Егемен Қазақстан, 7 мамыр 2010 ж.
Загрузка ...
7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ
Қалыптасқан игі дәстүр бойынша Қазақстан халқы мен Отан қорғаушылар 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жарқын мерекесі қарсаңында Отан қорғаушы күнін атап өтеді.
Біз қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерліктерін, олардың тылдағы қажырлы еңбегін әрқашан мақтан тұтамыз. Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагерлердің ерлігі мен қаһармандығы алдында басымызды иеміз.
Аға ұрпақтың ерлік дәстүрлері төл Қарулы Күштеріміздің қатарында лайықты қызмет атқарып жүрген бүгінгі қазақстандық жауынгерлердің сапында да заңды жалғасын табуда.
Осыдан 18 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Тәуелсіздіктің басты кепілі – өз жерін кез келген қол сұғушылықтан қорғауға қабілетті болу. Сол себепті азаттықтың ақ таңы атқан сәттен бастап мемлекет шешкен аса маңызды міндеттердің ішінде ұлттық қауіпсіздік, қазіргі заманғы және ұрысқа қабілетті армия құру проблемалары Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірінші кезектегі қамқорлығында болды.
Қарулы Күштеріміздің құрылу, қалыптасу және даму үдерістері Елбасының есімімен тығыз байланысты екені баршаға белгілі. Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен сол кездегі қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің, аумақтық тұтастығы мен дамуының күзетінде тұруға арналған армия құруға барлық жағдайлар жасалды.
Қазақстан армиясын құру іс жүзінде “таза парақтан” басталды деуге толық негіз бар. Алғашқы жылдары Қорғаныс министрлігінің өте күрделі ұйымдастыру мәселелерін шешуіне тура келді. Сол тұста Қазақстанда қызмет еткен генералдар мен офицерлер өз Отанының нағыз патриоттары еді. Алғашқы әскери басшылық та солардың арасынан жасақталды.
Олардың есімі бәрімізге жақсы таныс. Қарулы Күштеріміздің қалыптасып, нығаюы жолында тер төккен үш генералымыз Отанымыздың ең жоғары наградасы “Халық Қаһарманы” атағын иеленді. Олар тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сынды азаматтар.
Елімізде қысқа мерзім ішінде Қорғаныс министрлігінен, Бас штабтан, Құрлық әскерлерінен, Әскери әуе күштері және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінен тұратын Қарулы Күштердің басқару жүйесі құрылды.
Осы кезеңде Қарулы Күштерді құрумен қатар мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін саяси-дипломатиялық сипаттағы шаралар да үздіксіз жүзеге асырылып жатты.
Ел басшылығы барлық күш-жігерін шекара периметрі бойынша қауіпсіздік белдеуін құруға, ұжымдық қауіпсіздіктің аймақтық жүйесі негіздерін жасауға, ядролық қатерді азайтуға жұмылдырды.
Оның жарқын дәлелі Қазақстан КСРО-дан мұра болып қалған ядролық арсеналға деген құқығынан өз еркімен бас тартып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қоғамдастық мойындап, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығының табыс етілуі Қазақстанның алғашқы күннен-ақ дұрыс жолды таңдағанын дәлелдесе керек.
Аймақта ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру жөніндегі жұмыстардың аясында Қазақстан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кірді.
Әскери саясаттың негізгі мазмұны, бастапқы кезеңдегі әскери құрылыстың бағыттары 1993 жылы қабылданған Қазақстанның алғашқы Әскери доктринасында айқындалды. Ол құжат заңнамалық және нормативтік құқықтық актілермен қатар, егемен мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі әскери қауіпсіздікті, әскери құрылысты қамтамасыз етуде оң рөл атқарғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Доктринаны жүзеге асыру Мемлекет басшысының тікелей қадағалауында болды. Қысқа мерзім ішінде қорғаныс және әскери қызмет мәселелері жөніндегі төрт бірдей заң, он бір жарғы және жиырмадан астам Үкімет қаулылары қабылданды. Олардың бәрі де еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құқықтық негіз болған құжаттар еді.
Әскери кадрларды даярлау жүйесін кезең-кезеңмен жетілдіру әлемдік үрдіске сәйкес отандық әскери білім мен ғылымның үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өйткені Қарулы Күштердің қуаты білімде екеніне ешкім күмән келтірмесе керек.
Қазіргі таңда отандық білім беру жүйесі толық қалыптасып үлгерді. Қазақстандық әскери білім беру жүйесін Ұлттық қорғаныс университеті бастаған бес бірдей әскери институт құрайды. Бұдан өзге Елбасының жеке бастамасымен құрылған кәсіби сержанттар даярлайтын Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы да еліміздің мақтанышына айналып отыр.
1997 жылы Елбасы ұзақ мерзімді “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасын қабылдаған еді. Бұл құжат мемлекетіміздің шын мәніндегі дамуына негіз берген ұлттық бағдарламаға айналды десек артық айтқандық емес. Бағдарламадағы негізгі басымдықтың бірі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі болды.
Осы бағдарламаға сәйкес стратегиялық бағыт-бағдарымыз негізінде доктриналық ережелерімізді қайта қарауға тура келді. Соның негізінде 2000 жылғы 10 ақпанда Қазақстанның екінші Әскери доктринасы қабылданды. Бұл құжат алдыңғы доктринаға қарағанда қорғаныс сипатына ие және тұжырымы жағынан ерекшеленді.
Жиырма бірінші ғасырдың басында әлемдегі жағдай әрқилы қалыптасты. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Америка Құрама Штаттарындағы қайғылы оқиғалар, әлемнің түкпір-түкпірінде орын алған шиеленіс ошақтары аймақтағы және әлемдегі геосаяси ахуалды түбегейлі өзгертті. Әлемдік өркениет халықаралық, трансұлттық лаңкесшілдік шиеленісіне ұшырады. Аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыратын және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жаңа факторлар төбе көрсетті.
Осындай жағдайларда жаңа сапалы Қарулы Күштерді құруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдау қажет болды.
Елбасының “Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі дамыту шаралары туралы” 2003 жылғы
7 мамырдағы №1085 Жарлығы төл армиямыз дамуының жаңа кезеңі болды. Осыған сәйкес әскерлер мен әскери басқару органдарының оңтайландырылған құрылымдары құрылды.
Оның жүзеге асуы ретінде құрамына төрт өңірлік қолбасшылық кіретін Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің құрылуын айта аламыз. Сондай-ақ Жоғарғы Бас қолбасшының резерві болып табылатын Аэроұтқыр әскерлері, Ракета әскерлері мен артиллерия іс жүзінде өздерінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Әлемдегі, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың өзгеруі, қауіпсіздіктің жаңа қатерлерінің пайда болуы Қазақстанның үшінші Әскери доктринасын қабылдауға әсер етті.
Жаңа Әскери доктринада мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмау, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдану, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік әскери-техникалық саясат жүргізу және мемлекеттің қорғаныс тапсырысын қалыптастыру туралы анық жазылған.
Әскерлердің әлеуеті мен қуаты негізінен жауынгерлік әзірлік болып табылатыны сөзсіз. Жауынгерлік әзірліктің артқанын көрсететін кешенді шаралар әскерлерде жыл сайын жоспарлы түрде өткізіліп тұрады.
2009 жылы әртүрлі деңгейдегі 52 әскери жаттығу өткізілді. Олардың қатарында “Өзара іс-қимыл”, “Шеп”, “Дала қыраны” сияқты кең көлемді оқу-жаттығуларын атауға болады. Бұл жаттығуларда отты нүктелердегі жауынгерлік қимылдар тәжірибесі сарапталып, Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың лаңкестікке қарсы өзара іс-қимылдары пысықталды.
2008 жылдың желтоқсан айында Бурабайда өткен бейресми саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жедел қимылдайтын ұжымдық күштерді құру жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Елбасының бұл бастамасы ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының тарапынан қызу қолдау тапты. Қазақстанның қарқынды дамуын, оның Қарулы Күштерінің жоғары технологиялық тұрғыдан жарақталуын, жоғары кадрлық әлеуетін және жақсы базалық дайындығын ескере отырып, ҰҚШҰ басшылығы Жедел қимылдайтын ұжымдық күштерінің алғашқы жаттығуын Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдады.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасы бойынша және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2009 жылғы 4 ақпандағы шешіміне сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет Құрлық әскерлерінің “Мәтібұлақ” полигонында 2009 жылдың 16 қазанында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Жедел қимылдайтын ұжымдық күштерінің “Өзара іс-қимыл” бірлескен кешенді лаңкестікке қарсы жаттығуы өткізілді.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің басқару органдары мен бөлімшелерінің тұңғыш рет өткізілген бұл жаттығуларына 15 мыңнан астам әскер, 1500 бронды техника және жүз шақты әскери ұшақ пен тікұшақ қатысты. Жаттығуға қатысқан әскердің негізін біздің офицерлер мен сарбаздар, әскери техниканың негізін қазақстандық техника құрады. Қазақстан әскері алдына қойған тапсырманы абыроймен орындап шықты. Оқу-жаттығуларда әскери шеберлік танытып, кез келген уақытта мемлекетіміз бен оның халқын қорғауға әзір екендігін көрсете білді. Жаттығуға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен оған қатысқан елдердің басшылары жоғары баға берді.
Қазіргі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде 2010 жылы Қазақстанда өтетін кең көлемді “Бейбіт миссия” халықаралық оқу-жаттығуларына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі басты басымдықтардың қатарында әскерлердің сапалық өлшемдерін арттыру, оларды кезең-кезеңмен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен, әскери техникамен және арнайы құрылғылармен жарақтандыру бар. Сонымен қатар, жоғары дәлдіктегі қаруларды иелену де маңызды болып отыр.
Алдағы уақытта армияны техникалық жарақтандыруды аяқтау, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты жетекші кәсіпорындармен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сай қару-жарақ пен әскери техниканың озық үлгілерін шығаруды жолға қою жалғаса бермек.
Әскери қызметшілердің дайындық сапасын арттыру арқылы кадрлық әлеуетті жетілдіруге де барынша назар аударылып отыр. Әскери қызметтің беделін арттырып, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда.
Әскерилердің әлеуметтік жағдайы Елбасының тұрақты назарында. Мемлекет тарапынан қорғаныс саласына қажетті қаражат жыл сайын бөлінуде.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетіндегі басты басымдықтардың бірі. Жақын күндері әскерилер үшін тұрғын үй салумен қатар, оларды баспанамен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қарастырылатын болады. Оның ішінде ипотекалық, арендалық баспаналарды бөлу жүйесін құру мәселелері бар.
Қазақстан Қарулы Күштері де өркениет көшінен қалмай, әлемдік стандартқа сай әскери қалашықтарды қалыптастыруға кірісті. Алысты-жақынды гарнизондарда әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйлерден бөлек бірнеше жаттығу залдары мен жүзу бассейні бар спорт кешендері де пайдалануға берілді.
Осының бәрі бізге әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауда көптеген проблемалардың түйінін шешуге сөзсіз мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстан Қарулы Күштері туған Отанының шынайы патриоттары қызмет ететін, өскелең ұрпақ үшін арман болатын, шын мәніндегі беделді және құрметті қызмет болып қала бермек.
Қазақстандықтар өздерінің қорғаны – Қарулы Күштерімен мақтана алады. Бүгін – Отан қорғаушы күні. Бұл – бүкіл Қазақстан халқының мейрамы. Бұл – Қарулы Күштер ардагерлерінің және барлық әскери қызметшілердің төл мерекесі.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерін, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Жеңістің 65 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын. Жеңіс солдатының даңқы арта берсін!
Ел тәуелсіздігінің кепілі Отан қорғаушыларын төл мерекелерімен құттықтаймын. Тыныштық күзетіндегі абыройлы қызметтеріңіз бен сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасын гүлдендіру жолындағы еңбектеріңізге табыстар тілеймін! Елімізде ерекше қастерленетін мерекелердің қатар келуі де ұрпақтар сабақтастығының жарқын дәлелі болса керек.
Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.
Достарыңызбен бөлісу: |