Қазақстан жаңа заман тарихты пәнінен оқу-әдістемелік кешені


Қазақстан І-ші дүниежүзілік соғыс жылдарында



бет130/151
Дата06.02.2022
өлшемі5,72 Mb.
#32261
1   ...   126   127   128   129   130   131   132   133   ...   151
2. Қазақстан І-ші дүниежүзілік соғыс жылдарында. Соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпыға бірдей дағдарыс үрдісін тездетті. Қазақстанның, Орталық Азияның барлық дерлік аудандарын қамтыған, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс соның жарқын көріністерінің бірі болды.
Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар: отаршылдық езгінің күшеюі, жерді тартып алу, салықтар мен алымдардың шамадан тыс ұлғайтылуы, қазақ халқы мен аймақтың басқа байырғы халықтары жөнінде патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясаты, қалың бұқара жағдайының күрт нашарлауы болды.
Бұл аталғандардың ішінен ежелгі қазақ жерлерінің жаппай, күшпен тартып алынуын және өлкені басқарудың отаршылдық жүйесінің күшейтілуін ең басты себеп ретінде қарастыру керек. Верный уезі Пригородный учаскесінің қазақтары өздерінің 1916 жылғы 17 қазанда Түркістан генерал-губернаторына көтерілістің себептері туралы арызында дұрыс атап көрсеткендей: оны туғызған “халық дұрыс түсінбеген тыл жұмысына жұмысшыларды шақыру ғана емес. Себеп тереңіректе жатыр. Бір жағынан, жерден қысым көру және екінші жағынан қазақтарды басқару жүйесі” қазіргі қайғылы оқиғалардың негізгі себептері болып табылады.
Жер жөнінен қазақтар соңғы он жылда өте қатты қысым көрді: облыста 1903 жылы құрылған қоныс аудару басқармасы 1908-1909 жылдарда қазақтардан жерді алып қоюды. күшті қарқынмен жүргізді. Соның салдарынан қазақтардың дайын суландыру арықтары, бау-бақшасы мен қора-қопсылары бар ең жақсы жерлері тартып алынды. Олар сусыз нашар жерлерге қуылды; орман алқаптары түгелдей қазынаның пайдаланылуына алынды.
Мұндай көрініс Қазақстанда жер-жерде байқалды.
Көтерілістің бұрқ ете қалуына патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы Қазақстанның, Орталық Азияның және ішінара Сібірдің 19 жас пен 43 жасқа дейінгі “бұратана” ер азаматтарын тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстарын және әскери қатынас жолдарын салу, майдан өңірі маңайында жолдар салу және т.б.) “Реквизициялау туралы” жарлығы тікелей себеп болды. Оның үстіне жарлықта “жұмылдыру”, “әскерге шақыру” деген сөз емес, қайта әңгіме бейнебір малды реквизициялау (өткізу, алу) туралы болып отырған сияқты, “реквизиция” (жеке адамның мүлкін зорлап алу) деген сөз қолданылды. Бас штабтың салғырт бойынша тыл жұмыстарына Қазақстаннан, Орталық Азиядан 400 мың адам, соның ішінде қазақтар мекендеген барлық облыстардан 240 мыңға жуық адам алу жоспарланды. Егер өлкедегі қазақ шаруашылықтарының саны 700 мыңнан сәл асатынын ескеретін болсақ, әрбір үшінші шаруашылық қызметкерінен айырылады екен, ал сонымен бірге мұндай мөлшерде жұмысшы қолын әкету ұлттық ауқымдағы сұмдық апатқа айналатын еді.
Жарлық туралы хабар жергілікті баспасөзде жарияланды және болыс басқарушыларының жиналыстарында оқылып, қосымша түсіндірмелер мен түсініктемелер берілді. Жарлықтың бірқатар ережелерінің бұлыңғырлығын отаршылдық әкімшіліктің жергілікті шенеуніктері шебер пайдаланды. “Инженер М. Тынышбаевтың жоғары мәртебелі Түркістан генерал-губернаторы мырзаға 1916 жылғы оқиғаларға байланысты айғақтарында” Жетісу генерал-губернаторының үндеу хатында окөп жұмыстарына шақыру туралы айтылғаны атап өтіледі. Селолардағы бұрынғы орыс солдаттары қазақтарға “окөп” дегеннің не екенін түсіндірген кезде, халықты жұмылдыру (“алу”, “өткізу”) шын мәнінде қарусыз адамдарды қыруға әкеп соғады деп санады. Ал мұның өзі өз кезегінде қазақтардың патша жарлығына жаулық көзқарасын күшейтті. “... Мұның ең қауіпті жұмыс екені, - деп жазды одан әрі М. Тынышбаев, - оларға түсінікті болды... жұмысшыларды шақырудың мәнін халыққа ешкім де түсіндіріп бере алмады; оның орнына жергілікті өкімет орындары патша жарлығын асығыс түрде орындауға кірісе бастады. Кейбір жағдайларда дөрекі шаралар қолданды. Ара жігін бөліп жатпай 25 жасты (19-43) бір мезгілде асығыс алу халықты қайран қалдырды... осы ұрандармен қатар қиянат жасаушылық та қатар жүргізілді. Олар орыс әкімшілігіндегі кейбір адамдардың қатаң шаралары мен жай ғана қателіктері, болыс басқарушыларының құлқыны және тағы басқа сияқты болып келді. Бұл тәсілдер халық жанына тікелей батқандықтан, толқудың өріс алуы сөзсіз еді”.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   126   127   128   129   130   131   132   133   ...   151




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет