Қазақстан Републикасының білім және ғылым министрлігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты


Адамгершілікке қарсы қылмыстардың тарихи -құқықтық сипаттамасы



бет2/21
Дата06.02.2022
өлшемі1,96 Mb.
#32838
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
1 Адамгершілікке қарсы қылмыстардың тарихи -құқықтық сипаттамасы


1.1 Адамгершілікке қарсы қылмыстылықты тудыратын құбылыстар

Адамгершілікке қарсы қылмыстар құрамының құқықтық сипаттамасын анықтап, оған қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін сол қылмыстылықты тудыратын құбылыстардың тарихи сипаттамасы мен көп қатпарлы қыр-сырын зерделеуіміз керек.

Жезөкшелік адамгершілікке қарсы қылмыстар құрамының басым бөлігін тудырушы құбылыс болып табылады, сондықтан аталған қылмыс құрамының өзге түрлеріне қарағанда көбірек зерделеуді қажет етеді.
Жезөкшеліктің ең көне анықтамасында әйелдің көпшілікке берілуі, клиенттердің жеке бастарына талғаусыздықпен қарауы және оларды жиі ауыстыруы, қызметі үшін сыйақы алуы жезөкшеліктің басты белгілері деп саналды.
Римдіктер жезөкше, яғни «prostasai» сөзін өз денелерін сату үшін бордельдерде тұратын әйелдерге байланысты қолданған. римдіктердің «prostare» сөзі жұрт алдында сатылу деген мағынаны білдірсе, «prostibutum» зат есімі «сатылатын қыз», «проститутка», яғни жезөкше деген ұғымға ие. Сондай-ақ, римдіктер жезөкшелік пен жезөкше ұғымдарына түрлі анықтамалар берді.
Плавт Тит Макцийдің (б.д.д. ІІІ ғ. мен б.д-дің 184 жылы аралығы) грек үлгілерімен жазған комедияларында ''guaestuosa’’сөзін «өзге дененің жәрдемімен өз денесін азықтандырады» деген мағынада қолданған. Ол сонымен қатар өз денесімен еңбекақы табатын әйел деген ұғымды білдіретін ''meretrix’’(''merere’’- еңбекақы табу деген сөзден шыққан), «prostibulum’’ (''prostare'' -зинақорлар үйлерінің алдында тұру деген сөзден шыққан), ''proseda'' (''prosedere’’- зинақорлар үйлерінің алдында отыру деген сөзден шыққан) терминдерін пайдаланған. Грамматика маманы Ноний Марцель (Y ғ.) ‘’meretrix’’ немесе ''menetrix'' пен ‘’prostibulum’’ ұғымдарының аражігін былай ажыратады: бұлардың біріншілері өздерінің кәсіпшілігімен сыпайы орындарда және әдептірек түрде айналысады және олар өз үйлерінде түн қараңғылығында ғана беріледі; екіншілері күндіз-түні бордельдердің алдында тұрады. Бұл анықтамада еркін я жасырын және зинақорлар үйлеріндегі жария жезөкшелер жайында түсінік берілген. Помпейдің қабырғасындағы «Люцилла өз денесінен пайда тапты» деген жазу жезөкшелердің мінезін қысқа және барынша ашып көрсетеді.
Жезөкшеліктің дәлірек анықтамасын беруде және оның некеден тыс қатынастың өзге түрлерінен айырмашылығын анықтауда римдіктер құқығы, ең алдымен Рим заңгері Ульпианның (170-228 ж.ж.) 426 жылы заңнамада қолданысқа енгізілген шығармалары аса зор маңыз атқарды. Оның тұжырымдары Юстинниан Дигесталарынан орын алды. Онда зинақорлар үйлерінде жезөкшелікке салынғандар ғана емес, әдетте көңіл көтеру кабактарында немесе басқа орындарда өзін арсыздықпен сататындар да жезөкшелікті кәсіпшілікке айналдырғандардың санатына қосылатындығы айтылған [3].
Ульпиан әйелдердің зорлықтың салдарынан немесе сыйақы алу мақсатында неке адалдығын бұзып, бір немесе екі еркекпен жыныстық қатынасқа түсуін жезөкшелікке жатқызбаған. Еркектердің барлығына және әрқайсысына талғаусыз берілетін, зинақорлар үйлеріндегі әйелдерге ұқсайтындарды жезөкшелер деп таныған.
Рим заңгерлері әйелдердің жыныстық қатынас үшін ақы алуын жезөкшеліктің белгісі ретінде қарастырған жоқ. Олар ақшалай сыйлық алу жезөкшеліктің мәнін ашпайды және соншалық масқаралық іс емес деген пікірді қолдады.
Көне замандағы деректерді қорытындылап, «Ақша табу мақсатында немесе мұндай мақсатсыз-ақ, жария не жасырын түрде, талғаусыз көптеген еркектерге берілетіндер - жезөкшелер болып табылады», - деген тұжырым жасай аламыз. Рим құқығы бойынша белгіленген жезөкшелік жөніндегі түсінікті кейінгі кездегі заңгерлер де таныды. Рим құқығы жезөкшелерден еркін жыныстық қатынас өкілдерінің: ‘’concubina’’, ‘’peliex‘’ ‘’amica’’ немесе ‘’delicataның‘’ айырмашылығын нақты ашып көрсетеді. ''Cohcubina’’- үйленбеген еркекпен бірге тұратын әрі барлық жағдайда заңды әйелдің қызметін атқаратын, бірақ заңды некелік келісімге отырмаған әйел. '’ Pellex’’, ‘’paelex’’ (грек сөзі - аманат әйел) үйленген еркектің сүйгені, конкубинаттан (ашынадан) гөрі қадірі төменірек.
Нума патшаның шығарған заңына сәйкес заңды неке одағын құру үшін, өзге әйелге билігін жүргізген еркекпен жыныстық байланыста өмір сүрген әйелді ''pellex'' деп атады және арсыз санады. (Нума Помпилий - б.д.д. 715-673/674 ж. ж. - құқықтық және діни реформалар жүргізген жеті римдік патшаның екіншісі.) Өздерінің таңдауына қарай аз ғана еркектермен жыныстық байланыс жасаған, осы себепті Ульпианның анықтамасында қарастырылмаған сыпайы әйелдердің (''amica'' немесе ''delicata'') жезөкшелерден біршама айырмашылықтары болған Бұлар біздің заманымыздағы «жартылай ақсүйек» әйелдерге ұқсайды, ал негізінде Рим ақыны Публий Овидий Назон (б.д.д. 43-18 ж.ж.) өзінің «Махаббат ғылымы» аталатын поэмасын арнаған сатылғыш әйелдер тобына жатады. Ақынның айтуына қарағанда, бұлар жезөкшелер санатына қосылмайды. Оның пікірінше, сыпайы әйелдер барлық жағдайда дерлік сыйақы үшін берілсе де, жеке қарым-қатынастар мен таңдауларына тәуелді, жыныстық өмірлері талғаусыз жезөкшелерден мүлде өзгеше.
Рим құқығы кейінгі кезеңнен бүгінгі күнге дейін барлық анықтамалардың негізгі қызметін атқарды. Христиан ілімі бойынша жезөкшелік азғындықтың белгілі түрі болып табылады. Некеден тыс кез келген жыныстық қатынас жезөкшелікке жатады. Жұрт көзінше өзін ұсынатын және кездескен еркектің бәріне сатылатын әйелдер жезөкшелер деп саналады. Қасиетті Иерониманың белгілі анықтамасында былай делінген: «Жезөкше дегеніміз - көптеген әйелжанды еркектерге берілетін әйел. Теологтар мен заңгерлер «көптеген еркектер» деген ұғымды талдауға келгенде, түрлі пайымдауларға бой алдырды. Біреу 40 еркекпен жатқан әйелді жезөкше деп санау керек десе, екіншісі біреу еркектердің саны 60-қа жетуі керек деп есептеді. Ал енді біреу тіпті 23000 (!) еркекке берілген әйелді ғана жезөкше деп тануды талап етті.
Қағидаға айналған құқықта әйелі бар адамға ашықтығы және сатылғыштығы жезөкшеліктің басты белгісі ретінде саналады. Жезөкшеліктің мейлінше толымды деп есептелетін анықтамасы мынадай: «Жезөкшелік дегеніміз - некеден тыс жыныстық қатынастың белгілі бір түрі, жезөкшелік жолына түскен әйел ұдайы, сөзсіз және жария түрде, сан мөлшері белгісіз көптеген еркектерге талғаусыз берілуімен ерекшеленеді; клиенттерге сыйақысыз сирек беріліп, көп жағдайда өз денесін сатуды кәсіп қылады; жыныстық әріптесінің тән құмарлығын қоздырып және оны қанағаттандыра отырып, жыныстық әрекеттердің басқа түрлерін де жасайды; өзінің азғындық кәсібінің салдарынан белгілі бір тұрақты мінезді иеленеді. Жезөкшеліктің жалпы ұғымына жезөкшеліктің өрбуіне белгілі бір дәрежеде ықпал ететін жеңгетайлық та жатады.
Рим құқығы жеңгетай әйелдерді де жезөкшелерге қосқаны мәлім. Әйтсе де, бұл құбылыстың басқа да анықтамалары бар. Жезөкшелік біздің дәуірімізге дейінгі қоғамдарда да тіршілік еткен, сондықтан оны «ең көне кәсіп» деп атайды. Көне замандағы римдіктер жезөкшелікке - көңілі қалағандардың бәріне, олардың жыныстық құштарлығын қанағаттандыру үшін өз денелерін ақшаға сату деген анықтама берді.
Революцияға дейінгі Ресейде жарық көрген «Большая энциклопедияда» мынадай анықтама берілген: «Жезөкшелік - ақша үшін көңілі қалаған кім көрінгенмен жыныстық қатынасқа кәсіби түрде қатысу». «БСЭ-да» жезөкшелікке мынадай анықтама берілген: (Проституция латын сөзі ргоstituo- масқаралаймын, арсыз қыламын). Таптық антогонистік қоғамда біздің дәуірімізге дейінгі III-II- ғасырларда пайда болған әлеуметтік құбылыс және оған тән белгі: өмір сүруге қаржы табу мақсатында (негізінен әйелдердің ) өз денелерін сатуы [4].
Түрлі әдебиеттерде жезөкшеліктің жоғарыда көрсетілген анықтамаларына ұқсас сипаттамалары бар. Жезөкшелік ұғымы жеке сүйіспеншілік пен құштарлыққа негізделмеген, төлемақы үшін кездейсоқ, некеден тыс, сексуалдық қатынас дегенді білдіреді
Егер жезөкшеліктің белгісі жыныстық қатынастың әдепсіздігі деп санасақ, (АҚШ-тың он штатының заңында (1918 ж.) осындай анықтама берілген), онда жезөкшелікке тән жыныстық азғындық және түрі айқын емес жыныстық байланыс араларындағы шекара мүлде жоғалады. Әйелдердің өз денелерін ұдайы саудаға салуы орын алса ғана жезөкшелікті кәсіп деп (кәсіби жезөкшелер бар) немесе кәсіпшілік деп тануымыз керек. Мұндай жағдайда материалдық пайда белгілері де қажет.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, жыныстық қатынастағы серігіне деген сезім талғаусыздығы жезөкшеліктің елеулі белгісіне жатпайды. Өйткені, жезөкшелердің өздерінің талғамдарына сай келетін серік таңдап алуларына және жиіркеніштерін туғызатын еркектерге интимдік қызмет көрсетуден бас тартуға мүмкіндіктері бар, жезөкшеліктің дәл анықтамалары бұл ұғымды шексіз кеңейтуге жол бермейді, бұл осы кәсіпшілікпен айналысушылыққа құқықтық жауапкершілік белгілеу кезінде айрықша маңызды. Жезөкшелік - жеке бастың бейімділігі мен сезім әуестігін негізге алмай, екі жақтың бірінің (әйелдердің) маңызды ынталандыруы табыс болып табылатын некеден тыс сексуалдық қатынас деген ұғым да бар. Бұл анықтама нақтырақ болса да, бәрі-бір жезөкшеліктің мәнін толық аша алмайды. Мәселен, табыс табуды мақсат етпей, тек көңіл көтеру үшін ғана клиенттерге тегін қызмет көрсететін жезөкшелер бар.
Сондай-ақ, ХІХ ғасырдағы ресми құжаттарда жезөкшеліктің негізгі белгілері сатылушылық, жария әрекеттік, кәсібилік деген анықтама берілді. Бірақ, мұндай түсінік те сатылғыш қыздардың арасындағы жезөкшелікпен уақытша айналысушылар, қожайындарымен нәпсіқұмарлық байланыстағы күтушілер тәрізді үлкен бөлігін қамти алмады.
Жезөкшелікке деген ресми көзқарас тікелей қоғамдық санаға ықпал етті. Айталық, Петербургте 1897 жылдың 15-22 қаңтары аралығында өткен «Ресейдегі мерезге қарсы шараларды талқылау жөніндегі» сьездге қатысушылар бірқатар қаулылар қабылдады және жезөкшелік анықтамасын белгілеу мәселесін қарады. Құжаттарда ол «белгілі бір тұлғалардың тіршілік етуіне кәсіпшілік ретінде мүмкіндік беретін, қоғамдық құрылыстың жойылмайтын элементі» деп сипатталды, сонымен қатар «жезөкше» анықтамасына онымен кәсіби түрде айналысқан әйелдермен бірге жезөкшеліктен уақытша (кездейсоқ) кіріс келтіретін әйелдер де жатқызылды. Анықтамаға көне кәсіптің өкілдерін тұрғылықты мекендеріне қарай қалалық және селолық деп жіктеген тарау енгізілді.
Халық денсаулығын қорғау Орыс қоғамының екінші бөлімшесі 1903 жылы құрған жезөкшелікті дәрігерлік-полициялық қадағалау жөніндегі комиссия жезөкшеліктің мәнін анықтауға арналған бірнеше ұсыныстарды талқыласа да, нақты шешім қабылдай алмады. Жиналғандардың назарына мынадай анықтамалық терминдер ұсынылды: «Жезөкше деп жалғыз кәсіпшілік ретінде немесе қандай да бір өзге қызметпен бірге қосалқы кәсіпшілік ретінде өз денесін сатумен айналысатын әйелді айтады». Бұл анықтамаға қарсылық білдірушілер, онда жария әрекеттік туралы түсінік жоқтығын дәлел қылды. Талқылауға ұсынылған «жезөкше дегеніміз - көпшілік алдында жария түрде өз денесін сатып қаражат табатын әйел» деген анықтама да сынға ұшырады. Ондағы жария әрекеттік туралы түсінік барлық адамға бірдей түсінікті емес, оны біреулер көпшіліктің көз алдында істелетін іс деп ұғуы мүмкін, сондай-ақ анықтамада жезөкшелік кәсібі жөнінде ереже жоқ деген сын айтылды.
Жапондардың «Жезөкшелікке жол бермеу туралы» (1956 ж.) заңында бұл іс «Сыйақы үшін немесе сыйақы беруге уәде үшін белгісіз серіктермен жыныстық қатынасқа түсу» деп сипатталады. Нью-Йорк штатының Қылмыстық кодексінде жыныстық қатынасты сыйақы үшін жүзеге асырған, жүзеге асыруға келіскен немесе ұсыныс жасаған адамдар да жезөкшелікке кінәлі деп танылады делінген.
Ағылшындардың медицина қызметкерлерінің пікірінше, әйелдер жезөкшелікті, яғни ақшалай немесе басқа түрдегі сыйақы үшін жыныстық қатынас жасауды еркектермен әдеттегі қарым-қатынас ретінде түсінуі мүмкін.
Негізгі табыс көзі осы кәсіптен құралатын әйелдер кәсіби жезөкше болып табылады. Олардың құрамына зинақорлар үйлеріндегі, соларға ұқсас орындарда жалғыз жұмыс істейтін және баспанасыз, кезбелікке салынған кез келген уақытта, кез келген жерде ең төмен бағаға, тіпті бір үзім нанға денелерін сататын әйелдер де енеді. Соңғылардың көпшілігі бақылау шеңберіне ілікпейді, сондықтан олардың есебін дәл жүргізу мүмкін емес. Дегенмен, нәпсіқорлық кәсіпшілігін жүргізуші жезөкшелер қауымының құрамы олардың жоғарыда көрсетілген 3 түрінен ғана тұрмайды. Бұл қауым қызметі, лауазымы, мәртебесі, отбасылық жағдайы, қоғамдағы орны т.б. жағынан алуан түрлі жезөкше әйелдерден құралған. Дегенмен, қазіргі біздің қоғамымызда орын алған жезөкшелік пен ежелгі дәуірлердегі жезөкшеліктің сыр-сипатында едәуір айырмашылық бар.
Ресми құжаттарда жезөкшелік көңілі қалаған адамдардың бәріне белгілі бір сыйақы үшін өз денесін сату немесе жыныстық қатынас жасауға келісім беру арқылы жүзеге асырылатын азғындықтың бір түрі ретінде түсіндірілді. Бұл анықтамада жезөкшелер жікке бөлінбеген, сондықтан олардың бәріне бірдей қолданылды. А. Флекснердің пікіріне қарағанда, бұл анықтамаға жезөкшеліктен өзге табыс көзі жоқ, тіркелген кәсіби жезөкшелер ғана енеді [5].
В. Бронкер мен А. Елистратовтың еңбектерінде былай делінген: «Жезөкшелік ұғымын анықтау үшін оның мынадай белгілерін айқындау қажет - әйел денесін сатып алу мен сатудың ашық элементі, әйелдің еркін жыныстық таңдауы болмауы және материалдық сыйақы үшін оны иеленуге тілек білдірушілердің бәрінің оған қол жеткізе алуы». Мемлекет және құқық энциоклопедиясы тіпті қысқа анықтама береді: «Жезөкшелік дегеніміз - жыныстық инстинкті қанағаттандыру объектісі ретінде өз денесін сату» [6].
Шетелдік зерттеушілер де жезөкшелікке осыған ұқсас баға берген. Мысалы, ағылшынның психосексуалдық оқулығында төлемақы үшін арсыз азғындыққа өз денесін ұсынған әйелдер жезөкше деп танылған. Ағылшын зерттеушісі Эллис түрлі адамдарға өзінің сексуалдық мейірімін сақтаған әйелді жезөкше деп таныды [7].
Жезөкшеліктің бір көрінісі сатылушылық. Белгілі социолог Г.Зиммен жезөкшеліктің ақшалық (тауарлық-ақшалық) мәнін аша келіп, жезөкшелік пен ақшаның табиғаты ұқсас екенін атап көрсеткен. Оның пікіріне қарағанда, жезөкшелік пен ақшаның барлық жаңа қолданысқа талғаусыздықпен берілуі, кез келген субъектіні оп-оңай тастауы, олардың біреуімен де тығыз байланыста болмауы тәрізді ортақ белгілері бар. Жезөкшелік адамдық болмысты сатып алу - сату яғни сауданың бұйымына айналдырады [8].
«Жезөкше» категориясын зерттеушілер де ортақ қорытындыға келе алмады. Олардың әр қайсысы жезөкшеліктің басты белгілерін өздерінің айқындауы бойынша тану дұрыс деген пікірді ұстанды. Э. Шперк жезөкшеліктің басты белгісі кәсібилік деп санады. Ол «Көпшілік әйелі дегеніміз - жезөкшелікті өз кәсіпшілігі ретінде таңдап алған және тіршілік етуге қаражат табудың өзге жолы жоқ немесе оны қаламайтын әйел, ал жезөкшелік дегеніміз - кәсіпшілік, некенің заңды, өткінші және өткір түрі» деген пікір білдірді.
Р.Вордлоу жезөкшелікке «жыныстар арасындағы кез келген рұқсат етілмеген қатынас» деген анықтама берді. Ол тіпті азғындық пен жезөкшеліктің арасындағы кез келген айырмашылықты жоққа шығарды және көпшілік әйелдерді «ақша үшін немесе өтемақысыз өздеріне қайырымдылық көрсетушілерге өздерін құрбан етушілер» деп атады. Сондай-ақ, ол «әйелді солай деп атау үшін жыныстық қатынастың бір оқиғасы жеткіліксіз, жыныстық әрекеттің ерікті қайталануы ғана жезөкшелік таңбасын басады», - деп жазды. Одан кейінгі кейбір авторлардың пайымдауларында тіпті сандырақтар орын алды. Олар жезөкшені «зинақорлар үйлерінде ең кем дегенде 20 сағат бойы еркектерге берілетін әйел» деп санады. Осыған ұқсас анықтама берген М.Кузнецов: «Жезөкше не көпшілік әйелдері деген сөздің мағынасы бізде әдетте өте кең ауқымда қолданып, кейде некеден тыс жыныстық қатынастың бәрін жезөкше деп қабылдайды. Ал нақты өз мағынасында айтқанда, жезөкше дегеніміз - еркектердің жыныстық құмарлығын қанағаттандыру үшін ақшаға өз денесін беретін әйел, жезөкшелік дегеніміз - азғындық мақсатты көздеумен адам денесін саудаға салу» [9].
М. Рабютоның пікірінше, жезөкшеліктің жалғыз шешуші белгісі мынадай: «нағыз жезөкше деп біз мәжбүрлік ықпалымен немесе ерікті түрде ешқандай таңдаусыз, сүйіспеншіліксіз, сезім құмарлығынсыз жыныстық қатынасқа түскен әйелді айтамыз. Жеке таңдауының жоқтығы, өзін бәріне және әркімге талғаусыз беру -жезөкшеліктің ең маңызды және басты белгісі».
Осылайша, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық және ғылыми сана «жезөкше» категориясының басты белгілері - сатылушылық, жария әрекеттік, кәсібилік деген анықтама берді. Әйтсе де, авторлар осы үш белгінің бірін негізгі, қалған екеуін қосымша белгі деп тануда ортақ пікірге келе алмады. Өйткені, олардың бір бөлігі жезөкшелікті кәсіп ретінде, екіншілері қылмыс ретінде таныды яғни «жезөкшелік» категориясын бірі қоғамдық еңбек түсінігі тұрғысынан, екіншілері құқықтық түсінік бойынша қарастырды. Басқа да анықтамалар жезөкшелікті адамдардың жынысына қарамастан, пайдакүнемдік мүдде үшін іске асырылатын жыныстық қатынастың кез келген түрі ретінде кең мағынада түсінуге мүмкіндік береді.
Л.Мартино да жезөкшелер қатарына «өзін сатып алушыларды таңдамайтын» әйелді жатқызады, бірақ «еркекті бір мақсат үшін ғана таңдайтын, сөйте тұра оған өте селқос қарайтын» әйелдің де жезөкше бола алатынын жоққа шығармайды. Ол тұтастай жезөкшелікті «басқалар үшін рахат сезімінің саудасы» деген анықтамамен атайды.
М.Чистякованың пікіріне қарағанда, «жезөкше - ашық түрде және тұлғаны таңдамай-ақ, ақша үшін өзінің махаббатын сататын, сөйтіп атақ іздейтін әйел, жезөкшелік әрдайым осындай сипатта болған, бұл түсінікке жезөкшенің денсаулығы жөніндегі өлшем де, басшыларының рұқсатымен не онсыз әрекет етпеу керек». [10]
А. Поспелов «Жезөкше дегеніміз - ашық немесе жасырын түрде және әдеті бойынша еркектердің жыныстық құмарлығын қанағаттандыру үшін оларға берілетін әйел».
Сөйтіп, жезөкшеліктің басқа белгілеріне қарағанда сатылғыштық белгісінің басым екендігі байқалады және оның түсінігіне жезөкшелікпен айналысатын жоғары әлеуметтік топтағы әйелдер, сондай-ақ еркін я жасырын немесе жеке-дара жүріп көне кәсіппен шұғылдану енбейді. Сонымен қатар, ол бұл анықтамада «жезөкше - дегеніміз бәрінің жалпы игілігі үшін өз өмірін құртатын әйелдердің жоғары мұраты» деген пікірді де қосады.
А.Бляшко өз еңбектерінде жезөкшелікті әйелдердің белгілі бір бөлігінің тек кіріс келтіру себебімен некеден тысқары жыныстық қатынас түрі деп атады. А.Х.Сабинин мынадай анықтама берді: «Жезөкшелік дегеніміз - бір жақ екінші жақтың игілігі жөнінде қам жемеуі яғни жыныстық құштарлықты уақытша қанағаттандыруы, махаббат пен адалдық сезімдерінен айрылуы және оның күшті салдары болатынын ескермеуі. Егер сонымен қатар ақшалай төлемақы орын алса, тар мағынадағы жезөкшеліктің де болғаны, егер ол жоқ болса, мұндай қатынас жезөкшелік болып саналмайды». Сөйтіп, оның пікірі бойынша да, сатылғыштық жезөкшеліктің басты белгісі болып саналады [11].
Көне кәсіпті ұзақ жылдар бойы зерттеген В.М. Тарновский де «Жезөкшелік және абсолиционизм» аталатын өз еңбегінде осындай тұжырым жасаған. Оның сөзіне қарағанда, жезөкшеліктің өзі де, оның барлық көріністері де жауыздық, тек қана жауыздық, қазіргі өмір жағдайында сөзсіз орын алады. Жыныстық қатынасты сатып алу-сату полицияның бақылауында не одан тысқары жүзеге асса да, ол әрдайым әйелдердің адамдық болмысын қорлау болып табылады.
Х.М. Чарыков жезөкшелік түсінігіне жаңа элементтер енгізді. Біріншіден, - деп атап өтті ол, бұл құбылыс адамға ғана тән, екіншіден, әйелді мұндай жолға итермелейтін материалдық-экономикалық яғни ақша тапшылығы, үшіншіден, ол тек қана қалалық құбылыс. Жезөкшелік - қаланың сүйікті қызы. Ол ерекше әлеуметтік қатынас ретінде материалдық-экономикалық жағдайға байланысты ақшаны мақсат еткен кәсіпшілік санатында сипатталады. Осы себепті жезөкшелік қоғамдағы экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етілмеген элементтердің тіршілік етулері үшін өздерінің материалдық жағдайын қамтамасыз етудің белгілі тәсілі болып табылады.
Алдыңғы авторлардың барлығы жезөкшелікті бұрынғы кезде қоғамдық құрылыстың қажетті элементі ретінде таныса, Д.Д. Ахшарумов оған басқаша қарайды. Ол өзінің «Жезөкшелік және оны тәртіппен реттеу» аталатын баяндамасында «Адам өмірінің жыныстық саласында белгілі ауытқушылық құбылысының жиынтығы оның өміріндегі құбылыстардың қалыпты күйден өзгеріске ұшыраған бір бөлігі, ал жезөкше дегеніміз - азын-аулақ төлемақыға өз денесін сатушы жарлы әйел, ал денесін өте қымбат бағаға сататындарды бұлай деп атауға келмейді. Бұлар тіпті айрықша артықшылықты иемденген тіршілік иелері. Зинақорлар үйлерінде жасайтын және өзін-өзі ерекше тірлік иесі деп жариялаған әйел ғана сондайлардың қатарында деп есептелінді».
Неміс ғалымы И. Блох «Жезөкшелік тарихы» аталатын өз еңбегінде жезөкшелік – некеден тыс жыныстық қатынастың белгілі бір түрі екенін айта келіп, жаңа пікір білдірді. Жезөкшелік жолына түскендер бұл кәсіппен тұрақты айналысады, талғаусыз көп адамдарға беріледі, сыйақысыз берілуі өте сирек, көп жағдайда еркектердің жыныстық сезімін қасақана қоздырып, оны қанағаттандырумен айналысады. Мұндай субьектілер өздерінің азғындық кәсіпшілігі салдарынан белгілі бір тұрақты ұсқынға енеді. Дегенмен, И.Блохтың мұндай анықтамасының да кемшін тұстары бар. Айталық, оның ауқымына жезөкшелікпен кәсіби түрде айналыспайтын яғни оны екінші кәсіп қылған тұлғалар енбеген, сондай-ақ ол кездейсоқ жезөкшелікті және еркектердің есебінен күн көретін әйелдердің жезөкшелігін, басқаша айтқанда олардан ақша емес сыйлық алатын әйелдердің азғындық әрекетін, астыртын, тәртіппен реттелмеген жезөкшелікті де оған қоспайды. Ал мұндай жезөкшелік түрлері зинақорлар үйлеріндегіден көп екені тәжірибеден белгілі.
Ресми жезөкшелердің өз кәсіпшілігін тастап, қалыпты өмір салтын ұстауға көшкендері аз емес екенін және заңсыз жезөкшелікпен айналысушылар арасында мүлде азып, құлдырауға ұшырайтындардың саны көп болатынын статистика мәліметтерінен байқалады [12].
Қазіргі біздің қоғамымызда, жезөкшелік бір адамның әлденеше рет, әлденеше адаммен алдын ала өзара келісіп, ақылы түрде жыныстық қатынасқа түсуі ретінде танылады. Мұндай қатынас қарама-қарсы жыныстылардың арасында (гетересексуалдық) және бір жыныстылардың арасында да (гомосексуалдық) болуы мүмкін. Төлемақы ақша немесе зат түрінде, я түрлі пішінде қолдау, көмек көрсету түрінде болуы ықтимал.
Төлемақы үшін бір рет жыныстық қатынасқа түсу жезөкшелікке жатпайды. Жезөкшелік - өз тәнін саудаға салу арқылы пайда табу. Жезөкшеліктің тағы бір анықтамасы мынадай:
а) кәсіп түрі - клиенттің сексуалдық қажеттілігін қанағаттандыру;
ә) кәсібінің сыйпаты – үнемі, жүйелі түрде сүйіспеншілік сезіміне берілмей-ақ, клиенттің жыныс қажеттілігін кез келген түрде қанағаттандыруға бағытталған, түрлі адамдармен жыныстық қатынасқа түсу жолымен жүзеге асырылатын кәсіби қызмет, т.б. кәсібінің мақсаты -жезөкшелікпен айналысушы тұлғаның күнкөріс қаражатының негізгі немесе қосымша көзі болып табылатын ақша түрінде немесе басқадай материалдық құндылық түрінде алдын-ала сыйақы алуға келісу [13].
Жезөкшеліктің көпшілік таныған мынадай белгілері бар: түрлі адамдармен сексуалдық қатынас жасау (әдепсіз жыныстық байланыстар) және көбіне ақшалай түрде сыйлық (төлемақы) алу. Кей кезде сезім талғаусыздығы белгісін де жезөкшелікке тән деп қарайды. Дегенмен, келтірілген анықтамалардың айқындылығына қарамастан, жезөкшелік пен жеңіл мінезділіктің ара жігін ажырату қиын.
Жыныс қатынасы саласындағы жеңіл ойлылық немесе бейморальдық мінез-құлықтан жезөкшеліктің айырмашылығы, (ол да бейморальдылықтың шектен шыққан түріне жатса да), төлемақы туралы алдын ала келісім жасалудан көрінеді. Басқаша сөзбен айтқанда, серіктерін жиі ауыстыратын, олардан сыйлық алатын, олармен бірге мейрамханалар мен ақылы ойын-сауықтарда уақыт өткізетін әйелдер әлі де жезөкше деп саналмайды. Жезөкшеліктің басты белгісі - әрекеттің ұдайылығы және төлемақы жөнінде алдын ала келісу, (қызмет бағасы алдын ала айтылмауы да мүмкін), болып табылады.
Жезөкшелердің алатын сыйлығы ақша түрінде болмауы да мүмкін. Жезөкшелер әсіресе шетелдіктермен материалдық құндылықтар үшін (киім, әшекей, қымбат косметика, парфюмерия.т.б.) жыныстық қатынасқа түседі. Мұндай төлемақы түрін өзі сүйген еркектерді жиі ауыстыратын жеңіл мінезді әйелдердің алған сыйлықтарынан айыру оңай емес. Кейінгі кезде жезөкшелікпен айналысушыларды сексқызметші деп атау қалыптасып келеді.
Адамзат тарихы мен мәдениетіндегі сан қырлы күрделі құбылыс жезөкшеліктің мәні және өзіндік айқын белгілері жөніндегі пікірталас әлі де жалғасуда. Ресейдің, сондай-ақ бірқатар шетелдердің тарихнамасында жезөкшелікті заңдастыруды құқықтық және медициналық тұрғыдан зерттеуге арналған ғылыми еңбектер аз емес. Әйтсе де, бұл салада «жезөкше» категориясының мәні мен мазмұнын белгілеу жөніндегі мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Мұның өзі «жезөкшелік» және «жезөкше» сөздері мағыналарының дәл айқындамасын берудің оңай емес екенін білдіреді.
Қазіргі зерттеушілердің көпшілігі бұл проблеманы мәдениеттану емес, әлеуметтік-экономикалық саламен байланыстыра қарайды. Ал ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезеңінде жезөкшеліктің мәні мен рөлі жөніндегі мәселе тарихи, әлеуметтік-саяси және медициналық әдебиеттерде пікірталас тудырған тақырыптардың біріне айналды. Талқылау барысында бұл тақырып қызу айтыс та тудырды.
Әйелдерді саудалау жезөкшелікпен және әйелдерді коммерциялық сексте пайдаланумен тығыз байланысты. Халықаралық құжаттардың көпшілігінде жезөкшелікті ырықсыз жезөкшелік, ерікті түрдегі жезөкшелік және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануы деп бөледі. Бірақ ТМД елдерінде бұлай жіктеу жоқ.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 308-бабына (жезөкшелікпен айналысуға тарту) берілген түсініктемелерде жезөкшелікке жыныстық қатынастың басқа да түрлері жатқызылған. Мысалы, А.Н. Ағыбаевтың «Қылмыстық құқық» атты оқулығында аталған құбылысқа мынадай анықтама берілген: «Жезөкшелік дегеніміз, бұл әртүрлі адамдармен ақылы түрде әлденеше рет жыныстық қатынаста болу. Жезөкшеліктің мынадай белгілері бар: жыныстық қатынаста болу. Жыныстық қатынас әйел мен еркектің, әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің (гомосексуалдық) арасында болуы мүмкін».
Еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынастары негізінен бас бостандықтарынан айрылғандардың мерзімді жазаларын өтеу орындарында кең тараған. Мұндай орындардағы гомосексуалдар мен лесбияндардың іс-әрекеттері наным-сенімге негізделмеген, қарама-қарсы жыныстағы адамдардың жоқтығына байланысты, өздерінің нәпсіқорлық сипаттағы мұқтаждықтарын қанағаттандыру мақсатында туындаған. Ерлер колонияларында, қылмыстылар дүниесінің жазылмаған заңдарына сәйкес, өз араларында айыпты болған еркектерді жазалау мақсатында әйел ретінде пайдаланады және мұндай жағдайға ұшырағандар қамалғандар арасында масқара қылынған, төмендетілген саналады [14].
Дегенмен, еркек пен еркектің арасындағы (гомосексуалдық) жыныстық қатынас, еркектің еркекке берілгіштік жыныстық қатынасы кейінгі кезеңде ғана жұртшылыққа жария бола бастаса да, көне заманнан бері жасап келе жатқан қоғамдық қауіпті құбылыс.
Ата-бабамыз порнография туралы естімегені ақиқат. Солай десек те, бұрын құлағымызға түрпідей тиетін «порнография» сөзін қоғамдық әлеуметтік өмірімізге түп төркіні жат жұрттық бөгде мәдениеттер сыналап енген ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап, өз аузымызбен айта бастағанымыз да шындық.
Қазіргі кезеңде кез келген қазақстандық азаматтың, жас мөлшеріне қарамастан, порнографиялық мазмұндағы журналдар мен газеттерді, кино-, видеофильмдерді, компьютерлік дискілер мен өзге де материалдарды алуға мүмкіндігі бар. Бұл проблема құқық қорғаушылар ғана емес, оқымыстылар тарапынан да назар аударылуын тілейді. Ал Қазақстандағы заң ғылымында бұл қылмыс түріне талдау жасауға арналған арнайы зерттеу жұмысы жүргізілген емес. Тек осы қоғамдық қауіпті әрекеттің халықаралық аспектілеріне негізделген жалпы теориялық бағыттағы жұмыстар ғана жүзеге асырылды. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында, ежелгі төл мәдениетімізге жат құбылыс - порнографияның қыр-сырына, шығу тегіне үңілуге және одан арылудың жолдарын іздестіруге мәжбүр болдық.
Тарихи-құқықтық талдау нәтижесінде, порнография түсінігі Еуропада, көне дәуірдегі қоғамда пайда болғаны және эротикалық туындылардан оның ара жігін ажыратуға талпыныс жасалғаны анықталды. Көне дәуірде жезөкшелік тәрізді порнография да қылмыстық қудалауға жатқызылмаған. Тек орта ғасырларда ғана порнографияға заң бойынша тыйым салына бастаған.
Порнографияға байланысты алғашқы сот процесі 1727 жылы Англияда жүргізілген. ХІХ ғасырдың өзінде, өркениетті елдердің көпшілігінің қылмыстық-заңдық нормаларында порнографиялық материалдарды таратқаны үшін жауаптылық белгіленген.
Ресейде мұндай қылмыстық жауаптылық 1865 жылы бекітілген. Революциядан бұрынғы заңнамада аталған қылмыс құрамының обьективтік жағының белгілері анық көрсетілген. Бірақ порнография түсінігінің өзі нақты айқындалмаған.
Порнографияны таратуға алғашқы қылмыстық-құқықтық тыйым салу 1910 жылы Ұлттар Лигасы Келісімінде қарастырылды. Бұл құжат декларация сипатында болды және онда материалдық құқық нормасы белгіленбеді. 1910 жылғы Келісім порнографиялық материалдар өнімі айналымын қысқарту жөніндегі талаптар мен ұсыныстардың жалпы нормасынан тұрды. Құжаттың қылмыстық құқықтық мәні онда порнографиялық сипаттағы заттар мен материалдардың жобалы тізімі көрсетілгендігінде еді. Бұл Келісімнің тиімділігі аз болғандықтан, әлемдік қауымдастық 1923 жылы порнографиялық өнімдер айналымының алдын алу жөнінде жаңа Конвенцияға қол қояды. Онда көрсетілген әрекеттер үшін жауаптылықты негіздеу талданып көрсетілген.
Кеңестік қылмыстық құқық нормасында, (КСРО-ның 1923 жылы Женева Конвенциясын мақұлдап бекітуіне орай), 1935 жылы порнографиялық материалдарды таратуға жауапкершілік көздеу белгіленді.
РСФСР-дың 1926 жылғы және 1960 жылғы Қылмыстық Кодексі түсінігінде порнографиялық материалдар туралы ұғым қарастырылмаған, тек оларды таратудың әдістері ғана баяндалған. Оқымыстылар да порнографияны анықтаудың әмбебап белгілерін көрсете алмады. Заң қолданушы адам айыптыға қылмыстық жауапкершілік жүктерде өз пікірін және порнография мәселесі бойынша арнайы комиссияның мүшелігіне тартылған түрлі білім саласы мамандарының пікірлерін басшылыққа алды, мемлекеттік идеологияның талабын да ескерді. Мұндайда, порнографияның нақты белгілері заң жүзінде айқын көрсетілмегендіктен, жазықсыз адамды жаңсақ айыптау жиі орын алатын. Айыптау қорытындысын қайта қарау немесе оның күшін мүлде жою оқиғалары да жиі ұшырасатын..
ХІХ-ХХ ғасырларда адамзат порнографиямен күрестің проблемаларына халықаралық деңгейде назар аудара бастады. Порнографияны тарату дүниежүзілік кеңестікке жайыла бастағанын ұғынып, дереу порнографиялық өнімдерге тыйым салу жөнінде халықаралық заңнамалар қабылданды.
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар, кино-, бейнематериалдар, баспа өнімдері сипатында қазақстандық қоғамға соңғы онжылдықтарда, сырттан ақпараттық тасқынмен ене бастады. Сан түрлі жаңалыққа толы жаһандану дәуірі әлеуметтік өмірімізге сыналап ене бастаған қазіргі кезеңде, біздің қоғамның әлемдік қауымдастықтан оқшаулануы мүмкін болмай қалуы нәтижесінде, жат жұрттық мәдениеттер ағыны ақпараттық кеңестік арқылы қоғамдық санаға, әсіресе жастардың санасына кері ықпал етуде.
Бөгде елдердің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен біте қайнаған, идеологиясынан нәр алған, заманауи саясатына бейімделіп түрленген сан қатпарлы мәдениеттердің арасында енді ғана рухани өмірімізге нәр беріп, қайта жаңғыра бастаған төл мәдениетімізбен үйлесетіні де бар. Керісінше, жат жұрттық екені бірден танылатын, ұлттық ділімізге кереғар келетін, солай бола тұра ұлттық құндылықтарымызды көкірегімізде тұншықтырып тастауы ықтимал мәдениетер де жоқ емес. Мұндай мәдени басқыншылық күні ертең күшейе түссе, соның ағымымен қоғамдық санаға шетелдік саясат пен идеология да енері анық.
Ережесіз шайқастар туралы көркем фильмдердегі жағымды қаһарманның қарсыластарының аяқ-қолын сындырып мүгедек қылып тастауын немесе күш қолданып қинап өлтіруін көрсететін сюжеттер балалар мен жасөспірімдердің санасында еліктеушілік сезімін тудырып, соларға ұқсауға талпындырады. Сөйтіп, қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар оларды адамгершілік қасиеттеріне баулуға кері ықпал етеді, қазақ балаларына ұлттық тәрбие беруге кедергі жасайды.
Қазақ халқы ислам дініне дейін тәңірлік (шаманизм) дінді ұстанғаны тарихтан мәлім. Бұл дінге сенгендер ата-баба аруағын шексіз ұлықтап, олардың рухына сыйынған, жаумен шайқасқанда батырлардың есімдерін ұранға айналдырған. Баласыз немесе ауру-сырқаулы адамдар әулиелердің қабірінің басында өзекжарды өтініш-тілегі орындалады деген сеніммен құрбандық шалған. «Алпамыс батыр» жырында сол сенім-наным Байбөрі бай мен Аналық бәйбішенің әрекеті арқылы ашылып берілген..
Ата-бабалар жерленген қорымдар қасиетті орын әрі белгілі бір рудың меншігіндегі жер екенін білдіретін белгі саналған. Молаларды бұзу ата-баба аруағын шексіз қорлау, руды барынша масқаралау және оның меншігіне қасақана қол сұғу болып табылған. Мұндай істің соңы бітіспес дауға, қарулы қақтығысқа, тіпті қанды шайқасқа әкеп соқтырған.
Ислам діні халқымыздың рухани өміріне дендеп енгенімен, тәңірлік діннің ата-баба аруағына сыйыну жорасын жоя алған жоқ. Керісінше, қайтыс болған адамдардың мәйітін ақ жуып, арулап қою рәсімін күшейте түсті. Оны атқару таза жүретін, мұсылманшылдықты ұстанған адамдарға ғана тапсырылған. Жерлеу рәсіміне қатысу марқұмды білетін барлық адамдарға парыз болған. Торқалы тойға, топырақты өлімге келмегендер ел алдында абырой-беделден айрылған. Дегенмен, Кеңес үкіметі кезеңіндегі жаугерлік атеизм ілімінің дінді әлсіретуі салдарынан ата-баба аруағына сыйыну жорасын ұстану да ұмытыла бастады. Ал Мәшһүр Жүсіп тәрізді әулиелердің кесенесі дін ошағы ретінде бұзылды. Әулиелердің қабірі басына мінажат ету рәсімін большевиктердің, саяси қайраткерлердің зираттарын құрметтеу рәсімімен алмастыруға талпыныс жасалды. Жүйелі түрде жүргізілген мұндай іс-шаралар, ақыры, жалпы қабырханаларға деген немқұрайдылық сезімнің туындауына әсер етті. Соның салдарынан, әдетте, бұзақылық ниетпен зират құрылыстарын бүлдіру, я жою немесе оларды пайдакүнемдік мақсатында бұзып алып керегіне жарату, я сату, сондай мақсатпен қабірлерді қазып, мәйіттердің алтын тістерін сындырып алу қылмыстары орын ала бастады. Солай бола тұра, ұлттық, нәсілдік, діни тұрғыдан халықтар арасына өшпенділік тудыру мақсатында өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау оқиғасы тіркелген жоқ.
Халқымыз бағзы замандардан бері өз иелігіндегі төрт түлік малға ғана емес, аң мен құсқа, тіпті өрмекші мен құмырсқа тәрізді жәндіктерге де құрметпен қараған. Ежелгі сенімдері бойынша, төрт түліктің киесі бар деп санап, оларды жырға қосқан. Көне түркі дәуірінде, бабаларымыз көк бөріні ел қорғаны тұтып, оның басын байрағына бейнелеген. Арыстан, жолбарыс, қабылан, бүркіт, лашын, сұңқар, аққу тәрізді түз тағыларын да әспеттеп, адам бойындағы батырлық, ерлік, ептілік, сұлулық, пәктік тәрізді асыл қасиеттердің символына айналдырған.
Жан-жануарлар атауларына байланысты кісі есімдері мен жер-су аттарының көптігінен, өлеңдер мен мақал-мәтелдердің молдығынан, халқымыздың өзге тіршілік иелеріне деген ілтипаты айқын аңғарылады. Қазақтар құмырсқаның илеуін бұзбаған, өрмекшіні өлтірмеген, қарлығаштардың қора ішіне ұя салуын жақсылыққа жорыған, тіпті үйге еніп кеткен жыланның да таңдайына ақ тамызып, сыртқа шығарып жіберген.
Алайда, кейінгі үш ғасырға таяу бодандық кезеңінде, халқымыздың тұрмыс салтының өзгеруі, отаршылдық саясат салдарынан ұлттық санасы, тілі, әдет-ғұрпы, сондай-ақ діні жартылай күйреуге ұшырауы тәрізді факторлар оның жан-жануарларға қатысты наным-сенімін мейлінше әлсіретіп, көзқарасына да теріс ықпал етті. Осылайша рухани құндылықтары жұталған халық жануарлар дүниесіне имандылықпен қарау ғұрпын ұстануды жадынан шығарды.
Тіпті жасы үлкен адамдардың өзі жануарлардың қазіргі кезде бала тәрбиесіне оң ықпал ететініне, соқыр адамдарға көмекші, апатқа ұшырағандарға құтқарушы, жалғызбасты адамдарға серік болатынына соншалық мән бермеуде. Адамдар жануарлар дүниесінен алшақтаған сайын өздерін саналы тіршілік иелері екенін ұмыта бастаған тәрізді.
Қалалық елдімекендерде қаңғыбас иттер санының көбеюіне алдымен иелері кіналі. Мысалы, адамдар басқа елдімекендерге қоныс аударғанда, немесе жайлы пәтерлерге көшкенде, асыранды иттерін көшеде қалдырып кетеді. Соның салдарынан, ашығуға ұшыраған иттер тамақ іздеп, азық-түлік сататын базарлардың я асханалардың маңына топталады. Өз түйсігі бойынша олар жаңа аймағын қорғауға кіріседі.
Адамдардың қуғындауына ұшыраған иттер біртіндеп жартылай жабайылана бастайды. Кейде олар топталып адамдарға қарсы ұмтылады. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қызметі мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылдың І тоқсанында иттердің қабуынан 700 адам зардап шеккен, олардың 220-ы балалар.
Қалада иттердің құтыруы оқиғасы да тіркелген.
Алматы қаласы ауылшаруашылық бөлімі мәліметіне қарағанда, І тоқсанның өзінде 1496 қараусыз ит ауланған. Бұлардың барлығын ауруға ұшыраған деп айтуға болмас. Солай бола тұра, оларға арнайы орындар салып, жаңа қожайынына табыс еткенше асырай тұруға қаражат тапшылығы мүмкіндік бермейді. Осы себепті қараусыз иттер ауланғаннан 3 күн өткен соң өлтіріледі.
Түз тағыларын тек зообақтардан көріп өскен жас буын арасынан жан-жануарларға қасақана қатыгездік жасайтын қаскөйлер бой көрсетті. Олардың іс-әрекеттері қылмыс санатына жатқызылады және бұл қылмыс құрамының диспозициясы, қоғамдық қауіптілігі, оның алдын алу шаралары арнайы зерттеуді қажет етеді [15].


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет