1.2 Қазақстан Республикасындағы діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалы, құрылымы және динамикасы
Ең әуелі Қазақстан Республикасында тіркелген барлық конфессиялық ұйымдардың жалпы діни ахуалы туралы, олардың өзара қатынасы, осы діни ұйымдардың таралып, дамуын және шешілмеген мәселелерін талдаудан бастауды жөн көрдік. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін, алғашында жас мемлекет болғандықтан, экономикалық қиыншылықты көрді. Мемлекеттің, қоғамның дәстүрлі жақтары, яғни саяси, экономика, мәдениет, әсіресе рухани салаларын бақылау әлсіз жағдайда болды. Кеңес одағы ыдыраған кейінгі діни ренессанстың туындауы қоғамдық-саяси өмірде конфессиялық фактордың жоғарлауына мүмкіншілік туғызды.
Е.С. Мақашевтің айтуы бойынша бүгінде діннің әлеуметтік консолидациялау мен саяси мобилизациялауды атқару мүмкін екендігін және оны атқарып жатыр. Ол конфессионалдық аясының таралуына мына обьективті процесстердің әсерінің болғандығын көрсетті:
- қоғамдық өмірді демократияландырудың қажеттілігі;
- посткеңестік кеңістікте идеологиялық вакуумның ( бостықтың ) болуы;
- әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың болуы;
- шетелдік мемлекеттердің мүдделері.
Статистикалық мәліметтер бойынша, 1989 жылдың 1 қаңтарына дейін 671 діни қауымдастық, 20 конфессия мен деноминациялар болды, ал 1995 жылдың 1 қаңтарында 1180 діни бірлестік, конфессия саны 30-ға жетті, 1997 жылдың 1 қаңтарында 30 конфессияның 1642 діни бірлестігі жұмыс жасады, 2001 жылдың 1 қаңтарында 2300 діни бірлестік, ал қазіргі мәлімет бойынша 46 конфессия, 4000-нан астам діни бірлестік қызмет жасауда. Мәліметтен байқалғандай, 1989-2008 жылдар аралығында конфессиялар саны 20-дан, 46-ға дейін өскен. Сонда 19 жылда 26 конфессия қосылған. Ал осы конфессиялардың діни бірлестіктерінің саны 671-ден, 4000-нан асқан. Бұнда да 19 жылда 3329 –дай діни бірлестік қосылған. Бір жағынан зерттеушілердің айтатыны, Қазақстан Республикасында 118 ұлт пен этностар тұрады. Сондықтан көпұлтты және көпконфессиялы дейді. Осы аргументтер әр түрлі конфессияларға пайда болуына негіз болуы заңдылық дейді.
Бұл жерде ескеретін нәрсеміз, « Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер » туралы заңның 9-бабында « Діни бірлестікті кемінде кәмелетке толған 10 азаматтың бастамашылығымен құрылады » - делінген. Бұл да діни бірлестіктің көптеп ашылуына себеп болды. Сонымен қатар 2000 жылдан экономикалық жағдайдың дұрысталуы, көптеген адамдар, әсіресе кәсіпкерлер немесе басқа да қаражаты барлар, көптеген ғибадатханаларды салды. Әрине осы сияқты факторлар діни бірлестіктердің санының артуына септігін тигізді.
Дәстүрлі діни бірлестіктерден бөлек, дәстүрлі емес ұйымдар оп-оңай тіркеліп кеткен. Ол кездегі діни бірлестіктерді тіркеу процедурасы нақты діни сараптамадан өткізу мүлдем болмады дейтін болсақ, қате болмайды.
Қазақстан Республикасындағы діни экстремистік бағыттағы қылмыстар қазіргі уақытта негізінен Қылмыстық кодекстің 164 мен 170 баптары және Қазақстан Республикасының 08.07.2005 жылы « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » заңының баптары бойынша көбіне жасалынады.
Бұл қылмыс түрінің жоғары латенттігіне байланысты қазіргі таңдағы статистикалық есептің жағдайында діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың шынайы масштабын бағалауға мүмкіншілік бермейді. Дегеменде 2001-2007 жыл және де биылғы 2008 жылдың І-тоқсанды қоса алғанда, осы аралықтағы діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жалпы тіркелген қылмыскерліктің ішіндегі деликтік үлестік қатысы 0,05 құрайды.
Қазақстан Республикасында бұл қылмыс түрінің жалпы тіркелген қылмыскерліктің төменгі орындарын алса да, Қылмыстық кодекстің 164 және 170 баптары бойынша қарастырылатын қылмыстар ( 2006 -2008 І-тоқсан ), алдынғы жылдармен салыстырғанда ( 2004-2006 жылдар) 46 есе өскен. Бұл діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жылдан жылға көбейгендігін және қоғамға қауіпті екендігін көрсетеді.
Әлемдегі лаңкестіктің және діни экстремизмнің күшеюіне байланысты, Қазақстан Республикасы Бас прокуроратураның 2005 жыл 12 ұйымды жазылған арызы бойынша Астана қаласы сотында қарады. Сот құрамында судьялар, Бас прокуроратра, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері қатысқан сот отырысында бұл мәселе Қазақстан Республикасы атынан Астана сотының 12 ұйымды діни-саяси экстремистік ұйымдар екендігін таныған туралы үкімі шықты. Бұл ұйымдардың барлығы басқа мемлекеттерде құрылған экстремистік ұйымдар. Яғни Таяу шығыс, Орта Азия мемлекеттерінде және Қазақстан Республикасына көршілес мемлекеттерден шыққан экстремистік ұйымдар. Жалпы бұл ұйымдардың аттарына және де іс-әрекеттеріне қарағанда көбінесе саяси, сепаратистік, экстремистік мақсаттарға байланысты құрылған. Әрине дінді тек идеологиялық қалқан ретінде, оның өзінде бұрмалап, өздерінің түпкілікті мақсаттарына жету үшін пайдаланады. Сонымен қатар бұлардан басқа экстремистік ұйымдар жоқ екен деуге болмайды.
Жоғарыда аталған 12 экстремистік ұйымдардың ішінен Қазақстан Республикасының аумағында әсіресе « Хизбут-тахрир » халықаралық діни экстремистік ұйымның мүшелірінің қоғамға қауіпті заңсыз әрекеттері соңғы жылдары көрінді. Бұл ұйымның осы жердегі басшылары мен мүшелеріне қатысты қылмыстық істер қозғалып, біразы сот үкімімен сотталды. Көптеген мүшелері өз еріктерімен бұл заңсыз партиядан шыққандығын жариялады. Дегенмен де әлі де бұл ұйымның жасырын мүшелері болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 164 бабы бойынша қарастырылатын қылмыстар динамикасы былайша көрсетіледі: 2001-2002 жылдары ешкім сотталмаған, 2003 жылы 8 кісі сотталса, 2004 жылы 2 кісі, 2005 жылы 20 адам сотталды, оның ішіндегі 16 адам 164 баптың 1- тармағы, қалған 4 адам аталған баптың 2-ші тармағы бойынша. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіндегі 164 бабы бойынша жазаланатын қылмыстардың динамикасын былайша қарстыруға болады: 2000 жылы қылмыстық іс қозғалған базалық көрсеткіші бойынша 100 ( 2 іс ), 2001 жылы - 0, 2002 жылы – 50, 2003 жылы – 4 есе, 2004 жылы – 3,5 есе, 2005 жылы 46 есе, 2006 жылы – 51 есе, 2007 жылы – 52 есе болды. Бұның ішінде әсіресе діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың қатысы бар.
А.Д. Дәрменовтың зерттеуі бойынша ( 26 қылмыстық іс ) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша жазаланатын қылмыстардың 94 % экстремистік мазмұндағы материалдарды таратумен, ал қалған 6%, экстремистік мазмұндағы материалдарды дайындау түрінде ( жасырын типография, өндіріс) жасалынған. Экстремистік мазмұндағы материалдарды таратуда 42% , парақшалар, 29% , брошюра, 11% , кітаптар, 5 %, журналдар, 4 %, шарият сызбалары, 4% , бейнекасетталар, 3% , аудиокасетталар, 2 %, дәптерлер түрінде қолданылған.
Халықаралық « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымның заңсыз іс-әрекеттері Қазақстан Республикасы мына аумақтарында Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды облыстарында, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында және де басқа да жерлерде болды.
Бұл діни экстремистік ұйымның іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің баптарына қайшы, әсіресе 170 бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартып, жазаланатын қылмыстың құрамын көрсетеді. Бұл ұйымның басты мақсаты – Халифалық ортақ мемлекет құру. Яғни көптеген мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру.
Жоғарыда көрсетілгендей бұл ұйым мүшелеріне қатысты істерді қозғалуының және де сотталғандардың жылдан жылға өсу динамикасы бар. Жалпы осы қылмыстарға байланысты сот процестерінде мыңдаған куәгерлерден жауап алынып, айғақты заттар ретінде 56000 үнпарақ, 5000 астам діни экстремистік мазмұндағы әдебиеттер, 1456 дана түрлі мәлімет тасымалдау құралдары, 28 комьпютер, қазіргі заман талабына сай баспа құралдарының 45 дана жабдығы мен өзге оргтехникалар алынды.
Сонымен қатар Алматы, Астана, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, және Павлодар облыстарынан 167 адам өз еркімен партия қатарынан шығып, экстремистік мазмұндағы 5000 адам астам әдебиеттер тапсырған. Олардың өз кінәларын мойындап келуіне байланысты, ешбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ.
Бұл діни экстремистік ұйымның Қазақстан бойынша басшысы, қаржылық директоры, типографиялық қызметке жауапты адам, Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Кентау және Екібастұз қалаларындағы ұйымның ұяшықтарының басшылары өз еріктерімен БАҚ-дар арқылы басқа мүшелерін партиядан шығуға үндеді.
Осы ұйымның басқа мемлекеттердегі, әсіресе, Орта Азия аумағындағы ахуалы, құрылымы және динамикасы жөнінде қысқаша талдама жасадық: 2006 жылдың аяғында Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің бірлескен заңды шараларымен Қырғыстан Республикасындағы Ош қаласында орналасқан « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымның Орта Азиялық аумағы бойынша ақпараттық-талдау орталығын таратылды. Бұл орталықтың басшысы болған, мемлекетаралық іздеу жарияланған Өзбекстан азаматын ұсталып, Өзбекстанға жіберілген.
Жалалабад қаласында осы партияның Орта Азия бойынша штаб-квартираның басшысы тұтқындылған. Ол 2000 жылдан бері экстремистік әрекеттері үшін Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Республикаларының арнаулы қызмет органдарының іздестіруінде болған. Оны тергеу барысында мына мән-жай анықталған. Оның Қазақстан Республикасы аумағында 2002 – 2004 жылдар аралығында « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымның астыртын құрылымдық бөлімшесін қалыптастыруға негізгі ықпалы болғандығы дәлелденген. Ол экстремистік әдебиеттерді тарату каналдарын реттеп отырған.
Халықаралық заңдарға сәйкес, Терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы ( Шанхай, 2001ж. 15 маусым ) және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Республикаларының арасындағы терроризмге, саяси және діни экстремизге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа және тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне өзге де қауіп-қатер төндіруге қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы Шарт ( Ташкент қ., 2000ж. 21 сәуір ) негізінде бірлескен заңды шараларымен Орта Азия мен ТМД елдерінің кейбір мемлекеттерінде « Хизбут-тахрир » діни эктремистік ұйымның белсендігін біршама төмендетті. Тәжікстан Республикасында осы ұйымның 56 мүшесі ұсталып, олардан 16500 дана баспа өнімдерін тәркілеген. Өзбекстан Республикасында кейінгі кезде 30 астам осы ұйымды жақтаушыларын қылмыстық жауапкершілікке тартқан. 2007 жылдың алғашқы 4 айында Бішкек, Жалалабад, Тоқмақ, Ош қалаларында бұл ұйымның мүшелері ұсталған. Сонымен қатар Ресей Федерациясында Қазан, Тюмень, Нижний Новгород, Челябинск, Тобольск қалаларында « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымның мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Жоғарыда келтірілген нақты деректер бойынша аталмыш ұйымның өте қауіпті ұйым екендігін, оның халықаралық сипат алғандығы айқындайды. Жоғарыда аталған мемлекеттердің діни экстремизмге қарсы заңды іс-қимылдары, осы бірге мемлекеттердің өз аумақтарында және де мемлекеттер аралық аумақтардағы бірлескен пәрменді іс-қимылдары арқылы әрдайым жүргізе берілуі тиіс. Бұндай заңды іс-қимылдар аталған мемлекеттер аумағында және ТМД, Орта Азия мемлекеттері аумағындағы « Хизбут-тахрир » ұйымның және де басқа да діни экстремистік ұйымдардың заңсыз әрекеттерін болдырмауға, алдын-алуға, ескертуге ықпал етеді. Сонымен қатар діни экстермистік бағыттағы қылмыстардың ахуалына, құрылымына және динамикасына оң әсер берері сөзсіз.
А.Д. Дәрменовтың тергеу мен сот практикасын зерттеуі бойынша экстремистік материалдарды таратқандардың әрбір екіншісі, бұндай материалдарды өздері жасамағандары және оны өздеріне таныс емес адамдардан алғандығы анықталған. Ал олар жөнінде қылмыстық тергеу материалдарында ешқандай мәлімет жоқ екендігін көрсетеді. Бұл жағы құқық қорғау органдары назарынан тыс қалғандығын айта келе, қылмыстық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ғылыми ұсыныстар жасайды.
« Хизбут –тахрир » діни экстремистік ұйымның мүшелері сотталғандары түрмеде жазасын өтеп жүріп, өздерінің жұмыстарын жүргізеді. Бұл жағынан олар ұйым қатарына мүшелерді кіргізу үшін мынандай қулықпен үгіт жасайды: « Сен не үшін сотталдың ? Ұрлық жасағаным үшін сотталдым. Неге соттар барлық қылмыс жасаған адамдарды соттамайды? Яғни неше түрлі қылмыстарды жасаған адамдар еш сотталмай, сыртта жүр. Осы әділеттік пе? Жоқ әділетті емес деген жауап беріледі. Ондай болатын болса, әділеттікпен күресуші « Хизбут-тахрир » ұйымы қатарына қосыл. Алдағы уақытта біз жеңіске жетеміз » - деп түрме камерасында отырып алып-ақ, өздерінің қисынсыз әр түрлі « қағидалармен » басқа сотталушыларды айналдырғысы келеді ». Осындай фактілерде кездеседі.
Бұл аталған ұйымның мүшелері қазіргі уақытта жасырын әрекет ететіндігі түсінікті. Себебі қылмыстық заңмен қудаланады. Құқық ұорғау органдары қызметкерлері бұл жөнінде айтуда.
Мұндай латенттік жағдайлар діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалын, құрылымын және динамикасын зерделеуге, анықтауға, сонымен қатар деңгейін байқауға қиыншылық туғызады.
Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалын, құрылымын және динамикасын толыққанды көрсететін дерек қор әлі де жасалмаған.
Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың осындай жағдайда болуының себептері мыналар болып табылады:
біркелкі дерек қордың мониторингісі жасалмағандығы;
Кешенді саралау жұмыстарының жүргізілмеуі;
Осыны зерделеп жүрген зерттеушілердің аздығы;
Жоғары латенттік жағдайдың қалыптасуы;
Әлемдік деңгейде, тіпті Орта Азия бойынша мемлекеттераралық діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалы, құрылымы және динамикасының толыққанды дерек қоры жоқтың қасы.
1.3 Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің таралуының және дамуының себептік-факторлық кешені
Қылмыскерлікті зерделеу кезеңі мен қылмыскерлікпен күресуді ұйымдастыру кезеңі арасында қылмыскерліктің детерминациясы мен себептілігін айқындау кезеңі міндетті түрде болады.
Қылмыскерліктің себептері жөніндегі мәселе жаңа нәрсе емес және бұл туралы қаншама халықтардың, адамзат қоғамының санасында болып келе жатыр. Бұл жөнінде талай концепциялар жасалынды, яғни оларда қылмыкерліктің пайда болуы және шығуын әр түрлі көзқарастар бойынша түсіндіреді: теология және астрология, антропология мен биология, бионика мен кибернетика, генетика мен психология ( әлеуметтік, жеке тұлғалық, жасы бойынша ) және тағы басқа салалар.
Арнайы әдебиеттерде қылмыскерліктің себептерін түсіндіру жағы негізінен екі бағытқа бөлінеді: Биологиялық және әлеуметтік. Сонымен қатар басқа ғылымдар бар.
Діни экстремистік бағыттағы қылмыстар қылмыскерліктің құрамдас бөлігі болғандықтан, енді негізінен осы қылмыс түрінің себептік негіздерін қарастырамыз. Көптеген ғалымдардың зерттеуі бойынша жалпы экстремизм түрлерінің таралуына экономикалық, этникалық, тарихи, психологиялық, әлеуметтік және саяси мән-жайлардың жиынтығы себеп болады.
Е.О. Алаухановтың криминологтардың жұмыстарына жасалған талдамасында оларда себептілікті түсінудің мына төрт тәсілі бар екендігін көрсетеді. Бірінші тәсіл « кондоционалистік », немесе « жағдай » депте атайды. Яғни, салдар үшін қажетті және жеткілікті жағдайды немесе салдар орын алған мән-жайлардың жиынтығын себеп деп ұғыну керек дейді.
Екінші тәсіл, нақты қылмыстың немесе қылмыстың жекелеген түрлерінің себептерін талдағанда, көбіне, « дәстүрлі тәсілге » кезігетінін айтады. Бұл тәсіл қылмыскерлікті әлеуметтік құбылыс ретінде талдағанда, виктимологияда қолданады.
Үшінші тәсіл – дәстүрлі-диалектикалық. Бұған сәйкес осы салдарды туындататындардың барлығы себеп болады. Мұндай тәсіл көптеген ғалымдардың жұмыстарында кездеседі. Бұл тәсілде қылмыскерліктің « тікелей » немесе « жақын » себептері ұғымы байланыстығын айтады. Сонымен қатар факторлардың себептік ықпалының реттілігі сөз болатындығын, олардың адамға қатысты сыртқы және ішкі болып бөлінетіндігін айтады. Бұл тәсілдің артықшылығы бар екендігін айтады, бірақта қылмыстық іс-қимыл ситуациясында сыртқы жағдайың да, адамның жеке сипаттамасының да бір уақытта көрініс табатындығын есепке алмайтындығын айтады.
Төртінші тәсіл – « интеракционистік » немесе өзара әрекеттестік тұрғыдан. Қылмыстық іс-қимылдар мен қылмыскерліктің себебі, ол - әлеуметтік орта мен адамның жеке басы арасындағы өзара әрекеттестік.
Л. Маевская экстремизмнің туындауының экономикалық, этникалық, тарихи, психологиялық, әлеуметтік және саяси себептерден екендігін айта келе, экстремизмнің ең басты себебі – бұл экономикалық немесе саяси билікке заңсыз таласу екендігін айтады.
С.Н. Поминов қоғамдағы діни экстремистік көзқарастардың таралуының себептері деп мыналар болып табылады дейді: саяси құрылымдардың қайта қалыптасуы; әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар; көпконфессиялы мемлекеттегі сенушілердің діни сезімдеріне, сенімдеріне және дәстүрлеріне тіл тигізіп қаралау; мемлекеттік үкімет органдарының діни қауымдастықтармен сұхбаттасудан өз-өздігінен шеттетілуі және сенуші азаматтарға қатынасының енжарлығынан; халықтың біршама бөлігінің өмірлік деңгейінің төмендеуі; оппозиция мен басқа ойларды биліктің басып тастауы; өзалдарына қойған мақсаттарын іске асыру үшін саяси партиялар мен діни топтардың басшыларының үстемдікке ұмтылуы; қоғамның қылмыстануы және басқалар.
А.Д. Дәрменов экстремистік бағыттағы қылмыстардың жалпы қылмыскерліктің құрамдас бөлігі болғандықтан, басқа қылмыстар сияқты факторларымен детерминатталатындығын және де осындай факторлардың жиынтығының спецификасы әр түрлі дәрежеде экстремизм себептерінің белсенді туындауына әсері болатындығын айтады. « Сыртқы » детерминаттық құрылым бойынша әлеуметтік-саяси жағдайдағы факторлардың елеулі ықпалы болатындығын көрсетеді. Мұндайларға мыналар қатысты болады: әлеуметтік, демографиялық және саяси факторлар ( урбанизация, көш-қон, этникалық, аумақтық, конфессионалдық және де басқа қауымдастық арасында ресурстар мен билікті тең бөлмеуден, азаматтық қоғамның дамымағаны ), мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы әлсіздігі; экономикалық кешен ( еңбекпен айналысудың жалпы деңгейі, жұмыссыздық жағдайы, халықтың әр түрлі тұрмыстық жағдайы ); идеологиялық кешен ( қазіргі идеологияның ахуалы, саяси мәдениеттің жалпы деңгейде рационалдық стереотиптерінің қалыптаспауы ). « Ішкі » факторлық кешені қарастырылып отырған қылмыскерліктің мына төмендегіше көрінеді: халықтың кейбір бөлігінің құқықтық санасының төмендігі және олардың санасының белсенді қылмыстануы, қылмыстардың рецидивтілігі мен қылмыстық кәсібиленуі, қылмыстық дәстүрлер мен стигматизация, виктимологиялық факторлар және қоғамдағы құқық бұзушылық болуының жоғары латенттігі ( жасырындығы ).
Сонымен қатар Дәрменов, бұл қылмысты негізінен экстремистік мотивациясы құрайтындықтан, ол өз-өзінің себебі және де өз дамуының « ішкі серіппесі » болады деген шешімге келеді. Жоғарыда келтірілген діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың себептік-кешендік факторларының, яғни дәстүрлі « сыртқы » және « ішкі » детерминаттарынан ғана емес, басқа да негізгі себептердің бар екендігін көрсетуге тырысамыз. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизнің таралуы мен дамуына тікелей болмаса да, мүмкіншілік туғызған мән-жайлар себептер жиынтығын құрайды:
Қазақстан Республикасы аумағындағы діни бірлестіктер мен діни сенім бостандыққа байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін ең алғаш 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған « Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер » туралы заңның кейбір баптарының дұрыс жетілмегендігі;
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті әкімшіліктердегі діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің ең алғашқы уақыттағы діни бірлестіктердің қызметін бақылаудың төмендігі;
Қазақстан Республикасына миссионерлік қызметпен келгендердің біразының арнайы тіркелуден тыс қалуы;
Арнайы тіркеуге тұрған миссионерлердің сол аралықтағы бақылауға толыққанды алынбауы;
Діни бірлестіктерді тіркеу процедурасында елеулі кемшіліктердің жіберілуі, яғни алғашқы да құқықтық, әсіресе діни сараптаманың жасалмауы, кейінгі сараптамалардың өз деңгейінде болмауы;
Тарихи негізі жоқ, діни ұйымдар мен секталар, яғни шет мемлекеттерде қандай діни ұйым екендігі беймәлім ұйымдардың тіркеліп кетуі;
Шетелге діни оқуға кеткен азаматтардың бақылаудан тыс қалуы, әсіресе олардың радикалистік оқу орындары бар мемлекеттерде оқып келуі;
Діни экстремистік ұйымдарда жасырын дәріс бергендер осындай оқу орнын бітіріп келгендер;
Харизматикалық жеке тұлғалардың негізсіз радикалистік көзқарасымен құрылған діни ұйымдардың тіркеліп кетуі;
Қоғамға, әсіресе отбасылық тыныштығын, шырқын бұзатын кейбір діни секта мен миссионерлердің заңсыз іс-әрекеттері және осындай жанұялардағы келеңсіз жағдайлардың реттелмеуі;
« Хизбут-тахрир » сияқты астыртын құрылған діни экстремистік ұйымдардың құқық қорғау органдары назарынан алғашқы жылдарда тыс қалып, жіті бақылау етілмеуі;
Кейбір азаматтардың шетелдерде діни экстремистік ұйымдарда оқытылып жатқандығынан арнаулы қызметтің бақылау жүргізбегендігі;
Кейбір тіркелмеген секта басшыларының психикалық ауытқуының болғандығы, сондықтан тіркелуге тиісті діни бірлестік басшыларының психиатрлық сараптаудан өткізілмеуі;
Аталмыш заңдағы діни бірлестіктер, жергілікті діни бірлестіктер, миссионерлер және қолданыстағы конфессия, секта делінген ұғымдарға дұрыс ғылыми анықтамалардың болмауы;
Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әлемдік тенденциялық әсері бар интернет жүйесінде халықтардың ұлттық, нәсілдік, әсіресе діни сезімдеріне қарсы материалдардың жариялануы;
Қазақстандық патриотизмге ашық немесе жасырын қарсы ұстанымы бар, әскерге бармауға үгіттейтін, әсіресе теріс аморалдық тәрбие беретін, психикалық қысымшылық көрсететін, гипноздық әрекеттерді жасайтын, денсаулыққа қажетті дәрігерлік көмектерді беруден бас тартуға үгіттейтін діни ұйымдардың заңсыз әрекеттердің алдын алмауы;
Қазақстан Республикасына көрші мемлекеттерден діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасаған адамдардың қашып келіп тығылып, олардың дер кезінде ұсталмауы, әрі олардың жергілікті азаматтарға діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізілуіне мүмкіншіліктің болуы;
Терроризм, сепаратизм, экстремизмнің жалпы түрлеріне және сонымен қатар діни экстремизмге қарсы күрес аясында ынтымақтастық іс-қимыл барысында мәлімет алмасудағы кемшіліктер;
Жалпы ғылым саласында діни экстремизм туралы ғылыми негізделген теориялар мен концепциялардың жасалмауы;
Діни экстремизм туралы тек шамалы саясат ғылымы тұрғысынан талданып зерттелуі, ал құқық немесе криминология ғылымдарының аспектілері бойынша жоқ болуы;
Діни экстремизммен тікелей күресуге міндетті ішкі істер органдарында арнайы қызмет органның алғашқы уақытта құрылмауы;
Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі қызметкерлерінің діни экстремистік бағыттағы қылмыстарға қарсы кәсіби дайындықтарының болмауы;
Жоғары, орта арнаулы, кәсіптік пен орта мектептерде діни экстремизм туралы лекциялар мен түсіндірме жұмыстарының нашар жасалуы;
Қоғамдық және діни ұйымдардың діни экстремизм туралы түсіндірме жұмыстарының кешенді жасалмауы;
Діни экстремизмге қарсы пәрменді күресу аясында құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп заңды әрекеттерді жасау үшін кешенді бағдарламасының болмауы;
Діни экстремизм туралы анықтамалық немесе түсіндірмелік кітапшалардың тиянақты жасалмауы;
БАҚ-да діни экстремистік әрекеттер жөнінде хабарлама болғанымен, халыққа түсінікті мақалалардың болмауы;
Жастармен жұмыс жасау саласы бойынша, әсіресе дінге бет бұрған жастар арасында құқық қорғау органдары мен діни ұйымдары қызметкерлерінің алдын-алу жұмыстарының төмендігі;
Діни экстремистік ұйымдарды тану туралы соттардың үкімдерінің 2005 жылға дейін болмауы;
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде діни экстремизм алдын-алу жөніндегі шараларды өз деңгейінен аз қолданылуы.
Қазақстан Республикасында діни экстремизмнің таралуы мен дамуына ең негізгі себептеріне, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді пайдаланған діни экстремистік ұйымдардың, діни экстремистік идеологияларының негізі бойынша « ашық » және « жасырын » детерминаттарынан болған. Діни экстремистік ұйымдардың « ашық » детерминаты, осы ұйымдардың немесе басшыларының діни экстремистік көзқарастары бойынша жазылған әдебиеттер мен кітапшалар, үнпарақшалар, аудио, видеотаспалар, касетталар және басқа құралдармен жасалынған нәрселер. Діни экстремистік ұйымдардың « жасырын » детерминаты сырт көзге заңға қарсы шықпайтын сияқты болып көрінетін, алайда ұйым мүшелерінің санасында діни экстремистік сананың қалыптасып, сақталуының нәтижесінде кез келген уақытта жарылып, әрекетке ұласуы.
Қазақстан Республикасында діни экстремизнің таралуы мен дамуының себеп-фактролық кешені туралы қысқаша тұжырымдамам мына мазмұнда жазылды: « Қазақстан Республикасында діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себеп-факторлық кешені тек дәстүрлі « сыртқы » мен « ішкі » детерминаттарынан ғана емес, ең негізгі ықпал ететін діни экстремистік идеологияның « ашық » немесе « жасырын » детерминаттары болып табылады ». Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жоғары латенттігінің ( жасырындығы ) себептерін А.Д. Дәрменов былайша саралайды:
түсініктік аппараттың жеткілікті қалыптаспауы;
экстремистік бағыттағы материалдарды тасу, дайындау, тарату сияқты жағдайларды қоғамға қауіпті құбылыс емес қой делінген пікірде қоғамдық пікірдің болуы;
осы қылмыстарды анықтау мен тергеудегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығы деңгейінің жетілмегендігі;
қылмыстық іс-әрекеттің жоғары заңдалмаған сипаты және анық салдардың жоқ болуы;
күрделі криминогенді жағдайларға ( өлтіру, бандитизм, т.б ) негізделген экстремистік қылмыстарды анықтаудағы құқық қорғау органдарының мақсаттық бағдарының жоқтығы, сөйтіп ол қылмыстар екінші дәрежелі іс ретінде қарастырылып, қажетті назар аударылмайды.
Яғни бұндай жағдайлар шындығында діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың көз көрінбеушілігі, жасырындығы назардан тыс қалады да, жалпы осы қылмыстардың таралуы мен даму деңгейін шынайы анықтаудың мүмкіншілігі болмауына апарып соғады. Көбінесе 164, 170 және 337 баптар бойынша қылмыстық істер қозғалады да, ал қалған 96, 103, 104 және басқа баптар бойынша діни өшпенділік, жеккөрушілік мен дінге қатысты сияқты қылмыстардың анықталып, қылмыстық қозғаулардың өте аз болуы діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жасырын болуы күшейе беруі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |