«Қазалы қаламгерлері» таңдау курсы бағдарламасына арналған хрестомати я Әдебиет әлеміне шақырамыз! «Әркімнің туған жері – өзіне жұмақ»



бет3/6
Дата12.03.2018
өлшемі1,01 Mb.
#39305
1   2   3   4   5   6

Аруағыңа, ұлы Абай шағынамын

Мінін бетіне тура айтқан Бұқар жырауға Абылай да әдідік пен даналық үлгісін көрсеткен.
Қазағыңа нала боп күйген жаның,

Алты Алаштың Абайы – ұлы ұғыланым!

Сондай заман қазаққа қайта келіп,

Менің-дағы қайнап жүр зығырданым!


Бірлігі жоқ елімді кесел басты,

Рушылдық, жемқорлық – қос албасты.

Әр сұмырай жұлмалап асты-үстін,

Көк шалғынды даламнан күрең қашты.


Пара беріп, сайланды халыққа «бес»-

Ел тонаған алаяқ, түкке тұрмас!

«Келді біздің заман!» деп құзғын, қырғи

Арыстанмен болып жүр нағыз сырлас.


Кей хакім бар халқыме санаспайтын,

Санаспайтын , өлсе де қараспайтын.

Данышпансып, ділмәрсіп сөйлегенмен,

«Құлқынынан» ақылы әрі аспайтын.

Кей сұрқия шетел мен екі араға,

Делдал болды, малданып мол параға.

Ол ұулығы білініп, арты ашылып,

Бар тірлігі айналды масқараға.



Жетіскен Мәкәналиев

Жетіскен Мәкәналиев 1952 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды ауылдық Кеңесіне қарасты «Қожабақы» ауылында дүниеге келген. Ақынның өлең- жырға құмарлығы мектеп қабырғасыныа басталады. Ол алғаш рет сүйікті үстазы,ақын Ф.Омаровқа еліктеп өлең жазуға әуестенеді. Алғашқы өлеңдері аудандық «Ленин туы» және республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде жарияланады.

Білімі: 1971 жылы Қызылорда медицина училищесін, 1985 жылы Қазақтың Мемлекеттік ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1983- 1988 жылдары Аудандық газетте,аудан әкімінің аппаратында, 1988-1995 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық мұражайының директоры болып қызмет атқарған. Қазір аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы.

Шығармашылық жұмысты сексенінші жылдардың басында Қазалы аудандық газетінде бастаған ақынның өлеңдері аудандық,облыстық,республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Өлке тарихын зерттеумен де айналысатын журналистің құрастыруымен «Ортаймаған қазаны- қасиетті Қазалы», «Асандар көтерілісі», «Тағылым» сияқты кітаптар жарыққа шықты. Бірнеше өлең- жырлары облыс ақын- жазушыларының «Жүректегі жауһарлар» атты жинағына енеді.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.


Замандас келбеті

Айдынды Аралмен ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған көршілес Қазалы ауданы таланттардан кенде бол­ған емес. Тіпті ке­шегі өткен Байназар Өтеповтың, Мәскеуде жоғары әдеби біліммен сусындаған, атақты қаламгер Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесін алпысыншы жылдары қазақша сөйлеткен, ұлы жазушымен дос болған сындарлы сыншы Қалжан Нұрмаханов, Балтабай Тәжімбетов, Бекділда Алдамжаров, Әнес Нарымбетов, Рүстем Жа­наев, Сейітқұл Оспанов, бүгінгі арамызда жүрген Молдахмет Қаназ, Арал, Қазалының тел перзенті іспеттес, биылғы мемлекеттік сыйлыққа үкілеп қосып отырған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуаныш Жиенбай есімдерін кім білмес. Солармен қанаттас, қабаттас, туғалы қа­сиетті Қазалы топырағында мекен ететін ақын-журналист Жетіскен Мәкенәлі­нің есімін ел-жұрты ла­йықты мақтан тұтады.

Қазалы ауданында адамдары аузын ашса жүрегі көріне­тін Аранды атты ауыл бар. Жетіскен осы ауылдың перзенті. Ақын кіндік қаны там­ған топырағына ұқсайды деген қанатты сөз бар. Рас шығар, бір көргенде Жетіскен тұйық азамат сияқты. Таныса, сөйлесе келе оның көпшіл, сыршыл екенін аңғарасың.

Иә, Аранды ауылындағы әкесі Мәкенәлі мен анасы Күләйдің құтты шаңырағында 1952 жылы 7 маусымда жарық дүниеге келген Жетіскен орта мектептен соң Қызылорданың медучилищесіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы фельдшер маман­дығы бойынша тәмам­дады. Сөйтіп, бірінші санатты фельдшер дәрежесімен ден­саулық саласында он екі жыл қызмет атқарды.

Жетіскеннің арманы ақ желең­ді дәрігер болу еді. Өмір бірақ өз дегенін жасайды екен. Бұған себеп болған, ол бала жасы­нан сол кездегі аудандық «Ленин туы», республикалық «Қазақстан пионері» газетте­ріне мектеп қабырғасында дүние­ге келген алғашқы өлең-мақалаларын күн құрғатпай жолдап жататын. Соның әсері ме, Жетіскен бір кездері екін­ші тынысы ашылған жүйріктей әдебиет ауылына ат басын бұр­ды. Сөйтіп, 1983 жылы 5 мамырда (сол кездері бұл Кеңес­тік баспасөз күні болып есептелетін) Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті редакциясының табалдырығынан имене аттады. Ауылдан үзбей жазып, газет жұмысына белсене араласып жүрген ол басылым редакторлары Тиышбай Шерекенов, Киікбай Ізетов, Әлмәмбет Әлішев сияқты тіс қаққан редакторлармен бес жыл шығармашылық тығыз байланыста қызмет атқарды.

1988 жылы сол кездегі Қазалы аудандық партия комитеті­нің бірінші хатшысы марқұм Елеу Көшербаев журналист ақын Жетіскен Мәкенәліні аудандық мәдениет бөлімінің басшылығына ұсынды. Зерде­лі, жастардың жанашыры болған білікті басшының ұсынысы­ облыстық салалық басшылық пен аупарткомның бюро мү­шелері тарапынан кеңінен қолдау тапқан. Сөйтіп отыз алты жастағы Жетіскен бұл өңірдің аузынан ақық жыр, көмейінен бұлбұл ән, кеудесінен күмбір-күмбір күй төгілген өнерлі өрендерді маңайына топтастырды. Жетіскен бөлім­ді басқарған жылдары Қазалының өнеріне берісі Сыр бойы, әрісі Алматының талғампаз көрермен қауымы дән риза болды, талай жас таланттар талай­ байқауларда томағасын сыпырып топқа салған түбіт қанат қырандардай биікке сам­ғады.

Әу баста жүрек толқынысын баса  алмай қорқасоқтап тізгі­нін ұстаған бұл қызметті 1995 жылдың тамызына дейін, мұнан соң әр жылдары тілдерді дамыту саласында, сол кездегі ішкі саясат секторында бас маман, Ғ.Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінде аға ғылыми қызметкер, 2002-2005 жылдары екінші мәрте аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып мінсіз қызмет атқарған.

Аудан басшылары Жетіскен журналисті әр қияға салып, оның қай қызметтің тізгінін ұстаса да қапы қалдырмайтынын түсінді. Шынында солай болып шықты. Осындай қилы-қилы басшылық қызмет атқарып жүрсе де Жетіскен әріп­тесіміз бәз баяғы кішілік қалпынан жазбады. «Асыл адам айнымас» деп осындайда айтса­ керек.

Соңғы бірер жылда кезінде жабылып қалған аудандық «Қазалы» мемлекеттік қазыналық газетінің қайта ашылуына ұйытқы болып, өзі басқарған Жетіскен Мәкенәлі қазір осы басылымда бөлім меңгерушісі. Ол үшін мүттайым мансаптан гөрі шырайлы шығармашылы­ғы анағұрлым артық. Осы уақытқа дейін «ХХІ ғасырға аманат» атты алғашқы жыр жинағ­ы Қызылорда қаласындағы «Тұмар» баспасынан басылып шықса, ал биыл 60 жастың асқарына аттаған ақынның «Тағдырмен тілдесу» жыр кітабы­  жарық  көрмек. Бұған әр жылдары оқырман қолына тиген «Ортаймаған қазаны, қазыналы Қазалы», «Тамыры терең, тарихы кенен - Қазалы» жинағының үш кітабы, «Асандар көтерілісі», аралдық қаламгер Толыбай Абылаевпен бірі­гіп жазған «Нұрбай би» және Шығыс жастарының көсемі болған Ғани Мұратбаев туралы деректі жинақтарын қосыңыз.

Жетіскенді қарт Қазалының көзі қарақты, сөзі қанатты­ қаламгері десек артық айтқандығымыз болмас. Тарихы бағзы­ оғыздармен еншілес осы аймақтың арамызда жүрген шежі­решісі іспеттес ол. Қазалының өткені мен бүгіні туралы ерінбей-жалықпай жазған етектей-етектей ізденіске толы деректі кітаптары Жетіскеннің жетіс­тігі дер едім.

Бұл жөнінде «Денсаулық» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Молдахмет Қаназ ағамыз:

- Анда-санда «кір жуып, кін­дік кескен» туған жерге барсақ, елпектеп алдымыздан шығатын Жетіскен ініміз. Қазыналы Қазалының арғы-бергі та­рихын түртінектеп жарыққа шығарып жүрген де сол. Қолға қалам ұстаған­ адам көп болғанмен Жетіскеннің орыны бір төбе. Қазалы туралы дерек қа­жет болса­, дереу Жетіскенге хабар­ласамыз. Ол осы ауданның арамызда жүрген архиві сияқты, - деп, дөп басып айтады.

Бұл күндері туған ауданының құрметі мен ықыласын еншілеген Жетіскен құрдасым сүйікті жары Марияш екеуі ұланақтай төрт ұл, қызанақтай бір қыз тәрбиелеп, қияға ұшырды. Өмірден өз орындарын тап­қан перзенттері ерлі-за­йыпты Жетіскен мен Марияштың көз қуаныштары. Айтпақшы, Марияш Арал ауданында­ғы Қызылжар ауылының қызы. Әкесі Мардан Дәрібаев бұл өңірге белгілі кісі болған кезін­де. Марияш замандасымыздың немере ағасы - қазақтың белгілі ақыны, марқұм Жарасқан Әбдірашев.

Жетіскен – ақын азамат. Оған төмендегі өлең жолдары толық куә бола алады.

Армысың, жиырма бірінші жаңа ғасыр!

Ізгілік сыйлаймысың ұлан-асыр.

Өзіңмен сәл ғана бір тілдесейік,

Ақынның жүрегінде қала ма сыр?! - деп толғанады ақын құрдасым.

Бір сөзбен айтқанда, ақын-журналист Жетіскен Мәкенәлі 60 жастың асуына босқа жеткен жоқ. Оған шығармашылық шырайлы белестері куә.

Толыбай  АБЫЛАЕВ



Қазалым

Қазынасы халқымның

Тұнып тұрған Қазалым

Салихасы салтымның

Тұнып тұрған Қазалым.

Қасиеті Анамның

Арға сіңген Қазалым

Өсиеті Бабамның

Қанға сіңген Қазалым.

Ұрпағы бар намыстан

Жаратылған Қазалым

Қорқыт бабам данышпан,

Дара туған Қазалым.

Ат тұяғын тай басқан

Жұртымыз бар Қазалым.

Ғасырларға жалғасқан

Ғұрпымыз бар Қазалым.

Батыры бар,биі бар,

Шешені бар Қазалым.

Тағзым етіп сыйынар

Көсемі бар Қазалым.

Қызыл бар, Қыры бар,

Даласы бар, Қазалым.

Ақыны бар ,жыры бар

Данасы бар Қазалым.

Ырыс-құтын Жерімнің

Салмақтаған Қазалым.

Тыныштытығын Елімнің

Ардақтаған Қазалым.

Тәуелсіздік тұғырың

Биіктеткен Қазалым.

Ел бастаған ұлығын

Сүйікті еткен Қазалым.

Ақ жолында теңдіктің

Тайсалмаған Қазалым.

Шаңырағы Елдіктің

Шайқалмаған Қазалым!
Автопортрет

Уақыт қазы,

Кімдер осал, кім мықты,

Ұнамайтын шар болаттай шындықты.

Жанды салып жағаласа кетемін,

Сезе қалсам адамға жат сұмдықты.


Білгің келсе,

Жүрегіме үңіл сен,

Айып болмас ақиқатқа жүгінсем.

Алынбайтын қамал салып алам мен,

Қара ниет қылығыңнан түңілсем.

Сырласамын,

Жыр оқимын қаласаң,

Заманыммен ұшқан құстай таласам.

Арманым жоқ жеткенінше соңғы дем,

Халқымның бір кәдесіне жарасам.

Туған жерге

Берсем деймін барымды,

Дақ түсірмей қорғап келем арымды.

Артық бір сөз айта қалсам өкінем,

Өкпелетіп алдым ба деп жарымды.

Мамандықтан

Көргенім жоқ кенделік,

Талай ғаріп алғыс айтқан емделіп.

Ақ халатты алмастырдым қаламға,

Жүрегімнің қалауымен жөн көріп.



Жиырма бірінші ғасырға аманат

Армысың,

Жиырма бірінші жаңа ғасыр!

Ізгілік сыйлаймысың ұлан- асыр.

өзіңмен сәл ғана бір тілдесейін,

Ақынның жүрегінде қала ма сыр.

Біз дегенің

Жиырмасыншы ғасырдың адамымыз,

Алға басқан кер кетіп қадамымыз.

Талай- талай таусылды амалымыз,

Талай- талай жыртыстық жағаны біз.

Арсыз заман несіне қымсынады,

Өктемдігін, өкімін ұсынады.

Қасиетті халқымның асылдары

Асылықпен сүрінуге ұшырады.

Зауал соқты батыстан, шығыстан да,

Не жетеді ақылмен ұғысқанға.

Төңкеріспен басталып біздің ғасыр



Жастық

Ей,жастық!

Менің асыл гүл дәуренім,

Өтіп кеткен қайрылмай жыр-дәуренім.

Тәтті түстей қапыда қалдырсаң да,

Өзің жайлы толғанып күнде әуремін.

Толғанғанмен не шара

Оралмайсың,

Маған қайта жолдас та бола алмайсың...

Жүрген шақта

Арындап,арпалыста,

Жалт бұрылдың әйиеуір қалтарыста.

Сені іздеуден бәрібір жалықпадым.

Қалсаңдағы қиырда

Қанша алыста.

Неге іздедім?

Себебін біле алмадым?

Қолын бұлғап алдымда тұр арманым.

Жастық шіркін,жалынды жігіт пе едің?

Жігіт болсаң өзіңмен сыңар жаным.

Неге іздеймін?

Шынымен түсінбедім?

Сөзімде мін,

Болды ма ісімде мін?

Мәңгі ғашық ететін,

Жастық деген

Ару қыз ба,деп қалдым

Түсінгенім.

Ей,жастық!

Бақытымсың алыстағы

Тіл қаттым

Қайта өзіңмен танысқалы

Қадіріңді білмеген аяулымсың,

Бойымдағы,Ардағы,намыстағы!


Алмагүл Шәріқызы Қаржаубаева

Алмагүл Шәріқызы Қаржаубаева 1956 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.1981 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің

журналистика факультетін бітірген. 1974- 1994 жылдары Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қызмет істеген. 1994 жылдан аудандық мәслихаттың бас маманы, аппарат басшысы болып қызмет атқарады. Ауднадық мәслихатқа деппутат болып сайланған. Аудагдық әйелдер кеңесі жанынан шығарылған «Ару ана» гаетінің қоғамдық негіздегі редакторы болды.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Бірнеше жинақтарға өлеңдері мен очерктері енген. 2006 жылы «Сыр самалы» атты, 2008 жылы «Қасиетті Қазалым- ел дегенім» атты кітабы жарық көрген.

Туған жерге, табиғатқа, өмірге, отбасы- Отанына деген сүйіспеншілік ақын жүрегінен әдемі жыр болып төгіледі. Ол қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге ұлағатты ой қоса отырып, шынайы сезім, мөлдір махаббат, биік адамгершілік,парасат- пайым туралы тақырыптарға қалам тербеген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет