Қазақстан Републикасының білім және ғылым министрлігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты



бет20/21
Дата06.02.2022
өлшемі1,96 Mb.
#32838
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Қорытынды

Адамгершілікке қарсы қылмыстар мәселесі, оның ішінде әйелдер проблемасы өткен ғасырдың өзінде БҰҰ деңгейінде қаралып талқыланды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1949 жылдың 7 шілдесінде адамдарды саудаға салумен және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануымен күрес жөніндегі Конвенция, 1979 жылдың 18 сәуірінде әйелдерге байланысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөнінде Конвенция қабылданса, 1988 жылдың қазан айында, Бангкокта өткен 57-сессиясында жезөкшелік пен балалар порнографиясына пайдалану үшін адамдарды саудалауға мамандандырылған халықаралық қылмысты ұйымдармен күреске арналған мәселелер талқыланды. Дүниежүзілік ауқымда маңызы аса зор мұндай іс-шаралар әлемнің барлық елдерінде қолдау тапты.


Кейінгі кезеңде біршама мемлекеттерде әйелдерді саудаға салумен күрестің пәрменділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, 1997 жылдың сәуір айының 24-26 күндері Нидерландия үкіметінің бастамасымен Гаага қаласында, Еуропа Достастығы басшылық жасаған арнайы конференция өткізілді. Конференцияда әйелдерді жыныстық қатынас мақсатында саудаға салуға жол бермеу туралы арнайы декларация қабылдады. ТМД елдерінің Қылмыстық Кодекстерінде әйелдерді саудаға салушыларды жазалау жөнінде баптар жоқ. Мұндай қылмыстың алдын алу жөнінде халықаралық келісімдер, шарттар, конвенциялар да қабылданды. Бұлардың ішінде адамдарды саудалауға қарсы 1949 жылы қабылданған Конвенцияның, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1979 жылғы, «Әйелдерге байланысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы» Конвенциясының, Пекинде 1995 жылы өткен. Әйелдер мәселесі жөніндегі 4-Бүкілдүниежүзілік конференцияның қорытынды материалдарының, 1997 жылғы Гаага конференциясы декларациясының маңызы зор.
1949 жылғы Конвенция адамдарды саудаға салуға және жезөкшелікке қарсы бағытталған. Бұл халықаралық құжатқа қол қойған мемлекеттер жеңгетайларды және жезөкшелерді пайдакүнемдік мақсатында ұстаушыларды, притон ұйымдастырушылар мен ұстаушыларды, сондай-ақ олардың әріптестерін қылмыскер ретінде тануға міндеттенген. Бұл құжат кезінде нәтижелі болғанымен, уақыт өте келе ескірген. Өйткені, онда адамдарды саудаға салушылардың құрбандарына, сексбизнестің құрбандары болған әйелдердің тағдыларына жеткілікті түрде көңіл бөлінбеген.
Бұл құжатта секс-туризм, өркендеген елдердің үшінші әлем елдерінен үй шаруашылығына пайдалану мақсатында жұмысшы күшін тарту және жалған некеге тұру фактілеріне көңіл аударылған. Заң әйелдерді саудаға салушылыққа қанша қатал болса да, оны күні бүгінге дейін жоя алмай келеді. Сондықтан, бұл бағыттағы күрес проблемасы қоғамдық ұйымдардың назарына ілікті. Олар мемлекеттік жүйе өкілдеріне қарағанда адам құқығын сақтау мәселесіне сергек қарайды және оның бұзылуына жол бермеудің әдістерін іздестіруде.
Украинадағы «Страда» ұйымының телефон жүйесі арқылы жүргізетін «Ыстық линия» байланысы қызметі жақсы жолға қойылған. 1997 жылы 18 қарашасында ашылған бұл байланыс арқылы 1 жылдың ішінде әйелдерге 2600-дан астам рет кеңес берілді. Зардап шегушілермен телефон арқылы байланысу кезінде көмекке зәру әйелдердің топтары анықталды. Соның нәтижесінде 1998 жылдың шілдесінен қарашасына дейін 116 әйелге әлеуметтік жәрдем көрсетілді. Мұның ішінде: шетелдерден Украинаға қайтуға көмек [13], жұмысқа орналастыру [6], жаңа құжат алуға көмек [4], қаржылай көмек [5], шетелдердегі түрмелерде жатқан әйелдерге көмек [3], шетелдердегі Украина елшіліктеріне келгендерге көмек [44], жеке проблемаларын шешуге көмек [8], хабарсыз кеткендерді іздестіру [24] жұмыстары нәтижелі атқарылды. Дегенмен, әлі де украин әйелдерін шетелдерге әкету қарқыны басылмай тұр. Ал оны тоқтатуға ықпал ететін мемлекеттік арнайы қызмет орны әзірше жоқ. Қазір әйелдерді саудаға салуға қарсы мемлекеттік бағдарлама белгіленді және ол таяу уақытта жұмыс істей бастайды. Оны жүзеге асыруға мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың барлығы да атсалыспақ.
Әйелдерді зорлықтан қорғау проблемасы біздің елде де әрдайым болғанымен, ол туралы соңғы жылдары ғана ашық айтыла бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2000 жылдың қыркүйек айында өткізген, біздің Елбасымыз да қатысқан, мыңжылдық Форумында әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілік пен зорлықтың барлық түрін жоюға бұрынғысынша қол жетпей отырғаны анық айтылды. 2001 жылдың бас кезінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының комитеті республикадағы әйелдер жағдайын қарап, отбасындағы зорлықпен бірге, Қазақстанда әйелдерге байланысты зорлықтың таралуына алаңдаушылық білдірді және қылмыстың құрбандары өздерінің заңмен қорғалатынына және шеккен зияндарының есесі қайтарылатынына сенулері үшін, әйелдерге зорлық істеуді қылмыстық іс ретінде қарайтын заңды тез арада күшіне енгізу жөнінде кеңес берді. Дегенмен, Тәуелсіздік мемлекет достығының өзге елдеріндегі тәрізді Қазақстан Республикасында да жезөкшелікке байланысты проблемалар түбегейлі шешілген жоқ.
2005 жылдың 14 желтоқсанында Мемлекет басшысы "1950 жылғы 21 наурыздағы "Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы" Конвенцияны жөне "Қорытынды Хаттаманы ратификациялау туралы" заңға қол қойғаны мәлім. Жоғарыда аталған заң жобасы бойынша баяндаған Әділет министрінің орынбасары «Қазақстанның осы халықаралық шартқа қатысуы адамдарды сатуға байланысты қылмыстарға қарсы іс-қимылды және олардың алдын алуды неғұрлым сапалы деңгейге көтеруге, сондай-ақ республикадағы құқық қорғау органдарының басқа мемлекеттердегі құқық қорғау органдарымен ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді» — деп мөлімдеді. Осыған байланысты ұлтгық заңнаманы ратификацияланған халықаралық шарттың ережелерімен сөйкес келтіру мақсатында, сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі жүргізген адамдарды сатуға байланысты қылмыстарды анықтау, жолын кесу және тергеу бойынша талдауды ескере отырып, адамдарды сатуға байланысты қылмыстар үшін жауапкершілік көзделетін Қылмыстық кодекстің кейбір баптарының жетілдірілмегені анықталыпты.
Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауындағы заңнама саласындағы проблемаларды көрсете келіп, «Тағы бір бұрыннан келе жатқан проблема мынада: біз қабылдаған көптеген заңдар заңға тәуелді қажетті қосымша актілердің жоғынан толық күшінде жұмыс істемейді» деген сөздері ұдайы қаперде ұсталынуы керек.
"Адамдарды сату" қылмысының құрамы 2000 жылғы 13 желтоқсандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмыс туралы Конвенциясын толықтыратын адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу және жолын кесу және ол үшін жауапқа тарту туралы хаттаманың ережелеріне сәйкес нақтыланған. Қазіргі кезде Трансұлттық ұйымдасқан қылмыс туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясы және оған Хаттама бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ратификациялау жөніндегі мемлекетшілік рәсімдерді жүргізуде.
Ал "Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" заңдық күші бар Жарлыққа толықтыру ретінде ауыр жөне аса ауыр қылмыс жасалуы салдарынан жәбірленуші деп танылған уақытша келген шетелдік азаматтарға мәртебе беруді көздеу ұсынылды. Заң жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беру, адамның кадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы туралы конституциялық нормаларды дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған. Жоғарыда аталған заң жобасын қабылдау, адамдарды сатумен байланысты қылмыстарды анықтаудың жолын кесудің және тергеудің тиімділігін арттыруды, аталған қылмыстардың жасырын сипатын және заңсыз көшіп-қонушылардың еңбегін пайдалануға және шетелге жұмысқа орналастыру жөнінде тиісінше қызметтік реттеуге байланысты қылмыстардың санын азайтуды көздейтіні аталды.
Қазіргі уақытта адамдарды сату ауқымы аса ұлғайып, Трансұлттық қылмыстың бір бөлігіне айналып отыр. "Бизнестің бұл түрі өзінің кіріс деңгейі бойынша қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұр деп айтуға болады. Адамдарды сату көптеген саланы, яғни көші-қон, ұйымдасқан қылмыс, жезөкшелік және т. б. қамтитын кешенді проблема больш табылады. Біріккен ұлттар ұйымының деректеріне карағанда, 12 миллионға жуық адам әлі күнге дейін құлдық жағдайда өмір сүреді. Ал халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, жыл сайын 5 миллионға жуық адам алдаудың кұрбаны болады, тірі тауарға немесе пайдаланудың басқа бір түрлеріне айналуда.
Қазақстан Орталық Азиядағы көптеген республикалар секілді траффиктің құрбаны болған адамдарды әкететін және олардың транзитін жүргізетін ел болып отыр. Мамандардың пікірінше, елімізде адам сату құрбандарының жыл сайынғы саны 5 мыңға жуық адамды құрайды. Елімізде соңғы үш жыддың ішінде заңсыз адамнан немесе мәйіттің органдары мен тінін алу фактілері тіркелмеген. Бірақ бұл проблема көршілес елдерде орын алғандықтан бұл өзекті проблемалардың бірі болып қала береді.
Жекелеген Сенат депутаттары адам органы мен тінін заңсыз алу туралы айтқан жағдайда, адам органы мен тінін трансплатация жасау туралы заңның қажеттілігіне баса назар аударды. Депутаттардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанда мұндай заң елі қабылданбаған. Бұл орайда ненің заңды және ненің заңсыз екені беймәлім, алдымен қандай органды трансплатация жасау қажеттілігі, рәсімдеу төртібі жөне т.б. мәселелер заңда қаралуы қажет, содан соң барып заң бұзушылық болған жағдайда, қылмыстық жауапкершілік туындайтыны жайында айту керек деседі. Сөз болып отырған заң жобасына Сенат тарапынан енгізілген түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауына жолданған.
Жиырма бірінші ғасыр адамзатқа алапат апаттар мен орны толмас өкініштерге толы өзгерістер әкеліп жатыр. Ендігі жерде адамды құлдықка сату мәселесі де өркениетті мемлекеттердің алдында шешілуге тиісті елеулі проблемалардың біріне айналды.
Қазақстан Республикасы мен Америка құрамы штаты арасында адамдарды құлдыққа сату қылмыстары төңірегінде келелі әңгіме болды. Екі елдің ресми өкілдері адамдарды құлдыққа сатумен бірлесе күрес жүргізу жөніндегі белгілеп отырған жоспарлы бағдарламаны бірінші кезекте басты назарға алу қажеттілігіне назар аударды. Аталмыш саладағы істің жағдайын анағұрлым жақсартуға және осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтуге жаңа саяси-құқықтық реформа кең көкжиектер ашатыны атап айтылды.
Бүгінгі демографиялық саясатқа, халық санын көбейту мәселесіне жаңа көзқарасты қалыптастырумен бірге, оның тың және соны жолдарын іске қосатын уақыт жетті. Мемлекеттің өз халқының санын көбейтуге мүдделігі нақты іргелі, кешенді шаралардан көрінуі керек. Халқының құрамы қазақстандықтардан әлденеше есе көп өзге мемлекеттерді айтпағанда, жыл сайын ондаған миллионға көбейетін көрші Қытай елінің саны бізді ойландыруға тиісті. Демек, республикадағы демографиялық ахуалға және халықтың денсаулығы жағдайын теріс ықпал ететін жезөкшелік пен жезөкшелікке байланысты қылмыстарға «Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтың уақытша зардабы немесе жастар арасындағы Батысқа еліктеушіліктің зиянсыз көрінісі» деп жайбарақаттыққа салынсақ, ертең үлкен өкінішке қалуымыз мүмкін. Мысалы, Тайланд мемлекетінде бұрын тай ұлты қыздарының 15 жасынан бастап тәндерін саудаға салуы қалыпты жайт болып саналған. Бертін келе бұл әрекет күнкөріс тәсіліне, ал ХХ ғасырдың соңында дәстүрге айналып, әлеуметтік-қоғамдық өмірден берік орын алған. Тай қыз-келіншектерінің едәуір бөлігі жезөкшелік індетіне ұрынған соң, ұлт жанашырлары «Тай халқы қауіп-қатер үстінде!» деп, бұл қасіреттен құтылу жолдарын аласұрып іздестіруде.
Бұрынғы қазақ қоғамында жезөкшелік орын алмағандықтан, бұл құбылысқа байланысты қылмыстардың да орын алуы мүмкін емес еді. Сондықтан, әдет заңдарында оларға жаза түрлері қарастырылмаған. Ал қазіргі Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексте жезөкшелікпен айналысуға тарту (308-бап), жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (309-бап) қылмыстарына жауаптылық белгіленгенімен, олар қоғамдық-әлеуметтік өмірімізде кең таралған. Дәлірек айтқанда, пайдақорлық мақсатында нәпсіқұмарлық сипатындағы бей-берекет жыныстық қатынастың өрбуіне қолайлы жағдай тудырушы қылмыс субъектілеріне қарсы бағытталған тиісті заңдар айтарлықтай нәтиже бермеуде. Айыпкерлерге белгіленген қылмыстық жауапкершілікті күшейту немесе жезөкшелікке ресми рұқсат беріп, заңды зинақорлар үйлерін ашу арқылы аталған қылмыс түрлерін ауыздықтау мүмкін емес екенін бірқатар шетелдерде жүзеге асырылған осындай іс-әрекеттердің қорытындыларынан анық байқауға болады.
Мемлекет адамгершілік құндылықтары мен қоғамдық пікірлердің қалыптасқан жүйесін ескере отырып, жезөкшелікпен күрестің ұлттық саясатын дербес белгілеуге құқылы. Сондықтан, бұл мәселеге орай бірегей тұжырымдама жасаған елдердің өзінде, оны жүзеге асырудың жолдары мен құралы әр түрі болуы мүмкін. Тіпті бір федералдық мемлекетте федерация субьектілері бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы бар түрлі саясат жүргізуі ықтимал. Айталық, Америка құрамы штаттың қазіргі заңнамасында кейбір штаттарда жезөкшелікке тыйым салынған және бұл үшін клиенттер де жазаланады. Енді бір штаттарда жезөкшелер қаңғыбастық жөніндегі заң бойынша қуғындалады. Мысалы, Невада штатында жезөкшелік зинақорлар үйлері шеңберінде ресми рұқсат етілген және олардың қызметі тәртіппен реттелген. Ұлыбританияда жезөкшелердің өзгелерді мазалауына ғана тыйым салынған. Францияның Қылмыстық кодексінде көше жезөкшелігіне яғни көпшілік орындарында өзгелерді мазалауға тыйым салатын баптарынан басқа жезөкшелікке шектеу қойылмаған.
Бірақ жезөкшелікке байланысты қоғамдық пікірдің және ресми билік орындарының ұстанымы қандай екеніне қарамастан, мемлекеттердің басым көпшілігінде оны пайдалану заңмен қуғындалады.
Жағдайдың осылайша қалыптасуына басты себеп не? Меңіңше, ең алдымен, қылмысқа қарсы күресте алдын алу шараларының нашар ұйымдастырылатындығында. Қылмыстық көрсеткіштердің артуына көшедегі қылмыстардың етек алуы «қомақты үлес» қосып отырғанын айтпасқа болмайды. Бүкіл әлемде бізде ашылған жедел басқару орталығы тектес нысандардың қызметі техникалық деп саналып, жұмысты полицей емес, азаматтық мамандар атқарады. Әрбір полицей өзіне жүктелген аса маңызды іспен қылмысқа қарсы тікелей күрес жүргізумен айналысуы керек, ал бір жерде отырып алып, пәрмен беру кәсіби полицейге тән үрдіс емес. Көшедегі қылмыстың санын тежеу үшін бейнекамералардың санын көбейту емес, керісінше, патрульдік-бекеттік қызметті жедел нығайту, шұғыл әрекет ететін құрамы көп топтар құру маңызды екендігін ұғынуға полицейлік жұмыс тәжірибесі немесе болжағыш-сараптамашы болудың қажеті жоқ. Сонымен қатар бізге соншалықты мәртебе ретінде құлағдар етіліп отырған бейнекамералардың жасырын жерлерге орналасуы да қылмыстың алдын алудағы кемшілік болып табылады. Азаматтар үшін қылмыстың ашылуы емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Мысалы, Францияда керісінше бейнебақылау тұрғаны туралы ескертетін тақтайшалар ілініп қойылады, мұнда полицейлер үшін қылмысты ашу емес, оның алдын алу, тонаушылыққа, зорлауға, кісі өлтіруге жол бермеу маңызды саналады. Біздің ойымызша, қылмыстың артуын тежеу үшін, азаматтарды қорғау үшін жаңа іс-шаралар, эксперименттер аса қажет. Патрульдердің және арнайы топтардың құрамына енгізіп, қоғамдық қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге жұмылдыру қажет. Бұл үшін басы артық ешқандай шығын кетпейді. Біз, салық төлеушілер, арнайы дайындықтан өткен және қаруланған жүздеген алып жігіттерді өзімізді қорғамаса, не үшін оқытып, дайындап, асырап отырмыз?
Адамгершілікке қарсы қылмыстармен күресудің әдісі ретінде Ресейдің «Полиция барлық жерде» әдісін қолданып көрудің де артықшылығы жоқ. Бұл үшін ішкі істер департаментінің, соның ішінде қосалқы, техникалық қызметтердің қызметкерлеріне жұмыстан тыс уақытта да полицейлік киімде жүруді міндеттеуіміз керек. Бұл үрдіс көшедегі полиция қызметкерлері санын арттыру есебінен алдын алуда өте тиімді болар еді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі үнемі жетілдіріп отыруы керек. Мысалға, Канада, Израиль елдеріндегі қылмыспен күрес жүргізу және оның алдын алу жүйесін алайық. Бұларда қылмыспен күреске зейнеткерлер де, жастар клубтары да, ұлттық орталықтар да, діни қайраткерлер де, үкіметтік емес ұйымдар да белсене қатысады. Ең бастысы қылмыспен тиімді күрес жүргізуде рөлді адамдық фактор иеленеді.
Халықаралық достастықтың жезөкшелікпен және әйелдерді кемсітушіліктің барлық түрлерінің көрінісімен күресуге бағытталған құқықтық актілердің шеңберінде қабылдаған шаралары біздің мемлекет үшін де тиімді екендігі анық. Әсіресе, халқымыздың тарихын, төлтума мәдениеті мен өмір салтын ескере отырып, ұлттық заңнама бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет. Демек, ертедегі қазақ қоғамындағы халықтың әлеуметтік өміріне жезөкшелік құбылысының енуіне тосқауыл қойған факторларды, олардың кейінгі кезеңде жойылуының себеп-салдарларын анықтап, ескі салт-дәстүрлердің, сондай-ақ әдет заңдарының прогресшіл кейбірін жандандыру және оларды қазіргі өмір салтымен, қылмыстық-құқықтық, әкімшілік, азаматтық, тәртіптік заңдарымен байланыстыра қолданысқа енгізудің мүмкіндігін жан-жақты терең зерттеу қолға алынуы керек.
Адамгершілікке қарсы қылмыстар жасаушыларды жазалау арқылы құқық қорғау мен қоғамдық тәртіп салаларындағы проблемаларды шешу, сөйтіп адамдардың денсаулығын және ар-намысы құқығын қорғауға ұмтылу айтарлықтай нәтиже бере қоймайтынын; қылмыстарға белгіленген заңдар негізінен қылмыс жүзеге асқаннан кейін ғана күшіне енетінін, яғни бір ғана Қылмыстық кодекс мақсатқа жеткізбейтінін ескеріп, адамгершілікке қарсы қылмыстардың алдын алу, не дер кезінде бейтараптандыру проблемаларын шешу және оған қарсы күрестің пәрменділігін арттыру мақсатында заңның өзге салаларындағы Қылмыстық Кодекске демеу көрсете алатын тетіктерді толықтырып іске қосу керек. Сөйтіп, Қылмыстық Кодекске толықтырулар мен өзгертулер енгізу шарасы заңның өзге салаларында да жалғасын табуы бұл бағыттағы күрестің пәрменділігін, тиімділігін және нәтижелігін арттыра түспек.
Осындай ғылыми еңбектенудің нәтижесінде ғана демократиялық, құқықтық, зиялы қоғам құруды мақсат еткен еліміздің қоғамдық санасына, психологиясына, өмір салтына сай адамгершілікке қарсы қылмыстармен күрестің жаңа, кешенді бағдарламасын дайындап, жүзеге асыра аламыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет