Қазақстан Републикасының білім және ғылым министрлігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты


Адамгершілікке қарсы қылмыстардың криминологиялық аспектілері



бет13/21
Дата06.02.2022
өлшемі1,96 Mb.
#32838
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21
3 Адамгершілікке қарсы қылмыстардың криминологиялық аспектілері


3.1 Адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудырған мән- жайларлардың қоғамдық қауіптілігі
Адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудыратын мән-жайлар сан қырлы. Адамдардың көзқарасы, жүріс тұрысы, ережелері, психологиясы т.б., жалпы айтқанда, қондырмалық институттар базистік қоғамдық қатынастарға, сәйкес формацияға тәуелді болғандықтан да экономикалық фактор ең негізгі себеп болып суырылып шығады. Экономикалық қолайсыз жағдай, қоғамның және жеке адамның санасына ұялап, қоғамға жат мінез құлықты тудырады, бірақ ол белгілі бір әлеуметтік топ деңгейінде, жеке адам деңгейінде көрініс табады. Сондықтан да, әрбір нақты жағдайда, қоғамға жат көріністердің себептеріне жататын объективтік жағдайлар мен субъективтік факторлар арасындағы өзара байланысты ашып, оның кімге көбірек ықпал жасайтынын ескеру керек. Егер қоғам экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемалар мен қарама-қайшылықтардың уысында қалса, қылмыстылық кең етек алады, ешқандай әлеуметтік саяси жүйе бұл заңдылықтан қашып құтыла алмайды.
Қылмыстылықтың жалпы себептерін және нақты қылмыстың себептерін, сондай ақ жағдайын ажырату қажет. Нақты қылмыстың себептері мен жағдайы, ол:
а) тұтынушылықты, мүдделерді, нақты адамның құндылыққа бағдарын оң бағыттан тайдыратын, қылмыстық себептілікке негіз болатын орта;
ә) қылмыстық себептіліктің өзі;
б) адамның қалыптасу, өмір сүру процесінде және қылмыс жасау процесінде тікелей өзі болатын және мінез құлықтағы қылмыстық себептіліктің туындауына және іске асуына мүмкіндік тудыратын (нақты қылмысқа мүмкіндік тудыратын) жағдайлар. Біреулердің тұрмысының нашарлауы солардың есебінен басқа біреулердің баюына әкеп соғады, бұл қайшылық қылмыстың да етек алуына себепші болады, адамдарда үрей, ыза кек пайда болады, олар сенімнен айырылады, саяси дау жанжал, бандитизм, әр түрлі нысандағы зорлық-зомбылық көбейеді. Біреулердің көп ақы төленетін жұмыс атқаруы, екінің бірі қолы жетпейтін материалдық және мәдени құндылықтарды пайдалануы, ондай мүмкіндігі жоқ адамдарда іштарлық сезімін тудырады. Өзінің мамандығын, біліктілігін,білімін жетілдіріп, қоғамға қомақты еңбек үлесін қосып, соған сәйкес табыс табу кейбір әлеуметтік топтарға әзірше тәтті қиял .
Сарапшылар жасырын жезөкшеліктің туындауына және кең таралуына себеп болған бірнеше фактор бар деп біледі.
а) әлеуметтік–экономикалық фактор: елдегі әлеуметтік теңсіздік; халықтың үлкен бөлігінің, ең алдымен барлық жастардың өмір сүру деңгейінің төмендігі; қоғамның байларға және кедейлерге жіктелуі; әйелдердің көпшілігінің қамтамасыз етілмеуі; жұмыстан басқа іс майданында өздерінің қабілеттерін көрсетудің қиындығы; жас әйелдер үшін жоғары табыс табу мүмкіндігінің шектеулігі; «көлеңкелі» экономиканың салдарынан игілікті пайдалану деңгейінің төмендеуі;
ә) моральдық-этикалық фактор: қоғамның айтарлықтай бөлігінің моральдық деңгейінің төмендігі, руханисыздық, дүние-мүліктік психология; тауар ақша қатынасына құрылған өркениет жағдайындағы адамның өзін-өзі жатсынуы; соңғы екі онжылдықта моральдық- этикалық қалыптың тозуы және мінез құлықтың кенеттен төмен құлдырауы; адамға деген тұтынушылық қатынастың өзгеріске ұшырауы; әйелдерді сұлулық пен мейірімділіктің бейнесі деп танитын түсініктің күйреуі, ана мәртебесінің төмендеуі; тәрбиенің мақсатты бағдарламасының және жыныстық тәрбиенің болмауы;
б) физиологиялық фактор: жезөкшелікпен машықтану екі жыныстың қатысуымен жүзеге асады. Әйелдер сарапшылар еркектердің сексуалдық мұқтаждығын кінәлап, «Сұраныс ұсынысты тудырады» деген себеп айтса,еркек сарапшылар жезөкшелікпен айналысу үшін осы іске құштарлық керек деп есептеп, оны әйелдер ағзасының физиологиялық ерекшеліктерімен байланыстырады. Бұл машыққа қоғамдық сұраныстың жоғары болуын сарапшылар жезөкшеліктің қызметін сексуалдық отбасылық-некелік қатынас жүйесіндегі элемент ретінде түсіндіреді және халықтың жыныс белгілері бойынша бөлінуіндегі ара-қатынастың айтарлықтай алшақтығымен байланыстырады.
Жезөкшелік құбылысының орын алуының басқа да себептері бар. Сарапшы сексопотологтар бүлдіршін қыздың алғашқы үш жылында анасымен сезімдік байланыста болмауы (бөбектер мен балалар бақшалары немесе балалар үйлері тәрбиесі), кейін оны сексуалдық серігінің кім болатындығына талғаусыз қарауына әкеп соқтырады деген пікірде. Кейбір ғалымдар жезөкшелерді қалыптан ауытқыған психикалық және физиологиялық құбылыстардың жемісі, сондай-ақ антропологиялық жеке дене бітімі және әлеуметтік факторларының ықпалымен адамдар өмір сүретін әлеуметтік хал-ахуал әсерінің нәтижесі ретінде қарастырады.
Жезөкшеліктің тіршілік етуінің себебі оған үнемі сұраныс болуында. Жезөкшелердің қызметін әр түрлі еркектер пайдаланады: біріншіден, жас болғандықтан сексуалдық тәжірибесі жоқ және басқа жолмен өздерінің сексуалдық мұқтаждығын қанағаттандыра алмайтындар; екіншіден, сексуалдық әуестігі әдеттегіден тыс, тіпті ауытқушылыққа ұшыраған және оны әйелімен немесе ашынасымен қанағаттандыра алмайтындар; үшіншіден, егде жастағылар, дене құрылысы кемшіндер немесе психологиялық ерекшелігі барлар (мысалы, өте тұйық) жезөкшелердің қызметін пайдаланбай, жыныстық қарым-қатынас жасай алмайды; төртіншіден, көптеген жалғызілікті адамдар жезөкшелермен байланыстан адамдық жылылық іздейді, уақытша болсын жалғыздықтан құтылады. Жат қалада іс-сапарда жүрген немесе демалып жатқан адамдар да әлгіндей сезімді бастан өткереді.
Жезөкшеліктің өсуіне қоғам басынан өтіп жатқан сексуалдық тежеусіз еркіндік зор ықпал етуде. Жыныстық қатынастардан дөрекілікпен және арсыздықпен бұрынғы пуритандық жамылғылар жұлып тасталынды. Адамдар көптеген жылдар бойы қатаң тыйым салынған жезөкшелікті ессіз құштарлықпен қабылдады. Басты назарын экономикалық және саяси проблемаларға аударған қоғам адамгершілік пен моральға қатысты проблемаларды мүлде естен шығарды. Ал жыныстық қатынастың құлдырауы жезөкшеліктің ғана емес, түрлі қылмыстардың және басқадай қоғамға қарсы қауіпті құбылыстардың өсуін туындатты.
Отбасылардың ыдырауының себептері әр түрлі. Оған меншікті үйдің болмауы немесе материалдық ауыртпашылық та себеп болады. Секспотологияның бүкілодақтық орталығының аға ғылыми қызметкері С.Агарков бұл құбылысқа терең талдау жасайды: «Отбасының бұзылуы азамат соғысы кезінде басталды. Дәл сол кезеңде ағайындылар бірін-бірі өлтіруге барды, сезімге берілген ұлы әкесінің, әйелі күйеуінің атылуларына бірден-бір себепші болды. Жаппай жазалау жылдары бір-бірі жайында құпия түрде сөз тасу, сатқындық, туыстықтан бас тарту отбасылардың ортақ мінезіне айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыс та терең із қалдырды. Отбасылар өз мүшелерінің құрамы ойсырауы салдарынан өздігінен жойылып жатты. Осындай бақытсыздықтан басқа біз екіжүзділік пен бір-бірімізге деген сенімсіздікті бастан өткердік. Алдау мемлекеттік саясаттың жоғары дәрежесіне көтерілді. Мұндай тарихтың отбасыларға зардабы тимеуі мүмкін бе? » Әйтсе де, көптеген зерттеушілер сексуалдық өмірдің өсу қарқынын тікелей әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланыстырады [52].
ХХ ғасырдың 20-жылдары жезөкшелерден алынған сауалнамадан олардың 82,5 % -і жаңа экономикалық саясат кезінде «панельге» кеткендігі анықталған. Зерттеушілер революцияға дейінгі Ресей жағдайымен 1920-жылдардағы жағдайдың ұқсас екендігін, жезөкшелікпен айналысатын әйелдерді жезөкшеліктің таптауырын жолына түсуге мұқтаждық итермелегенін айта келіп, аштық жезөкшеліктің қуатты факторы болып табылады деген пікір білдірген.
Зерттеу жүргізілген әйелдердің оннан тоғызының жезөкшелікпен айналуына ауыр материалдық жағдайы душар еткен. Москвадағы жезөкшелердің 91%-нің бала кезінде, 82,2 %-інің сауалнама берген кезінде тұрғын жайлары болмаған. Харьковта олардың 38,6 %- і үй күйсіз түрлі жағдайда күнелтсе, 18%- і ғана қанағаттанарлық деңгейде тамақтанған, 48%- і ұзаққа созылған жұмыссыздық салдарынан жезөкшелікпен айналысқан. Енді бір мәлімет бойынша, жезөкшелердің 47,5 %- мұқтаждық салдарынан осы кәсіпшілікпен айналысқан. Олардың 30 %-і бір бөлмеде ұйықтаған туған-туыстарының және бөтен еркектердің кінәсінен жыныстық кемелденуге жетпей пәктігінен айрылған. Бұлардың 23,6 % пәктігінен айрылу себебін зорлаумен байланыстырса, 9,4 %-і мұқтаждықтан, 5,2 %- і ләззат алуға деген құштарлықтан деп көрсеткен. Жезөкшелердің басым көпшілігі есірткі заттарын тұтынса, 47,1 %- қайғы-мұңды ұмыту мақсатында қолданған [53].
Кеңес Одағы ыдырап, республикалардың тәуелсіздік алуларына байланысты қоғамдық құрылыстың өзгеруі, қоғамның жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуі, бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстың үзілуі, соның салдарынан көптеген өндіріс орындарының жұмысын тоқтатуы я жартылай ғана жұмыс істеуі, бірсыпырасының нарықтық экономика кезеңінде жұмыс істеуге қабілетсіздігінен мүлде жойылуы, кеншарлар мен ұжымшаралардың таратылып, ауылшаруашылық өнімдерінің де күрт қысқаруы, соның салдарынан жұмыссыздықтың белең алуы, күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік бағаларының, көпшілік көлігі жолақыларының, электр энергиясы құнының қымбаттауы, уақытында еңбекақы мен стипендияның берілмеуі тәрізді құбылыстар біздің еліміздегі ғана емес, ТМД-ның өзге елдеріндегі де өмір деңгейін төмендетіп жіберді. Бұл жайттар Қазақстандағы демографиялық ахуалға да теріс ықпал етті [54].
Республика халқының азаюына табиғи өсімнің кемуі ғана емес, халықтың көптен ауа көшуі де тікелей әсер етуде. Сыртқа кеткен және сырттан келген халықтың көпшілігі еңбек ресурстарын құрайтын еңбек жасындағы адамдардан тұрады. Мысалы, республикада еңбек жасындағы адамдардың үлесі 55,0 % болса, республикаға келіп жатқандардың арасындағы үлесі 72,0 % -ті, көшіп кетушілердің үлесі 67,0 %-ті құраған. Бірақ көшіп келушілерден гөрі кетушілер көп болғандықтан, 2003 жылдан 2004 жылға дейін еңбек ресурстары 227,0 мың адамға кеміп, 9113,0 мың адамдай болды. Солай бола тұра, елімізде қоғамдық пайдалы еңбекпен қамту жағдайы жақсарған жоқ. Абсолютті мөлшерде жұмыссыздардың саны Талдықорған (4,8 мың адам), Солтүстік Қазақстан (6,2 мың), Қызылорда ( 8,8 мың), Семей (10,6 мың) және Оңтүстік Қазақстан ( 14,4 мың) облыстарында өте көп өсті [55].
2010 жылдың қаңтар-тамызында облыстан республика шегіне 1189 адам қоныс аударды, оның ішінде 931 адам ТМД елдерін, және 258-ТМД- дан тыс елдерге қоныс аударды.
2010 жылдың қаңтар-шілдесінде ТМД елдерінен қайта көшіп келгендер саны 17,1 %- ға азайып, 1333 адамды құрады, ТМД-дан тыс елдерінен келгендер саны 2,4 есе көбейіп, 688 адамды құрады.
Қазіргі кезде республика халқының 51,4 %-ін әйелдер құраса да, олардың 40%- і ғана жұмыспен қамтылған, ал 60 %-і жұмыссыз. Павлодар облысы бойынша 2009 жылдың тамыз айының аяғында жұмыспен қамту мәселелері бойынша өкілетті органдарға өтініш берген ұйымдардың жұмыскерлерге деген сұранысы 2169 адамды құрады, бұл шілде айымен салыстырғанда 262 адамға аз. Бір бос орынға 5 жұмыссыз адамнан келеді. Экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санында тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2,4 % шегінде қалыптасты. Жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өкілетті органдардың есебінде тұрған жұмыссыздар саны 9743 адамды құрады.
Дегенмен, жұмыссыз әйелдердің қомақты бөлігі жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрмағандықтан, «жұмыссыз» мәртебесін де, оған қатысты жәрдемақыны да, ала алмайды. Осы себепті, олардың бір бөлігі жезөкшелікке салынуды айтпағанда, түрлі қылмысты жолымен күн көруге бейімделеді.
Мысалы, республикада 2009 жылы бас бостандықтарынан айрылған әйелдердің 53,2 % -ін еш жерде жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындар құраса, 0,8 %-ғана ресми жұмыссыз мәртебесін алғандар болған. Ал заңда жұмысы да, баласы да жоқ жалғызбасты әйелдерге жәрдемақы төлеу қарастырылмаған.
Жұмыссыздық белең алған кезеңде жұмыс табу өте қиын екендігі белгілі. Бірақ әйелдердің әлгіндей бөлігінің қандай тәсілмен күн көріп жатқандығы белгісіз болса да, әлеуметтік қамтамасыз етілмеуі салдарынан зорлыққа ең алдымен ұшырайтындар солар екендігі белгілі. Ал қазіргі кезде жұмыссыздар қатарынан шыққан маскүнемдікке салынған қаңғыбастар мен сұраншылардың топтары аулалардағы ас қалдығын төгетін ыдыстардан өзек жалғауға нәр боларлық талшық тауып жеп тірлік кешуде [56].
2010 жылдың 1 тамызында Павлодар облысының халқы 744,2 мың адамды құрады. 2006 жылдың қаңтар –тамызында туғандар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1 % азайды, ал өлгендер саны -0,2 %-ға артты және сәйкесінше 6,3 және 5,3 мың адамды құрады. Осының нәтижесінде облыс халқының саны 996 адамға артты, (қалаларда 690 адамға, ауылдық жерлерде 306 адамға) Халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі маскүнемдік, нашақорлық, түрлі қылмыс жасаушылықпен қатар жезөкшеліктің де өрбуіне ықпал етуші басты себептердің бірі болып табылады [57].
Жезөкшелікке әкелетін тағы бір маңызды фактор - қазіргі «жыныстық қатынас төңкерісі» кезінде жасөспірімдерінің жыныстық қатынас туралы дұрыс мәлімет алмауында. Бүгінде тек «Валеология» сабағының бір бөлімінде ғана жыныстық қатынастар туралы мәлімет берілуде. Бірақ, бұл қазіргі заманның талабына сай келмейді. Біздің қоғамда адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудырушы мән жайлар аз емес. Қазақстандағы демографиялық ахуал және еңбек ресурстары бойынша шешімін таппаған проблемалар адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудырушы мән-жайлардың біріне айналды.
Республикадағы отбасылық-некелік жағдай көңіл алаңдатады. Облыстағы некелік – отбасылық жағдай некенің 13,7 %- ға және ажырасу санының 11,8 пайызға өсуімен сипатталды. 2010 жылдың қаңтар-шілдесінде барлығы 3,1 мың неке қию және 1,4 мың ажырасу тіркелді немесе 1000 тіркелген некеге 448 ажырасудан келеді. Отырып қалған қазақ қыздарының саны республика бойынша 88 мың, бұрын одақ бойынша мұнда көрсеткіш 110 мыңды құраған.
Қазіргі кезде республикадағы демографиялық ахуалға байланысты әйелдер құрамының ерлердің санынан елеулі деңгейде көптігі қоғамдық өмірде түрлі сипатта көрініс беруде. Бұл мән-жайлардың жезөкшеліктің өрбуіне, сондай –ақ адамгершілікке қарсы қылмыстардың өзге түрлерін де тудыруға ықпал ететіні анық.
Жезөкшеліктің тежеусіз өсіп, шапшаң таралуының себептері журналистер мен оқырмандарды да толғандыруда. Әсіресе, Ресей баспасөзінде бұл мәселе жиі көтеріледі. Жарияланымдардың авторлары бұл құбылысқа әр қырынан зер салып, түрлі аспектілерде қарастырады. Сірә, олардың ішінен негізгілері болып табылатын моральдық және әлеуметтік аспектілерін бөліп алып талдауға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет