Қазақстан археологиясы



бет20/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28

ҮI-тарау
ОРТА ҒАСЫРЛАР ДӘУІРІНДЕГІ КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАР ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Қазақстан аумағындағы ортағасырлық мемлекеттер

Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (II-V ғасырлар) Казақстан мен Орта Азияның және Шығыс Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір мөлшерде өзгертті. V ғасырда түріктілді тайпалардың қисапсыз көп топтары Солтүстік Моңғолиядан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі ұланғайыр далаға кең жайылып қоныстанады, оңтүстікте олардың қоныс-өрісі Әмударияның жоғарғы ағысына дейін жетеді.

552 жылы түріктердің бастаушысы Бумын өздерінің билеушісі аварларға (жуань-жуаньдарға) қарсы шығып, оларды ойсырата жеңеді. Осы мемлекеттің ойрандалған орнында түріктер Түрік қағанатын құрады.

Түріктер қарауындағы жерлері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан эфталиттермен кездеседі. Түріктер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрады. 564 жылы Иранның шахы Хосроу Ануширван эфталиттерден аса маңызды стратегиялық Тохарстан облысын тартып алады.

Орта Азияны жаулап алғаннан кейін түріктер Батыс пен Шығысты жалғастырып тұрған Жібек жолы бойындағы саудаға толық қожалық етті. Мемлекет мейлінше күшейген кезде батыстағы аумағы Шығыс Еуропаның бір бөлігіне дейін жетті.

Түрік қағанаты – әлем тарихындағы ең бірінші еуразиялық мемлекет еді.



Батыс түрік және Түргеш қағанаттары. Түрік қағанатындағы Естеми-қаған мен оның ұлы Түрксанф тұсындағы өзара қырқыстар әлеуметтік қайшылықтарды күшейтіп, қағанатты әлсіретті. Нәтижесінде 603 ж. Батыс түрік қағанатының бөлініп шығуымен аяқталады, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарынан бастап Әмударияға, Еділ өңірі мен Солтүстік Кавказ далаларына дейін созылып жатқан байтақ жер осынау Кағанат карауына көшеді.

Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзенінің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер тұрып жатты. Суяб қаласы (Қырғызстандағы Тоқмақ қаласы маңында) елдің астанасы болды.

Қағанаттағы бірінші тұлга жоғарғы билеуші-басқарушы, әскери қолбасшы, күллі жердің қожасы – қаған болған еді.

Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер — қаған әулетіне ғана тән атақ болатын. Сот қызметтерін бұйұрықтар мен тархандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері («қара будун») болған еді. Әлеуметтік жағынан тайпалар — ақ сүйек және вассал (бағынышты) тайпалар болып бөлінген.

Қарауындағы халықтар мен тайпаларды ұдайы бағынышты етіп ұстап отыруға Батыс түрік қағанаты Орталық үкіметінің әскери-саяси күштері жетіспейтін болып шықты. Қағанат ішінде өзара тартыс үздіксіз жүріп, билеушілер жиі-жиі ауысып жатты, бұл ыдыраушылықты асқындырып жіберді.

Нәтижесінде қағанат құлады. 704 жылы Жетісуда түргештер билікке келді. Билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706) болған еді. Түргеш мемлекеті араб шапқыншылығына қарсы тұрды, олармен ондаған жылдар бойы күрес жүргізді. Қағанаттың негізгі тарихы араб шапқыншылығымен тығыз байланысты болды.

Оның басқару институттары мен өзге де құрылымдары Батыс түрік қағанатына ұқсас еді.

Алайда ішкі өзара қырқыстар мен арабтармен болған соғыстар Түргеш мемлекетінің негізін шайқалтты. 756 жылы бұл мемлекет түрік тілді қарлұқтардың қысымымен құлады.



Қарлұқ мемлекеті (766-940). Қарлұқтар туралы «бұлақ» деген атпен мәлім болған алғашқы деректер Ү ғасырға жатады. Бұлар Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс еткен көшпелі тайпалар еді. VII ғасыр орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі-ірі үш тайпа—бұлақ, шігіл (себек) мен ташлық кірген. Қарлұқ тайпаларының көсемдері елтебер титулын иемденді.

742 жылы қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың одағы шығыс түріктерге қарсы шығады. Түріктер талқандалып, олардың қағанатының орнында жаңа мемлекет құрылады. Билікке басмылдар келеді. Алайда ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші басмылдарды талқандағаннан соң Ұйғыр қағанаты (744-840) құрылады. Ұйғыр тайпаларының басы жоғарғы қаған болады да, қарлұқтар көсемі оң (батыс) жабғы атағын алады. Ұйғыр мемлекетін құрысқан қарлұқтар енді оларға жау болады. 746 жылы қарлұқтар Ұйғыр қағанатынан жеңіліс тауып, Жетісуға қарай жылжиды. VIII ғасыр орта кезінен бастап, қарлұқтар мен оғыздар арасында түргештер мұрасын иемдену жолындағы тартыс етек алады, бұл текетірес қарлұқтардың жеңісімен аяқталынады; олар Қарлұқ қағанатын құрады. Оның астанасы Суяб пен Тараз болды. Мемлекет аумағын кеңейтуді жалғастырған қарлұқтар 766-775 жылдары Қашғарияны басып алады, ал VIII ғасыр аяқ кезінде олар өз ықпалдарын Ферғанаға да жүргізе бастайды.

Қарлұқтардың жоғарғы көсемі бастапқыда жабғы (жабғу) аталынса, 840 жылдан бастап қаған аталына бастады.

Араб және парсы деректемелеріне жүгінсек, IX-X ғасырларда қарлұқ бірлестігі толып жатқан рулық-тайпалық топтардан құралады. Мысалы, араб жағрафияшысы әл-Маруази (XII ғ.) қарлұқтар құрамында тоғыз тайпа болған дейді. Қарлұқ қоңференциясына Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның: тұхси, шігілдер, азкіштер, түргештер, халаджылар, чаруктер, барысхандар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі түрік тілді тайпалары енген. Қарлұқтардың қоластындағы халықтар этникалық жағынан бір тектес болмаған, олардың ішінде парсы тілді соғдылар, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінен ауған келімсектер де бар болатын.

VIII-X ғасырларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейінгі кеңінен көсіліп жатқан аумақты қоныс етеді.

Қарлұқтардың жабғысы әрі Испиджаб билеушісі болған Білге Көл Қадырхан жоғарғы билікке өз құқы бар екендігін ашық түрде жариялап, қаған титулын алған. ІХ ғасыр соңында саманидтер әулеті мемлекетінің билеушілері қарлұқтарды талқандап, астанасы Таразды басып алады. Қарлұқ қағаны орталығын Қашғарға көшіреді.

Қарлұқ қағанатын ішкі қырқыстар, түрлі тайпалардың жайылым үшін күресі талан-таражға түсірді. 940 жылы қарлұқтар мемлекеті құлады.

Арабтардың шапқыншылығы. Араб шапқыншылығы қарсаңында Орта Азия мен Қазақстанның басым бөлігі Батыс түрік қағанатының қол астында болды. Көптеген ортаазиялық иеліктерді түрік немесе шығу тегі аралас әулеттер басқарды. Осы кездері шаруашылық байланыстар кеңейді, экономикалық байланыстар жанданды. Бұл араб шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырудағы едәуір маңызды факторлар болған еді.

705 жылы арабтар шауып кету тактикасынан бас тартып, Әмударияның шығыс жағындағы Мауераннахр облыстарын басып алуға кірісті. Хорасанның уәлиі-орынбасары Кутейба ибн Муслим Балхты жаулап алып, 706 жылы Бұхараға таяу жердегі Пайкентке қарай беттеді. Түргештер дереу соғдыларға көмекке келді. Түріктер мен соғдылардың бірлескен қолы араб әскеріне ойсырата соққы берді. Кутейба ибн Муслим айлакерлік жолмен одақтастарды алдап, оларды бір-біріне айдап салып, өзі қоршаудан құтылып кетеді.

712 жылы Кутейба Самарқандты басып алады.

712-713 жылдары арабтармен күреске тастүйін болып түріктер мен соғдылардың, шаштықтар мен ферғаналықтардың бірлескен қолы шығады. Бұған жауап ретінде Кутейба қалың әскер жинап, Ферғана мен Шашқа (Ташкент) аттандырады. Шаш маңындағы қыстақтардың көбі рақымсыз өртеледі.

714 жылы Шашты Кутейба басып алып, Испиджабқа жорық жасайды.

723 жылы Ферғана қарлұқтары және Шаш тұрғындары тізе қосып, арабтарды оңдырмай жеңеді, оларды Ходженттен Самарқандқа дейін қуып тығады. Бұдан кейінгі соғыстарда екі жақ алма кезек жеңіске жетіп отырады.

Түргештер өздерінің күшейген кезінде Мауераннахр үшін арабтарға қарсы елеулі күш болған еді. Түргештер қолдаған халық көтерілістері арабтарды түгелдей Мауераннахрдан қуып шығуға жақындатты. Түргештердің қағаны Сулық арабтарға қарсы батыл да қайратты күш көрсетті, сондықтан оны арабтар «Әбу Мүзахим» (Сүзеген) деп атады. 737 жылы Сулық арабтарға қарсы жорыққа шығып, Тохарстанға дейін жетеді де, қарлұқ жабғысымен қосылады. Еліне қайтып келгеннен кейін оны өзінің қолбасшыларының бірі өлтіреді, осыдан кейін қағанатта өзара қырқыстар өрши түседі.

Сулықтың қазасынан кейін «сары» түргештер мен «қара» түргештер арасында үкімет билігін алу жолындағы ұзақ күрес-тартыс басталып кетеді, ол екі жаққа да ауыр тиді.

748 жылы қытай әскерлері Суяб қаласын уақытша басып алады, келесі жылы Шаш жаулап алып, билеушісін дарға асады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 жылы Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде аббасидтердің әскербасы Зияд ибн Салих пен Кытай қолбасшысы Гао Сяньжи арасында орасан зор арпалыс басталады. Айқас бес күнге созылады. Шешуші сәтте қытайлардың ту сыртындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Қытай әскері толық күйретіледі, ал арабтар Таразды бағындырады.

766 жылы Жетісудағы билікті алғаннан кейін қарлұқ жабғысы арабтарға қарсы күресті бастайды.

806 жылы Соғдыда Рафи ибн Лейс бастаған көтеріліс бұрқ ете қалады, оған «өз түріктерімен бірге Шаш билеушісі», қарлұқтар, тоғыз-оғыздар мен тибеттіктер де қатысқан еді. Бүлікті басып-жаныштағаннан кейін, 810 жылы арабтар қарлұқтардың Құлан қаласына шабуыл жасайды.

812 жылы араб қолбасшысы Фадл ибн Сахл Отырар өңіріне кіріп, ондағы шекара қамалының бастығын өлтіреді, қарлұқ жабғысының балалары мен әйелдерін тұтқынға алады, ал қарлұқ жабғысы қимақтар (кимектер) еліне барып бас сауғалайды. Араб тарихшылары Фараб, Испиджаб пен Шаш арабтар үшін ең тынышсыз иеліктер болғандығын жазады.

ІХ ғасыр бас кезінде араб халифатының саяси тұтастығы бұзыла бастады. Мауераннахр халқының арабтарға қарсы толассыз әрі тынымсыз күресі жергілікті феодалдық аристократияға билікке келуге қолайлы жағдай жасады. Солай болды да. ІХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Хорасан мен Мауераннахрда жергілікті Тахиридтер мен Саманидтер, ал Жетісу мен Сырдарияның орта ағысында қарлұқтар билік ете бастады.

Қарахан әулетінің мемлекеті (942-1210). Мемлекеттің қалыптасуында қарлұқ конфедерациясына кірген тайпалар маңызды рөл атқарды. Әулет атасы Сатұқ Боғра-хан 942 жылы өзін жоғарғы қағанмын деп жариялайды.

Х ғасыр соңына қарай Қарахандар саманидтердің Орта Азиядағы иеліктерін, астанасы Бұхарамен бірге жаулап алады. Қарахандар мен Қыпшақ хандығының шебі Тараз қаласына жуық өтетін. Ал солтүстік-шығыс бетте Қарахандар шекарасы Балқаш көлі мен Алакөл шетінен аспайтын. Шығыста олар ұйғырлармен шектелетін.

ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханидтер мемлекетінің иелігі батыста Мауреннахрдан шығыста Жетісу мен Қашқарға дейін созылатын.

Карахандар мемлекеті, шекаралары тұрақты, толып жатқан еншіліктерге бөлінетін. Еншілік иелерінің құқықтары зор болатын, олар өз атымен теңгелер шығаруға дейін баратын. Осындай ірі иеліктердің бірі, тіпті тәуелсіз мемлекеттің бірі солтүстік-шығыс Жетісудағы, Жоңғар Алатауындағы Қарлұқ жабғысының мемлекеті болды. Оның орталығы Қойлық (Қаялық) қаласы болған еді.

XI ғасырдың 30-шы жылдарының аяққы кезінде Қарахан әулетінің мемлекеті екіге бөлінеді. Батыс хандыққа Ходжентке дейінгі Мауераннахр кірді. Астанасы Бұхара қаласы болған еді. Шығыс хандық құрамына Тараз, Испиджаб, Шаш, Ферғана, Жетісу мен Қашғар кірді. Оның астанасы Баласағұн қаласы болған.

Қарахан әулетінің хандары билікті орталықтандыруға ұмтылды, алайда бұл әрекеттері нәтижесіз болды, өйткені билеушілер жиі алмасып отырды. Соңынан қарахан әулетінің мемлекетін қарақытайлар толық күйретеді.



Қарақытайлар (1128-1213) мен наймандар мемлекеттері (1213-1219). Қарақытайлардың құрылуы Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссурий өлкесінің аумағын мекендеген б.з. IҮ ғасырынан бастап жазба деректерде моңғол тілді тайпалар ретінде аталатын Орталық Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. 924 жылы Алтайдан бастап, Тынық мұхитқа дейінгі аса кең жер Қидан мемлекетінің (Ляо империясы) қол астына өтеді. Қидандардың билеуші әулеттері Солтүстік Қытайды мекен етті.

1125 жылы Сунь Кытайы мен Чжурчжень мемлекетінің біріккен күші Ляо империясын құлатады. Қидандардың бір бөлігі (40 мың түтін) Елюй Дашы қолбасшымен бірге Еміл өзенінің бойына жетеді де, сол арадан қала салады. Жетісуда қидандарды қарақытайлар деп атайды.

1128 жылы Қарахандар әулетінен шыққан Баласағұн билеушісі өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы аттануга шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Дашы Баласағұнды басып алып, Қарахандар әулетінің билеушісін тағынан тайдырып, Жетісуға өз мемлекетін орнатады. Сосын бірқатар жаулау жорықтарын жасап, мемлекет шекарасын Енисейден Таласқа дейін кеңейтеді. Содан кейін қарақытайлар қаңлыларды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алады. 1137 жылы олар Ходжент жанында Мауераннахрдың иесі Махмұд-ханды талқандады, ал 1141 жылы салжық-қарахандар әскерін күйретеді. Сөйтіп, қарақытайлар Бұхараны және күллі орталық Мауераннахрды басып алады. Жетісу, Оңтүстіқ Қазақстан, Мауераннахр мен Шығыс Түркістан қарақытай мемлекетінің құрамына енеді. Қарақытай мемлекетінің басшысы гүрхан деп аталды. Баласағұн оның иеліктерінің орталығы болып қала береді. Қарахандар әулетін қарақытайлар өз вассалына күштеп айналдырады.

Алайда Жетісудың (Іле аңғары) Іле өзенінен солтүстікке қарай жатқан бір бөлігі бұрынғысынша қарлұқ хандарына тиесілі болып қала берді, олардың арасында қарақытай билеушісінің өкілі өмір сүрді.

1208 жылы Жетісуға Моңғолиядан Шыңғысхан тықсырып қуып шыққан, Күшлік хан бастаған наймандар қашып келеді. Наймандар ұлысының да ұзын-сонар тарихы бар. Олар Орталық Азиядағы ірі мемлекеттік құрылым болды. Наймандардың шығу тегі мен ертедегі тарихы күрделі де, қиын мәселе. Ғылыми әдебиеттегі соңғы мәліметтер олар түрік тілдес болды дегенді нақты дәйектейді. Ғалымдар «найман» терминінің түпкі мәні моңғол тілі тұрғысынан алғанда ашылады, ол конфедерацияға енген тайпалар санына қарап, «сегіз» деген сөз деп болжам жасайды. Көне түрік жазуларында айтылатын «сегіз-оғыздарды» зерттеушілер наймандармен теңдестіреді. VIII ғасырда оғыз тайпаларының бірлестігі Орхон өзенінен бастап, жоғары Ертіске дейінгі жерді алып жатқан. Кейінірек наймандар да сол араны мекен еткен болатын. Сірә, оғыздарды осы наймандар ығыстырған болса керек.

1211 жылғы қарақытай мемлекетінде қалыптасқан жағдайды оңтайлы пайдаланған Күшлік-хан өз одақтастарымен бірге гүрханды тұтқындап, биліктен тайдырады. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеті өмір сүруін тоқтатады. Жетісудағы билік наймандардың басшысы Күшлік-ханның қолына өтеді.



Оғыз мемлекеті. VIII ғасыр орта кезінде түргештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайлары мен Шу алқабына кетіп қалған болатын. IX ғасырдың бас кезінде оғыздардың көсемдері қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, қанғар-печенег бірлестігін күйретеді де, Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңірі даласын басып алады. IX ғасыр соңғы кезінде олар хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қол астына қаратады.

Печенегтермен ұзақ уақытқа созылған күрес-тартысы олардың саяси бірлігін күшейтіп, тайпалардың оғыздық одағын құруға себепші болады. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын ілкі замандардан мекен етіп келе жатқан тайпалар кірді. Оғыздардың этникалық қауымдастығының құрылуы ұзақ және күрделі процесс болды. Әуел баста оғыз тобының өзегі Жетісуда ұйымдасады, алайда батысқа қарай жылжу барысында Оңтүстік және Батыс Қазақстан жерінің көшпелі және жартылай отырықшы халқының есебінен едәуір дәрежеде толығады.

IX ғасыр аяғы мен XI ғасыр бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең аумақты мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері ЬІрғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдариялық Қаратау баурайлары мен Испиджаб шегіне дейін жайылып, шашырап жататын. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, Арал өңірі мен Шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепкен-ді. Тіпті Орталық Қазақстанға дейін де жеткендігін археологиялық ескерткіштер (Аяққамыр, Басқамыр, т.б. қалалар, Домбауыл кесенесі, т.б.) нақты дәлелдеп отыр. Оғыз тұрақтары мен бекіністерінің шекарасы Оңтүстік Орал мен Төменгі Еділ бойына дейін жететін. Оғыздар отырықшы облыстармен, Хорезммен, Мауераннахрмен және Хорасанмен шектесіп жататын.

X ғасырда сонау Хазарияға дейін созылып жататын ұланғайыр дала, сол сияқты Солтүстік Каспийдің құла түзі, Орталық Қазақстан, Оңтүстік-шығыс Қарақұм шөлі мен Арал аймағының Кызылқұмы Оғыз даласы деп аталатын. Демек осы өңірлер белгілі бір кезеңдерде оғыздарға түгелдей дерлік қараған болатын.

Орта Азия мен Шығыс Еуропаға және Орталық Азияға баратын керуен жолдарының тоғысқан жерінде жатқан Янгикент қаласы X ғасырда оғыз мемлекетінің астанасына айналады. «Жабғы» атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болған.

Оғыздар мемлекеті Еуразияның саяси және әскери тарихында маңызды рөл атқарады. 965 жылы олар Киев Русымен одақтасып, Хазар қағанатын талқандайды. X ғасыр орта кезінде хазарлар шекарасы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жиегіне жеткен еді. 985 жылы оғыз жабғысы орыс кінәздарымен бірлесіп, Еділ Бұлғариясын ойрандайды. Осының бәрі оғыз мемлекетінің саяси күш-қуатының өсуіне жол ашқан еді.



Қимақтар мен қыпшақтар. VІІІ ғасырда Қимақ (Кимек) мемлекетінің қалыптасу мен күшеюі басталады. Қимақтар тарихының ерте кезі Солтүстік-Батыс Моңғолиямен тығыз байланысты. VІІ ғасыр орта тұсында олар Алтай тауларынан солтүстікте жатқан Ертіс алабындағы аудандарға қоныс аударады. VІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ІХ ғасырдың бас кезінде қимақ тайпалары солтүстік-батысқа – Оңтүстік Оралға, оңтүстік-батысқа – Жетісуға, Сырдария алабы мен Оңтүстік Қазақстанға қарай жылжиды.

Эймүр, имек, қыпшақ, татар, баяндүр, ланиказ, ажлар секілді жеті тайпадан тұратын қимақ федерациясы құрылып қалыптасады. Кимек тайпалары басшысының байғу (жабғы) деген атағы (титулы) болған. Кимек тайпалары қағанатында ең күшті әрі ықпалды тайпа қыпшақтар болған еді. VІІІ ғасырдан ХІ ғасыр бас кезіне дейін қимақтар шығыста Алтай мен Ертістен, батыста Оңтүстік Орал таулары мен Еділге дейінгі орасан зор аумақта тіршілік етті.

ІХ ғасыр соңы мен Х ғасыр бас кезі аралығында Оңтүстік Орал тау алды аймағы мен одан оңтүстікке таман өңірде қимақтарға туыстас куман тайпалары мекен етті. Олардың көшіп-қонып жүретін негізгі облысы Мұғалжар таулары болды, мұнда олардың астанасы орналасты. Олардан оңтүстікке қарай – оғыздар мен қимақтар, батыста – печенегтер, солтүстік-батыста – бұлғарлар, солтүстік-шығыста – қыпшақтар өмір сүрген болатын.

IX ғасыр бас кезінде Қимақ қағанаты құлағаннан кейін Қазақстан аумағындағы әскери-саяси күш қыпшақ хандарының қолдарына өтеді. Қыпшақ ақсүйектері оғыз жабғысын Орталық Қазақстаннан, Сырдарияның төменгі және орта ағысынан, Арал маңы мен Каспий далаларынан ығыстырып шығарады.

ХІ ғасырдың екінші ширегінің бас кезінде Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) атауы бұрын жазба дереккөздерінде қолданылып келген Мафазат әл-ғұз (Оғыз даласы) атауын ығыстырып шығарады. ХІ ғасыр орта тұсында қыпшақтар Еділ өзенінен ары қарай батысқа жылжи бастады, сөйтіп Русь, Византия, Венгрия халықтарымен мәдени байланыстарға түседі. Дешті Қыпшақ тарихи-географиялық облысы Ертістен Днестр өзеніне дейінгі аумақты алып жатты. Оны шартты түрде Еділ өзені алабы бойынша Батыс Дешті Қыпшақ және Шығыс Дешті Қыпшақ деп екі ірі этноаумақтық бөлікке жіктеуге болады.

Қыпшақ аумағы өзіне қыпшақ, сондай-ақ қимақ, куман, ежелгі башқұрт және оғыз тайпаларын сіңірді. Оған ХІІ ғасырда Арал далалары шебін мекендеген көптеген қаңлы тайпалары, сонымен қатар қарлұқтар мен шігілдер де кірген еді.

ХІ ғасыр ортасына таман қыпшақ тайпалары шығыста Алтай мен Ертіс өзеніне шейінгі, батыста Оңтүстік Оралға дейінгі, оңтүстікте Балқаш көліне шейінгі, ал солтүстікте Оңтүстік-Батыс Сібір орманды-далалы өңіріне дейінгі кең байтақ аумаққа қоныстанды.

ХІ ғасырдың екінші жартысында қыпшақ тайпалары Маңғыстау мен Үстіртте оғыз тайпаларының топтарымен бірге көшіп жүрді.

Қыпшақ хандары оңтүстікте өз мемлекеттерінің шекарасын кеңейтіп, Тараз қаласының шетіне дейін жетті, мұнда Қанжиек, Сеңгір бекіністерін тұрғызған. Балқаш көлі қыпшақтар мен қараханидтер арасындағы табиғи шекара болды. Шығыста, Алтай мен Ертістің жоғарғы ағысында қыпшақ жерлері қаңлы, найман және керейіт иеліктерімен шекараласты. Қыпшақ хандығының солтүстік шекарасы қазіргі қазақ даласын Сібірден бөліп тұрған орманды-далалы аймақтан өтті. Батыста қыпшақтардың көршілері Еділ мен Орал маңындағы бұлғар және башқұрт халықтары болды.

Қазақстан аумағындағы қыпшақтардың көшіп-қонып жүретін жерлері Есіл, Тобыл, Нұра, Елек пен Сарысу қойнаулары болған еді. Маңғыстау мен Үстірттегі қыстақтарынан олар жаздыгүні Жем, Сағыз, Ойыл, Қобда, Жайық (Орал) өзендерінің алабындағы жайлауларына көшті.

ХІІІ ғасыр бас кезінде Мұхаммед (1200-1220 жж.) басқарған Хорезмшах мемлекетінің құрамына қыпшақтардың Сығанақ облысы да кірді, алайда Сығанаққа деген иелігін жоғалтқан қыпшақ хандары Хорезммен күресін тоқтатқан жоқ. 1216 жылы осындай Қадыр-ханға қарсы жорықтардың бірінде олар Ырғыз өзеніне дейін жетеді де, Торғай даласында қыпшақтарға қашқан меркіттерді қуып келе жатқан Шыңғысхан әскерімен кездесіп қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан аумағына бірінші рет келуі еді. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ моңғол шапқыншылығы басталды.



Моңғол шапқыншылығы мен Моңғол империясының құрылуы. ХІІ ғасыр ортасында моңғол тайпалары Орхон мен Керулен өзенінен батысқа қарай жылжып, Моңғол Алтайы мен Ертістің жоғарғы ағысынан наймандар мен қыпшақтарды ығыстырды. Моңғолдар солтүстікте Байкалдан Енисейдің жоғарғы ағысына дейінгі, оңтүстікте Гоби шөліне шейінгі аумақты қоныстанып жатты.

Моңғол, керейіт, найман, татар, қоңырат және басқа да көптеген моңғол және түрік тайпалары арасындағы толассыз қақтығыстар мен соғыстар ХІІІ ғасыр бас кезінде Шыңғысхан басқарған Моңғол мемлекетінің қалыптасуына алып келді. 20 жылдай аяусыз күрес жүргізген Шыңғысхан барлық моңғол тайпаларын біріктіріп, жеке дара билеушіге айналды. 1205 жылы Құрылтайда моңғол шонжарлары Темучинді жоғарғы билеуші етіп, Шыңғысхан деген атпен хан сайлады.

Тарихи дереккөздерінде жаулап алушылар әркелкі аталды: «моңғолдар», татар-моңғолдар», «татарлар», моңғол-татарлар». «Татар» этнонимі шығыс моңғол тайпаларының бір бөлігіне ғана қолданылды. Моңғолияның барлық тұрғындары Қытайда «татарлар» деп аталынды, Қытай деректемелері арқылы ол араб, парсы, орыс және батыс-еуропалық дереккөздеріне өтті. Шыңғысхан мен оның айналасындағылар өздерін «моңғол» деп атады, ал мемлекетін «моңғолдық» деп көрсетті. «Татар-моңғол», «моңғол-татар» сөздері кейіннен қалыптасқан.

Қытайға басып кіргеннен кейін және оны жаулап алғаннан соң (1211-1215) моңғол армиясы қытай әскери техникасымен – қабырғаны атқылайтын және от ататын қарумен қаруланды.

1218-1219 жылдары моңғолдар көршілес елдердің көптеген халықтарын жаулап алды. Енисей қырғыздары мен буряттардың жерлері тартып алынады, Ұйғырдың Тұрфан бектігі моңғол бодандығын өз еркімен қабылдайды. Цинь империясының әскерін талқандағаннан кейін, моңғолдар Солтүстік Қытайды басып алады.

Шыңғысханның келесі міндеті батыс елдерін – Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказдың ар жағын, Шығыс Еуропаны жаулап алу болады.

Моңғолдар Жетісуды ешбір қарсылықсыз басып алады. Сегіз жыл ел басқарған найман билеушісінің (Күшлік-хан) Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушісімен болған соғыстары Жетісу тұрғындарын қажытқан еді. Күшліктің мұсылмандарды қудалауы да халықтың ашу-ызасын туғызды, сондықтан да дінге қысым көрсетпейміз деген моңғолдар құтқарушы ретінде қарсы алынды. Мұхаммед Хайдар Дулати келтірген мәліметтерге қарағанда, Күшлік-хан исламды уағыздаған бір ғұламамен айтысады. Ол исламның хақ дін екендігін Күшлікке дәлелдеп береді. Бұған ыза болған әрі христиан ілімінің артықшылықтарын қорғай алмаған Күшлік ислам құндылықтарын мойындағысы келмей, ғұламаны қала қақпасына айқыштап керіп өлтіреді де, оның денесін алуға ұзақ уақыт рұқсат бермейді. Мұндай оқиғалар әрине жергілікті халықтың наразылығын туғызған еді.

Бұдан бұрынырақ 1210-1211 жылдары қарлұқ билеушісі Арыслан хан Шыңғысханның қоластына өткен болатын. 1217 жылы ұйғырлардың билеушісі Бұзар да моңғол ханының вассалына айналған еді. 1218 жылы Баласағұн қаласы моңғолдарға соғыссыз беріледі.

Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алу моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан арқылы Орта Азияға шапқыншылық жасауға жол ашты.

Бұхараға қарай негізгі күшпен жылжыған Шыңғысхан Отырарды алу үшін Шағатай мен Үгедейге бірнеше түмен әскер қалдырып кетеді, алты айдан кейін Отырар күйрейді. Сырдарияның жоғарғы және төменгі жағына, сондағы қалаларды бағындыруға, егер қарсылық көрсеткен жағдайда қиратуға бұйрық алған моңғолдардың бірнеше отряды жіберілді, нәтижесінде Сығанақ, Асанас, Жент, Янгикент қалалары басып алынды.

Сөйтіп, 1219-1224 жылдары моңғол басқыншылығы салдарынан Қазақсан Шыңғысхан империясының құрамына енеді.

Қазақстан моңғол империясының құрамында. Қазақстан аумағы үш моңғол ұлысының құрамына енді: оның дені (далалық жағы) – Жошы ұлысына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Казақстан – Шағатай ұлысына, Солтүстік-Шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді. Жошының еншілігі Ертістің батысынан Жетісудің теріскейін қамтып, Дешті-Кыпшақтың бүкіл шығысын Төменгі Еділ бойына дейін алып жатты. Шағатай ұлысы жоғарыда айтылған жерлер үстіне Шығыс Түркістан мен Мауераннахрды қосып алды, Үгедей – Батыс Моңғолия мен Жоғарғы Ертіс, Тарбағатай аудандарын биледі.

Шыңғыс әулеті өз ұлыстарын тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысты. 1227 жылы Шыңғысхан дүние салғаннан кейін, бұл ұмтылыс күшейе түседі де, империя бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге бөлініп кетеді.

Шағатай ұлысында, ең алдымен Жетісу аумағында билікке үміткер Шағатай мен Үгедей ұрпақтары арасында толассыз соғыстар болып тұрды. Өзара қырқыстарға Шыңғыс тұқымдарының бірін қолдаған көшпелі феодалдардың топтары да қатысты.

ХІҮ ғасырдың бірінші жартысындағы Хайду мирасқорлары арасындағы өзара қырқыстар Жетісуға экономикалық зардаптар алып келді. Бұл жөнінде Махмұд ибн Уәли өз шығармасында толымды түрде көрсетіп кеткен.

Бұл процесс одан бұрын басталған болатын. Моңғол шапқыншылығы қалалық мәдениетті қиратпағанымен, оған біршама ауыртпалықтар әкелді. Орасан зор армияның өңір жерімен жүріп өтуі егіншілік алқаптардың гүлденіп тұра беруіне кері әсерін тигізді.

Жошы қайтыс болғаннан кейін (1225 жылы) оның орнын ұлы Бату (Батый) басады. Ол Дешті-Қыпшақ пен Еділ бұлғарларының жеріне, одан әрі Батыс елдеріне жаулау жорығын жасайды. Орыстың аса ірі кінәздіктері талқандалып, Польша, Венгрия, Чехияны және басқа елдерді талап, құлазытады. Жеті жылдық жорық нәтижесінде (1236-1242) Батыйдың қоластына Еділдің батысынан Дунайдың төменгі жағына дейінгі жерлер қарайды, әрине оның ішінде Қырым, Солтүстік Кавказ бен Батыс қыпшақ (половцылар) даласы да кіреді. Еділдің төменгі бойына қайта оралған Бату бұл арада жаңа мемлекеттің негізін салады, ол кейінірек Алтын Орда деп аталады. Оған Жошы ұлысының аумағы Шығыс Дешті-Қыпшақ, Хорезм мен Батыс Сібірдің бір бөлігі, сол сияқты жаңадан жаулап алынған жерлер кіреді.

Батухан негізін салған мемлекет шығыс деректерінде Жошы ұлысы, сол сияқты Жошы ұрпағы хандарының атымен (Бату ұлысы, Берке ұлысы, т. б.) деп аталады. Ұлыстың астанасы Сарай-Бату (Астраханға жақын жерде), кейінірек Сарай-Берке қалалары болған.

Алтын Орда көп ұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол қоғамдық-экономикалық дамуының деңгейі жағынан бір-бірінен айырмашылығы үлкен, өзіндік мәдениеті мен әдет-ғұрыптары бар әралуан халықтар мен тайпалардан құралды. Дешті-Қыпшақ даласындағы көшпелілердің басым көпшілігі ең әуелі қыпшақтар, сосын барып қаңлылар, қарлұқтар, наймандар, т.б. болған еді. Алтын Орданың отырықшы облыстарында бұлғарлар мен мордвалар, орыстар мен гректер, шеркестер мен хорезмдіктер, т. б. тұратын. Ордадағы моңғолдардың өздері тіпті аз еді, ал XIII ғасыр соңында және XIV ғасырды моңғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді.

Алтын Орданың мемлекеттік құрылымы тұтас алғанда Шыңғысхан енгізген үлгінің ізімен жүрді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандардың меншігі саналды. Аса маңызды мемлекеттік мәселерді шешу үшін билеуші әулет мүшелері бастаған ақсүйектердің жалпы жиналысы-құрылтай шақырылды.

Моңғол шапқыншылығы мен оның өктемдігі Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қалыптасқан шаруашылығы дамуының экономикалық негізін қиратып, осынау аудандардың бірігу процестерін баяулатты, олардың өзара шаруашылық, этникалық, мәдени жағынан бір-біріне және төңірегіндегі далаға әсер етіп, араласып-құраласып кетуіне кері әсерін тигізді. Бағындырылған елдердің көшпелі және жартылай көшпелі жұрты Шыңғыс әулетінің ұлыстарына енеді, сөйтіп ондық, жүздік, мындықтарға және басқаларға бөлінеді жөне бұл істе жергілікті халықтың рулық-тайпалық құрылымы қатты ескеріледі, бұл әрине оның жаңа орынға ұзақ уақыт тұрақтап бекіп қалуын қамтамасыз ететін манызды фактор болатын.

Моңғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге, кейбір жағымды жақтары да болғандығы белгілі. Моңғол үкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасайды, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметінің тұтас жүйесін енгізеді. Бұрын алыс қиянда жатқан халықтар арасында сауда және мәдени байланыстар орнатылады. Ұлыстар аумағымен сауда керуендері, елшілік миссиялары ағылып жатады, саяхатшылар ит арқасы-қияндағы өлкелерге сапар шегіп, Еуропаға Азияның бұрын құлақ естіп, көз көрмеген елдері мен халықтары туралы мәліметтер жеткізеді. Әмір Темірдің ірі үш жорығынан кейін (1389, 1391 және 1395 жылдары) Алтын Орда күйрейді. Алтын Ордағы жорығы кезінде Әмір Темір әскерлері Қазақстан, Кавказ, Оңтүстік Русь тұрғындарын аяусыз тонады. Батыс Қазақстандағы, Еділ мен Қырымдағы Алтын Орданың бірқатар ірі қалалары қиратылды.

Ақ Орда мемлекеті. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағын ХІІІ ғасыр мен ХV ғасыр бас кезінде Ақ Орда мемлекеті алып жатты.

Рашид әд-Диннің жазуына қарағанда (XIV ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын), әкесінің көзі тірісінде, үш інісімен бірге, Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Ичен) алады. Бату хан ұрпақтарына номинальды түрде вассал болғанымен, Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер еді.

Орда Еженнің ұлысына әуелгі кезде Жетісудің солтүстік-шығыс бөлігі, Ертіс өңірі, Ұлытау мен Кентауға дейінгі дала кіреді. Жайық, Ырғыз, Торғай, Тобыл мен Сарысу өзендері алқаптарында, Арал өңірінің даласы мен Төменгі Сырдария бойында Жошының тағы бір ұлы – Шәйбанның ұлысы болды.

Енді Ақ Орданың саяси орталығы Қазақстанның оңтүстігіне көшеді де, Сығанақ қаласы астанаға айналады.

Әсілі, осы оқиғаға байланысты мемлекеттің аты өзгергенге ұқсайды: бірқатар зерттеушілер Қазақстан жеріндегі осы бір мемлекетті Көк Орда деп атайды. Тегі, Орда Ежен иелігінің аты бастапқы кезде Көк Орда, ал Шәйбанның ұлысы – Ақ Орда деп аталса керек (бәлкім, Бату ханның бүкіл иелігі – Шәйбан ұлысын да қоса – Ақ Орда деп аталған шығар). Шәйбан ұлысы Орда ұрпақтары иелігі құрамына кіргеннен кейін, бүкіл мемлекет Ақ Орда деп аталып кетеді. Тарихи деректерде бұл атау XV ғасырдан бастап белгілі.

Ақ Орда дербес мемлекет ретінде, моңғолдан кейінгі кезеңде, шаруашылық қайта түлеп жаңғыра бастаған, жергілікті түрік және түріктенген ақсүйектер рөлі күшейген жағдайда қалыптасты. Онда ежелден Қазақстан даласын мекендеген түрік тілді тайпалар және Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде шығыс аудандардан осы араға ауып келгендер тұратын.

Ақ Орданың саяси тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқыдағы Ақ Орданың саяси тарихы Шығыс Дешті Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласып кетеді, ал өз тарихының соңғы түйінді (үшінші) кезеңінде Мауераннахр билеушісі Әмір Темір мен Темір ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі.

Алтын Ордаға сырттай тәуелді болудан бұлар XIV ғасыр орта кезінде Ерзен хан мен Мүбәрак қожа (1320-1344) тұсында ғана біржолата құтылады. Ақ Орда XIV ғасыр 60-70 жылдары билік құрған Орыс-хан кезінде кәдімгідей нығаяды. Темір жаулаушылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы соған түседі.

Әмір Темірдің Ақ Ордаға қарсы саясаты этникалық бірлесуді және мемлекеттілік дамуды тежеді.

Темірдің басқыншылық соғыстары мен ішкі талас-тартыстан XIV ғасыр аяғы мен XV ғас бас кезінде Ақ Орда әлсіреп қалады. 1423-1428 жылдары Орыс-ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтіреді, бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың басым бөлігінің билігі Шәйбан ұрпағы Әбілхайырдың қолына көшеді.

Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының әулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі XIV-XV ғасырларда Қазақстан аумағындағы этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды.

Моғолстан мемлекеті. Моғолстан мемлекеті ХІҮ ғасыр ортасында Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс аумағында қалыптасты. Оған Орта Азия солтүстік-шығысы, Жетісу мен Шығыс Түркістан аумақтары кірді.

Моғолстанда аса ірі дулаттар тайпасының әмірі Болатшы бастаған феодалдық тектілер 1347-1348 жылдары жаңа мемлекеттің хан тағына Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді отырғызады, ол Моғолстан билеушілері әулетінің негізін салады.

«Моғолстан» тарихи-географиялық термині «моғол» атауынан шыққан. «Моңғол» есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындыларда «моғол» деп айтылып, жазылатын болған. Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның, Қырғызстанмен Шығыс Түркістанның теріскей бөлігіндегі орасан мол аймақты Шағатай ұлысының кезінде де тап осылай деп атайтын, өйткені отырықшы-егінші Мауераннахрға қарағанда, мұнда көшпелілердің салт-дәстүрі берік сақталғанды және бұл араға ауып келген моңғолдар саны басқа аудандардан гөрі көбірек болатын.

Моғолстан мемлекетінің шекаралары ол өмір сүрген кездері үнемі өзгеріп тұрды. Олар батыстағы Ташкент пен Түркістан уәлаяттарынан шығыстағы Баркөл мен Хами қаласына шейін, солтүстікте Балқаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңтүстіктегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатқан «7-8 айлық жол» еді.

Моғолстан халқының құрамында түрік (дулаттар, қаңлылар (бекшіктер), керейіттер (керейлер), үйсіндер және т.б.) және түріктенген моңғол тайпалары бар болатын, олар «моғолдар» атты түрік тілді этникалық-саяси қауымдастықты құрайтын. Мемлекеттің өзегін ұзақ уақыт дулаттар құрады. Дулат әмірлері Моғолстан хандарынан «он екі артықшылықтар» алған.

Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс, көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылықтарды тойтару жағы өте көп болған. Әсіресе Темірдің шапқыншылығынан жиі қорғануға тура келді.

Темір жаулаушылығына қарсы жүргізілген қанды күресте әл-дәрменнен айрылған Моғолстан еншіліктерге бөлініп кетеді. Елдің шығыс шебіне ойраттар шабуыл жасауды жиілетеді (моңғолдардың батыс бөлігі; Орта Азия деректерінде «қалмақ» деп аталады). Уәйс-хан (арада үзілісі бар 1418-1428 жылдары ел билеген) олармен сан рет шайқасады. Ол өз ордасын Тұрфаннан Жетісудағы Ілебалық деген жерге көшіруге мәжбүр болады.

Уәйіс-ханнан соң күн өткен сайын Моғолстаннан азып-тозу белгілері көріне бастайды. Ішкі күрес-тартыста дулат бастаған ақсүйектер тобы жеңіске жетеді де, олар Уәйіс-ханның ұлы Есенбүғыны (1433-1462) қолдайды. Есенбұғы тұсында, ХҮ ғасырдың 50-60 жылдары Шығыс Дешті Қыпшақтан Жетісуға қазақтың Жәнібек пен Керей бастаған қалың бір бөлегі көшіп келеді. Сөйтіп, уақыт өте келе Моғолстан жері Қазақ хандығының алтын бесігіне айналды. Осында тұрақтаған олар Әбілхайыр хандығынан келген ру-тайпаларды қабылдап, кейіннен жеке мемлекет құрады.

Ал, Моғолстан иеліктер үшін үнемі болып тұрған соғыстар салдарынан келесі ғасырда толық күйреді. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары біршама уақыттардан соң Қазақ хандығының құрамына енеді.

Әбілхайыр хандығы. XV ғасырдың 20 жылдары Қазақстанның байтақ даласында Шәйбан ұрпағы Әбілхайырдың хандығы қалыптасады. Ол Ақ Орданың таралуы нәтижесінде қалыптасады. Тарихи әдебиеттерде бұл мемлекеттің «Көшпелі өзбек хандығы», «Өзбек хандығы» деген басқа да атаулары бар.

1428 жылы хан тағына отырған Әбілхайыр дербес хандық құрып, Қазақстанның далалық аудандарының орасан кең жеріндегі өкімет билігін қырық жыл бойы қолында ұстап тұрды. Әбілхайыр хандығының аумағы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатты.

Хандықтың этникалық құрамы, Ақ Орда халқының құрамы сияқты, күрделі болды. Бұған, негізінен, жаңағы саяси бірлестікке кірген тайпалар кірді. Олардың ішінен деректемелер қыпшақ, найман, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, үйсін, ұйғыр, т.б. атап кетеді. Олардың арғы тегі ерте ортағасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Оңтүстік-Шығыс Казақстан тұрғындары еді.

ХVІ соңы мен ХV ғасыр алғашқы жартысында олар өзбек атты жалпы саяси атаумен де белгілі болды.

Сығанақ хандықтың орталығына айналады.

ХV ғасырдың 50-жылдарының аяғы мен 60-жылдарының бас кезінде Әбілхайыр қарауындағы тайпалардың едәуір бөлігі Жәнібек пен Керей сұлтандардың бастауымен қопарыла көшіп, Моғолстанның батыс жағына келіп қоныстанады, ол 1468 жылы бұларға қарсы қанды жорыққа шығады, бірақ жолай қайтыс болады.

Әбілхайыр хандығы тарап кетеді. Мемлекеттің жеке-жеке иеліктерінің арасында іштей баянды байланыстың орнатылмағаны, жер-суды бөлісу үшін ұдайы болып жататын әулеттік араздық пен өзара қырқыстар және қатардағы көшпелілердің рақымсыз қанау мен езгіге көрсететін қарсылығы, сөйтіп қыруар халықтың басқа жерге дүрлігіп көшіп кетуі – осының бәрі қосылып, хандықты әлсіретіп, оның құлауына апарып соққан еді.

Оның ұрпағы Мұхаммед Шайбани біршама жылдар бойы қазақ хандарымен күресіп, ақырында оңтүстікке ығысады, мұнда Темір әулетінің иеліктерін тартып алады. Онымен бірге кеткен көптеген ру-тайпалар «өзбек» атауын өздерімен бірге ала кетті.



Ноғай Ордасы. Алтын Орда ыдырау кезінде пайда болған аса ірі мемлекеттік бірлестіктің бірі Ноғай Ордасы XIV-XV ғасырларда Батыс Қазақстан аумағының бір бөлігіналып жатты. Алғашқы кезде XIV ғасыр соңынан бастап, Жайық пен Еділ арасындағы тайпалар бірлестігі, оның ең бір көп тайпасының атымен «Маңғыт жұрты» деп аталатын.

Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. XV ғасыр екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы шебінен өтіп, Әбілхайыр хандығының өріс-қонысын басып ала бастайды.

Ноғай Ордасының құрамы белгілі бір кезеңге дейін, сол аймақтың түрік халықтарының бас қосып, ынтымақтасуы аяқталғанға дейін Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығының құрамына жақын бол ған еді. Ноғай Ордасының құрамына түрік және түріктенген моңғол тайпалары мен тайпалық бірліктер кірді: маңғыттар, қыпшақтар, қаңлылар, қоңыраттар, наймандар, үйсіндер, қарлұқтар, алшындар, тамалар, т. б. енді. Ноғай Ордасы этникалық-саяси бірлестік ретінде пайда болады. Оған кірген тайпалар XV ғасыр аяғында ноғай халқының негізін қалады.

Қазан және Астрахань хандықтары Ресей құрамына өткеннен кейін, сонымен қатар Ноғай Ордасындағы билік үшін болған өзара талас-тартыстан соң мемлекет бірнеше иеліктерге бөлініп кетті.



Қазақ хандығы. Қазақ хандары ортақ мемлекеттілікке және бірлестікке ұзақ уақыт бойы этносаяси және шаруашылық-мәдени дамуы дайын болған жерлерді біріктірді.

ХІV-ХV ғасырлардағы біртұтас экономикалық өңірдің қалыптасуына экономикасы аралас көшпелі, мал өсіруші және сауда-қолөнер бағыттарында шаруашылық қарекет жүргізілген облыстарға табиғи интеграцияның тигізген әсерінен барлық өңірді бір саяси құрылымға біріктіруге жағдай пісіп жетілді. Көшпелі және отырықшы өңірлердің экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының күшеюі ұзаққа созылған халық ретінде қалыптасу процесін аяқтай бастаған қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне нақты мүмкіндіктер туғызды.

Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына тікелей әсер еткен шынайы себептер мен жағдайлар болатын.

Алғашқы қазақ хандарының мемлекетті қалыптастыруға және сақтап қалуға ұмтылысы қазақ ру-тайпаларының шонжарлары тарапынан қолдау тапты. ХV ғасыр орта тұсында-ақ Керей мен Жәнібек жанына олардың біразы жиналып қалған болатын. Жәнібек пен Керей біртіндеп мемлекет аумағын ұлғайта берді. Олардың ата-бабалары Ақ Орда хандары болған еді. Сондықтан да екі сұлтан бұрынғы Ақ Орда аумағында билік құруды аңсады. Әбілхайыр хан 1446 жылдары Сырдария өңіріндегі бірқатар қалаларды (Сығанақ, Созақ, Аркөк, Үзгенд, Ақ-Қорған) басып алғаннан кейін ол біраз уақыт күшейіп тұрды. Кейіннен ру-тайпа аралық қатығыстарда Әбілхайырдан қолдау таппаған Керей мен Жәнібек өздері басқарып отырған рулармен бірге хандықтан іргесін аулақ салып Моғолстан жеріне көшіп кетеді. Осы кезден бастап Әбілхайырдың жүргізген саясатына риза емес халықтың топтары олардың жанына жинала бастайды.

ХV ғасырдың 20-жылдары ойраттар жайылым іздеп әрі сауда орталықтарына жақын келіп Жетісу жеріне шапқыншылықтар жасай бастайды. 1457 жылы Әбілхайыр хан ойраттардан қатты жеңіліске ұшырайды. Оған ауыр шартпен бітім жасасуға тура келді, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында, соның ішінде Қазақстанның оңтүстігінде де өзінің билігін мойындамағандарды жазалай отырып, қатал шаралармен тәртіп орната бастады.

Тынымсыз дерлік өзара тартыстар мен соғыстар халық бұқарасының жағдайына ауыр тиді. Соғыс қимылдары қатардағы көшпелілерді өнімді еңбектен қол үздірді, оларға бақытсыздық пен қайыршылық, кесел мен өлім-жітім әкелді. Халық бұқарасының наразылығы ортағасырлық көшпелі қоғамға тән қарсыласу түрінде – өз әкімдерінің билігінен кетіп қалуға, басқа жаққа көшіп кетуге әкеп соқтырды. XV ғасырдың 50-жылдардың соңғы шенінен бастап ондаған жылдар бойы осындай бір үдере көшіп кетушілік — қазақ халқының бір бөлігінің Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне, Моғолстан жеріне жаппай көшіп баруы еді.

Қазақ хандығы алғашқы уақытта Батыс Жетісу аумағын, Шу мен Талас өзендері аңғарын алып жатты. Ол жергілікті халықпен бірге, Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан келген ру-тайпаларды біріктірді. Бұл жөніндегі хабар алғаш рет Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-Рашиди» деп аталатын шығармасында келтіріледі, ол Қазақ хандығының құрылуын 1465-1466 жылдарға жатқызады, келесі бір авторлар оны 1470 жылы болған оқиға деп есептейді.

XV ғасыр соңында Қазақ хандығы экономикалық жағынан нығайып, қазақтардың этникалық аймақтарының едәуір бөлігін өзіне қосып алу арқылы жер көлемін кеңейте түсті.

ХVІ ғасырдың бас кезінде Қазақ хандығы Сарыарқа мен Моғолстанның бір бөлігін алып жатты.

Қазақ хандығы өзінің ең жоғары қуаттылығына XVI ғасыр бірінші ширегінде, әсіресе Қасым хан (1512-1521) тұсында жетті. Ол Жәнібектің ұлы болатын (1455 жылдары туылған).

Қасым ханның қол астындағы халық миллион адамға жетті. Оның тұсында Қазақ хандығы батыс елдеріне де танымал болды.

ХVІ ғасырдың 20-жылдарында Қасым ханның қайтыс болуы Жошы ұрпақтары арасындағы өзара қырқыстарды күшейтіп, Қазақ хандығын әлсіретті. Өзбек және моғол билеушілері қазақ хандарына қарсы тұрды. Сырдария өңіріндегі бірқатар қалалардан хандық айырылып қалды. Түркістан уәлаяты шәйбандық Ұбайдолла сұлтанға бағынды. Қазақ ханы Тахыр (1523-1533) Ноғай Ордасымен болған соғыста сәтсіздіктерге ұшырады. Ішкі қарсылықтар Тахырды Жетісуға қарай жылжуға мәжбүр етті, мұнда ол қырғыздармен бірге моғол ханы Сұлтан Саидқа қарсы шықты.

ХVІ ғасыр соңына қарай Сырдария қалалары Сығанақ, Отырар, Түркістан (ХҮІ ғасырдан бастап Ясы қаласы осылай атала бастады) және басқалары Мауреннахрдағы шәйбанидтер мемлекетінің құрамына өтті.

Түркістан аймағында тұрған қазақтар Өзбек ханы Бараққа, оның ұлы Баба сұлтанға бағынды. Өзге басқарушылардың билеп-төстеуіне, әсіресе, далалық кеңістіктердің көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халқы жиі өтіп отырды. ХVІ ғасыр екінші ширегінде қазақ хандары оңтүстік-шығыста моғолдар мен ойрат тайпаларымен, батыс пен солтүстікте ноғайлармен, башқұрттармен теке-тіресіп тұрды.

Ақназар (Хақназар) хан қазақтардың құқығын әкесі Қасым хан тұсындағы дәрежеге жеткізу үшін және де сол кездері үлкен аумақты алып жатқан мемлекеттің күшін қалпына келтіру үшін ұзақ жылдар бойы күресті.

1586 жылы Тәуекел (Шығай ханның ұлы) Түркістандағы бірқатар қалаларды басып алды, Ташкентті алуға әрекеттенді. 1586 жылдан 1594 жылға дейінгі аралықта оған қазақтың өзге сұлтандарымен, Ақназардың ұлдарымен үзаққа созылған күресте хандық құруға деген өз құқын бекітуге тура келді.|

Қазақтың жаңа ханы, Шығай ханның ұлы Есімнің (1598-1628) тұсында Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, сондай-ақ уәлаятымен қоса Ташкент, бірсыпыра уақытқа Ферғана кірді.

XVII ғасыр Қазақстандағы ішкі саяси өмір тұрақтылығымен ерекшелене қойған жоқ. Қазақ хандығы барған сайын бөлшектене түсті, феодалдық ала ауыздықтар күшейді. Көшпелі ақсүйектердің әр түрлі топтары өзара бақталастыққа берілді. Бірте-бірте үш жүздің әр қайсысында өз алдына жеке хандар пайда болды. Қазақ хандығының сыртқы жағдайы қиындай түсті.

1635 жылы Жоңғар хандығының құрылуына байланысты ойраттардың Ертіс маңындағы және Жетісудағы қазақ жерлерін басып алу қаупі арта түсті. Цин империясының ығыстыруынан жаңа жайылымдар және Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның сауда-қолөнер орталықтарына шығу жолдарын іздеген олар қазақ жерлеріне зорлық жасауын бәсеңдетпеді.

XVII ғасыр соңына қарай жоңғар әскерлері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Бірнеше қазақ ұлыстары талқандалды, тоғыз қала жаулап алынды, олардың арасында Сайрам, Манкент, Қарааспан, Шымкент, Ташкент және басқа қалалар болған еді. Сайрам тұрғындары жауға табанды қарсылық кәрсете білді; Қалдан қалдырған уәли өлтірілді, мұның өзі ойраттар әскерінің Оңтүстік Казақстанға қайтадан басып кіруіне әкеп соқты. Сайрам күшпен алынып, талқандалды; тұрғындарының бір бөлігі Жоңғария мен Шығыс Түркістанға зорлап әкетілді.

Тәуке хан билік еткен кезеңде (1655/80-1718) Қазақ хандығының нығайтылуы, қазақтардың қырғыздармен және қарақалпақтармен одақтасуы жоңғарлардың қазақ жерлеріне шабуылын уақытша бәсеңдетті. Олардың 1680 жылы Оңтүстік Қазақстанға шабуылдаған уақытында тек Түркістан қаласы ғана жоңғарлардың тонаушылығынан аман қалды. Өйткені онда әскерлерімен Тәуке хан болған еді.

Жоңғарлардың салған ойраны Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалар тіршілігінің бірте-бірте сөнуінің басты себептерінің бірі болды. Жонғарлардың шапқыншылығы маңызды сауда жолдарын кесіп тастады, бейбіт халықтың шаруашылығына үлкен зиянын тигізді.

Тәуке ханға ыдырай бастаған хандықтағы саяси жағдайды аздап бірыңғайлаудың сәті түсті. Хандық өкімет билігінің беделін көтеріп, ақсүйектердің бөлініп, оңашалануын тоқтату, халықты біріктіру үшін, ол бірсыпыра шараларды іске асырды, Оның тұсында құқықтық тәртіп пен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптерін айқындайтын әдеттегі құқықтың «Жеті жарғы» деп аталған нормалар жиынтығы жасалады.

Бірақ біршама тыныштық ұзаққа созылмады. Жоңғарлардың қазақ жерлеріне шапқыншылығы ХVІІІ ғасыр бас кезінде кеңінен етек алды. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды» басталды. Олар қазақтардың бір бөлігін этникалық аумағынан тысқары шалғайға ысырып тастады.

Оңтүстік Сібірде Ертіс бойында, Алтай жерлерінде орнығып алған орыс өкіметі тарапынан Орта жүз тайпалары мен руларының қазақтары да барған сайын экономикалық және саяси күшті қысымшылық көре бастады. Малдары мен жайылымдарынан жаппай айрылу Ұлы және Орта жүздердегі шаруашылық күйзелісінің едәуір асқынып кетуіне әкеп соқты. Билік жүргізетін аумағы мен қол астындағылар санының кемуі хандардың позициясын әлсірете түсті, жауластық пен ұрыс-талас күшейді. Осындай экономикалық және саяси қиын жағдайда Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі алға тартылды.

Қазақтардың саяси, экономикалық және этномәдени тарихының бұдан былайғы кезеңдері Ресей империясының қазақ жерлерін отарлау уақытымен байланысты өрбиді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет