Тұрғын үй тұрғызудың дамуы мен демографиялық сауалдар. ІХ ғасырдың екінші жартысы – Х ғасырдағы тұрғын үйлерде оның алдындағы уақыттың дәстүрі жалғастырылады. Бұлар – кіре берісі тамбур тәрізді, тұрғын жайдың қабырғаларын бойлай «г» және «п» түрінде сәкілер орналастырылған, айналасында жақтаулары мен каминдері бар ашық үлгідегі ошақтармен жылытылған, белағашты (өтпелі) етіп жоспарланған бір және екі бөлмелі үйлер. Төбесі бір бағанды және төрт бағанды етіп жайпақ жабылған.
Х-ХІ ғасырлардағы үйлер Құйрықтөбе қаласын қазғанда мәлім болған. Екі бөлмелі үйлер тұрғын жай мен қоймадан тұрды. Үйге тамбур арқылы кіретін болған. Бөлмеде қабырғаларды бойлай, ені 1-1,5 м және биіктігі 0,3-0,4 м болатын «п» түрінде сыпа (сәкі) салынған. Ортасында, еденде жақтауы бар антропоморфтық алаңша түріндегі ошақ орналасқан. Оның көлемі 1,2х1,5 м, алдыңғы жағы дөңгелек екі дөңеспен сәнделген, оған жақын жерде от жағатын шұңқыр тұр. Кіре беріске қарама-қарсы жақтаумен бөлінген шаруашылық орны бар, оған тас дирмен қойылып, еденін қазып, ыдыс көмілген. Сәкінің (сыпаның) шетіне таман биіктігі 0,6 м жуан текше орнатылып, оған сыланған тандыр қойылған. Тандырдың қасында қабырғаға шаруашылық қуыстары жасалған. Үйдің төбесі жалпақ және төрт бағанмен тірелген, ол бағандардың едендегі шұңқырлары сақталып қалған. Басқа үйлердің ішкі көрінісі осыған ұқсас, тек болмашы айырмашылықтары байқалады.
Құйрықтөбеде қазып аршылған ІХ-ХІІ ғасырдың басындағы тұрғын үйлерде елеулі өзгерістер аңғарылады. Ұзынынан тізбектеле орналасқан үш бөлмеден тұратын, тізбектеп (түзу, жалғастырыла) жоспарланған тұрғын үйлер сақталған.
Бөлмелері ұзынынан айқастырылып (крест тәрізді жоспарланған) орналастырылған үйлер жаңа үлгіге жатады. Ұзын жағы үлкен көшеге тігінен бір қатарға қойылған бөлмелері бар тұрғын үй тағы бір үлгі болды. Үйдегі бөлмелер саны екеу немесе үшеу. Бұл үлгідегі үйдің айқын бағдары жоқ, жеке бөлмелерінің қандай мақсатқа арналғаны аңғарылмайды.
Бөлменің ішкі көрінісі өзгешелігімен ерекшеленеді. Сәкілер бөлменің жартысын, тіпті бүкіл көлемінің үлкен бөлігін алып тұрады, бұл орайда еден деңгейі тек өтер жерденемесе кіре беріс алдында ғана сақталады. Ашық ошақтардың айқын тікбұрышты бейнесі сақталмаған. Бұл ошақ шұңқырлары мейлінше алуан түрлі: сопақша, дөңгелек, таға тәрізді болып келеді.
ІХ-ХІІІ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік-Батыс Жетісуда да тұрғын үйлердің жаңа үлгілері таралады. Олардың біріншісіне орталықтан жоспарлау тән, оның негізі орталық зал немесе аула болып, тұрғын жайлар мен қора-қопсыларға сол арқылы кірген. Бұлайша жоспарлау бай үйлерге де, қатардағы үйлерге де тән. Айырмашылық құрылыстың көлемі мен ішкі көріністің сипатына ғана келіп саятын.
Орталықтағы қираған үйінділерден тыс жерлердегі сипатталған үйлердің бір бөлігі, сірә, ауқатты қала тұрғындарының жазғы мекендері болса керек. Бұл «касрлар» - бекіністі мекен-жайлар. «Каср» терминін – павильон, шағын сарай деп түсінген дұрыс.
Ұзын дуалдармен қоршалған аумақтағы қала сыртына орналасқан бай құрылыстармен қатар олардың тағы бір түрі болды. Бұлар – ауылдық округтердің негізгі компоненті болған екі және үш бөлмелі үйлерден тұрады. Олар жалғыз, бестен жиырмаға дейін топталып орналасқан, кейде ішінде құрылыс салмаған телімі бар өзінше бір төрткүлді құрайды.
Тегінде, мұндай үйлердің көпшілігі ауыл адамдарынікі болса керек, бірінші кезекте, кейбіреулері ұзын дуалдардың ішкі кеңістігінің шет жақтарына орналасты. Басқалары қатардағы қала тұрғындарының жазғы тұрғын жайлары болуы мүмкін.
Солтүстік-Шығыс Жетісудағы баспаналар туралы Талғар қаласындағы тоғыз үй қалдығы бойынша айтуға болады. Олар бір камералы тұрғын үй мен қоймадан тұратын құрылысқа негізделген. Тұрғын үй мен мал ұстауға арналған кең ауланың ұштастырылуы көңіл аудартады. Бұл – шаруашылығында малшылық тұрмыс сақталған халыққа тән үрдіс. Талғар қаласының шаруашылығында малшылық және көпшілік дәстүрлер болғанын дәлелдейтін қызықты жағдай кейбір қоныс-жай аулаларына тұрақты тігіліп қоятын киіз үйлер болып табылады.
Үйдің жанында киіз үйдің болуы көшпелі тұрмыс дәстүрінің сақталуын аңғартады, осы тұрғыдан алғанда да Іле қалаларының мекен-жайлары бір жағынан, жергілікті халық арасындағы отырықшылану үрдістерін, екінші жағынан – қала тұрғындары шаруашылығында мал өсірудің әлі де елеулі рөл атқарғанын дәлелдейді. Бұған ауладағы киіз үй ғана емес, сонымен қатар малдың түрлі түліктеріне арнап салынған құрылыстары бар, бүкіл мекен-жайдың жартысын алып жатқан ауланың өзі де айғақ болады. Сонымен бірге тастан, күйдірілген балшық кесектерінен, шикі кірпіштен салынған көп бөлмелі тұрақты тұрғын үйлер қалаларды мекендеушілер тұрмысының орнықты болғанын, ал олардың өмірі бірінші кезекте қолөнермен, саудамен және егіншілікпен байланысты екенін дәлелдейді.
Махаллалар құрылысы мен тұрғын үйлер қарастырылып отырған кезеңдегі демографиялық жағдайды сипаттауға мүмкіндік береді. Біздің есептеуімізше, өңірдегі ірі қала орталығы - Испиджабта 40 мыңдай адам өмір сүрген. Кенжеде округінің орталығы Усбаникентте 7 мыңдай адам тіршілік етті. Астаналық орталықтар мен неғұрлым ірі қалаларда 4 мыңна 10 мыңға шейінгі адамдар өмір сүрді, ал Отырарда 16 мыңдай адам болды. Орташа қалаларда 1,5 мыңнан 3 мыңға дейін адам болса, ұсақ қалаларда 1,5 мыңдай тұрғындар болды. Оңтүстік Қазақстанда барлығы 150-160 мыңдай адам өмір сүрді.
Біздің мәлімет бойынша Шу мен Талас алабындағы қала тұрғындарының жалпы саны 100 мыңдай адамға жетті. Іле алабындағы қалаларда ХІ ғ. мен ХІІІ ғ. бас кезінде 350 мың адам тіршілік етті.
Қала тұрғындарының саны бойынша Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жекелеген аудандары Орта Азияның Ташкент, Мерв оазистері секілді аудандарынан әлдеқайда аз еді.