2.2 Адамгершілікке қарсы қылмыстармен күрес тәсілдері Біздің қоғамда азаматтардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылықтар болып табылады. Адамдардың жарқын болашаққа деген сенімділігі, қоғамның өрлеуіне өз үлесін қосуға деген тілегі зорлық-зомбылық қылмыстарынан заңмен қорғалатыны мәлім. Ал заңның пәрменділігін, тиімділігін арттыра түсу үшін заман өзгерген сайын оны жетілдірдіре, толықтыра түсу қажет. Бұл істі жүзеге асыру барысында адамгершілікке қарсы қылмыстардың тарихына үңіліп, күрес тәсілдеріне де көз жүгірту артық емес.
Көне заманда өзінің туған қызын сатып жіберу немесе ұлына ашына сатып алу қылмысқа жатпайтын. Мұса (Мойсей) пайғамбар мұндай сауда түрін жойып жіберуге әрекеттенді. Мұсаның заңдары жыныстық құштарлықты табиғи емес гомосексуализм, жануарлармен жыныстық қатынас жолдарымен қанағаттандыруға тыйым салатын көптеген нұсқаулардан құралды. Сондай-ақ, ол жезөкшелік пен венерологиялық ауруларды түп-тамырымен құртуды көздеп, 32 мың моавитян әйелдері мен 23 мың тұтқынды қырып тастауға бұйрық берді. Әйтсе де, осыншалық құрбандыққа қарамастан жезөкшелік пен венерологиялық аурулар жойылып кеткен жоқ.
Римдіктер б.д..д. 180 жылы жезөкшелерді тіркеуге алып, оларға азаматтық өлімнің актісіне ұқсайтын Licentia stupri аталатын құжат берді. Рим империясы құлаған соң, Ғайсаның (Христостың) ілімін насихаттаушы діни қызметкерлер жезөкшелікке қарсы ымырасыз күрес жүргізе бастады. Бірінші христиан билеушілері жезөкшелікті жойып жіберудің жолдарын белгілеп, соборлар қатал қаулылар қабылдады. Ақыры мұның бәрі нәтиже бермеген соң, шіркеу жезөкшелікке қарсы күресті тоқтатып, тек оны реттеу мен залалды әсеріне қарсы шаралар қолданумен шектелді.
Фридрих 1 Барбаросса Италияға бірінші жорық жасаған кезінде, 1158 жылы жариялаған өз заңында әскери адамдардың өз пәтерлерінде жезөкшелер ұстауына тыйым салып, оны бұзушыларға қатал жаза белгіледі. Ұсталған жерлерде жезөкшелердің мұрындары кесілді. Францияда 1254 жылы Людовик Святой Иерусалимнен оралған соң жеңіл мінезді әйелдердің барлығын мемлекет шекарасынан тысқары жерлерге қуып тастатқызды.
Францияда Генрих ІІ ресми және ресми емес жезөкшеліктің барлық түріне қарсы жазалау шараларын қолданды. Бірақ, солдаттардың жыныстық қажет-тілігін қанағаттандыратын лагерь жезөкшелерін ұстауға тыйым салуға оның дәті жетпеді. Тек «үш солдатқа-бір әйел» деген ереже шығарып, олардың санын қысқартты.
Генрих ІІІ (Валуа) қатал заң шығарды: оның маршалы Строцци әскерлердің соңынан еріп келе жатқан жезөкшелерден құтылу үшін, Луар өзеніне 800 жезөкшені батырып жіберуге бұйырды.
Карл V өзінің Империялық полиция жарғысында (1530 ж.) некеден тыс ашыналыққа жол бермеу және онымен айналысушыларды қуғындау жөнінде әмір берген.
Австрияның император әйелі Мария Терезиидің тұсында жезөкшелік кәсібі үшін ғана емес, некеден тыс махаббаттық байланыс үшін де қылмыстық жаза қолданды. Жезөкшелерді денесін қамшымен осқылап, дүрелеп, жер аударған. Егер әйелдің біреуге ауру жұқтырғаны немесе ұрлық жасағаны анықталса ауыр азаптауға ұшыратылған. Әдетте жезөкшенің шашын тақырлап алып тастап, басына қара май жағып, қапқа отырғызған. Осы күйінде оны көрнекі орынға апарып қойып, шыбықпен осқылаған. Содан кейін арбаға салып қаланың сыртына шығарған. Осы жерде қаптан басы ғана шығып тұрған жезөкшені қалың топ таспен, басқа заттармен де атқылаған.
Мұндай азаптау Венада және Австрияның басқа да қалаларында ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін қолданылған. Австрияда азғындық жолға түскен еркектер де қуғындалды. Олар тұтқынға алынды, бейморальдық өмір салтын қайталар болса, жуасыту үйлері деп аталатын арнайы орындарда оларға дүрелеу жазасы қолданылды.
Жеңгетайлық Империялық заңдар жинағына сәйкес, шыбықпен дүрелеу арқылы жазаланды және жер аударылды. Егер ата-аналар немесе оларды ауыстырған тұлғалар өз балаларын азғындық жолға түсулеріне әдейі мүмкіндік жасаса, кінәлілердің бастары шабылды. Егер дін адамдары жеңгетайлық жасаса, басы шабылған соң, мәйіті өртелініп жіберілді.
Мария Терезии 1751 жылы адамгершілік хал-ахуалды сауықтыру мақсатында «Адалдық комиссиясын» құрып, ол 1768 жылға дейін жұмыс істеді. Бұл комиссияның мүшелері зинақорлық және жезөкшелікпен айналысқандарды іздестіріп тауып, дүрелеу жазасына кесті, жуасыту үйлеріне қамады және жер аударды. Мария Терезиидің басқару кезеңінде жезөкшелікті жою үшін ең қатал шаралар қолданылды. Бірақ қоғам осы масқара құбылыстан құтыла алмады. Көше жезөкшелері мен зинақорлар үйлерін мекендеушілердің орнына отбасы жезөкшелігі келді. Жаңадан пайда болған жезөкшеліктің бұл түрімен айналысушылар өз кәсіптерін қонақ үй қызметшісі және басқа да күтушілік қызметімен бүркемеледі.
Кезінде Францияда да жезөкшелікке тыйым салудың қатал жүйесі орнатылды. Заңға сәйкес 1684 жылы жезөкшелердің ісі толық полицияның құзыретіне берілді және олардың шешімі ешқандай шағымдануға жатпады. Людовик ХІV полиция қызметкерлеріне жезөкшелерді Сальпетриердегі арнайы түрмеге жабуға құқық берді. Ал 1687 жылы Версальда және оның төңірегінде зинақорлық жасаған әйелдердің құлағын кесу жөнінде тапсырма берілді. Жезөкшелерге тілектес адамдарға да қатал жазалау шаралары қолданылды. Мысалы, Парижде жеңгетайлықпен айналысқан адамдарды шыбықпен осқылап, маңдайларына таңба салды және құлақтарын кесіп, қаладан қуды. Англияда жеңгетайларға осыған ұқсас шара қолданумен тынбай, жезөкшелердің қызметін пайдаланушыларға да жазалау шараларын қолданды. Женевада егер қамқорлығына алған қыздар жезөкшелікпен айналысса, олардың қамқоршысы өлім жазасына кесілді. Неопольде, Испанияда және Португалияда жеңгетайлар мен жезөкшелердің мұрындарын кесті. Бірақ жезөкшелікпен күрес жөніндегі адамдық абыройды қорлайтын шаралардың орнықсыздығы мен қарама-қайшылығы тыйым салудың құқықтық жүйесін дағдарысқа ұшыратты. Мұндай шаралар біртіндеп жұртшылықтың қалың тобының әділ ашуы мен қарсылығын тудырды. Жұртшылықтың қысымы және жезөкшелікпен күрестегі жазалау шараларының тиімділігінің аздығы Француз үкіметін 1791 жылы тыйым салу жүйесінен бас тартуға мәжбүр етті. Франциядан кейін Еуропа мемлекеттерінің көпшілігі тыйым салу жүйесінен біртіндеп бас тартып, адамгершілік полициясы құруды қолға алды. Жаңа тәртіп жезөкшелерден дәрігерлік-полициялық қадағалауға мойынсұнуды ғана талап етті. Бұл талап орындалған жағдайда жезөкшелікке төзімділік танытты. Соның нәтижесінде полицияда тіркелген әрі дәрігерлік-полициялық қадағалауда жүретін ресми, жария жезөкшелік пайда болды. Бірақ, жасырын жезөкшелік те тірлік ете берді. Бұл құбылыс Еуропаның басқа да елдерінде өріс алды [37].
Ресейде де алғашқыда жезөкшелерге жазалау шаралары қолданылды. І Петр патшалық еткен ХVІІ ғасырда зинақорларды, қаңғыбастарды, притондарға барушыларды қатал жазалады. Анна Иоанова 1736 жылы, Елизавета Петровна 1743 жылы жазалау жарлықтарын шығарды. ІІ Екатеринаның тұсында айрықша қатал шаралар қолданылды. 1763 жылдың 20 сәуіріндегі жарлықта венерологиялық ауруларды жұқтырған әйелдердің түгелін жазылғанша Нерчинскіні қоныстануға жер аудару белгіленді. Император Павел 1800 жылы өз жарлығымен жезөкшелердің бәрін де Иркутскіге жіберуге пәрмен берді. Дегенмен, І Николайдың тұсында барлық жазалау шаралары айтарлықтай нәтиже бермейтіндігіне көз жеткізілген соң, Ресейде Батыс мемлекеттері тәрізді мұндай жойылмайтын құбылысқа тәртіппен реттелетін деңгейде ерік берілді яғни зинақорлар үйлерін ұстауға рұқсат етілді. Ал 1844 жылы зинақорлар үйлерін ұстаушылар мен жезөкшелерге арналған ереже шығарылды [38]
Кеңес үкіметі орнасымен-ақ, жезөкшелік проблемасы күн тәртібіне қойылып, 1919 жылдың өзінде жезөкшелікпен күрес жөніндегі комиссия құрылды. Оған қарсы пәрменді түрде күрес жүргізіліп, жезөкшелікке қатысты қылмыс жасаушылармен қатар, оны кәсіпшіліктің бір түріне айналдырған әйелдерге де қылмыстық жаза қолданылды. Рас, олар зинақорлық жасағандықтары үшін емес, қоғамдық пайдалы еңбектен жалтарғандықтары, арамтамақтық өмір салтын ұстанғандықтары және венерологиялық ауруларды таратқандықтары үшін жазаланды [ 39].
Кеңес мемлекеті 1920 жылдары жезөкшелікпен күрес жөніндегі бірінші кезектегі жүзеге асырылатын міндеттерді шеше отырып, осы күрестің ұзақ мерзімді бағдарламасының негізін жасады. «Жезөкшелікпен күрестің шаралары туралы» құжатта (1922 жыл,16 желтоқсан) Кеңес мемлекеті жыныстық қатынас саласына баса көктеп кіруді өзіне мақсат қылып қоймайтындығын, бұл салада ықтиярсыз мәжбүр ету еркін және экономикалық тәуелсіз азаматтардың жыныстық қатынасты өздері белгілеуін бұрмалауға соқтыратындығы; жыныстық қатынас аумағында зорлық жасалуы, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмауы құқығының бұзылуы жағдайында, сондай-ақ жатыпішерлік белгілері мен венерологиялық аурулардың және басқа да қоғамдық қатерлі зардаптардың таралу қаупі төнгенде ғана құқықтық реттеуге жол берілетіндігі айтылған. Дегенмен, жезөкшелікпен күрес шаралары жүйесі дамыды. Оның құралына жезөкшелікке мүмкіндік туғызатын факторлар мен оған қарсы күрестегі жалпы әлеуметтік және құқықтық шаралар да енді Бірінші кезекте жүзеге асырылатын міндеттердің қатарына балалар жезөкшелігін жою міндеті қосылды. Жезөкшелікпен айналысуға оларды тікелей немесе жанама түрде тартуы мүмкін әйелдерге айрықша назар аударылды. Бастапқы алдын алу шараларында оларды жұмысқа орналастыру мен көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік бақылауды күшейте түсу қарастырылды. Бұл кезеңдегі тұтастай шаралар жүйесі екі негізгі бағытты қамтыды: жезөкшеліктің алдын алу және өмірдегі жезөкшелікпен күресу. Олардың біріншісіне әйелдердің жұмыссыздығын, балалар мен әйелдердің қараусыздығын жою және әйелдерге еңбек жәрдемін көрсету бойынша шаралар қамтылды. Осы мақсатты жүзеге асыру және жезөкшелікпен күресу үшін база құрылды. Әйелдердің қараусыздығымен күрес жөніндегі әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік патронаж науқасты үй жағдайында байқауды, емдеуді ұйымдастырды. Жезөкшелікке машықтанған немесе оған бейім дені сау әйелдер үшін еңбекпен қайта тәрбиелеу жүйесі де (еңбек және емдеу-еңбек колониялары, өндірістік шеберханалар. т.с.с) ұйымдастырылды, санитарлық-ағарту жұмыстарының белсенділігі арттырылды. Екінші бағытта интимдік қызмет пен оған деген сұранысқа және жеңгетайлыққа қарсы күресті күшейту жолымен жезөкшеліктің өркендеуінің алдын алу қарастырылды. Жезөкшелікті құртуға бағытталған, жезөкшелікпен байланыстағы түрлі адамдар жиынтығына (клиенттер, жезөкшелерге дем берушілер.т.с.с.) ықпал етудің құқықтық шараларын қамтыған кешенді шаралар дайындалды. Жеңгетайлық жасағаны я зинақорлар үйлерін ұстағаны, балалар мен әйелдерді азғындыққа тартқаны үшін, сондай-ақ жезөкшелердің венерологиялық ауруларды таратқаны үшін жазалау күшейтіле түсті. Оларға ықпал етудің әр түрлі шаралары қарастырылды. Жезөкшелікті (материалдық қамтамасыз етілуі жеткіліксіз деңгейде болуына байланысты деп есептейік) қосымша кәсіпшілік қылған жұмыс істеуші әйелге әлеуметтік-экономикалық және ағарту сипатындағы шараларды ғана қолдануға рұқсат етілді. Ал көне кәсіпшілікті күнкөріс құралына айналдырған әйелдер қоғамдық арамтамақ, еңбек қашқыны ретінде танылды. Осындай негізде олар жауаптылыққа тартылды Клиенттерге де моральдық-саяси айыптау тағылды. Тым жас жезөкшелердің «қызметін» пайдаланғандарға сот жазалау шараларының ауыр түрлері қолданды. Жезөкшелікке дем берушілер де осындай шаралармен жазаланды [40].
Орталық атқару комитеті және Халық комиссарлар кеңесінің 1935 жылдың 2 сәуіріндегі қаулысында жезөкшелікпен айналысу қоғамға қарсы іс-әрекеттердің бір түрі ретінде танылды.
Бірақ 1930-жылдардың соңына қарай және соғыстан кейінгі кезеңде 1940-жылдардың соңы мен 1950-жылдардың бас кезінде) құқық қорғау органдары притон ұстаушылар, венерологиялық ауруларды таратушылар, кәмелет жасына толмағандардың жыныстық дербес құқығына қол сұғушылар және оларды жезөкшелікке тартушылармен күресті әлсіретіп алды [41].
Соғыстан кейінгі кезеңдегі тұрғын-жай тапшылығына байланысты қиындықтар, еркектер мен әйелдер саны арасындағы үйлесімсіздік, аналар мен жалғызілікті аналарды материалдық қолдаудың жеткіліксіздігі – некеден тыс және некеге дейінгі жыныстық өмірді, еркектер мен әйелдердің ашыналық байланыстың салдарына жауапсыздықпен қарауын (әкесіздік) т.с.с. туындатып, олардың кең таралуына да ықпал етті. Кәмелет жасына толмағандардың жыныстық дербес құқығына қол сұғушылық, оларды қылмыстық және қоғамға қарсы іс-әрекеттердің басқа түрлеріне тартумен қатар жезөкшелікпен айналысуға тарту оқиғалары көбейе түсті. Әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, оқу-ағарту және денсаулық сақтау салаларында осы әлеуметтік проблеманы шешуге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Мұның бәрі жезөкшеліктің қайта жандануына мүмкіндік тудырды, әйтсе де ол туралы ресми мәліметтер жарияланбады. Бұл құбылыстың ҚСРО-да бар екендігін халыққа жариялау моральдік адамгершілік ұстанымға зиян келтіру ғана емес, мемлекеттің халықаралық беделін, тіпті қорғаныс қуатын елеулі түрде шайқалтуы мүмкін деген пікір қалыптасты. Әрине, құқық қорғау органдары қызметкерлері жезөкшелікке қатысты нақты жағдаймен жақсы таныс болды. Бірақ, ресми көзқарас қоғамда жоқ деп таныған «жоқ» құбылыстың алдын алу жөніндегі іс-әрекеттерді қандай жолдармен жүзеге асыруды білмеді.
Егер ресми көзқарас бойынша жезөкшелік жоқ болса, оған қарсы қолданылатын құқықтық шаралардың болуы мүмкін емес-ті. Сырттай қарағанда Кеңес Одағында жезөкшелікке байланысты ешбір проблема жоқ сияқты болып көрінді. Мемлекеттік ресми идеология да жезөкшеліктің социалистік қоғамда орын алуын жоққа шығарды. Кеңестік өмір салты мінсіз салт ретінде көрсетіліп, асыра дәріптелді. Кеңес одағы азаматы болып, өмір сүру - әр адамға ұлы бақыт, ал империалистік мемлекеттерде езілуші таптың әлеуметтік өмірі қасіретті деген үгіт-насихат жүргізілді. Бұл құбылысты жасырумен құпиялаудың ресми бүркеуі, сондай-ақ құқықтық шаралардың болмауы және оған ықпал етуге тыйым салу шаралары теріс нәтиже беруі «заңды» еді және солай болды да! Осындай жағдайда диалектиканың «теріске шығаруды теріске шығару» заңы күшіне енді деуге болады. Елде аталған әлеуметтік құбылыстың бар екендігін жоққа шығарудың зияны қоғамдық сананың көшірмешілікке (стереотипке) ұрынуынан және билік басындағылардың екі жақты мораль ұстауынан көрінді. Халықтың арасында «Егер мемлекет басындағылардың материалдық игіліктің бұлдыр көрінісін жасау үшін моральдың кейбір нормаларынан безуі мүмкін болса, неліктен жезөкшелердің өз денелерін саудаға салуына болмайды?» - деген пікір қалыптасты. Осындай себептерге байланысты Кеңес Одағында жезөкшелікке байланысты қылмыс түрлерін ашу деңгейі төмен болды. Кеңестік кезеңде жезөкшелерге әкімшілік шара қолдану да төмен деңгейде жүрді. Мәселен, Москвада 2009 жылы ұсталған 1327 валюталық жезөкшенің 18-іне (1,35 %) ғана айыппұл салынған. Жезөкшелердің өз бойларындағы венерологиялық ауруларды емдеуден жалтару фактісі бойынша 47 қылмыстық іс қана қаралып, венерологиялық ауруларды жұқтырудың тек 29 оқиғасы ғана ашылған. Ал сол кезеңде жыл сайын Одақта 350 мыңнан артық адам жезөкшелерден жұқпалы ауруларды жұқтырған. Кейінгі заңда жезөкшелікпен айналысушыларға қылмыстық жауапкершілік белгіленбеген. Ал жезөкшелерді тұратын аудандарынан басқа жерлерге көшірумен шектелетін әкімшілік шара айтарлықтай нәтиже бермеді. «Жер аударылғандардың» орындарын жаңа «кадрлар» иемдейді. Бұларды тұрғындар арасындағы жеке бас пайдасы мен өз мүддесі үшін жезөкшеліктің тіршілік етуін қалайтын жекелеген топтар қолдады. Жасырын жезөкшеліктің өріс алуы көлеңкелі бизнестің бір түрі болып табылатын коммерциялық секстің өрбуіне ықпал етті. [42]
Кеңес Одағында видеомәдениеттің ене бастауы порнографиялық сипаттағы видеофильмдердің де жас буынның әлеуметтік-мәдени өміріне енуіне қолайлы жағдай тудырды. Бұлармен қатар шетелдерден порнографияны, эротиканы суреттеп, бейнелейтін, махаббаттың «еркіндігін» насихаттайтын түрлі әдебиет нұсқалары да жеткізілді. Бұл материалдар секс бизнесте аса көрнекі құралдар ретінде пайдаланып, жезөкшеліктің өрістей түсуіне едәуір үлес қосты.
Кеңес үкіметі жасырын жезөкшелік кәсіпшілігі кеңінен қанат жайған кезеңде ғана (1989 ж.) қоғамда оның тіршілік етіп жатқанын мойындауға еріксіз мәжбүр болып, бір қатар қаулы, қарарлар қабылдады және соларға сәйкес шараларды жүзеге асыра бастады. Жезөкшелікпен айналысқаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленді. Бұл құбылысқа қарсы күресте Ресей Федерациясы көшбасшы болды. Жоғары Кеңес Президумының 1987 жылғы 29 мамырдағы жарлығына сәйкес республиканың әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылық жөніндегі заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңдағы толықтырулардың бірі 164-бапта айыпталушыға ескерту жасау немесе 100 рубль мөлшерінде айыппұл салу белгіленді. Әкімшілік жазалаудан кейін бір жыл ішінде әлгіндей әрекет қайталанса, айыптыға 200 рубльге дейін айыппұл салу белгіленді. Дегенмен, жазалаудың бұл түрі Кеңес мемлекеттінің жезөкшелікпен күрестің алғашқы заңдарына қайшы келді. Жезөкшелер әсіресе интербикештер бір түннің ішінде қайтарып алатын мұндай айыппұл мөлшері олардың күлкісін ғана тудырған [43].
Қазіргі кезде әлемдік тәжірибеде жезөкшелікпен күрес мәселесін қараудың негізгі үш түрі бар.
Біріншісі - әкімшілік тәртіп арқылы, тіпті қылмыстық іс қозғау шараларын қолдану арқылы жезөкшелікке тыйым салу.
Екіншісі - жезөкшелерді медициналық тексеруден өткізу және оларға басқа да бақылау түрлерін жасауға мүмкіндік беретін зинақорлар үйлерін ашып, сол мекен-жайлар шеңберінде жезөкшелікке заңды түрде рұқсат беру.
Үшіншісі - жезөкшеліктің өзіне тыйым салынбай, тек пайдақорлық мақсатында жезөкшелерді пайдаланушыларды жазалау. Әрбір ел жезөкшелікпен күрестің осы үш түрінің өздері тиімді дегендерін қолдануда. Англия мен Францияда жезөкшелікке тыйым салынбаған. Бұл елдердің Қылмыстық кодексінде тек ұйымдасқан жезөкшелікке және көше жезөкшелігіне яғни клиенттерді көшеде шақыруға, жүргіншілерге жабысып, жармасуға тыйым салынған. АҚШ-та жезөкшелікке қарсы әр түрлі күрес жүргізіледі. Нью-Йорк штатындағы заң бойынша жезөкшелік сот арқылы жазаланатын қылық ретінде танылады. Ашыналар 3 айға дейін түрмеге қамалады. Бірақ, полиция жезөкшелер өзін ұсынып, қызмет ақысының бағасын айтқанда ғана, оларды сотқа тарта алады. Кейбір штаттарда жезөкшелер кезбелік жөніндегі заңға сәйкес ұсталынады. Ал Невада штатында зинақорлар үйлері заңды негізде жұмыс істейді. Бельгияда жезөкшелер клиенттерден ақша алу сәтінде ұсталынса ғана, оның үстінен қылмысты іс қозғалады. Оларды мұндай сәтте қолға түсірудің мүмкіндігі жоқтың қасы. Өйткені, жезөкше мен клиент жеке меншікке қарасты мекен-жайларды сексбизнеспен айналысады, ал оларға полицияның баса-көктеп кіруі жеке адамның өміріне қол сұғу ретінде бағалануы мүмкін. Сондықтан полиция іс жүзінде жезөкшеліктің жолын кесуге ұмтыла қоймайды.
Италияда 1958 жылы Парламент қабылдаған «Мерлин заңына» сәйкес ресми ұйымдасқан жезөкшелікке тыйым салынған. Осы заңға сәйкес елде 500-ден астам зинақорлар үйлері жабылған. Мұндай жасырын мекемелердің иелері 3 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалады немесе оларға ірі мөлшерде ақшалай айыппұл салынады. Сондай-ақ, жезөкшелікке қолдау көрсетуге бағытталған әрекеттер және балаларды азғыру заң жүзінде қудаланады. Мұндай жағдайда 6 жыл мерзімге дейін түрмеге қамау жазасы қолданылады.
Германияда бордельдер (зинақорлар үйлерін) ұстауға рұқсат берілген.
Жезөкшелік түрлі замандар мен қоғамдарда әр түрлі жағдайларда жанкештілікпен тірлік етті. Жезөкшелік бір кезеңде моральға жат құбылыс, тіпті қылмыстық іс деп танылып, оны түп-тамырымен құртып жіберуді көздеген түрлі шаралар жүзеге асырыла басталды. Жезөкшелер қуғындауға ұшырады, бас бостандықтарынан айырылды, масқаралық бағандарына байланып, таспен атқыланды, ауыр азапқа салынып, мүгедек етілді, тірідей отқа жағылып, суға батырылып өлтірілді. Бірақ,заңның ең ауыр түрлері де жезөкшелікпен күресте қауқарсыздық танытты. Мұндай кезеңде, бұл құбылыс жасырын жағдайда тіршілік етуге бейімделіп, жезөкшелер астыртын түрде өз кәсіпшілігін жалғастыра берді. Сөйтіп, жезөкшелік заң орындарының бақылауынан шығып кетті де, оның таралу ауқымын, өсу деңгейін бақылау мүмкін болмай қалды. Осы себепті, кей мемлекеттерде ресми жезөкшелікке рұқсат етіліп, зинақорлар үйлері ашылды. Ал көп мемлекеттерде бұл құбылыстың өзіне ымырашылдық танытылып, тек оған қатысты қылмыстарда (жезөкшелікпен айналысуға тарту, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық т.б) жауаптылық белгіленді. Қазіргі кезеңде, ресми жезөкшелікке ТМД елдері мен шетелдердің көпшілігінде тыйым салынған [44]
Алматы қаласында 2009-2011 жылдары аралығында 200-дей жеңгетайдың ұсталған. Павлодар облыстық ІІБ қызметкерлері 2009 жылы ондаған жеңгетайлықпен айналысушыларды ұстап, істерін сотқа тапсырды.
Павлодар облыстық ішкі істер басқармасы қызметкерлері 2000 жылдың 4-тоқсанында притон ұйымдастыру және жеңгетайлықтың (Қылмыстық Кодекстің 309- бап) 19 фактісін айқындаған. Оның 12 фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
2010 жылдың қаңтар айында, Павлодар қаласының С.Торайғыров көшесіндегі үйлердің бірінде төрт бойжеткенді жыныстық қызмет көрсетуге тартып, оңай олжа тауып жүрген 46 жастағы жеңгетай ұсталып, өз қылмысын түгелдей мойындады. Оның қалтасынан жеңгетайлықпен тапқан 20 мың мөлшерінде теңге табылып тәркіленді. Мамыр айында осы қаланың Ломов көшесінде полиция қызметкерлері 2 бойжеткенді, әр қайсысын 3 мың теңгеден сексқызметке ұсынған 2 такси жүргізушісін қолға түсірді.
Қандай да бір қоғамдағы үстемдік еткен әлеуметтік факторлар көркемөнерде және тұрмыс саласында жыныстық қатынасты бейнелеуге немесе баяндауға рұқсат етеді немесе тыйым салады. Орта ғасырларда христиан және ислам діндерінің пайда болып, қоғамдарда көне дүниетанымға сыни көзқараспен қарау нәтижесінде порнография мен эротиканың арасындағы шек өшіп, сексуалдық тақырыпқа мүлде тыйым салынған.
ХХ ғасырдың соңында балаларды жыныстық қатынасқа пайдалану және балалар порнографиясын тарату көлемі аса қауіпті деңгейде көбеюіне байланысты балалар саудасы, балалар жезөкшелігі және балалар порнографиясына қатысты БҰҰ Конвенциясына факультативтік хаттама қабылданды. Онда заңнамалық деңгейде алғашқы рет балалар порнографиясын таратуға және балалар мен жасөспірімдерді порнобиснеске тартуға ықпал ететін жағдайлар аталып көрсетілді. Хаттамада балалар порнографиясына үзілді-кесілді қылмыстық-құқықтық тыйым салынған. (Ал үлкендер порнографиясының айналымына көптеген мемлекеттерде рұқсат етіледі). Сондай-ақ, аталған құжатта балалар порнографиясы түсінігі айқын берілген. Сексуалдық мақсатта балалардың жыныстық мүшесін бейнелейтін кез келген сурет және балалардың жыныстық қатынасын көрсететін кескіндер балалар порнографиясы ретінде танылған. Осы хаттаманы мойындайтын мемлекеттер таяу уақытта қылмыстық заңнамаға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуі керек. [45]
Оқымыстылар да порнографияға әмбебап анықтау құрастыра алмаған. Бұл мәселе бойынша құқық қолданушылардың өз пікірі болған. Олар нақты бір оқиғаны заң талабынан гөрі мемлекеттік идеология талабын ескере отырып, әрқилы материалдар мен заттарда порнография элементтерінің бар-жоқтығын сараптау бойынша комиссияның мүшесі ретінде тартылған түрлі білім саласы мамандарының субьективті пікіріне сәйкес жіктеген. Соның салдарынан жазықсыз адамдар да айыпталған, айыптау үкімдері жиі қайта қаралған немесе мүлде алынып тасталған [46].
Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Қылмыстық Кодексінде порнографиялық материалдар мен заттардың құрамын анықтау критерийі өте шашыраңқы көрсетілген.
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату қылмысының алдын алу шараларына Ресейде, өткен ғасырдың соңғы онжылдығында мән беріле бастады. Мәселен, 1994 жылы, Москвада «Адал кәсіп үшін» атты Халықаралық семинар өткізіліп, оған қатысушы құқық қорғау саласы және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлері, ведомоствалық және жеке меншік қауіпсіздік қызметі қызметшілері, кәсіпкерлер күш қолдануға бас ұруды, сонымен қатар қылмыстық қызмет көрсетуді БАҚ арқылы жарнамалау Ресей халықтарының мүддесі үшін қауіпті құбылыстардың бірі ретінде аталды.
БҰҰ-ның ІХ Конгресінде (1995 ж.) қылмыстылықтың алдын алу проблемалары бойынша БАҚ қызметі мен қылмыстылық деңгейі арасындағы байланыс аталып көрсетіліп, журналистердің кәсіби біліктілігі, құқықтық санасы, азаматтық жауапкершілігі деңгейін көтеру қажеттілігіне әлемдік қауымдастықтың назарын аударды.
Қазіргі кезеңде, біздің қоғамда да жеке тұлғалардың дүниетанымын, әлеуметтік бағытын қалыптастыру айтарлықтай дәрежеде бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты екені ескеріліп, оның қызметін түбегейлі қайта қарау мәселесі туындады. Бұл орайда қатыгездікті дәріптейтін туындылардың таралуына жол бермеу және ғылыми негізде мәдени құндылықтармен үйлесетін жаңа тәрбиелік жүйені жасау қажеттілігі байқалады [47].
Әлеуметтік психология мамандары бұқаралық коммуникация құралдарының кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына теріс ықпал ету құбылысымен күресу жолдарын ұсынуға ұмтылуда. Қоғамдағы келеңсіз құбылысқа жататын, жасөспірімдердің мінез-құлқында қатыгездіктің орын алу себептерін құқық қорғаумен қатар психология, социология, философия, медицина салалары мамандары да зерттеуде.
Ресей оқымыстылары А.Н. Леонов, А.Е. Личко, А.Г. Асмолов, Н.Д. Ливитов, шетелдік зерттеушілер Беркович, Уильман Бельсон, Леонард Ирон және Роэлл Хьюсман жасөспірімдердің мінез-құлқына әлеуметтік жағдайлардың ықпалын зерттеуге айтарлықтай үлес қосты.
Бұрынғы бірқатар зерттеу еңбектерінде қылмыстылық туралы ақпараттардың өзіндік ерекшеліктері, оларды қылмыстық құқық нормаларына сәйкестендіріп реттеу қажеттілігі ескерілмеді. Бұл мәселеге ресейлік зерттеуші В.А. Копылов өзінің «Ақпараттық құқық» атты еңбегінде назар аударғанымен, ақпараттық құқықты асыра пайдаланғаны үшін жауапкершілік тағайындау қажеттілігін көрсетумен шектелген [48].
Өкінішке қарай, қазақстандық ғылымда бұқаралық коммуникация құралдарында қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды көрсету тәрізді әлеуметтік фактордың кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына теріс ықпал ететін қылмыстық аспектілерін жеке тақырып ретінде зерттеу қолға алынған жоқ.
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (313-бап) қылмысына қарсы күрес жүргізуде айтарлықтай кедергілер бар. Бұл тұрғыдағы заңдық-құқықтық шараларды жүзеге асыру барысында бірқатар елдердегі телевизия және Интернет арқылы таратылатын ақпараттардың мазмұнына бақылау жасау жөніндегі тәжірибелерін пайдалану қажеттілігі де байқалады. Солай десек те, жаһандану дәуірінде ақпараттық кеңестікке заңдық-құқықтық бақылау орнатуға ұмтылу, басқаша айтсақ, ақпараттық қатынасты қылмыстық құқық нормаларымен реттеуге бел байлау – соңы халықаралық деңгейде пкірталас тудыратын өте күрделі және аса қиын іс.
Қандай да бір туындыны сараптамадан өткізіп, қоғамдық қауіптілігі бар туынды деген қорытынды шығарылғанымен, оларды жасаушылар, таратушылар, насихаттаушылар, сатушылар бұл қорытындымен келісе қоймайтыны белгілі. Өйткені, олардың дүниетанымы, санасы қазақстандық заңды құрметтеуші азаматтардікімен орайлас келе бермейді. Айталық, батыстық киногерлер атыс-шабысты көрсететін, күштілердің әлсіздерді аяусыз, асқан қатыгездікпен басып-жаныштауын дәріптейтін, оқыс төтенше оқиғаларға толы туындылар үлкен сұранысқа ие, өтімді тауар ретінде бағаланады. Шындығында, мұндай тауарлар оларға мол кіріс түсіретін пайда көзі болып табылады. Сондықтан шетелдік киногерлер өз өнімдерінің біздің бұқаралық коммуникация құралдары арқылы таралуын барынша қорғайды. Экономикалық мүдделерінің халықаралық заңдарға, мәдениет саласы бойынша мемлекетаралық келісімдерге қайшы келмейтінін дәлелдеуге тырысады. Ал шетелдік туындыларды біздің елде тарату, насихаттау, көрсету, сату ісімен айналысатын қазақстандық азаматтар көп жағдайда шетелдердегі мырзалармен тығыз байланыста жұмыс істейді және солардың қолдауына сүйенеді. Соның нәтижесінде, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кету мүмкіндігі бар екенін пайдаланып, қылмыс жасауға пайдакүнемдікпен қасақана ниеттенеді [49].
Демек, қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату қылмысының алдын алудың заңдық-құқықтық нормаларынан өзге де тетіктерді іске қосуымыз қажет. Мысалы, балалар мен жасөспірімдерді имандылық, ізгілік, кішіпейілдік тәрізді асыл қасиеттерге баулу, оларға қоғамдық адамгершілік пен ұлттық тәрбие беру мәселелерін БАҚ –та жоғары деңгейде көтеру, осы тұрғыда өте тартымды, қызғылықты әрі мазмұнды телебағдарламалар дайындау ісін жүйелі жолға қою сияқты мәдени-әлеуметтік іс-шаралар кешенін жүзеге асыру. Мән-мағынасы ұлттық идеологиядан тұратын, тарихи және заманауи тақырыптарды қазіргі қоғам мен заман талабына орай ашатын мультфильмдер мен көркем фильмдер түсіріп, киноөндірісінде осы бағытқа басыңқы көңіл бөлу де көздеген нәтижеге жақындата түседі.
Тек бәсекеге қабылетті отандық туындылар ғана шетелдерден бастау алатын, балалар мен жасөспірімдерге теріс тәрбие беретін, қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды ақпараттық кеңестіктен ығыстырып шығара алады. Сол шақта мұндай туындыларды заңсыз тарату қылмысының өрісі тарылып, қоғамдық қауіптілігі мейлінше азаяды.
Адамның жануарларға деген қатынасы көптеген адамдардың мүддесі мен сезіміне ықпал етіп, қоғамның моральдық-этикалық, әлеуметтік және экономикалық өмірінен көрініс береді. Ресейде және АҚШ-та жүргізілген социялогиялық зерттеулер нәтижесіне қарағанда, әсіресе жасөспірімдердің жануарларға қатыгездікпен қарауы қоғамға қарсы бағытталған бейқұқықтық әрекеттермен бірге жүреді. [50]
Қылмыстық істерді зерттеу қорытындыларына қарағанда, кісі өлтіру, денеге ауыр жарақат салу, бұзақылық тәрізді қылмысты жасағандар балалық шағында мысық, ит сияқты үй жануарларын талай рет азаптаған немесе еш себепсіз өлтірген көрінеді. Сол іс-әрекеттеріне кезінде құқықтық баға берілмегендіктен, олардың қатыгездігі мінез-құлқында берік орын алып, біртіндеп қоғамға қарсы қылықтар жасауға ықпал еткен, мұның соңы қылмыс жасауға әкеп соқтырған.
Соңғы жылдары тұрақтылық сипатына ие болып, жиі қайталана бастаған осындай әрекеттердің қоғамдық қауіптілігі жөніндегі пайымдауларды алдағы уақытта түбегейлі өзгертіп, тиісті қылмыстық-құқықтық нормаларды қайта қарауға қол жеткізуге тиістіміз. Сондай-ақ, жануарларға қатыгездікпен қарау қылмысының белең алуын өзге құқықтық реттеу шараларымен тоқтатуға ұмтылу тиісті нәтиже бермейтінін естен шығармауымыз қажет [51].