Қазақстан археологиясы



бет131/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   ...   127   128   129   130   131   132   133   134   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Қорытынды


Көне қалалардың және елді мекендердің, мүрделердің, кеніштердің, обалардың, тұрмыстық және шаруашылық бұйымдарының, еңбек құралдарының, қарулардың қалдықтары – барша бұйымдық деректер өздерін дүниеге келтірген қоғамның материалдық мәдениетін құрайды. Бұлар археологияның немесе материалдық мәдениеттің ескерткіштері болғандықтан осы ескерткіштерді зерттейтін ғылыми институттар да археология немесе материалдық мәдениет тарихы институттары деп аталады. Әйтсе де, археология материалдық мәдениет ескерткіштерін зерттеумен ғана шектелмейді. Археология аталған ескерткіштер арқылы палеолит дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі қоғамның шаруашылық, әлеуметтік және рухани өмірін зерделейді.
Ескерткіш немесе қолдан жасалған көне бұйым (артефакт) археолог үшін маңызды тарихи дереккөзі болып табылады. Ол өткен өмірдің материалдық құндылыққа айналған бір бөлігі, жұқанасы.
Адам баласы ежелден бері әрқилы бұйымдар – еңбек құралдарын, ыдыстар, әшекейлер жасады. Осының бәрі өз дәуірінің өнімі тек белгілі бір дәуірге тән өнім болып табылады. Археологияның бұйымдары арқылы олардың жасалған уақыты, оларды жасаған немесе тұтынған халық анықталады. Қазу жұмыстары кезінде табылған заттардың жиынтығынан өткен өмірдің сұлбасы жасалады. Әсіресе, өткенді зерттеуде еңбек құралдарының мәні зор, дәл осы еңбек құралдары жасалған материал арқылы ғалымдар адамзат тарихын тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі деп бірнеше кезеңге бөлді. Тастан жасалған балтадан темір соқаға дейін адамзат дамудың ұзақ жолын бастан кешірді. Сондықтан материалдық мәдениеттің қалдықтары осынау ұзақ жол жөнінде пікір білдіруге мүмкіндік туғызады.
Қазақстанның ежелгі дәуірдегі және орта ғасырдағы тарихын жаңғыртуда құнды мағлұмат беретін әрі жақсы зерттелген археология ескерткіштері – Есік обасы, Отырар қаласы, Беғазы моласы, Жезқазғанның ертедегі кен орындары, Қаратаудың тас құралдары, Тараздың жылтыратылған қышы, Електегі сармат мүрделеріндегі қола масақты жебелер және Таңбалы тастағы суреттер.
Археологиялық ескерткіштер, әдетте, жер астында жасырулы. Сондықтан олар жер қазу жұмыстарында кездейсоқ табылып жатады. Көптеген монета немесе басқа бұйымдар қоймасы, мәселен қазір Қазақстанның Орталық Мемлекеттік мұражайында сақтаулы, Жалаулыдағы сақ дәуірінің алтын бұйымдар қоймасы дәл осылай ашылды.
Сондай-ақ, археологиялық ескерткіштерді табу үшін археологтер әрқилы әдістерді (соның ішінде әуеден және ғарыштан суретке түсіру де бар) қолдана отырып жүйелі ізденіс жүргізеді. Әуеден, жоғарыдан суретке түсіру Сырдария және Арал төңірегіндегі жазықтардағы көптеген Орта ғасырлық қалаларды, обаларды, арықтар мен жолдарды табуға мүмкіндік берді. Ежелгі қалалардың, қорғандардың жасалу үрдісін, жерлеу ғұрыптарын анықтау үшін археологтер ескерткіштерді қазып (олар соңынан консервацияланады), көптеген заттар, қыш бұйымдар алады. Осының бәрі біздің тарихымыз жөніндегі құнды мағлұматтары бар археологиялық ескерткіштер қатарына жатады.
Қазақстан археологиясы әлемдік ғылым жүйесімен бірге дамып келеді. Онда қалыптасқан ғылыми дәстүрлер мен жаңа инновациялық технологиялар да кеңінен қолданылып әрі өзара үйлестіріліп, далалық ізденістер жаңаша қырынан жанданып отыр.
Көпжылдық археологиялық зерттеулер Қазақстан аумағындағы адамзат қоғамының тарихи дамуының негізгі кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік берді. Оның әрбір кезеңі соңғы жылдары жаңа сапалық деңгейде қарастырылып, әрбір тарих-мәдени дәуір тың да соны материалдармен толықты. Алынған жаңа материалдар археология ғылымының іргелі мәселелерін жан-жақты қарастыруға, түйіні түйіткілді сауалдарды нақтылауға, жаңаша концептуальдық ой-пікірлердің қалыптасуына мол мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда әлемдік ғылым көне замандардағы мәдениет пен өнерге кеңінен назар аударуда. Бірқатар сауалдарды шешуде жаратылыстану ғылымының жетістіктері кеңінен қолданылып, жаңа технологиялық әлует мүмкіндіктері жекелеген мәселелерді қарастыруға және нақтылауға көп септігін тигізуде.
Осы орайда қазақстандық археологтар да жаратылыстану салаларындағы (палеоботаника, палеогеология, одонтология, топырақтану, химия мен физика, генетика, геоморфология, палинология, т.б.) мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Оның нәтижелері әлемдік археология тарихнамасына енген елеулі табыс болып есептелінеді.
Археология ғылымындағы өзекті бағыт ежелгі қоғамды кешенді түрде зерттеу болып қалып отыр. Ол әлеуметтік археология деп аталынады. Қалалық орталықтар мен шағын қоныстарды, қоғамдық ғимараттар иен жекелеген «жеке» баспаналарды, агроирригациялық жүйелер мен керуен жолдарын, зергерлік бұйымдар мен өндіріс құрал-саймандарын зерттеу қоғамның әлеуметтік және саяси құрылымын зерделеуге мүмкіндік береді. Мұндай мәселелерді үлгілеудің жаңа әдістері де қолданылуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   127   128   129   130   131   132   133   134   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет