Қазақстан археологиясы


І-тарау ҚАЗАҚСТАН АРХЕОЛОГИЯСЫН ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН



бет2/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

І-тарау

ҚАЗАҚСТАН АРХЕОЛОГИЯСЫН ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН
Қазақстанның археологиялық ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер ортағасырларлық қытай, араб, парсы тарихшылары, географтары мен саяхатшыларының еңбектерінде кездеседі. Олар өз еңбектерінде өздері тікелей көзімен көрген немесе өздеріне айтылған әңгіме бойынша мәлім болған қалалар мен қоныстардың жұрттарын, ғажайып туындыларды, бейнелерді айтып өтеді.

Жаңа заманда Қазақстанның өткендегісін ғылыми зерттеуде І Петрдің көне мұраларға ұқыпты қарауға, оларды суреттеу мен жинауға әмір берген жарлықтары, сондай-ақ оның бастамасы бойынша Сібірді және Ресейге іргелес жатқан Қазақстан жерін зерттеу мақсатымен қолданылған шаралар маңызды рөл атқарды. Осы әрекеттер нәтижесінде 1701 жылы Тобыл боярының ұлы С.Ремезов жазған «Чертежная книга Сибири» («Сібірдің сызба кітабы») жарық көрді. Онда географиялық деректермен қатар, қазақ сахарасының археологиялық ескерткіштері туралы мәліметтер де жинақталған.

Сібірге бірінші академиялық экспедиция көрнекті ғалым Г.Ф.Миллердің басқаруымен 1733 жылы ұйымдастырылды. Бұл экспедиция материалдарында Сібір мен Қазақстан археологиясына қатысты қызықты мәліметтер келтіріледі. Экспедиция құрамында өз заманының белгілі ғалымдары – профессор Г.Ф.Миллер, И.Гмелин, Л.Делаклоер, геодезистер А.Красильников, А.Иванов, Н.Чекин, М.Ушаков болған еді. Кейінірек оларға Сібірдің атақты тарихшысы И.Фишер қосылды. Экспедиция маршруты Тверь, Қазан, Екатеринбург қалалары арқылы жүрді. Тобылдан саяхатшылар Тара, Железинск, Ямышев, Семей бекіністері арқылы Өскеменге, одан Барнаул, Кузнецк арқылы Сібірге барды. 1740 жылы И.Гмелин Солтүстік Қазақстан болып, одан ары Жайықтың (Оралдың) жоғарғы ағысына дейін жетті. И.Гмелин еңбектеріне қарағанда, ол Қазақстан археологиясына қатысты қомақты материалдар жинақтаған, бірқатар ескерткіштердің сипаттамасын жасап, суреттерін салған.

Г.Ф.Миллер Ертіс бойында кең көлемді археологиялық барлау жүргізді, Ямышев бекінісінің аудандарында мен Өскемен маңындағы Үлбіде қазба жұмыстарын ұйымдастырды, оның қызметкерлері Ертіс алабындағы Қалбасын мұнарасы, Семь палат (Семей), Абылайкит замоктары секілді көне құрылыстарды есептеп шығып, суретін қағазға түсірді.

1768-1774 жылдары Еділ бойы, Орал, Сібір мен Қазақстан халықтарының тарихын, географиясы мен этнографиясын зерттеу мақсатымен ұйымдастырылған екінші академиялық экспедиция Қазақстанда археологиялық зерттеу ісін жалғастырды. Экспедиция жұмыстарына өз заманының аса көрнекті ғалымдары П.С.Паллас, И.П.Фальк, И.Г.Георги, П.И.Рычков, Х.Барданес қатысты.

П.С.Паллас өз кезегінде И.Гмелин мен Г.Миллер жазған ескерткіштер туралы толымды сипаттама беріп, тарихи-мәдени талдау жасады. И.П.Фальк Солтүстік және Орталық Қазақстанда саяхаттады. Оның мұрағатында Қазақстанның тарихи топографиясы, археологиясы мен ескерткіштер тарихы туралы қомақты материалдар сақталуда.

И.П.Фальк экспедициясының белсенді мүшелерінің бірі Х.Барданес болды. Бұл Петропавлдан Аягөзге дейінгі Орталық Қазақстанды басып өткен алғашқы ғалым еді. Ол қазақ сахарасында қирағанына ұзақ уақыт бола қоймаған қалалардың көп екендігін айтады. «Аягөз өзені маңында қырғыздар (қазақтар) Ксу-Көрпеш (Қозы-Көрпеш) деп атайтын тастан тұрғызылған үлкен ғимарат қалдықтары көрініп тұр» - деп жазады.

Қазақстан географиясын, тарихи топографиясын мен археологиясын зерттеуге П.И.Рычков та мол үлес қосты. Оның бірқатар еңбектерінде, әсіресе «Топография Оренбургская» атты шығармасында археология сауалдары қамтылды. Ол алғашқылардың бірі болып «Татагай, Жубан-Ана, Белян-Ана» атауларымен белгілі «көне қалалар мен құрылыстардың» сипаттамасын жасады, және де баянауылдық үңгірлерге ғылыми бағасын берді. П.И.рычковты ежелгі кен өндіретін, соның ішінде мыс, қорғасын және қалайы кентастарын қорытатын орындар қызықтырған еді.

1771 жылы Н.П. Рычковтың Торғай мен Есіл далаларына жасаған сапарында жазған күнделігінде қызықты материалдар ұшырасады. Н.П.Рычков Ұлытау мен Атбасар аудандарындағы ескерткіштерді сипаттап берді, Есіл өзені бойындағы орасан зор үйінділер туралы айтып өтеді.

Ол Қараторғай өзені аңғарындағы алып обалардың кескініне таң-тамаша болып: «ежелгі халықтардың бейіті жай топырақпен үйіліп, 15 саженьнен асатындай биіктікке көтерілген, қоршауы 135-тей саженьге жетеді» деп жазған. Бұл құрылыстардың Н.П.Рычков қалай тұрғызылғандығына түсінбей әрі таңданыс білдіріп: «Мұндай алып құрылысты салу үшін қаншама адамдар қажет» деп жазды. Ол бұл обалардың мерзімін дәл анықтай алды, «обалар скиф патшасы немесе батырының құрметіне тұрғызылған» деп есептеді. Торғай өзенінің жоғарғы ағысы мен Арғанаты тауларынан Н.П.Рычков ескерткіштердің басқа түрлерін, соның ішінде көне қала мен ежелгі құрылыс қирандыларын да ашқан болатын. Оның жазбаларына қарағанда, қала ор мен жалмен қоршалған бекініс болып табылады: ол «төрт бұрышты замок іспеттес... Шығыс жағынан әлі күнге дейін ағаш қақпалардың орны көрініп тұр», қақпа бекініс ішіне қарай жолды бастайды. Бұрынғы тереңдігін жоғалтқан әрі қазіргі күні жайылып кеткен жал мен ор бұл орынның көнелігінен хабардар етеді. Қала үстінде черепицалар мен тастардың қалдықтарды көптеп жатыр».

ХVІІІ ғасыр соңына қарай саяхатшылар Орталық Қазақстанды жиірек аралай бастады. Капитан И.Г.Андреев, тау-кен ісінің шенеуніктері М.Поспелов пен Т.С.Бурнашев (1800), Ф.Назаров (1813), Н.И.Потанин (1829), т.б. жүру бағыттары (маршруттары) мәлім. Олар өз жазбаларында белгілі бір дәрежеде қазақстан археологиясының сауалдарын да қамтып отырды. Каптиан И.Г.Андреевтің еңбектерінде Қазақстанның этнографиясы, географиясы, тарихы жайлы мағлұматтардан басқа, Семей, Шыңғыс және Қарқаралы аудандары, тіпті Жетісу жеріндегі археология және тарихи топография туралы қомақты материалдар кездеседі.

1800 жылы Ямышев бекінісінен Қарқаралы, Сарысу далалары, Шу өзенінің төменгі ағысы арқылы Ташкентке тау-кен ісінің шенеуніктері М.Поспелов пен Н.Бурнаше өтті. Олар: «Қайсақ (қазақ) даласының көптеген жерлерінде, әсіресе Нұра өзені маңында ежелгі халықтардың обалары бар... Қайсақтардың (қазақтардың) мәлімдеуінше, олардың кейбірінде металдан жасалған заттар ұшырасады» - деп жазады. Бұлар сипаттаған ескерткіштердің тағы бір түрі «жерге кіріп тұрған, ер адам мен әйел адамдардың бет-пішіні дөрекі түрде салынған үлкен гранитті тастар (мүсіндер)» болып табылады.

Торғай даласы мен Аралдың солтүстік маңындағы кейбір археологиялық мәліметтер Бұхара хандығына барған (1803-1804) Гавердовский мәліметтерінде айтылады.

Сібір корпусы бөлімінің тілмәші, кезінде қоқандық елшілерді алып жүрген Ф.Назаров та Орталық Қазақстанның археологиялық кешендері жайлы мәлімдейді. Ол Қаратау жотасындағы ескерткіштерге сипаттама жасады, Шымкент қаласын сипаттап берді.

Қарқаралы мен Шығыс Бетпақдала арқылы Семейден Созаққа дейін келген Н.И.Потаниннің де көрген-білгендері үлкен қызығушылық танытады. Ол Көкшетау, Темірші және Қызыл-Арай тауларынан тас мүсіндерді, чуд молаларын, немесе қола дәуірі ескерткіштерін, сонымен қатар Беғазы типіндегі алып тас қоршауларды көрген болатын.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жаңа әкімшілік округтардың құрылуына байланысты Ресейдің шеткі аймақтарындағы, жекелей алғанда Орталық Қазақстан жеріндегі көненің көзіне деген қызығушылық арта түсті. Мұндай сауалдармен, негізінен, С.Б.Броневский, Л.Н.Герн, В.Старков, М.Красовский, т.б. офицерлер мен шенеуніктер айналысты. Қазақстан мен Алтайдың археологиялық тұрғыдан зерттелуі бұл аудандардың геологиялық ізденістерімен тығыз байланысты болды. Б.Ф.Герман, И.П.Шангин, Г.Розе, В.Ледебур, А.Гумбольдт секілді тау-кен инженерлері мен геологтар еңбектерінен Орталық Қазақстанның археологиясы бойынша мол материал табуға болады. Геолотарды ежелгі кен орындары, мыс пен қалайы өңдеген жерлердің үйінділері, тас қашаған орындар, үңгірлер, жартас суреттері, көне суландыру жүйелері қызықтырған еді.

Орталық Қазақстанның ескерткіштерін сипаттап берген, мұнда түрлі дәуірге жататын археологиялық ескерткіштерді кездестірген тау-кен ісінің инженері И.П.Шангин жазбалары да қызығушылық тудырады.

Қола дәуірінің көптеген ескерткіштерін И.П.Шангин қазіргі Көкшетау өңіріндегі Байқошқар тауларынан тапқан. Имантау тауларынан кен орындарын ұшырастырған.

И.П.Шангин Есіл өзені алабында орналасқан бекіністік құрылыстарды мен қоныстарды да сипаттайды. Есілге құятын Аққайрақ өзенінен ол алты ежелгі бекіністі кездестірген.

Ол өзінің айтуы бойынша, Нұра өзенінен «бірқатар ежелгі архитектуралық құрылыстарды, соның ішінде Ботақай (Ботағай) сынды көне қала үйіндісін» ұшырастырған.

Шығыс көне жәдігерлерін жинақтаушылардың бірі Г.И.Спасский болды. Ол Сібір мен Қазақстан археологиясы жайлы көптеген қызықты мақалалар жариялады, еңбектерінде дала тайпаларының мәдениеті, ескерткіштер типтері жайлы ойлар айтылып, олардың сыныптамасы жасалынды.

Г.И.Спасскийдің көпжылдық ізденістері «О достопримечательнейших памятниках сибирских древностей» атты еңбегінде қорытындыланды, онда ол дала тайпалары мәдениеттерінің шығу тегі туралы өз көзқарасын баяндады және тас мүсіндер мен тасқа қашап түсірілген жазулар секілді ескерткіштер типтеріне анықтама жасады. Оның әлемге мәшһүр еңбегінің бір тарауы Қазақстан мен Сібір аумағынан табылған ежелгі жазбаларды сараптауға арналды. Онда археологиялық ескерткіштерді, жазуларды, жартас суреттерін, тас мүсіндер мен өзге де көне мұраларды қорғауға байланысты да сауалдар көтерілді.

Г.И.Спасский көптеген орхон және ұйғыр жазуларын ашқан, олардың тоғызын Ертістегі үңгірден, Бұқтармадан 12 км жерден және Зырьян кен орны маңынан тапқан. Кейбір руникалық жазулар туралы оған корреспонденттер айтқан болатын. Жазулардың бір бөлігін ол оқыту үшін шығыстанушы Абель Ремюзаға жіберген. Ертістен табылған орхон жазуы туралы Абель Ремюза пішімі бойынша солтүстік рунаға жақын және олар қытайлық деректемелерде «усунь атауымен белгілі болған және Христос туылғанға дейін 100 жыл бұрын Ертіс пен Зайсан көлінен батысқа қарай қоныстанған» халыққа тиесілі екендігі сөзсіз деп айтқан болатын.

Белгілі шығыстанушы-археолог П.С.Савельев еңбектірінен де бірқатар қызықты жайттарды кездестіруге болады. Оның айтуынша, «Маңғыстау ілкіде Хорезм мен Итиль арасында маңызды пункт болған. Маңғыстауда тастан тұрғызылған бекіністер, ғимараттар мен жерлеу ескерткіштерінің қалдықтары сақталған». П.С.Савельев ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын жазулар мен рулық таңбалар мәнін ашумен де айналысты.

1840-1843 жылдары географиялық, ботаникалық және топографиялық зерттеулер жүргізген академик А.И.Шренк экспедициясы Орталық Қазақстан тарихи ескерткіштері жайлы құнды материалдар жинастырды.

Қазақстан археологиясы жөнінде көптеген мағлұматтар С.Б.Броневский жазбаларында да бар. Ол Қарқаралы мен Аягөз округтеріндегі тарихи ескерткіштерге көп көңіл бөлді.

С.Б.Броневский белгілі Қызылкен замогын қарап шығып, оның толымды сипаттамасын жасады. Бұл әктас ерітіндісі арқылы дала тастарынан тұрғызылған екі қабатты ғимарат еді, оның жоспары айқыш (крест) тәрізді тұрпатта болып келді. Ғимараттың қабырғалары сыланған, жоғарғы қабаты төрт ағаш ұстын (колонна) арқылы бекіген, айналып өтетін галерея мен маңдайша қабырғасы (фронтон) болған еді. С.Б.Броневский ғимараттың ағаш бөлігі, сонымен қатар ұстындары қызыл бояумен сырланғандығын анықтады.

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың орта шеніне қарай, негізінен, Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан бойынша едәуір материал жинақталды.

Бұл кезең үшін мақсатты зерттеулер нәтижесінде емес, көбіне кездейсоқ, жол-жөнекей алынған мәліметтердің бастапқы жинақталу (қорлану) фактісін атап кетуге болады. Қазба жұмыстары жайлы да байсалды сөз айтуға болмайды. Кейбір зерттеушілер обаларды қазып көрді, әйтсе де қазба жұмыстарының әдістемесін меңгермегендіктен, алдарына нақты мақсат-міндеттер қоймай, тек заттарды жинаумен ғана шектелді. Дегенмен, ескерткіштерді тіркеу, олардың картасын жасау, белгілеу фактілерінің атқарылғандығы белгілі, олар істеген жұмыстың құндылығы да міне осында. Бұл салада сол кезде атқарылған жұмыстардың көпшілігі әлі маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақстан археологиясындағы осы уақытты бастапқы кезең ретінде сипаттауға болады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласындағы көненің көздеріне Археологиялық комиссияның, Тарих музейінің, Мәскеу археологиялық қоғамы мен орталықтағы басқа да ғылыми мекемелердің назары ауа бастады. Құрамына Сырдария (Түркістан) және Жетісу облыстары кірген Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуына байланысты жаңа өлкеге, соның ішінде оның өткеніне ден қою күшейе түсті.

Ш.Ш.Уәлиханов Қазақстанның археологиясын зерттеуге мол үлес қосты. Ол Шеңгелдінің қираған үйіндісін, Шілік өзені бойындағы қаланы сипаттап, Талғар қаласына тоқталып өтті. Ш.Ш.Уәлихановтың Жетісу археологиялық ескерткіштеріне зор қызығушылық танытып, осы тақырыпта арнайы еңбек жазуға талаптанды. Қазақстанның тарихи ескерткіштеріне қатысты оның көзқарастары «Географический очерк Заилийского края», «Дневник поездки на Иссык-куль» мен «Очерки Джунгарии» сынды еңбектерінде көрініс тапты. Бұл жұмыстарында автор ескерткіштердің ең басты типтерін анықтауға ұмтылды. Оның ойынша, Орталық Қазақстанда қазір иесіз қалған көне кен орындары (жезді-Кеңгір маңында), егістіктер (Түндігүр шатқалы), плиталары құрастырылған және тігінен қойылған қоршаулар, тас мүсіндер, үлкен обалар, ерте орта ғасырларға жататын архитектуралық құрылыстыр секілді ескерткіштердің кешені ұшырасады.

Жетісу ескерткіштерінен Ш.Ш.Уәлиханов көне қалалық қоныстарға ерекше тоқталып, олардың тарихи-мәдени маңызына мән берді, табылған қыштан жасалған су құбырлары, монеталар (мәнеттер) туралы жазды.

1862 жылдан бастап Қазақстанда В.В.Радлов археологиялық жұмыстар жүргізе бастады, алғашқы ғылыми негіздегі қазбалар оның есімімен тығыз байланысты. В.В.Радлов Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Сібірдегі ертедегі ескерткіштерді топтау және кезеңге бөлуді ұсынды. Бұл аудандар мәдениетінің тарихын ол мыс және қола ғасыры, көне темір ғасыры, жаңа темір ғасыры мен ертедегі орта ғасырлар кезеңдеріне бөлді. Алтайдағы тоң басқан ескерткіштерді, соның ішінде Берел қорымындағы обаларды ашып, қазба жұмыстарын жүргізу де В.В.Радлов еншісіне тиесілі, оның тоң астындағы ескерткіштерден алған жарқын материалдары жариялауы Алтайдағы «мұз құрсаулы обаларды» зерттеуге тың серпін берді. Ғалымның еңбектері Қазақстан археологиясының дамуындағы ілгері басқан үлкен қадам болды.

1867 жылы Археологиялық комиссияның тапсыруымен орыстың белгілі шығыстанушысы П.И.Лерх Түркістан өлкесін зерттеді. Ол Сырдария бойындағы Сауран, Сығанақ қалаларының қирандыларын қарап шықты, Талас алқабының бірқатар қалаларының орындарында болды, Жанкент қалашығында қазба жүргізді. Өзі кездестірген ескерткіштерді тіркеумен, мұқият сипаттаумен қатар, ол жазбаша хабарларды іріктеп, олар туралы үзінділерді талдады және түсініктеме беріп кетті. Жазбаша дерек көздерін өзі тапқан археологиялық олжалармен салыстырып, қираған орындарды нақты тарихи қалалармен баламалады.

Археологияның дамуындағы үлкен бетбұрыс оқиға 1893-1894 жылдары В.В.Бартольдтың іс-сапармен осы аймаққа келуімен байланысты болды. Ол Шу мен Талас алқабының, Ыстықкөл қазаншұңқыры мен Іле өзені алқабының ескерткіштерін көріп шығады. Оның «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью» («Ғылыми мақсатпен Орта Азияға сапар туралы есеп») еңбегі осы кезге дейін тарихи ақпараттың ғаламат үлгісі болып қалып отыр. Көптеген жазбаша дереккөздеріне сүйеніп В.В.Бартольд зерттеген ауданының тарихи-топографиясын суреттеді, археологиялық жағынан болашақтағы мәні зор ескерткіштерді анықтады және оларды ортағасырлық белгілі қалалармен сәйкестендірді. Ол Верный қаласының ауданындағы қалалық мәдениеттің ілкідегі қайнар-бастауларын атап өтеді. В.В.Бартольдтың осыдан кейінгі еңбектері Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өткен тарихының бет-пердесін ашып берді. Оның іргелі ізденістері көптеген қалалардың тарихи топографиясын, олардың локализациясын, ежелгі және орта ғасырлардағы тарихи оқиғалардағы рөлін, түрік-соғды байланыстары тұсындағы қалалардың қалыптасуы мен дамуы тарихын зерттеуге негіз қалады. 1895 жылы Ташкентте құрылып, жергілікті зиялылардың өлкенің өткеніне, оның тарихына, сәулет және өнер ескерткіштеріне ден қоятын өкілдерін, әскери адамдарды, шенеуніктерді, өткенге қызығушылық танытатындарды біріктірген Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің ұйымдастырылуы да В.В.Бартольд есімімен байланысты.

Қоныстар мен қалалардың қирандылары, қорымдар, жартас суреттері, жазулар, мазарлар, эпиграфиялық және нумизматикалық материалдар, тас мүсіндер секілді нақты археологиялық ескерткіштер, ежелгі суландыру сауалдары үйірме отырыстарында көтеріліп тұрды. Үйірме мүшелері ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізді. Үйірме қызметінің нәтижелері Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі Протоколдары (ПТКЛА) сынды арнайы басылымдарда жарияланды.

Қазақстан аумағында 1904 жылы Түркістан үйірмесінің мүшелері К.А.Кларе мен А.А.Черкасов Отырар қалашығында қазба жұмыстарын жүргізді. Олар тереңдігі 2 м-ге дейін жететін траншея түсіріп, қазбадан керамика топтамасын, ХVІ-ХVІІІ ғасырларға жататын монеталарды аршып алады. Қазақстанның көне мұрасын зерттеумен айналысқан үйірменің белсенді мүшелері арасынан В.АКаллаур, Н.Н.Пантусов, Н.П.Остроумов, Ә.Диваев, И.В.Аничков, А.А.Семеновты ерекше атап кетуге болады.

Николай Николаевич Пантусов Петербург университетіндегі шығыс тілдер факультетін тәмәмдап, шығыстанушы мамандығын алған еді. Ол араб географиялық әдебиеті туралы «С обозначением, как далеко простирались сведения арабских географов в глубь Средней Азии и какого достоинства эти сведения» атты шығармасы үшін алтын медальмен марапатталған болатын.

Н.Н.Пантусов «студенттік кезден бастап-ақ үлкен үміт күттіргендер» қатарына енген. Бірақ, университетте профессорлық атақ алу үшін дайындыққа қал деген ұсынысқа қарамай, Түркістан өлкесіне қызметке шақыруды құп алады.

1872 жылдың қыркүйегінде Н.Н.Пантусов Түркістан генерал-губернаторлығына жіберіліп, Жетісу облысындағы әскери генерал-губернаторында ерекше тапсырмалар бойынша шенеунік болып тағайындалды. Бұл қызметте ол 1908 жылға дейін болды.

Өз қызметін мүлтіксіз атқарған Н.Н.Пантусов тарих пен археологияны, нумизматиканы, этнографияны, лингвистиканы да зерттеумен айналысты. Н.Н.Пантусов Императорлық археология комиссиясының өкілі және Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің белсенді мүшесі болды.

Археология тарихында Н.Н.Пантусов есімі ең алдымен христиандық несториандық тастан жасалған құлпытастар мен оларға жазылған жазуларды Жетісудан тауып, зерттеуімен кеңінен танымал.

Жетісу облысындағы әскери губернатор шенеунігі болғандықтан, Н.Н.Пантусов көптеген жерлерді аралады.

Мәселен, Алтын-Емел болыстығына барған сапарында зерттеуші «оба, жартас жазулары мен суреттері» секілді «көненің көзі болып табылатын ескерткіштердің мол» екендігін айтып өтеді, Алтын-Емел тауларынан Асан тауларына дейін созылып жатқан ор (ойық) туралы аңыз-әпсананы жазып алды, Алтын-Емел тауы мен болыстығының атауының шығу төркінін саралады.

Ол Теректі шатқалы мен Көксу өзенінің жағалауларын мұқият зерттеп шығып, архар, жылқы, ит ерткен аңшылар, т.б. бейнелері бар көптеген жартас суреттерін тауып, сипаттап шықты және бедерін түсірді. Жол сапарларының бірінде Н.Н.Пантусов Таш-Рабат қирандыларын көреді де, оның толымды сипаттамасын және топографиялық жоспарын түсіріп, оны «құрылысшы бастапқыда үлкен етіп тұрғызуды ойлаған, бірақ құрылысы бітпей қалған» деп жазады.

1889 жылы Археологиялық комиссияның тапсырмасымен Н.Н.Пантусов үш оба қазады: олардың екеуі Көктем (Весновка) өзенінің оң жағалауынан, біреуі Қарасу мен Үлкен Алматы өзендерінің аралығынан қазылған еді. Ол 1890 жылы әскери инженер П.С.Нечогиннен алынған мәліметтерді тексеріп көру үшін Қызылағаш шатқалынан (Қапал қаласынан солтүстік-батысқа қарай) бірнеше оба қазады және Байқұлақ тауларының құздарындағы және Қаріпше шатқалындағы жартас суреттерін қарап шығады.

Н.Н.Пантусовтың ерен еңбектерінің бірі ретінде археологиялық ескерткіштерді қорғауға күш салуын айтуға болады.

Ірі шенеунік В.А.Каллаур да көненің көздерін қажымай зерттегендердің бірі болды. Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі жұмыс жасаған алғашқы жылдан бастап-ақ В.А.Каллаур оның тұрақты мүшесі болып, жыл сайын Талас алқабы мен Сырдария аудандарындағы жаңа да қызықты көптеген мағлұматтарды жариялап тұрды.

В.А.Каллаур тарихи топография мен топонимика бойынша материалдар жинастырды, ескерткіштердің орналасуы мен атауларын ежелгі авторлардың еңбектерінде ұшырасатын орындар мен атаулармен байланыстырды. Бұл мағлұматтарды ол «Древние местности Аулие-Атинского уезда на древнем караванном пути на запад от Аулие-ата к границе Чимкентского уезда» атты мақалаларында жариялады.

Оған карта жасалып, онда сол кездегі орындар мен тұрғылықты мекендердің атауларымен қоса, жорамалмен ежелгі атаулары да берілді. Бұл жұмыс үшін ол Н.Ф.Петровский басып шығарған ежелгі араб сапарнамасын пайдаланды.

1900-1901 жылдары В.А.Каллаур Перовский уезіндегі Сауран және Приречный болыстықежелгі қалаларды, бекіністер мен обаларды картаға түсірді және де онда В.В.Бартольдтың пікірінше, алғаш рет Ашнас пен Сығанақ қалаларының орнын дәл анықталған еді.

В.А.Каллаур архитектуралық ескерткіштерге көп көңіл бөлді. Ол И.В.Аничковпен бірге Бесағаш ауылындағы ұстындарды (колонналардың) сипаттап жазды. Әулие-ата Қарахан, Ақ-Кесене, Көк-Кесене, Сырлы-там, Манас мазарларының да сипаттамасын жасады. В.А.Каллаур зерттеушілердің назарын Айша-бибі мазарына аударып, халық арасындағы аңыз-әңгімелермен бұл ескерткіш жайлы мағлұматтарды толықтыра түсті.

1896 жылы қарашада ол ғылым үшін маңызды жаңалық ашты: Талас өзенінің жоғарғы ағысынан орхон жазулары бар тастар тапты.

Көне қалалар мен қоныстардың орнын қарап шығумен қатар В.А.Каллаур ежелгі суландыру құрылыстарын, соның ішінде Талас өзенінің төменгі ағысынан Қалмақ арықты, Сырдарияның сол жағлауындағы «Құтлыкент, Майрам, Аққорған» қирандылары маңындағы суландыру жүйелерін, Көктал өзеніндегі бөгетті де қағазға түсірді.

Түркістан археология әуесқойларының үйірмесінің мүшесі Н.П.Остроумов Мамаевка кенті маңындағы монеталар қоймасын, Балықшы кентіндегі қабір үсті ескерткішін зерттеді, Жуантөбе қаласының жанындағы қорым обаларында, Таяқ-Салды және Альванкенд қалаларында қазба жүргізді.

Әбубәкір Диваев негізінен фольклорды зерттеумен айналысқанымен, археологиялық ескерткіштерге де назар аударып отырды. Ол Көк-Кесене мен Қорқыт-ата мазарлары туралы мақалалар жазды.

Археологиялық ескерткіштер жайлы қызықты мағлұматтарды үйірменің басқа мүшелері де хабарлап отырды: И.Т.Пославский Қаратау тас ғасыры құралдары мен Үшқарасу өзенінің жоғарғы ағысындағы тас мүсіндер (балбалдар) туралы, Н.В.Руднев Сырдарияның сол жағалауындағы қалалардың қалдықтары жайлы, В.П.Лаврентьев Әулие-Ата төңірегіндегі ескерткіштер жөнінде, В.П.Панков Талас аңғарындағы үңгірлер мен обалар туралы мәлімдеді.

Солтүстік-Шығыс, Шығыс және ішінара Орталық Қазақстанның ежелгі ескерткіштерін Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімі, Семей әуесқой-өлкетанушылары, сондай-ақ 1883 жылы ұйымдастырылған Семей музейінің қызметкерлері зерттеумен айналысты.

Музейде Е.П.Михаэлистің белсенді әрекеттерінің нәтижесінде оның музейге тапсырған жеке топтамасының (коллекциясының) негізінде археология бөлімі ашылады. Музей топтамасын үздіксіз толықтырып отырғандар арасынан Ф.И.Альбрехт, В.Г.Герасимов, В.К.Галимонт, М.С.Сухотеринді ерекше атап кетуге болады.

Батыс-Сібір бөлімінің қызметкерлері көне ескерткіштер туралы мағлұмат жинастыру және қазба жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жол сапарға шығып отырды. Бұл істе әсіресе Н.Коншин, В.Никитин, А.В.Адрианов, Б.Каменский, А.Белослюдов, Ф.Педащенко, В.Словцов қатты ынта-ықылас танытты.

Мәселен, Н.Коншин Павлодар мен Қарқаралы қалалары аралығындағы Семей облысының археологиялық ескерткіштердің тізімін түзді. В.Никитин Қарақаралы уезіндегі обалы қорымдар, жартас суреттері, тас мүсіндер және басқа да ескерткіштер жайлы мәлімдеді. Ол алғашқылардың бірі болып Семей облысы тарихына қатысты очерктер жазды, онда археологиялық материалдар да кеңінен пайдаланылған еді.

Отыз жылдай уақыт бойы Шығыс, кейіннен Батыс Сібір жерін А.В.Андрианов қажымай зерттеді. Ол ескерткіштерді тіркеу мен жан-жақты сипаттаумен қатар қазба жұмыстарын жүргізіп отырды. Кездестірген барлық ескерткіштерін зерттеуші оба, сақина тәрізді қаланды, бейнелі (фигуралы) қаланды, жазулар, тас мүсіндер, ежелгі кен орны секілді белгілі бір ескерткіштер тобына жіктейді де, бір жүйеге келтіріп, сипаттамасын жасайды.

1903 жылы Ф.Н.Педащенко Семей төңірегінен қызықты заттар топтамасын, соның ішінде тастан жасалған 72 дана, қоладан істелінген 54 дана, темірден дайындалған 8 дана бұйымдарды, көптеген қыш ыдыстардың сынықтарын жинастырып алады.

Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің тапсырмасымен 1904 жылы Н.Коншин, 1909-1910 жылдары А.Л.Зуев Семей қаласының төңірегіне археологиялық барлау жүргізіп қайтты, Г.И.Бокий Шілікті өңірін аралап шықты.

1910 жылы В.Н.Каменский А.С.Белослюдов және В.Пилетичпен бірге Орта Азия мен Шығыс Азияны зерттейтін Орыс комитетінің қаражатына Семей облысындағы обаларды қазу үшін экспедиция ұйымдастырды, оның жұмысына сол кездегі тау-кен институтының студенттері Г.Бокий мен Н.Бобков қатысты. Ескерткіштерді қазу түрлі пункттерде жүргізілді: В.Каменский Кіші Қойтас шатқалында, Қызылсу және Қараөзек өзендерінде, Қаражал кентінің төңірегінде; Н.Бобков – Үйгенбұлақ, Ашутасбұлақ пен Базарқа шатқалдарында; ал В.Пилетич Марқакөл көлінің маңы мен Күршім өзенінде болды.

1911 жылы В.А.Обручев Н.Н.Павловпен бірге Қалба жотасындағы ежелгі заманда алтын алған кен орындарын зерттеп шықты.

ХХ ғасыр бас кезінде археологиялық ескерткіштерді зерттеуге Орынбор мұрағат (архив) комиссиясы белсенді түрде араласа бастады. Оның мүшелері ескерткіштерді есепке алу мен сақтауға байланысты көптеген жұмыстар атқарды. Осы мақсатқа арналған арнайы анкеталар құрастырылып, мағлұмат жинастыру үшін жан-жаққа таратылды. Бұл есепке алынған ескерткіштер санын едеуір толықтыра түсті. Комиссия жанында музей жұмыс істеді, оның негізінде кейінірек Қазақстан Орталық музейі құрылды.

Мұрағат комиссиясының мүшелері арасында И.А.Кастаньені ерекше атап кетуге болады. 1904 жылы ол Жақсы-Қарғалы өзені алабынан (Ақтөбе қаласынан 45 км жерде) 6 оба, 1909 жылы 1 оба, ал 1911 жылы Ақтөбе уезінен 2 оба қазды да, қазба жұмыстары мен обалардан аршып алынған материалдарды толымды түрде баяндап берді. Сонымен қатар И.А.Кастанье көптеген қорымдарды, архитектуралық құрылыстарды, қоныстардың қалдықтарын қарап шыққан, зерттеген.

Осы кездері И.А.Кастанье 1910 жылға дейін белгілі болған Қазақстанның барлық археологиялық ескерткіштерінің толыққанды тізімін түзіп, сыныптамасын жасады. Әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінде Қазақстан көне мұрасын зерттеудің қорытындысы толымды түрде баяндалды.

Солтүстік-Батыс және Батыс Қазақстанды зерттеген басқа зерттеушілер арасынан Торғай мен Ақтөбе уездерінде қазба жұмыстарын жүргізген А.Л.Аниховскийді және де кездейсоқ табылған олжаларды жүйелі түрде хабарлап отырған И.В.Аничковты да атап кетуге болады.

Көптеген қоғамдар Ресей орталық археологиялық мекемесі болып табылатын Археологиялық комиссиямен тығыз байланыстар орнатты, бұл мекеме археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге құқық беретін ашық парақтар берді және соңынан жұмыс қорытындыларын өз есептерінде жариялады. Комиссия атынан 1894 жылы В.Селиванов Көкшетау мен Атбасар қалалары маңында, 1898 жылы Г.Васильев Павлодар облысындағы Большая Владимировка селосы жанында, 1905 жылы Н.Козырев Ақмола облысында, 1911 жылы Ю.П.Аргентовский Петропавл қаласының төңірегінде, 1914 жылы Н.Я.Бортвин Петропавлдан оңтүстік-батысқа қарай 8 км жерде қазба жұмыстарын жүргізген. Кездейсоқ олжалар туралы мағлұматтар жүйелі түрде жарияланып тұрды, ал Археологиялық комиссия хабарларындағы қосымшаларда – түрлі қоғамдар жиналыстарында тыңдалған баяндамалар аңдатпасы (аннотациясы) және жергілікті газеттерде Қазақстан археологиясы жайлы берілген ақпараттар жарияланып тұрды.

Сөйтіп, ХІХ ғасыр ортасынан 1917 жылға дейін созылған уақытты қамтитын Қазақстан археологиясындағы бірінші кезең көзге айқын түседі.

1917 жылғы революциядан кейін археологиялық зерттеулер жалғастырылды, бірақ олар мемлекеттік негізде жүргізілді. 1919 жылы Санкт-Петербургте Материалдық мәдениет тарихы академиясы, ал 1920 жылы Ташкентте Музей ісі мен көне ескерткіштерді, өнер мен табиғатты қорғаумен шұғылданатын Түркістан комитеті (Туркомстарис) құрылды. В.В.Бартольдтың ұсынысы бойынша, комитеттің ең таяудағы міндеті археологиялық карта жасау болды. Сөйтіп, ежелгі ескерткіштерді есепке алудың, зерттеудің, сақтаудың негізі қаланды.

Революциядан (төңкерістен) кейінгі алғашқы жылдардағы еңбектер ішінен археологтар П.П.Ивановтың Сайрамда және В.Д.Городецкийдің Жетісуда, Қазақстанның оңтүстігінде жүргізген ізденістерін, Орта Азия ертедегі тарихының ең ірі зерттеушісі М.Е.Массонның Сайрам қалашығы мен Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесі туралы мақалаларын атауға болады. Батыс Қазақстанда 1926 жылы М.П.Грязновтың Киргильд-1 және Киргильд-2 қабірлерін, Орал-Сай мен Құнанбай-сайды ашып, қазба жұмыстарын жүргізуі бай материалдар берді және андрон мәдениеті тек Батыс Сібірге тән деп орнығып келген тұжырымдаманы түбірімен өзгертті.

30-жылдары бірқатар ірі экспедициялардың зерттеулері республиканың көптеген аудандарын қамтыды.

Далалық ізденістер Павлодар аумағында да жүргізілді. Мысалы, П.Драверт Баян-ауыл (Баянаула) елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан Жасыбай көлі маңындағы жазуы бар үңгірді қарап шықты. Көлдің шығыс жағынан ол өзектастар, пышақ тәрізді тілікшелер, жебе ұштары, қырғыштар, шлак кесектерінің топтамасын және мыс заттар жиыстырып алады. Мұндай материалдарды ол Сабынды көлінің төңірегінен де ұшырастырған, ал Баянауылдан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерден көлемді обалар тобын кездестіргенін жазады.

1930 жылы Қазақстанның солтүстік облыстарындағы археологиялық зерттеулерді Б.Н.Граков жүргізді. Ақтөбе облысынан ол 500-ден аса ескерткіштер тауып, картаға түсірген, олардың басым бөлігі қола дәуіріне жатады.

Ақмола облысындағы жинақтау және тіркеу жұмыстарына Л.Ф.Семенов басшылық жасады.

1930-1936 жылдары Қостанай облысындағы Алексеев қонысы мен қорымында, ғұрыптық орында қазба жұмыстарын жүргізген О.А.Кривцова-Гракованың жұмыстарының ғылыми мәні жоары болды. Өзіне дейінгі әріптестеріне қарағанда О.А.Кривцова-Гракова бір кезеңге жататын жекелеген бірнеше ескерткіштерді тұңғыш рет қатар зерттеді, бұларды кешенді түрде зерттеу мұнда өмір сүрген тайпалар шаруашылығын, тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін толыққанды қарастыруға маңызды мүмкіндік тудырған еді.

1932-1933 жылдары П.С.Рыков жетекшілік еткен Материалдық мәдениет тарихы академиясының (Ленинград) экспедициясы Орталық Қазақстанда көне мұраны зерттей бастады. Экспедицияның М.П.Грязнов, М.И.Артамонов және басқалар мүшелері қола дәуіріне жататын қоныстар мен қорымдар, скиф заманындағы обалар, ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы мола құрылыстарын тауып, зерттеді.

Орталық Қазақстан ескерткіштерін зерттеуге В.А.Селевин басқарған жаратылыстану-тарихи Бетпақдала экспедициясы (1935) да өзіндік үлесін қосты, ол сусыз далада кездескен шақпақтастан және металдан жасалған құралдары, қыш ыдыстары бар бірқатар орындарды анықтады, мазар секілді сәулет өнерінің ескерткіштерін қарап шықты.

1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы инситутының С.С.Черников басқарған экспедициясы құрылып, ол 1937-1939 жылдары Шығыс Қазақстандағы қалайы, мыс пен алтын өндірген кен орындарын зерттеді. Ол металл өндірудің әрқилы түрлерін бөліп көрсетті, кен алу техникасы мен ежелгі кеншілердің құралдарын суреттеп жазды. Ежелгі кен өндірген орындардың көпшілігін ол қола дәуіріне жатқызылды. Степняк қаласының төңірегін зерттеу мақсатында С.С.Черников 1938 жылы барлау жұмыстарына шығып, қола дәуірінің бірқатар қоныстарын зерттеді, алтын өндірген ежелгі кен орындарынан б.з.б. І-мыңжылдыққа жататын біршама материалдар жинап алды.

1938 жылы С.В.Киселев Қарағанды облысындағы Бесоба, Жаңауыл жерлерінде археологиялық ізденістерін жүргізді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде топырақ үйіндісінен тұратын сақиналар, тас үйіндісінен тұрғызылған обалар, «мұртты» обалар мен тастардың қаландылары секілді көптеген археологиялық ескерткіштер табылады. Қола дәуірінің материалдары алынған Бесоба қорымында қазба жұмыстары жүргізіледі.

Сарыарқа ежелгі ескерткіштерін, әсіресе көне тау-кен ісі мен мыс қорыту өндірісін зерттеуге Қ.И.Сатпаев та өзіндік үлесін қосты.

Қазақстан археологиясының бұл кезеңіндегі кең көлемдегі ізденістер А.Н.Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясымен де тығыз байланысты. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі төрт далалық маусымда бұл экспедиция тарихи-археологиялық жағынан қызықты бірқатар қалаларда тікқазба (шурф) арқылы барлау жұмыстары мен стационарлық қазба жұмыстарын үйлестіріп, қызықты материалдар жинастырды. Ауқымы кең қазба жұмыстары ортағасырлық Тараз қаласы мен оның төңірегінде ескерткіштерде жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде алынған археологиялық материалдардың кезеңдестірілуі жасалып, ғылыми жұртшылыққа ұсынылды, қала дамуының негізгі кезеңдері анықталып, мәдениетінің қалыптасу жолдары анықталды. Бұл, Қазақстан археологиясы үшін ортағасырлық қаланы тарихи-археологиялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеудің алғашқы тәжірибесі болған еді.

Сол кездері құрылысы жүріп жатқан Үлкен Шу каналы өткен Шу алабы да интенсивті түрде зерттелінді.

Археологиялық материалдар негізінде сол кездері жасалған Жетісу археологиялық ескерткіштерінің сыныптамасы мен кезеңдестірілуі уақыт өте келе толықтырылғанымен және нақтыланғанымен айтарлықтай өзгерістерге ұшырай қойған жоқ.

1939 жылы Іле алабындағы ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу басталды. Олардың орнын белгілеумен қатар, экспедиция Талғар және Дүнгене қалаларының үйінділеріне тікқазба (шурф) түсірді. Бұл зерттеулер солтүстік-шығыс Жетісу ортағасырлық мәдениетін тереңдете қарастыруға нақты жол ашты. Экспедиция жұмыстарын қорытындылаған мақаласында А.Н.Бернштам мұндағы отырықшылық-егіншілік мәдениеттердің даму жолдары туралы бірқатар пайымдаулар жасады. Жетісудың ежелгі және ортағасырлық археологиясына мейлінше ден қою экспедицияға қысқа мерзімде ірі көлемдегі барлау және қазба жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндіктер туғызды.

Жаңа материалдарды жүйелеу ортағасырлық қалалардың тарихи географиясына, соғдылықтар мен түріктердің мәдени байланыстарына, қалалардың қалыптасуына қатысты сауалдарды ғылыми тұрғыдан негіздеуге жол ашты. Мәселен, жаңа ескерткіштердің ашылуы, олардың дәлме-дәл мерзімін анықтау өз кезегінде А.Н.Бернштамға бірқатар қалаларды шынайы сәйкестендіруге мүмкіндік берді.

Қазақстан ғылыми мекемелерінің осы жылдарда қызметі жандана түсті. Қазақстанның Орталық музейі ескерткіштерді тіркеу, кездейсоқ табылған олжалардың есебін алу ісін және шағын қазба жұмыстарын жүргізеді. Баспасөзде Көксу өзеніндегі қалашық орны туралы және Жетісу ескерткіштері, бақанастық қалалар жайлы М.Тынышпаевтың және В.Д.Городецкийдің Талғар қонысы туралы мақалалары шығады.

1938 жылы Оңтүстік Қазақстан ескерткіштерін қорғау мақсатында Жамбылда Г.И.Пацевич басқарған Археологиялық пункт ұйымдастырылады. Г.И.Пацевич 10 жылдан астам уақыт бойы көне мұраларды тіркеуге алып отырды, Тараз бен оның төңірегіндегі қазба жұмыстарына жетекшілік етті және кездейсоқ табылған олжаларды жинақтады. Пункт Жамбыл облысының оңтүстік аудандарына және Шу өзенінің орта ағысындағы аудандарға экспедиция ұйымдастырды, ортағасырлық Тараздан Испиджабқа (Сайрам ауылы) дейінгі керуен жолдарының бойында орналасқан материалдық ескерткіштерді, яғни қала, бекініс қирандыларын, қоныстар мен обалы қорымдарды зерттеп, картаға түсірді. Одан басқа, олар Үшбұлақтау, Көйке-Білтау тауларының солтүстік сілемдері мен Жабағлы тауында барлау жұмыстарын жүргізді.

ХХ ғасыр 20 жылдарының бас кезі мен 40 жылдардың бас кезін Қазақстан археологиясының дамуындағы екінші кезең деп санауға болады.

1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясының құрылуына байланысты археологиялық жұмыстардың көпшілігін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты жүргізеді. Осы кезден бастап археологиялық зерттеулер орталығы Алматыға ауысады, археология бөлімі ашылады, оның алғашқы жетекшісі болып Ә.Х.Марғұлан тағайындалынады. Археология бөліміне Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, Т.Н.Сенигова, А.Г.Максимова жұмысқа қабылданып, белсенді түрде ғылыммен айналыса бастайды, кейінірек олардың қатарына К.А.Ақышев, Г.В.Кушаев, Ә.М.Оразбаев, М.Қ.Қадырбаевтар қосылады. Жалпы алғанда, 1946 жыл Қазақстан археологиясының дамуындағы жаңа кезеңнің, үшінші кезеңнің басы болды.

Құрылған бөлімнің алғаш ұйымдастырған археологиялық экспедициясы Ә.Х.Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) болды. Күні бүгінге дейін бұл экспедиция Сарыарқадағы көненің көздерін жүйелі түрде іздестіріп, зерттеп келеді, оның жұмысы жер ауқымдылығымен ғана емес, сонымен қатар зерттелетін ескерткіштердің хронологиялық диапазонының кеңдігімен де ерекшеленеді. Экспедиция неолит және энеолит дәуірлерінің тұрақтарын, андрон және дәндібай-беғазы мәдениеттерінің қоныстары мен зираттарын, б.з.б. VІІ-І ғасырлардағы жерлеу ғимараттарын, түрік заманы обаларын, ортағасырлық қалалар мен қоныстарды тауып, зерттеді және қазу жұмыстарын жүргізді. Ә.Х.Марғұлан орта ғасырларда Орталық Қазақстанның көшпелілер елі ғана емес, сонымен қатар отырықшы және қала мәдениеті орталықтарының бірі болғанын дәлелдеп берді. Мұнда Нұра және Сарысу алқаптарында, Ұлытау етегінен қолөнердің, сауда мен егіншіліктің орталықтары болған ортағасырлық қоныстар мен қалалардың қалдықтары табылды. Қалалар мен қоныстардың көпшілігі мыс, қалайы, күміс, қола, алтын өндіретін орындар болды.

Соғыстан кейінгі А.Н.Бернштам мен Е.И.Агеева басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицисы (ОҚАЭ) екінші ірі экспедиция болды. Оның жұмысының қорытындысы Отырар шұраттарындағы, Шу-Талас өзендері аралығындағы, Қаратаудың солтүстік беткейіндегі, Сырдария алқабындағы қалалар мен қоныстар анықталған орындардың үлкен тобын зерттеу, картаға түсіру және хронологиясын анықтау болған еді. Қала топографиясын зерттеу мен қыш ыдыстарды сыныптау қала мәдениетінің мәдени-тарихи кезеңдерін түйіндеуге, Орта Азиямен болған қолөнер мен сауда, этносаяси байланыстардың бағытын анықтауға мүмкіндік берді.

Өткен ғасырдың 50 жылдарында ОҚАЭ-ның мәнді де маңызды жұмыстарының бірі деп Арыс өзені алабындағы Жуантөбе қаласы мен Бөріжар қорымындағы, Баба-Ата қаласындағы кешенді зерттеулерді айтуға болады, өйткені ортағасырлық ескерткіштер алғашқы рет кең ауқымда қазылған еді.

Қазақстанның оңтүстігіндегі Кангюй мемлекеті мәдениетімен салғастырылатын кангюй-қаратау (отырар-қаратау) мәдениетін жіктеп берген, сонымен қатар Ақтөбе қонысындағы қазба жұмыстарды, Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі қола дәуірі мен петроглифтер анықтаған зерттеулерді де ерекше атап кетуге болады.

Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясымен және Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен қатар 1945 жылдан бастап КСРО ҒА-ның С.П.Толстов жетекшілік еткен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Қызылорда облысында археологиялық зерттеулер жүргізді. Шірік-Рабат, Баландыда қазба жұмыстары басталып, Жетіасар шатқалындағы ескерткіштер, оғыздардың қалалары зерттелінді.

1947 жылдан бастап С.С.Черников басшылық жасаған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедицияның негізгі міндетіне Өскемен мен Бұқтырма ГЭС-терінің салынуына байланысты су астында қалатын аймақта орналасқан ескерткіштерді анықтау және зерттеу кірді. Бұл жерден неолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі көптеген ескерткіштер тіркеліп, Шығыс Қазақстанның өткен тарихын сипаттайтын материалдар алынды.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы ТАЭИ археология бөлімінің қызметкері А.Г.Максимова өңірдің қола дәуірі туралы кандидаттық диссертациясын дайындады.

1948-1950 жылдары Қазақстанның батыс аудандарында И.В.Синицын жетекшілік еткен Саратов мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы өзінің жұмыстарын жүргізді. Үлкен және Кіші Өзен өзендері аңғарында, Қамыс-Самар құйындысы мен Дұңғұл ауданындағы каспийлік құмдарда зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Нәтижесінде сарматтар дәуірі мен орта ғасырларға жататын көптеген ескерткіштер анықталып, қомақты заттық материалдар жинақталады.

1950 жылы Батыс Қазақстандағы Сарайшық қаласында Ә.Х.Марғұлан жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (БҚАЭ) жұмыс істеді. 1953 жылы Т.Н.Сенигова басқарған БҚАЭ неолит дәуірінің тұрақтарын, қола ғасырына және ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштер табады.

1954 жылы Тарих, археология және этнография институты болашақта Қапшағай ГЭС-нің суы астында қалатын аймақты зерттеу мақсатында К.А.Ақышев басқарған Іле археологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Алғашқы бір маусымның өзінде-ақ экспедиция сақтар мен усундер дәуіріне жататын обалардың үлкен тобын тапты, олардың арасынан зерттеуге үлгі-өлшеуіш (эталон) ретінде Бесшатыр қорымы таңдап алынды.

Оңтүстік-батыс Жетісу аумағында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы жұмыс істеді. Мұндағы археологиялық ізденістерді Г.И.Пацевич пен Л.И.Ремпель басқарды. 40-жылдар соңы мен 50 жылдары Қазақстан аумағынан бірнеше қызықты кездейсоқ олжалар табылды, олар жөніндегі ақпараттар ҚазКСР ҒА басылымдарында жиі басылып тұрды.

1954-1956 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қазақстанның көптеген облыстарына арнайы археологиялық зерттеулер ұйымдастырылды, нәтижесінде қирай бастаған ескерткіштер жай-жапсары қаузалды.

Қазақстан археологиясының 50-жылдардың орта шеніндегі аса жарқын жаңалықтарының бірі Оңтүстік Қазақстандағы Қаратауда ежелгі палеолиттік тұрғын-жайлардың табылуы болды. Оларды геолог Г.Я.Ярмак пен археолог Х.А.Алпысбаев тапқан еді. Бұл жаңалық қазақстандық археологияның жаңа бағытын – палеолитті зерттеудің негізін қалады.

Сайып келгенде, өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғы мен 50-жылдары археологиялық зерттеулердің кең өрістетілуімен ерекшеленді. Олар Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды да, жұмыс аясына әр түрлі хронологиялық ауқымдағы ескерткіштерді енгізді. Бұл жылдардағы маңызды жаңалықтар арасында Қазақстанның оңтүстігіндегі палеолит ескерткіштері, Іле өзені аңғарындағы сақтар мен үйсіндердің оболары, Таңбалытас шатқалындағы суреттер бар еді. Осы кездері Іле өзеніндегі Бесшатыр қорымында, Сырдария өңірі Шардара шатқалындағы үңгіме жерлеу (катакомба) орындарында, Баба-Ата ішкі қамалында (цитадель) қазба жұмыстары басталған еді.

Қазақстандық ғалымдармен бірге ескерткіштерді зерттеумен Мәскеу мен Ленинградтың (Санкт-Петербург - авт.) белгілі археологтары С.П.Толстов, А.Н.Бернштам, С.С.Черников, И.В.Синицын да айналысты. 1946 жылы басталған Қазақстан археологиясының дамуындағы бұл үшінші кезеңді 1960 жылы жарық көрген «Археологическая карта Казахстана» жинағы өзінше бір қорытындылап өтті, ол көп жылдарға созылған кең ауқымды археологиялық жұмыстардың қорытындысын жасады және оның ең перпективалы бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.



Қазақстан археологиясының келесі төртінші даму кезеңі 60-70 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңге жаңа ескерткіштерді тауып, оларды сипаттаған зерттеулер ауқымының кеңдігі ғана емес, сонымен қатар ірі ғылыми проблемаларды тереңдете шешу үшін көпжылдық стационарлық қазба жұмыстарын ұйымдастыру да тән еді.

Ә.Х.Марғұлан, кейіннен М.Қ.Қадырбаев, С.М.Ақынжанов басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы бұрынғыдай қола ғасыры мен ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеуді алдарына басты мақсат етіп қойды.

Нәтижесінде тасмола мәдениеті мен андронов мәдени-тарихи қауымдастығының қорымдары зерттелді. Осы уақыттары қола дәуірінің 30-дай қоныстары зерттелінді. Олардың арасында Атасу, Ортау, Бұғылы, Ақсу-аюлы, Байбола, Жамантас, Тағыбайбұлақ секілді ескерткіштер бар.

Бетпақдаланың солтүстігінен Ақсай, Сартабан қорымдары, Атасу аңғарынан Қараөзек қорымы, сондай-ақ кен орындары зерттелінді. Қарқаралы және Баянауыл тауларының аудандарынан көптеген андроновтық ескерткіштер табылып, зерттелді. 1966 жылы Орталық Қазақстан археологиясына арналған Ә.Х.Марғұлан, К.А.Ақышев, М.Қ.Қадырбаев, Ә.М.Оразбаев дайындаған іргелі зерттеу жұмысы жарыққа шықты. Кейінірек, 1979 жылы Ә.Х.Марғұлан 50-60 жылдары шоғырланған материалдарды пайдалана отырып Сарыарқаның жарқын феномені болып табылатын беғазы-дәндібай мәдениетіне арналған монографиясын жариялайды.

Солтүстік және Орталық Қазақстанда кең көлемді қазба жұмыстарын жүргізген Г.Б.Зданович алынған материалдарды мұқият талдап, ескерткіштердің жаңа кезеңдестірілуі мен хронологиясын жасап шықты. В.В.Евдокимов қола дәуіріндегі Орталық Қазақстан тұрғындарының экономикасы мен демографиясына қатысты сауалдарды зерттеді.

Қазақстанның оңтүстігінде, Қаратау шатқалдарында, Сырдария алабында Х.А.Алпысбаев тас дәуірі ескерткіштерін қарқынды түрде зерттеумен шұғылданды. Мұндағы жұмыстарының кейбір қорытындысы Бөріқазған, Кемер, Қызылрысбек, Тоқалы, Дарбаза секілді ескерткіштердің материалдары берілген оның 1979 жылғы монографиясында көрініс тапты. Солтүстік балқаш маңының орталық бөлігіндегі палеолиттік ескерткіштерді А.Г.Медоев басқарған отряд, Орталық Қазақстан палеолит дәуірі ескерткіштерін М.Н.Клапчук зерттеді. Бұл жылдары тас дәуірінің ескерткіштері Батыс Қазақстаннан, Маңғыстаудан табылып, зерттелді. Ертіс алабындағы, Павлодар облысындағы неолиттік тұрақтарда Л.А.Чалая басқарған экспедиция нәтижелі жұмыстар жүргізді.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Жетісудағы сақ және усунь ескерткіштерін зерттеу де өз жалғасын тапты. Іле алқабындағы сақ және усунь мәдениетіне арналған монографияларында К.А.Ақышев сақтар мен усуньдердің шығу тегін қаузады, жебе ұштарының хронологиялық сыныптамасын жасады, ал Г.А.Кушаев Жетісудағы усунь мәдениетінің кезеңдестірілу этаптарын айқындап берді.

Әлемдік маңызы зор Қазақстан археологиясындағы елеулі жаңалық «Есік» обасының ашылуы болды, ол сақ мәдениетін, олардың мифологиясын, өнерін, жазуын, әлеуметтік құрылысын зерттеуге жаңа серпін берді. Ғылымда бұл олжа «Алтын адам» деген атпен кеңінен белгілі. Оның алтын әшекейлерін, киімін, бас киімін, қару-жарағын, керамикалары мен ыдыстарының біріндегі жазуын зерттеу сақ эконмикасы, олардың мәдениеті мен мифологиясы жайлы таным-түсініктерді өзгертті. Оған байланысты отандық және әлемдік ғылымда үлкен резонанс туғызған К.А.Ақышев пен Ә.К.Ақышевтің бірнеше мақалалары жарық көрді.

Орталық Қазақстандағы ескерткіштері «тасмола мәдениеті» деген атау иеленген сақ мәдениетін М.Қ.Қадырбаев зерттеді. Ғалым бұл мәдениеттің өзіндік ерекшелігін көрсетіп берді, кезеңдестірілу сауалдарын айқындап, ежелгі тайпалардың шаруашылығына талдау жасады.

Сармат уақытының құнды олжалары Батыс Қазақстандағы Лебедевка қорымынан табылды, одан ауқатты сарматтар мен ортағасырлық көшпенділердің жерлеу орындары аршылған.

Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жусалы ауданындағы жетіасар мәдениетінің ескерткіштерін Хорезм археологиялық-этнорафиялық экспедициясының мүшелері С.П.Толстов, Л.М.Левина, Б.А.Андриановтар зерттеді. Жетіасар шатқалындағы жұмыстар өз жалғасын тауып, одан көптеген қоныстар мен қорымдар анықталды. Жаңа мәліметтер мен материалдар негізінде б.з. І-мыңжылдығындағы керамикаға арналған монография дайындалды. Арыс өңіріндегі отырар-қаратау мәдениетінің қоныстарын зерттеуді Н.П.Подушкин, кейіннен А.Н.Подушкин жүргізді.

70-жылдары Қазақстан археологиясының тағы бір бағыты – петроглифтерді зерттеу айқындалды. Егер бұрын осы археологиялық дерек көздерін зерттеу ретсіз және жүйесіз түрде жүргізіліп келсе, енді олар М.Қ.Қадырбаевтың, А.Н.Марьяшевтің, А.Г.Медоевтың арнайы зерттеу нысанына айналды. Қаратау сілемдері, Маңғыстау және басқа аймақтардағы жартас суреттеріне арналған қорытындылаушы ірі еңбектер солардың есімдерімен тікелей байланысты.

1969 жылы ҚазКСР ҒА Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастырды, ол 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (ОҚКАЭ) болып атауын өзгертті. Оны К.А.Ақышев басқарды. Отырар шұраттарындағы Отырар, Қостөбе, Көк-Мардан, Мардан-Күйік, Құйрықтөбе; Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Түркістан, Раң және Күлтөбе қалалары көп жылдық тұрақты қазба жұмыстарына негізгі нысан етіп алынады. Қалалар мен қоныстардың орындарына қоса, экспедиция мүшелері түрлі дәуірдің обаларын, соның ішінде белгілі және бұрын зерттелген Бөріжар обасын, Шағаны, Көк-Марданды да зерттеді.

Отырар-төбе қаласының орнындағы ХVІ-ХVІІІ ғасырлар қабаттарының деңгейінде кең көлемді қазба жұмыстары ұйымдастырылды. Көптеген тұрғын махаллалары, қыш және кірпіш күйдіру шеберханалары, қоғамдық құрылыстар – мешіттер, кесенелер, моншалар қазылып аршылды. Ауқымды қазба жұмыстары б.з. І-мыңжылдық бірінші жартысындағы Көк-Мардан қонысында да жүргізілді, одан да махаллалар, үйлер мен ғибадатханалар аршылған болатын.

Құйрықтөбе қаласының ішкі қамалында VІ-ІХ ғасырлар деңгейінен сарай құрылысы аршылды, оның салтанатты залынан құдайлардың бейнелері мен ақсүйектер көрінісі қашап жасалған бірегей тақталар табылы. Қала шахристанынан VІ-ҮІІІ ғасырлардың, ІХ-ХІ ғасырлардың, ХІІ ғасыр құрылыстарының кешендері, ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын темір соғатын шеберханалар және Х-ХІ ғасырларда жұмыс істеп тұрған алқалы мешіт аршылады.

Бөріжар қорымын қазған кезде жерлеу ғұрпына және ертедегі, орта ғасырлардағы тұрғындардың діни көзқарастарын көрсететін қызықты материалдар алынды. Экспедиция тобы Отырар шұраттарында, Қаратаудың оңтүстік және солтүстік беткейлерінде, Сауран маңында ирригациялық зерттеу жүргізді, кейінгі орта ғасырлардағы кәріздер жүйесін тапты.

Солармен қатар палеоэтнографиялық зерттеулер, атап айтқанда, қазақтардың отырықшылану үрдістерін анықтау мақсатында қазақ қыстауларын қазу жұмыстары жүргізілді (С.Ж.Жолдасбаев).

Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының жұмыстары республикалық археологияны жаңа деңгейге көтерді, соның нәтижесінде бірқатар жаңа ғылыми бағыттар белгіленді. Жұмыс қорытындылары бойынша К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, В.А.Грошев дайындаған бірнеше монография жарыққа шықты.

Тараздағы жұмыс нәтижелері осы қала жайлы жазған Т.Н.Сенигова монографиясында кеңінен баяндалды. Сырдариядағы Шардара ГЭС құрылысы аймағында 1959-1963 жылдары қазақстан-ресейлік археологиялық экспедиция жұмыс істеді. Материалдарын Г.А.Максимова, М.С.Мерщиев, Б.И.Вайнберг, Л.М.Левина жариялады.

60-жылдардың орта шенінде Р.З.Бурнашева, В.Н.Настич есімдерімен байланысты қазақстандық нумизматика дами бастайды. Отырарды, Құйрықтөбені қазу барысында ауқымды мәнеттік (монеталық) материалдар жинақталды. Бұл бірен-саран олжалар ғана емес, көмбе қоймалары да болатын. Мәнеттер тарихи мерзімді анықтайтын материал ретінде, сондай-ақ орта ғасырлардағы Қазақстанның саяси және экономикалық тарихын, оның сауда және мәдени байланыстарын зерттеуге арналған дереккөзі ретінде де зерделенді. Нәтижесінде, Қазақстандағы Отырар, Испиджаб, Түркістан, Женд, Сығанақ, Тараз, Алматы қалаларында мәнет сарайларының жұмыс істегендігі анықталды.

Бұл кезеңдегі археологиялық жұмыстардың қорытындылары «Қазақ ССР тарихы» атты бестомдық еңбектің екі томында (Алматы, 1977, 1979) түзілді, онда археологиялық дереккөздері талданып, ежелгі және ортағасырлық Қазақстандағы тарихи үрдістер динамикасы көрсетілді.

Кезекті, бесінші, Қазақстан археологиясы тарихының кезеңі өткен ғасырдың 80-жылдары басталды. Ол ұйымдастыру жұмыстарындағы өзгерістермен сипатталынады. Облыстарда археологиялық орталықтар қалыптасады, археологиялық жұмыстар кеңейе түседі. Археологияның өзекті проблемаларына арналған көптеген мақалалар, монографиялық жұмыстар жарыққа шығады, археологияның жаңа бағыттары қалыптасады, археологияда жаратылыстану ғылымдарының әдістері қолданыла бастайды. Айталық, 1981 жылы Алматыда Қазақстан мен Орта Азия ортағасырлық қалаларына арналған бүкілодақтық жиын өтеді. Онда кейінгі орта ғасырлар археологиясы сынды жаңа бағыт дараланған еді.

1987 жылы Алматыда көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысына арналған Халықаралық симпозиум өтті. Көшпенділер мен отырықшы елдердің өзара байланысын зерттеу оған қатысты ілімнің шоғырлануынан және де осы проблемаға қатысты бұрынғы стереотипті бұзуға бағытталған ғылымның дамуынан туындаған еді. Осы кездері тарихтың түрлі кезеңдеріндегі мәдениетаралық байланыстарды және де бұл процестің жалпы да, белгілі бір өңірге (региондық) тән негізгі заңдылықтарын айқындауға деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатқан болатын.

Осы кездері республика аумағындағы барлық ескерткіштердің ғылыми тізімдемесі – «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштерінің Жинағын» жасау оның негізгі міндеттеріне айналды. Мұндай энциклопедиялық басылым археология саласындағы стратегиялық зерттеулерге негіз болуға, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау ісін жақсартуға қызмет етуі тиіс еді.

Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстанның тау-кен ісі мен металлургиясын, мал шаруашылығы тұрпаттарының барлық кезеңдерде дамуын, қолөнер, сауда және ақша айналымын, ауыл шаруашылығы мен ирригациясын қамтитын палеоэкономикалық зерттеулер де кең қанат жая бастайды.

Осы жылдары Қазақстанның далалы аймақтарында жарқын ашылулар болды. Мәселен, В.Ф.Зайберт бастаған археологтар Ботай қонысын ашып, энеолитке жататын ботай мәдениетін бөліп көрсетті. Қазіргі таңда бұл қоныстың кейбір мәдени қабаттары неолит дәуіріне жататындығы да анықталып отыр. Сонымен қатар қола дәуіріндегі мал шаруашылығы мен малшылық-егіншілік өркениеттердің Қазақстан мен Оралдың сыртқа жағында болғандығын айқындайтын байырғы қала (протогород) типіндегі кешендер негіздемесін кеңейту мен тереңдетудің де сәті түсті.

Шүлбі ГЭС құрылысы аймағында 1980-1983 жылдары алғашқыда А.Г.Максимова, ал кейіннен С.М.Ақынжанов жетекшілік еткен Шүлбі археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Кең ауқымды археологиялық ізденістер тас, қола, ерте темір, ортағасырлық көшпелілер ескерткіштеріндегі қазба жұмыстарын, петроглифтерді зерттеу ісін қамтыды. Оның құрамында Ж.Қ.Таймағамбетов, З.С.Самашев, Ю.И.Трифонов, А.С.Ермолаева, т.б. жұмыс істеді.

Қимақтар мен қыпшақтардың жерлеу ескерткіштеріне қатысты материалдар отандық тарихнамада алғаш рет С.М.Ақынжановтың монографиясында толымды түрде көрініс тапты.

Тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеу Қазақстанның географиялық жағдайы мен аумағының ауқымдылығы палеолиттік мәдениеттер эволюциясы мен ежелгі миграциялық үрдістер үшін маңызды екендігін көрсетіп берді. Айталық, Қаратау палеолит ескерткіштері Орта Азия, Қытай, Пәкістан, Үндістан, Моңғолия секілді іргелес және алыс жатқан өңірлердегі тұрақтармен ұқсастығы бар екендігі анықталды. Бұл ұқсастық көне мәдениеттердің даму жолы бір екендігін көрсетеді.

Қазақстан палеолитін одан ары тереңдете зерттеу мақсатында әрі сенімді хронологиялық жатыстыру үшін стратиграфиясы сақталған, мәдени қабаттары бұзылы қоймаған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ (Оңтүстік Қазақстан), Шүлбі (Шығыс Қазақстан) ескерткіші секілді кешендердің маңызы зор екендігін Х.Алпысбаев, Ж.Таймағамбетов ізденістері көрсетіп берді.

Бұл зерттеулердің нәтижелері, жаңадан алынған материалдар Қазақстан аумағын алғашқы адамның қоныстану уақыты мен жолдарын жаңадан қарастыруға мүмкіндік берді.

Орталық Қазақстан мезолиті Қарағанды-ХV және Әкімбек тұрақтарының материалдары бойынша өрбітіледі. Қазақстан неолиті мен энеолиті ұзақ уақыт бойы аз зерттелініп келді. Жиыстырылған материалдар іргелес аумақтарда орналасқан ескерткіштердің оған ұқсас бұйымдарымен қатар қарастырылды. Өңірдегі неолит ықшамаудандарын бөліп көрсету, неолиттік индустрияның салыстырмалы-типологиялық сипаттамасы мен талдауының жасалуы атбасар секілді археологиялық мәдениетті бөліп көрсетуге жетеледі. Орал-Ертіс өзендері аралығындағы энеолит сан алуан шаруашылық-мәдени типтер арқылы бағамдалып, мал шаруашылығы (жылқы шаруашылығы) басым болған көп салалы шаруашылық ретінде сипатталынды.

Айтылып отырған кезеңдегі андроновтық зерттеулер байырғы қала мәдениетін кең түрде қарастыру және социум, идеология мен палеоэкономика арқылы зерделеулер бойынша дамыды. Өз кезегінде оған Еуразия қола мәдениеттерін зерделеуге жаңадан тың серпін берген Арқайым, Сынташты (Синташта), Кент секілді ескерткіштердің ашылулары да себепкер болған еді.

Ғылыми айналымға солтүстік Бетпақдалада орналасқан қоныстар мен қорымдардың жаңа мәліметтері енді. М.Қ.Қадырбаев пен Ж.Қ.Құрманқұлов монографияларында Атасу-1, Мыржық, Ақ-Мұстафа, Ақмая секілді ескерткіштердің материалдары бір жүйеге түсірілді де, ғылыми талдаудан өтті, археологиялық нысандардың орналасу заңдылықтары анықталды.

Аумағы 15 мың шаршы м жерді алып жатқан, қоланы балқытатын және одан қола бұйымдар жасайтын орталыққа айналған Атасу-1 ірі қонысынан алынған нәтижелердің маңызы өте зор. Қоныс аумағынан металл балқытатын кешендер мен шұңқыр-пештердің қалдықтары табылған.

Сонымен қатар Жетісу қола дәуірі бойынша да материалдардың шоғырлану үрдісі жүріп жатты, андронов мәдени-тарихи қауымдастығының ірі орталықтарының бірі болғандығын айғақтайтын бұл аймақтан ондаған қоныстар мен қорымдар табылды (А.Н.Марьяшев, А.А.Горячев).

Батыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу барысында қызықты нәтижелерге қол жеткізілді. Г.А.Кушаевтың айтуынша, Батыс Қазақстанға андронов және қима мәдени-тарихи қауымдастықтарының тоғысуы тән, бұл қауымдастықтардың шекарасы Ор және Елек өзендерінің аралығынан өткен.

Ерте көшпенділердің ескерткіштерін және сақ, сармат, усунь, кангюй, хуннулар мәдениетінің проблемаларын, әлеуметтік-экономикалық өмірін зерттеу дәстүрлі түрде Қазақстан ғылымында маңызды орын алған.

Айталық, К.А.Ақышев ізденістерінде Алакөлден Таласқа дейінгі өңірде патша қорымдарын картаға түсірген материалдар негізінде Жетісу сақтары қоғамының бейнесін айқындаған тезис одан ары дамытылды.

Сақ (скиф) өнерінің шығу тегі де қарастырылды. А.К.Ақышев пікірінше, құлан бейнеленген алтын сырғалардың табылуы «аң» стилінің жергілікті негізі бар екендігін нақты дәлелдейді.

Скифтердің шығуы сауалдарына арналған ізденістер де пайда болды. Мәселен, оған қатысты еңбек жазған Р.Б.Исмагиловтың жазуынша, Қара теңіз жағалауындағы «патша» обалары кейбір белгілеріне қарағанда Жетісудағы сақ мәдениетін қалдырған көшпенділер тобының миграциясымен байланысты.

Сарматология саласындағы мәнді жетістіктердің бірі Г.А.Кушаевтың «Этюды древней истории степного Приуралья» атты еңбегі деуге болады. Онда аса құнды материалдар жүйеленген, соның ішінде көп жылдар бойы қазылған ескерткіштер негізінде олардың исседон және сарматтармен этникалық атрибуциясы нақтылана түскен, сармат тарихы ҮІІІ ғасырға дейін өз жалғасын тапқан.

Түз тағыларының сүйек қалдықтарын зерттеу энеолит пен қола дәуірлеріндегі аңшылықтың дамуы бейнесін, мейлінше көп ауланған жан-жануарлар құрамын бөліп көрсетуге мүмкіндік берді (Л.А.Макарова, Т.Н.Нұрымов).

Керамикалық кешендерге жасалған технологиялық зерттеулер қола дәуірі кезінде Орталық Қазақстандағы құмырашылықтың даму дәрежесін, тұрғындар арасындағы түрлі байланыстарды, тайпалар миграциясын біршама пайымдауға жол ашты (В.Г.Ломан).

Бұл кезеңде петроглифтерді зерттеу де зор қарқынмен дамыды. Жоңғар Алатауының батыс сілемдері саналатын Ешкіөлмес жотасынан хронологиялық белгілері бойынша қола, ерте темір дәуірлері және орта ғасырлар сынды үш топқа бөлінетін жартас суреттерінің шоғыры табылды. Алғашқы топтағы суреттердің стилдік ерекшеліктері Ешкіөлместі мұндай ескерткіштер қатарынан дараландырады. Зерттеушілер Ешкіөлмес петроглифтерінің культтық сипатын атап көрсетеді.

З.С.Самашев Ертістің жоғары ағысындағы петроглифтерді зерттеді. Ол ғылыми айналымға көптеген ескерткіштер кешенін енгізді.

Түрлі өңірлердегі арбалар суретін зерттеу нәтижесінде б.з.б. ІV мыңжылдық соңы мен ІІІ мыңжылдықта Еуразия аумағында доңғалақты (дөңгелекті) көліктің таралу бағыттары нақтыланды (В.Новоженов).

Қосөзен аңғары мен далалы аймақ секілді дөңгелекті көліктің шығуының екі орталығы туралы концепция жасалынды. Екінші орталықтың қалыптасуы бұл автордың (В.Новоженовтың) пікірінше, майкоп мәдениетін қалдырған мал өсіруші тайпалардың миграциясымен байланысты болуы ықтимал.

Маңғыстауда кеңінен таралған ұлутастан жасалған қабір үсті ескерткіштеріндегі қазақтардың суреттерін зерттеу бағыты да дами бастады. Олар қазақтардың заттай және рухани мәдениеті жайлы ақпарат беріп қана қоймайды, сонымен қатар ерте жартас суреттеріндегі дәстүр жалғастығын да айқындайды (З.С.Самашев, Ж.Жетібаев).

Бұл кезеңде «Ұлы Жібек жолы: мәдениеттер диалогы» атты халықаралық бағдарлама маңызды шаралардың бірі болды. Ол Қазақстанда дәстүрлі түрде қарастырылып жатқан ежелгі және орта ғасырлардағы кенттендіруге (урбанизацияға), қала мен даланың өзара байланысына қатысты сауалдарды қамтыды. Бұл бағытта К.А.Ақышев, Л.Б.Ерзакович, К.М.Байпақов, У.Х.Шәлекенов, Е.А.Смағұлов, Т.В.Савельева, С.М.Ақынжанов, В.А.Грошев, М.Е.Елеуов, С.Ж.Жолдасбаев, А.Н.Подушкин белсене жұмыс істеп жатты.

Кенттендіру, ортағасырлық қалалардың топографиясы, егіншілік пен ирригация, отырықшылар мен көшпенділер қарым-қатынасы, құмыра жасау ісі, қолөнер мен зергерлік, қалалар баспаналары, архитектуралық құрылыстар, сауда мен палеоэкономика, этномәдени тарих, қалалардың дамуы, т.б. сауалдар Қазақстан археологтарының үнемі назарында болды.

Жетісу қалаларын зерттеу барысында жаңа нумизматикалық мәліметтер алынады. Зерттеушілердің ойынша, Қостөбеден алынған VІІ-VІІІ ғасырлардағы мәнеттер (монеталар) Жамұқаттың Шашпен байланыс орнатқанын дәлелдейді, Шаштың өз кезегінде Талас алқабындағы саудаға үлкен ықпалын тигізіп тұрғандығы анықталды (Р.З.Бурнашева, С.М.Аитова).

Бұл кезеңдегі Қазақстан археологиясындағы жаңа бағыт археологиялық сәулет өнерін зерттеу болды. Алғаш рет архитектура тарихы бойынша монументтік құрылыстар мен қарапайым баспаналар зерделене бастады. Олардың арасынан Кедер мен Жамұқат сынды ерте ортағасырлық қалалардың сарай кешендерін, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ғұрыптық ислами архитектурасын айтуға болады (З.Ж.Шарденова).

Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қала мәдениетінің өзіндік ерекшелігі туралы тұжырым жасалды әрі оның Орталық Азия мәдениеттерімен байланысы көрсетілді (У.Х.Шәлекенов, М.Е.Елеуов).

Қазақстандағы Жібек жолының тарихы, оның негізгі бағыттары мен олар бойынша тасылған тауарлар, таралған мәдени үлгілер мен діндер жайы толымды түрде сипатталынды (К.М.Байпақов).

Қазақстан тас мүсіндері жайлы, түріктердің ғибадатханалары мен жерлеу ескерткіштері жайлы мақалалар жарияланды (Э.А.Новгородова).

Ежелгі түріктерге қатысты археологиялық материалдар қимақ және қыпшақтар бойынша жазба дереккөздерін зерттеуге байланысты ерекше өзектілікке ие болды (С.М.Ақынжанов).

Қазақстан археологиясы тарихнамасындағы жаңа маңызды да мәнді шаралардың бірі ежелгі және ортағасырлық тарих пен архаологияны талдап қорыту болған еді.

«Қазақстан Республикасы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» сериясы бойынша бірінші том – «Шымкент облысы» дайындалып, жарыққа шықты.

Қазақстан археологиясы әлемдік ғылымды жарқын ашылуларымен байытып қана қойған жоқ, сонымен қатар ежелгі және ортағасырлық Қазақстандағы қоғам дамуының негізгі кезеңдерін анықтап берді.

Археология ғылымындағы дамудың алтыншы кезеңін Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастауға болады. Бұл кездері ғылымға бір топ зерттеушілер келді. Олар М.К.Хабдуллина, К.М.Қарабаспақова, В.В.Варфоломеев, И.А.Кукушкин, Ж.Е.Смаилов, А.З.Бейсенов, М.С.Қасенов, Д.А.Талеев, М.Қожа, А.М.Досымбаева, З.Ш.Шарденова, Г.А.Терновая, Т.Мәмиев еді.

Кеңес Одағының ыдырауы, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер қоғамда түрлі қарама-қайшылықтар тудырды. Бұрынғы идеологиялық шектеулердің алынып тасталуы, формациялық ұстанымнан бас тарту тарих методологиясына да әсерін тигізді. Сөйтіп, жаңа кезең бұрынғы идеологиялық ұстанымдарды қайта қарастыруымен сипатталынады, бір шетінен қоғамда этноцентристік сипаттағы тарихи мифтер де кеңінен белең ала бастаған еді.

Археологияда да бұл жайттардың кейбірі орын алды, бірақ 1991 жылы бәрі өзгере қалды деу аңқаулық болар еді, өйткені академиялық дәлдіктің арқасында мәдени мұраны зерттеудегі археологиялық бағыт бұрынғысындай қала берді, ал ғылыми әдебиет төңірегіндегі «тарихты қайта жазу керек» деген сөз археологиялық ізденістерді шарпи қойған жоқ.

Жаңа кезеңдегі аса ірі оқиғалардың бірі 1991 жылы Археология институтының ашылуы болып саналады.

Көрнекті ғалым, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, филолог, академик Ә.Х.Марғұлан есімі берілген бұл Археология институты Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 28-тамыздағы №496 Қаулысымен және Қазақ КСР ҒА Төралқасының 1991 жылғы 6-қыркүйектегі №73 Қаулысымен Қазақ КСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Археологиялық зерттеу орталығының негізінде құрылған еді.

Айта кететін бір жайт, мемлекет идеология, мәдени стратегия, ғылым сауалдарын назардан тыс қалдырмады. 1995 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат бойынша Ұлттық Кеңес «Қазақстан Республикасындағы тарихи сана тұжырымдамасын» бекітті. 1999 жыл Ұлттық бірлік пен ұлт тарихы жылы болып белгіленді. 1998 жылы ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Жібек жолы бойындағы тарихи орталықтарды қайта өркендету, түрік тілді мемлекеттердің мәдени мұрасын қорғау және жалғастыру, туризм инфрақұрылымдарын қалыптастыруға қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ол тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, музейлендіру, консервациялау, қалпына келтіру секілді іс-шаралар кешенін қамтыды. ҚР Президентінің Жарлығымен 2002 жыл Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Ал 2004 жылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаға төменде біз арнайы тоқталып кетеміз.

Міне, бұл аталған мәдени шаралардың қай-қайсысы болмасын қоғам өмірінде, соның ішінде археология ғылымының дамуында маңызды рөл атқарды, жаңа ашылуларға тың серпін берді. Дегенмен, жыл сайын жаз айларында Қазақстан археологтары үзбей далалық ізденістер жүргізіп отырды. Нәтижесінде палеолиттен бастап кейінгі орта ғасырлар соңына дейінгі сан алуан ескерткіштер зерттелінді, күрделі проблемалар жан-жақты қарастырыла бастады.

Бұл кезеңде археологияның көптеген бағыттары жаңа қарқынмен дамыды. Орталық және Оңтүстік Қазақстанның палеолиттік ескерткіштерінің типологиясы мен кезеңдестірілуі толықтырылып, бірқатар мустье кешендері ғылыми талдаудан өтті (О.А.Артюхова).

Тобыл-Ертіс өзендері аралығындағы голоцен дәуіріне жататын құралдарға жүргізілген трассологиялық талдаулар атбасар мәдениеті кешендерінің шаруашылық жайттарын қалпына келтіріп, Солтүстік Қазақстандағы мезолит пен неолит тұрғындарының өмір салтын нақтылауға жол ашты (А.А.Плешаков).

Қола дәуірі соңына жататын Сарыарқаның археологиялық материалдары ғылыми талдаудан өтті, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан қола дәуірінде тіршілік еткен тайпалар мәдениетінің материалдары жүйеленді, Тамғалы шатқалындағы қола ғасырынан орта ғасырға дейінгі ауқымды хронологиялық диапазонды қамтитын бірегей ескерткіштер кешені зерттелінді (А.Н.Марьяшев, А.А.Рогожинский). 2005 жылы Тамғалы ЮНЕСКО-ң Әлемдік мәдени мұра тізіміне енді.

Сондай-ақ Тамғалы шатқалындағы ескерткіштер кешенімен бірге Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де осы тізімге енді.

Ортағасырлық қалаларды зерттеуде Талас алабындағы, Шу мен Талас өңіріндегі, Орталық Қазақстандағы, Арал маңындағы, Солтүстік-Шығыс Жетісу мен Келес даласындағы қалалар мен қоныстар типологиясы нақтыланды. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық сәулет өнері зерттелінді.

Ортағасырлық көшпенділердің жерлеу ғұрыптары, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан палеоэкономикасының жекелеген проблемалары, Орталық Азия петроглифтеріндегі сан алуан бейнелер, тас мүсіндер, құлпытастар қарастырылды.

Жыл сайын археологиялық зерттеулер барысында қосымша ақпарат беретін жаңа материалдар алынып, деректік қор құрамы толықтырыла түсті. Алынған археологиялық материалдар деректемелік базаны нығайтып, ескерткіштер типологиясы мен сыныптамасын зерделеуге және жетілдіре түсуге, жаңа археологиялық мәдениеттерді жіктеуге, шаруашылық-мәдени типтерді және тарихи-мәдени қауымдастықтарды нақтылауға, хронология мен кезеңдестіру сауалдарын қарастыруға жол ашты.

Қазақстан аумағында қазба жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде кейбір археологиялық экспедициялардың мәні зор. Айталық, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (1946 жылдан бері жұмыс істеп келеді), Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (1953 жылдан бері), Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (1947 жылдан бері), Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (1946 жылдан бері), Жетісу археологиялық экспедициясы (1954 жылдан бері), Сарыарқа археологиялық экспедициясы (1980 жылдан бері), Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы (1992-2002 жылдары жұмыс істеді), Талғар археологиялық экспедициясы, Орал археологиялық экспедициясы (2000 жылдан бері), т.б. көптеген ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Олардан басқа көптеген археологиялық экспедициялар (Алматы, Түркістан, Шілікті, Тұран, Үйгентас, т.б.) да соңғы жылдары белсене қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ірі археологиялық экспедицияларды Қазақстан жоғарғы оқу орындары, басқа мекемелер де жасақтады. 1970 жылдан бері Қазақ Ұлттық Университетінде археология және этнология кафедрасы жұмыс істейді. Археология ғылымымен айналысатын мұндай кафедралар републиканың басқа оқу орындарында (ҚарМУ, ЕҰУ, ХҚТУ, ҚосМУ, ПМУ, т.б.) да соңғы жылдары ашылды. Олар сонымен қатар мамандарды даярлауда елеулі рөл атқарып келеді.

Археологиялық экспедициялар құрамында Франция, АҚШ, Италия, Германия, Польша, Бельгия, Жапония, Ресей Федерациясы, т.б. елдердің мамандары да қатысып отырады.

Әдетте, табиғи факторлар мен техногенді және антропогенді әсер етулер археологиялық ескерткіштердің бүлінуіне, қирауына және жойылып кетуіне әсерін тигізетіндігі белгілі. Сол себепті де тарихи-мәдени мұраны сақтау мен пайдалану жұмыстарының жалпымемлекеттік маңызы зор. Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді тізімге алудың алғашқы тәжірибесі 1960 жылы жарық көрген «Археологическая карта Казахстана» атты жинағынан бастау алады. 1981 жылдан бастап көптомдық «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағын» құрастыру қолға алынған. Қазіргі таңда Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облысы мен Жамбыл облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағы жарыққа шыққан. Сонымен қатар республика кейбір аудандар, ауылдық округтерінің де (Мәртөк ауданы, т.б.) жинағы жарияланып отыр. Мұндай энциклопедиялық сипаттағы ғылыми-ақпараттық жұмыстар ескерткіштердің орналасуын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оларды сақтауға, құрылыс жұмыстары кезінде кездейсоқ қиратылуға, қалпына келтіруге де көп септігін тигізеді.

Бүгінгі күні Қазақстан аумағынан үңгірлік тұрақтардан бастап кездейсоқ ұшырасқан бұйымдарға дейін есептегенде 450-дей палеолит, 50 шақты мезолит, 800-дей неолит ескерткіштері анықталған (Д.С.Байгунаков).

Тас дәуірін зерттеуге 1992-2002 жылдары біріккен Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы (жетекшісі академик А.П.Деревянко; Қазақстан жағынан отряд басшысы Ж.Қ.Таймағамбетов) көп үлес қосты. Аталған экспедиция Қазақстанды түгелдей дерлік шарлап шықты. Қоcқорған, Шоқтас (Түркістан-Кентау маңы), Қараүңгір, Қызылтау, Соркөл (Қаратау сілемдері) археологиялық нысандарында, Арал ескерткіштерінде (Арал маңы), Мұғалжар ескерткіштерінде (60 шақты орыннан; Мұғалжар таулары) зерттеу жүргізіп, Маңғыстаудан, Шығыс Қазақстаннан көптеген кешендер тапты. Бірнеше жылға созылған зерттеулер травертинді сақинасы бар Оңтүстік Қазақстан кешендерінде (Шоқтас-1-3, Қоcқорған-1-3) шағын индустриялы өзіндік мәдениеттің қалыптасқандығын, Мұғалжар тауларындағы бірегей ашельдік дәстүрдің орын алғандығын, ерте голоцендік Шахантай (Қаратау) сынды ескерткіштердің даралығын дәлелдеуге мүмкіндік берді. Алынған материалдар тас индустриясының эволюциясын, тұрақтардың геоморфологиялық жағдайын, кезеңдестіру мен хронология сауалдарын, алғашқы қоныстану мәселелерін, жергілікті тас дәуірі мәдениеттерінің жайттарын, т.б. көптеген проблемаларды нақтылауға септігін тигізді.

Қола дәуірінің Орталық және Солтүстік Қазақстандағы көптеген ескерткіштері қазылып, бірегей материалдар алынды. Жезді өңіріндегі Талдысай шатқалындағы металлургиялық кешендері бар қонысты, Орталық Қазақстандағы Кент кешендері іргелі ғылыми ізденістерге бастама болды. Осы аралықта Беғазы-дәндібай, т.б. археологиялық мәдениеттердің жарқын ескерткіштері қазылды.

Айталық, Түркістан жазирасындағы Шербай қорымынан андроновтық материалдардың алынуы, Оңтүстік Қазақстан қола дәуірі туралы таным көкжиегін кеңейте түсті (Е.А.Смағұлов).

Жетісу қола дәуірі туралы да толымды мағлұматтар алынды. Көп жылдарға созылған жүйелі археологиялық зерттеулер мұнда Жоңғар Алатауы, Іле таулары мен оның солтүстік беткейлері сынды үш жерде ескерткіштердің шоғырланғандығын дәлелдеді. Жетісудың таулы аймақтарынан Түрген кешені, Бұтақты-1, Серектас, Асы қоныстары, Қызылбұлақ-1-2, Қалақай, Құйған-2, Көлсай, Ұзынбұлақ қорымдары секілді ескерткіштер кешенінің қазылуы, қола дәуірінің соңына жататын «көлсай» мәдениетін бөліп көрсетуге мүмкіндік берді. Көлсай типіндегі ескерткіштердің мәдени-хронологиялық атрибуциясы анықталып, оның негізінде жергілікті сақ мәдениеті қалыптасқандығына пайымдау жасалды (А.Н.Марьяшев, А.А.Горячев, С.А.Потапов).

Үстірттегі Тоқсанбай кешенінен де қола дәуіріне жататын көптеген материалдар алынды. Бұл ескерткіштің ең көне материалдары алғашқыда археологтар тарапынан неолитке-энеолитке жатқызылғанымен, кейіннен жаратылыстану ғылымдары мәліметтерінің негізінде оның қола дәуіріне тиесілі екендігі тұжырымдалды (З.С.Самашев, А.С.Ермолаева, Т.Лошакова). Қазба кезінде табылған бұйымдар мен ескерткіштер құрылысы Тоқсанбайдың палеометалл кезінде ірі орталықтардың бірі болғандығын айғақтайды.

Ерте темір дәуіріндегі ескерткіштер мен мәдениеттер де тәуелсіздік жылдарында Қазақстан археологтарының үнемі назарында болды. Әсіресе, қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтетін кез ескерткіштерін қарастырудың маңызы артты. Бұл бағытта бірқатар археологтар нәтижелі еңбек етті. Сақ және усунь, кагюй, сармат, ғұн заманындағы біршама ескерткіштер зерттелінді. Іле Алатауындағы сақ және усунь қоныстары қазылып, кейбір ескерткіштер (Түзусай, Цыганка, Талғар-3) жайлы толымды мағлұмат алынды. Мұндағы зерттеулер американдық «Sweet Briar» колледжі мамандарымен бірге жүргізілді (жетекшілері К.М.Байпақов, К.Чанг). Нәтижесінде осы өңірдегі сақтардың отырықшы болғандығы, егіншілікпен айналысып, суландыру жүйелерін пайдаланғандығы анықталды.

Отырықшылық пен егіншіліктің ерте тұрпаттары (формалары) Сарыарқа ерте көшпенділерінен де байқалған. Мұндағы Селеті өзені бойындағы б.з.б. VІІ-VІ ғасырларға жататын Тасқора-1-2 қоныстарынан көтерілген мәселеге қатысты мол ақпарат алынған.

Б.з.б. ІХ-VІІ ғасырларға жататын доңғал-кеңөткел өтпелі кезеңдерін біршама айқындайтын Бұғылы-1, Доңғал, Қарабұлақ, Ендірей ескерткіштерінде де қазба жұмыстары жүргізілген.

Қазақстан археологиясындағы маңызды жайттардың бірі Шығыс Қазақстан өңіріндегі Берел қорымында жүргізілген қазба жұмыстарын айтуға болады. Ондағы зерттеулерді бірнеше жылдардан бері З.С.Самашев басқарып келеді. Зерттеу жұмыстарына шетелдік мамандар (А.-П.Франкфор, т.б.) да көптеп қатысты. Қазба барысында скиф-сақ тайпаларының материалдық және рухани мәдениетін айғақтайтын мол мағлұматтар алынды. Палеогенетика, палеоэкология, т.б. ғылым салаларына қатысты жайттар көтерілді. Тоң басқан берелдік обалардан алынған мәліметтер жерлеу ғұрпына, ағаш құрылыстарына, аң стиліне, т.б. қатысты отандық тарихнама беттерін толықтыра түсті.

Ресейлік мамандар (В.С.Ольховский, т.б.) да отандық археологтармен бірігіп Арал-Каспий өңірін б.з.б. І-мыңжылдықта мекен еткен тайпалардың этномәдени және әлеуметтік-саяси тарихын зерделеді. Қазақстанның батыс өңіріндегі Бәйте-3, Сарықамыс пен Қаратон, т.б. ескерткіштерде қазба жүргізілді. Қызылүйік секілді сарматтардың ғибадатханасында қазба жұмыстары 2004 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Жартас суреттерін зерделеу ісі кең қанат жайды. Археология институтының қызметкерлері 1991 жылы Франция Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығымен бірігіп «Орталық Азия петроглифтерінің корпусы» атты бірнеше жылдық бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарлама бойнша жартас суреттерінің әмбебап аумақтық-хронологиялық сызбасы жасалынды, мұндай ескерткіштер хронологиясын анықтаудың және көшірмесін түсірудің заманауи әдістері меңгерілді. Жетісу жерінен ең ерте кезі қола дәуіріне, ал соңғы кезеңі кейінгі орта ғасырларға дейін баратын 30-дан астам жартас суреттері анықталды. Көптеген ескерткіштердегі маңызды сюжеттер мен бейнелердің интерпретациясы жасалынып, жекелеген семантикалық блоктар қарастырылды.

Сондай-ақ қазақ этнографиялық суреттерінің (Түпқараған, т.б.), сағана-тамдардың, кесенелердің, қойтастар мен құлпытастардың жай-жапсары зерделеніп, ілкіден тамыр тартқан мәдениеттер жөнінде ғылыми ақпараттар кеңістігі ұлғая түсті.

Оңтүстік Қазақстандағы б.з.б. І-мыңжылдық соңы мен б.з. VІІ ғасырларына жататын Кангюй мемлекетінің тарихын көрсететін бірқатар археологиялық кешендер зерттелінді. Талас, Арыс және Сырдария өзендері бойынан алынған материалдар ерте ортағасырлық қалалар мен қоныстардың кангюйлік археологиялық нысандар негізінде дамитындығын дәлелдеп берді. Кейбір жұмыстарға Франция Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері (Р.Бушарла, т.б.) де қатысты. Нәтижесінде жетіасар мәдениетінің материалдары, ескерткіштердің топографиясы мен хронологиясы нақтыланып, алынған материалдар талдаудан өтті және жүйеленді.

Арал өңіріндегі көпжылдық археологиялық ізденістерді қорытқан еңбектер да жарияланды. INTAS «Climan» гранты бойынша Аралдың солтүстік-шығыс бөлігінде геологтар, гидрогеологтар, топырақтанушылар, палеонтологтар мен археологтар кешенді зерттеулер жүргізді (жетекшісі Х.Оберхайсли). Тереңөзектен шығысқа қарай 120 км жерде Аралдың кеуіп кеткен орнынан ХІV-ХV ғасыр бас кезіне жататын екі қаланың орны анықталып, «Арал дағдарысы» тек қана ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр бас кезінде орын алмағандығы дәлелденді (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин).

Талас алабындағы Ақыртас кешенінде археологиялық зерттеулермен қатар музейлендіру жұмыстары да жүргізілуде (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, З.Ж.Шарденова).

Талғар қаласындағы қазба жұмыстары сан алуан құрылыстар, баспаналар орнын анықтап, алынған тұрмыстық-шаруашылық материалдар ортағасырлық Талғар қаласы Жетісудағы темір өндіретін ірі орталықтың бірі болғандығын дәлелдеп берді. Мұнда тіптен болаттың да өндірілгендігі анықталды (Т.В.Савельева, Н.М.Зиняков).

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде ортағасырлық қалаларды зерттеу ісі де зор қарқынмен дамыды. Далалық ізденістер нәтижесінде Құлан, Жуантөбе, Қостөбе, т.б. көптеген қалалардың мәдени қабаттары аршылып, тың мәліметтер алынды.

Қарлұқ жабғуының астанасы болған ортағасырлық Қаялық (Қойлық, Қайлақ) қаласымен салғастырылатын Антоновка қаласындағы ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын будда храмын зерттеу жұмыстары да аяқталды. Сондай-ақ ХІІ-ХІІІ ғасырлармен мерзімделінетін бай усадьба аршылды. Баспаналарды бірнеше пештермен жылытып тұрған кан жүйесіне қатысты қосымша ақпараттар алынды. Қаланың қызықты құрылыстарының бірі ретінде ХІҮ ғасырға жататын хаммам-моншасы мен ХІІ ғасырға жататын кесенені де атауға болады. Қазба барысында қыш ыдыстардың, металдан және шыныдан жасалған бұйымдар топтамасы алынды (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, Б.А.Железняков, М.М.Нұрпейісов).

Түркістан, Күлтөбе, Шойтөбе қалаларында зерттеу жұмыстары да өз жалғасын тапты.

Археологиялық барлау нәтижесінде Түркістан оазисінен бірнеше ортағасырлық қалалар табылды, олардың арасынан І-ІХ ғасырларға жататын Сидақ қаласын ерекше атап кетуге болады. Түркістан қаласының төңірегіндегі материалдар мұнда оңтүстікқазақстандық ірі егіншілік мәдени орталық қалыптасқандығын дәлелдеді (Е.А.Смағұлов, М.К.Тұяқбаев, М.Е.Елеуов).

Бұл жылдары Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының (жетекшісі К.М.Байпақов) негізгі зерттеу нысаны Отырар қаласы болып қала берді. Мұнда ХІІІ ғасыр соңы мен ХІV ғасыр бас кезінде пайдаланылған мешіт орнында қазба жүргізілді. Бұл құрылыс Түркістанда Әмір Темір бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қатар тұрғызылған еді.

2000-2004 жылдары Отырар мен Отырар шұратындағы (оазисіндегі) қалаларда «Көне Отырар қаласын сақтау мен қалпына қалпына келтіру» атты ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония біріккен бағдарламасының негізінде археологиялық-консервациялық жұмыстар жүргізілді. Оның мақсаты қазба арқылы жаңа мағлұматтар алу, бұрын қазылған ХІV ғасыр соңы мен ХV ғасыр бас кезіндегі мешіт, ХVІІ-ХVІІ ғасырлардағы мешіттерді, ХІІІ-ХІV ғасырлардағы моншаларды, қыш құмыра жасау шеберханаларын, ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы қала махаллаларын консервациялау, ескерткіш нысандарын фортификациялау арқылы Отырарды археологиялық саябаққа және Ұлы Жібек жолы бойындағы туризм орталығына айналдыру еді.

2004 жылы бұл бағдарлама аяқталған соң, жұмыстар «Көне Отырарды өркендету» жобасы аясында жалғастырылды. Отырардағы далалық жұмыстармен қатар Құйрықтөбе қаласындағы моншада, мешітте қазба жүргізілді, мешіт пен сарай консервациясы, Мардан-Күйік фортификациясы жасалына бастады (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, Т.С.Дощанова).

Ортағасырлық түрік мәдениетін толымды түрде көрсететін басқа да ескерткіштер көптеп зерттелді. Мысалы, көне түріктер заманындағы қорымдар, ғибадатханалар, жартас суреттері жайлы еңбектер шықты (Л.Н.Ермоленко). Мерке, Шу алабындағы Жайсан өңіріндегі тас мүсіндер, жартас суреттері туралы ақпараттар ғылыми айналымға еніп, қазақ және орыс тілдерінде бірнеше монографиялар жарияланды (А.М.Досымбаева). 2000 жылдан бері Батыс Қазақстанда Орал археологиялық экспедициясы нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Экспедиция барысында алынған тың мәліметтер монографиялық еңбектерде көрініс тапты (А.А.Бисембаев, С.Ю.Гуцалов, т.б.). Мұндай орталықтар Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашыла бастады.

Көптеген мамандардың (К.М.Байпақов, З.С.Самашев, У.Х.Шәлекенов, Е.А.Смағұлов, М.Е.Елеуов, Т.В.Савельева, А.Ә.Нұржанов, Ж.Смаилов, Г.А.Ахатов, т.б.) монографияларында осы орта ғасырлық мәдениетке қатысты сан алуан мәселелер көтеріліп, соны мәліметтер жарияланды.

Өткен ғасырдың 90 жылдарының бас кезінде К.М.Байпақов, В.Ф.Зайберт, В.H.Логвин, Ж.Қ.Таймағамбетов, З.С.Самашев, т.б. мамандардың іргелі ізденістері бірнеше кітап болып шыққан болатын, уақыт өте келе археологтар жаңа мәліметтер негізінде бірнеше еңбектер жариялап үлгерді.

Жартас суреттеріне қатысты бірнеше іргелі еңбектер жарыққа шықты (А.Н.Марьяшев, А.Горячев, B.Новоженов, т.б.). Ол көне мәдениет туындыларын біршама толымды түрде сипаттауға жол ашты.

Соңғы жылдардағы мәліметтер негізінде қола дәуіріне жататын беғазы-дәндібай кешендері жайлы монография жарық көрді (А.З.Бейсенов, т.б.). Оған дейін жарық көрген Э.Р.Усманова, С.Жауымбаевтың монографиялары қола дәуірін зерделеуге тың серпін берген еді. Ерте темір дәуірінің сауалдарына қатысты бірқатар ізденістер шықты (К.М.Байпақов, З.Самашев, т.б.). Берел қорымындағы көптеген материалдар негізінде бірнеше іргелі еңбектер жарияланды (З.С.Самашев, т.б.). Тас дәуірінің зерттелуін, негізгі мәселелерін қарастырған еңбек жарыққа шықты (Ж.Қ.Таймағамбетов, Д.С.Байгунаков). Сонымен қатар қола дәуіріне жататын ескерткіштердің зерттелуін бір ізге түсірген, кейбір мәселелерін қаузаған тарихнамалық бағыттағы монография да жарық көрді (Ж.Қ.Құрманқұлов, Д.С.Байгунаков). Альбом-каталогтар, тақырыптық альбомда, т.б. да шығып тұрады. Белгілі бір өңірдің археологиясына, тарихы мен этнологиясына арналған жинақтар да соңғы жылдары көптеп шығып отыр. Сайып келгенде, Қазақстан археологтары тас дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейінгі аралықтағы түрлі мәселелерді қозғап, отандық тарихнамаға мол үлес қосты.

Шетелдік басылымдарда да Қазақстан Республикасының археологтар еңбектерін көптеп жариялап келеді. Отандық археологтар алыс-жақын елдерде өткен көптеген басқосуларда, жиындарда баяндамалар жасап жүр. Ғылыми жұртшылыққа Ресей Федерациясында, Францияда, Италияда, т.б. елдерде жарыққа шыққан еңбектер кеңінен танымал.

Қазақстан археологиясы тарихында орын алған бұл кезеңнің жарқын құбылыстарының бірі алыс-жақын елдердің мамандарымен байланыстардың күшеюі болып табылады. Отандық археологтар шетелдік гранттарға да қатысып отырады, олар бойынша да жұмыс істейді. Шетелдерде ұйымдастырылған көрмелер арқылы Қазақстан археологтарының жұмыстары мен жеткен жетістіктері көрсетіледі. Мәселен, «Алтын адам және Қазақстанның ежелгі қазыналары», «Қазақстанның ежелгі діндері» секілді Археология институтының музейі ұйымдастырған көрмелер Италия, Франция сынды елдерден зор табыспен оралды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет