4-тарау. Азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен
қызметтері, Азаматтық қорғаныс саласындағы
мемлекеттік бақылау
Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
15-бап. Азаматтық қорғанысқа басшылық жасау
1. Азаматтық қорғанысқа жалпы басшылықты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi жүзеге асырады, ол (лауазымы бойынша) Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының Бастығы болып табылады.
2. Уәкілетті органның басшысы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысы Бастығының орынбасары болып табылады және Республиканың азаматтық қорғанысына тiкелей басшылықты жүзеге асырады.
3. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда, ұйымдарда Азаматтық қорғанысқа басшылықты олардың бiрiншi басшылары жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтары болып табылады және азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыруға жеке жауапты болады.
4. Азаматтық қорғаныс бастықтары:
Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс Бастығы белгiлеген тәртiппен тиiстi деңгейдегi азаматтық қорғаныс жоспарларын бекiтуге және iске қосуға;
белгiленген тәртiппен ведомстволық бағыныстағы аумақта халықты эвакуациялауға;
азаматтық қорғаныс мәселелерi бойынша бұйрықтар, шешiмдер, өкiмдер шығаруға;
заңдарда белгiленген тәртiппен азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс шараларын жүргiзуге тартуға;
жеке және заңды тұлғалардан осы Заңның және азаматтық қорғаныс жөнiндегi басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын талап етуге міндетті.
5. Тиiсті деңгейлердегi Азаматтық қорғаныс бастықтарының азаматтық қорғаныс мәселелерi жөнiндегi бұйрықтары, шешiмдерi және өкiмдер барлық ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшiн мiндеттi.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
16-бап. Азаматтық қорғанысты басқару органдары
1. Азаматтық қорғаныс шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшiн мынадай органдар құрылады:
Уәкілетті орган және оның аумақтық органдары;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарында Азаматтық қорғаныс жөнiндегi бөлiмдер (қызметкерлер);
ұйымдарда - Азаматтық қорғаныс саласындағы мiндеттердi шешуге арнайы уәкiлеттiк берiлген, бiрiншi басшыға тiкелей бағынатын құрылымдық бөлiмшелер (жеке қызметкерлер).
Уәкiлеттi органдағы, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелерiндегі лауазымдардың бiр бөлiгi әскери қызметшiлерден және қызметкерлерден, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнен, Iшкi iстер министрлiгiнен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнен, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (iссапарға жiберiлген) әскери қызметшiлерден жасақталады.
2. Төтенше жағдайлар жөнiндегi басқармалардың (бөлiмдердiң) басшылары лауазымы бойынша тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтарының орынбасарлары болып табылады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2000.05.05 № 48, 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2006.07.07 № 183, 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-бап. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар
қызметтерi
1. Азаматтық қорғаныстың арнаулы шараларын орындауды қамтамасыз ету және күштер мен құралдарды осы мақсаттарда дайындау үшiн республикалық, облыстық, аудандық, қалалық Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерi, сондай-ақ қажет болған жағдайда ұйымдардың Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерi құрылады, олар тiкелей Азаматтық қорғаныс бастығына бағынады.
2. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен, облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдерiнiң, ұйымдар басшыларының шешiмдерiмен құрылады.
3. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық қызметтер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi, олар туралы Ереженi уәкілетті орган бекiтедi.
4. Басқару пункттерiнiң, күштер мен құралдардың, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерiнiң дайындығы үшiн жауапкершiлiк олардың құрылуына негiз болған орталық, жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдардың басшыларына жүктеледi.
5. Азаматтық қорғаныстың эвакуациялық шараларын орындауды ұйымдастыру мақсатында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдарда эвакуация, эвакуациялық-қабылдау комиссиялары құрылады.
Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.
17-1-бап. Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік
бақылау
1. Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттік инспекторы;
Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары;
Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөнiндегi мемлекеттік инспекторлары;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларының орынбасарлары;
облыстардың, қалалар мен аудандардың Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жатады.
Ескерту. 17-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |