ҚазАқпарат. – 2013. – 04 мамыр
А. Күрішбаев елорда ардагерлерінің үйіне барып,
Жеңіс күнімен құттықтады
1/3
Бүгін Астана қалалық мәслихатының депутаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев Жеңіс күні аясында Ұлы Отан соғысына қатысқан №6 сайлау аймағында тұратын ардагерлерді үйіне барып құттықтады, деп хабарлайды аталмыш университеттің баспасөз қызметі. Біздің жарқын болашағымыз үшін жандарын шүберекке түйіп, Отан қорғағандар арамызда өте аз қалды. Олар бүгінгі өскелең ұрпақ үшін өшпес ерлік пен керемет отансүйгіштіктің қайталанбас үлгісін көрсетті.
Ақылбек Күрішбаев майдан даласындағы кескілескен ұрыстар туралы ардагерлер айтқан естеліктерді ұйып тыңдап, соғыстан кейінгі қираған халық шаруашылығын көтеруге қатысқан жанқиярлық еңбектер туралы естіп білді. Жасы 101-ге келген соғыс ардагері Родион Скок ректормен әңгіме барысында «соңғы кездері аяғым ауырып жүргені, әйтпесе, Жеңіс күні өз аяғыммен жүріп, қыдырғанды жақсы көретін жанмын» деп ағынан жарылды. Варвара Грибнева «жасым 92-ге келді, құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Осылай үйге келіп құттықтаған ыстық лебіздеріңізге көп рахмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай» деп батасын берді. «Ардагерлердің жаны жас» - бұл сөздер қан майданды көзімен көрген бүгінгі біздің ардагерлерге де айтылғандай. Бүгінде сіздер қоғамдық еңбектен тыс қалмай, еліміз бен елорданың өмір-тіршілігіне белсене араласып жас ұрпаққа үлгі көрсетіп жүрсіздер», - атап өтті қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Күрішбаев ардагерлерге арналған сөзінде.
Қариялар кездесу сонында депутатқа алғыстарын білдіріп баталарын берді.
Достарыңызбен бөлісу: |