Сауда және керуен жолдары. Моңғолдар жаулап алған кезде қалалардың талқандалуы, егіншілік алқаптары мен дала өңірінің қаңыратылып тасталуы қала мен оның төңірегінің, қала мен даланың саудасына теріс әсер етті. Алайда, халықаралық сауда жолдары жұмыс істей берді. Қытай мен Моңғолияны Орта Азиямен, Орта және Таяу Шығыспен, Еуропамен жалғастырып жатқан Жетісу жолында бұрынғыдай жүргіншілер көп болды. Еуропаны Азиямен жалғастырып жатқан оңтүстік орыс даласы, Еділ бойы арқылы Оралға, одан әрі Хорезмге, Сырдарияға және Жетісу арқылы Алмалық пен Моңғолияға өтетін дипломатиялық және керуен жолы зор маңызға ие болған еді. Бұл жолмен Плано Карпини мен Вильгельм (Гильом) Рубрук жүріп өткен. Плано Карпини жолын кейінірек ішінара Андре де Лонжюмо миссиясы қайталаған.
Мөңке хан өлгеннен кейін өзара қырқысты соғыстар өршіді. Орта Азия мен Жетісу арқылы өтетін жолмен жүру қауіпті болды. Тек ХІV ғасырдың 20-3 жылдары ғана моңғол иеліктерінде қайтадан халықаралық саудаға қолайлы жағдай орнайды. Көпестер мен миссионерлер бұрынғыша Кафадан Танға, Көне немесе Жаңа Сарайға, Үргенішке, Отырарға, Алмалық пен Ханбалыққа сапар шегіп отырды. Балдучи Пегалотти (1340 ж.) есептеуінше бұл жол 290 күнге созылды. Халықаралық сауда нәтижесінде Батысқа жібек, әшекей бұйымдары жеткізілді. Пеголоттидің көпестерге полотно маталар ала барып, оларды Үргеніште сатуға және татар елдерінде өтімді күміс жамбылар жинап алуға кеңес берген куәлігі сақталған.
Аталған тауарлар ішінара Оңтүстік Қазақстанның қалаларында қалып отырды. Халықаралық сауданың кең көлемде жүргізілгенін жоғарыда аталған күміс көмбе дәлелдей алады, онда Алмалық, Еміл, Пулад, Жент, Қырым, Сивас теңгелері бар. Көмбе бұйымдарының бір бөлігі, мысалы, жоғарыда суреттелген құрама белдіктің бөлшектері мен ұйғырша жазбасы бар қалақшалар Орта Азиядан, Шығыс Түркістаннан, кіші Азиядан шыққан.
Халықаралық саудамен қатар жергілікті, облыс ішіндегі сауда да дами бастайды. Тауар-ақша қатынасына дала тайпалары да тартылды. Көшпелілер қабірлерінен, көмбелерінен табылған монета (мәнет) олжалар көп.
Қазақстан аумағындағы ақша айналымы тарихын осы кезеңдегі Орта Азия ақша өндірісінен бөліп қарастыруға болмайды. Шағатайлықтар империясындағы ақша өндірісі дамуын үш кезеңге бөлінеді.
Бірінші кезеңге моңғолдардың Орта Азияны жаулап алғаннан кейінгі ширек ғасырлық уақыты, яғни шамамен ХІІІ ортасына дейінгі аралықтағы кез жатады. Екінші кезең шығарылған жеріне қарамай Шағатай мемлекетінде жүрген барлық сапасы төмен алтын мәнеттер шығарумен сипатталады. Аясы тар айналым үшін күміс жалатылған мыс дирхемдер шығарылды. Бұхара, Самарқанд, Ходжент пен Отырарда мәнет сарайлары жұмыс істеді. Осы кездері ұсақ ақша саудасы да жанданды. Айталық, Отырарда хижраның 649 жылынан (1251-1252 жж.) 662 жылына (1263-1264 жж.) дейін тек қалада ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан, Ташкент, Ферғана аудандарында күміс жалатылған мыс дирхемдер саудада жүрген.
Үшінші кезең хижраның 670 жылында (1271-1272) басталған Масудбектің ақша реформасынан бастап есептелінеді. Реформа Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың көптеген қалалары мен облыстарында бағалы күміс теңгелерді тұрақты соғып тұратын етті. Қазір ХІІІ ғасыр соңғы ширегінде жұмыс істеген 15-тен астам теңге сарайлары белгілі болып отыр, олардың арасында Отырар, Тараз, Кенже (Кендже), Жент сарайлары бар. Нумизматикалық мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның оңтүстігі мен Талас алқабы сауда-саттық үшін қолайлы жағдайда болып келген.
1321 жылы Кебек хан жаңа күміс теңгелер – «кебектерді» айналымға енгізді. Бұрынғысынша Отырар, Тараз бен Кенжеде мәнеттік өнімдер көптеп шығарылды. ХІҮ ғасыр екінші жартысында Сығанақта да мәнеттер соғылды.
Оңтүстік Қазақстан қалаларында келесі экономикалық және мәдени өмірдегі өрлеу – бұл жерлердің Темір империясының құрамына кіруімен байланысты, мұны ХІV ғасыр соңы мен ХV ғасыр ортасында Самарқандта, Бұхарада соғылған көптеген мыс мәнеттер нақтылай түседі. Осы уақыттарда Ұлықбек те Отырарда мыс теңгелер соқтырды. Отырарда табылған Астрабад, Герат, Йезд, Кашан, Кум, Шираз қалаларында соғылған күміс мәнеттер қоймасы – Оңтүстік Қазақстанның сыртқы сауда байланыстарының нақты көрсеткіші.