4 І – тарау. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық сипаттамасы



бет1/5
Дата27.12.2016
өлшемі1,11 Mb.
#6083
  1   2   3   4   5
Мазмұны
Кіріспе..........................................................................................................................4
І – тарау. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық сипаттамасы.

    1. Діни экстремизмді зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері.........14

    2. Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалы, құрылымы және

динамикасы........................................................................................................39

1.3 Діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық

кешені.................................................................................................................46

1.4 Діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы тұлғалардың криминологиялық сипаттамасы және оның типологиясы....................................53



ІІ –тарау. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизммен күресудің криминологиялық және құқықтық аспектілері

2.1 Діни экстремизмді ескерту, алдын-алу және оның жолын кесудегі құқық қорғау органдары әрекетінің тиімділігі..................................................................61

2.2 Діни экстремизмді алдын-алудағы мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық құрылымдардың жүйесі............................................................................................75
Қорытынды..............................................................................................................88

Әдебиеттер................................................................................................................93


Кіріспе
Диссертацияның жалпы сипаттамасы. Бұл диссертацияда Қазақстан Республикасындағы діни экстремизммен күресудің криминологиялық аспектілері зерттелінеді. Халықаралық және Қазақстандық нормативті құқықтық базаның діни экстремистік бағыттағы қылмыспен күрес саласындағы талдауы жасалынады, діни экстремизнің әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық құбылыс ретінде криминологиялық сипаттамасы ашылып, оның категориялық аппараты қарастырылады. Зерттелетін құбылыстың пайда болып, дамып, таралуына негіз болатын факторларды зерттеу негізінде діни экстремистік әрекеттерді күштермен, құралдармен, әдістермен және ішкі істер органдарына тән қызметтермен алдын-алудың жалпы шараларының дифференцияланған жүйесі ұсынылады.

Зерттеу тақырыбының маңыздылығы. Кеңестік Одақтың ыдырауы нәтижесінде, мемлекет тәуелсіздігінің жариялануы Қазақстан Республикасында демократиялық, құқықтық институттардың, ашық нарықтық экономикалық және әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі бар әлеуметтік мемлекет пен дүнияуи азаматтық қоғамның құрылуына негіз болды. Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастыққа халықаралық-құқықтық қарым-қатынастардың толыққанды субьектісі ретінде кіреді. Аталған жиынтық бүкіл елдердің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін жоғары әлеуметтік құндылықтардың сақталуына және әлемдік қауымдастықты сақтау мен дамытудың жаңа жолдармен анықтайды.

Соңғы 17-18 жылда Орта Азия аумағында жалпы экстремизм түрлерінің қаупі күшейді. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және ішінара Қазақстан Республикаларындағы әртүрлі экстремистік бағыттағы ұйымдар тарапынан болған жағдайлар, жалпы экстремизмнің түрлерінің, оның ішінде діни экстремизм құбылысын зерттеудің маңыздылығын көрсетеді. Аталған Республикалардағы нақты қалыптасып келе жатқан әлеуметтік-саяси ауыртпалық Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті шаралардың жасау керектігін айқындайды.

Кез-келген қоғамның діни, ұлттық, саяси қарсылықтары экономикалық қиындықтарды бұзып шыға отырып, жалпы экстремизм түрлерінің идеологтары оларды жанжалды тұтандырудың құралы ретінде пайдаланып, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Діни экстремизм өте ауыр әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық мәселе бола отырып, көпаспектілі болып табылады. Яғни діни артықшылық, діни алауыздық, жеккөрушілік, дінді саясаттандыру сияқты ең шеткі қисынсыз көзқарастары мен әрекеттері арқылы пайда болатын қоғамға қауіпті құбылыс болып табылады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев айтып өткендей, « Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймаған құбылыс, алайда конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп алдын алмасақ ». Қазақстан Республикасы Президентінің болжамдық көзқарасын Н.М. Әбдіров былай нақтылай түседі: « экстремизмге қарсылықты іске асыруда кешенді және жүйелі жол қажет. Сонда реттеуші ғана емес тиым салушы да шаралар қарастырылатын еді ».

Көпконфессиялы Қазақстан үшін діни экстремизм құбылысы ішкі және сыртқы саясаты үшін бірдей ауқымды маңызға ие.

Криминологияның, қазіргі саясаттанудың және саяси әлеуметтанудың шеңберінде соңғы жылдары діни экстремизмнің мәні мен мазмұнына қатысты ғылыми пікірталастар белсенді жүріп жатыр. « Діни экстремизм » ұғымы тек әлеуметтік ғылымдардың түсініктік аппаратында ғана емес, БАҚ –да белсенді қолданыла бастады. Осындай әр түрлі түсінік мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың діни экстремизм мен оның пайда болуына қарсы тұруда белгілі бір қиындықтар тудырады.

Діни экстремизмнің пайда болып таралуына ықпал ететін факторлар мен себептерін ашуға бағытталған зерттеулер бақылау шараларының жүйесін ұйымдастырып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ішкі істер органдары арқылы діни экстремистік әрекеттің алдын-алудың арнайы шараларын жүзеге асыру қарастырылады.



Тақырыптың ғылыми жетілу күйі. Қарастырылып отырған тақырып турасындағы арнайы әдебиеттердің зерттеу мен талдау, діни экстремизмнің алдын-алу мәселесі ішкі істер органдарында жеткілікті жетілдірмегендігін көрсетеді. Оның үстіне Қазақстанда діни экстремизммен күрес мәселелері бойынша арнайы диссертациялық зерттеулер жүргізілмеген.

Мәселенің маңыздылығы мен практикалық мәніне қарамастан, қазіргі кезде Қазақстан Республикасында оны жалпы теориялық және ғылыми- қолданбалы аспектіде фундаменталды жұмыстар жүргізілмеген. Сонымен қатар діни экстремизмді алдын-алу жүйесін жасау бойынша кешенді зерттеулер осы кезге дейін жоқ.

Қазіргі уақытта әлеуметтік патология құбылысы ретінде діни экстремизм әлеуметтік ғылымдардың әр түрлі бағыттарының назарын өзіне аудартып отыр. Оны негізінде саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, конфликтология бойынша мамандар, әлеуметтік және мінез-құлық психологтар, криминологтар, теологтар, философтар, заңгерлер және басқа мамандар зерттеуде. Алайда пәнаралық сипаттағы еңбектер жеткіліксіз.

Діни экстремизм құбылысын зерттелуіне қатысты Ресей ғалымдарынан Э.С. Абдулаев, А.Б. Агапов, Ю.А. Бабинов, Ю.А. Дмитриев, Ю.Н. Демидов, П.В. Дозорцев, С.В. Дьяков, А.Г. Залужный, И.А. Куницин, В.В. Клочков, А.С. Ловинюков, С.П. Познышев, А.В. Портнов, Е.М. Шевкопляс.

Діни құқықтық сананың ерекшеліктері туралы Г.П. Лупарев пен А.А. Могилевскийдің монографиялық еңбектері бар.

Дәстүрлі емес діншілдіктің мәдени, діни, қылмыстық-құқықтық және криминологиялық мәселелері жөнінде Л.Д. Башкатова, А.Л. Дворкин, И.И. Добаев, Е.А. Димитрова, Ф.В. Кондатрьев, Ю.И. Полищук, А.Н. Хвыли-Олинтер, Г.Л. Касторский, Т.Н. Кузнецова, С.А. Лукьянов және О.В. Старковтардың еңбектері жазылған.

Экстремизмнің әр түрлері ( саяси, діни, этно-діни ) саяси, әлеуметтік, геосаяси аспектілері бойынша В.И. Арестов, Л.М. Дробижева, В.И. Худавердян, С.Г. Москаленко, Д.В. Новиков, В.Б. Коробков, А.А. Ярлыкапов, П.А. Романов, В.Б. Козлов, Т.А. Скворцова, Т.Н. Кильмашкин, М.И. Телякавов, С.Н. Бокарев, В.А. Тишков және В.В. Черноусовтардың зерттеу еңбектері бар.

Ұйымдық әрекеттің мәні және ұйым теориясы туралы белгілі шетел ғалымдары Ф.В. Тейлорь, Г. Файоль, М. Вебер, сонымен қатар Ресейлік В.Г. Афанасьев, А.И. Берг, А.А. Богданов, В.В. Новожилов, Г.Г. Зуйков, Г.И. Демин, Н.А. Вознесенский, В.Д. Малков, А.И. Пригожин, В.М. Глушков, В.А. Лукашов, Г.А. Туманов және басқа ғалымдар еңбектер жазды.

Саяси экстремизмге әлеуметтік позициядан талдау жасаған Ресейлік В.Н. Арестов, А.С. Грачев, И.В. Манацков, Э.Г. Филимонов сияқты ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады.

Экстремизм құбылысын зерттеудегі жалпы әдістемелік базасы Ю.М. Антонян, М.Д. Давитадзе, В.В. Смирнов, Д. Ольшанский, М.П. Киреев сияқты ресейлік ғалымдардың ұжымдық және жеке ізденістерімен жасалған.

Діни экстремизмнің пайда болып, тарлауына ықпал ететін себептер сарапталынатын еңбекке М.А. Ражабованың докторлық еңбегін жатқызуға болады. Ол діни экстремизмді Өзбекстан жағдайында зерттеді. Жұмыстың ерекшелігі экстремистік бағыттағы діни ұйымдардың экстремизмнің пайда болуы мен іске асуындағы рөлі және әлеуметтік экономикалық факторлардың экстремистік іс-әрекеттердің мазмұны мен бағыттылығына ықпал етуін қарастыру.

Жаппай санада « экстремизм », « діни экстремизм » және « терроризм » ұғымдары агрессиялықтың, жеккөрушіліктің, қатігездіктің зарядын алып жүруші синонимдер болып табылады. Терроризм мен экстремизмге көптеген мақалалар, монографиялар, диссертациялар, ғылыми оқулықтар арналған. Экстремизм-терроризмнің біршама қауіпті көріністерін зерттеген отандық ғалымдарға С.Т. Абдрахмановты және Р.Т. Завотпаевты жатқызуға болады.

А.Ж. Шпекбаев ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмыспен күресудің қиындығын және оның экстремизммен өзара қарым-қатынасын сараптай келе, оған мемлекет мен оның құқық қорғау органдарының қарсы әрекетінің әсерін жоғарлату бойынша негізгі жағдайлар мен ұсыныстарды береді.

Экстремизмнің алдын-алу мәселесін зерттеу барысындағы Қазақстандық саясаттанушылардың еңбектеріне ерекше қызығушылық тудырады: Е.В. Тукумов, « Діни-саяси экстремизм Орта Азия елдерінің аумақтық және ұлттық қауіпсіздігінің қаупі ретінде », К.Н. Бұрханов « Орта Азиядағы экстремизм », сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және ішкі саясат пен талдау орталығының ұжымдық еңбегі: « Қазіргі заманғы терроризм: Орта Азиядан көзқарас » профессор М. Әшімбаевтың редакциялығымен.

А.Д. Дәрменовтың « Қазақстан Республикасындағы экстремизммен күресудің криминологиялық аспектілері » атты монографиялық еңбегінде экстремизм құбылысының құқықтық табиғатын ашу, « экстремизм », « экстремистік әрекет », « экстремистік ұйымдар », « экстремистік бағыттағы қылмыстар » деген ұғымдарға құқықтық анықтамалар береді. Қазақстан Республикасындағы экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін айқындайды. Экстремистік бағыттағы қылмыстарға қарсы кешендік жолдарын негіздеп, қарастырады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен басқа нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге нақты ұсыныстарды ұсынады. Қазақстан Республикасындағы ішкі істер органдарына экстремизмді ескерту жайында бағытталған шаралар жүйесін жасады. Экстремизмнің қоғамға қауіпті 4 (саяси, діни, қылмыстық, ұлттық ) түрін ұсынумен қатар, діни экстремизмнің құқықтық анықтамасын береді.

Ресейлік С.Н. Поминовтың « Ішкі істер органдардың діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы қызметін ұйымдастыру » атты диссертациясында « діни экстремизм », « діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы күрес » деген ұғымдарға құқықтық анықтама береді. Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың алдын-алу, ескерту, болдырмау және оның жолын кесу үшін ішкі істер органдары қызметі мен әрекетін ұйымдастырудағы құқықтық нормалар жиынтығын және принциптерін ұсынады. Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы ішкі істер органдарының қызметінің негізгі бағыттарын көрсетеді.

Аталған зерттеулер діни экстремизммен күрес практикасы үшін құнды ақпарат болып табылады. Дегенмен қарастырылып жатқан мәселе бойынша жинақталған мүмкіндіктерге қарамастан, діни экстремизм ғылыми категория ретінде жетілмеген. Нақты өмірде діни экстремизмнің барлық мүмкін түрлері мен формалары қоғамдық қатынастар мен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаның ахуалына өзінің әсерін тигізіп келе жатыр.

Діни экстремизм құбылысы деңгейін сараптау келесі тұжырымдарды жасауға мүмкіндік береді:

- осы құбылысқа арналған жарияланбалардың сандық өсіміне қарамастан, қазіргі кезге дейін отандық криминологияда діни экстремизммен күреске арналған кешенді жұмыстардың жетіспеушілігі;

- криминологиялық ғылымда теориялық және қолданбалы деңгейде, діни экстремизмнің қылмысқа ықпал етуіне арналған еңбектер жоқ, саясаттану, әлеуметтік психология және криминология негізіндегі діни экстремизм бойынша фундаменталды еңбектердің аздығы;

- ішкі істер органдарының діни экстремизм пайда болуымен күресуіндегі алдын-алу әрекеттерін жетілдіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстардың жоқтығы;

Жоғарыда аталған аргументтер діни экстремизмге әлеуметтік патология құбылысы ретінде кешенді әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық талдауды қажет ететіндігіне куә.



Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Діни экстремизмнің құқықтық мәні мен табиғатын ашу, діни экстремизмнен күресудің криминологиялық аспектілерін қарастыру, діни экстремизмнің пайда болуының алдын-алу заңдылықтары мен практикасын ішкі істер органдарында ары қарай жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау.

Мақсат қою келесі міндеттердің шешілуін анықтады:

- діни экстремизммен күрес бойынша халықаралық құқықтық актілерінің және ұлттық заңнаманың нормаларын салыстырмалық әдіспен, сондай-ақ жинақталған эмприкалық материалдардың теориялық зерттеулері негізінде « діни экстремизм », « діни экстремистік әрекет », « діни экстремистік ұйымдар », « дін » деген ұғымдарға құқықтық анықтама беру, сонымен қатар « діни экстремизм» мен « дін » деген ұғымдарға дінтану аспектілері бойынша анықтама беру;

- діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалын, құрылымын және динамикасын зерттеу;

- діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін қарастыру;

- діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасайтын тұлғалар әрекетінің криминологиялық өлшемдерін негіздеу және олардың іс-әрекетінің типологиясын жасау;

- ішкі істер органдарының діни экстремизммен күресу процесін басқарудағы тиімділігін жоғарлату бойынша ұсыныстар жасау;

- діни экстремизмді алдын-алудың қажетті шарасы ретінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың құқық органдарымен бірге заңға сәйкес және қатаң тәртіпке негізделген жүйе бойынша күресуге ұсыныстар жасау.



Зерттеудің обьектісі – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесінде діни экстремизм құбылыстарынан туындайтын қоғамдық қатынастар.

Зерттеудің пәні – Қазақстан Республикасында діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы криминологиялық, құқықтық және ұйымдастырушылық шаралары.

Зерттеудің әдістемелік базасы - әлеуметтік-құқықтық құбылыстарды тану процесіне диалектикалық әдістеме жолы, философия, басқару социолгиясы, әлеуметтік психология, криминология, мемлекет пен құқық теориясы, теология және басқа ғылымдардың әдістері. Зерттеудің негізгі әдістері жүйелік-құрылымдық, талдау, синтез, нақты-социологиялық, салыстырмалы-құқықтық, статистикалық, теориялық негізде қылмыстық кодекс, құқықтық психология, философиялық, филологиялық, теологиялық, құқықтық герменевтика әдістері мен тәсілдері және бақылау мен эмприкалық материалдар пайдаланылды.

Зерттеудің нормативтік базасы - халықаралық, конституциялық, әкімшілік, қылмыстық, қылмыстық іс-жүргізу және Қазақстан Республикасының экстремимзмен күресті реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілері.

Зерттеудің эмприкалық базасы – ішкі істер органдары, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сот және қылмыстық-атқару жүйесінің статистикалық мәліметтері. Діни экстремизмге қарсы күрес туралы отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы қолданылған алдын-алу шараларының іс-тәжірбиесі.

Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы - діни экстремизмнің қоғамға қауіпті құбылыс екендігін әлеуметтік-құқықтық, криминологиялық, теологиялық аспектілері тұрғысынан дәлелденуі. Негізгі ғылыми жаңашылдық мына төмендегі мазмұнда қамтылады:

- діни экстремизмнің құқықтық табиғаты криминологиялық, құқықтық және теологиялық ғылымдары арасында синтезделген негіздері тұрғысынан ашылуы;

- « діни экстремизм », « діни экстремистік әрекет », « діни экстремистік ұйымдар », « діни экстремистік бағыттағы қылмыстар » және « дін » делінген ұғымдарға құқықтық анықтаманың берілуі;

- Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешеннің анықталуы;

- Қазақстан Республикасында діни экстремизмді ескертудің, алдын-алудың, жолын кесудің, болдырмаудың қажетті іс-шарасы ретінде құқық қорғау органдары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың бірлесіп, күресуге және онымен ішкі істер органдарының мақсатты заңды күресуінің түсініктік аппаратын теория жүзінде көрсету.
Қорғауға ұсынылған ережелер:
1. Діни экстремизмнің құқықтық табиғаты дегеніміз, шынайы діннің өзіндік негізінен экстремизм шықпайды, тек өзінің діни сенімі және әрекетін дұрыс дейтін, дінге тән қағидаларды ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің жетегінен шыға алмайтын, әсірешіл, өз эмоциясын ұстай алмайтын, бір діни ұйым ( секта ) мүшелерінің немесе жеке сенуші тұлғалардың, басқа дүниетаным мен діни сенімдеріне қарсы мақсаты мен күштеуін қолданатын әрекетінен туындайтын қоғамға қауіпті құбылыс.

2. Діни экстремизм – қоғам өмірінде құқықтық категориялық құбылыс ретінде, бір діни ұйымның, сектаның немесе басқа бір қылмыстық субьектілердің базасында құрылған, ең шеткі қисынсыз көзқарастардың жақтаушылары болып табылатын, басқа дүниетанымдар мен діни сенімдерге шыдамсыздықпен қарайтын, бір немесе бірнеше конфессия, секта және басқа да қылмыстық субьектілердің шеңберінде заңға қайшы тікелей қасақана мақсат ұстанатын, азаматтардың, тарихи қалыптасқан қоғамның, ұлттық мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға бағытталған, діни ұйым, секта және басқа қылмыстық субьектілер мүшелерінің немесе жеке сенуші тұлғалардың қоғамға қауіпті іс-әрекеттері ».

3. Діни экстремистік әрекет – арнайы ұйымдасқан адамдардың немесе жеке тұлғаның діни идеологиялық міндеттері арқылы діни экстремистік мақсатқа қол жеткізуге бағытталған іс-әрекеттерінің жүйесі немесе жүйелігі.
4. Діни экстремистік ұйым ( секта ) – діни харизматикалық жеке тұлғаның, діни көзқарастары ортақ адамдардың, басқа қылмыстық субьектілердің ұйымдастыруымен немесе соттың діни экстремистік ұйым ( секта ) деп таныған жалпы діни экстремистік мақсаттарына байланысты құрылған ұйым ( секта ).
5. Діни экстремистік бағыттағы қылмыстар – конституциялық құрылымға, қоғамдық және ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің тұтастығы мен аумақтық мызғымастығына, конституция кепілдік беретін азаматтардың және басқа да субьектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне, діни сенім бостандығы немесе ар-ождан бостандығын бұзуға бағытталған қоғамға-қауіпті, қылмыстық-жазаланатын, тікелей қасақана ниетпен жасалынатын іс-әрекеттер жиынтығы.
6. Дін дегеніміз – Жаратушы тарапынан Пайғамбарлары арқылы жеткізілген, өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан, өзіндік жүйесімен әлемдік ортаға, қоғамға, мемлекетке қауіпті салдары болмайтын негіздер жиынтығы.

7. Қазақстан Республикасында діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін тек дәстүрлі « сыртқы » мен « ішкі » детерминанттардан ғана емес, ең негізгі ықпал ететін діни экстремистік идеологияның « ашық » және « жасырын » детерминанттарынан болады.

8. Діни экстермизм құбылыстарына жалпы қарсы күрес – мемлекеттің діни экстремизмге қарсы стратегиялық бағдарламасы негізінде, барлық құқық қорғау органдарының және қоғам болып жұмылған заңды іс-шаралар кешені арқылы діни экстремизмнің туындауының себептік жағдайын табу, анықтау және себептерін жою; діни экстремистік сипаттағы қылмыстарды жасауы мүмкін адамдарды анықтау, әрі оларға осындай әрекеттерді жібермеу мақсатында заңды іс-әрекеттермен әсер етуге, өз еркімен бұндай іс-әрекеттерден бас тартыруға ықпал ету.

9. Діни экстремизм құбылыстарына қарсы ішкі істер органдарының күресі – діни экстремизм құбылыстарын алдын-алу, ескерту, болдырмау, жолын кесу, осы бағыттағы қылмыстарды ашу мен тергеу және профилактикалық шараларды жүргізуге мақсатты бағытталған, ішкі істер органдарының арнаулы қызмет пен барлық бөлімшелерінің заңды іс-әрекеттері.



1 тарау. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық сипаттамасы

1.1. Діни экстремизмді зерттеудің теориялық

және әдістемелік негіздері

Қазіргі кезде әлеуметтік патология құбылысы ретінде діни экстремизм әлеуметтік ғылымдарының әр түрлі салаларының назарын өзіне аудартуда. Оны саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, конфликтология бойынша мамандар, әлеуметтік және мінез-құлық психологтары, теологтар, криминологтар, философтар, заңгерлер және басқа мамандық иелері зерттеуге талпынуда. Бұл зерттеушілер өз пәндерінің аспектілері бойынша зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатса да, әлі де барлығының бірлескен ұжымдық кешенді зерттеу еңбектері жеткіліксіз. Себебі діни экстремизм өте күрделі әлеуметтік-құқықтық, саяси және этно-психологиялық мәселе бола отырып, көпаспектілі болып табылады, яғни артықшылық, діни алауыздық, жеккөрушілік, дінді саясаттандыру және тағы басқа сияқты ең шеткі қисынсыз көзқарастары мен әрекеттері арқылы пайда болатын қоғамға қауіпті құбылыс болып табылады.

Ең алдымен терроризм, сепаратизм, экстремизм, радикализм, фундаментализм деп қолданылатын, қоғамға аса қауіпті құбылыстардың анықтамаларын, өздеріне тән құқықтық табиғаттарының мәнін, пайда болу себептері мен жағдайларын талдаудан бастау қажет. Өйткені осындай талдаулардан зерттеліп жатқан тақырыптың мағынасы ашылады.

Ғылыми әдебиеттерде терроризмнің әлемде таралуы трансұлттық жағдайдағы құбылыс екендігі айтылған. Терроризмнің ұшқындауы мемлекеттік аппараттың әлсіздігіне, ішкі және сыртқы саясаттың аумағындағы үлкен есептерге, тарихи, этнопсихологиялық заңдылықтардың туындауына байланысты болады. Әр түрлі қоғамдық топтардың, бұқаралық ақпарат құралдардың бұл құбылысқа қатынастарының жүйесі, террорризмнің дамуына немесе оны қорғаштаудың жанама факторы болып табылады. Көбіне террористік әрекеттерге жағдайдан шығудың лажсыздық сезімі түрткі болады. Яғни қайсыбір азшылықтың өзінің жағдайын психологиялық тұрғыдан кемсітілген болып саналуына, әрі солай бағалауға итермелейді. Көптеген жағдайда мотивациясы ( сылтауы ) ұқсас: біздің халық, біздің мәдениет, біздің тіл, біздің сеніміз жоғалудың шегінде тұр, бізге бәрі жаман қарайды, әрі санаспайды деген сөздер. Жеке террорист тұлғаның мінез-құлқына тән, оған түрлі террористік әрекетке итермелеуші бірқатар факторлар бар. Біріншіден, оларға әлемнің идеалдық моделдік кейіптің арасындағы нақты жағдайда сәйкессіздігі және өз-өзін туындату мүмкіндіктері. Бұл идеалмен қарама қарсылығы жеке субьективтік сезімге және әлеуметтік адекватсыздыққа ұласады да; нәтижесінде террорист жеке тұлғаның санасында мына ой қалыптасады « Мен жақсымын, әлем жаман », бұл оның өзінің заңсыз әрекеттерін бүркемелеудің, әрі өз-өзін моралдық қорғаштаудың, ақталудың құралы ретінде пайдалануына түрткі болады. Осындай жағдайлардан кейін, құрылымсыз, жүйесіз, негізсіз дүниетаным мен дүниені сезіну туындайды. Бұның детерминациясында түрлі этностардың сәйкессіздігі, этнопсихологиялық қарама қайшылығы жатыр. Құрылымсыз культтардың ядросы болып, өзінің сенімі үшін өлімге бас тігуге дайын тұратын фанаттардың іс-әрекеттері болады.

« Терроризм » термині ең алғаш 1798 жылдан бері қолданылып келеді. Терроризмнің алғашқы толқыны француз революциясынан басталды. Екінші толқыны ХІХ ғасырдың соңғы үшінші бөлігінде болды. Ирландия, Македония, Сербия және бірқатар мемлекеттерде ұлттық-радикалистік терроризм ( мақсаты – ұлттық мемлекетті құру ); Франция, Италия, Испания мемлекеттеріндегі революциялық-демократиялық терроризм ( мақсаты – мемлекетті бұзу ); Ресейдегі « Халықтық ерік » мен « Социалист-революционерлер » партияларының революциялық-демократиялық терроризмі ( мақсаты – революцияға серпіліс беру ); 1910, 1914 - 1934 жылдары аралағында, дүниежүзілік соғыс, 1945 – 1975 жылдардағы оқиғалар. 1960 – 1970 жылдары жаңа саяси терроризмнің толқыны пайда болды. Бұл Италия, Германия, Жапония мемлекеттеріндегі соғыстан кейінгі « экономикалық ғажайып » жағдайында әлеуметтік құрылымдар мен институттар экономикалық өзгерістерімен дамып үлгерместен болып жатты. Яғни « Қызыл бригада », « Қызыл Армия фракциясы », « Жапон Қызыл Армия » және көптеген экстремистік-солшыл ұйымдар ( экстремистік-оңшыл ұйымдар аз ) жоғары да аталған мемлекеттердің саяси жағдайын шындығында қиындатты. Бұл ұйымдардың террроры француз революциясы моделі негізінде қалыптастып, саяси-идеологиялық күрес құралы ретінде пайдаланылды.

Мемлекеттің реттеуге күші жетпейтін кейбір аумақтарға француз журналисі Ж.-К. Рюфэн « сұр аумақтар » деп атауға ұсыныс жасады. Бұл термин негізінде аэронавтикада, яғни радардың бақылауын белгілі бір жердің атауын анықтау үшін қолданылады. Осындай аумақтар Африка, Оңтүстік Америка, Азия, тіпті экономикасы дамыған ( Ақш, Италия, Испания, Франция және т.б. ) мемлекеттерде де бар. Наркобизнес, қару-жарақ саудасы, терроризм – осы « сұр аумақтың » үшжақты тірегі. « Сұр аумақтар » қылмыстық ұйымдардың бақылауында ( мысалы, Колумбиядағы Медельин аумағы, Боливия мен Перудің кейбір аудандары, « алтын үшбұрыш » деп аталатын Оңтүстік-Шығыс Азияда Тайланда, Бирма, Лаостың шекаралары түйіскен жер) жерлер, немесе « жекешеліндірілген » мемлекеттік үкіметтері бар тайпа мен кландардың аумақтары ( Африка аумағы, ОАР –ның солстүк шекарасынан экваторға дейінгі аумақ, Ауғанстан ).

Әлемде бұл эксплуатация « сұр зонаның » адекваттық формасын құрғызды. Сонымен қатар осы жағдайда әлсіз мемлекетпен қарсыласып, өздерін үкіметтің баламалы ұйымдық формасы ретінде, тонаушы, жыртқыш пен паразиттің негізінде екендігін көрсетеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен террористер арасында мынандай бір түрлі қатынас бар; террористер өздерінің қан төгу немесе басқа да алаңдататын жағдайларын ақпарат базарына толтырып жатса, ал бұл оларға тегін жарнаманың көзі, әрі террордың тірегіне қызмет еттіреді.

Өте ауыр әлеуметтік құбылыс болып табылатын терроризмді психологиялық тұрғыдан зерттегенде, бұл құбылыстың туындауы мен дамуына тікелей және жанама әсер ететін факторларды жанжақты жүйелі әдіспен зерделеу қажет.

Терроризм тарихи, этнопсихологиялық және басқа да түбірі бар, көптеген факторлардың әрекеттесуімен туындайды, әрі дамиды. Терроризмнің туындауы мен дамуына, құқықтық мәдениеттің төмендігі, саяси және әлеуметтік есептеулердің қателігі, мемлекеттік аппараттың әлсіздігі, шенеуніктердің жемқорлығы және арнаулы қызметтің төменгі кәсібилігі әсер етеді.

Сепаратизм ( французша. Separatisme – бөлектеу ) негізінде бөлінуге, бөлектеуге итермелейтін заңсыз әрекеттер. Сепаратизмнің ұйымдық жағынан ұлттық экстремизге қатысы бар. Саяси және әлеуметтік аясында сепаратизмнің әрекеттері көпұлтты мемлекеттерді бөлшектеуге, бір ұлттың үстемдігін көрсетуге бағытталады. Сонымен қатар бұл құбылыс бірнеше ұлттардың өз мүмкіншіліктері мен үстемдіктерін орнатуға бағытталған әрекеттерін бейнелейді. Бұндай іс-әрекеттер ұлтаралық қатынастарды қиындатуға, әрі халықтар арасындағы текетірес пен араздастыруға итермелейді. Сепаратизмнің бір түрі ретінде этно-діни экстремизм термині де қолданылады.

Экстремизм ( латынша. extremus – ең шеткі ) – бұл белгілі немесе қайсыбір мәселелерді шешуге бағытталған ең шеткі көзқарастарды жақтаушылық және радикалды шаралар.

Азия мен Европа, Солтүстік пен Оңтүстік Америка және Африкадағы мемлекеттердегі саяси басшылықтың алдындағы ең қиын мәселелердің бірі экстремизм болып табылады.

Экстремизм – ғасырлар бойы адамзатпен жалғасып келе жатқан, өте күрделі әлеуметтік-саяси құбылыс. Экстремизм мемлекеттің, қоғамның, жеке бастың өмірлік маңызы бар, кез келген мемлекетке аса қауіп төндіретін құбылыстардың қатарына енді. Қазіргі таңда оның әрекеттерінің мынандай жүйелі сипаттамасы көрінуде, террорлық актілер сияқты, өкіметті күштеп басып алуға шақыру, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерге, саяси көшбасшылар мен белсенділерге қауіп төндіру, кепілдікке алу, әкімшілік және мекемелердің ғимараттарын басып алу, шетел өкілдіктеріне қарсы пикет және жарылыс, жаппай тәртіпсіздік және басқалай күштеу актілерін ұйымдастыру.

Криминология, қазіргі саясаттану және саяси әлеуметтану ғылымдардың зерттеуінде экстремизм көпжоспарлы мәселе болып табылады. Соңғы жылдары оның мәні мен мазмұнына, басқа құбылыстарға қатысы жөнінде ғылыми дебаттар белсенді жүруде.

Заң, философия және саясаттанудың ғылыми әдебиеттерінде экстремизмнің жалпы қабылданған қатал анықтамасы жоқ. Экстремизмді көбіне әр түрлі құбылыс ретінде: яғни әр түрлі класстық және азаттық күрес формалары кейпінде, қылмыс құрамының элементтері бар, әрі қылмысқа жетелейтін саяси күштеушілік арқылы болатындығынан түсіндіріледі. Бір жағынан экстремизмді саясаттағы ( немесе позицияда ) қарсы жақпен еш ымыраласпайтын және субьектінің агрессиялық қалпын бейнелейтін спецификалық сызық ретінде түсіндіріледі; әр түрлі бағыттағы идеологиялық ағымдардың болуы, ең шеткі солшыл немесе оңшыл позицияда болуы; саяси күрестің әдісі ретінде, оппоненті немесе қарсыласымен бірлесіп қызмет етуден, әрі келісімге келуден бас тартушы; әр түрлі деңгейде дамушы, әлеуметтік келеңсіз қарсылық көрсетуші: қоғам, класс, бөлек қоғамдық қабаттар, ұлттық, әлеуметтік, діни және кәсіби топтар - әр түрлі аумақтарда және әр түрлі идеологиялық-саяси негізде.

Қазақстандық және Ресейлік әдебиеттерде осы құбылысқа арнайы зерттеліп жазылған еңбектер көп емес, әрі кешенді ғылыми түсінудің пәні болмады.

Экстремизм мәселесімен айналысқан көптеген зерттеушілер « экстремизм » ұғымын тар және кең мағынада қарауды ұсынады.

Экстремизмнің тар түсіндірмесінде саяси қозғалыс пен партиялардың заңсыз қызметі, сонымен қатар мемлекеттік құрылымды күштеп өзгертуге, ұлттық мен әлеуметтік жанжалды қоздыруға бағытталған лауазымды адамдар мен жеке тұлғалардың әрекеттері тұрғысынан айтылады. Экстремизмнің осындай түсінігіне мыналар тән болып табылады: бейресми саяси қызмет, заңсыз зорлаушылықтың болуы, ұлтшылықтың, расизмнің немесе әлеуметтік-класстық антагонизмнің ең шеткі формалары; идеологиясының әшейіндігі мен жалпышешейлігі, қоғам өміріндегі қиындау мәселелерді шешудің төте жолы мен тәсілін жай ғана ұсыну және оны нақты өмірде іске асыруда сәтті болатындығына көпшілікті сендіру.

Ал енді « экстремизм » ұғымының кең түрдегі түсінігі оның өз этимологиясынан шығарылады. Экстремизм – бұл ең шеткі шараларды, әрекеттерді, көзқарастарды, шешімдерді жақтаушылық. Саяси субьектілердің белсенділігі, яғни белгілі саяси белсенді тұлғалардың, қоғамдық топтардың, билік элитасының және контрэлитаның өздерінің саяси идеалын кіргізуге және түрлі мүмкін жолдармен алға қойған мақсаттарын іске асыруға, күштеушіліктің түрлі тәсілдерін қолдануға, мемлекеттік билікке, жалпы көпшілікке немесе қайсыбір элементтеріне, халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталған әрекеттері.

Зерттеушілердің криминологиялық талдау жоспарында экстремизмді негізгі екі типке бөледі:


  1. рационалдық;

  2. иррационалдық.

Экстремизмнің рационалдық түрлеріне мыналар жатады:

  • саяси;

  • идеологиялық;

  • ұлттық;

  • діни;

  • экологиялық.

Саяси экстремизмнің басты белгісі – билікке жету мақсатын жүзеге асыруға, экстремистік әрекеттің саяси бағытталғандығы. Саяси экстремизмнің идеологиялық экстремизммен тығыз қатынаста болады, тіпті кейбір жағдайларда бұл екі тип бір-бірімен бірігіп кетеді.

Ұлтаралық қатынастарда ұлттық экстремизм ұлттар мен халықтардың арасындағы жеккөрушілік пен жауыздықты қоздырудан байқалады. Яғни аумақтық шайқастарда, қарулы қақтығыстарда, жергілікті емес ұлттарға геноцидтік актілерді қолдануда, « өз халқының » құқықтары мен мүдделері, мәдениеті мен тілін қорғау бағыты тұрғысынан әрекет етуде көрінеді.

Діни экстремизм бір немесе бірнеше конфессия арасында жеккөрушілік, шыдамсыздық, араздық сияқты әрекеттерден туындайды. Көбінше саяси мақсаттарға пайдаланады. Бір жағынан зайырлы мемлекетке қарсы немесе билік ететін орындарға өз конфессия өкілдерін бекіту үшін әрекет етеді.

Діни экстремизм кейбір ұйымдарда аяусыз культтік акцияларда ( ұжымдық жаппай өз-өздерін өлтіру ) көрінуі мүмкін. Діни экстремизм бағыттарының бірі тоталитарлық секталар болып табылады, яғни жекелеген жағдайларда құлдықтан немесе ұйымдасқан қылмыстан еш айырмашылығы жоқ, діни фразеологияны пайдаланумен бүркемеленген ( мысалы, жапондық аум Сенрике сектасы, Ресейде жаппай жою қаруымен қыруға бағытталған акцияларды ұйымдастыруға оқталды, бұған дейін жапон астанасында осындай акцияларды жасады ).

Діни экстремизмнің айқын құбылыстардың бірі сатанизм болып табылады. Дәстүрлі дінге қарсы антагонистік құбылыс болуымен қатар, әлемдегі кейбір елдердегі адамдардың негізгі сенімдеріне айналып та үлгерді. Сатанистік қозғалыс және сатанистік шіркеудің дамуы, әсіресе кейбір жастардың арасында мыңдаған жылдар бойы мода сияқты жайылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында да сатанизм кейде ашық жағдайда жарнамалайды. Сиқыршылар мен арбаушылар медициналық қызмет түрлерін және әлеуметтік аясын жаулап ала бастады ( жанұя немесе неке мәселелерін шешу, бизнестегі жетістікті қамтамасыз ету және т.б. сияқты ). Ритуалдық өлтірудің көбеюі – сатанистердің әрекеттерінен туындаған өкінішті жағдайлар.

Экологиялық экстремизм тіпті дамыған мемлекеттерде күш ала бастады. Экологиялық экстремизмнің түбірі мемлекет пен қоғам арасында экологиялық мәселелерге байланысты шыға бастады. Табиғатқа деген сүйіспеншілік пен қайғыру қоршаған ортаны қорғаушыларды радикалды акцияларға итермелейді. « Жасылдар » партиясы Европада мәшһүр болды.

Иррационалдық экстремизмнің түрлеріне мыналар жатқызылады:


  • жастардың қарсылық қозғалыстары ( хиппилер, панкилер, вандалдар, наркомандар қауымдастығы және т.б. );

  • психопатиялық экстремизм;

  • спорттық;

  • мәдени.

Діни экстремизмнің биологиялық және әлеуметтік-психологиялық негізі болып өз-өзін сақтау инстинктінің ( сезімнің ) төмендігінен болады. Биологтар мен хайуандар әлемін зерттеуші өкілдердің айтуы бойынша, бұндай құбылыс ұжымдық кейпі де өмір сүретін хайуандарда кездесетіндігін айтады. Тобырда немесе үйірде әрдайым мынандай ерекшіліктер кездеседі, яғни ұжымның мүддесі үшін, өз-өзін құрбан етеді.

Иррационалдық экстремизмнің шығуы туралы делинквенттік топтың теориясы бойынша ашылады. Бұл жөнінде « Кәмілетке толмағандардың қылмыскерлігі және мүмкіндіктері; криминалдық жасөспірімдер тобының теориясы » атты кітап авторлары Р. Кловард және Л. Один деген американдық ғалымдар 1961 жылы монографиялық еңбектерін жариялайды.

Саясаттану ғылымында діни-саяси экстремизмді зерттеуші А.А. Нуруллаев және Ал.А. Нуруллаев, біріншіден, діни фундаментализм мен радикализмнің бір-бірінен айырмашылығын қысқаша былайша тұжырымдайды: Фундаментализм – бұл идеология, дүниетаным. Ал радикализм – бұл « мемлекеттің немесе қоғамның саяси жүйесінің тұрақтылығын радикалды шаралардың көмегімен тез арада өзгертуге бағытталуын қолдау » ( саяси анықтама ). Радикализм – идеологияның өзі емес, ол идеологияны таратудың формасы. Екіншіден, бұл зерттеушілер, фундаментализм өз мақсаттарына жету үшін радикалды болуы немесе болмауы мүмкін дейді. Бұл зерттеушілердің қысқаша қорытындысында діни экстремизм мынандай түрлі жағдайда көрінуі мүмкін дейді: фундаментализм радикаланған түрде ( өз мақсаттарын іске асыруға ), немесе радикалдық идеологияның ең шеткі түрі ретінде ( көбінше – қандай да маргиналды діни топтарда ), немесе басқадай түрде.

Қорыта айтқанда терроризмнен, сепаратизмнен, радикализмнен, экстремизмнен, және радикалды фундаментализмнен туындайтын құбылыстар қоғамға қауіпті болып табылады. Бәрінің қауіп төндірер обьектісі – әрине қоғамдық қауіпсіздік. Бірақ бұл құбылыстарға ортақ тән нәрселер мыналар болып табылады: міндетті түрде идеологиялық базаларының болуы. Яғни идеологияларында еш қисынға сәйкес келмейтін біржақты идеологиялық саясаттың болуы. Тек өз көзқарастары мен әрекеттерінің саяси, идеологиялық, психологиялық, моралдық, діни жағынан негізсіз ақталу немесе соның дұрыстығына көзсіз сену. Өз мақсаттарына жетуі үшін әр түрлі әдістерді, тәсілдерді, мүмкіншіліктерді пайдалануы. Нақты өз әрекеттерін асырушы субьектілердің эмоциялық көзсіздікке, психологиялық жабайы трансқа түсу сияқты, сонымен қатар басқадай жағдайлардағы сезімдерге берілуі болады. Бұл олардың арнайы мақсаттары мен тікелей қасақана ниеттері арқылы саналы және ерікті жағдайда қылмыс жасайтындығын көрсетеді.

Сонымен діни экстремизм дегеніміз не? Оның құқықтық табиғаты қандай? Діни экстремизм деген сөзді қолдану қисынды ма? Діни экстремизмнің анықтамасы қандай? Дінде экстремизм бола ма? –делінген сияқты мәселелерде ғылыми пікір-талас жүруде. Әсіресе әлеуметтік ғылымдар мен теология ғылымы арасында туындауда. Кейбір ғалымдар дінде ешқандай экстремизм болмайды деген ойды, ал басқа ғалымдар діни экстремизм құбылысы бар деген тұжырымды қолдайды. Бір ғалымдар экстремизмді дінмен байланыстырғысы келеді.

Діни экстремизм жөніндегі ғылыми пікір-талас әлі де тоқтаған жоқ. Әлемде әр түрлі дәстүрлі діндер, сонымен бірге дәстүрлі емес діни ұйымдар мен секталар бар екендігі баршаға белгілі. Әрине бұларды ұстанушылар мен жақтаушылары болатындығы табиғи заңдылық. Сол себептен де діни экстремизм туралы пікір-талас бір арнаға келе алмауда. Сондықтан да жалпы ғылымға тән шынайы ой тұжырымдама жасалуы қажет.

Кейбір ғалымдар « діни экстремизм » ұғымын қолданыстан алып тастау жөнінде ұсыныс жасауда. Ал Ресейлік А. Саватеев болса ( Саватеев. 2002, 10 б.), « Каспийден Қара теңізге дейінгі біртұтас ислам мемлекетін құруды » мақсат етіп алған әскери жиһадты жақтаушыларды « діни экстремистер » деп атауды ұсынады ( мысалы, Ирландия Республикалық Армиясының қарулы экстремистік қанаты ). И.В. Кудряшова саяси экстремизмнің сипаттамасын « исламизм » ұғыммен қарастыруды ұсынады ( Кудряшова, 2002, 10б.).

Дінде экстремизм болмайды немесе болады деген ұғымдарда пікір ұстанатын әзірше бес бағытта зерттеушілерді қарастыруға болады:



  1. Дінде ешқандай экстремизм немесе ешқандай келеңсіз нәрселер жоқ деген пікірді жақтаушы теологтар мен ғалымдар;

  2. Дінде экстремизм болмайды деген ойды, асылында негізсіз діни ұйымдар мен секталарды жақтаушылар;

  3. Дінді діни экстремизммен байланыстырғысы келетін зерттеушілер;

  4. Негізсіз діни ұйымдар мен секталарда діни экстремизм болады деген пікірді ұстанушылар;

  5. Діни экстремизм туралы әңгіме қозғау бос нәрсе деген ойды айтушы ғалымдар.

Біраз уақыттан бері осындай сипатта пікір-талас жүріп жатқандықтан, бір ғалымдар « діни экстремизм » ұғымын толыққанды түсіну үшін, ең алдымен « дін » деген ұғымға ғылыми құқықтық анықтама берілуі тиіс дейді.

Сондықтан ең бірінші діннің құқықтық анықтамасын талдаудан бұрын, негізгі діндердің дін туралы өзіндік анықтамаларды берілуі тиіс. Әрине әр түрлі 200 – ден астам дін жөніндегі анықтамалар бар.

Дінтану ғылымында теологиялық, философиялық, әлеуметтік, психологиялық және тағы басқа ғылымдар тұрғысынан дін туралы анықтамалар беріледі. Теология ғылымының дін жөніндегі анықтамасы, мысалы, мына сенім қағидасынан тұрады, Құдай – ақиқатында бар құдіретті күш және адам өзінің өмірінде онымен қатынасады. Философия ғылымының дін туралы анықтамасын, дінді Құдайдың бар екендігін мойындау немесе мойындамау және де қоғам, топ және жеке тұлға өмірінде діннің рөлі тұрғысынан қарастырады. Әлеуметтану және Психология ғылымдары дін туралы анықтамаларын, діннің әлеуметтік және психологиялық салдары тұрғысынан қарастырады.

Дін туралы теологиялық анықтама ең көнесі болып табылады. Теология ғылымы діни тәжірбиенің негізінде, дінді « ішінен » тануға ұмтылыс жасайды. Сонымен қатар мынандай конфессионалдық дінтанушылардың жасақтаған дін туралы анықтамалары бар:



  1. Киелінің өмір сүруі ( Р. Отто – протестанттық философ );

  2. Біздің Құдайдың және Құдайдың біздегі өмірі ( П.А. Флоренский – православиялық құдайтанушы );

  3. Түсініктік универсумды құрастырумен, биологиялық табиғаттың шеңберінен шығу ( Т. Лукман – евангелиялық теолог ).

Жалпы теологияда дінді Құдай мен адам арасындағы қарым-қатынасы нәтижесінде болатын, жоғары құдіреттің ерекше түрі ретінде түсініледі.

Материалистік философияда дінді қоғам мен жеке тұлғаның рухани өміріндегі көпмөлшерлі жағын қамтитын құбылыс ретінде түсініледі, және де осы түсінік бірнеше қалыптарда түзіледі:



  • Дін қоғамның, топтың және жеке тұлғаның рухани өмір аясы сияқты;

  • Дін әлемді рухани-тәжірбиелік игерудің жолы іспеттес;

  • Дін рухани шығармашылық аумағы сияқты;

  • Дін қоғамның санасының формасы сияқты, яғни оның идеясында өнім де, форма да бар.

О.Ф. Лобазованың дін туралы анықтамасы мына мазмұнда жазылған:

« көзқарастар мен сенімдердің жиынтығы, осылардың негізінде дүниетаным мен дүниені сезу қалыптасады, сонымен қатар тиісті үлгілік пен спецификалық әрекеттер ( культ ) және Құдай мен құдайларға, « киелілерге », сол бір немесе басқадай жоғары тылсым нәрселерге нану ».

Н. Иманқұл дін туралы анықтаманы мына тұрғыда береді: « Дін – жаратылыстан, адам мен адамзаттан тыс трансцентальдық, құдіретті күшке сенуге негізделгендәстүрлі қоғами сана формасы ».

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі дін туралы анықтаманы мына мазмұнда тұжырымдайды: « Дін – саналы адамдарды, өзеркі және қалауымен қайырлы, игілікті істерге жетелейтін құдіреті күшті Жаратушының заңы ».

М. Исаұлы мен Қ. Жолдыбайұлы дін туралы анықтаманы былайша тұжырымдайды: « Нағыз дін – ақыл иелерін өз еріктерімен ізгілік пен туралыққа жеткізетін иләһи заңдар жиынтығы ».

Түркиялық ғалым Хасан Арыкан дін туралы анықтаманы былайша сипаттайды: « Дін - Әрбір ақыл иесін, өз қалауымен дүние және ақыретте нағыз бақытқа жеткізетін иләһи жүйе ».

Ислам дініндегі дін туралы анықтамасы былайша тұжырымдалған: « Дін дегеніміз адамдардың бұл дүниеде және о дүниеде бақытты болуы үшін, Аллаһ Тағала тарапынан Пайғамбарлар арқылы жеткізілген Иләһи ( Құдаи ) жүйе ».

Діннің құқықтық анықтамасы туралы жеке тұжырымдамам былай сипатталады: « Дін дегеніміз – Жаратушы тарапынан Пайғамбарлары немесе елшілері арқылы жеткізілген, өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан, өзіндік жүйесімен әлемдік ортаға, қоғамға, мемлекетке қауіпті салдары болмайтын негіздер жиынтығы ».

Жоғары да ғылымдар мен діндердің және жекелеген зерттеушілердің дін туралы анықтамаларын талдайық: Бұл жерде дін туралы анықтама өз аспектілері бойынша берілген. Яғни бұны « ішкі », « сыртқы », « ортақ », « жалпы » деп айтылатын негіздер бойынша жіктеп, былайша түсіндіруге болады:

Қысқаша айтқанда, дін туралы анықтаманы « ішкі » жағынан анықтаушысы өз діндерінің немесе сенімдерінің қағидасы бойынша діндердің немесе дінтанушылардың өзіндік анықтамалары болып табылады;

Дін туралы анықтаманы « сыртқы » жағынан анықтаушы негізінен социология, психология, материалистік философия және басқа ғылымдар болып табылады;

Дін туралы анықтаманы « ортақ » жағынан ең маңызды анықтаушылар дәстүрлі діндердің өзіндік ортақ анықтамалары болып табылады;

Ал енді дін туралы анықтаманы « жалпы » жағынан анықтаушы барлық аспектілерді қамтитын діннің жалпы құқықтық анықтамасы болып табылады.

Қорыта айтқанда, ең дұрысы, әрі барлығына бірдей « жалпы » жағынан тұжырымдалған құқықтық анықтама болып табылады. Діннің құқықтық анықтамасын дұрыс тұжырымдау, оның шынайы құқықтық табиғатын көрсетеді.

Жоғары да келтірілген аргументтер жалпы шынайы дінде экстремизм болмайтындығын дәлелдейді. Тек кейбір адамдардың немесе діни-саяси, террористік-экстремистік қылмыстық ұйымдардың әр түрлі себептерге байланысты қолдан жасаған « дінсымақ » ұйымдары бар екендігі шындық. Терроризм, сепаратизм, экстремизм, діни экстремизм, радикализм сияқты жалпы әлемге, қоғамға, мемлекетке қауіп төндіретін құбылыстар осындай ұйымдардан шығатындығы рас.

Сонымен діни экстремизмнің құқықтық табиғаты қандай? Діни экстремизм дегеніміз не?

« Діни экстремизмнің құқықтық табиғаты дегеніміз, шынайы діннің өзіндік негізінен шықпайды, тек өзінің діни сенімі мен әрекетін дұрыс дейтін, дінге тән қағидаларды ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің жетегінен шыға алмайтын, әсірешіл, өз эмоциясын ұстай алмайтын, бір діни ұйым ( секта ) мүшелерінің немесе жеке сенуші тұлғалардың, басқа дүниетаным мен діни сенімдерге қарсы мақсаты мен күштеуді қолданудың міндетті түрде болуы ».

Қазақстан Республикасының « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » Заңындағы 1-ші баптың 5-ші тармақшасында діни экстремизмнің анықтамасы былайша сипатталған: діни өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін кез келген діни практиканы қолдануды ( діни экстремизмді ) көздейтін іс-әрекет ұйымдастыруы және ( немесе ) жасауы; Бұл заң 2005 жылы 08 шілде де № 67-ІІІ қабылданған.

Әрине бұл заң позитивті құқық, яғни заң шығарушының мүддесінен шыққан. Бұл жердегі анықтама жалпы тұрғыдан жасалынған болып табылады. Сондықтан әуелі отандық, шетелдік ғалымдардың діни экстремизмге берген анықтамаларын талдаудан бастайық.

Қазақстандық А.Д. Дәрменовтың « Қазақстан Республикасындағы экстремизммен күресудің криминологиялық аспектілері » атты диссертациясында діни экстремизмге мына мазмұнда анықтама береді: « діни келіспеушілікті тұтандыруға бағытталған, азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, құқығына, қауіп төндіретін іс-әрекеттерімен көрінетін радикалды сенімдерді тарату ».

Ресейлік С.Н. Поминовтың « Ішкі істер органдардың діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы қызметін ұйымдастыру » атты диссертациясында діни экстремизмге былайша анықтама береді: « Діни экстремизм құқықтық категориялық қоғамдық өмірдегі құбылыс ретінде, сол немесе басқа бір діннің базасында құрылған, ең шеткі көзқарастардың жақтаушылары болып табылатын, басқа дүниетанымдарға шыдамсыздығымен көрінетін, бір немес бірнеше конфессия шеңберінде қаталдау қарсы күресте болатын, азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға бағытталған, діни топтар мен жекелеген сенушілердің қоғамға қауіпті заңға қайшы іс-әрекеттері ».

А.Д. Дәрменов негізінен жалпы экстремизмге зерттеу жұмысын жүргізгендіктен, әрі діни экстремизмді арнайы зерттемегендіктен діни экстремизмге қысқа мазмұнда анықтама берген. Тек діни экстремистік іс-әрекеттің заң қорғалатын қандай обьектілерге бағытталатындығын көрсеткен. Яғни тек азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтары жөнінде айтылған. Діни экстремистік іс-әрекеттер тек азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына ғана емес, қоғамға мен мемлекеттін құқықтары мен заңды мүдделеріне де бағытталады.

Ал енді С.Н. Поминов діни экстремизмге берген анықтамасын біршама жақсы тұжырымдаған. Яғни діни экстремизмнің қоғамға қауіпті құбылыс екендігін, ең шеткі көзқарастың жақтаушылары екендігін, қасақана мақсат ұстанатындығын, азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерін, осындай әрекеттерді жасайтын діни ұйымдар мен жекелеген сенушілер екендігін көрсеткен. Алайда бұл анықтаманың жетілмеген тұстары мыналар болып табылады: Діни экстремизмнің идеологиясы сол немесе басқа бір діннің базасында қалыптасатындығын айтқан. Бұл негізінде қате болып табылады. Жалпы шынайы діндердің өзіндік табиғатында, олардың қасиетті кітаптарындағы мәтіндерде озбырлыққа, күштеушілікке, зорлыққа, адам өлтіруге немесе басқадай әрекеттерді жасауға шақырмайды. Керісінше ондай істерді айыптайды. Бұны қасиетті кітаптардың мәтіндеріне герменевтика мен діни түсіндірмелік талдау, тәпсірлеу әдістерін және тәсілдерін қолданғанда ғана толыққанды түсінуге болады.

Профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі « Исламда терроризм де, басқа « измдер » жоқ. Бұлардың дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Токиодағы метрода улы газ шашып қаншама адамның өліміне апарып соқтырған « Аум синрике » сектасын ешкім де « Будда терроризмі » деп атаған жоқ » - деп өз сөзінде атап өтті. Кейінгі уақыттарда негізсіз қолданып жүрген « дін экстремизмі », « ислам экстремизмі », « христиан экстремизмі » немесе басқа діндер экстремизмі деп айту өте қисынсыз. Салыстырмалы жағдайда қылмыс кодексі немесе қылмыс ниеті деп айтылмайды. Керісінше қылмыстық кодекс немесе қылмыстық ниет деп қолданатындығы баршаға белгілі. Яғни қылмыстың субьектісі қылмыстың өзі емес, осы қылмысты жасаған адамның қылмыс субьектісі болып табылады. Бұл туралы ҚР Қылмыстық кодекстің 14-бабында 1-ші тармағында есі дұрыс және осы кодексте белгіленген жасқа толған жеке адам ғана қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс делінген. Қылмыстық ниеттің қылмыс субьектісінің ішкі субьективтік жағдайында қалыптасатындығы түсінікті. Діни экстремизм деген ұғымды шынайы діннің өзіндік негізінен шықпайды, тек өзінің діни сенімі мен әрекетін дұрыс деп есептейтін, дінге тән қағидаларды ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің жетегінен шыға алмайтын, әсірешіл, өз эмоциясын ұстай алмайтын діни ұйым ( секта ) мүшелерінің немесе жеке тұлғалардың қоғамға қауіпті іс-әрекеті деп түсінген жөн. Бұл ойымды, дінде экстремизм болмайды деп жалған көлгірситін, негізсіз діни ұйымды ( секта ) « жақтаушылар » ұната қоймайды.

Ғылыми жүйеде « конфессионалдық өз-өзін сәйкестендіру, ұқсастандыру ( конфессиональная самоидентификация ) » атты термин пайда болды. Бұл термин діни және қалыптасқан тарихи негізі болмаса да, харизматикалық жеке тұлғаның жеке көзқарасы мен радикалды сенімі немесе діни-саяси көзқарастары ортақ адамдардың ұйымдастыруы бойынша құрылған діни радикалды ұйымдар немесе секталарға қатысты ұғымды білдіреді. Бұрыннан қай заман болмасын, өзін « әулиемін », « пайғамбармын », тіпті « құдаймын » деген адамдар болған. Қазірде сондай адамдар кездеседі. Тіпті еш нәрседен ұялмастан, өз-өзін солай атаған, талай кісілерді негізсіз сенім мен қисынсыз ойдан шығарылған « қағидаларымен » тура жолдан тайдыруда.

Ресейлік ғалым А. Журавский діни экстремизм мәселесі обьектіліктің мәселесі емес, субьектіліктің мәселесі болып табылатындығын айтуда. Яғни діни экстремизмді шынайы діннен емес, діни экстремистік қылмысты жасайтын негізсіз ұйымдар ( секталар ) мен жеке тұлғалардан іздеген жөн. Ал енді «діни экстремизм » терминіндегі « діни » мен « дін » деген сөздердің түбірі бір жерден шықса да, « діни » деген сөз қатыстық сын есімдік ретінде қолданылады. « Діни экстремизм » делінген сөз, осы құбылыс « діннен » шығады деген ұғымды білдірмейді. Өйткені діни экстремистік әрекет дінге сенетін немесе сенбейтін тұлғаларға, қоғамға немесе мемлекетке қарсы бағытталуы мүмкін. Тек бұл жерді діни деген сөзді қолданудың себебі, экстремистік әрекеттің қандай бағытта жасалатындығын, әрі бұл әрекеттің заң мен дін тұрғысынан айыпталатындықтан қолданылады. Бір жағынан діни экстремистік әрекетті жасаушылардың шынайы діннің нормаларын немесе қасиетті кітаптардың мәтінін бұрмалап қолданумен немесе өздерінің негізсіз діни сенімдері мен көзқарастары пайдалану арқылы әрекет ететіндігінен қолданылады. Сол себептен « сол немесе басқа бір діннің базасында құрылған » делінген сөйлемді, мына « бір діни ұйымның, сектаның немесе басқа қылмыстық субьектілердің базасында құрылған » деген сөйлеммен ауыстыру қажет.

Сонымен қатар С.Н. Поминовтың діни экстремизм туралы құқықтық анықтамасындағы тағы бір қамтылмаған жері « басқа дүниетанымдарға шыдамсыздығымен көрінетін » делінген сөйлемде жалпы тұрғыда ғана түсініледі. Дүниетаным әр түрлі сан қырлы жақтардан қалыптасады. Бұл жерде « басқа дүниетанымдар мен діни сенімдерге шыдамсыздықпен қарайтын » деп толықтырса дұрыс болады. Себебі « басқа дүниетанымдар » делінген сөзді ғылыми, философиялық, атеистік немесе басқа ойларға байланысты қолдануға болады. Ал « діни сенімдер » делінген сөз болса, дұрыс немесе негізсіз сенім болсын жалпы қатысты қолданылады. Одан кейін « бір немесе бірнеше конфессия шеңберінде қаталдау қарсы күресте болатын » делінген сөйлемде мынандай түрде дұрыс болады: « бір немесе бірнеше конфессия, секта және басқа қылмыстық субьектілер шеңберінде заңға қайшы тікелей қасақана мақсат ұстанатын ». Бұл жерде ғалымдардың анықтағанындай діни экстремизмнің алты түрі бар. Конфессияға қарсы; консервативтік; мемлекетаралық; мемлекетке қарсы; мемлекеттік; сектандық. Сондықтан « конфессия, секта және басқа қылмыстық субьектілер » делінген сөз осыларға байланысты пайдалынады. Егерде « қоғамның және мемлекеттің » деген сөздерді « тарихи қалыптасқан қоғамның және ұлттық мемлекеттің » делінген сөздермен толықтырылса, онда сөйлемнің мазмұны көп нәрсені қамтитын болады. Яғни « тарихи қалыптасқан қоғамның » делінген сөйлем мынандай ұғымды білдіреді: Қазіргі белгілі бір мемлекет жерінде көптеген замандардың тарихи процесстерінен өтіп сұрыпталған, сол жердегі байырғы халықтың немесе халықтардың идеологиясы, мәдениеті, салт дәстүрі және басқа да құндылықтары болатындығы табиғи заңдылық. Осы аталған құндылықтар сол халықтардың немесе осы халықтардың өкілдерінің заңды мүдделеріне жатады. Осы тарихи қалыптасқан қоғамның жоғарыда аталған заңды мүдделеріне қарсы іс-әрекеттерді дәлелдейтін фактілер мен аргументтер жеткілікті. « Ұлттық мемлекеттің » делінген сөз мына ұғымды білдіреді: Қазіргі таңдағы мемлекетте байырғы халық немесе халықтар тұруы мүмкін. Осы халықтардың барлық жағынан татулығын, әрі қауіпсіздігін сақтауға, оларға заңмен шектелмеген барлық мүмкіншілікті пайдалануға, құқықтық мемлекетті қалыптастыруға, халықаралық заңдар мен ұлттық заңнамаларды тиімді ұстануға бағыт алған жалпы ұстанымы мен саясатын ұлттық мемлекеттің белгісі деуге болады. Осы аталған құндылықтар ұлттық мемлекеттің заңды мүдделері болып табылады. Бұл заңды мүдделерге қарсы бағытталған іс-әрекеттердің дәлелдемелері көп кездеседі.

Жоғарыда жалпы талдаулардан кейін діни экстремизмнің құқықтық анықтамасын мына мазмұнда тұжырымдадым: « Діни экстремизм – қоғам өміріндегі құқықтық категориялық құбылыс ретінде, бір діни ұйымның, сектаның немесе басқа бір қылмыстық субьектілердің базасында құрылған, ең шеткі көзқарастардың жақтаушылары болып табылатын, басқа дүниетанымдар мен діни сенімдерге шыдамсыздықпен қарайтын, бір немесе бірнеше конфессия, секта және басқа да қылмыстық субьектілер шеңберінде заңға қайшы тікелей қасақана мақсат ұстанатын, азаматтардың, тарихи қалыптасқан қоғамның, ұлттық мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға бағытталған, діни ұйым, секта және басқа қылмыстық субьектілер мүшелерінің, басқадай қылмыстық субьектінің немесе жекелеген сенушілердің қоғамға қауіпті іс-әрекеттері ».

Діни экстремизмге тән нәрселер мыналар болып табылады:


  1. басқа діни көзқарастарды ұстанушыларға шыдамсыздықпен қарауға және басқа бір ойды жақтырмауға негіз болатын, діни идеологияның нақты болуы;

  2. тек өздерінің белсенді қарсыластарына ғана емес, өз сенімдері тұрғысынан ой бөліспеген барлық тұлғаларға қарсы күштеулікті қолдануға бағыттайтын идеологияның негізделуі;

  3. діни экстремистік идеяларын үгіттеу процесінде эмоциялық ( әсірешілдік ) тәсілдерінің әсер етуінің басымдылығы;

  4. діни экстремистік қозғалыстар көшбасшыларының харизматикалық кейпін құру, оларды « күнәсіз » деп көрсетуге ұмтылу, сонымен қатар олардың бұйрықтары талқылауға жатпайтындығын дәріптеу;

  5. діни экстремистік ұйым мүшелерінің санасында деформацияланған сананың ұялағанын көрінеді, бұл жерде оларға діни доктринаның әсерінен, бір жағынан нигилизмде, келеңсіз немесе басқа әлемге, яғни олардың нормаларына, әрі діни жүйесіне қатысты немқұрайлығы;

  6. діни экстремистік көзқарастары мен мақсаттары ортақ болуы.

Діни экстремизм – қоғамға қауіпті төндіретін қылмыстық іс-әрекет болып табылады. Бұған дәлел болар фактілер мен аргументтер жеткілікті. Діни экстремизмнің қауіп төндірер обьектісі – қоғамдық қауіпсіздік. Әрине бұл қылмыс түрі діни экстремистік сана мен әрекеттен туындайды. Қылмыстың бірінші белігісі – қоғамға қауіптілігі. Қоғамға қауіптілік – қылмыстың заңмен қорғалған қоғамдық-қатынасқа нақты қауіптілікті тудыратын немесе зиянын тигізетін қылмыстың обьективті белгісі ( әрекет немесе әрекетсіздігі ). Осы орайда діни экстремистік әрекет делінген ұғымға құқықтық анықтама берілмесе, діни экстремизмнің шынайы мәні шықпайды.

Қазақстан Республикасының « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » заңның 1-бабының 1-ші тармағында экстремистік іс-әрекеттер жөніндегі анықтамасы былайша жазылған: « экстремистік іс-әрекеттер – экстремистік бағыттағы іс-әрекеттер жасауға шақыратын жария үндеулерді, экстремистік ұйымдардың нышандарын насихаттауды, үгіттеуді және көпшілікке көрсетуді қолға алғанда, осындай іс-әрекеттерді тікелей іске асыру ». Бұл заң мәтіні жалпы экстремизмнің барлық түрлеріне байланысты мазмұнда қамтылған.

« Діни экстремистік әрекет » делінген ұғымға мына мазмұнда құқықтық анықтаманы тұжырымдадық: « Діни экстремистік әрекет – арнайы ұйымдасқан ұйымдардың, адамдардың немесе жеке тұлғаның діни идеологиялық міндеттері арқылы діни экстремистік мақсатқа қол жеткізуге бағытталған іс-әрекеттерінің жүйесі немесе жүйелігі ». Яғни діни экстремистік әрекет жасалу үшін алдымен арнаулы ұйымды құру, оның діни идеологиялық міндеттерін белгілеу, түпкілікті алдарына қойған діни экстремистік мақсатты қою арқылы өздерінің ойлаған межелеріне жетуге бағытталған жалпы іс-әрекеттердің жүйесі жасақталады.

Ақиқатында діни экстремизм құбылысы, діни экстремистік мақсат және әрекет өз-өздігінен туындамайды. Жалпы көбіне қылмыстарды қылмыстық ұйым немесе топ болып жасайды. Сол сияқты діни экстремистік ұйымдар немесе секталар діни харизматикалық жеке тұлғаның немесе діни көзқарастары ұқсас адамдардың және басқа да қылмыстық субьектілердің діни экстремистік мақсаттары бойынша құрылады.

Қазақстан Республикасының « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » заңындағы 1-баптың 6-ші тармағында жалпы экстремистік ұйымға анықтамасы былайша жазылған: « экстремистік ұйым – экстремизмді жүзеге асыратын және сот экстремистік деп таныған заңды тұлға, жеке және ( немесе ) заңды тұлғалар бірлестігі ».

Діни экстремистік ұйым ( секта ) туралы құқықтық анықтаманы былайша тұжырымдадым: « Діни экстремистік ұйым ( секта ) – діни харизматикалық жеке тұлғаның, діни көзқарастары ортақ адамдардың, басқа қылмыстық субьектілердің ұйымдастыруымен немесе соттың діни экстремистік ұйым ( секта ) деп таныған жалпы діни экстремистік мақсаттарына байланысты құрылған ұйым ( секта ) ». Бұл жерде экстремистік ұйымдарға тән нәрселер, біраз қосымша өзгешілігімен діни экстремистік ұйымдарға да тән болады:



  • діни экстремистік ұйым мүшелікке есеппен қабылдайтын және рөлдерді бөлісетін ұйым ретінде қалыптасады;

  • діни экстремистік ұйымда басшылыққа бағыну жүйесі бар ( екі-үш звенолы жоғары ұйымдастырушылықпен қамтамасыз етілген құрылым, жалпылық, қатаң тәртіп );

  • діни экстремистік ұйымның басында көшбасшысы болады, оның беделі мықты және бөгетсіз. Көшбасшыға ұйым мүшелері көзсіз бағынады және оларда ұйым басшысының оқытуының шындығына сенімді болады;

  • сенушілердің жүріс-тұрысы қатаң бақылауда болады. Ұйымның мүшелігінен шыққысы келген адам қысымшылдық пен қудалауға, қауіп төндіру мен азғыруға тап болады;

  • діни экстремистік ұйымның басшылары сенушілердің санасын жаулап алу үшін, психологиялық әсер ету жүйесін қолданады;

  • діни экстремистік ұйымда өзіндік субьективтік мәдениеті болады. Діни экстремистік ұйымның көптеген мүшелері күнделікті өмірінде

алдымен діни бірлестіктің талаптарын басшылыққа алады. Мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін екінші кезекке тасталады;

  • діни экстремистік ұйымда құпиялылық сақталады ( ұйымның өмір сүруі, оның заңсыз істерін құпиялықта сақтауына байланысты, сондықтан ұйымның қатардағы мүшелері көшбасшыларынан бөлінген, бұл олардың көкірек көздерін аштырмайды, тек олар сырт көзге заңды орындаған сияқты жүре береді;

  • діни экстремистік ұйымның қауіпсіздігін барлық жағынан қамтамасыз етіледі ( сыбайластық қатынастарды саяси және құқық қорғау аясында пайдалану; тиісушіліктен қорғанудың жүйесін қалыптастыру; құқық қорғау органдарына қарсы бағдарлама дайындау; куәлер мен жәбірленушілерге қарсы психикалық және де физикалық әсер ету тактикасын қолдану, ұсталғанда, сотта және тергеудегі мінез-құлқы, діни экстремистік ұйымның тұтқындалған мүшелерін кепілдікке алынған адамдармен ауыстыру);

  • қасиетті жазбалардағы сөздерді бұрмалап, өздерінің түсініктері мен мақсаттарына қарай, міндетті түрде пайдаланып, әрі белсенді қолдану ( мысалы, кезіндегі белгілі бір қауымға немесе топқа бағытталған қасиетті жазба сөздерін, қазіргі адамдарға қарсы пайдалану );

  • жалпы шынайы дін қағидаларына қайшы келетін негізсіз аморалдық ұстанымдарға діни экстремистік ұйым мүшелері арасында жол беру, әрі рұқсат ету;

  • қасиетті жазбаларға мүлдем қайшы сенім мен істерді өздеріне « қағида » етіп алуы;

  • қасиетті жазбалардағы мәтіндерді криминалды талдаумен бұрмалап, өз мүшелеріне, әр түрлі әдістер мен тәсілдерді сендіру, әрі мүшелікке кіргізу үшін гипноз немесе басқадай жағдайлармен арбау;

  • діни экстремистік ұйымдарды құру, ұйымдастыру, қаржыландыру, қорғаштау және басқадай жәрдемдерді беретін қылмыстық ұйымдар, саяси күштер, арнаулы қызмет ұйымдары мен басқадай қолдаушылардың болуы.

Міне діни экстремистік ұйымдарға тән нәрселер жоғарыда айтылды. Қазіргі ғалымдарға діни экстремизмді анықтау, діни экстремистік ұйымдарды танудың қиындығы көбінесе діни сауаттылықтың аздығынан немесе болмауынан және дұрыс талдамауынан болады. Діни экстремизм әлеуметтік- құқықтық және этно-психологиялық құбылыс болғандықтан, әсіресе криминология ғылымының криминотеология саласы бойынша заң мамандығын, әрі теология саласын жақсы меңгерген мамандарды дайындау ауадай қажет. Сонда ғана құнды ғылыми еңбектер жазылуы мүмкін.

Діни экстремизм тек жақын уақытта ғана пайда болған жоқ. Бұл қоғамға қауіпті құбылыстың тарихи кезеңдерден өткендігі рас. Әрине бұны дәлелдеуге жан-жақты зерттеу еңбектері қажет. Бір жағынан діни экстремизм қылмыс түрінің бірі болғандықтан, оны қылмыскерлік жүйесінен бөле алмаймыз. Яғни қылмыскерлік қоғамдық қатынастар тұрғысынан қаралып, талданады. Қылмыскерлік – қоғаммен қатар тұрған бірдеме емес, ол сол қоғамда бар, оның дәстүрлі жақтарын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани салаларын түйреп өтетін құбылыс.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 54-баптың 1-ші тармағында е) тармақшасында діни өшпенділік пен араздық себебі бойынша жасалынған қылмыстар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қарстырылады. Сондай-ақ осы кодекстегі 96, 103, 104, 107, 160, 164, 187, 275, 337 баптардың 2- тармақтары бойынша қылмыстық жауаптылықты және жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады. Бұдан діни экстремистік әрекеттердің қоғамға қауіп төндіретін құбылыс екендігін көрсетеді. Өйткені ұлттық, нәсілдік, діни және басқа да құндылықтар адамдардың, қоғамның құқықтары мен заңды мүдделерінің ішіндегі ең сезімді құндылықтары екендігіне еш дау жоқ.

Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі 16 тараудан тұрады. Жоғарыда аталған баптар осы тараулардың тең жартысына жуығында жазылып көрсетілген. Мұны былайша тізбектеп көрсетеміз: 1-тарау. Жеке адамға қарсы қылмыстар ( 96, 103, 104, 107 баптар ); 3-тарау. Жеке адамның және азаматтың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар ( 141, 149 баптар ); 4-тарау. Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар ( 160, 164 баптар ); 5-тарау. Мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар ( 170 бап ); 6-тарау. Меншікке қарсы қылмыстар ( 187 бап ); 10-тарау. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар ( 275 бап ); 14-тарау. Басқару тәртібіне қарсы қылмыстар ( 337 бап ). Сонымен қатар басқа тараудағы баптарға қатысты діни экстремизмнің жанама қатыстық жағдайлары болуы мүмкін. Бұл аргументтер діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың әр түрлі бағытта жасалатындығын дәлелдейді.

Енді кезекте « Діни экстремистік бағыттағы қылмыстар » делінген ұғымға құқықтық анықтама беру қажеттілігі туындайды. А.Д. Дәрменов экстремистік бағыттағы қылмыстарға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 164, 170, 233-234, 238, 337 баптарда қарастырылатын қылмыстарды жатқызып, әрі өзгерту мен толықтыруға ғылыми ұсыныс жасады. Сонымен қатар аталған кодекстің басқа да баптары қатысты қарастырылуы мүмкін екендігін айтады.

Діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды зерделеу, анықтау, дәлелдеу діни экстремизмнің алдын-алу,ескерту, оның жолын кесу және толыққанды күресуге, әрі бұл қылмыспен күресуде дұрыс бағыт алуға пайдасы зор.

Сонымен діни экстремистік бағыттағы қылмыстар туралы құқықтық анықтама мына мазмұнда тұжырымдадым: « Діни экстремистік бағыттағы қылмыстар – конституциялық құрылымға, қоғамдық және ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің тұтастығы мен аумақтық мызғымастығына, конституция кепілдік беретін азаматтардың және басқа да субьектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне, діни сенім немесе өзіндік ар-ождан бостандығын бұзуға бағытталған қоғамға-қауіпті, қылмыстық-жазаланатын, тікелей қасақана ниетпен жасалатын іс-әрекеттер жиынтығы ».

Жоғарыда аталған ұғымдардың құқықтық анықтамалардың берілуі және « дін » делінген ұғымның теология және заң ғылымдары тұрғысынан синтезделген құқықтық анықтамасының жасалуы Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм құбылысын дұрыс түсінуге жетелейді. Осымен бірге мемлекеттегі діни экстремизмнің пайда болуының, таралуының, дамуының себептерін анықтауға, алдын-алуға, болдырмауға, жолын кесуге, осы бағыттағы қылмыстарды ашуға, дұрыс тергеуге және де діни экстремизмге қарсы мемлекеттік, құқықтық органдар мен қоғамдық ұйымдардың заңды күресуіне мүмкіншілік береді. Асылында теориялық негізде қисынды жасалынған нәрсенің, практикадағы маңызы зор.

Жалпы Қазақстан Республикасы аумағында тіркелгені, тіркелмегені бар діни негізсіз сенімдерімен адамдардың, азаматтардың имандылығына, денсаулығына, өміріне, еркіне, отбасылық берекелі тұрмысына, қоғамға, тіпті мемлекетке қауіпі бар діни ұйымдар мен секталар қаптап кетті. Яғни діни экспансия жолдармен қауіп төндірілуде. Бұл жөнінде көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында айтылыпта, жазылыпта жүр.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында, әсіресе, « Иегова куәгерлері », « Салафилер » ағымы, « Кришнайттер » сектасы, « Ахмади » жамағаты сектасы, « Евангелие » протестандық секта және де басқа да түрлі харизматикалық жеке тұлғалардың топтары өз жұмыстарын жүргізуде.

Бұл ұйымдарға қатысты әлемде, көптеген мемлекеттерде, бізде де қоғамдық пікір қарсылығы бар.

Мұндай ұйымдар мен секталардың зияндары өте көп. Осындай секталардан туындаған мәселелер еш шешілмей келеді. Семинар-кеңестерде әр дайым айтылып жүргендей, осыны алдын алмаса, жоғарыда аталған ұйымдар мен секталарға қарсы қоғамдық толқулар болуы мүмкін.

Мысалы, « Иегова куәгерлері » сектасы көптеген мемлекеттерде заңмен қудаланды. Тіпті Европа комиссиясы мен халықаралық сот қарауында Швеция, Швецария және басқа мемлекеттердегі осы аталған сектаның заңсыз әрекетерін әшкереленді.

М. Бұлутай өзінің көптеген ғылыми еңбектерінде осындай ұйымдар туралы дәлелдеп, шырылдап қаншама уақыттан бері айтып келеді. Бұл жөнінде көптеген зиялы қауым өкілдері, парламент депутаттары және басқа да адамдар айтып жүр. Бұл әшейін жеккөрушіліктен, көре алмаушылықтан және басқа мақсаттардан туындаған пікірлер емес.

Жалпы ғылыми зерттеулер нәтижелерінен, әрі қоғамдық пікірлер мен нақты өмірдегі жағдайдан байқалғандай, осындай ұйымдар мен секталардың зардаптары әлі де дұрыс сараланбай, зерделенбей келеді.

Алдағы уақытта тиісті заңдар көпшілік тиімді қабылданып, негізсіз ұйымдар мен секталардың заңсыз, әрі қоғамға қауіпті іс-әрекеттері тоқталады деген үмітіміз бар.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет