Қазақстан археологиясы



бет7/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

ІІ-тарау
ТАС ДӘУІРІ

Алғашқы қауым адамы өмір сүрген төрттік (антропоген) кезеңі 2 млн. жылдан астам уақыт бұрын басталды. Антропоген дәуірін оған дейінгі неогенмен бөлген өзіндік табиғи шекаралар ірі палеографиялық өзгерістер болған еді. Бұл уақытта Қазақстан аумағында тау түзілу үрдістері зор қарқынмен жүріп, Тянь-Шань, Алтай, Тарбағатай, Сауыр және Жоңғар Алатауы қалыптасады. Жер қыртысының тіке қозғалысы Қазақстан ұсақ шоқысының қазіргі рельефін қалыптастырды. Оның жекелеген телімдері жазықтық пен үстірттер қалыптастырып біршама көтерілсе, басқалары төмен түсіп, ойпаттар мен қазаншұңқырларға айналды. Әлбетте, олардың қуаң аймақта (аридная зона) орналасуы ежелгі гоминидтер тіршілік жағдайының әркелкілігіне және де сонымен қатар ұқсастығына себепкер болды. Қуаңшылық аймақтарға аумақты алғашқы игерудің ұзаққа созылуы, сондай-ақ гоминидтердің қалыптасуы мен дамуының өзгешеліктері тән болып келеді. Бірақ барлық рельеф түрлеріне ашық (жер бетінде) үлгідегі тұрақтардың абсолютті басымдылығы тән. Олардың көпшілігі кешенді түрде болып табылады, сонымен қатар ежелгі гоминидтердің бір және сол геоморфологиялық ауданда өте ұзақ уақыт (кейде бірнеше жүз мыңжылдықтар бойына) орналасқандығының іздерін сақтаған.


Өзінің қуаң өңірдегі жағдайына, жер аумағының кеңдігіне және табиғи-ландшафтық өңірінің алуан түрлі, жер бедері үлгілерінің көп мөлшерде болуына қарай Қазақстан Еуразияның қуаң өңірінің палеолитін зерттеуге үлгі-өрнек (модель) бола алады. Мұнда мынадай ірі өңірлер бар: Тұран және Каспий маңы шөлдері; Сарыарқа, Шығыс Қазақстан жазықтары мен ұсақ шоқысы (Н.Г.Кассин, Г.Ц.Медоев, т.б. пайымдауынша Торғайдың бүгілген жерінен шығысқа қарай жатқан барлық аумақ); Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстан ойпатты жазықтығы – Батыс Сібір ойпатының қазақстандық бөлігі.
Бұл өңірлердегі палеолиттің даму тарихы, тұрақтар саны және олардың шоғырлануы біркелкі емес, мұндағы геологиялық-геоморфологиялық, өмір сүру жағдайлары, палеогеографиялық жағдайлардың тұрақтылығы немесе өзгерістерге ұшырауы және де климаттағы өзгерістер не болмаса ландшафттың ауысуына байланысты қоныс аудару (маусымдық және миграцияның өзге түрлері) мүмкіндігі де әрқилы.
Ылғалды мұхит ауасының өтуіне кедергі келтірген таулардың өсуі және су алаптарының азаюы Қазақстан аумағындағы климатты құрғақ ете түсті. Бірақ оны төрттік кезеңде бірнеше рет ылғалды климат алмастырды, кейде тауларды мұздық басты.
Жер шарының кейбір аудандарында антропоген дәуірін бөліп көрсету мұздықтар кезеңі мен мұздықаралық сатылардың ауысуына байланысты палеоклиматтық принципке негізделген.Әсіресе Еуропадағы мұздықтардың альпілік сызбасы жан-жақты зерттеліп, кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан мен Орта Азия аумағы мұз жамылғысы баспаған аудандар қатарына кіргенімен, мұнда мұздықтардың суық лебі сезіліп тұрды. Төрттік мұздықтар негізінен таулы аймақтарды қамтыды. Олардың саны мен ұзақтығы ғаламдық жайттар туғызған тек климаттағы құбылуларға ғана емес, қалыптасқан тау жүйесінің биіктігіне де тікелей байланысты болды. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, Қазақстандағы мұздықтардың саны, уақыты мен ұзақтығы әрбір тау сілемдері үшін әрқилы болуы ықтимал.
Плиоценнің аяғындағы апат пен төрттік кезең хал-ахуалды өзгертті. Гиндукуш пен Гималай, Қарақорым, Тянь-Шань мен Алтай муссондарды өткізбейтін бөгет (кедергі) қана емес, олар тіпті күллі ландшафтты да толық өзгертіп жіберді де, бірте-бірте қазіргі кескін-кейпіне әкеле берді. Мұзарт құрсауында өсіп келе жатқан тау қыраттары, уақыт өткен сайын бұрынғыдан бетер көтеріле түсетін кең көлемдегі жаңа жерлер, тегі, палеолит ареалындағы аумақтар өрнегін күнілгері анықтап қойғанға ұқсайды. Муссондар мен циклондар қозғалысының өзгеруі, қуаң аймақтағы климаттың қытымырланып қатая түсуі едәуір мол аумақтың құлазып, шөлге айналуына себепкер болды.
Қазақстанның әр өңіріне болып жатқан өзгерістер бірдей әсер ете қойған жоқ. Тұран мен Каспий маңы шөлдері аймағының жағдайы тұрақты болған. Каспий теңізі жағалаулары мен Үстірт қыратында палеолиттің ерте кездерінен бастап неолитке дейінгі тұрақты палеогеографиялық жағдайлардың болғандығы (қолайлы климат, аңшылық нысандары мен тұратын жерлердің көптігі), шикізаттың молдығы, ауыз судың шығып жатуы көптеген палеолит пен неолит тұрақтарының сақталғандығынан да аңғарылады. Сақталған тұрақтар топографиясы геологтардың жағалаулық сызбаның бірнеше рет өзгерістерге ұшырағандығын көрсеткен мәліметтерін нақтылай түседі.
Ұсақ шоқылар мен жазықтардың ұштасуы тән, түбі жайпақ кең аңғарлы Сарыарқа геоморфологиялық жағдайлары жағынан мейлінше тұрақты аймақ болған және болып та отыр. Мұнда палеолиттің эолюциясы ашельдің едәуір соңғы кезеңінен басталып, кейінгі палеолитке дейін созылады. Неолитке дейінгі ұзаққа созылған хиатус гидрожелілердің (гидросеть) өзгерістерге ұшырауына байланысты еді.
Тас ғасыры тұрақтары топографиясының өзіндік ерекшліктері ежелгі адамдардың Сарыарқаның негізгі су айырығының бойымен өтіп, одан соң Солтүстік Балқаш өңіріне қоныстануы мүмкін екенін көрсетеді. Палеогеографиялық жағдайлардың тұрақтылығы, көші-қон жолдарының қалыпқа келуі және, тегінде, олардың өзгермеуі, сол сияқты жануарлардың (аңшылық нысандары) тіршілік ететін жерлері мен құстар жолының да бір қалпында қалуы, жақсы шикізат қорының жер бетіне шығып жатуы және тиянақты су көзінің болуы палеолиттің әртүрлі мәдениетін бойына дарытқан алғашқы ұжымдардың бір тұрақтарда, шығарылған шлейф конусында, терең шүнейітті өзен жағасында немесе суы тұщы бұлақтар жанында ұзақ уақыт тіршілік етуіне мүмкіндік берген. Тек жоғарғы плейстоценнің аяғында өте суық әрі құрғақ болған кезде су жүйелері біржолата бұзылды. Ұзақ жылдарға созылған тоңданудың өрістеуі жағдайында Сарыарқаның көптеген аудандарында сол аймақты мекендейтін жануарлар мен бір кезде осы өлкеде дәстүрлі тіршілік етіп, кейін біржолата кетіп қалған гоминидтердің қалыптасқан байланысы үзіледі. Тек өтпелі аймақтарда, Сарыарқаның шетіндегі Ертіс өңірінде ғана эволюция неолитке дейін толастамады.
Өтпелі аймақтардың бірі Қаратау сілемдері (Сырдария маңы) болды. Оның географиялық жағдайының өзіндік ерекшелігі мынада: ол, бір жағынан, Солтүстік Тянь-Шань жоталарының сілемі болып табылады және соларға тән биіктік белдеуі бар, ал ең суық дәуірлерде, сірә, мұнда мұздық (мұзарт) орналасса керек. Екінші жағынан, ол екі ірі аймақты – Орта Азияның құмды даласы мен Бетпақдаланың саздақты даласын шектеп, бөліп тұр. Климаты жағынан Қаратау жотасының жағдайы ерекше қолайлы. Мұндай жағдай ұзақ уақыт бойы, кем дегенде жоғарғы плиоценнен бастап сақталып келген. Шөлді аймақта орналасу сол арадан қалың құм қатпарлары (шеттерінде) мен борпылдақ (немесе сары) топырақты (лесс) қабаттардың құрылуына себепші болған еді. Қаратау жотасындағы көпшілік аудандардың геологиялық құрылымы, мұнда көптеген жануарлар үйірлерінің үнемі тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасады.
Сол себепті де осының бәрі ежелгі гоминидтің осы араны мекендеуіне жол ашқандығына таң қалуға болмайды, олар бұл маңнан қоректі де, су көздерін де, сондай-ақ өзендер жағалауы мен үңгірлерден, бортопырақты аудандардан тұраққа қажет жақсы орындар тапты. Алайда, шамасы, өтпелі (шекаралық) аудандардың бір ерекшелігі – уақиғалар мен құбылыстардың үзік-үзік және әртүрлі болып келетіні. Мысалы, Қаратау жотасының палеолиті кем дегенде екі эволюция сызығымен сипатталынады. Оның біріншісіне Кіші Қаратаудың куэст аудандары тән және ол зілмен қара шақпақтастарға (Бөріқазған, Тәңірқазған) негізделген. Ең ежелгі тұрақтар пенепленнің бір кездегі үстіндегі мүйісті-қыратты биіктеріне байланысты. Неғұрлым кейінгі – ашельдік, мустьелік және кейінгі палеолиттік тұрақтар куэсттердің баурайында орналасқан және де ерте палеолиттік орындармен үлкен хронологиялық айырмашылықта.
Екінші бағыт жақсы физикалық қасиеттері бар ашық-сұрғылт түсті шақпақтас негізінде дамыды және дайындамадан (загатовка) неғұрлым сапалы жарықшақ алуға негізделді. Мұның негізгі ескерткіші Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ болып табылады. Оның бірегейлігі мынада: бұл тұрақтың күллі тіршілігі өзен арналары тоздырған, өзі борпылдақ сары топырақпен астасып, шеткі аймақтары кайназой шөгінділерімен ұласып жатқан үстірт тарихымен тығыз байланысты. Бәлкім, бұл палеолиттік тұрақтың эволюциясы Буденный (қазіргі Арыстанды – авт.) кенті маңындағы конгломераттарынан шыққан, А.Г.Медоев «арыстанды мәдениеті» деп көрсеткен палеолиттен бастау алатын шығар.
Дамудың үшіншісі, шөгінді жыныстар бағыты да байқалады. Геолог Б.Ж. Әубекеров мәліметі бойынша, Ш.Уәлиханов тұрағы ауданынан және өзге орындардан кейінгі палеолиттің бірнеше үлгілері табылған, олар өзінің типологиялық ерекшелігі жағынан Сарыарқадағы саяқ мәдениетін еске түсіреді.
Әзірге Қазақстанның таулы аудандары жеткілікті зерттелмей келеді. Мұнда палеолит тұрақтарын іздестірудің қиыншылықтары жауын-шашынның мол жиналу ерекшеліктерімен және жер бедерінің тез өзгеруімен анықталады. Егер төрттік кезеңдегі шөгінділердің жиналуы күңгірт айтқанда Сарыарқада шамамен 10-20 м болса (Н.Н.Костенко, Б.Ж.Әубекеров, т.б. мәліметтері), онда тауларда төрттік шөгінділер қалыңдығы километрмен өлшенеді. Осындай жылдамдықпен рельефтің дұрыс формалары (терраса, т.б.) да бұзылады. Дегенмен ашель (?) мен мустье артефактілерінің Шарын өзені каньондарынан, Жоңғар Алатауының оңтүстік беткейлерінен табылуы Қазақстан таулы аймақтарын зерттеудің болашағы мол екендігін байқатады.
Қазақстан төрттік шөгінділері стратиграфиясын дайындаған геолог Н.Н.Костенко антропоген дәуірін төменгі, ортаңғы, жоғарғы және қазіргі антропоген деген төрт ірі бөлімдерге жіктейді. Антропогеннің алғашқы екі бөлімі өз кезегінде төменгі және жоғарғы қабаттарға, ал жоғарғы және қазіргі антропоген – тиісінше үшке бөлінді. Палеогеографиялық жағынан төменгі антропогеннің ерте кезеңі жылы, бірақ неогенге қарағанда онша ылғалды емес климатпен, тау жүйелерінің белсенді түрде көтерілуімен, ландшафтты аймақтардың қалыптасуы, біртіндеп саванналық өсімдіктерді далалық және жартылай шөлейттегі түрлердің ығыстыруымен сипатталынады.
Төменгі антропогенге сай келетін хайуанаттар негізінен іле фауналық кешеніне кірді, олар - оверн мастодонты, оңтүстік орман пілі, Стенон жылқысы, т.б.
Төменгі антропогеннің екінші кезеңінің бас кезінде климаттық жағдайлар алдыңғы уақыттардағыдан айтарлықтай өзгере қоймады. Бірақ оның соңында күн суытты, оған Қазақстан аумағының шығыс және оңтүстік аудандарындағы жартылай мұзарттардың дамуы әсерін тигізді. Төменгі антропогеннің жоғарғы қабаты Шығыс Еуропа тирасполь фаунасы мен Пекин маңындағы Чжоукоудянь үңгіріндегі синантроп фаунасына жақын қошқорған фауналық кешенімен тығыз байланысты.
Шымкент облысындағы (ОҚО – авт.) шартты түрде негізгі олжалар табылған жер атауымен аталған бұл уақыттағы қазынды фауна құрамына орман мен қалың тал-шілік өскен өзендердің кең алқаптарын мекендеген орман пілі кірді. Өзендер бойындағы тоғайлар мен биік бұталы дала - ежелгі бизон мен ебедейсіз дала мүйізтұмсығы-эласмотерийдің, кең маңдайлы бұлан мен бұғы-маралдың ең ұнамды жерлері болды. Далада жабайы жылқылардың екі түрі: зебр тәрізді белгілері бар зюссенборней және кейіннен қолға үйретілген мосбах жылқылары өмір сүрген. Шөлді аудандарда мұнда іле фауналық кешенінен белгілі ежелгі түйелер әлі де тіршілік етіп жатты.
Орта антропогеннің бас кезімен климаттың жылу және ылғалдану фазасы тығыз байланысты, оны кейіннен екі рет таулы аймақтағы мұздықтар ауыстырды және күн суытты. Бұл кезеңге хазар фауналық кешені сәйкес келеді.
Ортаантропогендік уақытта Қазақстан тауларында белсенді тектоникалық қозғалыстар да жүріп жатты. Тау түзілу үрдістері де жүрді. Таулы аймақтардағы бірінен кейін бірі болған екі мұздық басуынан соң өзендер мен көлдердегі су режимі бұзылды, гидрографиялық желі (сеть) өзгерді. Қазақстан аумағында қазіргі үлкенді-кішілі өзен арналары қалыптаса бастады. Сырдария Қызылқұм ойпатындағы қақтар арқылы өзіне жол салды, Нарым-Бұқтарма өзендері аралығының жарылуынан және Ертіс алабы ішінара су жүргеннен соң Зайсаннан ағынды су ақты, ал Қапшағай үстіртінің тектоникалық көтерілуі нәтижесінде байырғы Іле өзінің орта ағысында көл қалыптастырды. Мұздықтардың еруі нәтижесінде Солтүстік Каспий маңы ойпатын Каспий теңізінің сулары басып қалды, ал ортаантропогендік дәуір соңында теңіздің көлемі кішірейді.
Қазақстанның жазықты аймақтарында (Ертіс маңы, Балқаш төңірегі) негізінен орманды-далалы және далалы, ал оңтүстігінде жусанды шөлейт басым болды. Тянь-Шань және басқа да тау сілемдерінде қарағай, шырша, қайың, жөке, қызыл қайың (граб), ольха өсті.
Ортаантропоген дәуірінде хазар фауналық кешені аталатын жануарлар кеңінен тарады. Бұталы далалар мен шалғындарда трогонтериев пілдері, ірі және олармен бірге қысқа аяқты жануарлар, тықыр жүнді мамонттар өріп жүрді. Мол қорек беретін шалғындарда және далаларда ұзын мүйізді бизондар мен үлкен мүйізді бұғылар жайылды.
Жоғарғы антропогенде суықтық сақталып тұрды, климат қазіргіуақытқа қарағанда әдеқайда суық болды. Бұл кезеңнен бізге мамонттық фаунаның немесе жоғарғы палеолиттік фауна қалдықтары жетті. Соңында, голоценде (қазіргі антропоген) осы күнгі климат және қазіргі уақыттағы фауналық кешен қалыптасты.
Антропоген дәуірінің геологиялық стратиграфиясымен палеолиттің археологиялық жіктеуі де жасалады. Төменгі антропогеннің ерте кезеңіне төменгі палеолиттік дошелль (олдувэй) және шелль, екінші, немесе төменгі антропогеннің жоғарғы қабатына кейінгі шелль мен ерте ашель сай келеді деп жорамалданады. Орта антропоген кейінгі ашельге сәйкес келеді. Жоғарғы антропогеннің кейінгі (жоғарғы) палеолитпен арақатыстылығы бар, ал қазіргі антропоген жаңа тас ғасырынан бастап барлық кейінгі дәуірлерді қамтыды.
Қазақстан аумағында ежелгі гоминидтер пайда болуының алғышарттарын адамзат тарихындағы өтпелі және ең маңызды кезеңдегі геологиялық-географиялық жағдайларды негізге ала отырып іздестіру қажет, ал ондай кезең плиоценнің екінші жартысы болып табылады. Ең ертедегі гоминидтердің Африка құрылығынан бастап қазіргі қуаң өңір мен Сібір аумағына дейінгі кең-байтақ жерде анықталған іздері алғашқы адамдардың өте ауқымды кеңістікте қолданғанын дәлелдейді. Қазір бір нәрсе айқын: 1,6 – 1 млн. жылдар аралығында-ақ Каспий маңы ойпатының ашық кеңістіктерінде, Тұран далаларында, Моңғолия мен Солтүстік Қытайда гоминидтердің тұрақтары болған. Плиоценнің палеогеографиялық жағдайлары таулары біршама аласа және климаты қолайлы Азия жазықтарын ежелгі адамдардың алыс солтүстікке қоныс аударуына жәрдемдесе алды деп санауға мүмкіндік береді. Әсілі, ол кезде Қазақстан, Моңғолия мен Солтүстік Қытай Еуразияны қоныстанудың алғашқы кезеңдері үшін ең солтүстік аудандар болса керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет