36
тобымен казак-орыс шептеріне, ірі қалаларға жалдануға кете бастады. 50 жылдары Орал казак-орыс шептерінде
20 мыңнан астам қазақ кедейлері жалданды. Жалшылардың қоныстауына, егіншілікпен айналысуына тыйым
салынды. 1868 ж. патша үкіметі Қазақстанды отарға түпкілікті айналдыруды көздеген «Жаңа ереже»
қабылдады. Жер үкімет меншігі болып жарияланды. Қазақтар пайдаланған жері үшін түтін басы бұрынғы 1 сом
50 тиынның орнына 3 сом 50 тиын төледі, түрлі алымдар көбейді. Бұл көшпелі халықтың жаппай наразылығын
тұғызды. 1868 ж. желтоқсандағы «Жаңа ережеге» сәйкес Кіші жүз екі облыс, 8 уезге бөлінді. Оның батыс жағы
Орал казак-орыс әскерлерінің жерлеріне қосылып, Орал облысы, ал шығысында Торғай облысы құрылды. 1869
жылдың басында елге ұйымдастыру комиссиялары шықты. Комиссия халық санағын жүргізіп, салық жинауға,
жергілікті әкімдер «сайлауын» өткізуге, болыстар құруға кірісті. Бұл халық наразылығын күшейтіп, көтерілістің
шығуына тікелей түрткі болды. Табын, Кете, Адай, Таз, Ысық, Шеркеш, Есентемір руларының қарулы
көтерілісшілері 1868 ж. 21 наурызда Гурьев қаласындағы ұйымдастыру комиссиясына шабуыл жасап, 10 көлік
пен 900 сомның бағалы затын қолға түсірді, комиссия мүшелері қашып кетті. Қаракөлдегі Ысық және Беріш
рулары «Ережені» қабылдамады, ұйымдастыру комиссиясын кейін қайтарды. 1869 ж. қаңтарда барлық
уездердегі ұйымдастыру комиссиялары «Ережені» жүргізуді тоқтатты. 1869 ж. ақпанда ұйымдастыру
комиссиялары бұрынғы сұлтан-әкімдері (М.Баймұхамедов, Сейдалин. Б.Кейкин) ертіп елге қайта шықты.
«Ережеге» күшті қарсылық көрсеткен руларға «ықпал» ету үшін зеңбіректермен қаруланған 700 әскерді
қырдағы бекіністерге жіберді. Елек өзен бойында 200 әскер күзеткен азық тартқан отрядқа 600-ге тарта
көтерілісші қазақтар шабуыл жасап, арбаларын қиратып, бірнеше адамын өлтіріп жарақаттады. 1869 ж.
наурызда ұйымдастыру комиссиясына қарсы көтеріліс ішінара Торғай облысын, ал Орал облысын түгел
қамтыды. Көтеріліс дүмпуінен қорыққан ірі феодалдар (сұлтандар, билер, дін басылары) мал-мүлкін айдап
оңтүстікке, одан Хиуаға өтіп кетті.
Достарыңызбен бөлісу: