2.2 Діни экстремизмді алдын алудағы мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық құрылымдардың жүйесі
« Қылмыскерліктің алдын алу » дегеніміз, бұл – мемлекеттің, қоғамның, жеке және заңды тұлғалардың қылмыскерлікке жаңа адамдардың атрытлуына, жаңа қылмыстық іс-әрекеттердің жасалуына, қоғамдық қатынастардың ары қарай криминалдануына жол бермеу мақсатында қылмыскерліктің детерминация және себептілік процесіне мақсатты ықпал етуі. И.П. Портновтың пікірінше, « таза » түрде қылмыстың алдын алу дегеніміз – криминогендік факторларды жою және қылмысқа дейінгі кезеңде адамның мінез-құлқын түзету арқылы қылмыстың жасалуына жол бермеу. Ал, Г.А. Аванесовтың ойынша, қылмыстың алдын алу мақсатында ықпал жасалынатын обьект « өте күрделі құбылыс », онан жеке адам, адамдар тобы, оларды қоршаған орта ( оның ішінде тікелей қоршаған орта ) және әр түрлі « заттар » - факторлар, себептер мен жағдайлар, мән-жайлар, т.б. жатады.
Е.О. Алаухановтың тұжырымы бойынша, қылмыстылықтың алдын алуға былайша анықтама береді: « ол- қылмыстылықтың себептерін және оған мүмкіндік тудыратын жағдайларды анықтау және жою мақсатында мемлекеттік, қоғамдық және басқа ұйымдардың жүргізетін, өзара байланыстағы әр түрлі шаралардың жиынтығы ».
Қылмыскерліктің алдын алу жүйесінде үш түр бөлініп алынады: жалпы, арнаулы және жеке дара алдын алу. Бұлай бөлуге алдын алу қызметінің ауқымы негіз болған.
Қылмыскерліктің жалпы алдын алу дегеніміз – қылмыскерліктің барлық халыққа немесе оның топтарына ықпал ететін, жалпы экономикалық, әлеуметтік және өзге критерийлер бойынша бөлініп алынатын және бұл ретте ондай әлеуметтік топтардың іс жүзінде барлық өкілдеріне қылмыстық іс-қимыл мүмкіндігін жасайтын детерминация және себептілік процестерін жою жөніндегі шаралар жүйесі.
Жалпы алдын алу шараларын криминологтар емес, басқа мамандар ( экономистер, социологтер, саясаттанушылар, әлеуметтік психологтер, басқару мамандары және т.б. ) ойластырады.
Қылмыскерліктің арнайы алдын алу дегеніміз – қылмыскерлік детерминациясы мен себептілігінің жекелеген әлеуметтік топтарға қатысты процестерге, қылмыскерліктің жасалу ықтималдығы жоғары әрекет салалары мен обьектілерге ықпал етудің жүйесі.
Қылмыскерліктің алдын алуда криминолог белсенді рөл атқарады: біріншіден, ол зерттеулердің мақсатты арнайы бағдарламаларын жасау үшін база болып табылатын нәтижелерін ұсынады, екіншіден, тиісті субьектілердің, обьектілердің, қызмет саласының криминогендігін және виктимдігін төмендетудің нақты бағыттарын ұсынады; үшіншіден, осы бағыттарды іске асыру шараларының жүйесін жасауға қатысады.
Жек дара алдын алу, бұл –қылмыстық іс-қимылдың себептері мен жағдайларын жеке дара деңгейде, жекелеген адамдарға қатысты жою.
Жеке дара алдын алу : а) адамның ортасына, ә) адамның, бәрінен бұрын оның жеке басының сипаттамасына, б) сол адамның отрамен өзара әрекеттестік процесіне ықпал етуді қамтиды.
Қылмыскерліктің алдын алуда мынандай кезеңдер бар: 1) ертерек алдын алу; 2) тікелей алдын алу; 3) қылмыскерліктің өзінше детерминациясының алдын алу. Тиісті шараларды қылмыстық іс-қимылдың уақытына қатысты қабылдау уақыты оларды бөлектеудің критерийі болады.
Қылмыскерліктің алдын алу субьектілері көп және неше түрлі. Қылмыскерліктің жалпы алдын алу, бұл –мемлекеттің және қоғамның азаматтық институттардың қызметі. Қылмыскерліктің арнайы алдын алуды мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен ұйымдар, заңды тұлғалар мен азаматтар жүзеге асырады. Олардың өкілеттіктерін құқықтық актілер анықтайды.
Қылмыскерліктің алдын алудың мамандандырылған субьектілеріне мұндай алдын алулар олар үшін бірден-бір немесе негізгі функция болып табылатын мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар, заңды тұлғалар мен азаматтар жатады. Бұлар – прокуратура, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік , кеден және салық полициясы органдары және т.б. Қылмыскерліктің алдын алуға сот та қатысады, ол қылмыстың жасалуына мүмкіндік тудырған себептер мен жағдайларды анықтайды, қылмыстық-іс жүргізу заңына сүйеніп сол себептерді айқындайды.
Мамандандырылған мемлекеттік емес субьектілер қатарына, сонымен бірге, ведомстволық және жеке қауіпсіздік қызметі, жеке күзетпен және детективтік қызметпен айналысатын субьектілер жатқызылуы мүмкін.
Діни экстремизмді алдын алудағы мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық құрылымдар жүйесінің атқарар жұмыстары көп болып табылады. Діни экстремизмнің жалпы алдын алудың негіздері мыналар болып табылады:
1.Тұрақты экономика, адамдардың іскерлік белсенділігі мен ынтасын көтерудің негізінде нарықтық қатынастарды қалыптастыру.
2. Жас адамдардың әлеуметтік, экономикалық және басқадай жағдайларын жақсартуға, олардың өз бетімен еңбекке және қоғамдық –саяси өмірге араласуы үшін мемлекеттік жастар саясатын қаржымен, заңмен қамтамасыз етуге шаралар қарастырып, оны жүзеге асыру. Себебі діни экстремистік ұйымдарға жастардың көп тартылатындығы статистикалық мәліметтерден байқалатын анық нәрсе. Өйткені экстремистік ұйымдарда жастарды тартуға мүдделі.
3. Оқу орнындарында « Мемлекет және құқық негіздері » және « Құқықтану » пәндерін оқытудың сапасын жақсарту. Оқылатын сағат санын 50% -ға дейін көбейтіп, курс аяғында емтиханды міндетті түрде алу. Бұл олардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтереді. Көптеген жастардың құқықты жақсы білмегендіктен қылмысқа немесе террористік-экстремистік ұйымдардың арбауына тез түсіп қалады. Сонымен қатар мектеп оқушыларына ( 9 – 11 сынып ) экстремистік ұйымдар мен керітартпа ағымдар жөнінде лекциялар немесе түсіндірмелер міндетті түрде болғаны дұрыс. Себебі әсіресе ауылдардан қалаға келген жастар ( колледж, университетте оқу, жұмыс ізеп барады ) көбінесе қалаларда орналасқан экстремистік ұйымдар мен керітартпа ағымдардың уағыздаушыларының арбауына шырмалады.
4. Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың алдын алуды жалпы қоғамдық деңгейде қарастырғанда Қазақстан Республикасы үшін ең өзекті проблема – адамдарды, әсіресе жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу қажет. Кейбір жастар « дін » деген осы екен деп керітартпа ағымдардың жетегінде кетеді. Олардың көбісі көптеген мекемелерде жұмыс істесе білу, әр түрлі адамдармен тіл табыса білу және де тағы да басқа жағдай бойынша ортаға бейімделу немесе басқа дүниетанымдағы, сенімдегі адамдармен шығыса алатындай тәжірбиелері өте аз. Яғни көбісінің санасында басқа діндегі адамдармен жұмыс жасауға істеуге болмайды ұғым қалыптасады. Сонымен қатар кейбір осындай жастар, отбасында діни сенім, жұмыссыздық мәселелері бойынша ата-ана, туыстарымен шекісіп қалатын жағдайлар, бір жағынан үйден кетіп қалу фактілері кездеседі. Көптеген жұмыс орындарында сыртқы келбетіне қарап ( дін жолында жүргендердің кейбіреулері сақал қояды ) жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Бұндай кезде арнайы қоғамдық ұйымдар мен ресми діни ұйымдардың өкілдері осы мәселеге жоспарлы қараса, яғни жұмысқа орналасуға көмек беру, ал діни өкілдер сыртқы келбетімен байланысты жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға осындай мекемелерде өзін қалай ұстау керектігін, сырт келбетін қалай ұстайтындығын кеңестерін беретін болса, бұның нәтижесі жақсы болатындығы анық.
5. Заңды жалпыға бірдей оқытуды және заңға тәрбиелеуді ұйымдастыру. Діни ұйымдардың мүшелері арасында құқық қорғау органдары қызметкерлері құқықтық оқытуды жоспарлы өткізгендері дұрыс.
6. Құқық бұзушылықтың алдын алудың әлеуметтік базасын нығайту қажет. Кейбір адамдардың тұрмыстық жағдайын айтып барғандарға, діни экстремистік немесе керітартпа ағымдар өздерінің беделін көтеру үшін уақытша болса да, азын-аулақ қаражаттай немесе басқадай жәрдем береді. Сондықтан аз қамтамасыз етілген отбасыларға, нашар тұратын топтарға, ата-анасының қамқорлығынан қалған жетім балалар, қарттар үйлеріне мемлекет тарапынан әлеуметтік қамқорлық пен жәрдемдер берілуі тиіс.
7. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 375 бабы бойынша құқық бұзушылықтар тіркелмеген діни ұйым мүшелері немесе жекелеген дін жолын ұстағандары тарапынан жасалынады. Осыларға заңды түсіндіру жұмыстары пәрменді жүру керек.
Осымен бірге басқа да бағдарламалар бойынша пәрменді жұмыстар орындалуы тиіс. Жоғарыда аталған шаралармен жұмыс жасау әлі мардымсыз. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар осыған жеткілікті қөңілді бөлулері өте қажет болады.
Діни экстремизмнің алдын алу күресінде құқықтық статусына байланысты субьектілер екіге бөлуге болады:
Мемлекеттік институттар ( заң шығарушы, атқарушы, сот жүйесі ), бұлар діни экстремизмнің алдын алудағы күресу шеңберіндегі мәселелерді шешудің, жүзеге асырудың жолдарын қарастырады;
Қоғамдық институттар ( саяси партиялар, қоғамдық және діни ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, сонымен қатар діни экстремизді алдын алу саясатын, әрі оған әсер ете алатын жеке азаматтар ), бұларда діни экстремизмді алдын алуға салмақты үлес қоса алады.
Мемлекеттік институттар, оның ішінде заң шығарушы орган діни экстремизмнің алдын алу үшін, қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамаларға өзгерістер мен толықтыруларды негізуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан осы заң шығарушы орган құзыретіне, діни экстремизмді алдын алу мақсатында мына ұсыныстарды ұсынамын:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабы 1-ші бөліміндегі « Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар » деген мәтін діни сенім бостандығы деген ұғымның толық мәнін ашпайды. Бұл жайлы жеке ұсынысым бар. Яғни « Әркімнің діни сенім немесе ар-ождан бостандығына құқы бар » деп жазылса, онда дінге сену немесе сенбеу, дінді ұстану немесе ұстанбау жеке адамның құқығы екендігін көрсетеді. « Діни сенім » сөзі жеке адамның діни сенім бостандығына құқығын білдірсе, ал « ар-ождан » сөзі жеке адамның өзіндік ар-ождан бостандығына құқығын білдіреді.
Адам құқықтары жөніндегі Жалпы декларацияның ( 10.11.1948 ж ) 18 бабында және адам құқықтары туралы Европа конвенциясының 9 бабындағы 9.4 пунктінде « Әрбір адам еркін ойлау, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар » делінген. Яғни әркімнің еркін ойлау ( өз ойын еркін ойлап айтуға, діни немесе атеистік ойларын айтуға, тіпті басқа ойларды айтуға еркіндігі ), ар-ождан бостандығы ( өзіндік ар-ождан бостандығы, яғни діни сенімі немесе атеистік ұстанымы болу немесе болмау ) және дін бостандығы ( кез келген дінді немесе діни сенімді ұстануға, одан еркін шығуға, насихаттауға және тағы басқа заңмен шектелмеген дінге қатысты салттар мен дәстүрді ұстануға ) құқығы бар дегенді білдіреді. Осы себептен де жоғарыда аталған ұсынысты жасадық.
Қазақстан Республикасының « Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер » туралы заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қазіргі таңдағы ең көкейкесті мәселелердің бірегейі деп айту артық болмас.
Жалпы ғылыми және көпшілік арасында конфессия, діни бірлестіктер, миссионерлік қызмет, жергілікті діни бірлестіктер, секта сияқты сөздердің толыққанды анықтамалары заң мәтінінде жоқтың қасы.
Осындай көпшілікке белгілі, алайда әлі жете түсінілмеген сөздер жалпы ғылыми зерттеулер мен зерделеуге, сонымен қатар, діни экстремистік ұйымдар немесе негізсіз секталарды тануға біршама кедергі келтіреді.
Сонымен конфессия дегеніміз не? Конфессия - өзіндік діни және тарихи негізінде қалыптасқан, шынайы діннің құқықтық табиғатына сәйкес келетін, дәстүрлі дін. Конфессия терминін жалпы діни ұйымдарға қатысты қолданып жүр. Конфессия - өзіндік діни және тарихи жүйесімен қалыптасып келе жатқан ұйымдық жүйе.
Ал осы конфессия сөзі барлық діни ұйымдарға байланысты қолданып келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасында 4000 астам діни бірлестіктер 47 конфессияға жатқызылады. Ал негізінде егерде конфессия анықтамасына сүйенетін болсақ, онда көптеген діни ұйымдар мен секталар сәйкес келмейді. Діни бірлестіктер туралы анықтама « Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер » заңында былай беріледі: « Қазақстан Республикасының жергілікті діни бірлестіктер ( қауымдастықтар ) діни мүдделер мен қажеттерді бірлесіп қанағаттандыру мақсатында құрылған азаматтардың ерікті құрамалары болып табылады ». Жергілікті діни бірлестіктер ұғымына байланысты түсінікті емес жағдаят бар. Яғни осы бірлестіктердің қызмет аясының аумағы қалай болуы керек? Мысалы, бір жергілікті діни бірлестік облыстық әділет департаменті тіркеледі. Оның мекен жайы белгілі бір ауданның жерінде орналасқан. Салыстырмалы түрде мемлекеттік органдар белгілі бір аудан немесе әкімшілік аумағы шегінде қызметін атқарады. Сол сияқты жергілікті діни бірлестіктер де өздері тіркелген аумақ шеңберінде қызмет етуі керек. « Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер » туралы заңының 8-бабына сай « діни бірлестіктің атауы, орналасқан жері және шегінде ол өз қызметін жүргізетін аумақ » діни бірлестіктің жарғысын да көрсетілуі тиіс. Енді аталған заңның 7 бабына мынандай толықтыру енгізуді ұсынамын: « Қазақстан Республикасындағы жергілікті діни бірлестіктер ( қауымдастықтар ) өздерінің жарғысында көрсетілген орналасқан жері мен шегінде өз қызметін жүргізуі тиіс. Басқа аумақта қызметін жасауға жол берілмейді ». Бұл діни бірлестіктің мүшелері басқа жерде жүруге болмайды, араласуға болмайды дегенді білдірмейді. Тек заңды тіркелген діни бірлестіктің өзі орналасқан жері шеңберінде ғана ( қала, аудан, ауыл ) діни қызметін, уағызын жүргізуі тиіс.
Жоғарыда аталған заңның 1-1 бабының 2-ші пунктінде « миссионерлік қызмет - өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын діни бірлестіктердің жарғылық ережелерінде жоқ діни сенімді діни ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату » - деп көрсетілген. Бұл жердегі « діни бірлестіктердің жарғылық ережелерінде жоқ діни сенімді діни ағартушылық қызметі арқылы уағыздау және тарату » делінген сөз түсініксіз. Сонда жарғылық ережеде бар діни сенім немесе онда жоқ діни сенім деп бөліне ме? Бір жағынан миссионер тұлға Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруы, әрі сенімхаты бойынша қызмет етеді. Ал діни бірлестік жарғысына сай ұстанатын діні, қызметінің мәні мен мақсаты бойынша қызметін жүзеге асыруы керек. Осы жерде аталған баптағы « жарғылық ережелерінде бар діни сенімді » деп жазылғаны дұрыс болады. Бір жағынан миссионер тұлға шетелдің азаматы болғандықтан, басқа ортада өсіп, тәрбиеленген. Сол себептен заңды тіркелген миссионерлердің өздеріде ашық немесе жасырын басқаша уағыздар жүргізуі мүмкін. Негізінен миссионер тұлға діни бірлестіктің жарғысында көрсетілген діни сенім бойынша діни ағартушылық, консультациялық дәрістер, уағыздар жүргізсе болады. Асылында діни экстремистік ұйымдар немесе негізсіз секталардың көбісі шетелде құрылған. Қазіргі таңда жергілікті діни мамандар Қазақстан Республикасында жеткілікті деп айту артықшылық болмайды.
« Миссионер немесе миссионерлер дегеніміз кезінде, яғни тарихи діндердің алғашқы уақытта әлемде немесе белгілі бір жерде жайылуына өз еңбегін жұмсаған адам немесе адамдар ». Яғни Пайғамбарлар миссиясын кейін халифалар немесе діни ғұламалар жүргізген. Олардың жүргізген миссиясы бойынша сол аумақта діннің тарихи жайылуы негізделеді. Осы діннің қағидаттары ғылыми деңгейде және халық арасында тұрмыстық деңгейде қалыптасқан. Ал қазіргі түсінік бойынша шетелден келген дінді уағыздаушы адамдар деп түсініледі. Миссия деген дінді жаю міндеті дегенді де білдіреді. Жалпы дәстүрлі діндердің қазіргі аумақтарда тарихи орнығу процесі қалыптасып қойған. Соған қарамастан миссионер ұғымы қазірде қолданылуда. Жоғары да аталған заңның 4-2 бабына 6-ші пункт етіп мына толықтыруды енгізуге ұсынамын: « Миссионер тұлғаның жеке басына мінездеме, жіберілген шетелдегі діни бірлестіктің тарихи қалыптасуы және басқа жағдайлары туралы, сол мемлекеттердің үкіметінен арнайы қатынас хаттың немесе мәлімдеменің болуы шарт ». Бұнымен сыртқы істер министрлігі айналысқаны жөн.
Осы заңның 5-бабына мынандай толықтыру енгізуге ұсыныс етемін: « Мектептерде, жоғары және күндізгі оқу орындарында дүниетанымдық және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында дінтану немесе діндер тарихы пәндері Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағдарлама бойынша оқытылады ». Дінтану пәнін дінтанушы мамандар оқытуы тиіс, ал діндер тарихын кәдімгі тарих пәнінің мұғалімдері оқыта беруі мүмкін. Бұл пәндерді тек танымдық, позитивтік тұрғыдан оқытылуы керек. Сонымен қатар осыған байланысты « Білім » туралы заңға толықтыру немесе өзгеріс енгізілуі тиіс.
Аталған заңның 9 бабында « Діни бірлестікті кемінде кәмелетке толған 10 азаматтың бастамашылығымен құрылады » - делінген. Осы бапқа мына өзгерісті енгізуге ұсыныс жасаймын: « Діни бірлестікті кәмелетке толған отыз мың адамның, Қазақстан Республикасы азаматтардың бастамашылығымен құрылады. Бұл үшін олар ортадан сенім білдірген өкілдері арқылы жиналыс шақырады, онда жарғы ( ереже ) қабылдайды. Діни бірлестіктің тіркеуге ұсынылған құжаттары, уәкілетті органның қаулысымен діни сараптама жүргізетін арнайы орталық мекеменің сараптамасына жіберіледі. Осы мекеменің сараптау қорытындысын алған діни бірлестік мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлғаның құқықтық қабілетіне ие болады ». Бұндай тіркеу процестері мен сараптама жасау діни экстремизмнің алдын алуға көп септігін тигізеді.
Осы заңның 13 бабына мына толықтыруды енгізуге ұсынамын: « Барлық діни сипаттағы кітаптар мен әдебиеттер уәкілетті органның қаулысымен діни сараптама жүргізетін арнайы орталық мекеменің сараптамасына жіберіледі. Сараптама қорытындысы бойынша, мәтінінде діни экстремистік іс-әрекеттерге шақыратын негіздері болмаған, оң бағаланған діни сипаттағы кітаптар мен әдебиеттердің таратылуына рұқсат етіледі ». Бұндай құқықтық шаралар діни экстремизмнің алдын алуға үлкен мүмкіншілік береді. Себебі көптеген діни сипаттағы кітаптар мен әдебиеттерде осындай нәрселер кездеседі. Өйткені осындай көптеген материалдар шет тілдерде жазылады. Оны арнайы білімі барлар болмаса көп адам біле бермейді.
Аталмыш заңның 6-1бабына 12-ші пункт етіп мына толықтыруды енгізуді ұсыныс етемін: « Барлық діни сипаттағы кітаптар мен әдебиеттерді діни сараптама жүргізетін арнайы орталық мекеменің сараптамасына жіберуге уәкілетті орган қаулы жасайды ». Бұл құқықтық шара діни экстремизмнің алдын алуға және оның жолын кесуге ықпал етеді. Өйткені діни экстремистік ұйымдар өздеріне идеологиялық негіз етіп алады.
Қазақстан Республикасының кеден қызметінде діни сипаттағы кітаптар мен әдебиеттерге діни сараптама жүргізе алатын сарапшылар болса, тіпті жақсы болар еді. Бұл жағы егер қиындау болса, онда діни сараптама жүргізетін арнайы орталық мекеменің сараптамалық қорытынды бойынша діни экстремистік немесе діни экстремистік емес кітаптар мен әдебиеттер деп екіге бөліп, жалпы тізімі болса да, әзірше болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жалпы қылмыскерлікпен, оның ішінде діни экстремизммен күресуші координатор екендігі белгілі. Діни экстремизммен күресуде барлық субьектілерді жұмылдыруда үлкен рөл атқарады. Қазақстан Республикасы Үкіметі әр екі жылға жалпы қылмыскерлікпен күрес бағдарламасын бекітеді. Бұл бағдарламадан бөлек арнайы діни экстремизмге қарсы күресті жүргізетін бағдарлама жасалынса дұрыс болар еді. Сонымен қатар Үкімет жоғарыда айтылғандай екі жүйеге бөлінген мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды діни экстремизмге қарсы күресте заң аясында үйлестіріп отырса. Себебі жеке өз алдына, өз бетінше әрі жүйесіз жүргізетін болса, онда түбі оң нәтиже бермеуі мүмкін. Бұл күрделі процесс болғандықтан, бұған жан-жақты дайындықпен жұмыс жүргізілуі тиіс.
Қазақстан Республикасы сот жүйесі діни экстремизммен күресуде ең маңызды орын алады. Яғни діни экстремистік ұйым деп тану үкім шығару оңай емес. Сот тәжірбиесінде мұндай сот процестері кейінгі кезде ғана болуда. Қазақстан Республикасының Жоғары соты діни экстремистік ұйымдарды, оның мүшелерін немесе басқа жеке тұлғаларды соттау процесінде кездесетін мәселелері туралы толыққанды айтылса, онда зерттеушілер осы жағынан зерделеу жұмыстарын жүргізер еді. Сот жүйесінің осындай нәтижелі қадамдары діни экстремизмнің алдын алуда үлесі зор болар еді.
Мемлекеттік органдар діни экстремизмнің алдын алу, оның жолын кесуде шешуші рөл атқарады. Бұлармен бірге қоғамдық ұйымдардың да бұл іске қосар үлестері көп екендігі рас.
Қоғамдық ұйымдар деп саяси партиялар, қоғамдық, діни ұйымдар және Қазақстан Республикасы халықтарының Ассамблеясын айтуға болады. Сонымен бірге жекелеген белсенді азаматтар осындай шараларға өз үлестерін қоса алады. Діни экстремизм әлеуметтік-құқықтық, саяси және этно-психологиялық құбылыс болғандықтан, оған қарсы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, яғни барлығының жұмыла күресуі маңызды, әрі қажет жағдай болып табылады. Ал енді ең маңызды үлес қосатындар осы құбылысты ғылыми деңгейде зерттеушілер.
Жалпы діни экстремизмнің алдын алу, оның жолын кесу мақсатында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға жалпы ұсынылатын ұсыныстар мыналар болып табылады:
Діни экстремизнің алдын алуда Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі « Діни экстремизм құбылыстарының алдын алу » атты 2009- 2012 жылдар аралығына арналған бағдарлама жасау;
Қазақстан Республикасы Президентінің « Қазақстан халқының әл-ауқатың арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты » атты жолдауының 4-ші тарауында атап өткен, яғни сыртқы саясаттағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы 3 басымдықтардың екіншісі, халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күресу жөніндегі халықаралық коалицияның белсенді мүшесі ретінде пәрменді, жан-жақты жұмыс, жолдауға, бағдарламаға сәйкес орындалу мүмкіншілігінің стратегиялық бағытын анықтап алу;
Қазақстан Республикасы Үкіметі құрған діни кеңестің аясында діни экстремизмнің алдын алу шараларына қатысушы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың атқарар функцияларын бағдарлама сәйкес айқындап беру;
Осы функциялардың орындалу барысын айқындайтын жалпы мониторингісін жасау;
Қазақстан Репсубликасы заң шығарушы палаталары, яғни сенат пен мәжілісте ұлттық қауіпсіздік, терроризм, сепаратизм және жалпы экстремизм түрлерін, оның ішінде діни экстремизм құбылыстарын жақсы түсініп, талдай алатын заңгер-криминолог мамандардың болғаны қажет;
Қазақстан Республикасы сот жүйесіндегі барлық деңгейдегі соттардың судьяларына жән басқа да мамандарына арнайы қысқа мерзімді уақыттарда сот тәжірбиелік курстарын ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің діни істер комитетінің құзыреті « Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер » туралы заңында және басқа да нормативтік құқықтық актілерде айқындалып көрсетілуі тиіс;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризм, сепаратизм және экстремизм, оның ішінде діни экстремизм құбылыстарына қарсы күресумен арнайы айналысатын қызметкерлерді арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес комитетінде барлық облыстық ішкі істер департаментінің осы аттас басқармалар мен барлық қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдердің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі қызметкерлерін, сонымен қатар жергілікті учаскелік инспекторларды арнайы бекітілген кесте бойынша кезегімен қысқа мерзімді курстарда оқытуды ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына қарасты барлық деңгейдегі прокуратура органдарында осы жағын қадағалаушы қызметкерлерді арнайы курста оқытуды ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі басшылығымен терроризм, сепаратизм, экстремизм, оның ішінде діни экстремизм құбылыстарына қарсы күресуші әскери бөлімдерін оқу-жаттығуда машықтандыру жаттығуларды арнайы мерзімдерде ұйымдастыру;
Қоғамдық саяси партиялардың діни экстремизмнің алдын алу жөнінде, өздерінің еріктерімен бас қосқан біріккен отырыстарын ұйымдастыру;
Діни ұйымдармен тікелей байланыста болатын діни істер комитетінің ұйымдастыруы бойынша арнайы жоспарға сәйкес діни экстремизмнің алдын алу мақсатында конференция, бас қосулар, дөңгелек үстел және де басқа да шараларды ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасы халықтарының Бас Ассамблеясы және кіші Ассамблея мүшелерінің бас қосуын мүмкіншілігі болса, әр ай сайын өткізу;
Жергілікті атқарушы органдарының ішкі саясат бөлімінің қызметкерлеріне арнайы курстарын ұйымдастырып оқыту;
Қазақстан Республикасы Білім министрлігі барлық мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында діни экстремизм алдын алу мақсатында құқық сабақтарында арнайы лекция оқуды ұйымдастыру;
Діни экстремизм жайлы ғылыми зерттеулерді кешенді жүргізу үшін, осы құбылысты зерттеушілерге мемлекеттік арнайы тапсырыс бойынша гранттар бөлу;
Бұқаралық ақпарат құралдарында діни экстремизм алдын алу үшін көпшілікке түсінікті мазмұнда мақалалар жазу;
Ғылыми-танымдық журналдарда діни экстремизм туралы ғылыми мақалаларды дұрыс саралап жариялау;
Діни экстремизмді алдын алу жолында ғылыми-тәжірбиелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, диспуттар және басқа іс-шараларды ұйымдастыру;
Діни экстремизм туралы жазылған ғылыми әдебиеттерді, кітаптарды, анықтамалық-ақпараттық брошюраларды кітапханаларда және тиісті орындарды мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету.
Достарыңызбен бөлісу: |