Қазақстан археологиясы



бет11/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28

V-тарау
САҚ, УСУНЬ, КАНГЮЙ, ХУННУ, САВРОМАТ ЖӘНЕ САРМАТТАРДЫҢ ЕРТЕ ТЕМІР ДӘУІРІНДЕГІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Скиф-сақ проблемасы
Ұшы-қиыры шексіз еуразиялық шөлді және шөлейтті аймақтарда б.з.б. ІІ-І-мыңжылдықтар шегі мен б.з.б. І-мыңжылдық бас кезінде мал шаруашылығының көшпелі формасы мен темір металлургиясының таралуы сынды маңызды оқиғалар орын алғандығы белгілі.

Мал шаруашылығына тән жаңа формалардың кеңінен таралуы бірқатар факторлардың өзара әрекетінен туындаған еді. Олардың арасынан зерттеушілер табиғи-климаттық жағдайды; мал шаруашылығын жүргізу тәсілдерінің жетілдірілуін; шөлді және шөлейтті аймақтарға бейімделген малдың түрлік құрамының қалыптасуын ерекше атап көрсетеді. Бұл байлықтың көзі болған мал санын көбейтуге және айырбас жасауға ұмтылудан келіп шыққан мүліктік және әлеуметтік дифференциацияның өсуіне байланысты туындаған әлеуметтік қатынастардың жаңа деңгейі де еді. Осы кездері арбалы-жекпелі көлік тарала бастады; жылқы шаруашылығы одан ары дами түсті; «қатал» сулық пайда болды және атты салт міну қалыптасқан еді.

Қалыптаса бастаған кезден және ерте орта ғасырларға (б.з. Ү ғ.) дейінгі кезеңдегі көшпелі қоғамдарды ерте темір дәуірі немесе ерте көшпенділер дәуірі деп атау орын алған. Ол белгілі бір аумақтарда өткен дәуірлік үрдістер мәнін ашып көрсетеді, сондай-ақ тайпалық және этникалық құрылымдардың өздеріне тән заңдылықтары бойынша тарихи дамуын сипаттайды. Көшпелі мал шаруашылығын зерттеген мамандар көшпеліліктің күрделі екендігіне, оның шығу тегі мен эволюциялық үрдістері бір сарынмен жүрмегендігіне баса назар аударған.

Еуразия тұрғындарының жаппай және тез арада отырықшылықтан көшпелілікке өтуіне күмән келтірген сақтар мәдениетінің ірі зерттеушілерінің бірі С.И.Руденко пайымдаулары қызықты. Оның пікірінше, үнемі қозғалыста жүрген таза көшпелілер өте сирек, өйткені малшылардың басым бөлігі белгілі бір дәрежеде отырықшылықпен және егіншілікпен байланыста болған, мұның өзіне географиялық факторлар септігін тигізген. Зерттеушінің «мал табындары мол, ең алдымен қой мен жылқы өсірген бай және өте бай малшылар» ғана көшіп-қонып жүрді және бұл олардың артық дәрежелілігі (айрықша құқығы) болды деген пікірі де қызықты.

Б.з.б. І мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында халықтың бір бөлігінің көшпелі өмір салтын ұстануы жаңа археологиялық мәдениеттердің қалыптасуына алып келді. Өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан олардың барлығы бірқатар жайттардан түзілген белгілі бір тұтастықты құрайды.

Бұл бірқатар жайттар – ұқсас өмір сүру ортасы мен осыған орай біркелкі тіршілік жағдайлары, алыс аумақтармен тез арада мәдени байланыс орнатуға дайын тұрған жылдам қозғалушылық, әлеуметтік-экономикалық дамудың жақын деңгейі, және де, қима-андронов мәдени қабатына апаратын жалпы генетикалық негіз еді. Мәдениеттер арасындағы ұқсастық бірнеше біркелкі емес «скиф-сібір тұтастығы», «скиф-сібір қауымдастығы», «скиф әлемі» секілді терминдер арқылы таңбаланады. Соңғы «скиф әлемі» термині біршама бейтарап, сондықтан да ол көп қолданылады. Мәдениеттердің жақындық сипаты ертескифтік дәуірде қалыптасады, бірақ оның жекелген бастаулары мен тамырларын қола дәуіріндегі ежелгі мал өсірушілердің мәдени байланыстары мен қарым-қатынастарынан да көруге болады.

Дәл осы қола дәуірінде Еуразия далаларына еуропеоидты (еуропа пішіндес) антропологиялық тип тарала бастайды, ол әсіресе кейіннен скифтер заманында басымдық танытқан еді. Дунайдан Моңғолияға дейін қоныстанған еуразиялық көшпенділер қауымдастығының ең жарқан мәдениеті бұл тайпалардың скиф триадасында көрініс тапты, оның құрамына өзара жақын қару-жарақтың типтері, ат әбзелдері мен өзіндік скиф-сібір аң стилі кіреді. Бірақ скиф-сібір әлеміндегі көшпелі мәдениеттер мазмұны одан да кең. Оған скиф қазандары, ішінара монументтік өнер ескерткіштері – бұғы тастар, петроглифтер, кей жағдайлардағы жерлеу орындарының құрылысы де кіреді.

Шығыс Еуропа ерте темір ғасыры мәдениеттері үшін алғашқы кезеңдестіру Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы скиф ескерткіштерінің негізінде жасалды. Кейінірек шығыс көшпенділерінің археологиялық мәдениеттері скиф ескерткіштеріне сәйкестендірілді.

Соңғы уақыттарға дейін скиф мәдениетінің басталған мерзімі б.з.б. VІІ ғасыр екінші жартысы деп саналып келді. Бірақ қазіргі кезде скиф кезеңінің басталуы б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар деген көзқарас жиірек айтылып келеді.

Қазақстан мен Орта Азия үшін сақ және савромат мәдениеттерінің ерекшелігі ежелгі мемлекеттердегі отырықшы-егінші халықпен көршілес орналасудан және олармен белсенді түрде араласудан көрінеді. Солтүстік сатраптары ішінара кіріп жатқан Ахемен әулеті державасына, дайлардың көшпелі тайпалары құруға қатысқан, сонымен қатар билеуші династияларыың негізін қалаған Парфия мемлекетіне жақын болу, сондай-ақ көшпелі тайпалардың Грек-Бактрия патшалығын күйретуге қатысуы қазақстандық тайпалардың материалдары мен рухани мәдениетінде көрініс таппай қоймады. Қазақстан мен Орта Азияның көшпелі және отырықшы қауымдастықтары біртұтас экономикалық, тіпті саяси құрылымдар да құрды, олар бір-біріне тұтастай тәуелді болып, өзара үнемі араласуға мүдделі болды.


Сақтар
Қазақстан аумағын б.з.б. І-мыңжылдықта жинақтап алғанда «сақ» деген көптеген тайпалар мекендеді. Сақ тайпалары Солтүстік Қара теңіз өңірі мен Днепр бойын мекендеген скифтердің және Еділдің төменгі ағысы мен Оңтүстік Орал маңында тіршілік еткен савроматтардың, Кир және І Дария уақытындағы парсылардың, Александр Македонский дәуіріндегі гректердің замандастары болды. Ахемен (ахеменидтер) сына жазуларынан тұратын дереккөздерде сақтардың хаумаварга-сақтар (хаома сусынын дайындайтын сақтар), тиграхауда-сақтар (шошақ бөрік киетін сақтар), парадрайа-сақтар (теңіздің ар жағындағы сақтар) секілді үш топқа бөлінгендігі айтылады.

Сақтар тарихын білу үшін ежелгі парсы, элам және аккад тілдерінде жазылған Дарий мен Ксеркс секілді патшалардың жазбалары, сонымен қатар «Авеста» деп аталатын ежелгі ирандықтардың зороастриялық дінінің кітаптар жинағы едәуір қызығушылық туғызады. І Дарийдің Бехистун жазуындағы бесінші бағана, Накши-Рүстемдегі «а» жазуы, Персепольдағы «е» мәтіні және де Ксеркстің «дәулер туралы жазуы» да ерекше маңызды.

Грек және латын тілдеріндегі антикалық дереккөздері де өте құнды. Олардың арасынан Геродоттың еңбегі («Тарих») айрықша дараланады. Қазақстан тарихы үшін Еуразия көшпенділері туралы толымды мағлұматтар беретін оның төртінші кітабының маңызы аса зор. Ахемен әулеті билік құрған уақыттағы тарих жайлы бірқатар құнды мәліметтерді Ксенофонт, Ктесий және де кейінгі авторлар – Арриан, Полиен, Диодор, Полибий, Плиний, Птоломей, Страбон қалдырған. Бірақ олардағы Қазақстан аумағында өмір сүрген сақтар туралы нақты ақпараттар аса көп емес және де көбіне үзінділерден тұрады.

Ең ерте кездердегі ежелгі парсы сына жазбаларындағы мәтінде Қазақстанды мекендеген тайпалар «сақ» деген жалпы атаумен берілген. Бұл термин, авесталық «тур» атауына қарағанда иран, грек-латын, кейіннен қытай дереккөздерінде кеңінен таралды.

Геродот та басқа көптеген грек авторлары секілді сақтарды скиф деп атады, кейде оған «азиялық скифтер» терминін қосып та отырды. Бірақ грек дереккөздерінде ахемен әулеті сына жазбаларында кездесе қоймайтын массагет, савромат, аргиппей, аримаспы, ассии, пасиан, сакараука сынды атаулар да бар.

Жоғарыда аталған тайпаларды ежелгі парсы және антикалық дереккөздерінің негізінде қазіргі Қазақстан мен Орта Азия картасына орналастыру сауалдары түпкілікті шешілген жоқ. Соңғы уақыттарға дейін теңіздің ар жағындағы сақтарды орналастыруда екі көзқарас қалыптасқан болатын. Біріншісі бойынша, олар Арал теңізі маңынан шығысқа, сондай-ақ Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысында орналасты. Бұл сауалдың негіздемесіне І Дарийдің сақтарға жасаған жорығының бағыты туралы баяндаған Бехистун жазуындағы бесінші бағана-жолдың екінші бөлігін қалпына келтіру алынған еді. Қалпына келтірілген Бехистун мәтіндерінің бөлігін, сонан кейін Накши-Рүстем мен Персеполь жазуларын антикалық дереккөздерінің мағлұматтарымен салыстыру теңіздің арғы жағындағы сақтар мен «Соғдының арғы жағындағы» сақтарға массагеттер, дайлар, каспийлер сай келетіндігі жөнінде пайымдау жасалды.

Сақ-парадрайалар деп Қара теңіз аумағын мекендеген еуропалық скифтерді атау қажет деген де көзқарас айтылды.

Ахеменидтер патшалары Дарий мен оның алдындағы ІІ Кирдің сақтар мен массагеттерге қарсы жорығы тарихи тұрғыдан дәлелденген факт болып табылады. Бұл оқиғаларды толымды түрде сипаттап жазған Геродот массагеттер жерін «Аракс өзенінен ары шығысқа бағыттағы» Каспий теңізінен шығысқа қарай орналастырады. Кир мен Дарийдің жүріп өткен жорық жолдары тарихнамада дау-дамай туғызып келеді. Ғалымдардың бір бөлігі Дарий алдындағы патшаның жолымен қайталап жүріп, сақтарды Әмударияның сыртында, Арал теңізінің жанында кезедстірді десе, басқалары Кир массагеттермен Үзбой өзенінің бойында (Әмударияның қазір кеуіп кеткен тармағы) шайқасты, ал Дарий сақтардың жеріне Әмударияның орта ағысынан өтті деп пайымдайды. Көзқарастар алшақтығына қарамай-ақ, бір нәрсе белгілі, ол – екі жорық та сақтар мен массагеттерге қарсы бағытталған еді. Географиялық тұрғыдан алғанда бұл өңір Каспийдің шығысы мен Үзбойдан Сырдария өзеніне дейінгі аймақ пен Арал маңы болып табылады. Массагеттер одағы дербик, абии, апасиак секілді тайпаларды да біріктірсе керек.

Сонымен қатар тиграхауда-сақтары Шаш, Тянь-Шань мен Жетісуда тіршілік еткен деген де көзқарас бар.

Страбонның сөзіне қарағанда, массагеттерден солтүстікке қарай, «Меотидадан жоғары» даи тайпалары қоныстанған. Антикалық авторлар оларды бұрын Геродот жазып кеткен массагеттер иемденген жерге орналастырады. Бұл айалғандардың бәрі де даилардың алғашқыда массагеттерден солтүстікке қарай жатқан облыстарды мекендегені, немесе олардың конфедерациясына кіргендігі туралы баяндайды. Б.з.б. ІІІ ғасыр орта тұсында даилар (дахтар) Каспийдің оңтүстік-шығыс жағында, Парфия шекарасында пайда болып, массагеттердің тарих сахнасындағы орнын басады.

Ежелгі парсы сына мәтіндерінде сақтардың солтүстігінде өмір сүрген тайпалар мен халықтар туралы ештеңе айтылмайды, тек Авестада ғана сайрим атауы аталып өтеді. Толымды ақпарат беретін ежелгі грек дереккөздерінде савроматтар туралы айтылады, бұл тайпалар сайримдермен байланысуы да мүмкін.

Геродот скифтерден солтүстікке қарай өмір сүргендер қатарында аргиппейлерді жатқызады.

Исседондар тайпаларын Геродот агриппейлерден шығысқа қарай орналастырады. Исседондардың айтуына қарағанда – деп жазады Геродот, олардан жоғарырақта аримаспылар мен «алтын қорыған самұрық» тайпалары өмір сүреді. Аримаспы және алтын қорыған самұрық тайпалары мекенін мамандар сол кездері ірі алтын кендері орналасқан Қазақстанның шығысы мен Алтай өңірімен байланыстырады. Исседондардың Орталық Қазақстан далаларын мекендегендігін топшылауға болады.

Б.з.б. VІІІ-ІV ғасырлардағы Еуразияның этникалық және саяси картасы ала-құла болуымен ерекшеленеді. Бұл уақыттарда жақын және алыс жатқан тайпалар, халықтар, мемлекеттер арасында біршама тұрақты экономикалық, саяси және мәдени байланыстар орнады, әскери қақтығыстар да болып тұрды. Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар Орта Азия, Алтай, Сібір, Солтүстік Моңғолия мен Қытайда тіршілік еткен туыстас халықтармен өзара байланыс орнатып, қарым-қатынас жасады.

Оңтүстіктегі сақтар ахеменидтер заманына дейін-ақ «Үлкен Хорезм», «Бактрия патшалығы», Ассирия мен Мидия секілді мемлекеттік бірлестіктермен, ал б.з.б. VІ ғасыр ортасында Персиямен тарихи байланыстарға түсіп отырған болатын. Мәселен, Кир сақтармен одақ құрып, Лидия патшасы Крезбен соғысуы кезінде олардың көмегін пайдаланды. Одақ жасаға қанағаттанбаған Кир сақтар мен массагеттерді бағындырмақшы болды. Парсылардың жаулап алу жорықтары қиян-кескі қарсылыққа тап болып, Кир жорығы толығымен жүзеге аспады.

Кирдің жаулап алу жорықтарын І Дарий жалғастырды. Ол аз уақыт болса да жекелеген сақ тайпаларын, соның ішінде хаумаварга сақтары мен каспийлерді бағындыра алды. Бұл тайпалар Ахемен әулеті империясының ХV сатрапиясының құрамына кірді. Сақтар ахеменидтер әскерінің құрамында қызмет етті. Олардың бір бөлігі тіпті парсы патшасының жеке ұланына (гвардиясына) да кірді.

Б.з.б. VІ ғасыр соңы мен V ғасыр бас кезінде ежелгі Шығыста грек-парсы соғыстарының басталуына орай ірі саяси оқиғалар пісіп-жетілді. Кейбір сақ тайпалары бұл соғыстарда одақтастар мен жалдамалылар есебінде парсылар жағында соғысты. Гавгамелы маңындағы ұрысқа, мәселен, сақтардың жеңіл атты әскері қатысты.

Б.з.б. ІV ғасырдың 30-жылдары Александр Македонский басқарған македондық-гректер соңғы Ахеменид, ІІІ Дарий Кодоманның армиясын талқандап, Орта Азияға баса көктеп кірді.

Гректердің баса-көктеп енуіне Орта Азия тайпалары мен халықтары табан тіресе қарсыласты. Александр Македонский әскеріне қарсы күресте сол кездері Қазақстанның оңтүстік аудандарын мекендеген тайпалар, соның ішінде массагеттер белсенді қарсылық көрсетті. Әскерімен бірге Сырдариядан өтпек болған Александр Македонский әрекеті нәтижесіз болды, оны сақ жебесі жаралады. Тек үш жылдай уақытқа созылған қиян-кескі соғыстардан кейін ғана македондық-гректер Орта Азия халықтарын уақытша бағындыра алды. Сырдарияның арғы бетіндегі сақ тайпалары өз тәуелсіздігін сақтап қалды.
Усуньдердің саяси тарихы
Бұл Қазақстан аумағындағы ірі мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Батысты усуньдердің шекарасы Шу мен Талас өзендеріне дейін жетті, тіпті Қаратаудың шығыс беткейлеріне шейін де жетуі ықтимал. Усунь иеліктерінің орталығы Іле мен Шу өзендерінің алабы, Ыстықкөл қазаншұңқыры болды.

Усунь терминінің мән-мағынасы әлі күнге дейін анықталмаған. Ол қытайлық иероглифтік жазба бойынша ғана белгілі, қазіргі таңдағы дыбысталуы қазақтың үйсін атты этнонимдерінің бірімен, тайпа атауымен, яғни Ұлы жүз құрамындағы этникалық құрауыш атауымен толық үндеседі. Көптеген зерттеушілер бұл транскрипциядан Орта Азия тарихында кеңінен танымал асиан этнонимін көруге бейім. Бірақ, жаңа зерттеулер асиан терминіне басқаша түсінік беруде: асиан термині ятия этнонимінің диалектикалық нұсқаларының бірі болуы мүмкін, ал оның дәстүрлі көне қытайлық транскрипциясының формасы қазіргі қытай тілінде юечжи болып дыбысталатын иероглифтер болған.

Усунь терминінің транскрипциясына қатысты интерпретацияның тағы бір нұсқасы бар. Қазіргі қытай тіліндегі у-сунь болып дыбысталатын екі иероглиф а-сман, яғни «аспан» болып оқылады.

Усуньдер үш бөлікке бөлінді: сол қол, орталық, оң қол (әрқайсында он мың әскер болды).

Усуньдер ілкіде Орталық Азияда болған күшті этносаяси бірлестіктердің бірі саналды. Усунь мәдениетінің ескерткіштері Жетісу, Ферғана (ішінара) және де Шығыс Түркістан аумақтарына таралған. Б.з.б. ІІ ғасырда 630 мың адамнан тұратын усуньдер атты әскер мен жаяу садақшылардан тұратын үлкен әскер шығара алатын еді. Усунь күнбиінің жеке жасағында және тақтың екі мұрагерінде 30 мың атты әскер болды, олардың әрқайсына әскердің 10 мыңы тиесілі еді. Б.з.б. 73 жылы-ақ усуньдер аумағы сол (шығыс), оң (батыс) және күнби басқаратын орталық сияқты үш бөлікке бөлінді, және де барлығы «оған бағынатын». Усунь күнбиінің резиденциясы Чананьнан (Қытай) 8900 ли қашықтықтағы Чигу қаласында орналасты.

Усунь тарихы бір-біріне қарсы тұрған хунну мен Хань (Қытай) саясатының жақтастары арасындағы өзара қырқыстарға толы. Айталық, б.з.б. 60 жылдар соңында хунну патшайымынан туылған күнби Унгуймидің баласы – Уцзюту, патшалық құрып отырған Нимиді (Куанван) өлтіріп, билікті тартып алды да, өзін күнби деп жариялады. Б.з.б. 14 жылы ұлы күнби Цылими кіші күнби Мочжэньцзянның тапсырмасы бойынша өлтірілді. Усунь мемлекетінің өркендеуі б.з.б. 45-14 жылдары елді Цылими басқарған тұсқа сай келесе керек, өйткені ол «билікті қолында мығым ұстаған» еді және де оның иелігінде «мүлгіген тыныштық пен бейбітшілік орнады».

Усуньдер қол астына немесе ықпалына бірқатар иеліктер мен тайпалар түскендігі жайлы сөз қозғауға негіз бар. Мысалы, «Цяньханьшуда» усунь «өзіне көптеген иеліктер бағындырып алды», ал «Даваньчжуаньда» - «көрші жатқан ұсақ иеліктерге шапқыншылық жасады» делінеді, мұны Янь Ши-гу «бағындыра салысымен-ақ, вассалдарына айналдырады» деп толықтырады. Мұндай тайпалар мен иеліктер қатарына хюсюнь, гуаньду (цзюаньду), юйту, немесе уш кірсе керек.

Басқа мемлекеттермен одақтастық қарым-қатынастарды усуньдер неке арқылы да орнатып отырды. Мәселен, б.з.б. 69 жылы Вэн-Гуйми өзінің Диши есімді қызын усунь билеушісі Кучи Гяньбиньге берді. Усуньдермен одақтасуға мүдделі болған Хань империясы мен хуннулар, күнбилерге қыздарын беріп отырды.

Кейбір іргелес жатқан аумақтағы билеушілер дұшпандары шабуыл жасаған кезде усуньдерден жәрдем сұрады.

Хань дәуіріндегі династиялық хроникаларда усуньдердің саяси тарихынан алынған фактілердің мазмұндамасы б.з.б. ІІІ ғасырға дейін жетті. Үзік-жарық мағлұматтар кейінгі кездердегі, соның ішінде Ортаңғы империя тұсындағы дерекөздерде кезедседі. «Бэйшу» (Юаньвэй әулетінің тарихы) кітабында 437 жылы усуньдер Хань сарайына елшілер жіберген деп айтылады.

Көптеген зерттеушілер усуньдер түрік тілді халық болғандығы жайлы айтады. Дегенмен соңғы уақытқа дейін усуньдердің түрік тілді екендігіне күмән келтіруші көптеген мамандар, оларды қазақ халқынан аластатуға ұмтылып келді.

Археологиялық материалдар, әсіресе Жетісу жерінен алынған мәліметтер түрік кезеңіне дейінгі уақытта усуньдердің осы кең байтақ аумақта өмір сүріп жатқандығын дәлелдейді. Онымен тұрмақ, осы мағлұматтар аздап түрік қағандарының бақылауында болғанымен ежелгі усуньдердің мәдениеті бұрынғы өмір сүрген жерлерінде дами бергендігін нақты дәлелдейді. Тіпті б.з. Х ғасырында дереккөздерінің беттерінде усунь атауы кездеседі.

Сол себепті де, ежелгі усуньдер мен қазақ халқының құрамына енген үйсіндердің генетикалық байланысы бар екендігі туралы айтуға барлық негіздеме бар. Яғни, ұлтымыз орта ғасырлардағы миграциялық процестер нәтижесінде қалыптасты деген концепция шындыққа жанаспайды. Қазақ халқы – ежелден келе жатқан автохтонды халық.
Кангюй мемлекеті
Б.з.б. ІІ ғасырда Қазақстанда бірқатар жаңа мемлекеттік бірлестіктер қалыптаса бастайды, олардың арасында Кангюй мемлекеті де бар.

Тарихнаманың ауқымды болғанына қарамастан, кангюйлерді зерттелуі әлі де қанағаттандырмайды. Бұған әртүрлі интерпретация тудыратын үздік-создық әрі қарама-қайшылықтан тұратын шектеулі жазба дереккөздері себепкер болып отыр. Пікірсайыс туғызатын мәселелердің бүкіл тобы осы кезге дейін «кангюйлер проблемасын» дейтін болып табылады. Мемлекеттің аумағы Оңтүстік Қазақстан, Ташкент жазирасы (оазисі) (Өзбекстан), Сырдария, Жаңадария, Қуаңдарияның көне сағалары мен Жетісудың оңтүстік-батысының бір бөлігін қамтыған кең байтақ жерді алып жатты. Мемлекеттің мейлінше күшейген кезінде оған Сусе, Фумо, Юени, Ги (Цзи), Юегань секілді бес «кіші иелік», сондай-ақ Янцай бағынды. Алайда олардың орналасуы даулы мәселе ретінде қалып келеді.

Кангюй мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы ресейлік шығыстанушы И.Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалы аймақтар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне берген түсініктемесінде ол: «Кангюй иелігі қазір Ұлы жүз және Орта жүз қазақтары көшіп-қонып жүр Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» кангюйдің орналасуы туралы былай делінген: «Кангюй Даванның солтүстік-батысында шамамен 2000 ли жерде жатыр. Бұл - әдетте 200000 әскері бар тұрмысы юечжиліктерге ұқсайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің әлсіз болуына қарай оңтүстікте юечжиліктердің билігін, шығыста хуннулар билігін таниды». Үлкен Хань әулетінің келесі бір хроникасы «Цянь Ханьшудың» «Жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында Кангюйге арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уананьнан ол 12300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол уәкілге (наместникке) тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120000 отбасынан, 600000 адамнан тұрады; әскер саны 120000 адам. Әдет-ғұрпы (тұрмысы) Үлкен Юечжиен бірдей. Кангюйлер шығыс жағында хуннуларғабағынады».

ХХ ғасыр орта тұсында олардың орналасуы мәселелері жөнінде екі көзқарас: 1. Кангюйлер Ташкент жазиарасынан Хорезмге дейінгі ортаазиялық қос өзен арасындағы кең байтақ жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы аңғардан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланды, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысына, Шуға шейін созылып, Ұлытау тауларына дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.

Бірінші көзқарасты С.П.Толстов мейлінше дәлелді қорғады. Ол Кангюй жері шығыста Ферғанаға дейін жетті, оңтүстікте Парфиямен және Бактриямен шекараласты, батыста оған Бұхара оазисі мен Хорезм кірді деп есептеді. Бес иелік былайша орналасты: Сусе – Қашқадариядағы Шахрисябс облысында; Фуму – Зеравшан өзеніндегі Кушания облысында; Юени – Ташкент оазисінде; Ги – Бұхарада; Юегань – бүкіл мемлекеттің орталығы болған Хорезмде.

С.П.Толстовтың бұл мәселедегі негізгі қарсыласы А.Н.Бернштам Кангюйдің шығыс шекарасы Талас өзені бойымен өтеді деп санады. Кейінірек, б.з. ІІІ ғасырында Цзиньши мағлұматтарына қарағанда, ол тіпті Іле өзеніне дейін жеткен. Ол Кангюйдің бес иелігін былайша орналастырады: Юегань – Хорезмде; Ги – Сырдарияның төменгі ағысында; Фуму – Жаңақорғаннан солтүстік-батысқа қарай Қазалыға дейін; Сусе – Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің алабы, Қаратау беткейлерінде; Юени – Ташкент жазирасында. Оған жекелеген археологиялық мәдениеттер сәйкес келеді: Ташкент жазирасында – қауыншы мәдениеті; Сырдарияның орта ағысында – кангюй-қаратау мәдениеті; Қуаңдарияның ежелгі салаларында – жетіасар мәдениеті; Сырдарияның төменгі ағысында – «батпақты қалалар» мәдениеті таралған. Сырдарияның орта ағысындағы жерлер кангюйлердің байырғы жері болған. А.Н.Бернштам пікірінше, мұнда Авеста, Махабхарата мен Шахнаме тарихи ескерткіштерінде аңыз болып айтылатын Кангха елі нақ осында орналасқан.

Бұл көзқарасты кейіннен қазақстандық зерттеушілер негізге алды.

Дегенмен Кангха елінің атауы түрлі сипаттағы ежелгі жазба дереккөздерінде б.з.б. ХІV ғасырдан бастап мәлім болғанымен, б.з.б. ІV ғасыр соңындағы оқиғалардан жақсы хабардар антикалық авторлар Кангюйлерге тоқталмайды. Сырдария бойындағы аймақта «Кан үйі» б.з.б. ІІІ ғасырда, тіпті б.з.б. ІІ ғасырда көтерілген деп топшылауға болады.

Айта кету керек, бұл кезеңде Орта Азиялық қос өзен аңғарында юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаулық Бактрияға ығысуы басталды, олар осы аймақтарға тұрақтап қалды да, бес иелікке бөлінді, мұның өзі Кангюйлермен салыстырғанда олардың әлсіреуіне алып келмей қоймайтын еді, сөйтіп Кангюйге оңтүстік пен батысқа қарай экспансия жасауға мол мүмкіндіктер ашылды. Осы уақыттарда (б.з.б. ІІ ғасыр соңы мен б.з.б. І ғасыр бас кезі), сірә, кангюйдің жоғарыда аталған бес иелігі пайда болса керек, сондай-ақ ол өзіне Янцайды (Арал-Каспий өңіріндегі сармат-алан тайпалар одағы), Яньды (Орал маңындағы сармат тайпалары) бағындырады. Қытай жөнінде кангюй билеушілері өздерін тәуелсіз, тіпті батыл ұстаған, бұл жөнінде б.з.б. І ғасырдың аяғында Батыс өлкесіндегі Хань уәкілі императорға былай деп хабарлаған: «...Кангюй, керісінше (Усуньге қарағанда) өркөкірек, батыл және де біздің жіберген елшілер алдында басын июге ешбір көнбейді. Онда уәкілден (наместниктен) жіберілген шенеуніктерді усуньдердің елшілерінен төмен отырғызады. Тамақты әуелі солардың кнәздері мен ақсақалдарына, сонан соң ғана уәкілдің елшілеріне тартады...».

Кейіннен, б.з.б. 47-46 жылдары кангюй билеушісі солтүстік хуннулар шаньюйі Чжи Чжижді (Шөжені) қуатты Хань одақтасы болған усуньдермен күресінде қолдады.

Б.з. ІІІ-ІV ғасырларында Кангюй Орта Азия қос өзен аңғарындағы, Арал маңындағы өз үстемдігін жоғалтады да, бірқатар тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдердің қатарында аталады. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер эфталиттік мемлекеттерге тәуелді болса керек.

Кангюй тайпаларының тілі туралы сауал әлі түпкілікті шешілген жоқ, зерттеушілердің бірі олардың тілін солтүстік-иранға жатқызса, келесілері оларды түрік тілді болды деп есептейді. Б.з. І-мыңжылдық орта тұсында Ортаңғы және Төменгі Сырдария ауданындағы этносаяси жағдай өзгереді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кіреді.

Чжан Цянь заманынан бері қытай тарихнамасында кангюй тұрғындарын сипаттағанда оның мәдениетінің көшпелі сипатына баса назар аударып, оны «көшпелі иелік» деп атау дәстүрге айналды. Алайда қытай хроникасы басқа бір жерінде кангюйлерді балшықтан соққан қорған ішінде тұратын халық ретінде хабарлайды. Астаналық қаласы Битянь деп аталады, бірақ билеушісі мұнда үнемі тұрған жоқ, өйткені оны жазғы ордасы (резиденциясы) да болған еді. Соңғы айтылған мәселе бас орданың маусымдық сипатта болғанын, билеуші топтың жартылай көшпелі өмір сүргендігін дәлелдейді.

Кейінгі жылдары жинақталған археологиялық мәліметтер кангюйлер мәдениеті мен шаруашылығы туралы таным-түсінікті мейлінше кеңейтті.

Бір кездерде кангюйлер мекендеген аудандардан археологтар көптеген қоныстар мен қорымдарды анықтады. Бұл ескерткіштер қауыншы, отырар-қаратау, жетіасар археологиялық мәдениеттеріне жатқызылды. Біріншісі Ташкент жазирасына; екіншісі – Сырдарияның орта ағысынадағы Қаратау беткейлерінен Таласқа дейінгі аудандарға; үшіншісі – Қуаңдария мен Жаңадария аңғарларына таралған.

Кангюй дәуірінде Орталық Азия аймақтарына салыстырмалы түрде сипаттама берген кезде Сырдарияның сағасынан Ферғанаға дейінгі біртұтас мәдени-шаруашылық өңір айқындалынады. Ол өңірге егіншілік-малшылық экономика, монументті архитектура мен фортификация, елді-мекендердің жетекші үлгісі ретіндегі аздап бекініс жасалған қоныстар, ақша айналымының шектеулігі тән болған.

Сонымен бірге, қауыншы және отырар-қаратау мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты болғандығы анықалған. Үш мәдениеттің дамуындағы алғашқы кезеңнен мәдени байланыстар қауыншы – отырар-қаратау – жетіасар секілді оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталғандығын көруге болады. Бұл, б.з.б. І-мыңжылдық соңындағы көшпелі тайпалардың жылжуымен байланысты болса керек.

Екінші кезеңнің бас кезінде жетіасар мәдениетінде Сібір, Тува, Моңғолия заттай мәдениеттерінің элементтері айқын байқала бастайды. Мұнда жаңа этникалық топтардың келуіне орай, жетіасар халқы Сырдарияны бойлай жоғары жылжиды, ал отырар-қаратау мен қауыншы мәдениеттерінің өкілдері Батыс Ферғана, Соғды, Бұхара мен Хорезмге жылжи түседі. Үшінші кезеңде барлық сырдариялық мәдениеттерге және Ташкент жазирасы арқылы Жетісуға Соғды ықпалы күшейе түскендігі байқалған.

Осы уақыттарда Қаратау мен Сырдарияның орта ағысына түркілердің келгендігі және де олардың жетіасар халқын Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысына қарай ығыстыра бастағандығы да байқала түседі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет