ЭМОТИВТІ ЛЕКСИКАНЫҢ ГЕНДЕРЛІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Ж.С.ТАЛАСПАЕВА, Ж.Т.ҚАДЫРОВ
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
(Петропавл қ., Қазақстан)
Әйелдердің адамның эмоциясын түсіну қабілеті жоғары. Ғылыми тұжырымдарда әйелдердің тілдік емес белгілерді, ситуациядағы адамның жағдайын түсінуі, сезімталдығы отбасы жағдайындағы аналық, әйелдік рөлімен, қызметіндегі бағынушы, яғни қатардағы қызметкерлердің бірі болуымен байланысты деп айтылған.
Әйелдер табиғатынан болған ситуацияны ерлерге қарағанда тез аңғара алады және әңгіме барысында пікірлесіне әсер етудің тікелей әдісін қолданады. Ол – әңгімені ұйып тыңдап, ішкі сезімін білдіріп, жаны ашып немесе оны еркелетіп, бауыр басып, қарсы адамының ішкі жан дүниесіне ден қойып отырады.
«-Құдайдың деймін-ау, саған қосқан еркегінің түрін қарашы! Басы қара қазандай... бар денесі ілбісіндей қарашұбар... саусақтары таяқтай... –деп өзін -өзі сынай-міней отыратын
-Құдайға менің өкпем жоқ, жолбарысым. Құдай маған еркекті екі есе етіп берген ғой – деп Ұлпан да риясыз мақтайтын, риясыз мақтанатын» [1;162]
Әйелдер қарым-қатынастың ашық түріне бара алады. Барлық арман-тілегін, ойын қарым-қатынастағы адамына жайып салады. Ішкі дүниесіндегі буырқанып, шешімін таба алмай жатқан мәселелерді құрбысымен немесе жақын адамдарымен бірге отырып шешеді, қасындағылардың көмегі мен қолдауын керек етеді. Сондай-ақ, олар әруақытта көмекке баруға, біреуді аяп мүсіркеуге даяр тұрады. Және де тілдік қабілетімен, әсіресе эмоционалды тілдік амалдарымен жақсы жеткізеді.
Ерлер болса әйелдерге қарағанда томаға тұйық өмір кешеді. Өздерінің жеке басындағы болып жатқан мәселелермен, қиындықтармен көп бөліскісі келмейді. Ондай жағдайларды соңына дейін ой електерінен өткізіп, өздері шешуге тырысады. Әйелдердің психологиясында еркін дамыған, айқын көрінетін сезімдердің бірі – аяу, мүсіркеу, жаны ашу. Өмірінің біразын отбасында өткізгендіктен, үй жағдайында бала тәрбиесімен айналысып, олармен тіл табысып, жай-күйлерін сезіп, қадағалап отыру әйелдердің түйсігінде аяушылыққа қатысты сезімдердің тууына әсер етеді. Жалпы әйел затының психофизиологиялық ерекшеліктеріне орай жаны ашу арқылы басқаға әсер ету сезімі басымырақ. Олар ерлерге қарағанда басқалардың қайғысын, бақытсыз өмір тіршілігін жақсы түсінеді. Бұл сезім әйелдердің тілдік қолданыстарынан айқындалады. Жәбірленген адамдарды, мүсәпірлерді аяп, мүсіркейтін сөздер қатары әйелдерде көп кездеседі. Ондай сөздерге белгілі бір екпін түсіріле, эмоциямен айтылады. Олардың ішінде аяушылықты білдіретін “сорлы” сөзі. Мысалы: Сорлы ана бір кезде “ұл таптым, елім үшін елеулі бір еңбек істедім” деп ойлағанды [2;66].
Аяушылық мәнде жиі қолданылатын сөздер: байғұс-ай, бейшара сөздері қатар жүреді.
«Ұлпан байғұстың бұдан кейінгі он жыл өмірі еркек шыдай алмас, әйел ғана шыдар азапта өтіп келе жатыр»[1;199].
„Жұрт жүрегін қайғы басып, жұрт көңілінің оты сөніп қалғандай аянышты дауыстар әлсіз ғана шығады. Талай әйел “аллам-ау” деп бастайды да, одан аржағын алласына айтуға да уақыты жоқ, “жау келіп қалмады ма?” деп, жалт ете қалады“[2;65].
Әйелдер өз балаларын еркелету мәнінде “жалғызым”, “жетімегім”, “қарашығым” сияқты аяушылық мәніндегі сөздер бар.
Жақындарына жаны ашығанда әйелдер тек нақты қолданылатын аяушылық мәндегі сөздерді ғана айта бермейді. Айтылатын сөздің интонациясына, дауыс ырғағына қарай сөйлемнің аяушылық мәнінде айтылғаны білініп отырады. Мәселен,«- Қарашықтарым-ай! Опасыз сұм дүние-ай! Осы ма еді тілегенім, осыма еді сақтаған сыбағаң!?»
«Қарағым-ай, төрт жетімек немерем тырдай жалаңаш...тым болмаса бір-екеуіне күпі тігіп беретін жабағы берші»[1;109].
Әйелдер психологиясында эмоцияның ең бір айқын көрінетін түрі – қуану процесі. Әйелдердің қуануы, әсер алуы қарым-қатынаста белгілі болып отырады.
Қуану – адам мінез-құлықтарының, алған әсерінің жоғарғы деңгейі. Бұл процесте субъектіге адам жеке және эмоционалды бағасын береді. Қуану сәтінде олар ішкі сезімдерін, алған әсерін бүкпей қасындағыларға айқын көрсетеді. Адамдар арасында қуану түрлі деңгейлі, бірнеше өлшемді болады [3;58].
Әдетте қуану сәтінде әйелдер “жаратқанға” ризалығын білдіріп, барлық жақсылықтың келуі соның жіберген “рахымы” деп түсінеді. Сондықтан, қуану сәтінде әйелдер “Құдайға”, “Жаратқанға” қатысты сөздерді жиі айтады. Қатты қуанған сәттерінде жылап та алады.
Мысалы: «Құдай-ау, Мария кемпірдің ұлына ұқсап, анасын емшекке теуіп, ел басына өлім егіп жүрсе қайтер ем? Ұлым саған да, тәңірім саған да ризамын!»[2;66].
Әйелдердің қуанып жатқанын, я мұңайып тұрғанын ажырату қиынға соғады. Мысалы: «Мүсіреп келіп жеткенде Ұлпан әлі көз жасын тия алған жоқ еді. Ықылықтап, өксіп қалады. Құдай-ау, не болды маған?...Мүсіреп иттеріне де, қасқырға да бұрылмай Ұлпанның қасына келеді»[1;62].
Жалпы әйел заты жиі қуанады. Себебі оларды қуанту үшін маңызды себептердің керегі жоқ. Әйел үшін бақыт, қуаныш – отбасы, ошақ қасы, бала-шағасының амандығы. Сондықтан, әйелге қатысты күнделікті болып жатқан оқиғаға, кейде қарамағындағылардың ойнап-күлгеніне, денсаулығының зор болғанына, табиғаттың көркемдігіне, бөтен адамның қуанышына да, баласының әрбір сүйкімді қылығына т.б. ұсақ жағдайлардың өзіне де қуанады.
«-Үлкен қайным, малың өрісті болсын!
-Айтқанын келсін, жеңеше
Екеуі де күліп жіберді. Жасы үлкен кісіні жас келіншек қайным десе, жас келіншекті сақалына бурыл кіре бастаған адам жеңеше десе, күлмеске болар ма?»[1;115]
«Қап Есенейдің бар дүниелігін шаштырып алғанымды қарашы! Олжалас, әй!- деп Ұлпан да ақ жарқын күліп жіберді»[1;123]
Қуану – адамдардың эмоционалды оң бағыттағы сезімі. Қуану жеке адамның психологиясына, өмірге деген көзқарасына, өмірден алатын құндылықтарына орай түрлі болады. Мысалы: « - Ана баласын қандай таныса, бала да сондай тани қойған сияқты! Бір кезде ащы бір айғайлады да, ана да күліп жіберді. Ананың сөнген көзі жайнап сала берді. Қуаныш, сүю, мейірімділік ойналды ананың көзінде»[2;54].
Қуану сәтінде әйелдер эмоцияларын қалай білдірсе, таңырқағанда да ерекше бір әуенмен, эмоционалды-экспрессивті амалдарды қолдану арқылы білдіреді.
«Құдай-ау, аузы-мұрнынан шығып толып тұр ғой!
-Мынада бір қыздың жасауы бар ма, немене өзі? Шымылдықты қара!..
-Барлығы асыл...қымбат дүниелік!
-Мына сандықтың ішіне қараңдар! Қант, шай, өрік-мейіз, шыны аяқ-шәшке...Қымыз аяқтары...орамал –дастарқан...бет орамал...толып тұр!
Әйелдер екі сандыққа кезек-кезек жүгіріп естерінен танып қалды. Кедейлік тақсіретін тартып баққан сорлылар ыржақтап, мағынасыз күледі»[1;112]
Эмоционалдық қорыққанды да білдіреді. Жалпы психологиясына қарай әйел адамдар қорқақ болады. Қорқу эмоциясын олар ашық, айқын, елге түсінікті етіп көрсетеді. Әйелдер әрбір басқан қадамы үшін қорқады. Олар үйде жалғыз қалғанда, күйеуі жұмысынан кешіксе, бір заты жоғалса да немесе оны сындырып аламын деп, немесе оған көз тиеді деп қорқады. Кейде жас сәбиі ауырып қалады деп, немесе оған көз тиеді деп қорқады. Сондықтан, әйелдер психикасында қорқу сезімінің түрі жан-жақты.
Ерлер мен әйелдер психологиясының әлеуметтік ерекшеліктеріне орай ерлер мен әйелдер белгілі бір ситуациядан түрлі әсер алып, одан түрлі қорытынды шығарады. Ондай ерекшеліктердің бірі – дау-жанжал, кектесу, ұрыс, ренжісу, ашулану кездерінде жыныстар арасында байқалады. Белгілі бір ситуацияға қарай ашуланған кезде әйелдер қарғыс сөздерді, тұрпайы лексиканы (жанама вербалды агрессивтілік) қолдану арқылы қарсыласына тойтарыс береді. [3;153]Мысалы:
- Ант ұрғанның қарғысы қандай жаман еді! Қалмақ басқырдың ауылы деуге аузы қалай барады екен?
- Өз басына келсін! Жер жастанғыр балалары қандай сотқар еді!
Ұлпан келіннің амандығын тілейік. Сазайын талай тартқызар әлі!.."[1;142]
„- Бұзақы, сайтан… - деді маған. Бірақ, төрт тағандап жүре алмады, қолдары бүгіліп құлай кетті “[2;52].
„…- Әй залым! – деді Ұлпан. -Әй залым! Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін! Бұл дүниенікі ол дүниеге кетпейтін. Сибаннан көресің көресіңді.
- Ойбай, ақ патсан, тимейін марыңа тимейін. Ендігәрі көз тіксем бесікте жатқан бөбегімді көрмейін! – деп аншы Мүсіреп қарғана бастады.“[1;253]
„Ойбай-ай! – деді. – Албасты басқыр, неғып тұрсың жүгірмей!..“[1;151]
„Торсанның бейітіне ешкім келіп құран оқымайды екен. Бұл енді қорлаудың үлкені. Бейітінде тым болмаса бір шыбық шанышқан белгі де жоқ, бет тақтайлары көрініп опырылып жатыр. Балалары әкесін көмген күні, ұмытып та болған. Осының бәрін ел Сибан Ұлпанның қарғысынан деп есептейді.“[1;258]
„Ашпа аузыңды, жықтыр үйіңді! Көш жайлауға! Ызаланып келген Ұлпан әр сөзімен тоқпақтай соққылап жаншып тастады“ [1;142].
„Уа, қарғыс атсын, елін, анасын сатып кеткен Марияның ұлын!“[2;62]
Әйелдерде басқаға күш көрсету әрекеті әлсіз. Әйел адамдардың ашуы тез қайтып, эмоционалды күші төмен болады. Олар қайғы-мұңдарын ішінде сақтап жүргеннен көрі, бар сырын басқа біреулерге ақтарып, мұңын басып, шерін тарқатқанды жақсы көреді. Әйелдер ашуланған кезде ішкі сезімдерін сөзбен жеткізеді.
Күш көрсетуге қатысты сөздерді әйелдер де айтады. Тек бұл сөздердің артында тікелей мағынасымен байланысты іс-әрекеттер жоқ. Ренжу үстінде әйелдер, ашу үстінде күндесіне күш көрсету үшін, оны шын мәнінде өлтіру мақсатында емес, сөзбен ғана қорқытуды, оны сескендіруді көздейді, сөздің артында ешқандай зіл болмайды. Кей жағдайда бұл сөздер әдетте әйелдер арасында болатын ұрысу кезінде қызмет атқарады.
Әйелдердің психологиясына тән эмоцияналдылығы болар қарғыс, дөрекі, еркелеу т.б. эмоционалды-экспрессивті реңк беретін этикет сөздерді жиі пайдаланады. Ондай сөздерге, алдымен қаратпа сөздер енетіні белгілі. Бұл орайда қазақ тілі – ең бір қаратпа жүйесі дамыған, әр алуандығымен көзге түсетін тілдердің бірі. Олар туыстық қарым-қатынасқа, таныс – бейтанысқа түрлі әлеуметтік жікпен ресми – бейресмилік жағдайларға байланысты құбылып отырады. Қаратпалар арқылы адресат пен адресанттың арасындағы қарым-қатынас реттеліп отырады [4;12].
Қаратпалар жалпы есімді және жалқы есімді болады. Қаратпа сөз ретінде жалқы есімдер кісінің атауын білдіруінде, біреудің назарын аударуда оның атын, әкесінің атын немесе кейінгі кезде орыс фамилиясының енуіне байланысты аты әкесінің аты, фамилиясы арқылы да қалыптасты [5; 51].
Жалпы есімді қаратпалар көлемі жағынан да көп, мазмұны жағынан да жан-жақты болады. Қаратпа сөздер эмоциясыз айтылғанымен қатынастағы адамына деген сыйлау, құрметтеу, үлкейту т.б. сезімдерін үстейді. Әйелдер тіліндегі қаратпалар ерлер қолданысындағы қаратпалардан ерекшеленеді. Себебі, салт-санамызға сіңіп келе жатқан әйелдердің қолданысындағы табу мен эвфемизмдердің әсері болар. Сонымен қатар, сөйлеу тілінде өзінен жасы кіші адамға “қарағым”,“шырағым” деген мағынада айтылатын қаратпалар мол ұшырасады.
Мысалы: «Қарағым қайным. Ұлпанымның жалғыз жақын ағасы сен болып қалдың. Көз қырыңды сала жүр,- деді Несібелі»[1;65]
«-Торсан қарағым, бір үш ат үшін осынша қынжылмай-ақ қой, балам... Балалары бір еркелік істесе, кешіре сал, шырағым »[1;236]
Әйел өмірінің негізгі бөлігі жанұя қамқорлығымен, бала тәрбиесімен өткендіктен, олар балаларына жақын болады. Аналардың өмірінің негізі балаларының амандығы, бақыты. Әр ана баласына қарата еркелету мәнінде жұмсалатын қаратпа сөздерді жиі айтады. Тек ішкі жақсы көрушілік сезімін шығару мақсатында ғана емес, баласымен қарым-қатынасты жақсарту үшін негізгі құрал есебінде қажетіне жұмсайды.
Әйелдер баланы немесе басқа адамдарды аяу, жақсы көру, мүсіркеу т.б. сезімдерін сипалап, аймалап, құшақтап, бетінен сүю немесе еркелету арқылы білдіреді, мұндай қатынастан үлкен әсер алады. Баланы еркелеткенде дүниедегі барлық сұлу, әсем заттардың, жануарлардың атауларына теңеу арқылы бірнеше лексикалық қатарларды тауып отырады. Өмір бойы мал шаруашылығымен кәсіп еткен қазақ халқының өмірінде үй жануарларының орны ерекше. Жаңадан туған малдың төлінің сүйкімділігіне деген қызығушылығы, қазақ аналарының балаларын еркелеткенде сол төлдерге балауына мүмкіндік туғызады. Баланы төлге балау жалпы қазақ әйеліне тән қасиет. Төлдерге балаудың ішінде көп кездесетіні – жылқының құлынына балау. «Құлыным», «ақ тайлағым» лексикасы тек еркелеткенде ғана емес, қарапайым қарым-қатынаста қаратпа сөз түрінде де айтыла береді. Мысалы:
«-Е, сойса несі бар, сойғызайын, құлыным. Мүсірептен жақын ағаң болмас сенің – деп шешесі де әлденені аңғарта сөйледі»[1;63]
«-Ие, құлыным, нағашы атаң аса денелі кісі болатын,- деді шешесі»[1;191]
«-Құлыным, қарғам, Қасымжаным!- деп қалды»[2;97]
Төрт түліктің ішіндегі киелісі түйенің ботасына балау да жиі кездеседі. Бота өзінің бұйра шүйдесімен, маң-маң басқан жүрісімен, мөлдіреген үлкен көздерімен сүйкімді көрінеді. Әйелдер көбінесе ботаға қыз баланы жиі теңейді. Ботакөз, Ақбота есімдерін қыз балаға қою содан қалған. Мысалы:
«-Апа мен тонып қалдым, - деді. Бұл оның күндегі әдеті. Қорқамын дейді, тоңдым дейді, әйтеуір бір сылтау тауып шешесінің қасына біраз еркелеп жатып кетеді.
-Келе ғой, ботам – дейді Ұлпан. Біжікен келген бойы бет аузын шешесінің кеудесіне көміп жіберіп, аймалай берді»[1;203].
Сондай-ақ қойдың төлі қозыға теңеу де көп кездесетін еркелету лексикасының түрі. Әйелдер “қозым”, “қоңыр қозым” немесе “қошақаным” деп баласын еркелете береді. Әсіресе шашы бұйра баласын “қозым” деп жиі айтады.
«-Қошақаным-ай, иісің қандай еді, жұпардай!- деп жөргегінен оралған нәрестені өз шешесінен бұрын иіскеді»[1;163]
Ертеде қазақ халқы көкке табынған, тәңірге жалбарынған. Аналарының “күнім”, “жарығым”, “сәулем” деп еркелетуі сәбиін тазалықтың, өмірдің нұры деп есептеуінен. Мысалы:
«Қолымен жерге сүйеніп отырып:
Мынаны қарашы, сәулем қалай әдемі ұйықтайды, - деді.»
«-Немене, күнім?- Ұлпан бұрылып қызының жүзіне қарап еді, еріндері бұртиып кеткен екен. –Немене, ботам?»[1;201]
Еркелетуде бұлардан басқа әсем, қымбат асыл тастардың, оның ішінде алтынға теңеу де жиі кездеседі.
Сонымен қатар адамның дене мүшесіне қатысты яғни, жақсы көруде өзінің “жанына” және “жүрегіне” теңеу арқылы жақындығын білдіретін сөздерде бар. Мысалы: «-Ойладым, жаным. Қырық жыл болса қайтейін?»[1;70]
Көзінің қарашығына қатысты “қарашығым” еркелету лексикасы бар.
«Жаны құрғырдың әлі шықпағанына көзім жеткен соң, өлімсіреген дауыспен:
- Қарашығым, қайдасың...- деді ыңырсып» [2;81]
«Айтолқынның бәлденіп – баптанып болуына қарамай Шынар Ұлпан тобына барып қосылып қалды. Құшақтаса кетердей өлгенше қарап келіп еді, Ұлпан да сондай күйде екен.
- Сенбісің-ей, айналайын?-деді»[1;86].
Баланың кескініне және тұрпатына қарап “кішкентайым”, “қара шұнағым”, “тәттім”, “шыбыным” деп сын-сипатын білдіретін еркелету сөзі бар.
Баласының әрбір қылықтары басқаға ұнамаса да, өзінің көзіне сүйкімді болып көрініп, әрбір жасаған қылығы үшін ана оны еркелетеді. Бұзақылығы, тентектігі өзіне ерсі көрінбегендіктен оны “тентегім”, “бұзығым” деп те жақсы көрген.
Көмекші сөздерден басқа -ау, -ай шылаулары еркелету сөзіне мағына үстеп, созылынқы ырғақпен айтылып, эмоциялық реңк беріп отырады құлыным-ау, әкетайым-ай, қарағым-ау, қалқам-ау.Мәселен:
«Қарағым-ау, неменеден ренжіп қайттың ? Менімен бұлай сөйлеспейтін едің ғой!- деді Ұлпан». [1;236]
Балалардың тәрбиесінде қазақ әйелдері үлкен рөл атқарады. Әйелдер ұлдарын тәрбиелеу барысында әкелеріне еліктеп, әкелерін үлгі етіп, әкеңмен ақылдас деп балаларының саналарына құйып отырған. Яғни, ұл балалары үшін әке беделі аналарының сөзі арқылы қалыптасқан.
Ғабит Мүсірепов - қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі жанрларын өркендетуге белсене араласқан көркем сөздің зергері. Оның әр туындысы идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көз тартарлық әсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады. Ал Ғабиттің шығармаларында қазақ халқының ұлтық дүниетанымына қатысты әлемнің тілдік бейнесі қалай берілген? Біздің пікірімізше, автор әлемнің тілдік моделін қазақтың ұлттық болмысын бейнелейтін «әйел» концептісі арқылы көбірек танытқан. Өз шығармаларында жазушы әйелдердің ішкі дүниесін, сезім әлемін тағылым аларлықтай қадір-қасиетін терең суреттеген.
Әдебиеттер тізімі:
Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Роман. -Атамұра, 2003.-264 б.
Мүсірепов Ғ. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. Әңгімелер.-Алматы: Жазушы, 2002.-288 б.
Авакова Р.Ә. Фразелогия теориясы. -Алматы; Қазақ университеті,2009.-292 б.
Қобланова А. Қазақ сөз этикеті, Алматы, 1991, 103б.
Егіншібеева Н.Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпалар. Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 1997. -149 б.
Достарыңызбен бөлісу: |