1.4 Діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы тұлғаның криминологиялық сипаттамасы және оның типологиясы
Осы бағыттағы қылмыс жасаушы тұлғаның криминологиялық сипаттамасы мен оның типологиясын жасау үшін әуелі әлеуметтік-демографиялық, психологиялық және қылмыстық-құқықтық сипаттамасын саралауға тура келеді. Г.Г. Исмуханованың зерттеуі бойынша Қазақстан Республикасы халықтарының этникалық құрамы 118 этностар тұрады. 1999 жылғы жасалған халық санағы бойынша жалпы халықтың мемлекет аумағында қазақтар 53,2%, орыстар 30%, 16,8% қалған этностар құраған. Қазіргі уақытта ұлттар мен этностар арасында татулықты сақтауға бағытталған мемлекет саясатының дұрыс жолға қойылып келеді.
А.Д. Дәрменовтың зерттеуі бойынша экстремистік бағыттағы жасалған қылмыстарды жасаушы тұлғалардың көпшілігін ер адамдар құрағанын айтады. Ер адамдар мен әйелдер бұл жөніндегі қарым-қатынасында 89% ер адамдар құраса, 11% әйелдер құраған. Жалпықылмыстық қылмыстар жасаудағы әйелдердің меншікті салмағы келтірілген көрсеткіштерден 3 еседен артық. Осы орайда әйелдер жасайтын экстремистік бағыттағы қылмыс деңгейінің өсуі орын алып отыр.
Дәрменовтың зерттеген жұмысы бойынша, экстремистік бағыттағы қылмыс жасап сотталғандардың үштен бір бөлігі ( 35,4% ) 25 – 29 жас аралағындағылар, 18 – 24 жас аралығындағылардың да көрсеткіші шамамен осылай ( 34,5% ). Осы қылмысты жасаушылар ішкі дүниетанымы тұрақталмаған, қалыптаспаған немесе ол үшін экстремизмнің немесе ұлтшылдықтың, шовинизмнің пайда болуы оның санасының ішкі ыңғайлығын қамтамасыз ететін қажеттілік б.т.
Бұл зерттеушінің отбасылық қылмыскер тұлғасының қалыптасуындағы зерттеудің жүргізілуі жаңашылдықтан ерекшеленетін қосымша тұжырымдама жасауға мүмкіндік берген. Ереже бойынша қылмыскер отбасының не білім деңгейінің төмендігі немесе діни ағым белгілеген іс-әрекеттің қатаң ережелері мен нормаларын бойына сіңірген. Біржағынан бұл отбасы ата-анасы жоғары білімділер ( ереже бойынша бұл жоғары гуманитарлық білім ) ол отбасы фундаменталды, радикалды идеологтардың экстремистік көзқарасына ортақтасады, осының нәтижесінде жеткіншек әр түрлі ағымдардың тарихымен, саясатымен еш кедергісіз танысады. Сының салдарынан ол экстремистік топтағы діни ағымның идеологы болып шыға келетіндігін айтады. Сонымен қатар мына тұжырымға келеді: 2001 – 2005 жылдары арасында сауатсыздары жоқ болған, толық емес орта білімді тұлғалар 32% , орта білімділер – 28% , аяқталмаған жоғары білімді тұлғалар – 32% , орта білімділер – 28% , аяқталмаған жоғары білімділері – 30% , жоғары білімділері – 10% құраған.
А.Д. Дәрменовтың зерттеуі көрсеткендей, ниеттемеге байланысты қылмыстық әрекеттерді келесі типтерге бөлуге болады:
- импульстік әрекеттер. Бұл жағдайларда күштеушілік эмоциялық ұстамсыздыққа байланысты ахуалға тікелей әсерді көрсетеді;
- діни жеккөрушілік, дұшпандық, қылмыстық мінез-құлықтың орталық итермелеуші күші және негізгі мақсаты. Бұл кезде күштеулік арқылы базалық, ішкі агрессиялық тұлға орнатылуы жүзеге асырылады, ол ахуалға тәуелді емес;
- қоғамдық-қауіпті салдарды күрт жоғарлататын топтық ниеттеменің нәтижесі ретінде экстремистік бағыттағы әрекеттерді жасау.
Экстремистік бағыттағы қылмыс жасаған тұлғаның аталған типтері таза күйінде көрінбей, белгілі бір үйлесімде көрініс береді. Өйткені қылмыскерлердің жеке, әлеуметтік психологиялық ерекшеліктерін аталған типтердің бірінің шеңберінде ғана бейнелеуге болмайды.
« Адам » ұғымына оның бойындағы екі жақтың: әлеуметтік және биологиялық жақтардың ажырамас бірлігі кіреді. « Жеке бас » ұғымы оған тән әлеуметтік белгілерді ғана білдіреді. « Қылмыскердің жеке басы » ұғымынпайдаланғанда қылмыс жасаған адамның « әлеуметтік кейіп » ғана ескеріледі. Қылмыскердің жеке басындағы биологиялық және әлеуметтік жақтардың арақатынасы туралы айтыс тікелей нақты іс-тәжірбиеге алып келеді. Биологиялық факторға басымдық беретін авторлар қылмыскерді зерделегенде психиатрдың немесе психологтың маңыздылығын, ал әлеуметтік фактор шешуші деп есептейтін іс-қимылды түзеудің әлеуметтік бағдарламалары жайында жазады. Қылмыскерлердің жеке басын криминологтер екі аспектіде бір уақытта зерделейді: бір жағынан әлеуметтік байланыстар мен әсерлердің обьектісі ретінде, екінші жағынан – мақсатты бағыты бар, өзгертетін белсенді әрекетке қабілетті субьект ретінде. Мынандай жеке бастық сипаттамалар криминологиялық зерделеу заттары болып табылады: 1) « обьективтік » немесе әлеуметтік позициялар мен рөлдер; жеке бастың әрекеті; 2) « субьективтік » мұқтаждық-сылтаулық өріс; сананың құндылық-нормативті сипаттамасы.
Әрбір әлеуметтік ұстанымға субьектілердің үш тобы жарыса жасаған рөлдер сценарийі сәйкес келеді: 1) мемлекет жасаған және ресми міндеттеулшер ( заңдар, заңға тәуелді актілер ) жүйесінде көрініс тапқан; 2) қоғам жасаған және көпшілік қабылдаған және қоғамдық пікір қолдаған іс-қимыл нормалары: моральдық, эстетикалық, діни және басқа нормалар нысанында; 3) биресми құрылымдар ( отбасы, бірге демалатын топтар, әріптестер тобы ) жасаған және тосылатын іс-қимылдың жазылмаған ережесі, оның әлеуметтік нысанында. Субьектілердің соңғы тобына өз іс-қимыл нормаларымен және әлеуметтік тосу нысанымен қылмыстық құрамалар да кіреді.
« Адамның жеке басының сылтаулық өрісі » дегеніміз « оның өмір бойы қалыптасып дамыған сылтауларының жиынтығы ». Кейбір авторлар сылтаулар мен мақсаттардың жиынтығы туралы айтуға болады дейді.
Ал енді діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы тұлғаның қылмыстық ниеті мен мақсатын, сылтауы, ойлауы, іс-қимылы және басқа да жақтарын криминологиялық сипаттамасын талдауға кірісеміз.
Дін жолында, әрі өнегелі жолда жүрген адам неге қылмыс жасайды? Оған қылмыс жасауға не нәрсе итермелейді?
Әлбетте шынайы діннің негізін жақсы білген адам ешқандай жаманшылыққа бармайды. Яғни қылмыс жасамақ түгіл, күнә жасамауы қажет. Әрине бұл кемел адамның белгісі болып табылады.
О.Ф. Лобазова адамдардың діни санасы екі деңгейге бөлінетіндігін айтады: 1) Кәдуілгі діни сана; 2) концептуалды ( тұжырымды ).
Кәдуілгі діни сана деңгейі эмоциялық сәтті қабылдаумен сипатталады. Кәдуілгі діни санада діни сенімдер тегеуірінді (дәстүрлі ) және динамикалық ( қөңіл-күй ) күштің нәтижесінде жинақталады және дамиды.
Концептуалдық діни сана деңгейі болса, Құдай, табиғат және басқа нәрселер жөнінде діни көсемдермен толықтырылады.
Ислами діни әдебиеттерде адамдардың үш түрлі сенім типтерінде болатындығын көрсетеді. 1) Хақиқи; 2) истдидлал; 3) тақлиди.
Хақиқи ( ақиқи ) – шынайы діни сенімі таза жүрекпен болатындығын, Жаратушысын ақыл-санасымен танитын, діни санасы мығым орныққан, әрі жоғары деңгейде көрінетін, ақиқат сенімі болатын адамдардың діни сенімі және діни санасы ( Пайғамбарлар, діни ғұламалар, әулиелер және т.б ).
Истидлал ( дәлелді ) – діни сенімге адамдардың өзінің ақыл-санасымен, қоршаған табиғаттағы жаратылыстардың бір жүйелігіне қарап, әрі өздерінің ғылыми немесе шығармашылық еңбектерінің нәтижесінде келуі.
Тақлиди ( кәдуілгі немесе әуесқой ) – ата-бабасы ұстанған діни сенім жолымен, яғни асылында діни қағидаларды терең біле бермейтін, тек тұрмыстық деңгейде ғана діни санасы қалыптасқан адамдар.
Діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы адамдардың көпшілігінің кәдуілгі діни санасы қалыптасқан деуге болады. Яғни діни сананың қалыптасуына діни білімнің маңызы зор. Ал діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушылардың көпшілігінің діни білімі төмен болып келеді. Алайда діни білімі жоғары адамдар діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасамайды деуден аулақпыз. Діни сауаты шамалы болса да, ұйымдастырғыш, әрі адамдарды соңынан ерте алатын адамдар болады.
Діни экстремистік бағытта қылмыс жасаушы тұлға болып қалыптасуына діни экстремистік ұйымның басшыларының немесе идеологтарының идеологиялық үгіт-насихаты, әрі осы идеяларды өзіндік санасымен қабылдауы әсер етеді. Осының нәтижесінде оның санасында « менің жасайтын іс-әрекетім » діни қағидалармен негізделген делінген түсінік қалыптасады. Қалған адамдардың сенімі, дүниетанымы еш қызықтырмайды. Сонымен қатар осындай тұлғаның санасында « менің іс-әрекетімде ешқандай күнә болмайды, мен дұрыс жасап жатырмын, өйткені Құдайдың қалауын, әрі бұйрығын орындап жатырмын, сондықтан бұл ешқандай қылмыс болмайды » делінген ұғым қалыптасады.
Жоғарыда аталған « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымының құрамындағы діни экстремистік бағытта қылмыс жасаушы тұлғаның діни санасына әсер ететін негізсіз идеологиялық « қағидалар » бар. Ислам дінінің негізіне және қолданыстағы заңдарға қайшы келетін діни экстремистік идеологиялық қағидалары мыналар болып табылады:
Халифат құру; « Кімде-кім өмірінде халифат құруға атсалыспаса, надан, мүшрик ( Аллаһ Тағалаға серік қосушы ) болып өледі » деп үрейлендіру; ҚР конституциясы 5 бабы, осы баптың 4 тармағы, « Діни Қоғамдық бірлестіктер » туралы заңының 5 бабы, « Саяси партиялар » туралы заңының 5 бабы, « Экстремизмге қарсы іс-қимыл » туралы заңының 3 бабы, ҚР Қылмыстық кодекстің 164, 170, 337 баптары және басқа да баптары бойынша бұл ұйымның мақсаттары мен заңсыз іс-әрекеттері айыпталады.
Шариғат емес мемлекетте үгіт-насихат ( жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю ) парыз емес деп есептейді. Тек Халифаттық мемлекет құрылғаннан кейін парыз болады деулері; Бұл Құран аяттарына ( 3:104, 7:199 ) қарама қайшы, яғни пікір айтып күпірлік жасау.
« Пайғамбарлар пайғамбар болғанша күнәға батып, шатасқан » деп негізсіз айтуы; яғни бұл жерде « пайғамбарларда күнә жасаған » деп өздерінің күнәсін, қылмысын бүркемелеуге, әрі ақталу үшін негіз етіп алуы. Негізгі сылтауларының бірі болып табылады. Бұл жерде де Құран мен Пайғамбар хадистерін мойындамайтындықтары көрініп тұр. Дінді тек бүркемелеу үшін қолданады.
Қияметте ( ақыр заманда ) Мұхамммед Пайғамбардың шапағатын мойындамаулары; Бұл да өздерінше Пайғамбарды жай әшейін адам есептеулері және шапағат жайлы айтылған хадистерді мойындамайды. Бұл да Құран аяттарына ( 2:155, 21:28 ) қарама қайшы болып табылады.
Құранда және хадистердегі баяндалған қабыр азабы мен қабырдегі сұрақ-жауап болатындығына сенбеулері; Біз жасаған қылмысымызға қабыр азабын көрмейміз деп нық сенімде болуы. Бұнда да Құран аяттарына ( 20:124, 6:98 ) қарама қайшы күнә іс.
Қияметте кәпірлер ( Құдайға сенбеушілер ) азаптарын көріп болғаннан кейін мұсылмандар ( Құдайға сенушілер ) сияқты тозақтан шығарылып, жұмаққа кіреді деп есептеулері; Яғни не істесең істей бер, кәпір немесе қылмыскер болсаң да түбі жақсылыққа жетіп, жұмаққа кіресің деген сенімде болу. Бұл Құран негізіне ( 2:81, 98:6 ) қарама-қайшы күнә іс.
Порнографиялық, ұятсыз суреттер мен бейне фильмдер қарауға рұқсат беруі; Бұл жерде де Құран аяттарына ( 17:32, 24:30 ) қайшы күнә болып табылады. Бұндай арсыз нәрселерге өз беттерінше рұқсат деу себептері осындай жолда жүргендерді өздерінің қатарына қосудың бір амалы болып табылады.
Шағын дүкендер ашып, онда доңыз еті мен арақ-шарап сатуды және шұжық құрамында доңыздың еті бір пайыздан аспаса, жей беруді жөн көру; Яғни бұл жерде де Құран аяттары ( 2:173, 5:90-91 ) мен Пайғамбар хадистеріне қарсы шығу үлкен күнә болып табылады. Бір жағынан арақ ішетін, шошқа етін жейтін мұсылман болсын, басқа болсын ұйым қатарына қосудың немесе осындай дүкен иелері мен дүкен қызметкерлердің, тіпті көпшіліктің қолдауы бола ма деген дәмеленген қитұрқы ниеттері мен әрекеттері.
Міне « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымның осындай Құран аяттарына және Пайғамбар хадистеріне қайшы келетін күнәлі болып табылатын сенімдері мен іс-әрекеттері бар. Сонымен қатар « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымдағы діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы тұлғаға санасына әсер етуші нәрсе мына идеяда болып табылады. « Хизбут-тахрир » діни экстремистік ұйымның негізін салушы Тақиюддин ән-Набаханий өзінің « Шахсиятул Исламия » ( Ислам тұлғасы ) атты кітабында: « Пенденің істеген іс-әрекеті Аллаһтың жазған әрекетіне жатпайды », - деген сөзі хизбутшылардың тағдырға сенбейтіндіктеріне дәлел. Бұл ұстаным Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін пайда болған Мұғтазила мен Қадария делінген Ислам негіздерінен ауытқыған діни экстремистік ағымдарда болады. Бұл да Құран аяттары ( 25:2, 37:96, 54:49 ) мен хадистерге қарама қайшы күнә болып табылады. Діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы ( « Хизбут-тахрир » ұйымның мүшесі ) осындай негізсіз діни экстремистік бағыттағы идеологиялық ең шеткі көзқарастары мен мақсаттары арқылы, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасай отырып, өздерінің негізсіз Құран аяттарын бұрмалап, әрі оның аяттарына қарсы шығады, сонымен қатар Пайғамбар хадистерін мойындамайды. Әрине діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы тұлға болып, тек бұл ұйымның мүшелері ғана есептелінбейді. Қазіргі Қазақстан Республикасында көптеген діни экстремистік ұйымдар мен секталар кездеседі. Әуелі құқықтық, діни сараптама жасау негізінде, тиісті қылмыстық дәлелді материалдар мен сарапшылардың қорытындысы бойынша « Діни экстремистік ұйым немесе секта » деп үкім беру соттардың еншісінде болып табылады. Қазіргі уақытта діни экстремистік бағыттағы әрекет еткендерді, яғни жеке қылмыскер тұлғаларды былайша саралап бөлуге болады:
Діни, саяси және басқа негіздер бойынша мемлекет, қоғам және азаматтарға қарсы қауіпті іс-әрекет жасаушы тұлғалар;
Мемлекеттің ұлттық заңдарды, мемлекеттік нышандар мен рәміздерді мойындамайтын, патриоттық мұраттарды қолдамайтын, халықтың денсаулығына қажетті шараларды қолдануда әрекетсіздік ететін және басқа да іс-әрекеттерді жасаушы тұлғалар;
Тарихи қалыптасқан қоғамның шариғатқа негізделген ұлттық салт-дәстүріне, діни сенімдеріне қарсы әрекет етуші тұлғалар;
Дін негіздеріне сәйкес келмейтін, өз бетінше діни ұйым немесе секта құрған, қылмыс жасаушы харизматикалық жеке тұлғалар;
Басқа мемлекетте туылып өскен, әрі басқа орта да тәрбиеленген, жергілікті жерге барлық тұрғыдан қалыптаса қоймаған, шетелден миссионер болып келген, шетелдің азаматы болған, қылмыс жасаушы тұлғалар.
ІІ – тарау Қазақстан Республикасындағы діни экстремизммен күресудің криминологиялық және құқықтық аспектілері
2.1 Діни экстремизмді ескерту, алдын-алу және оның жолын кесудегі құқық қорғау органдары әрекетінің тиімділігі.
Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизммен күресудің маңызы міндетті және қажетті болып табылады. Себебі Қазақстан Республикасы жерінде 118 ұлттар мен этностар тұрады. Сонымен қатар 47 конфессияға қарасты 4000 астам тіркелген діни бірлестіктер өз қызметтерін жүргізуде. Ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау – мемлекеттің ең басты міндеті. Қоғам болғандықтан әр түрлі қылмыстар болуы мүмкін. Тағы да мемлекеттің өте қажетті міндеттерінің бірі – мемлекет аумағында тұрып жатқан мелекеттің, қоғамның және барлық азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде терроризм, сепаратизм, жалпы экстремизм түрлерімен, оның ішінде діни экстремизммен Халықаралық заңдарға сәйкес, Халықаралық ұйымдар шеңберінде күресіп келеді.
Қазақстан Республикасы Халықаралық заңдарға сай, Терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы ( Шанхай, 2001ж. 15 маусым ) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы 2002ж. 18 сәуірдегі № 316 – ІІ Заңы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы Шарт ( Ташкент қ., 2000 ж. 21 сәуір ) негізінде қабылданған Қазакстан Республикасы 2000 ж. 09 қараша № 97 – ІІ Заңы, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Келісім ( Пекин қ., 2002ж. 23 желтоқсан ) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 ж. 2 маусымдағы № 1098 Жарлығы және де басқа Халықаралық заңдар сәйкес нормативтік актілері мен Қазақстан Республикасының « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » Заңы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі мен басқа нормативтік құқықтық актілер негізінде діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы заңды күрес жүріп жатыр.
Жалпы ғылыми әдебиеттерде қылмыскерлікпен күрес туралы теориялар мен ғылыми ұсыныстар, концепциялар мен тұжырымдар жасалып келеді.
Қылмыскерлікпен күрес дегеніміз жүйелік-құрылымдық қызмет, ол үш жүйенің жиынтығынан турады: 1) күресті жалпы ұйымдастыру; 2) қылмыскерліктен сақтандыру; 3) құқық қорғау қызметі.
« Күрес » - дегеніміз бір-біріне үстемдік етуді мақсат тұтқан қарама қарсы мүдделердің, топтардың, пікірлердің белсенді қақтығысы. Бұл - әр уақытта қандай да бір мақсатты көздейтін қызмет.
Заң қорғайтындармен бітіспес қайшылықта болатын мүдделер, құндылықтар, мақсаттар қылмыскерліктен өз көрінісін табады. Мұндай жағдайдағы мақсат – бәрінен бұрын қылмыскерліктің детерминация және себептілік процесіне, оның өзіне ықпал ете отырып қылмыстық заңның жаппай бұзылуына жол бермеу, ал бұзыла қалған жағдайда – айыптылардың қылмыстық іс-қимылдан бас тартуына қол жеткізу және қылмыскерлікті тыю үшін айыпкерлерге мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану. Мемлекет те, қоғам да ешқандай ымыраға жол бермейді. Сонымен, қылмыскерлікпен күрес дегеніміз – қоғамның қылмыскерлікпен қақтығысы.
Қылмыскерлікпен күрестегі басты мақсат – оның алдын алу, адамды қылмыс жасаудан сақтандыру, ал егер оның қылмыстық әрекеті айқындалса – ондай әрекеттің сылтауы мен себептерін білу, оған қолданылатын қылмыстық жазаны басқа шарамен алмастыру мүмкіндігін қарастыру, қажетті әлеуметтік көмек көрсету.
Қылмыкерлікпен күресті жалпы ұйымдастыруға мыналар жатады: 1. Ақпараттық-талдау қызметі. 2. Криминологиялық болжаулау. 3. Қылмыскерлікпен күрес стратегиясын анықтау. 4. Қылмыскерлікпен күреске бағдарлама жасау. 5. Қылмыскерлікпен күрес саласында заң шығарушылық. 6. Қылмыскерлікпен күрес бағдарламасын жүзеге асыру, оған түзету енгізу және қылмыскерлікпен күрес жөніндегі қызметті үйлестіру. 7. Қылмыскерлікпен күресті ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру және дамыту.
Қылмыскерлікпен күрес саласындағы құқық қорғау қызметі дегеніміз, бұл – мемлекет арнайы өкілеттік берген субьектілердің қылмыс жасаған адамдарға, осындай шараларды қолданудың заңда белгіленген тәртібін сақтай отырып, заңда көзделген шараларды қабылдау жолымен жүзеге асыратын қызметі.
Құқық қорғау қызметінің екі жағы бар: 1) жазалаушы – қылмысты айқындау, тойтару, ашу, қылмыс жасаған адамға қылмыстық шара қолданып оны жазалау немесе заң негізінде оны алмастыратын шара қолдану; 2) құқықты қалпына келтіруші – қылмыс нәтижесінде бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қалпына келтіру, зиянды өтеу жөніндегі қызмет.
Құқық қорғау органдары құқық қорғау қызметінің субьектісі болып табылады. Дәстүр бойынша оған тек мемлекеттік органдар: прокуратура, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік комитеті, кеден, салық полициясы органдары, соттар ( бұл біршама даулы ) және бірқатар басқа органдар жатқызылған.
« Құқық қорғау қызметі » мен « құқық қорғау органдарының қызметі » ұғымдарын шатастыруға болмайды, себебі соңғының мазмұны кең: құқықтық
қорғау органдарына қылмыскерліктің алдын алудан, онымен күресті жалпы ұйымдастырудан туындайтын функциялар да жүктеледі.
Қазақстан Республикасы аумағында құқық қорғау органдары діни экстремизмен күресу үшін әуелі Конституцияға, « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » заңына, ҚР қылмыстық кодексіне және де өзге де нормативтік құқықтық актілерге сүйенеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекіткен Қаулысымен қылмыскерлікпен күресу бағдарламасы әр екі жылға жасалынады. Әлемдегі, Орта Азия мен Ресей мемлекеттеріндегі тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдайлар туындады. Халықаралық қылмыстық ұйымдардың тарапынан террористік және діни экстремистік іс-әрекеттер қаупі күшейді. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы 1999 – 2005 жылдар аралығына арналып жасалды. Қазақстан Республикасында діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды ақпараттық-талдау қызметі әлі толық қамтылмаған. Яғни бұл қылмыс түрінің тіркеуде латенттік жағдай бар. Криминологтардың бұл қылмыстың заңдылықтарын, оның детерминациясын, себептілігін білуге және онымен күрестің әр түрлі шараларына ұсыныстар мен тұжырымдар жасауға бағытталған ұжымдық болжаулары өте аз. Діни экстремизммен күрес стратегиясы, оның тактикасы жетілдірілмеген. Діни экстремистік бағыттағы қылмыстарпен күресу бағдарламасы ешқандай толық іске асып жатқан жоқ. Діни экстремистік бағыттағы қылмысқа қарсы күрес саласындағы заң шығарушылық шаралары толық жетілмеген. Діни экстремизммен күрес жолында ғылыми зерттеу мен зерделеу жұмыстары жетілмеген, әрі оның дамуы мардымсыз.
Ақпараттық-талдау қызметінде діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың латенттігінің жоғары болуымен қатар, құқық қорғау органдары арасындағы аталған қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимыл жұмыстарын үйлестіруді ұйымдастыру жағы төмендеу, тек жалпылама ғана нұсқау бар. Осы бағыттағы күресуге тікелей міндетті органдармен, тиісті бөлімшелердің арасындағы координациялық ортақ кеңесі жоқ. Діни экстремистік бағыттағы ұйымдардың немесе осындай ұйымдар болуы мүмкін ұйымдардың қаржыландыру жүйесінің механизмі, тетіктері немесе жолдары туралы тиісті органдардың ақпараттық-талдау қызметі түсініксіз. Кеден қызметінде діни экстремистік бағыттағы материалдарды тәркілеу жұмыстары жайлы ақпараттық-талдау қызметі, ондай материалдарды сараптау жұмыстарының барысы туралы тіпті жоқтың қасы. Криминологтардың, оның ішінде отбасылық криминология ( криминофамилистика ), теологиялық криминология ( криминотеология ), түрмелік криминология ( криминопенология ), саяси криминология ( политическая криминология ) және басқа салалары бойынша кешенді ғылыми болжаулаулары өте аз. Себебі криминологияның бұл салалары діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалын, барысын және де барлық жағдайларын анықтауға, зерделеуге, болжауға, әрі дұрыс болжаулау бағытын алуға мүмкіншілік туғызады. Жалпы қылмыскерлікті ескерту, алдын-алу және оның жолын кесу сияқты заңға сәйкес жолдары бар. Қылмыскерліктің алдын алуда мынандай кезеңдер бар: 1) ертерек алдын алу; 2) тікелей алдын алу; 3) қылмыскерліктің өзінше детерминациясының алдын алу.
А.Д. Дәрменов экстремизмнің алдын алу үшін, оған қарсы күресуші субьектілерді екі топқа бөледі: 1) мемлекеттік институттар ( заң шығарушы, атқарушы, сот жүйесі ); 2) саяси партиялар, қоғамдық және діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары, сонымен қатар экстремизмді ескертуге, алдын алуға мүмкіншілігі бар тұлғалар.
Діни экстремизммен күресуде ең басты тізгінді әлбетте – құқық қорғау органдары алады. Себебі арнайы қызмет органдары ( ІІМ терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күресу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімшесі ) бар. Әрі материалдық-техникалық, қажылық, кадрлік әлеуеті бар болғандықтан негізгі күш осы органдарға түседі.
Ішкі істер Министрлігінің Терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес комитеті басшылығымен, барлық ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелері діни экстремизмге қарсы пәрменді жүргізуі тиіс. А.Д. Дәрменов, С.Н. Поминов және көптеген ғалымдар осындай пікірді ұстанады.
А.Д. Дәрменов бұл жөніндегі ұсынғандағы сүйенетіні, біріншіден, бұл органдар арнайы заңды қаруланған құрылым, екіншіден, оларда оперативті-іздестіру әрекетін жүргізе алатын, яғни арнайы құзыреті бар. Үшіншіден, бұл арнайы құрылымдар ( ІІМ және ҚР ҰҚК ) экстремистік ұйымдардың әрекеттерінің жолын кесуге нақты шаралар қолдануға мүмкіншіліктері бар. Төртіншіден, жоғарыда айтылғандай барлық материалдық-техникалық, қаржылық, кадрлік әлеуеті бар огандар болып табылады.
Діни экстремизмге қарсы күрес аясындағы негізгі ұстанымдар мыналар болып табылады:
заңдылық – қарсы күрес шараларын қолданғанда Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен келісімдерді және өзге де ұлттық заңнама мен нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң түрде сақтау;
кешенділік – діни экстремизм құбылыстарына қарсы күресте ескерту, алдын алу жұмыстарында негізгі күресуші субьектілердің бірігіп күресуіне күш салу;
тиімділік – діни экстремизмге қарсы күресте неғұрлым материалдық, қаржылық, ресурстық шығындарды азайту нәтижелеріне жету;
оперативтілік – адекваттық криминологиялық жағдайларға ескерту шараларының қолданылуы.
Діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы күрес аясындағы жалпы негізгі бағыттары мыналар болып табылады:
қоғамдағы криминогендік процесстердегі туындаған діни экстремизмге қарсы күресу, экстремистік бағыттағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы;
экстремистік бағыттағы құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және саралау, әрі оларды жоюдың шаралары;
діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға оқталу және дайындалу фактілерін айқындау, әрі жолын кесу, сонымен қатар қылмыс жасаушы тұлғаларға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарымен шара қолдану;
экстремистік бағыттағы қылмыстың белгілері болмаса да, бірақта профилактикалық шараларды қолдануға негіз болатын тұлғаларды айқындау;
діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес жұмыстарына қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдарды тарту.
Бұл жерде діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы күрес аясындағы негізгі ұстанымдар мен бағыттар айқындалды. Енді құқық қорғау органдары ішіндегі діни экстремизммен тікелей күресуші субьекті – ішкі істер оргнадары болып табылады. Діни экстремизмнің криминалдық құбылыстарын анықтау қарсаңында ішкі істер органдары қызметкерлері мына төмендегі заңды әрекеттерді қолданады:
өздерінің қызмет ететін аумақта жағдайды қиындатуы мүмкін ақпараттарды жинақтау, жүйелеу және саралау;
жалпы алынған мәліметтердің ішінен діни экстремистік белсенділікке күш беретінін бөлектеп алып, әрі шұғыл түрде өзге де антиэкстремистік әрекетіндегі субьектілермен ақпарат алмасу;
діни экстремизммен күресу бағыты кезінде, алғашқы алынған ақпараттарды тексеру, әрі айқындап алу және басқарушылық шешім варианттарын жасап алу қажет;
діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясында ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастыруда пайдалынатын күш пен құралдарды алдын ала дайындау, бірлескен шараларды жоспарлау, әрі бақару шешімдерін қабылдау мен дайындау;
діни экстремизмге қарсы күрес аясында ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшелерінің функциялары мен шешетін мәселелерін бекіту.
Діни экстремизм құбылыстарын болдырмау мақсатында ішкі істер органдары қызметкерлері мына жағдайларды анықтауы тиіс:
діни экстремистік ұйымдардың көшбасшылары мен мүшелерін, сонымен қатар, экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға бейім тұлғаларды анықтау;
қылмыстық әрекетпен анықталған тұлғаны құжаттарындыруда оперативтік-іздестіру шараларын жүргізу;
діни экстремистік әрекеттерге қатысқан тұлғаларға байланысты жекелеген профилактикалық шараларды пайдалану.
Діни экстремистік ұйымдардың мүшелері тарапынан нақты құқыққа қарсы әрекеттерді жібермеу үшін кешенді шаралардың өткізілуі тиіс.
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясында ішкі істер органдары қызметінің құқықтық қамтамасыз етілуі тиіс. Яғни заңға қайшы діни экстремистік әрекеттерді ескерту, алдын алу, болдыртпау, жолын кесу және профилактика аясында ішкі істер органдары мен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде және де ведомствалық нормативті актілерде, бұл органдардың қызметінің принциптері туралы айқын көрінуі қажет.
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясында ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттары мыналар болып табылады:
экстремистік сипаттағы қылмыстарды ескерту, анықтау, жолын кесу және тергеу, сонымен бірге олардың салдарын азайту;
діни экстремистік құбылыстарға қарсы күрес жолында құқық қорғау органдары, діни және қоғамдық ұйымдардың бірлесіп әрекет етудің құқықтық базасын жетілдіру;
Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизмнің туындауына мүмкіншілік беретін факторлар мен жағдайларды саралау және оның таралу мен даму тенденциясын болжаулау;
діни фанаттарға жаппай қырып жоятын қарулар, радиоактивтік, токсилогиялық және өзге де қауіпті заттар, материалдар мен технологияларды қауіп төндіруге пайдалануға немесе қолдануға жол бермеу;
діни экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға қарсы күресу:
локальдық немесе жаһандық компьютерлік желілерді экстремистік мақсаттарға қауіптендіруге пайдалануын немесе қолдануын болдыртпау;
діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрестің эффектісін көтеру мақсатында қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпараттық құралдарымен бірігіп жұмыс жасау;
діни экстремизмнің үгіттеріне қарсы күресу;
халықаралық қауымдастықтың антиэкстремистік әрекеттеріне, сонымен бірге халықаралаық ұйымдар және мемлекетаралық шеңберде антиэкстремистік операцияларға қатысу.
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясында ішкі істер органдарының аса маңызды қызмет бағыттарының бірі, әрі ішкі істер органдарының оперативтік мүдделерінің бірі, тұлғалар мен фактілерді анықтау болып табылады.
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрестің эффектілі болуы үшін, ішкі істер органдары қызметінің құқықтық қамтамасыз етілуіне мыналар ұсынылады:
діни экстремистік ұйымдарының әрекеттерінің жолын кесу үшін, ішкі істер органдары қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қайта жасақтау, қабылдау және шығару;
діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды профилактика, ескерту, болдыртпау және оның жолын кесуге құқық беретін, ішкі істер органдары қызметінің нормативтік-құқықтық базасын бекіту.
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күресте ішкі істер органдары қызметінің ұйымдастырылуын жетілдіру үшін қосымша ұсыныс етіледі:
діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес бойынша барлық ішкі істер органдарын басқарудағы эффектілі ұйымдық құрылымдарды жасақтау және ендіру;
діни экстремизм құбылыстарына қарсы күреске бағытталған « вертикалды » және « горизонталды » шешімдер мен міндеттерді ішкі істер органдары бөлімшелері мен қызметі арасында бөлісу;
ақпараттық, аналитикалық, кадрлік, материалдық және де өзге де нәрселерді қамтамасыз етілуін жетілдіріп, жақсарту;
діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясында ішкі істер органдары қызметін басқару процесін жетілдіру;
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясында ішкі істер органдары қызметінің эффектілігін арттыруға, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын жағдайлар мыналар болып табылады:
« Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » заңына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар жасау, сонымен бірге « діни экстремизмнің » құқықтық ұғымын енгізу;
« Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер » заңының баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу;
Қазақстан Республикасының Білім министрлігіне қарасты мекемелерге және кәмелетке толмағандар инспекциясына діни құрылымдардың кәмелетке толмағандарға қатынасын қадағалау, әрі бақылау үшін құқықтық негіздің берілуі.
Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күресті жетілдіру мақсатында мыналарды ұсынамын:
« Экстремизмге қарсы күрес туралы » заңының 1бабына 9 тармақшасы қосып, онда « діни экстремистік бағыттағы қылмыстар – 54, 96, 103, 104, 107, 141, 149, 160, 164, 170, 233-234, 187, 275, 337 баптары бойынша қарастырылған қылмыстар болып табылады », - деп өзгерту енгізілсе. Себебі діни экстремистік бағыттағы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жоғары да аталған баптары, осы кодекстің 16 тарауының 8 тарауында бар баптар болып табылады. Бұдан діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жан-жақты екендігіне байқатады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 138 бабына « балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше тікелей қасақана орындамаған адамдар әрекетсіздігі діни сеніміне немесе діни экстремистік мақсатына байланысты болса » делінген мазмұнда 3 тармақша немесе 1, 2 тармақшаларға қосымша пункт ретінде енгізілсе. Себебі көбінесе кейбір діни экстремистік ұйымдардың сенім қағидалары бойынша балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қасақана зардаптары бар.
Отбасыларды бұзуға бағытталған тікелей немесе жанама мақсаттар бойынша діни экстремистік ұйымның немесе мүшелерінің әрекеттері бар екендігі бар. Осы орайда ата-аналарының немесе балалардың ата-ана, туыстарынан айрылғандар, бөлектеп кеткендер қаншама. Жанұя, отбасы- кіші мемлекет дейміз. Отбасы – қоғамның, мемлекеттің ең маңызды ажырамас бөлігі екендігіне дау жоқ шығар. Осы бағытта да Қылмыстық кодекске немесе өзге де заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе.
Қылмыстық кодекстің 317 бабындағы мемлекеттік ту, елтаңба және әнұранын қорлау, мойындамау қылмыстарына көбінесе негізсіз діни сенім немесе діни экстремистік пиғылда жасалатындығы да жасырын емес. Мұндай факторлар мен оқиғалар кездесуде.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 36 бабының 1 тармақшасы бойынша Қазақстан Республикасын қорғау, ұлтына, әлеуметтік тегіне, тұрғылықты жеріне, мүліктік және лауазымды жағдайына, нәсіліне, тіліне, біліміне, дінге қатынасына, кәсібінің тегіне және мінезіне, саяси және өзге сенімдеріне, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерге жатуына қарамастан, оның әр азаматының ардақты борышы және міндеті болып келеді.
Осы жағынан да негізсіз сенімдері немесе діни экстремистік пиғылдарына байланысты әскери қызмет етуден бас тартуға үгіттейтін діни экстремистік ұйымдар табылады. Әскери қызмет жағын реттейтін баптарға жоғары да аталған жағдайлар мен сылтауларға байланысты әскери қызметті атқарудан бас тартуға үгіттейтін ұйымдар мен жеке тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартатын өзгерту мен толықтырулар енгізілу қажет.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 96 бабы 2 тармақшасы л) пункті бойынша адам өлтіру, яғни діни өшпенділік немесе араздық себептері бойынша жасалған қылмыстық іс-әрекеттер жауаптылықтың күшейгендігі. Бұл қылмыстың мақсаты діни қағидаларды ұстамағандығы үшін немесе өзге де дінді ұстағаны үшін кінәлі қылмыскердің жәбірленушіні өлтіру.
Осы аса ауыр қылмыс жасаған адамдардың қылмыстық істерінде ең маңыздысы қылмыстың мотивациясы діни өшпенділік немесе араздықпен жасалғандығын дәлелдеу. Көбіне осындай қылмыстық мақсатпен жасалған іс-әрекеттерде діни өшпенділік немесе араздыққа байланысты тергеу амалдарында ескерусіз қалады немесе бұл жағына еш мән берілмейді. Яғни кінәлінің негізгі қылмыстық мотивациясы латенттік жағдайда болуға мүмкіндік береді. Бұл жағдай діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың таралуын, құрылымын және дамуын зерделеуге қиындық тудырады.
Сонымен қатар қылмыскердің діни өшпенділік немесе араздық себептері бойынша адам өлтіруге дайындалу немесе оқталу сияқты қылмыстық мотивпен ( сылтаумен ) жасалғандығын тергеуші жіті дәлелдеу қажет.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстегі 103, 104, 107, 149, 160, 164, 170, 233-234, 187, 275, 337 баптарда қарастырылатын қылмыстардың латенттігі жоғары деңгейде болуда дейтін болсақ, қате болмас.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 149 бабына А.Д. Дәрменов 2-ші бөлімін мына мазмұнда енгізуге ұсыныс жасады: « азаматтардың азаматтық міндеттері немесе азаматтық құқықтарын атқаруға кедергі келтіретін діни іс-әрекеттерге, сонымен бірге азаматты дінге сену және діни салттарды орындауға мәжбүрлеуге тарту ».
Бұл бапта қарастырылған қылмыс оқиғалары болып жатады. Бірақта көбінде жабулы қазан күйінде қалып жатады. Лауазымды адамдарда қызметін пайдаланып діни салттардың орындалуына кедергі келтіріп жатқан жағдайлар мен факторлар кездеседі. Мысалы: Ресми діни қызметкерлерге, әсіресе, жаназа намазын оқуға кедергі келтіру ( басқа ресми емес молда немесе дін жолында адамға оқыту ), азанды тыныштығымды бұзасын деп шақыртпауға тыю немесе қорқыту, ауруханада өлім халінде адамның немесе оның жақындарының өтінішімен шақырылған ресми діни қызметкерлерге аурухана қызметкерлері тарапынан ішінара кедергі келтіргісі келетін факторлар да болады.
Осы 149 баптың 2-ші бөлімін мына мазмұнда енгізуге ұсынамын: Діни ұйымға, оның ресми діни қызметкеріне, мүшесіне, жеке азаматтың діни салттарды атқаруына, діни ұйымның заңды қызметіне немесе діни салттарды атқаруға кедергі келтіруге не діни ұйымның немесе жеке адамның діни сенімінен бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған іс-әрекеттер жасалса, -
екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға не бір жылға дейінгі түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не бір жылға дейінгі мерзімге қамауға жазаланады.
Қылмыстық кодекстің 164 бабының 2 бөлігіндегі « не оны қолданамын деп қорқытумен ұштасқан » деген сөзден кейін, « не бір діннің ұстанушылардың ар-намысына тиетін, сайқы-мазақ карикатурасын жариялау немесе басқадай діни араздықты бұқаралық құралдары арқылы көпшілік арасында тұтандыруға бағытталған » - деп толықтырылса, көптеген әлеуметтік келеңсіз толқулардан сақтауға негіз болар еді.
Қылмыстық кодекстегі 170 бабтың 1-ші бөлігінде « сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта тарату » делінген сөйлемдегі « мазмұндағы » сөзінен кейін « жалпы экстремистік » деген сөзбен толықтырылса. Қылмыстық кодекстің 187 бабының 3 бөлігінің « б » тармағында « сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми » делінген сөзден кейін, « діни » сөзі қосылып жазылса, сонымен қатар осы тармақтағы « немесе құжаттарды » делінген сөзден кейін « кітаптарды » делінген сөзбен толықтырылып жазылса деген ұсынысымыз бар. Қылмыстық кодекстің 233-1 бабындағы 2-ші бөлімінде « сондай-ақ көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату » деген сөйлемнің « мазмұндағы » делінген сөзден кейін « жалпы экстремистік » деп жазуды ұсынамын. Аталған кодекстегі баптардағы діни өшпенділік немесе араздық, діни сеніміне байланысты жасалынған қылмыстардың латентті болуы себебі мынада: Заңгер, әрі дінтану мамандығы бар тергеушілер немесе анықтаушылардың болғаны өте қажет. Бұл жағдай көптеген осы мақсатта жасалынған қылмыскерлердің жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлар анықталар еді. Негізінде криминология ғылымы саласындағы позитивтік теологиялық криминология тұрғысынан кешенді зерттеулерді заңгер-криминолог, әрі теолог мамандығын, оған қосымша психологияны жақсы игерген адамдар жүргізетін болса, онда жақсы нәтижелер шығар еді. Яғни діни құқықтағы « күнә » мен қылмыстық құқықтағы « кінә » ұғымдарын ажырата білер еді.
Қылмыстық кодекстің 19 бабында 1 бөлімінде кінәға былайша қысқа анықтама беріледі: Адам соларға қатысты өз кінәсі анықталған қоғамдық қауіпті әрекеті ( іс-әрекет немесе әрекетсіздігі ) және пайда болған қоғамдық қауіпті зардаптар үшін ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс.
Кінә -бұл тұлғаның өзі жасаған қоғамдық қауіпті іс-әрекеті мен оның қасақаналық және абайсыздық түріндегі салдарына психикалық қатынасы. Қылмыстық заңға сәйкес, кінә - бұл әрқашан не қасақаналық, не абайсыздық. Кінә- тұлғаның қылмыстық қастандылықтан заңмен қорғалатын мүдделерге теріс қатынасын көрсететін өзінің жасаған қылмысты әрекеті немесе әрекетсіздігінен туындаған салдарға психикалық қатынасы. Ал енді діни құқықтағы күнә деген ұғымға теология мен криминология ғылымдары тұрғысынан синтезделген былайша құқықтық анықтама берейік: « Күнә дегеніміз – Жаратушының қасиетті жазбаларда мына нәрселерді істемеңдер деген тиымдарына қарамастан, оларды істеудегі адамдардың қасақана іс-әрекеті, сонымен қатар істеңдер деп бұйрылғандарды, істемеуіндегі қасақана әрекетсіздігі ». Бұл жерде адамның Жаратушының әмірі мен тыйымына мойынсұнбаған қасақана іс-әрекетін айтып отыр. Бұл жерде күнә ұғымы абсолютті жағдайда айтылады. Діни заң мен қазіргі қолданыстағы мемлекеттің заңы арасында көптеген айырмашылықтар мен ерекшіліктер бар. Асылында діни нормалар мен мемлекеттік заң нормаларының түбі бір. Яғни мемлекет заңдары діни заңдардың тарихы негізінде пайда болды. Кейіннен « күнә » деген ұғымнан « кінә » делінген ұғым бөлініп шықты. Діни заңнан қазіргі заң, құқық деген ұғымдар бөлек шықты. Жалпы қылмыскерлікті алдын алу күресінде адамдардың санасына « кінә » және « күнә » ұғымдарын сіндіру арқылы жұмыс жасалса, бұл нәтижелі болады. Жалпы қылмыскерлікпен күресті құқық қорғау органдары заң тұрғысынан, ал қоғам болса, діни, этикалық, моральдық құндылықтары бойынша күресу керек. Себебі құқық тәртіптілікті қажет ететін ғана саланы реттейді, ал діни, этикалық, моральдық құндылықтар барлық қоғамдық қатынастарды реттейді.Сонда бұдан кінә мен күнәнің ұғымдарын жақсы түсінуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |