Қолөнердің, сауданың, ауыл шаруашылығының дамуы. Қалалар санының артуы, олардың аумағының кеңеюі, қала халқының өсуі қолөнер мен сауданың одан әрі дамуына игі әсерін тигізді. Қолөнер өнімін тұтынушылар құрамы өзгерді. Егер бұрын, VІІ-VІІІ ғасырларда олар бай көпестер мен диқандар болса, енді қатардағы тұрғындар да өнімді негізгі тұтынушыға айналады. Құмырашылар махалласындағы қазбаға қарағанда ХІ-ХІІ ғасырларда шағын қолөнер шеберханалары пайда бола бастайды. Сол кездің өзінде-ақ шеберханалар бір салаға мамандандырылды, ал қыш құмырашылар цехтық ұйымдарға біріктірілді.
Қазақстан қалаларынан көп табылған шыны бұйымдары Х ғасырға жатады. Сол кезден ХІІІ ғасырдың басына дейін шыны бұйымдарының түрлері, үлгілері және жиынтығы өзгермейтіні байқалады. Қазақстанның түрлі қалаларынан табылған шынының жақын ұқсастығы аңғарылады.
Шыны ыдыстардың дені үрлеу әдісімен, енді біреулері қалыпқа құю арқылы жасалған. Қалып ретінде пайдаланылған қабырғалары мен түптерінде «ара ұясы», шеңберлес сызықтар, розеткалар түріндегі ою-өрнектер болды. Үрлеп жасалған ыдыс сыртынан жапсырылған қайырмалармен, шыны тіндерімен және жолақтарымен өрнектеледі, кейде түрлі-түсті жапсырмалары бар өрнектермен безендіріледі. Шынылардың көп кездесуі орта ғасырлардағы қалаларда шыны өндірісінің жоғары деңгейге жеткенін және халықтың мейлінше алуан түрлі топтары пайдаланғанын дәлелдейді.
Қалалық қолөнерде темір бұйымдар жасаумен тығыз байланысты ұсталық кәсіп өте кең таралды. Қала ұсталары әдетте жеке махаллаларға орналасты. Темір кен өндірілетін жерлерде өңделген. Металл да сонда балқытылған. Ұста дүкендеріне темір қорытпалары әзірленген крица, құйма және темір сынықтары түрінде әкелінген. Темір және шойын бұйымдардың сынықтары әрлендіру материалы ретінде де пайдаланылды.
Нашар сақталуына байланысты ұста дүкендерінің құрылысын көзге елестету қиын. Алматы ұста дүкенінде темір балқытатын көрік шикі кірпіштен қаланған, ол цилиндр тәрізді, түбінің диаметрі 2 метрге жуық. Оның іші күлге, көмірге және төбесінен құлап түскен күйген кірпіштің кесектеріне толы. Көріктің жанында ыдыстар – су таситын төрт көзе тұрды. Оларда су немесе бұйымдарды шыңдауға арналған ерітінділер сақталды.
Мыс бұйымдарын жасау барлық қалаларда таралған, оның үстіне полиметалл мен мыс орталықтарына жақын Қаратауда, Қырғыз, Іле және Талас Алатауларында өндірілген. Зерттеушілердің пайымдауынша, мыс кәсіпшілігі маңызы мен шеберлер саны жағынан екінші орындағы мамандық болған. Соның алдындағы кезеңмен салыстырғанда, мыс бұйымдары көбірек мәлім. Мыс шеберлері ыдыс-аяқ, шырағдан, әсемдік заттар жасады. Олар екінің бірінде зергерлер де болып, қымбат тұратын металдармен де жұмыс істеді. ІХ-ХІІ ғасырлардағы металл бұйымдар негізінен, қола шырағдандар мен оларға арналған тұғырлар болып келеді. Қолөнер бұйымдарының арасында құмыралар да бар.
Зерттеушілердің пайымдауынша ІХ-ХІІІ ғасырларда Жетісу күміс бұйымдарын өндіретін орталықтардың біріне айналды.
Қоладан, күміс пен алтыннан білезіктер, шолпылар, сырғалар, қапсырмалар жасалды. Зергерлік бұйымдардың арасынан Шымкент көмбесінен табылған, Х-ХІ ғасырларға жататын ширатпалы бұратылған күміс білезіктер өздеріне ерекше назар аудартады. Жетісу-Сырдария аймағына тән мұндай білезіктер неғұрлым кейінгі кезде де жасалынды. Отырардан ХІІІ ғасырдың басына жататын әшекейлердің қызықты жиынтығы табылды. Бұл – ұштарында сегіз қырлы басы бар қола білезік, күрделі нақышталған, қола шарлар тізілген шаш ұстағыш, айшықты шыны мен көгілдір ұнтақтан қатырып жасалған моншақтар. Әшекейлердің ең көп тобы – шыны мен түрлі-түсті тастардан - ақықтан, агаттан, хрустальдан, көктастан, яшмадан, інжу-маржандардан жасалынған моншақтар.
Аталғандармен қатар киіз, жіп талшықтары өндірісімен байланысты тері өңдеу, жүн тоқу секілді мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін қолөнер салалары да дамыды. Бірақ мұндай өнімдер сақталмаған.
Сүйектен жасалған садақ қаптамалары, түйреуіштер, шахмат мүсіндері табылған.
Тас өңдеу, негізінен орта ғасырлардағы қала жұрттарында ең көп таралған олжалардың бірі – диірмендер жасауға келіп саяды. Олардың ертедегі орта ғасырларда жасалған түрі бүкіл кейінгі ғасырлар бойында сақталып қалды.
Қазақстанның оңтүстігінде Испиджаб, Кедер, Отырар және Янгикент, Оңтүстік-Батыста Тараз бен Баласағұн, Солтүстік-Шығыс Жетісуда Талғар мен Қаялық ең ірі сауда орталықтары болды.
Испиджабта жабық базар және мата базары жұмыс істеді. Испиджабтың басқа сауда орындары арасында тималар аталады. Бұлар қарабас-маталармен сауда жасалатын арнаулы орындар бар үлкен керуен-сарайлар еді. Әл-Мақдиси айтатын рабадтардағы керуен-сарайлар осылар. Олардың кейбіреулерінде нахшебтер мен самарқандықтар тұрған. Сонымен бірге Испиджаб көпестері Бағдатқа дейін тауар апарып, онда Мервтен, Балхтан, Бұхара мен Хорезмнен барған көпестермен бірге Харб ибн Абдаллах әл-Балхи рабадында тұрған. Отырар алқабы жөнінде деректерде «Фараб – бай өңір, оның басты қаласы Кедер деп аталады... – бұл көпестер жиналатын жер» делінген. Кедер деп саналатын Құйрықтөбе қала жұртының бір махалласында сауда дүңгіршегінің орны аршылды.
Сырдарияның төменгі ағысында Янгикент те белгілі сауда орталығына айналады, онда хорезмдік көпестер колониясы болған еді. Сол себепті де бұл қала мәдениетінде хорезмдік ықпал айқын аңғарылады.
Бұрынғысынша Тараз транзиттік ірі сауда орталығы болып қала берді, ол жөнінде деректерде «мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны» және «көпестер қаласы» деп жазылады. Тараз көпестерінің Исфаганда өз тобы болған, ал соңғысының тұрғындары Шелжеде, Талас алқабында сауда жасаған. Жетісудан Тараз арқылы Таластың жоғарғы ағысында өндірілетін күміс тасылған. Күміс өндірілетін орталықтар Шелже, Текабкет пен Көл қалалары болған. Іле аңғарында Талғар мен Қаялық сауда орталықтары болды.
ІХ-ХІІІ ғасырлар бас кезінде қалалар мен өлке арасындағы сауда кеңінен дамиды. Қалаларға сипаттама бергенде орта ғасырлардағы авторлардың ең алдымен базарларын сипаттап, сол жерлердің тауарларына тән бағалар туралы хабарлайтыны кездейсоқ емес. Қалаға өлкеден ауыл шаруашылығы өнімі, негізінен астық, жеміс, ет әкелінген. Егінші халық қала қолөнершілерінен қажетті бұйымдар – керамика, шыны, зергерлік бұйымдар, әшекей заттар алып тұрды.
Қала өмірінде даламен сауданың маңызы зор, ол қалалардың өзінше бір ауылдық өңірі болды. Сауда қала мен даланың екеуіне де пайда келтіріді, бұл жөнінде салжұқ құжаттарының бірінде айтылады: «Олардың (көшпелілердің) пайда келтіретін тауарлары мен заттары отырықшы адамдардың байлығын, игілігі мен пайдасын арттырудың бір көзі болып табылады. Шонжарлар мен жай халық осы игіліктер мен артықшылықтардан өз үлесін алады»
Жәрмеңке сипатында болған сауда көшпелі дүниемен шектес Сауран, Янгикент (Жанкент), Дех-Нуджикес қалаларында мейлінше қызу жүргізілген. Испиджабқа мал шаруашылығы өнімі Дех-Нуджикес арқылы келіп отырған. Сауран оғыздармен жасалатын сауда орталығы болды. Сондай-ақ оғыздар Баладж және Берукет қалаларында да сауда жасаған.
Янгикент арқылы оғыздар Хорезммен сауда жүргізген, ал Хорезм Қазақстан даласы, Еділ бойы, Хазария мен славяндар дүниесі арасында аралық рөл атқарған. Жазиралар (оазистер) мен қалалардың халқы жылқы, мал, жүн, иленбеген тері, киіз, текемет, сүт өнімдерін, құлдар алып отырды. Кейбір қалалар тікелей көшпелілерден алынатын, не әкелінген шикізаттан жасалатын тауарларды сыртқа шығаруға маманданды. Мысалы, әл-Макдиси былай дейді: «Шаштан жоғары сортты шегірен ерлер, жебе салатын қорамсақтар мен шатырлар әкетілді. Тері түіктерден әкетіліп, иленді... Ферғана мен Испиджабта - ақ маталармен, қарумен, семсермен және темірмен бірге түріктерден шыққан құлдар. Тараздан ешкі терілері. Шелжеден – күміс. Түркістаннан, сол сияқты Хутталдан бұл жерлерге жылқы мен қашырлар әкелінді». Түріктердің жылқылары ерекше бағаланған. Истахри «Хорасанға қой халадждардан әкелінеді, ал Мауераннахрға ет оғыздар мен қарлұқтардан ... өздеріне керегінен көп мөлшерде жеткізіледі» деп хабарлайды.
Көшпелілер экспортының маңызды бөліктері арасында мускус пен аң терілерін атау керек. Көшпелілер саудасының маңызды тағы бір бөлігі құлдар екені айтылады. Сонымен қоса дала тайпалары қалаға металл жеткізіп отырған. Оны өндіретін орталықтардың бірі Орталық Қазақстан болған. Әл-Идриси кимектердің темір, күміс және алтын өндіргенін айтады. Көшпелілер өз тауарларына қалалық орталықтардан киім-кешек, маталар, астық, қала қолөнерінің бұйымдарын, сәндік заттар айрбастап алған.
ІХ-ХІІІ ғасырлардың басындағы кезеңде тауар-ақша қатынастарының өсуі тән, ол айырбасты ығыстырып шығарады. Қазақстанның ірі қалаларында теңге сарайлары болған. Испиджабта теңгелер соғылған, бұл іс бірсыпыра үзіліспен ХІ ғасырдың бірінші жартысына дейін созылған.
Отырарда теңгелер соғу жалғастырылды. 1967 жылы Самарқанд көмбесінен Барабтың 222-223 жылдардағы саманилік теңгелері (мәнеттері) табылды. Отырар және Құйрықтөбе қалаларының жұртын қазған кезде де нақ сондай теңгелер табылған. Бұл қалада қарахандар мен хорзмшахтар кезіндегі теңге сарайы одан әрі жұмыс істеді. Фарабтан 1164-65 – 1173-74 жылдарда Қарахан мемлекеті кезінде соғылған теңгелер табылды, зерттеушілердің пікірінше, теңге соғу 1210-11 жылдарға дейін жалғасқан болуы мүмкін. 1210 және 1217-18 жылдарда Отырарда соғылған Мұхаммед ибн Текештің теңгесі мәлім. Яссыда хорезмшах соқтырған теңге табылды.
ХІ ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында Мауераннахрда дирхемнің сапасы күрт нашарлады. Оның құрамындағы күміс 20‰ дейін құлдырады. ХІ ғасырдың аяғына қарай «күміс дағдарысы» бүкіл мұсылман Шығысын, соның ішінде зерттеліп отырған аймақтың қалалаарын да қамтыды. Сондықтан ХІ-ХІІ ғасырларда теңге бағамы алтынмен бейнеленіп, ол құнның бұрынғыдан көбірек өлшеміне айналды. Оның айналыс құралы ретіндегі рөлі арта түсті.
Қала халқының көбеюі ауыл шаруашылығының тауарлылығын арттыруды, жерді пайдаланудың барған сайын интенсивтендіріліуін талап етті, өйткені Оңтүстік Қазақстанның бірқатар алқабтарында, сондай-ақ Оңтүстік-Батыс Жетісу қалаларының ұзын дуалдары шегіне суармалы және өңдеуге қолайлы жер көлемі шектеулі болатын.
Х-ХІІІ ғасырларда Іле өзенінің төменгі ағысында ирригация дамиды. Бұрынғысы сияқты, қала және ауыл тұрғындары өз телімдерінде бау-бақша дақылдарын өсіреді, жүзім шаруашлығымен және үй жанында мал өсірумен айналысады. Қалалардың жұртын қазған кезде Төменгі Барсханда Қызылөзен қаласының жұртында шарап ашытатын орындардың қалдықтары табылды, Степанинскоенің Ақтөбесінде екі шарап ашытатын орын қазып аршылды. Қала тұрғындарының үйлерінде ұралар болып, оларда астық, кептірілген жеміс қоралары сақталған.
Қала және ауыл тұрғындары сондай-ақ үй жануарларын – жылқы, сиыр, қой, ешкі ұстаған.