Қауыншы мәдениетінің ескерткіштері
Бұл мәдениет қоныстар мен некропольдар, жерлеу ғұрпы, қыш ыдыстары бойынша бөлінген. Өз атауын Ташкент қаласы маңындағы Қауыншы қаласының атынан алған, мұнда 1933, 1935 және 1937 жылдары археолог Г.В.Григорьев алғаш кең көлемде қазба жүргізген болатын, ол алынған керамикалық материалдарды даму бойынша Қауыншы-1 және Қауыншы-2 деп екі кезеңге бөлген еді. Бірінші кезеңді ол б.з.б. ІІ-мыңжылдық соңынан б.з.б. І-мыңжылдыққа дейін, екіншісін сақ заманымен – б.з.б. VІ ғасырмен мерзімдеді. Кейіннен С.И.Тереножкин Қауыншы-1 кезеңін б.з.б. ІІ-І ғасырларға жатқызды, ал Қауыншы-2 кезеңін б.з. шебімен белгіледі. Ал белгілі ғалым С.П.Толстов өз кезегінде Қауыншы-1 кезеңін б.з. І-ІІ ғасырларымен мерзімдеген еді.
Жаңа ескерткіштердің ашылуына орай біртіндеп Қауыншы мәдениетінің шекарасы анықталды: оңтүстік-шығыста – Ангрен-Шыршық-Келес алаптарынан Құрам жотасына дейін кіретін Ташкент жазирасы, батыста – Сырдария өзенінің сол жақ жағалауы. Солтүстік-шығыста бұл ауданға піскем, Шатқал мен Талас аңғарларындағы аудандар кіреді. Зерттеушілердің пікірінше, қауыншы мәдениеті Келес өңірінде кеңінен таралған.
Қауыншы мәдениетінің керамикасын зерделеген Л.М.Левина оның дамуындағы үш кезеңді бөліп көрсетеді: б.з. І-мыңжылдық шебінен ІV ғасыр бас кезі; ІV-VІ ғасырлар және VІІ-ІХ ғасырлар.
Шардараға жақын жердегі Ақтөбе қонысы қауыншы мәдениетінің жақсы зерттелген ескерткішінің бірі болып табылады. Ол Сырдарияның сол жақ жағалауында орналасқан. Қала орны үш жағынан дуалмен (жалмен), ал Сырдария жағынан пахса қабырғамен қоршалған. Қала орнының орталығында орналасқан биіктігі 20 метрге жуық сопақша төбе ерекше көзге түседі. Төбе аумағында және Ақтөбе-2-нің басқа бөліктерінде қазба жұмыстары жүргізілген. Қазбалардың біреуінен Сарай үйі толық аршылды. Ол тікбұрышты, көлемі 28х18,5 м болып шықты. Сарай шаршылап жатқан бес жайдан, кіру кешені мен құрылысты батыстан шығысқа қарай орап өтетін екі дәлізден тұрған. Оның орталығында шаршы зал (3,6х3,6 м) бар, ол басқа жайлардың барлығымен арка арқылы өтетін жолдармен байланысқан. Бір кездерде оның төбесі жалпақ етіп жабылған. Зал қабырғаларының биіктігі қазіргі кезде 6 метрге жетеді. Зал еденінің ортасында құдық бар. Үй солтүстік-батыс бұрышқа салынған, мұржасыз камин үлгісіндегі ошақпен жылытылған.
Залдың айналасына орналасқан жайлар доғалана иіліп, ал олардың біреуі күмбезделіп жабылған, бұл күмбез Орта Азия мен Қазақстандағы ертедегі үлгімен жабылған күмбездердің бірі болып табылады. Ғимарат конструкциясында шатыр маңызды рөл атқарады, оған баспалдақ және төбедегі тесік арқылы шығуға болатын еді.
Қазба барысында б.з. І-мыңжылдық бас кезіндегі ескерткіштерге ұқсас керамиканың бай жиынтығы: көзелер, саптыаяқтар, табалар, хумдар, шүмекті құмыралар жиналды. Керамикалық ыдыстардан басқа І-ІV ғасырларға жататын ұршықбастар, жебелердің үш қыры бар ұңғылы ұштары, алтын сырға, бір жүзді пышақтар, сүйек ұршықтар, қола сақина, қызыл шыныдан көз салынған алтын қапсырма табылды.
Сарай кешенінің мерзімін белгілеу үшін күмбезді жайға жерленген адамның табылуының ерекше маңызы бар. Мүрде батыс қабырғаны бойлата қойылған, ағаштан жасалған торлы табытқа жерленген. Мүрде басы батысқа қаратылып, шалқасынан жатыр. Керек-жарақтары да ерекше: ағаштан жасалған екі ыдыс, көз салып, қара тас орнатылған, күміс пен алтын құймасынан жасалған сырға, қорамсық пен садаққа арнап жасалған қап (футляр), сүйекпен әрленген ағаш садақ, темір қанжар, екі темір айылбас жатты. Құрал-саймандарға қарағанда, адамды ІV-V ғасырларда жерленген деп айтуға әбден болады, демек қоныс өмірінің жоғарғы хронологиялық шегі б.з. ІV ғасырдың бас кезіне жатады.
Қауыншы мәдениетінің бірінші кезеңіне топырақ үйіндісінен тұратын обалар мен олардың астындағы дәлізді катакомбалар тән. Катакомбалар ішіне бір немесе ұжымдық қабірлер қойылды. Қару-жарақ болмайды.
Екінші кезеңіне тән нәрсе – қоыстар санының артуы. Катакомбалар мен олардың ұзын өсімен перпендикулярлы дәліздермен (дромостармен) қатар бүйірлі және топырақ шұңқырға жерленген қабірлер пайда бола бастайды. Жеке адам жерленген қабірлер саны едәуір арта түседі. Қабір құрал-саймандар арасында қару-жарақ пайда бола бастайды.
Ыдыс-аяқ жиынтығы бірінші кезеңдегі тұрпатты (пішінді) қайталайды. Бұл сол баяғы ұстағышты науа еді, алайда «өгіз басы» қойылған тұғырларды қой бастары бейнеленген тұғырлар алмастырады. Осы уақытта керамикада жетіасар мәдениетінің белгілері байқала түседі: мойын тұсына кедір-бұдыр салу, денесін жалтырату, ернеуіне шүмек орнату.
Үшінші кезеңге оның соғдылық мәдениетке жақын болуы тән. Мәселен, керамикаға штампты ою-өрнек салына бастады.
Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларындағы қауыншы мәдениетін зерделеуде Сырдарияның оң жағалауында, Шардара аймағында орналасқан қорымдардың мол материалдары көп септігін тигізеді. Шәушіқұмнан мейлінше көп (57 дана) обалар зерттелінген. Мұнда негізгі жерлеу түрлерінің бәрі ұшырасады: камерасы дәлізге (дромосқа) перпендикуляр орналасқан І-типтегі катакомба; ІІ-типтегі катакомба – дәліздің жалғасы болып табылатын камералар; бүйірі қазылған молалар; қарапайым топырақ молалар. Бір аумақта түрлі құрылысты молалар болуы осы дәуірдің өзіндік ерекшелігі болып табылады және ол барлық аудандардан ұшырасады.
Қорымдарды қалдырған тұрғындардың іргелес аймақта орналасқан қоныстармен орнатқан тығыз байланыстары айқын байқалады.
Қорымдарды қазу. Катакомбалы жерлеу Шардара ауданындағы үш пункттен анықталған. Жаман-Тоғай қорымындағы төрт обадан текпішекті дәлізі бар катакомбалар табылған. Әсіресе қираған №9 оба олажалары қызықты. Камерадан тік бұрышты ұстағышы бар тұғырлы ысталған мыс қазан табылған. Қазан тұрпаты бойынша біздің заманымыздың шебіндегі хунну қазандарына қатты ұқсайды. Келесі бір катакомбадан мойыны тар және спираль тәрізді өрнегі бар қыш құмыра шықты, ол да хунну ыдыстарына тән. Сол жерден аң бейнелерімен нақышталған сүйек айылбас шыққан.
№14 обадағы мүрде катакомбадағы қамыс төсеніш үстінде жатты, сол жағына металл ұштығы мен айқыштығы жоқ ұзын темір семсер қойылған. №14 обадан басқа үш оба біздің заманымыздың шебімен мерзімделген.
Ақтөбе қорымынан қазылған барлық обалар І-типтегі катакомбалардан тұрады. Басқа қорымдардан өзгешелігі катакомбаға кірер есік шикі кірпіштермен (40х40х12; 35х35х12 см) өрілген. Молаларда екі және төрт қаңқа болған. Қайтыс болған адамдар шалқасынан, басы шығысқа қаратылып, аздап солтүстікке немесе солтүстік-шығысқа қарай ауытқи жатқызылған. Сірә, катакомбалар отбасылардың қабірханасы болған. Обалар тоналған. Ирек (толқынды) сызықтармен өрнектелген көзелер мен құмыралардың ұстағыштары болды немесе болмады да. Сыр бояу араласқан жұғындыны жағу тәсілі де кеңінен қолданылған. Банка тәрізді, құмыра секілді және конус сияқты ұстағышты саптыаяқтар да сан алуан.
Мола құрылысы, жерлеу ғұрпы мен ішінара құрал-саймандарына қарай катакомбалық қабірлер біздің заманымыздың алғашқы ғасырларына жатады. Ақтөбе қорымындағы материалдар онымен көрші тұрған және сол уақытпен сай келетін Ақтөбе-2 қонысының қыш ыдыстары мен бұйымдарына ұқсас болғандықтан, қорым І-ІІІ ғасырлардағы осы қоныстың отырықшы халқына тиесілі болған деген пайымдау жасалды.
Катакомбалардың көпшілігі Ақтөбе қорымынан 15 км солтүстік-батысқа қарай жердегі Шәушіқұм қонысы жанында орналасқан Шәушіқұм қорымынан табылған. Сопақша тұрпаттағы катакомбалар батыс-шығыс сызығы бойынша созылып жатыр. Дәліздер тік бұрышты, тар әрі ұзын. Олар, әдетте, текпешекті (сатылы) болып келеді және камераға оңтүстік жақтан жақындайды. Молаларда түгелдей бір адамнан жерленді. Мүрделер шалқасынан жатқызылып, бастары шығысқа қаратылған (аздап солтүстікке немесе оңтүстікке ауытқыған). Қайтыс болған адамның жанына бай құрал-саймандар мен ғұрыптық ас (қой еті) қойылды. Молалардың бірінен лақа балықтың қылтанағы да табылған.
Қабірден алынған құрал-саймандарына қарай әйел және ер адам молалары ажыратылады. Ер адамдардың қабірінен металл ұштығы мен айқыштығы жоқ темірден жасалған екі жүзді семсер мен қанжарлар табылған. Тек бір семсерде ғана тік қола айқыштық болған. Жүздерінде іші матамен оралған ағаш қынапқалдықтары сақталған. «Ғұн типіндегі» деп аталатын күрделі садақтан тек сүйек жапсырмалары ғана сақталған. Темір жебе ұштары үш қалақты. Тұрмыс заттары қарапайым пышақ пен тілі жылдам қозғалатын темір айылбастардан тұрады. Ат әбзелдерінен ауыздықтар сақталған. Кейбірі алтын қаңылтырмен жабылған. Әйел адамдардың қабірінен сапты жалпақ қола айналар, жануарлар сүйектерінен жасалған бойтұмарлар, темір сақианалар, жүзіктер, сан алуан моншақтар мен саз балшықтан жасалған ұршықбастар секілді сәндік заттар мен әшекейлер табылған. Қыш көзелер ер адамның да, әйел адамның да қабірлерінен шығады. Камера дәліздің жалғасы болған катакомбаларда кірер есік таспен немесе қамыспен жабылған (ІІ-тип). Мұндағы керамика І-типтегі катакомбалардан табылған ыдыстардан сәл өзгешелеу. Өзіндік құты сауыт (фляга) ерекшеленеді. Жекелген заттардың кейбірі де ерекше. Үшінші типтегі жерлеу ескерткіштері бүйірлі молалардан тұрады. Олардың барлығы аздап батысқа немесе шығысқа қарай ауытқи меридиан бағытта созылып жатыр. Бүйірлі қазбаның қуысы батыс және шығыс қабырғаны бойлай қазылған. Оған кірер ауызға тас немесе шикі кірпіш (39х39х12-15 см) қаланған. Молалардан қару-жарақтар – темір қанжар мен үш қалақты сапты жебе ұштары, садақтың сүйек жапсырмалары табылған. Түбі жалпақ көзелер, ұстағышты саптыаяқтар, т.б. да аршып алынған. Шәушіқұм қорымындағы бүйірлі қабірлердің ІІ-ІҮ ғасырлардағы Төменгі Еділ маңындағы кейінгі сармат және де Ферғана, Ташкент пен Бұхара жазираларындағы ескерткіштермен ұқсастығы байқалады.
Мұндай молалар Ташкент жазирасынан, Ахангаран өзені алабынан, Күл-Ата қаласының маңынан да анықталған.
Қарапайым топырақ молалар қарастырылған қорымдарда көп кездесе қоймайды. Шәушіқұм қорымындағы екі обадан сары топырақ үйіндісі астындағы бұрынғы жер бетіне салынған тас қоршау табылған. Ер адам жерленген қабірдің бірінен темір семсер бөлшектері, қола сырға мен екі ыдыс – құмыра мен түбі дөңгелек тостаған алынған. Керамика өзге жерлеу типтеріндегі ыдыстардан өзгеше, бірақ кейбір ыдыстар сол типтерге жататын құмыралардай сырланған.
Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері
Жетіасар мәдениетінің негізгі кешені Аралдың шығыс маңында, төменгі Сырдария-Қуаңдарияның ежелгі сағаларындағы алабтағы аллювиаль жазықтықта орналасқан. Жетіасар ескерткіштерінің таралған оңтүстік шекарасы Жаңадарияның құрғақ арнасынан солтүстікке қарай өтеді.
Жетіасар ескерткіштерін алғаш рет 1946 жылы зерттеп, жеке мәдениетке бөлген С.П.Толстов болып табылады. Ол өз атауын ескерткіштер мейлінше шоғырланған Жетіасардан алған. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының көп жылдық зерттеулерінің нәтижесінде жетіасар мәдениетінің ескерткіштері толымды түрде зерделенген, ал қазба материалдары мен зерттеулер материалдары Л.М.Левинаның бірнеше монографияларында баяндалған.
Аталған ауданда Жетіасар мәдениетінің дамуындағы үш кезеңді белгілеуге және оның ІХ ғасырға дейін жеткен жоғарғы шекарасын анықтаудың сәті түсті.
Жетіасар мәдениетінің бастапқа мерзімі нақты анықтала қойған жоқ. Ескерткіштерді одан да ұсақ хронологиялық кезеңдерге бөлуге мәдениеттің сыртқы біркелкілігі ғана емес, сондай-ақ тіпті шағын жетіасарлық қалалардың өзінде мәдени қабаттардың қалың екендігі де қиындық туғызып отыр. Бұл ұмтылыстар І кезең ішіндегі хронологиялық бөлуді, яғни мәдениеттің бастапқы кезін тұспалдап бөлуге жетелейді. Бірнеше ескерткіштердегі стратиграфияға қарап, жетіасар мәдениетін І, ІІ, ІІІ секілді үш хронологиялық кезеңге бөлуге талпыныс жасалды. Бұл кезеңдердің алғашқысын, шамамен шартты түрде б.з.б. І-мыңжылдық ортасынан соңына дейін мерзімдеуге болатын сияқты; екіншісі – б.з.б. соңғы ғасырлар мен б.з. алғашқы ғасырлары, ол ІІ-ІV ғасырлармен аяқталынуы мүмкін; үшіншісі – V-ІХ ғасырлар.
Жетіасар мәдениетінің қайнар-бастаулары қола дәуірінің соңына барып тіреледі.
Жетіасар мәдениетінің 47 қаласы белгілі. Олардың барлығы көп мәдени қабаттан тұрады және мықты қорғаныс жүйелерімен күшейтілген, бекініссіз қоныстары жоқ.
Қалалардың барлығы өзен сағаларына таяу жерлерде орналасқан және обалы алқаптармен қоршалған.
Әдетте бір салаға немесе арна теліміне жақын араға шоғырланған және бір-бірінен 2-8 км қашықтықтағы бес-алты шағын қалалар бір топты құрайды, олардың арасынан бір қала өзінің көлемі бойынша дараланады.
Бірінші кезеңдегі жетіасарлық қалалардың барлығы дөңгелек не болмаса сопақша жоспардағы биіктігі қазіргі жер бетінен 8-20 м, ауданы 0,5-10 га екі қабатты төбе түрінде.
Әрбір қаланың өзегін күрделі фортификациялық жүйесі бар көп қабатты үлкен үй құрайды. Әдетте жоғарғы алаң үш жағынан (барлық жағынан қоршалу сирек) екінші, одан да төмен алаңмен қоршалған, ол да дуалмен қоршалып тұрған. Жетіасардың ерте кезеңінде төменгі алаңда көлемді құрылыстар болды, олар мал қора да болуы мүмкін. Кейіннен төменгі алаңға да жоғарғы алаң сияқты баспаналар тығыз салынып кетті. Сөйтіп, ол екеуі біртұтас баспаналар кешенін құрады. Тек екі қалада ғана үшінші бөлік болды, солтүстік жаққа орналасқан бөлік те дуалмен күшейтілді. Осындай қалалардың бірінде (Жетіасар-2) орталыққа қосылған үшінші бөлікте қолдан жасалған су алабы болған, тек кейіннен оның аумағына өзге екі бөлік сияқты тұрғылықты секциялар салынып кеткен.
Барлық құрылыстар пахса мен жоспары тік бұрышты үлкен форматтағы шикі (қам) кірпіштен соғылған.
І кезеңнің фортификациялық құрылыстары кейде кірпіш қаландысымен де үйлесті. Кейде шикі кірпіштер (50х30х9 және 60х30х9 см) жұқа пахса қатарымен алмастырылған кездер де болды, мұндай жағдайда қабырғаға тас қаланған сияқты көрінетін. Бұл кезеңнің ғимараттары көбіне күмбезделіп жабылды. Күмбездер пішіні трапеция тәрізді үлкен шикі кірпіштермен (45-50х23-25х25-30 см) аздап қисайып немесе қисайтылмай, сақина сияқты қиыстырыла көтерілді. Бөлмелер өтпелі-аркалар арқылы байланысты. Ірі бөлмелер, сарайлар және екінші алаңдағы құрылыстар жалпақ шатырмен жабылған сияқты. Ағаш тіреуіштер шатырды ұстап тұрды. Есікке де ағаш пайдаланылды.
І кезеңнің соңына қарай бекініс құрылыстары шағын көлемдегі шикі кірпіштер (40-42х26-30х9-10 см) қатарымен өрілді. Мұнаралардың күмбезді жабындары бұрынғы ерте кезеңдегідей ірі трапеция пішіндес кірпіштермен тұрғызылды.
Сыпалар, ошақтар, каминдер бүйірінен қойылған шикі кірпіштерден немесе олардың сынықтарынан жасалды, соңынан саз балшықпен сыланды. Ұсақ далдаға каркас ретінде ағаш пайдаланылды.
Жетіасар құрылыс техникасы жоғарғы деңгейге жеткен, мұны күмбездер конструкциясы да растайды.
Барлық жетіасар қалаларының мықты қорғаныс жүйелері болды, қала ішіндегі әрбір алаң өз бекініс қабырғаларымен (дуалдарымен) қоршалды. Қазба жұмыстары фортификациялық құрылыстардың даму динамикасын анықтауға мүмкіндік берді. Бастапқыда сопақша келген бекіністің өзегі (шамамен 45х50 м) периметрі бойынша пахса блоктары мен шикі кірпіштер арқылы көтерілген мықты дуалмен қоршалды. Бекініс қабырғасына шахмат тақтасының тәртібі бойынша үш немесе екі қатар оқ ататын тесіктер жасалды. Қамал ішіне екі қабатты күмбезді бөлмелер орналасты. Кейіннен бекініс қабырғасының сыртына мұнара мен биік табанды оқ ататын галереялар тұрғызылды, соңғыларына қайтадан мұнара жапсарлатыла салынды, бірақ оның платформасы биік еді, бұл мұнараларға жаңа дуалдар соғылды.
Баспана. Жетіасар қалалары ішінде түгелімен баспаналар салынған қамал іспеттес. Жетіасар ескерткіштерінде жүргізілген қазба жұмыстары қала ішіндегі ерте кезге жататын екі түрлі жоспардағы құрылыстарды жіктеуге мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Жетіасар-2 қаласының жоғарғы алаңында бастапқы қамалдың ішінде ұзын да тар күмбезді бөлмелер қатары орын алғандығы, олардың біразы екі қабатты болып, бір-бірімен арка арқылы жалғасқандығы белгілі.
Одан соң ішкі құрылыстың басқа түрі пайда бола бастайды. Бұл жоспар кең ауданда қазылған Жетіасар-12 қаласынан жап-жақсы байқалған. Мұнда, белгілі бір дәрежеде және тығыз тапталған ерте кездегі жоспардағы бөлмелер, бір типтегі тұрғынжай секциялары болғандығы анықталған.
Секциялар екі-үш бөлмеден тұрады. Негізгі тұрғынжай интерьері – екі қабырғадағы (үш қабырғада сирек) кең сыпа мен орталықта орналасқан ашық ошақ; бұлар барлық келесі кезеңдегі қабаттарға тән еді.
Әрбір секция оқ ататын дәліздің бір бөлмесімен жалғасып тұрды, олар бейбіт күндері қосымша тұрғынжай немесе шаруашылық бөлмелері ретінде пайдаланылса керек.
Әрбір секциядағы әрдайым үлкен ауданды алып жатқан негізгі және басты тұрғынжайларда түгелімен ортада ашық ошақ болды, еденнен төмен жатқан оның жоспары сопақ немесе тік бұрышты еді, шеттеріне саз балшықтан бүйір (борт) жасалды. Олар кірер есіктің екі жағындағы сыпа шетіне шағын доға тәрізді балшық білік арқылы жалғасып жатты. Пәс әрі кең сыпалар қарама-қарсы тұрған қабырғаларды бойлай салынды және орталық бөлікте оны өтетін жер бөліп тұрды.
Негізгі тұрғынжайлардан дәнүккіш тұғырлары кездескен.
Сондай-ақ секцияның негізгі тұрғынжайының басқа да жоспарлары болды. Бұл нұсқадағы негізгі тұрғынжайдың ішкі жоспарында есік орталық бөліктен емес, бұрыштан шығарылды. Есіктің кірер алдындағы кеңістік немесе өзіндік тамбур басқа бөлмелердің ауданынан биік (1,5 м және одан да биігірек) тар кірпіш қабырғасымен (ұзындығы 1,5-2 м) бөлініп тұрды. Бөлменің үш қабырғасына П-тәрізді сыпа орнатылды, ол бірінші жоспардағы тұрғынжайға қарағанда біршама тар және биік. Бөлменің орта тұсына еденнен төменірек дөңгелек жоспардағы ашық ошақ орналасты, оның бүйірлері жоғары еді және оған трапеция тәрізді жоспардағы алаңқай жалғасты, оған кесілген конус сияқты тұрпаттағы екі «ошақ тұғыр» қойылды.
Негізгі тұрғынжайлардан басқа әрбір секцияда бір-екі қосалқы бөлмелер болды, олардың кейбірі тұрғын бөлме болуы да ықимал, дегенмен ол шаруашылық қарекеттерге пайдаланылды. Бұл бөлмелердің ішкі кеңістігінде әдетте қабырғаға жабысқан бірнеше ошақтар, шаруашылық шұңқырлар, қоймалар болған. Астықты (әдетте бидай) сақтау үшін ыдыс ретінде қалың қабырғалы күйдірілмеген сопақша және дөңгелек келген құмыралар пайдаланылды. Бұл қам (шикі) ыдыстар жетіасар мәдениетіне тән және ерте кезге жататын ескерткіштердің барлық құрылыс горизонттары мен кезеңдерінен кездеседі. Кейде мұндай қосалқы шаруашылық-тұрғынжай бөлмелерде бір-екі ошағы бар аласа сыпалар да табылады. Түрлі секциялар алып жатқан аудан көлемі аздап қана өзгереді.
Жерлеу құрылыстары. Әрбір жетіасар қаласының жанында жүздеген, мыңдаған жерлеу құрылыстарынан тұратын қорымдар орналасқан, олардағы ескерткіштердің екі түрі бар – оба астындағы топырақ қабір мен сағана-лақыттар (склеп).
Оба үйінділері сақтала қоймаған және қазіргі жер бетінен түсті дақ түрінде немесе обаны жиектей өскен өсімдіктер шоғырының орды бөліп тұруынан ғана байқалады. Ордың диаметрі 8-20 м шамасында өзгеріп тұрады. Оңтүстік жартысында қосқыш (ені 1,2-2 м) болады. Әрбір үйінді астында әдетте бір қабір болады, алайда бірнеше рет екі не одан көп топырақ қабірлердің ұшырасқандығы тіркелген. Қабір шұңқыры солтүстік-оңтүстік бағытта. Қабір шұңқырының шығыс қабырғасынан ыдыстар мен мал сүйектері (қой немесе сиыр) қойылған шағын қуыстар аршылған. Бірнеше қабір шұңқырын бойлай шағын әрі аса терең емес орлар қазылған. Мүрде қамыс төсенішпен оралған, оны шалқасынан ағаш қабығына немесе тоқылған қамысқа жатқызған. Жерлеу құрал-саймандары бір-үш ыдыстан тұрады, бұл жерде міндетті түрде «ас үй» көзесі, құмыра, саптыаяқ немесе тостаған қойылады. Ыдыстардың бір бөлігі қуыстардан, ал бір бөлігі мүрденің аяқ тұсынан алынады. Алайда мүрденің бас жағына қойылған ыдыстар (әдетте көзелер немесе құмыралар) кездесетіндігі аңғарылған. Жауынгер-сарбаз қабірінен пышақ пен қанжардан басқа сүйек жапсырмалы күрделі садақ пен жебе ұштары да жиі табылады. Әйел адамдардың қабірінен қола айна, бор кесегі, өзен қабыршақтары, сырға, моншақ, білезік жиі кездеседі.
Жетіасар жерлеу құрылыстарының екінші тобын «жер асты» және «жер үсті» секілді екі типке бөлінетін сағана-лақыттар құрайды. Екі типтегі сағана-лақыттар жоспары тік бұрышты шикі кірпішпен тұрғызылған және кірпіш күмбезбен жабылған.
Жер асты сағана-лақыттар арнайы қазылған қазаншұңқарға салынған кірпіш камера түрінде болып келеді. Тік бұрышты (орташа 5,5х4 м) немесе шаршы (5х5 м) жоспарлы камераның ¾ бөлігі жерге кіріп тұрады және кірпіш күмбезінің үсті топырақпен жабылады. Кейбір жағдайларда топырақпен жабылған қабырға үстінен және ішінара камера күмбезі арқылы көлденеңінен өтетін екі қатарлы кірпіш қаландысы да анықталған. Қаландының сытқы шеттері камера қабарғасындағы сызықтан 3,5-4,5 м қашықтықта тұрады. Камераның ішкі бөлігі жоспары бойынша тік бұрышты (орташа алғанда 3,6х2 м), оның екі немесе үш қабырғасына жатын-сыпа (лежанки-суфа) орналасты. Оңтүстік жағынан камераға дәліз тәрізді аркалы текпішекті жол түседі де, сағана-лақыт қабырғасынан 1-1,5 м шығып тұрады. Сағана-лақыт күмбезі трапеция пішінді шикі кірпіштен соғылды. Камера ішіндегі еден, қабырға мен сыпа балшықпен сыланған.
Киізге немесе қамыс жабынға оралған мүрделер сыпа үстіне шалқасынан жатқызылып қойылған. Олардың жанындағы сыпаға және еденге керамика, еңбек құралдары мен қару-жарақ қойылды. Әйелдердің қасына бор кесегі, қабыршақ, әдетте мата қапшыққа салынған қола айна қойылған. Сыпа арасындағы еденге от жағылды.
Сағана-лақыттар бірнеше рет пайдаланылды, әрқайсысында бірнеше жерлеу орындары болды. Әрбір жерлеуден кейін арка секілді өтетін жер кірпішпен қаланып, сыланды.
Жер үстіндегі сағана-лақыттар да жоспары бойынша тік болды, оңтүстік жағындағы дәліз секілді кірер есігі камерадан 1,5 м шығып тұрды, пахса блоктары мен бірнеше қатар шикі кірпіштерден (40х30х9 см) тұрғызылған камера қабырғалары стилобат платформаға (биіктігі 80 см-ге дейін) орнатылған. Камера ішінен (5,6х2,6 м) қабырғаны бойлай биік жатын-сыпа соғылды. Кіретін арка балшықпен қалың етіп сыланған. Қамыс жабын қалдықтарына қарағанда, жер бетіне салынған сағана-лақыттарға жерленгендер де сыпаларға қойылған.
Екі типтегі сағана-лақыттарға бай қабір құрал-сайман қойылғанымен, зерттелген ескерткіштердің ежелгі замандарда тоналғандығы байқалады, кейбір қаңқалардың жатысына қарағанда, тонау жерлеуден өткен соң жүзеге асқан, алайда кейбір сағана-лақыттарда күміс және қола тоғалы, алтын, күміс, қола әшекейлері бар киім қалдықтары шыққан. Бір рет қана металл тоға, алқа және шыны моншақтармен әшекейленген матадан жасалған бас киім қалдықтары сақталғандығы анықталған.
Керамика. Жетіасардағы ежелгі тұрғындардың заттай мәдениеті өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі, бұл ең алдымен қыш құмыра жасау өндірісінен байқалады. Құмыраны отқа күйдіретін пеш қалдықтары табылған. Мәдениет өмір сүрген кездегі бүкіл керамикаға тән нәрсе, онда ерекше біртұтастық пен өзіндік кешендік, пропорция мен ою-өрнек тұрақтылығы, архаизм мен консерватизм сақталған.
Жетіасар мәдениетінің бүкіл керамикасы екі топқа бөлінеді.
1 топ (бірнеше жүз) көзелеріне сұр түсті ангоб жағылған және сыртында күйенің іздері сақталған. Бірінші типке жататын негізгі ыдыстардың түбі жалпақ болып келеді. Ыдыстардың көпшілігі ою-өрнексіз, бірақ кертпекті, денесі немесе иық тұсына жапсырылған бүршік және кейде бүршіктермен жалғасып жатқан жарты ай секілді өрнектері де кездеседі.
2 кезеңнің бас кезінде ғұндардың металл қазандарының тұрпатын (пішінін) түгелдей қайталайтын ыдыстар пайда бола бастайды. Көзе немесе хум сияқты ірі ыдыстар мәдениеттің барлық кезеңдеріне тән. Сыртына қызыл-қоңыр қою ангоб жағылып, жалтыратылған. Олардың барлығы дөңгелек, шар тәрізді тұрпатқа жақын, тік мойынды, ернеуі шағын, диаметрі түбінен бір жарым есе үлкен болып келеді. 2 топтағы ыдыстар арасынан бәрінен де құмыралар кеңінен таралды. Құмыралар денесі қампиған, одан кертпектеле бөлінген ұзын мойыны тік келген, бір-екі білікті, қарапайым шеті әдетте кішкентай үш бұрыш не болмаса дөңгеленген, бір (егер ұстағышы болса), екі су ағарлы.
Табақтар мен тостағандар жетіасар ескерткіштерінің (қала, қорым) барлығынан кездесекен. Олар жұқа қабырғалы. Саптыаяқтардың көпшілігінің денесі құмыраларға ұқсас болып келеді.
Қару-жарақ, ат әбзелдері. Жетіасар ескерткіштерінен қоладан, сүйектен және темірден жасалған жебе ұштары, күрделі садақтың сүйек жапсырмалары, қанжарлар табылған. Шағын үш қалақты сапты темір жебе ұшұтары сирек ұшырасады. Қола және темір жебе ұштарына қарағанда, сүйектен жасалған жебе ұштары кеңінен таралған. Олар қабірлерден де, қала мәдени қабаттарынан да көптеп кездеседі. Бұл артефактілердің барлығы мұқият жалтыратылып, тегістелген. Кейбірінің тұрпаты оқ сияқты.
Бірінші кезеңдегі мәдени қабаттардан екі тесікті мүйізден және сүйектен жасалған сулықтар табылған, мұндай сулықтар б.з.б. І-мыңжылдық орта тұсында және екінші жартысындағы ескерткіштердің материалдарына ұқсас. Сулықтардан басқа табылған ат әбзелдерінің қатарына ірі жануарлардың сүйектерінен дайындалған алдыңғы ердің ішкі бөлігі сияқты зат та жатады.
Сүйектен, тастан және металдан жасалған бұйымдар. Әзірге ежелгі жетіасарлық тұрғындардың өз зергерлік немесе шыны жасау өндірісі туралы айтуға мүмкін болмағанымен, күл шоғыры, жарамсыз болып шыққан қола бұйымдардың сынықтары металлургиялық өнеркәсіп жайында сөз қозғауға мүмкіндік береді, ал сүйек ою ісі мен шеберханалар жайлы жануарлар мен балық сүйегінен жасалған көптеген заттардың табылу фактісі де растаса керек. Осындай шеберханалардың бірі Жетіасар-12 қаласындағы тасталған мұнарадан шықты.
Онда шеберхана ұйымдастырылып, күрделі садақтардың сүйек және мүйіз жапсырмалары, т.б. заттар дайындалған. Мүйіз және сүйек жалтыратқыштар, қырғыштар, тескіштер көп, пышақ пен бігіз саптар, сулықтар, түрлі тұрпаттағы жақсылап жонылған жебе ұштары, айылбастар мен алқалар, сақина мен жұқа шынжыр-моншақтар жетіасарлық оюшылардың жоғарғы деңгейдегі шеберлігін дәлелдейді.
Жетіасар қалаларындағы мәдени қабаттардағы үнемі көптеп табылатын олжалар – сүйек тескіштер, тас қайрақтар, жалтыратқыштар, дәнүккіштер, т.б.
Жүзі тік және арқа тұсы жайлап дөңестелген темір пышақтардың нашар сақталған бөліктері көптеп кездеседі. Бірен-саран темір ірі қармақ ұштары табылған.
Киім-кешек пен әшекейлер. «Жетіасарлықтардың» киімі жөнінде сөз қозғауға мола шұңқырлары мен жер асты сағана-лақыттарынан табылған – кенеп пен жібек маталардан жасалған көйлек, кафтан мен бас киім қалдықтары аздап мүмкіндік береді. Жетіасар-2 қорымындағы №1 сағанадан алтын түсті жібектен дайындалған әйел адамның кафтанында жасыл түсті геометриялық өрнек бар және де алтындатылған теріден жасалған ромб пен үш бұрыш түріндегі жапсырмалармен, күміс тоғалар қатарымен көмкерілген.
Жетіасар-12 қорымындағы №1 сағана-лақыттан алынған сары-қоңыр түсті кафтан тері мен қызыл түсті кенеп аппликациялармен өрнектелген және де мойыны мен жиектеріне (белге дейін) жарты шар түріндегі металл тоғалар қатары түсірілген, ал жеңдеріне тігінен Сирияда өндірілген көк шыны бисер моншақтар қатары (кемінде он-оннан үш қатар) тағылған. Күміс және қола тоғалар киімнің кеуде тұсын жиі әшекейлегендігін, кейде жеңін де көмкергендігін басқа жерлеу құрылыстарында сақталған материалдар да растайды. Бірнеше рет кафтан астында қызыл түсті ұзын көйлек болғандығы байқалған. Жетіасар-12 қорымындағы сағана-лақыттардың бірінен бас киімнің бір бөлігі шыққан, оның қою қызыл түсті матасына күмістен және қоладан жасалған тоғалар тағылған, бұл заттың төменгі шеті терімен қапталуы да ықтимал. Бас киімнің көк шыны моншақтармен бірге құйылған жұқа металл пластиналар жіппен тағылған, екі жаққа орналасқан олардың әрқайсы 12-ден. Тері белбеу мен етіктің қалдықтары, етіктің қола айылбасы және тоға-жапсырмалар «жетіасарлықтардың» биік етік киіп жүргендігін дәлелдейді.
Жетіасар мәдениетінің әшекейлеріне моншақтар, сырғалар, білезіктер, сақианалар, алқалар, тоғалар кіреді. Қабірлер мен қалалардың мәдени қабаттарынан янтарь моншақ олжалары жиі табылып жатады. Көгілдір түсті мысыр фаянсынан дайындалған дөңгелек қабырғалы моншақтар, цилиндр секілді маржандар, паста және дөңгелек шыны, сонымен қатар шыны көзді, халцедоннан жасалған дөңгелек моншақтар б.з.б. ІҮ-ІІІ ғасырларға және б.з. алғашқы ғасырларынан белгілі. Жетіасар ескерткіштерінен сақина олжалары сирек табылған. Сүйектен, темірден және қоладан дайындалған білезік қалдықтары да кездесіп қалады.
Жетіасар кешеніндегі толып жатқан қола сырғаларды екі типке жатқызуға болады: ұштары бір-біріне кіріп тұрғандай пішіндегі сақина түріндегі және ортаңғы бөлігі шығыңқы жүзік сияқты.
Бірінші кезеңнің соңына жататын қабірлердің бірінен сапасы төмен алтыннан жасалған көлемді сырға аршып алынған, оның қола иіні мен шыны орнатқышы болған.
Осы кезеңге күмістен және қоладан дайындалған белбеу ұштарын, дөңгелек және сопақша жоспардағы тілі жылдам қола және темір айылбастарды да жатқызуға болатын сияқты.
Бірінші кезеңнің соңына екі серіппелі пластина фибула (түйреуіш) да жатады, мұндай бұйым ІҮ ғасырда Польшадағы пшевор мәдениетінде де кеңінен таралған.
Қола айналар басқа да көптеген заттар сияқты қабірлерден де, қалалардың мәдени қабаттарынан да табылған. Әдетте бұл жалпақ диск, көбіне шеті шығыңқы және дискпен бірге құйылған сапты.
Культық бұйымдарға, сірә, аң-құс түріндегі қола алқа-бойтұмарларды жатқызуға болатын сияқты.
Саз балшықтан және алебастрдан адамның қарапайым түрінде жасалған пұттар да табылды, олардың бір бөлігі боялған.
Бірінші кезеңге парфяндық гемма да жатады. Халцедоннан дайындалған сасанидтік геммалар да бар.
Мысыр, Сирия, Үндістан елдерінде өндірілген тас және шыны моншақтардың, сонымен қатар жібек маталардың, кейінгі парфян және сасанидтік геммалардың табылуы жетіасарлықтардың кеңінен жолға қойылған сауда байланыстарын да айғақтайды.
Шаруашылық, әлеуметтік ұйымдасу. Қалаларда тіршілік еткен тұрғындардың шаруашылығы кешенді сипатта еді, олар балықшылық пен аңшылық аздап орын алған мал өсірумен және егіншілікпен айналысты. Тұрмыс қарекетінде маңызды рөл атқарған мал шаруашылығы түліктер арасында ірі мүйізді қараның көбірек өсірілуімен сипатталынады. Тұрғынжайлар бірінен түйе мен үй шошқасы сүйектерінің бірге табылуы да қызығушылық туғызады.
Егіншілік те маңызды болды. Ирригациялық құрылыс іздері Қуаңдария алабының барлық аумағынан анықталған, барлық мәдени қабаттардан шыққан дәнүккіштер, тары мен арпа дәндері егіншілік маңызын айғақтай түседі. Сондай-ақ бірқатар қалалардың маңынан су жиналатын алаптар анықталған. Оны өзен суларының азаюы нәтижесінде адамдар жасауға мәжбүр болса керек.
Балық қылтанақтары мен қабыршақтары, балық аулайтын ілгек, сонымен қатар түз тағыларының сүйектері тұрғынжайлардан көптеп аршып алынған, бұл «жетіасарлықтардың» натуралды шаруашылығында балықшылық пен аңшылық едәуір орын алғандығын айғақтайды.
Алғашқы кезеңде жетіасар мәдениеті Сырдарияның орта ағысындағы (қауыншы және ең алдымен отырар-қаратау) аудандардағы мәдениеттермен тығыз байланыста болды. Соңғы екеуімен жетіасар мәдениетін көп ортақ дүниелер (қала салу ісі, керамика дайындау, т.б.) байланыстырады. Бұл ортақ белгілер белгілі бір дәрежеде физикалық-географиялық жағдайға байланысты шаруашылық типінің бірдей болуымен де түсіндіріледі. Ұзақ уақытқа созылған тығыз қарым-қатынас орнатқан жетіасар мен отырар-қаратау мәдениеттерінің тұрғындары этносаяси байланысқа кеңінен түсіп отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |