НАРМАНБЕТ ОРМАНБЕТҰЛЫНЫҢ АБАЙ ПОЭЗИЯСЫНАН ҮЛГІ АЛУЫ Нарманбет Орманбетұлы ұзақ сюжетті өлеңдер жазбаған. Сюжеті ең қысқа əдемі «Балалық күй»,«Кер заман» өлеңдері.Бұдан басқа өлеңдерінің көбі əлеуметтік мотивтегі толғаулар; көңіл-күйін көрсететін элегиялар; заман, өмір, адамдардың мінез-құлқы жайындағы афоризмдер болып отырады. Нарманбетте айтыс, жоқтау, жұмбақ өлеңдер де бар. Міне, осының барлығын жинақтай келгенде Нарманбет творчествосының өрісі кең екенін көреміз. XIX ғасырдың 80-ші жылдарының аяқ шенінде Нарманбет ғұлама Абаймен, оның озық тұлғалы поэзиясымен танысады. Абай шығармашылығы оның өмірге, өнерге деген көзқарасын өзгертеді, көңілінде өшпес із қалдырады. Абай өлеңін, оның шығармашылық өнерін өзінің бағыт сілтер нысанасы, өз өмірінің темірқазығы етіп алады.
Нарманбет өлеңдеріндегі ағартушылық сарын, имандылық идеясы да Абай үлгісімен астасып жатыр. Ол да халықты білім алуға, ғылым үйренуге үндеді. Ақынның осы тақырыптағы көрнекті шығармалырының бірі — «Ғылым туралы» өлеңі:
Бұл бала — бүгін бала, ертең дана,
Оқымаса көңіліне бітпес сана.
Адам туған баласын надан қылып
Ата-анасы болмасын жүзі қара.
Ақынның бұл өлеңі Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»деген өлеңінен үлгі алғандағы көрінеді.Ақын халқының ұлы болу үшін тек қана өз басының білімді болуың жеткіліксіз деп қарайды.
«Қасірет — бір үлкен тау»атты өлеңінде:
Тəуекел деген бір басқыш,
Тұтқасы қолға тимесе,
Табан тимей таясыз.— дейді. Нарманбеттің ойынша, ғылымды үйретудегі басты мақсат — ол алған біліміңді халықтың керегіне жарату, басқаны үйрету.
Нарманбеттің «Көкті көрген көнемін», «Жасымнан көп жорттым мен жолбарыстай» сияқты өлеңдерінде Абай гуманизміне тəн сипаттар мол ұшырасады. Мысалы, «Көкті көрген көнемін» деп аталатын өлеңінде:
Жазасыз жанды жаулама!
Аш тазыдай жалақтап.
Адам ұлын құрмет қыл,
Жұртыңа түзу қызмет қыл,
Қатарыңнан озасың
Бəйгі атындай адақтап, — деп өзінің имандылық мұратын жайып салады.
Осы уақытта Нарманбет ақынның қоғамдағы міндетіне жаңаша, басқаша қарай бастайды. Оқуын, ізденуін күшейтеді. Өлең мен сөзге деген жауапкершілігін нығайтады. Өзінің «Ұран» деп аталатын өлеңінде ел азаматтарына мынадай ұран тастайды:
Араздықты қоялық,
Арамзалық мінезді,
Енді тіпті жоялық!
Талапты ерге нұр жауар,
Талпынбаған не табар?
Нарманбеттің өміршең өлеңдері философиялық терең ойларға, өз өмірінде басынан кешіріп, көңіліне түйген өмірлік қағидаға айналарлық толғауларға толы. Сондай терең ойға, философиялық толғауларға толы өлеңдерінің бірі :
Ақыл бір алтынға ұқсас, доп-домалақ
Өлшеуін адам білмес неше қадақ.
Бас қатып, пəниді ойлап, көңіл тоқтап,
Тартып тұр əрбір іске көңіл салақ.
Бұл өлең Абайдың «Әуелде бір суық мұз –ақыл зерек» деген өлең тəсілімен дүниеге келді деуге болады.