Зерттеу жұмысының міндеттері:
- велосипедтің шығу тарихымен танысу;
- велосипед тебудің денсаулыққа пайдасын қарастыру;
- қаладағы жалпы экологиялық проблемаларға тоқталу;
- ауаның ластануына жол бермеу;
- велосипедті «экологиялық» таза көлік ретінде қарастыру;
- қалалық, мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталу.
. Велосипед жайлы жалпы түсінік
Велосипед (фр. vélocipède, шығу тегі лат. velox — жылдам, жедел және pes — аяқ) — адам күшімен қозғалатын көлік түрі.
Көбінесе екі доңғалақты, кейбір кездерде үш доңғалақты түрлері де кездеседі. Бірінші велосипедтер Еуропада 19 ғасырда пайда болып, одан бері әлемге кең тарап, қазіргі кейпіне дейін дамып келген. Бүгінгі күні саны бір миллиардтан асатын бұл көлік әлемнің кейбір аумақтарында серуендеуге, не спортта қолданылса, көп региондарда негізгі транспорт түрі болып табылады.
Велосипедтің жалпы бейнесі, рамасының конфигурациясы, доңғалақтары, педальдары, отырғышы және тұтқасы 1885 жылы алғашқы жасалған шынжырлы нұсқасынан аса көп өзгерген емес. Әрине сол уақыттан бері, әсіресе кейінгі кезде, жаңа материалдар қолданылып, компьютері орнатылған модельдері де дамытылып, велосипедтің дизайнына айтарлықтай өзгерістер жасалды.
Велосипед – жедел жүруге арналған қарапайым көлік. Ол 16 ғасырдан бастап көптеген елдердің өнертапқыштары жасаған төрт доңғалақты арба негізінде шыққан. Алғашкы екі доңғалақты велосипед Ресейде жасалды. 19 ғасырдың аяқ кезінен бастап велосипед көптеп шығарыла бастады. Қазіргі велосипед үстіне ершік орнатылған рамадан, екі (кейде үш) доңғалақтан тұрады. Ол аяқ күшімен педальді беріліс арқылы қозғалысқа келтіріледі. Оның рульмен байланысқан алдыңғы доңғалағы бағыттаушы қызметін атқарады. Велосипед пайдалану мақсатына және құрылымдық ерекшеліктеріне қарай: көліктік велосипед, көліктік жеңіл велосипед, жасөспірімдер велосипеді, спорттық велосипед, балалар велосипеді және арнаулы велосипед болып ажыратылады. Көліктік велосипедтің рамасы берік, шинасы жалпақ, рулі биік орналасқан, салмағы 16 килограмм шамасында, пайдалануда барынша қарапайым болып келеді. Көліктік жеңіл велосипедтің салмағы жеңілдеу (14 килограмм) әрі шинасы жіңішкелеу, әдетте қол тежеуішпен жабдықталады. Жасөспірімдер велосипеді ересектерге арналған көліктік велосипедтің көшірмесі іспетті, құрылымы мейлінше қарапайым әрі бөлшектері үлкен велосипедтегіден гөрі кішірек келеді. Спорттық велосипедтердің тас жолға және трекке арналған түрлері бар. Олардың салмағы жеңіл (8 – 11 килограмм), камерасыз шиналары жіңішке болады; барынша жеңіл материалдардан жасалады, рулі төмен орнатылып, қол тежеуішпен және жылдамдық ауыстырғышпен жабдықталады. Спорттық велосипедтің бір түрі – тандем. Ол екі кісіге лайықталып, қос доңғалақты және қос берілісті болып жасалады. Мұндай велосипедтің жылдамдығы сағатына 70 километрге дейін жетеді. Балалар велосипедінің екі және үш доңғалақты, сондай-ақ құрама түрлері (үш доңғалақты велосипедті екі доңғалақты велосипедке және керісінше өзгертуге болады) бар. Балалар велосипедінің шиналары тұтастай құйылып немесе үрлемелі резина күйінде шығарылады. Арнаулы велосипедтерге циркте ойнауға, жүк тасуға, қарт адамдардың жүріп-тұруына арналған бір – үш доңғалақты велосипедтер, велоарба, тағыда басқа жатады. Соңғы кезде жиналмалы велосипедтер көп тарады. Аспалы қозғалтқышпен жабдықталған велосипед мопед деп аталады.
1.2. Велосипедтің шығу тарихы
Велосипедтің шығу тарихы мен ойлап шығарған адамы нақты белгілі емес. Ең ықтимал болжам ретінде неміс бароны Карл Дрездің есімі аталады. К. Дрез өз машинасын 1817 жылы ойлап тауып, патентін алған. Бұл көлік адамның жерді аяғымен итеру арқылы қозғалған.
Велосипедтің тарихы терең. Кейбір деректерге қарағанда, 1863 жылы Парижде 20 жастағы франциялық өнертапқыш Пьер Лалман қазіргі велосипедке ұқсайтын ең алғаш көлік құралын жасап шығарған көрінеді. Тағы бір жылдан кейін франциялық инженер Пьер Мишо бұл көлікке «велосипед» деген атау берген екен. 1866 жылдың қараша айында Пьер Лалман Америкаға барып, өзі жасап шығарған велосипедке патент алды.
Сөйткен велосипед жылдар бойы техникалық жағынан жетіліп, бүгінгі күнге дейін адамзат кәдесіне жарап келеді. Бір қызығы, XX ғасырда велосипедке деген қызығушылық біресе артып, біресе төмендеп отырған. 1905 жылдан бастап АҚШ пен Германия сияқты дамыған елдерде автокөлік индустриясының дамуына байланысты велосипед сән болудан қалды. Жол полициясы велосипедшілерді автокөлік қозғалысына кедергі туындататындар деп санайтын. Алайда 1960 жылдың аяғына таман экологиялық мәселелерге алаңдаумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дамыған елдерде велосипедке деген қызығушылық қайтадан артты.
Өткен ғасырдың аяғына таман адамның жас шамасына қарай сұрыпталған «Дружок», «Школьник», «Орленок», «Салют», «Кама», «Урал», «Уралец», «Украина», «Аист» сияқты велосипедтер кеңінен тарағанын біздер жақсы білеміз.
Велосипедтің әлеуметтік рөлі зор болды. Еуропада бастау алған велосипед өндірісі автокөлік пен ұшақ құрастыру ісінің техникалық базасын құруға негіз беріпті. Велосипед қаңқасы мен басқа бөлшектерін жасауға бағытталған метал өңдеу технологиялары кейіннен көліктің өзге түрлерінде қолданыс тапты. «Ровер», «Шкода», «Пежо», «Опель» сияқты өткен ғасырдың басында құрылған автокөлік шығаратын көптеген компаниялар әуел баста велосипед зауытынан бастаған екен.
Велосипедтің арқасында ауыл тұрғындары көршілес ауыл мен қалаларға барып, түрлі елді мекендер өзара қыз алысып, қанның жаңаруынан халықтың генетикалық денсаулығы да жақсарғанын ғалымдар жоққа шығармайды. Велосипедтің арқасында халық бір қалада шоғырланбай, қала сыртында өмір сүріп, алыс жерлерде жұмыс істеу мүмкіндігін алған.
1.3. Велосипед тебудің денсаулыққа пайдасы
Кез келген спорт түрлері секілді, велосипед тебу де денсаулыққа өте пайдалы. Салмақ түсіру процесінде де велосипед тебудің пайдасы зор. Қос дөңгелекті велосипедте дайындалу ең алдымен шыдамдылықты, содан соң, күшті талап етеді.
Велосипед тебу кезінде мынадай өзгерістер орын алады:
- жүйелі түрде велосипед тебу жүрек пен буын қызметін және қан айналу процесін жақсартады;
- жалпы дене дайындығы жақсарады;
- иммунитет жоғарылайды;
- велосипед тебу кезіндегі дененің ерекше қимылдауы әсерінен жамбастағы қан айналым мөлшері артады. Ал бұл өз кезегінде осы аймақтағы сырқаттардың, содан соң, әрине, көптеген дерттердің алдын алады.
- өкпе тазарады, ол үшін велосипедтпен жүріп өтетін бағытты дұрыс таңдау қажет (мәселен, табиғат аясына шығу). Бұл кезде теріге көп оттегі сіңіп, ми таза ауамен демалады.
- артық салмақтан арылтады (велосипедпен жүрген жарты сағат ішінде 330-ға жуық калория жойылады). Май қабаттарын жұмсау үшін педальді қарқынды түрде 30 минут бойы айналдыру керек.
- педальді 70-80 айналым жиілігімен айналдыру варикозды тамырларды кеңейтіп, ұзындығы әртүрлі аяқтарды теңестіруге де көмектеседі.
- рулі жоғары орналасқан велосипед арқаңызды тік ұстауға серпін береді. Сондай-ақ, арқа бұлшық еттері де шыныға түседі.
- ағзамыздағы зат алмасу құбылысы жылдам жүреді, ауа арқылы жұғататын аурулардан сақ боламыз, өкпеміз ашылады.
- көзіңіздің көру қабілетін жақсарта аласыз, күнделікті компьютерге көп уақыт қарап отыратындықтан, көзіміз тез шаршайды. Велосипед тебу барысында алыс аймақты да бақылайтындықтан, көзіміздің бұлшық еті демалады.
Велосипедті дұрыс тебу арқылы түрлі аурулардың алдын алуға болады. Әсіресе, тізеге түсетін салмақ көп болады. Сол себепті, оларды үнемі жылы ұстап, ұзақ сапардан кейін ағзаға демалыс беру керек. Суды мейілінше молырақ ішу керек. Өйткені, велосипедпен жүргенде ағзадағы су көп шығындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |