезде де азаматтық көзқарасын білдіруден еш танған емес. Бұған бір дәлел – Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апаттың зардаптары жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп, баспасөзде проблемалық мақалалар жазды. Сыр бойындағы Қазалы ауданын Арал ауданымен бірге экологиялық апат аймағы деп жариялатуда Ә.Әлішевтің тындырған еңбегі елеулі.
Ә.Әлішев – «Астана», Тәуелсіздікке – 20 жыл» медальдарының, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, Елбасының Алғыс хатымен, халықаралық Лев Толстой медалымен, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалымен марапатталды.
Бұл күнде Қызылорда облысына тарайтын «Тұран – Қазалы» газетіне басшылық етіп отырған ардақты азамат халыққа имандылық, патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласып, мазмұнды мақалалар жариялап келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |