Қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (313-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі - қоғамдық адамгершілік. Қылмыстың заты - қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар. Оларға баспа басылымдары, кино немесе бейне материалдары, сондай ақ қатыгездікпен күш қолдануды насихаттайтын кез келген жазбаша бағдарлама көздері (кітаптар, мақалалар, бейне таспалар, слайдылар) жатады. Бұлардың арқасында бұған дейін адамгершілік нормаларға байланысты ардақталып келген рухани құндылықтар жойылып, адамның онымен қатар өмір сүріп келе жатқан ең маңыздды игіліктері – оның өмірі мен денсаулығына деген немқұрайдылық үстемдік алады. Аталған шығармалардың сипатын анықтау туралы мәселені шешу – сарапшылардың еншісіне тиеді, яғни өнер тұрғысынан сарапталуы тиіс.
Қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттаудың түпкі мақсаты басқаға аяусыз күш қолдануды, барлық адам төзгісіз әрекеттерді істеуді асқақтатуды, опасыз сезімдерді қоздыру болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы бірнеше әрекеттерді істеуден тұрады:
1) қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын шығармаларды дайындау. Бұған осы заттарды жасау, көбейту әрекеттері жатады;
2) көрсетілген заттарды тарату. Бұған осы шығармаларды тұрақты немесе уақытша пайдалануға, танысуға бір немесе бірнеше адамға беру жатады;
3) жарнамалау. Осы көрсетілген заттарды баспасөз құралдары арқылы немесе басқа тәсілдермен көпшілікке көрсетіп, насихаттау;
4) көрсету, яғни кино немесе бейне материалдарды, слайдыларды, фотографияларды, суреттерді басқаларға көрсету;
5) сату. Көрсетілген заттарды, материалдарды тиісінше ақы алып басқаларға өткізу әрекеттері.
Аталған қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген осы әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл әрекеттер субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын материалдар мен заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын, көрсететінін, сондай ақ осы материалдарды заңсыз сататынын түсінеді, біледі және соған ниеті бар. Қылмыстың субъектісі - 16 жасқа толған тұлға.
Достарыңызбен бөлісу: |