Қазақстан археологиясы


Усунь археологиялық ескерткіштері



бет14/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   28

Усунь археологиялық ескерткіштері
Б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы ерте кезең. Б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлар шебінде Жетісу мен Тянь-Шаньның тарихында жаңа кезең басталады, ол б.з.б. ІІ ғасырда Орталық Азиядан осында көшпелі юечжи және усунь тайпаларының қоныс аударуымен байланысты да еді. Көп ұзамай усуньдер жергілікті сақ тайпалары мен юечжилердің бір бөлігін бағындырады. Алайда юечжилердің басым бөлігі Орта Азияға қарай жылжып, онда болашақ Кушан империясының негізін қалады.

Усунь одағына жергілікті сақ тайпалары, сондай-ақ юечжилердің бір бөлігі қосыллғаннан кейін бірлестіктегі халықтың саны 630 мың адамға жетті. Дегенмен Жетісу мен Тянь-Шань тұрғындарының негізгі халқы сақ тайпалары болып қала бергендігі әбден мүмкін. Жергілікті тұрғындардың басым болуы археологиялық ескерткіштер құрамынан да байқалуы тиіс болды. Жазба дереккөздеріне қарағанда, Жетісу мен Тянь-Шань тұрғындары этникалық жағынан әркелкі болған. Мұнда сақ, юечжи және усуньдер тіршілік еткен. Мұны бір кезеңге жататын әртүрлі типтегі археологиялық материалдар да толығымен растайды әрі қуаттайды. Тек белгілі бір археологиялық ескерткіштерді нақты бір этностармен байланыстыру азды-кемді қиындықтар туғызып келеді.

Усуньдердің көне мәдениеттерін зерттеумен А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова, К.А.Ақышев, Г.B.Кушаев айналысқан.

Топырақты мола обалары усунь кезеңіндегі жергілікті халықтың негізгі бейіттерін құрайды. Олардан б.з.б. І-мыңжылдық ортасынан бастап сақ кешендерінің тікелей дамуын көруге болады. Бұл б.з.б. V-ІV ғасырлардағы сақ кезеңінің Қызылауыз-1 қорымындағы материалдар мен б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырларға жататын Қапшағай-3 ерте усунь ескерткішінің заттар кешенін салыстырғанда анық байқалады. Екі қорымның обалары тізбектеле орналасқан. Үйінді табанында, оның астында немесе үстінде тас сақинасы болған. Қабірлердің негізгі түрін ағашпен жабылған топырақ мола құрайды. Екі ескерткіштегі мүрделер басы батысқа немесе солтүстік-батысқа бағытталған. Молалардан қой сүйектері, бір-екі ыдыс және де аздаған темір мен қоладан жасалған ұсақ-түйектер алынады.

Сақ және усунь кезеңдерінің мәдениеті мен ескерткіштерінің тығыз генетикалық байланысын көптеген зерттеушілер ескерген. Мұны «сақ-усунь мәдениеті», «сақ-усунь ескерткіштері» секілді терминдердің пайда болуы да нақты түсіндіреді. Барлық мәліметтер Жетісу ерте көшпенділерінде ұзақ уақыт біркелкі қарапайым жерлеу құрылыстары, өзара жақын жерлеу ғұрыптары мен құрал-саймандары сақталғандығын көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды, усунь уақытындағы ескерткіштер тобын қалдырған халықты жергілікті сақ тұрғындарының ағынымен сәйкестендіруге, ал қорымдардың өзін кейінгі сақ ескерткіштері ретінде қарастырса да болады.

Жетісудан археологтар мейлінше кең таралған ескерткіштердің тобын бөліп көрсетеді. Біріншісі – құрылысы біркелкі және құрал-саймандары аз, топырақ қабатынан қазылған молалар (үйілген обалар).

Обаларға тізбектеле орналасу тән. Кейінгі кезеңде бұлайша орналасуды жүйесіздік алмастырады. Мүрде топырақ қабатынан қазылған молаға қойылды, кейде оның қабырғалары ағашпен бекітілді. Үсті ағаш жабындымен немесе тас плиталарымен жабылды. Мүрделер ұзынынан шалқасынан жатқызылды, басы әдетте батысқа қаратылды, кейде ол аздап ауытқуы да мүмкін. Молаларға түгелдей дерлік бір қаңқадан қойылған. Қайтыс болғандардың барлығы мола түбіне жатқызылған. Одан әдетте бір-екі ыдыс, анда-санда темір немесе қола пышақ табылады, ал әйел адамдардың қабірінен сәндік заттар мен әшекейлер, соның ішінде айна, темір ине мен кейде жоғарғы жағынан құс мүсіні бедерленген түйреуіш, сақина, алқа, темір білезік, моншақтар шығып отырады. Қару-жарақ өте сирек кездеседі. Кейінгі кездегі молалардан семсер мен сүйектен жасалған жебе ұштары табылады. Көптеген молалардан ғұрыптық астың қалдығы – қой сүйектері алынады. Шет елдерден әкелінген заттар мен бағалы металдан дайындалған бұйымдар өте сирек. Бірқатар молалардан дәнүккіштер алынған.

Қыш ыдыстарының мата қалыпта жиі дайындалғандығы анықталған. Ыдыстың пішіні: жартылай сфера түріндегі тостағандар мен шеттері жалтыратылған табақтар, көзелер мен ілгек секілді сапты немесе сапсыз алмұрт пішінді саптыаяқтар.

Ағаштан дайындалған ыдыстар пен ағаш үстелдер де кеңінен таралған.

Іле Алатауы аңғарындағы өзендер мен Іле алабынан усунь кезеңіндегі ескерткіштердің үлкен топтары анықталған, бұл халық санының артқандығын да көрсетеді. Бұл аудандардан араларын бос кеңістіктер алып жатқан 20-дан астам қорымдардың үлкен шоғыры анықталған. Мұндай таралуды тұрғындардың ру-тайпалық топтасуының көрінісі деуге болады.

Жетісудағы ескерткіштер арасынан қабырғалары таспен қаланған топырақ молалар бар Талғар қорымы (Талғар қаласының шетінде) ерекше көзге түседі. Шұңқырлары ағаш жабындымен жабылған. Молалардың көпшілігі тоналған, алайда алтын әшекейлер, темір пышақтар мен қыш ыдыстары аздап та болса сақталған. Молалардың біренен бұрын қызыл тері киімге тағылған алтын қаңылтыршадан жасалған 500 шақты тоғалар шыққан. Бұл жерден саз балшықтан істелінген мөр табылған, оған тау теке басы салынған қанатты хайуан бедерленген. Келесі бір моладан адамның бет әлпеті схемалы түрде полихромдық стильде дайындалған қапсырма табылған. Қорымның мерзімі б.з.б. ІІ-І ғасырлар шебінде белгіленген.

Жетісу шығысындағы Қаратал өзенінің аңғарында орналасқан Теңлік қорымының обаларынан б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын бай қабір аршылған. Мұндағы көшпенді ақсүйек киімі жүздеген алтыннан жасалған көркем тоғалармен сәнделген, соның ішінде жабын киген салт атты бейнесі де бар. Осы жерден алтынмен қапталған және мол түрде әшекей салынған аса таяқ секілді істікше немесе түйреуіш табылған. Одан басқа қола айна, алтын қаңылтырмен әшекейленген ағаш қобдиша да шыққан.

Теңліктен алынған қапсырмадағы ат бейнесі жергілікті жылқы жынысы туралы ой түюге мүмкіндік береді. Оған қарағанда жергілікті жылқылар ірілігімен ерекшеленген, олардың кеудесі үлкен, ірі басты және жуан мойынды болып келген. Бұл бейнелер Еуразия аумағынан табылып кеңінен танымал болып отырған жылқы бейнелерінен біршама өзгеше.

Жетісудың басқа аудандарынан да усунь кезеңінің ескерткіштері көптеп ұшырасады. Олар тіпті көрші мемлекеттердің аумағынан да молынан зерттелген (Бернштам, Абетеков, т.б.). Мәселен, Шу аңғарындағы Тоқмақ қаласынан (Қырғызстан) оңтүстікке қарай орналасқан Бұрана қорымынан б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын қызықты материалдар алынған. Қырғыз Алатауының солтүстік етегінде орналасқан төрт қорымнан 70 шақты обалар қазылған. Мұндағы жерлеу ғұрпы мен алынған материалдар (әшекейлер, керамика, т.б.) Қазақстан аумағындағы ескерткіштерге көп жағдайда ұқсас болып келеді.

Талас аңғарындағы молаларға ақіреттік ас ретінде қой еті қойылған. Табылған қабір саймандары жұпыны: бірен-саран темірден дайындалған бұйымдар (пышақтар, түйреуіштер), әшекейлер мен керамика ғана алынады. Қараша қорымындағы обалардың бірінен рельефті өрнегі бар саздан жасалған мөр табылған, ол да Талғар қорымынан алынған мөр секілді жеке меншік мүліктерін таңбалауға арналған.

Усунь мәдениетінің ескерткіштері Талас өзені аңғары мен Қаратау өңірінен де зерттелінген. Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейлеріндегі Берікқара қорымынан обалардың 30 астам тобы анықталған, олардың жалпы саны 450-дей. Бұл жерден 1938-1939 жылдары А.Н.Бернштам 40-тан астам оба аршыған. Мұндағы үйінділер көлемі бойынша жіктелінеді: ірі обалардың диаметрі 50 м-ге, орташа обалардың диаметрі 25 м-ге, кіші обалардың диаметрі 4-12 м-ге дейін жетеді. Үйінділерде сақина, жарты ай немесе сүрлеу түріндегі тас қаландылары қаланған. Молалар қатты тас аралас топыраққа ойылып жасалынған. Олар батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Мүрделер шалқасынан жатқызылған, басы батысқа қаратылған, кейде солтүстікке қарай аздап ауытқушылық та байқалады. Тонау нәтижесінен олжалар аз шыққанымен, табылған құрал-саймандар әрқилы болуымен көзге түседі.

Қабірлердің екі хронологиялық тобы жіктелінеді: ең ерте (І) – б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар және тым кейінгі (ІІ) – б.з.б. ІІ ғасыр мен б.з. І ғасыры аралығы, соңғысына зерттелген обалардың басым бөлігі жатқызылған. Ерте топ ең алдымен қыш ыдыстар түрлері бойынша жіктелінген, олардың арасында түбі дөңгелек тостағандар, ұстағышты саптыақтар мен шүмекті шәйнек тәрізді ыдыстар басым. Бұл топқа жататын қабірлерді мерзімдеуде аузында құс тістеп тұрған арыстан бедерленген қола айылбас олжа негізге алынған. Берікқара қорымындағы ерте кезең хронологиясы б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлар болуы мүмкін екендігі анық.

Б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы материалдар Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Тамды қорымынан да табылған. Обалар «мұртты» тас қаландысы бойынша ерекшелінеді. Мүрде топырақ қабатынан қазылған көлемді шұңқырға қойылған, оның беті ағаш жабындымен жабылған. Кейбір молалардан басы солтүстік-батысқа қаратылған төрт мүрдеге дейін кездескен. Тамдыдағы ер адамдардың қабірлерінен темір ақинақ бөліктері, сапты үш қанатты шанышқысы түсіңкі темір жебе ұштарының жиынтығы, жапырақ пішіндес ұңғылы найза ұшы, толыққанды анықтала қоймаған бір зат пен қорамсақ ілгегі шыққан. Қолдан жасалынған екі ұстағышты түбі дөңгелек және шүмекті шәйнек тәрізді құмыралар Берікқара қорымындағы ыдыстарға ұқсас болып келеді.

Б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын басқа қорымдардан ұштығы дөңгелек темір түйреуіштер мен пышақтар, тас кетпен, түбі дөңгелек тостағандар, құмыралар мен саптыаяқтар табылған.

Қарастырылған ескерткіштерден алдыңғы уақыттардағы сақтарға тән жерлеу ғұрыптарының дәстүрі анық байқалынады. Берікқара мен Тамды материалдары Жетісу үшін белгіленген сақ уақытындағы және одан кейінгі усунь заманындағы жерлеу ғұрпы мен құрылыстары, қабір саймандары арасындағы мәдени ұқсастықтарды екшеген ұстанымдарды нақты бекіте түседі.

Б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлардағы ұңғып қазылған ескерткіштер де пайда бола бастайды, алайда олардың басым көпшілігі біздің заманымыздың алғашқы ғасырларымен мерзімделінеді (V ғасырды қоса).

Ұңғып қазылған қабірлер көлденеңінен қойылған бөренелермен жабылған. Қайтыс болған адам қасына әдетте ақіреттік ас (қой етінің бөліктері), темір пышақ пен қолдан жапсырылған бірнеше қыш ыдыстары қойылады. Кейбір молалардан темір жебе ұштары мен садаққа тағылған сүйек жапсырма да табылған. Сондай-ақ ағаш үстелдер, ет кесетін ыдыс пен ағаш тостағандар да ұшырасады, ал әшекейлер аз.



Орта және кейінгі кезеңдер (б.з. І-V ғасырлары). Жетісу көшпенділері тарихи дамуында біздің заманымыздың алғашқы ғасырлары келесі кезеңді бастайды.

Алайда, жаңа тұрғындар легінің келуіне және мәдениеттегі елеулі өзгерістерге қарамастан, археологиялық материалдар б.з. І-мыңжылдық алғашқы жартысындағы дамудан мирасқорлық жолды (жалғастықты) нақты көрсетеді. Мұны І-ІІІ ғасырлармен, тіпті І-V ғасырлармен де мерзімделінетін Іле аңғарындағы усунь қорымындағы кейінгі топқа жататын ескерткіштер де дәлме-дәл нақтылайды. Мола құрылысы, жерлеу ғұрпы және мүрде жанына қойылған құрал-саймандар алдыңғы уақыттарға жататын ескерткіштермен генетикалық байланыста екендігі анық байқалады.

Оба үйіндісі астынан қазылған қабірде жерлеу дәстүрі жалғаса береді. Тас плиталармен жабылған қабір шұңқырлары пайда бола бастайды. Қайтыс болған адамдар шалқасынан жатқызылып, басы батысқа қаратылған, кейде бұл бағыт солтүстікке қарай аздап ауытқып отырады. Қыш ыдыстар тұрпаты б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы кешендерге ұқсас болып келеді. Алғашқы рет шарықта жасалған жалпақ түпті көзелер мен тостағандар секілді жекелеген ыдыстар пайда бола бастайды. Кейбір ыдыстарда күйіп кеткен астың қалдықтары сақталған. Молалардан қой сүйектері (ақіреттік ас қалдықтары) жиі кездеседі. Қару-жарақтан темір семсер бөліктері, ұңғылы үш қанатты темір жебе ұштары кездеседі. Жиі ұшырасатын әшекейлер арасында темір түйреуіш, спираль тәріздес алтын сырға, каури қабыршақтары бар. Берікқара-2 кейінгі кешенінен қытай қола айнасының бөлшегі мен нефрит тостағанша шыққан. Сырттан әкелінген заттар көшпенділерде біздің заманымыздың шебінде Хань мемлекетімен байланыс орнату нәтижесінде пайда бола бастайды.

Қаратау қорымдарындағы жерлеу ғұрпы мен заттай мәдениеттің усунь кезеңіндегі Жетісу ескерткіштерімен елеулі ұқсастығын бағамдаған А.Г.Максимова Қаратаудың солтүстік беткейін усунь жерінің шеткі аймағы деп қарастырады.

Соңғы жылдары усунь ескерткіштерінің бірқатары зерттелінген.

Солардың бірі – Шаңырақ қорымы. Ол Алматы қаласының аумағында орналасқан. Қорым үш обадан тұрады, олардың әрқайсысы биіктігі 3 м-ге, диаметрі 40 м-ге дейін жететін топырақ үйінді болып табылады. Көне замандарда оба биіктігі жайылып кеткен топырағана қарағанда одан биік болған, шамамен 4-5 м-ге жеткен. Өкінішке орай, әдеттегідей археологтар тоналған обаларды қазған. Далалық ізденістер барысында әшекейлердің жекелеген бөліктері, қыш ыдыстар мен шашылған қаңқа қалдықтары аршып алынған. Обаларды тонау «мұқият» жүргізілген.

Әйтсе де Шаңырақ обаларын қазу жерлеу конструкциясына қатысты қосымша материалдар алуға мүмкіндік берген. №1 обаның тас сақинасы болған, оның диаметрі 30 м, биіктігі 2,5 м. Оңтүстік-батыс бөлікте обадан тыс диаметрі 1 м тас қаландысы анықталған, оның ғұрыптық құрылыс болуы әбден мүмкін. Мүрде батыс-шығыс бағытындағы тік бұрышты қабір шұңқырына (тереңдігі 0,85 м) қойылған. Солтүстік қабырғасынан ұзындығы 2 м-ге дейін байқалған дәліз (дромос) аршылған.

№2 оба диаметрі 32 м-ге, биіктігі 2,97 м-ге жеткен. Аршылғаннан кейін қабір шұңқырының ауданы 2,90х3,05 м, тереңдігі 67 см тікбұрышты жоспарда болғандығы анықталды. Мола шұңқырының солтүстік шетінен солтүстік-шығыс бағытта дәліз (дромос) түскен. Дромос ені 65-70 см, ұзындығы 11 м. Оба құрылысы зор қызығушылық туғызады. Қабір шұңқырының шетінен бастап саз балшықтан мола үсті құрылысы тұрғызылған, оның табанындағы ені 1,5 м, диаметрі 6х6,5 м. Конструкция үстіне топырақ үйілген, ол өз кезегінде тас сауытпен қапталған, тас сауыттың табанынан бастап есептегендегі диаметрі 28 м. Мола шұңқыры ағашпен жабылғандығын, шірік ағаш қалдықтары да аңғартады.

№3 оба үйіндісін аршыған кезде де саз балшықтан соғылған қабір үсті конструкциясының жекелеген бөліктері анықталған. Мүрде оба ортасындағы ұзындығы 3,5 м-ге, ені 3 м-ге, тереңдігі 1,5 м-ге жететін топырақ қабатынан қазылған қабірге қойылған. Мола шұңқырының еденіне өзен малта тастары төселген, қабырғалары ағашпен қапталған. Қазба барысында киімге тағылған алтын қаңылтыршадан жасатылған ромб, тікбұрыш, дөңгелек пішіндегі тоғалар (18 дана), моншақтар, қатты татталған темір тарақ, шеге, т.б. заттар алынған.

Қабірлердің бірінен алынған алтын жалатылған қола түйреуіштер (8 дана) ерекше көзге түседі, олар шашты бекітіп тұру үшін пайдаланылған. Барлық түйреуіштердің түйіршікті басы мен кесіндісі дөңгелек білігі (сабағы) бар, ал ұзындықтары 10-16 см.

Жалпы алғанда, зерттелген обалардың жалпылама сипаты (түрі, қабір шұңқырының бағыты, қабір құрал-саймандар) б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырларға жатады және де Усунь дәуірімен тығыз байланысады.

Каменка обалы қорымы Алматы қаласының аумағында өзімен аттас кент жанында орналасқан. Белсенді түрде жүргізіліп жатқан құрылыстар әсерінен қорымдағы көптеген ескерткіштер жойылып кеткен. Мұндағы обалар топырақтан және тас пен топырақ аралас үйінділерден тұрады. Обаларды зерттеу барысында 11 мола аршылған. Молалардан тастан және сүйектен жасалған заттар топтамасы, керамика бөліктері, моншақтар (түрлі материалдардан дайындалған), қола және алтын әшекейлер (сырға, жүзік, алқа, т.б.) шыққан. Каменка қорымындағы үйінділерден берілген асқа пайдаланылған ыдыстардың сынықтары, ал тас қаландысы - тас сауыттардан сан алуан бұйымдар (дәнүккіш, курант, үгіткіш, келі-келсап, төс, т.б.) алынған. Мәселен, №10 шағын обаның сауыт қаландысынан он бес шақты шаруашылық-тұрмыстық бұйымдар аршылған. Түрлі обалар маңынан от жағылған ғұрыптық алаңқайлар анықталған.

Қорымдағы ерекшеліктің бірі түрлі конструкцияның ұшырасуы болып табылады, моланы толтырудың өзіндік тәсілдері: құйылған пахса, қам кірпіш қаландылары, таспен, топырақпен тұрғызу. Мола түрлері: жоспары сопақша немесе тікбұрыштылау келген қабырғалары тік қарапайым шұңқырлар; қабырғаны бойлай текпішек жасалған тікбұрышты шұңқырлар және екі текпішекті – иықты молалар. Катакомбалар тұрпаты жоспарында сопақша және күрделі болып келеді. Соңғыларында жалған түсетін шұңқырлары мен молалы терең камералы кездеседі. Жалған түсетін шұңқырлар де катакомба секілді ерекше. Олар жартылай дөңгелек тұрпатта, бір рет шұңқырдың (№13 оба) іші таспен толтырылғандығы және оның каераға өтетін жері болғандығы анықталған. Басқа бір ескерткіштегі (№21 оба) жалған шұңқырға басы оңтүстікке қаратылған жылқы жерленген. Жерлеу камерасы ұзынша келген, еніне қарай созыла түскен.

Каменка қорымындағы тағы бір ерекшелік оба үйінділері қатары астынан екі және одан көп қабірлердің кездесуі деуге болады. Мұндағы өзгешелік әрбір мүрде жеке молаға жерленген. Кейбір молалар түбіне бор ұнтағын сеуіп тастау анықталған, ал №11, 16, 19 обалардан бор кесектері байқалған. №23 обадағы 1-моладан құмырашының еңбек құралы – сүйек пластина аршып алынған.

Қорым обаларының көпшілігі тоналғандықтан, оның хронологиясын нақты анықтау едәуір қиындық туғызады.

№19 оба қабірінен әйел адамның алтын әшекейі (сырға мен алқа) табылған. Әшекейлерді жасауда бұйымды «пирамида» көзтанамен оқалау тәсілі қолданылған, ал сақина қалқаншасы инкрустация тәсілімен сәнделген. Осы ерекшеліктер обалы кешенді ІІІ-ІV ғасырлармен мерзімдеуге мүмкіндік береді.

Усуньдердің қоныстары. Жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір салты ертедегі сақтар мен усуньдердің қыстау-қоныстар мен қоныстар салуына себеп болғандығын аңғартады. Жоғарыда айтылғандай, Усунь мемлекетінің Чигу-чен – қызыл аңғардағы қала – атты астанасы болған. Хань жылнамашылары бұл атауға «чен» деген қосымша жалғауға болады деп тапқан, сөйтіп бұл арқылы олар қамал-қала үлгісіндегі бекіністі қоныс дегенді білдірді. Әзірге Чигудің қай жерде орналасқандығын анықтау белгісіз болып қалып отыр. Өйткені усуньдердің көптеген қоныстары анықталған. Шу аңғарындағы усуньдердің Луговое қонысын А.Н.Бернштам 1938 жылдың өзінде-ақ зерттеген болатын. Қазба барысында таға тәріздестіріліп саз балшықпен жасалған ошақпен жылытылатын шикі кірпіштен тұрғызылған баспаналар аршылған. 1962 жылы К.А.Ақышев басқарған археологиялық экспедиция Кеген өзенінің алабынан Ақтас қонысын тапқан. Қоныс кешені 5 баспанадан және бірнеше шаруашылық құрылыстарынан (қора-қопсылардан) тұрған. Құрылыстар арасындағы «шаршы бөлме» қоныстың орталығы болған, оған ауданы 126 шаршы м «үлкен аула» жалғасқан, бұл бөлмеге ұзын да енсіз дәліз арқылы кірген.

Баспаналар плита тастардан балшық лай құйылып қаланған. Әрбір тұрғын үй үлкен бөлмеден, ұсақ қосалқы жайлардан және мал қамайтын қашалардан тұрды. Барлық құрылыстар бір-біріне жапсарластырылып салынды. Едендері балшықпен сыланған, жер еден болды. Тұрғын бөлмелердің едендерінде шаршы түрінде тастан қаланған ашық ошақтар орналасты. Жер ошақ үйді жылытты және онда тамақ пісірілді. Қыс кезінде үй ішінің тіршілігі ошақтың айналасында өтті, оның маңынан тамақ салынған қыш ыдыстар, тас дәнүккіштер табылған.

1994-2005 жылдары Іле Алатау өңірінен усуньдердің ондаған қоныстары анықталған. Бұл өңірде қазақ-американ археологиялық экспедициясы (К.М.Байпақов, Ф.П.Григорьев, К.Чанг) нәтижелі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында Алматыдан аса қашық емес жерлердегі Талғар, Цыганка, Талдыбұлақ өзендерінің аңғарларынан бірқатар ескрткіштер табылды. Сол кездері Түзусай, Цыганка-8, Талдыбұлақ қоныстарынан тұрғын үйлер, жартылай жертөлелер мен шикі кірпіштен жер бетіне тұрғызылған баспаналар қазылып, сан алуан материалдар жиналған болатын. Жаратылыстану ғылымдарына тән зерттеу әдістерін кеңінен қолдану экспедицияның археологиялық жұмыстарының ақпаратын мейлінше ұлғайтқан еді.

Радиокөміртекті анализ көмегімен қоныстардың қалыптасуы мен пайдаланылған уақыты анықталынды. Айталық, Түзусай қонысы 6 мәдени қабаттан тұрады, олар б.з.б. ІV ғасыр мен б.з. І ғасыры аралығындағы уақытты қамтиды; ал Цыганка-8 қонысы б.з.б. VІІ ғасырдан бастап б.з. І ғасырына дейінгі жететін мәдени қабаттарды қамтиды. Бұлар бастапқыда сақ, кейіннен усунь қоныстары болған еді.

Палеоботаникалық зерттеулер бидай, арпа, тары дәндерін анықтап берді, ал Түзусай қонысынан күріш пен күріш қауызы табылды. Қоныстардан табылған бидай сұрыптарының бірі тек қолдан суарып өсіргенде ғана шығатындығы белгілі болып отыр.

Жетісудағы Талғар шағын өңірі тұрғындарының шаруашылығы ерте темір дәуірінде мал шаруашылығы мен егіншілікке негізделген кешенді шаруашылық болғандығы анық. Іле Алатауының тұрғындары құнарлы тау алды солтүстік беткейлерінде қой, ешкі және жылқы өсірумен бірге қолдан суарылмайтын (богара) және қолдан суармалы егіншілікпен де шұғылданды, тары, арпа, бидай, бәлкім күріш те өсірді. Алайда, соңғы аталған дақыл Ферғана мен Қытайдан әкелінген шет елдік өнім болуы да ықтимал.

Сақ-усунь заманында шоғырланған қоныстардан орта ғасырларда ірі қалалар келіп шықты. Сөйтіп, мәдени жалғастық үздіксіз дами берді.

Жетісу көркем қоласы. Табылған олжалардың көпшілігі Алматы аумағымен және оның төңірегімен тікелей байланысты. Әдетте, бұлар кездейсоқ табылған көмбелер. Көмбелер тау алды аймағынан, әдетте шөбі шүйгін әрі жері құнарлы қоныстардан табылады. Осында тіршілік еткен ерте көшпенділер – сақтар мен усуньдердің көмбелері, б.з.б.VІІІ ғасырдан б.з. ІV ғасырына дейінгі аралықта мерзімделінеді. Алайда бұйымдардың көпшілігі б.з.б. І-мыңжылдық екінші жартысынан б.з. ІІІ-ғасырына дейінгі кезеңде жасалынған. Көбіне қызығушылық тудыратын көмбелер құрамында шырақ, үстел, қазандық болады, сонымен қатар қанатты барыстар мен жолбарыстар, қодастар мен зебу-өгізі, түйелер мен жылқылар, тау текелер, қасқыр мен құстар, сондай-ақ адамдардың мүсіндері де кездеседі. Соңғы аталғандар қарулы жауынгерлерді – салт атты садақшыларды бейнеледі. Кейбір мүсіндер, сірә әйел адамдардың (киіміне қарағанда) мүсіні ғұрыптық үстелді қолымен көтеріп тұрған «атлант рөлін атқарды». Мүсіндермен әдетте ғұрыптық бұйымның шеттері мен бұрыштары, шырақтардың шеттері мен жалпақшалары әшекейленді, кейде олар «шырағдан» (шырақ) ретінде, ішінара болса да ұстағыш-сап, қазан аяғы секілді де пішінде пайдаланылды.

Көне шеберлердің қолымен жасалынған көпшілік бұйымдар қолөнердің аса көркем туындылары қатарына жатады. Саналы адамдар табылған жәдігерлерді көне заман куәсі ретінде музейлерге өткізіп отырған. Айталық, ХХ ғасыр басында Алматы ауданынан табылған, шартты түрде «Жетісулық алтарь» деп аталған олжа Санкт-Петербургтағы Эрмитажға жеткізіліп, зерттеу нысанына айналған. Нәтижесінде бұл қола үстел-алтарь ғұрыптық мәнде жасалған, оны ежелгі сақ және усуньдер жосын-жоралғыларды жүргізу үшін пайдаланылған деп топшыланған.

1979 жылы М.Қ.Қадырбаев Алматының оңтүстік бөлігіндегі Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауынан алаңқайды қазған. Бұл жерден жоспары дөңгелек келген, аумағы 130 шаршы метр алаңқай аршылған, ол 0,4 м тереңдікке дейін қазылған. Зерттеушілердің пікірінше, «ғибадатхананың» (мінәжат орнының) ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрғандығын сазды платформа-алтарь, жағылған от қалдықтары, құрбандыққа шалынған мал сүйектері (қой мен сиыр), құю қалпы, керамикалық ұршықбастар, жапсырып жасалынған қыш ыдыстары (тостаған, көзе, банка, хумшы) нақты көрсетеді. Дегенмен табылған заттар сақ-усунь молаларынан алынған бұйымдардан аздап өзгешелеу. Алаңқайдан шырақ (шырағдан), бүтін қазандық және тағы екі қазандықтың бөліктері шыққан. Көлденең ұстағышты қазандықтардың бірі темірден дайындалған, бөліктері сақталған қалған екеуінің тағандары бар. Ғибадатхана алаңқайы жоба бойынша бұрын топырақ жалмен немесе қабырғамен көтерілген.

Сақ және усунь ғибадатханалары (мінәжат орындары) оларды тұрғызған адамдардың күрделі түсінігінен хабардар етеді. Ғибадатхана мен одан табылған заттар арасынан шырақ-қазандық-құрбандық үстелі секілді триадаға ден қою тегіннен тегін емес еді. Әрбір заттың өзіндік қадір-қасиеті болды. Оларға сан алуан жыртқыш аңдар мүсінінің жасалынуы белгілі бір таным-түсініктен келіп туындады. Айталық, шырақта бейнеленген жолбарыс образы космогониялық сипатта да болды, ол Ғарыш шекарасын қорғап тұрды. Көпшілік сюжет отқа табынуды білдіреді. Сонымен қатар шырақта мүсінделген бейнелер жарықты, жыл мезгілдерінің ауысуын, қоршаған орта мен тылсым-дүниенің байланысын, зұлымдық пен қайырымдылық арасындағы күресті, т.б. білдіреді.

Келесі бір құрбандық үстел Алматы қаласының оңтүстігіндегі «ашық аспан астындағы ғибадатханадан» табылған. Ол – конус тәрізді жасалған нәзік тұғырға орнатылған табақша. Бұл заттың табақшасында негізгі танымдық ой-өріс қамтылған. Оның шетіне зебудің скульптуралық мүсіндері осы жануарға тән өркештерімен қоса берілген. Сиыр (өгіз) тұмсығы аздап түсіңкі және солға, сыртқа қарай қаратылған. Салт аттылардың екі мүсіні табақтың жалпақ бөлігіне орнатылған, бұлардың тек біреусі ғана сақталынған. Салт аттылар қарама-қарсы беттерге қаратылған. Қолдарында М-тәрізді пішіндегі тартылып тұрған садақ бейнеленген. Сайып келгенде барлық композиция экспрессияға толы және де мұнымен бірге шиеленісіп тұрған жағдайды күтіп тұрған сәт – жайылып жүрген хайуанаттар қатып қалған, жылқы төрт тағандап тұра қалған, садақ адырнасы тартылған, тағы бір сәт... одан жылдам түрде ысқыра жебе ұшады. Бұл көрініс нені білдіреді? Сірә, әлемнің төрт тарапын қорғап тұрған салт атты Әлем тауының шыңдарын мекен ететін күн құдайы Митраны бейнелейтін шығар. Көне замандардағы түсініктерге қарағанда, Митра – мол мүмкіншіліктері бар құдай, бұл ретте ол жайылым әміршісі, жердің сақшысы, ғарыш әлемінің қорғаушысы ретінде бейнеленген.

Алайда көріністі тағы басқалай түсіндіруге де болады. Шырақта жын-перімен күресіп жатқан Митра құдай бейнеленген, және де ол найзағай – жебе – көмегімен қара түнекті сейілтіп, жын-пері тұмшалаған өмір нұрын қайта шашып тұр. Ол жауын-шашын, жерге өмір нәрін беретін бұлтты сипаттайтын сиырларды аспанға жайып тұр. Сөйтіп, қыс пен қараңғылық кері шегініп, сиырмен бірге сайылатын көктем мен жарық келеді.

Үшінші шырақ – Алматыдағы Ремизовка маңынан табылған, бұл да нәзік таған-тұғыр мен шетті (өңірлі, қаусырлы) табақшадан тұрады. Табақшаның ортасына бес жан-жануардың мүсінінен тұратын композиция жасалынған: өлген тау теке, екі қасқыр мен екі қарға. Тау теке бір бүйірімен жатыр, алдыңғы және артқы аяқтары созыла жайғасқан, пышақ пішіндес мүйізі қайырылған. Түрегеп тұрған бір қасқыр мүсіні теке тұмсығының үстіне төне түскен, екіншісі қарама-қарсы жақта оның сауырының үстінде. Мүсіндер құйылған, іші қуыс, арқа тұсында білте орнатылған дөңгелек тесігі бар. Қасқырлар тұмсығымен құрбан болған хайуанға төніп тұр, тістері мен азу тістерін айқара ашқан. Құлақтары басына жабысқан. Көздері тамшы пішіндес, ұзынша келген. Денелері ұзын, іші тартылған, табандары мығым, тырнақтары ірі, құйрықтары ұзын.

Басқа екі жағында кішкентай шаршы тұғырға бөтеннің олжа қалдықтарын күтіп отырған екі қарға мүсіні жабыстырылған. Қарғалардың бастары бір жаққа қарай аздап қисайған, тұмсықтары қатты қайырылған, көздері дөңгелек келген. Құстардың қанаттары жиналған, денелері аздап алға қарай созылған.

Ыдыстың шетіне (қаусырына) 16 мысық тұқымдас хайуанның (барыс немесе жолбарыс) іші қуыс қола мүсіндері жабыстырылған, олар бірінен кейін бірі сағат тілінің жүрісі бойынша, аса сақ кейіпте орналасқан. Олардың ауыздары ақсиған, көздері тамшы тәрізді пішінде, дөңгеленген құлақтары, мұрындары айқын бедерленген; табанында бес тырнағы бар, құйрықтары ұзын әрі ұштары сақина секілді оратылған.

Жоғарыда сипатталған шырақтар секілді табақшадағы көріністің мифтік мағынасы бар екендігі анық. Табақшада бейнеленген кейіпкерлер усуньдердің генеалогиялық аңызында кездеседі. Қытай дереккөздерінде усунь билеушісі күнби (гуньмо) деп аталынды. Оның әкесі усуньдерді басқарған, бірақ оларға юечжилер шабуылдап, әкесін өлтірген. Алайда күнби тәрбиешісі қашып шығып, нәрестемен бірге Сюнну еліне келеді. Тәрбиеші баланы шөптің үстіне қойып тамақ іздеп кетеді, қайта оралған кезінде ол баланың жалғыз өзі емес екендігін, оны қасқыр қаншығы тамақтандырып жатқандығын, ал төбеде тұмсығында еті бар қарға ұшып жүргендігін көреді. Сөйтіп, күнби құтқарылады, ал қасқыр мен қарға усуньдер үшін қасиетті түз тағылары болып саналады.

Дегенмен көрініс семантикасының басқа да нұсқалары болуы да ықтимал.

Табақшадағы композиция ортасында ұсталынған таутеке орналасқан, оның бейнесі сақтар мен усуньдердің жартас суреттерінде кеңінен таралған. Таутеке бейнесі таудың культымен, құнарлылықпен тығыз байланысты. Таутекемен От құдайы – Агни байланыстырылды.

Қасқыр, әдетте, шөп қоректі жануарларға, бұл ретте таутекеге қарсы қойылды. Қасқыр бейнесі түн мен қыс түнегімен байланыстырылды. Шөп қоректі жануарлардың жер бауырлап келе жатқан қасқыр секілді жауы болған сияқты, Митра немесе Күн мен Жарық құдайлары жаюға алып шығатын және қорғайтын аспан үйірінде де мифтік қасқыр сынды өзінің жауы болды.

Қарашадан ақпанға дейін созылған қыстың ұзақтығы «көкжал уақыты» атауын иемденгендігі белгілі. Және де көріністегі қарға жөнінде де бірер сөз айта кеткен абзал. Әдетте жалпыадамдық түсініктерде бұл құс аспан мен күннің бейнесі болып табылады. Ә.К.Ақышевтың пікірінше, Есік обасынан табылған қанжар ұштығындағы қос самұрық Әлем ағашы үстінде отырған құстар туралы мифті білдіреді, бұл жерден олар барлық әлемді бақылап, уақыт ағымын «қадағалап» отырады. Бәлкім, өлтірілген таутеке қасындағы жарық пен отты білдіретін қарғалар аспанмен, ғаламмен байланыстырылған шығар, сөйтіп олардың қасқырлардан жеңілуі жыл мезгілдеріндегі өзгерістерді, яғни бұл жерде жарықты жеңген түнек пен жазды ығыстырған қысты бейнелеуі де ықтимал.

Жетісуда қоладан жасалған қасиетті заттар арасында қазандықтар (қазандар) да ерекше орын алады. Қазіргі таңда Алматы музейлеріне мұндай қазандықтардың ондаған данасы қойылған. Көмбелерден табылған қазандықтар саны 1-ден 10-ға дейін жетеді, бірақ ғибадатханалар (мінәжат орындары) мен культтық қола кешендеріне қатысы жоқ жекелеген даналары да ұшырасады. Қазандықтар денесі жартылай сфера тәрізді немесе тұрқы конус секілді тағанға орнатылған, тағандары кейде жыртқыш аң табаны немесе аша тұяқты мал аяғы секілді болып та сәнделген, үш тағанды қазандар сирек ұшырасады. Тағаны қайырылған жерінде арқар, айдаһар тәрізді хайуандар мен құлақты жануарлар (бәлкім құлан) бедерленген қазандар да кездеседі.

Қазандық денесі (тұрқы) әдетте жылтыратылады, кейде білікпен, жартылай сопақша, үш бұрыштармен сәнделінеді. Оларды тасымалдау үшін шетіне ұстағыштар не болмаса құлақтар жасалынады. Құлақтары бір-біріне қарама-қарсы қойылған екі немесе айқыш секілді орнатылған төрт дана болады, соңғысында екі құлағы тігінен, екеуі көлденеңінен орнатылады.

Шетінен шығып тұрған құлақтары тігінен орналасқан жұмыртқа пішінді қазандықтар да ұшырасады. Мұндай құлақтар әдетте бүркеншікті шеге (кнопка) түрінде әшекейленеді.

Кейбір қазандықтардың су ағары (шүмегі), көлденеңінен ұзын келген құлақтары да болады.

Қазандықтар сыйымдылығы әркелкі: 5-7 литрден жүз шақты литрге дейін жетеді.

Талғар қаласынан шығысқа қарай 7 км жердегі Орман қонысынан кейінгі уақытта табылған қазандар көмбесі алты данадан тұрған, олар бір-бірінен көлемі, құлақтар саны мен әшекейлері бойынша ерекшелінеді.

Әлбетте, қазандықтар саны кездейсоқтықты білдірмесе керек, олар ғибадатхана тиесілі болған жекелеген ұжымдардың (отбасы, ру, тайпа) санын да білдірген секілді. Қазандықтардың сыйымдылығы олардың ғұрыптық қолданыстағы мәніне тікелей байланысты болды.

Қазандардың символикалық мәні Геродоттың скифтер туралы әңгімесінде де келтіріледі: «... Скифтердің Ариант атты патшасы скифтер санын білгісі келді. Бұл үшін ол әрбір скифке бір-бірден жебе ұшын алып келуге бұйрық берді, оны тыңдамағандарды өлтірем деп қорқытты. Сонда скифтер орасан көп жебе ұштарын алып келді, нәтижесінде патша олардан өзіне ескерткіш соқпақ болды: ол жебе ұштарынан... мыс ыдыс жасаттырып, оны Эксампайға қоюды бұйырды». Жасалған ыдыс өте үлкен еді: қабырғасының қалыңдығы алты саусақ, ал сыйымдылығы 600 амфораға тең болды. Сөйтіп, бұл «патша-қазаны» әскердің өте мол екендігін, скиф патшасының құдыреттілігін білдірді және де Ариант патшалығының символы болды.

Қоладан жасалынған ғұрыптық көмбелердің үшіншісі құрбандық үстелдері болған еді. Олардың бірнеше даналары ғана белгілі. Арасынан «жетісулық алтарь» деп аталынған көмбе ғылыми әдебиеттерде кеңінен танымал болып отыр.

Үстел – тікбұрышты (113х126 см), шеттерінің (қаусыры) биіктігі 6,5 см-ге дейін жетеді, әрбір жағына көлденеңінен тасымалдау үшін ұстағыш (құлақ) жасалынған. Сондай-ақ биіктігі 22 см-ге жететін дөңгеленген төрт аяғы (тағаны) бар. Шетін бойлай ритмикалық қайталаумен қанатты барыс (жолбарыс?) бірінен кейін бірі орналасқан. Олардың саны 30 болған, бірақ 25 ғана сақталынған. Бейнелер жоғарыда сипатталған Алматы маңынан табылған шырақтағы қанатты барыстар мүсінін дәлме-дәл қайталайды.

Үстел шетіндегі қанатты барыс мүсіндері шырақтағы хайуанаттар секілді кеңістікті қорғап тұрғандығы сөзсіз, бәлкім бұл кеңістік сақтар мен усуньдердің жері де шығар.

Басқа құрбандық үстелдеріндегі бейнелер де көз тартады. Мәселен, бұрыштарына қодас бейнеленген құрбандық үстелі де ерекше.

Аяқтары түйе табандарына (аяқтарына) ұқсас етіліп жасалынған тағы бір үстел табылған.

Үстелдердің қолданыстағы орны түсінікті, оларға қазанда пісірілген құрбандық еттері қойылған, оны культтық салт пен салтанатты жиынға қатысушылар жеген, бұл ең алдымен жаңадан оянған табиғатқа, көктемгі күн мен түннің теңелуіне арналған Жаңа жыл – Наурызды тойлау болуы да мүмкін. Бұл Еуразия халықтарындағы маңызды да, ең көне мейрам болып табылады.



Қарғалы көмбесі Іле Алатауындағы теңіз деңгейінен 2300 м биіктіктегі Қарғалы қойнауынан табылған. Ондағы ерекше көз тартатын нәрсе тәті (диадема). Ол екі бөліктен тұрады. Оның ұзындығы – 35 см, ені 4,7 см. Оның ішкі беті толған күрделі өсімдік тектес өрнектің ортасында тұрған аңдардың, құстардың, адамдардың бейнелері; бұлар қалыппен қысу әдісімен салынған. Мұнда араларында феникс бедерленген басын артқа бұрып салынған марал мен ұрғашы марал; бұдан соң үстінде әйел отырған қанатты жолбарыс; одан кейін үстінде құс ұшып бара жатқан, арқасына әйел отырған айдаһар; тағы да тұғырда тұрған қанатты ат; ұшып бара жатқан құс; үстінде аю мен құсы бар әйел ерттеген ешкі; арқасына әйел отырғызған арқар нақышталып салынған. Барлық композиция жылқы мүсіндері арқылы үш бөлікке бөлінген, орта тұсында айдаһар орналасқан, оның оң және сол жағындағы жануарлар шеруі бір-біріне қарама-қарсы тұр. Жануарлардың көздеріне сердолик пен альмандин қойылған, денелеріне перуза орнатылған. Тәтіні ең алғаш рет зерттеген А.Н.Бернштам бұл сәндік зат абыз (бақсы) әйелдің бұйымы дей келе, олжаны б.з.б. І ғасыр мен б.з. ІІ ғасыры аралығындағы уақытпен мерзімдеді. Бұл зерттеуші бейнелердің семантикасында Иран мен Қытай культтық ықпалдары да көрініс тапқан деп пайымдады.

Жаңа зерттеулер бейнелердің мәнін, шығу тегі мен көріністер мағынасын біршама толымды түрде түсінуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қарғалы қабірінің мерзімі анықталынды, ол б.з.б. ІІ ғасырға жатады. Тәтіні Бактриядағы Тіллә-тепе патша қабірі, Хохлачтағы сармат молалары, Жетісудағы Есік обасы, Таулы Алтайдағы Уландрык ескерткіші секілді археологиялық нысандардың бірегей олжаларымен салыстырып қарастыруға жол ашылды. Тәтідегі бейнелер Еуропа мен Азияда кеңінен таралған құдай ана мен құнарлылық құдайы Диониспен тікелей байланысты. Грек культі шығыс халықтарының күн мен түн теңелген күн Наурыз мейрамымен тамаша үйлескен. Табиғаттың дамуын тоқтатып, қайта жандандыратын ежелгі грек құдайы – Дионис культі, мысырлық Осирус, фригиялық Аттис, сиро-финикиялық Сабасийге қатты ұқсас. Александр Македонский жорығынан кейін бұл культ Еуразия аумағында кеңінен таралып, жергілікті құдайлармен бірге астасып кетті. Дегенмен грек немесе грек-бактриялық пішін бейнелеу өнерінен көрініс тапты, мұны усуньдерге тиесілі әрі б.з.б. ІІ ғасырмен мерзімделінген Қарғалы тәтісіндегі сюжетті талдау да нақты көрсетеді. Дионис культінің таралғандығын Шелпек (Чельпек) ескерткішінен табылған құрбандық үстеліндегі әйел мүсіндері де растайды. Бұларды, сірә, Дионистің әйелі Ариаднамен байланыстырған жөн. Ол Орта Азия пантеондарындағы басты құдай Анахита – Минамен үйлескен-ді. Аталмыш байланыс шелпектік және қарғалылық олжалардағы кейіпкер әйелдердің киім үлгісіндегі ұқсастықтан да байқалады. Қарғалы тәтісі дионистік мейрамды сипаттайтын секілді. Дионис қабыланда отырғызылып бейнеленді, жолбарысқа отырғызылуы сирек. Дионистік культтің басты хайуандары – марал, ешкі мен аю. Тәтіде бейнеленген су құстары – аққу-қаздар құнарлылықты сипаттады. Қарғалы тәтісінде әлем жаратылысының үш өрісі көрсетілген: Өмір ағашының тамырлары кететін – жер асты; адамдар мен жануарлар өмір сүретін – жердің беті; құдайлар мен құстар тіршілік ететін – аспан әлемі. Тұғырдағы, дәлірек айтқанда тау шыңдарындағы жылқы бейнесі күнді, ерекше құдай нұрын көрсететін еді. Жетісу көшпенділерінің идеологиясында бұл синкреттік образдардың таралуына Ұлы Жібек жолындағы байланыстар әсерін тигізген болатын.

Қарғалы тәтісімен бірге көмбеден алтыннан жасалынған көптеген бұйымдар табылған. Бұлар – қос өркешті түйе бейнеленген, перузамен әшекейленген екі сақина; таутеке бейнеленген он тоға; адамды кеміріп жатқан тышқан бейнесі бар перузалы сырға, сонымен қатар перуза жапсырылған қапсырмалар.

Усунь өнерінде күрделі таным-түсініктердің, діни ұғымдар мен мифологияның көрініс табуын өзге де олжалардан көруге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет